Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Сіз театрда көресіз......

27.03.2025 565

Сіз театрда көресіз... 12+

Сіз театрда көресіз... - adebiportal.kz

27 наурыз – халықаралық театр күні. Бұл мерекені киелі сахна өнерін қадірлейтін барша әлем жұртшылығы түрлі іс-шаралар арқылы мерекелеп атап өтеді. 

Театр өнерінің тарихы әріде болғанымен, 27 наурыздың Халықаралық театр күні болып белгіленуі 1961 жылдан бастау алады. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының Венада өткен ІХ конгресіне қатысушы делегаттарының бастамасымен белгіленген. Содан бері сахна өнеріне өмірін арнаған жандардың кәсіби мерекесі ретінде атап өтіліп келеді. 

Қазақ топырағындағы алғашқы театрлық қойылым қашан, қайда қойылды деген сұраққа қатысты нақты жауап берудің өзі сәл күрделілеу. Анығы – 1925 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық мекеме 1926 жылы 10 қаңтарда Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен қоюымен қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының өнер жолына қанат қаққандығы.

Міне осыдан бергі ғасырлық уақыт жүзінде театр өнері қазақ топырағына тамырын терең тартып  үлгерді. Қазақстанда 65 театр жұмыс істесе, оның 55-і мемлекет меншігінде, өзгесі жекеменшік театрлар екен. Тәуелсіздік жылдары елімізде 21 мемлекеттік театр, соның ішінде Көкшетау, Петропавл, Қостанай т.б. қалаларда қазақ музыкалды-драма театрлары ашылуы өңірлердегі ұлт руханиятына үлкен серпіліс әкелді.

Белгілі советтік-ресейлік театр қайраткері Александр Адабашьянның: «Театр мен киноның айырмашылығы – сіз театрда көресіз, ал кинода сізге көрсетеді», - деген сөзінің үлкен мәні бар. Театр – сценарий авторының сахналық қойылымға арқау болған идеясын режиссердің түрлендіре айқындауы, актердің өз рөлін барынша терең түсініп, шабыттана ойнауы арқылы көрерменді сан алуан сезім күйіне бөлейтін құдіретке ие киелі өнер. Театр көрерменді күйкі тірліктің күйбеңінен туындайтын сан қилы беймаза күйден бір сәт ажыратып, қойылым атмосферасына алаңсыз-алғаусыз жетелеп енгізе отырып, сахнадағы қимыл-әрекет пен мимика, түрлі эффектілер арқылы психологиялық сан қилы иірімдерге бойлатады, ойлантып-толғантады, шаттандырып-мұңдандырады, жігерін шыңдап қайраттандырады, бордай егілтіп, көз жасын көлдетеді, осылайша іштегі ширыққан шемен қалпынан еріксіз босаңсытып, рухы тазарған күйге бөлейді. Сахна өнерінің құдіреттілігі де, бекзаттығы да осында. Көрермен сезінетін, қуат алатын осы бір ғажайып қалып күйдің әсерін Абайдың «Көк ала бұлт сөгіліп» өлеңімен өрнектеуге болатын шығар.

Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойы егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар.

Расымен де театр – адамды бір сәт өз-өзінің жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік беретін зор өнер. Қазақ театры мен кино өнерінің корифейі Шәкен Аймановтың: «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын», - деуі де сондықтан болар. 

Театр, театр, театр 

Жанға жай ғажайып жұмақтай.

Театр, театр, театр,

Қоймайды қайғыртпай, қуантпай, - 
деуші еді ғой, «Бауыржан шоу» театрының шымылдық ашар әнінде. Солайынша көңілге түрлі ой сала алмаса – ол театр емес. Дегенмен: «Жылтырағанның бәрі алтын емес, жарқырағанның бәрі гауһар емес» деген де сөз бар, халқымызда. Мұны айтып отырғанымыз: театрдың бәрі көрерменді рухани биікке самғатпайтыны, сахналық қойылымның бәрі түрлі ой салуға жетелей алмайтыны және өмірдің шындығы. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әр ұжымның өнер жолындағы ұстанатын бағыты, құрамы мен қаржылық мүмкіндігі, репертуарлық таңдауы т.б. бар. Көрерменнің талғамы да жоғарыдағы және басқа да көптеген факторларға байланысты қалыптасатыны белгілі. Кешегі коммунистік кезеңде қалай десек те театр өнері халыққа жақын болғаны ақиқат. Қалалар мен кенттерді айтпағанда, аудан орталықтары мен кейбір ауылдардың өзінде театр ұжымы болатын. Олардың ішінен лайықты деп танылғандары «халықтық» деген мәртебеге ие болатын. Бұл театрлардың репертуары өз дәуірінің ауқымында, негізінен бір бағытта дегенімізбен де, театр өнері халыққа тынымсыз қызмет жасап, қарапайым еңбек адамдары, мектеп оқушылары жергілікті және алыс-жуықтан гастрольдетіп қысы-жазы келіп жататын өнер ұжымдарының сахналық қойылымдарын тамашалайтын. Бұл кезеңде өмір сүргендерді осы тұрғыдан салыстырмалы түрде «бақытты буын» деуге болады. «Бармасаң, көрмесең – жат боласың» дегендей, кейінгі отыз жыл ішінде көптеген өңірлерден ел жан-жаққа үдере көшуі салдарынан мәдениет үйлері қаңырап босап, қиратылып кеткендіктен, өнердің мұндай игілікті мүмкіндігіне қолы жетпеген, сахналық қойылымдар тамашалап, тікелей сусындап көрмеген сан мыңдаған тұрғындар легі өсіп шықты. Қалалар мен ірі елді мекендердегі театрлардың барша халықты қамту мүмкіндігі де шамалы ғой.

«Көш жүре түзеледі», - дегендей, болашақта отандық театрлар әлемдік сахна өнерінің жетістектерімен үндесе отырып, жыл өткен сайын дамитын болады, халқымыздың театрға деген қызығушылылығы да арта түседі, осы арқылы еліміз тұрғындарының руханиятқа, бекзат өнерге деген талғам деңгейі де биіктейтін болады деп сенеміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар