Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Сезім болып бұрқанған Төлеген-жыр...

26.10.2022 3076

Сезім болып бұрқанған Төлеген-жыр 14+

Сезім болып бұрқанған Төлеген-жыр - adebiportal.kz

Қазақтың тамаша ақыны, жазушы, драматург, аудармашы Төлеген Қажыбайдың туғанына биыл сексен жыл толады.  Филолог ғалым Сәбит Жәмбектің Төлеген Қажыбай шығармашылығы туралы талдау мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өмір – ұлы керуен. Сонау ықылым дәуірлерден бері бабалар салған сүрлеу-соқпақтың қайда апарып соқтырары, қайда тоқтары неғайбыл. Құс жолындай шексіздікке созылып жатқан осы сүрлеудің әрбір бөлшегі адам ғұмырымен өлшенеді. Осы керуен-сүрлеудің белгілі бір үзігінде жұмыр басты пенденің біреуі ерте, біреуі кеш үзіліп түсіп жатады. Өмір-тылсымның ол да бір жұмбағы. Алайда адам ғұмыры осы керуен-сүрлеудің сүлдесіз сұлбасы боп, мәнсіз-мағынасыз ілби басып жүріп өтуімен бағаланбайды. Ол бұлқынып жатқан сыр-адамның ішкі жан-дүниесінің қатпарларында әлдебір рухани аңсар, ұмтылыс, жарқын әлемге, жарқын дүниеге деген құштарлық болса керек. Ол-рухани аңсар, ол – құштарлық адам болмысының әсемдікке, сұлулыққа, хас өнерге деген іңкәрлігі, ұлы махаббаты, ұлы сағынышы.  Ал өнердің інжу-маржаны біріңғай сөзден түзілген поэзия болса, ал поэзияны жасаушы хас суреткер, «құлағына тәңірінің өзі күбірлеген», екі ықылымның тілін білген, тылсым дүниеден сыр аңдаған,  шамырқанған, сарқанған, буырқанған бұрсанған, елдің еркесі, елдің серкесі, әулие де абыз ақындар демеске әддіміз жоқ. 

Ақындар ғұмыры да пенделер ғұмыры сияқты өз заңдылығы, өз сүрлеу соқпағы, өз шығар биігі бар, өз қызығы, өз шыжығы бар ерекше ғұмыр. Осынау ақындар керуенінде, қазақ поэзиясында өз ақындық, стихиясымен, өзіндік сүрлеу-соқпағымен, өзіндік ерекшелік үнімен, өз дауысымен ерекше жарқырай көрінген сұңғат бітімді бір талант дүниеден озды. Ол-талант, бүгінде арамызда жоқ, тірі болғанда биыл сексеннің асқаралы биігіне шығатын, көгілдір Көкшенің абызы атанған, елімізге белгілі көрнекті ақын, прозашы, драматург, көсемсөзші, жорналшы Төлеген Қажыбай. 

Ол әдебиеттегі жолында алқынған жоқ, аптыққан жоқ. Әлдекімдердей кеудесін ұрып, төсін қаққан жоқ. Қарапайым болмысымен, кеудесін шалқақ ұстап, қазан аттай тұрқымен, шар болаттай бітімімен, қайсар да қажырлы мінезімен төнірегінднгі жұртты мойындатқан ел ағасы, қарымды қаламгер атанды. 

Ақынның поэтикалық ғұмыры оның жырларымен бағамдалса керек. Бізде Төлегеннің ақындық әлемін, ақындық болмысын оның төл жырлары арқылы сөйлетіп көрейік. Өзге емес, өзім айтам өз сырымды деп Қасым ақын толғағандай ақын сырын, ақын сезімін, ақын жанын өз жырларынан іздегеніміз мақұл.

Төлеген Қажыбайдың ақындық болмысы жөнінде қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов «Қаламгерлік өнердін қазанаты» деген мақаласында былай деп жазады: «Қазақтың белгілі ақыны Көкше өнірінің айтулы да, ардақты азаматы Төлеген Қажыбаевтың қылқаламынынан туған сан түрлі шығармаларына ертеден қызыға қарап, назар аударып жүруші едім. Біріншіден, ол ең алғашқы қарлығашы «Жол басы» атты өлеңдер жинағын 1977 жылы ел жүрегіне ұшырған кезінен бастап, жыр сүйер қауымның құлағын елең еткізді». Ал Төлеген Қажыбайдың ақындық деңгейі жөнінде Қазақстан халық жазушысы Сәкен Жүнісов: «Төлеген Қажыбай менің ұғымымша, орта деңгейдегі жақсы ақын емес, биік деңгейдегі ғажап ақын. Бұл пікірге мен бір күнде, бір сәтте туа қалатын, бір өлеңін оқып таңырқай қалатын жылт етер сезіммен келгем жоқ. Кейде ондай да, қателікке ұрындырмайтын сезім болады. Ал, мен Төлегеннің поэзиялық шығармаларын (әңгіме, повестері бір төбе) ара-тұра оқып жүріп, сүйсінумен келдім бұл пікірге», - деп ақын шығармашылығына биік баға береді. 

Өмір күрделі де қызық. Бірде алға қарай балаша ұмсындырып көз арбаса, енді бірде өгейлік танытып кеудеңнен кері итереді. 

Үміт пен күдік тайталасып, жүрегің мазасыз күй кешеді. Күрмеуі көп өмір түйіндері алдыңа сансыз сауалдар тосады. Жұмбақ өмірдің жұмбақ түйіндерін ашсам деп талпынасың. Сезім күйінің толғанысты шақтарында көңіліңе  әлдебір дәру, шипа іздегендей боласың. Міне, осындай шақтарда әркімнің де сезім дүниесін әлдилеп тербететін сырлы, сазды әлемі-мәңгі өлмес ғажап рухты, поэзия әлемі болмақ қой деп ойлаймын. Біз де осындай көңілімізді кіреуке мұң торлаған қаяулы сәттерде, сырлы әлемнің сыршыл ойларына құмартқанда, өрнекті жырдың әсем иірімі өзіне тартып, еліктірген мезеттерде қолымызға Төкеңнің, абзал аға, үлкен ақын Төлеген Қажыбайдың жыр жинақтарын алып парақтайтынымыз бар. Қай жинақты қолға алсақта ақынның сырлы да әсем кестелі тіл өрнегі, оқырманын әр қиырларға жетелейтін көл-көсір сезім дүниесі баурайды. Ақын жырлары еріксіз тәнті етіп, әрқилы сезім әсеріне бөлеп, сан алуан сырға ортақ боласыз. 

Жасыл құрағы желкілдеген ақынның жазиралы поэтикалық әлемі сағым боп бұлдыраған әсем бояуымен еріксіз ұмсындырып, қол бұлғап шақырғандай болады. 

Өмірдің мәні мен мағынасына көз жүгіртесің. Сыршыл сезім шертілген көңіл-күйдің әуеніне еліге құлақ тігесің.  Ақын сезімі сіз бен біздің, оқырманның сезіміне айналып кіріккендей, жақындықты сезінесің. Жан-жағың жарық бір нұрға толып, тұтас бір көркем жазиралы әлемге айналғандай кеудеңде домбыраның сырлы үніндей күмбір қағып жаттала береді. 

Төлеген өлеңдерінде күрмеуі қиын тіршіліктің әр түрлі сыр-түйіндері, заманға, қоғамға, адамға деген өзінің ынты-шынты ақ адал көңіл-күйі, сезім сыры сұлу сөз боп төгіледі. Ақын деген әмсе бұл өмірдің жұмбағын шешемін деп тамсанып та, таңданып та өткен ғой! Төлеген ақын бұл жерде: 

 

«...Тылсым жұмбақ шешусіз жатыр әлі,

Осынысымен қызық-ау дүние жалған», - 

деп дүние болмысының жұмбақ екеніне мегзейді. Асылы қалай десек те ақындық дегеннің өзі де бір жатқан жұмбақ әлем ғой! Олай болса, біз де Төлеген ақынның жұмбақ әлеміне барлау жасау үшін оның жыр әлеміне шолу жасап, өз тұрғымызда, ыңғай-деңгейімізде сөз етіп көрсек. 

Поэзияны асыл сөз, көркем сөз, сөз сарасы деп жатамыз. Осының барлығы шындық. Әйтсе де поэзиядағы ең басты мәселе, негізгі тақырып жүрекке тірелсе керек. Жүрек-поэзия сөзі.  

Поэзияның өзі де жүрек сөзі арқылы жетеді. Абайдың өзі де «жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді» деп айтпаушы ма еді.

Төлеген үшін де жүрек-ақындықтың күре тамыры, бұлқынған, ширыққан асау сезімнің қимылы, өр толқынның дамылсыз жағаны ұрғылап жатқан серпіні, өмірдің мәңгі бітпес тартысты, драмалық өрісі, «махаббат пен ғадауат майдандасқан» (Абай) ғазауат (ғарасат) майданы. 

Мұны ақын өзінің «Дариға дүрек» деген өлеңінде:

...Дариға жүрек,

Қажыдың ба, қажырлым.

Бір жүрек жылап жатыр деп

Әлдилей қойсын қазір кім?

...Дариға жүрек...

Жыласаң бүгін жылап қал,

Абайдан әулие емеспін.

Немесе:

Сағынтып жетер көктемдей

Жастығым қалды көк белде

Жүректен басқа бір жалғыз,

Таяныш сірә, жоқ менде. 

...Төгіле көрме мөлдіреп

Білемін мені қимайсың

Бәрібір мына кеудеме,

Күндердің күні сыймайсың, - 

деп тамаша жеткізеді. Жоғарыдағы жыр жолдарында ақын жүректің поэтикалық болмысын ой мен сезімге қатар бөлей отырып, жадағайлықтан аулақ лиризмнің сыршыл өрнегін мөлдірете тізген.  

Пенде баласы өткенін іздейді, үздігеді, өксиді, сағынады. Сынаптай сусып жатқан мына жалған ғұмырда пенде баласының бұлайша елегізуі де заңдылық. Ал жүрегі сырға тұнған, жырға тұнған, сағыныш тұнған, мұңы арылмас ақын жүрегі ше?! Сәт сайын өткенді іздеу, өткенге үңілу, өткенді сағыну ақын жанының мәңгілік болмысы емес пе?! Бірақ ақын мұңы жай басыр мұң емес, сәулелі, нұрлы мұң! Төлеген ақын да өткеніне тәтті мұң аралас сағынышпен үңіледі, үздігеді: 

Қайдасың қайда күндерім,

Жанымның нұрлы көктемі.

Ұсынған еді-ау гүлдерін,

Құсмұрын төбе бөктері.

Қоңырдан тұстан қыр әні,

Қалықтап бізге жететін

Ауылдас қыздың жанары

Жүректі шымшып өтетін.

Сыбызғы үні құлақта,

Ақсуға қонған аққудың

Жастығым қалған жырақта,

Жанымды тербер гәкку-мұң.

Ақын жаны өткенге поэтикалық ретроспектива жасай отырып, оқырманды ностальгиялық сезімге бөлейді. 

Тозбастай табан-таға нық,

Шырмауын үздік шалалық.

Арылтып жеттің ағалық,

Сағынтып кеттің балалық.

«Арылтып жеттің ағалық», «Сағынтып кеттің балалық» дегенде өмір сырын бағамдаған үлкен түйін, көркемдік байлам, квитэссенция жатыр.

Ақын ең алдымен азамат. Баяғының жыршы-жырауларындай елінің қайғысы, мұңы, өксігі-өзінің де өксігі, мұңы, қайғысы. //Өксігіңді ойласам-ұйқы беріп, қайғы алам//, //Қилы, қилы заманды// //Заманға сай адамды// //Салыстырып қарасам// //Су мүйіз болған танадай// //Шыр көбелек айналам//-деп, абыз ақын Дулат мұң-зар төксе, //Қалың елім қазағым, қайран жұртым// //Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың//-деп дана Абай толғанса, олар өз заманының мұң-қайғысын арқалап, өзектері өрт болып, өксікті шер-шемендерін жыр жолдарына төккен. Бүгінгі дәуірдің перзенті Төлеген ақын да айнала қоршаған ортаға бей-жай самарқау қарай алмады. Өмірдегі әділетсіздіктер, қоғамды жайлаған дерт, қиямпұрыс мінез, имансыздық, ар-ұяттан безіну, туған даласының жүдеу тартқан жетім күйі-бәрі, бәрі ақын жанын мазалайды, санасын сансыратады, шамырқанған ойлары өксікті жыр боп төгіледі. Заман мұңы, адам қайғысы, ақын жүрегін шабақтап, оның өз мұңы, өз қайғысы боп сөйлейді. Ақын жырларын сөйлетсек, мұң-қайғы саулай жөнеледі:

Дала дейді: мына жатқан ғаламды,

Әлдилеген мені, сені, бабамды.

Дала деген тарпаң еді-ау, текті еді-ау,

Құрған торға, қазған орға қамалды.

Талыс табан аямады, таптады.

Дидарында қалды дәуір-тат табы.

Тулақ болған қайран дала қайратсыз,

Қазір міне арса-арса боп жатқаны, - 

десе, енді бірде:

Сатылуда, масқара-ай,

Әкімің де, ақын да,

Бәсің келсе сатады,

Алыс түгіл жақын да.

Ар-ұяты қыздың да,

Кетіп жатыр тақымда.

Адам қалай сатылмақ,

Сыймайды тек ақылға.

Түнде шошып оянам,

Мұның бәрі бекер деп.

Күдіктенем шаңқай тұс,

Көлеңкем де бір күні,

Сатып мені кетер деп...

  Ақынның өткір тілі ащы шындықты айпарадай жайып сап, қамсауы жоқ «арса- арса боп жатқан қайратсыз қайран дала», «сатылып жатқан әкімдер мен ақындар» әркімдердің тақымында кетіп жатқан қыздардың ар- ұяты осылардың бәрі- бәрі ақын жанын мазалап, ет- жұрегін жаралап, ең сорақысы «өз көлеңкесінің сатып кетуінен күдіктенуі» қоғам трагедиясының қара бояуын қалыңдатын тұр.

Ақын ТөлегенҚажыбай поэзиясының көркемдік құрылымнын әлемдік поэзияның контексті (мәнмәтіні) тұрғысында бағымдағанда тілге оралары оның өлеңдеріндегі метареализм сипаттарының орын алуы. Ресейлік белгілі әдебиеттанушы-ғалым М.Эпштейн 1980 жылдар поэзиясын әлденеше тұрге жіктейді. Олар: концептуализм, постконцептуализм, нольдік стиль немесе «ұлы жеңіліс», неопримитив, ирониялық, шарждық-гротескілік поэзия, метареализм, континуализм, презентализм, полистилистика, лирикалық мұрағат немесе жоғалып бара жатқан «мен» поэзиясы.

М.Н.Эпштейн постмодернистік әдебиетке тән сипаттың бірі ретінде метареализм атауын қолдана отырып: «метарелистер деп аталу ұйғарылған 80-жылдар ақындарына көркем бейненің біртұтастығы, екіге бөлінбейтіндігі тән: заттардың шарты ұқсастықтарының орнына өз бастаулары бойынша теңқұқылы әртүрлі әлемдердің өзара қатыстылығы қойылады» - деп атап көрсетеді.

Метареализм дегеніміздің өзі көп өлшемді шындықтың кең көлемдегі мүмкіндігі мен өзгерісінің поэтикасы, метафораны орап кетпей, оның ауыспалы мағына таңдайтын жағын аша түсетін шарттылықтың жаңа пішіні. Яғни метафораның шындық болмысы. 

Метафора – мифтің жарықшағы, бір сынығы болса, метареалия – қазіргі поэзияда мүмкіндігі аса жоғары, мифке жақындай түсуге бағытталған тұтастықты қалпына келтіру әрекеті, индивидуалды бейне. Метареализм терминін ұсынушы М. Н. Эпштейн. Сонымен метареализмнің негізгі бейнелеу құралдарының  бірі – метабола. Стильдік бағытта шарты ұқсастықтардан шынайы қатыстылыққа өткен метареализм дегеніміздің өзі метафоралық реализм, яғни метафорадан метаболаға өту. Метаболаның ежелгі мифологиялық ойлау жүйесіндегі прообразы (түп бейнесі)  метаморфоза. 

М. Эпштейннің бұл тұжырымы нақты дәлелдерден туындаған.

Метабола – «реалды» және «иллюзиялық», «тура» және «келтірінді» болып екіге бөлінбейтін, бірақ бірінен екіншісіне толассыз ауысуы, ұзаққа созылған өзара қатыстылығы үзілмейтін поэтикалық бейнелерді метафорадан өзгеше метабола деп атау ұсынылған. (Эпштейн М. Н. Постмодерн в русской литературе. – М.: высшая школа, 2005.-495с.)

Көне грек тілінен аударғанда метабола – «аудару», «ауыстыру», «өзгеріс», «айналу», «бетбұрыс» деген мағынада. Метабола терминін «жалпы риторика» кітабының авторлары Ж. Дюбуа мен Ф. Эделин және т.б. «тілдің кез-келген аспектісіне қатысты барлық мүмкіндігі бар өзгеру» мағынасында риторикалық айшықтау түрі ретінде қолданылады. (Дюбуа Ж., Эдемин Ф. и др. Общая риторика. – М., 1986.-285с.)

Метабола – екіге бөлінбейтін, тура және келтірінді мағынасында сипатталған заттағы екі ұқсастықты жұмылдырып бірліктегі шындықты танытатын көркем бейнелеу. Метафораны ғажайыпқа сенуге дайындық деп есептесек, метабола  сол ғажайыпты түсінуге қабілеттілік. Поэтикалық көзқарас тұрғысынан метаболаны мағына ауыстыру үдерісінің өзін, оның аралық түйінін, астарлы негізін танытатын троп түрі деуге болады.

Синкретті сатыда (метаморфоза) құбылыс бір-біріне айналады, толығымен теңестіріледі; ал дифференциациялық сатыда (метафора) бір-біріне таза шарттылықпен ұқсастырылады; синтетикалық сатыда (метабола) олардың бір-біріне қатыстылығы көрсетіледі, яғни ауыстыру жекелеген белгілердің сақталуы, бірігудің дифференциацияға негізделуі түрінде жүзеге асады. Жоғарыда біз ақын Төлеген Қажыбай өлеңдерінде кездесетін метаболалық сипаттың белгілерін айтқан болатынбыз.

Ақынға сөз берелік:

Елжіреп бір қарадым,

Ту биікке – сен тұсқа,

Айналдың ба, қарағым,

Армандаған ақ құсқа.

 

Жартас шыңның басында,

Әнге айналып сен тұрдың.

Өртке айналып қасында

Тағат таппай мен тұрдым

 

Ақ сазандай аунап қап,

Айнакөлге ұмтылдың.

Жан сезімін лаулатқан

Жағалауда мен тұрдым

Бұл жерде ақын арманындағы «қыз» «ақ құсқа», «әнге», «ақ сазанға», ал лирикалық қаһарман, ақынның лирикалық «мені» «өртке» жай баланып, жалаң метафора жасап тұрған жоқ. Бұл жерде метаболалық сипаттың белгілері бар. Яғни жұп құбылыстар тұтасып, астасып, кірігіп кеткен. Бір-бірінен ажырата алмайсыз. Тұтас әлем. Ақ құсқа айналған қыз, әлде қызға айналған ақ құс. Немесе ақ сазанға айналған қыз, қызға айналған ақ сазан.өртке айналған лирикалық «мен» немесе лирикалық «менге»  айналған өрт. Қалай десекте екі құбылыс бір жағынан бір-біріне баланып, сонымен қатар дербес құбылыс ретінде өз болмысының сипатын да сақтап, танытып тұр. Жырдың құрылымында құбылыстар бір-біріне баланумен  бірге толық поэтикалық теңдікке қол жеткізген. Осындай метаболалық сипаттың белгілерін «Өлең-Олжас», «Жартас. Аққу. Күміс көл», «Ән-Шәмші», «Күй-Қаршыға», «Мен-емен де, сен шыбық» т.б. өлеңдерінен байқадық.

Жалпы ақын стилін, оның даралық болмысын айқындайтын бір өлшем – оның көркем, айшықты тілі. Төлеген жырларында да шебер суретшіге тән небір сауырында су шайқалмас тайпалған жорғаның жүрісіндей әсер қалдыратын жатық та көркем тіл, әдемі сурет- сезімдер мол ұшырасады. Бұл жерде ақын құрғақ ділмарсу, жалаң тілден аулақ. Ақынның әрбір сөзі бейнелі, суретті болып келеді. Шуақты да нұрлы көркем ойға бөленген әрбір құбылыстың образдық табиғаты ғажап үйлесімділік құрайды. Ақынға сөз берелік:

«Келеді көктем көшіп, көктем көшіп,

Қызықтағың келсе оны, бөктерге шық.

Қыр біткен қарын сілкіп жұтынады,

Жел-көсеу жіберген соң көсіп-көсіп.

 

Мұз сүңгі күн нұрымен жарқ-жұрқ етіп,

Маңғаз бел елтіп жатыр есі кетіп.

Оянған таңмен талас ақ бұлақтың

Күледі тас таңдайы тақ-тұқ етіп.

 

Даламның кеңігендей көкірегі,

Мол судан мелдек атып кекіреді

Сыйламаған арнасына сілеусін-сең,

Жағаға алас ұрып секіреді...»

Немесе:

«Шуақтан Бұқпа таудың басы зеңгіп,

Етекке құлады су-алтын белдік.

Сәскесіз көрпе серіппес мұңсыз жандай,

Қопа көл дел- сал қалпы жатыр кергіп.

 

...Жия алмай жатсадағы еркін есін,

Қарсы алып күмбір-күмбір көктем көшің,

Құлындай құлдыраңдап Қылшақты – су,

Шапқылап бара жатыр дала төсін»

Жоғарыда ақын қаламынан туындаған табиғат суреттерін оқығанда бетімізге көктемнің ерке самалы соққандай, бұлақтың сылдыр қаққан үні келгендей, құстардың көңілді шуылы құлаққа жеткендей әсерленесіз. Үзінділердегі «қарын сілкіп жұтынған қыр», «таңмен талас оянған тас таңдайы тақ-тұқ етіп күлген ақ бұлақ», «жел-көсеу», «мол судан мелдек атып кекірген дала», «арнасына сыймай жағаға алас ұрып секірген сілеусін – сең», «шуақтан басы зеңгіген Бұқпа тау», «Етекке құлаған алтын белдік – су», «сәскеге дейін көрпе серіппес дел-сал қалпы кергіп жатқан мұңсыз жандай – Қопа көл», «дала төсінде құлындай құлдыраңдап шапқылап бара жатқан Қылшақты – су» міне, осылардың барлығы болмысқа жан бітіріп тұрған ғажайып метафоралық өрнектер емес деп кім айта алады?!

Ақын тек сыршыл сурет, сұлу сезімдер ғана туғызуға шебер емес, оның қаламынан, салмақты ойға, үлкен философиялық жүгі бар терең де, астарлы идеяға жетелейтін ойлы да нәрлі, пәлсапалық түйіндері сан-тарау туындылар да туып жатады. Мысалға ақынның «Дүние жалған» деген мына өлеңінен бірер шумақ үзінді алып қарайық:

«Қазығұрттың басында кеме қалған

Ол әулие болиаса, неге қалған?..

Неге қалған дейсің де жауап таппай,

Ойға сүңгіп кетесің, дүние – жалған».

Бұл жолдар кім-кімді болса да жалған дұниенің қыр-сыры туралы терең ойға жетелері хақ. Төлеген ойлы ақын. Оның көп өлеңдері пәлсапаға жуық. Оның шағын ғана «О, Тоба» деген өлеңі шағын болғанмен үлкен философиялық жүк, салмақ арқалап тұр.

Жайдың оғы түсті де,

Жайрап қалды анасы.

Саулады сүт үрпіден,

Дертіп жатты – ау шамасы.

Тоя еміп саумалды,

Құлыншағы – баласы.

Шыға берді ойнақтап,

Көңілде жоқ наласы.

Жатты бие төбеде,

Бар тірліктен шет қылып.

Көкшіл аспан, жасыл маң,

Жанарынан кетті ағып.

Қарға, құзғын қияда,

Қасап шықты жүр бағып.

Құлын- тірлік  құйғытты

Сар жазықты бетке алып. (О, Тоба!)

Бұл шағын өлеңнің айтары мол. Жай оғы түсіп өлген буаз бие. Өмірде кездесетін жайт. Әрине тіршілік иесіне жаныңыз ашиды. Алып-жұлып бара жатқан философия жоқ сияқты.

Бие өлгенмен, құлын тірі. Бар гәп осында. Тіршілік сырының кілті де осы жаңа туған құлында. Мұны ақын: «Құлын – тіршілік құйғытты, сар жазықты бетке алып»-деп өрнектейді. 

«Құлын-тірлік» – үзілмейтін, жалғаса беретін өмір-тіршіліктің символы, өмір философиясы, өмір онтологиясы, тіршілік формуласы. Бұл жерде де ақын метафорасы жай метафора емес, екі құбылыс теңестірілген метабола болып тұр. Ақынның «Сезім бердің» деген өлеңі ойға бай өлең. Өмір құбылыстарын эпифоралық қайталаулар арқылы төмендегіше өрнектелген:

Сезім бердің – мен неге сезінбеймін;

Жүрек бердің – қызықтан безінбеймін;

Сабыр бердің – тас табан төзімдеймін;

Қайрат бердің – қайыңның безіндеймін;

Қайғы бердің – мен қалай жеңілдеймін;

Аз ғана ғұмыр бердің – өліара кезіндеймін;

Сана бердің – ой кешіп көз ілмеймін.

Ойлы да парасатты ой-толғамды оқырманына әсерлі поэтикалық қайталаулармен жеткізген. Ақын поэзиясындағы философиялық тақырып өз  оқырмандарын ойлылығымен, сыршылдығымен тербеп, өмір – дүние туралы ойларға жетелері хақ. Бұл тараптағы ақын өлеңдері: «Ақын мен жендет», «Қаралы таулар», «О, Тоба!», «Пушкин ескерткіші түбінде», «көк бөрі», «Құлагердің өлімін ақтау сөз», «өңеш философиясы» т.б.

Ақын барлық жырларында қоғам, заман, дәуір, адам болмысын өз жүрегі, өз сезімі арқылы өткізіп, «қайнаған қанның, ашынған жанның, толқыған көңілдің, толқынған жүректің сығындысын» (Сұлтанмахмұт) жырлаумен өтті.

Бізге бұл мақаламызда Төлеген ақынның барша поэзиялық болмысына, ақындық қырына тоқтала алмаймыз. Ол үшін үлкен, арнайы зерттеулер керек. Ол болашақтың ісі болмақ. Сезім болып бұрқанып, бура бұлттай бусанып жыр төккен, жан ағаның поэтикалық дүниелері жыр сүйер өскелен ұрпақтың жадында қала берері хақ!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар