Бүгінгі әдебиетіміздің жас өкілдері туралы сөз қозғағанда, есіңізге ең алдымен түсетін алғашқы ондықтың қатарында жазушы, драматург Әлібек Байбол да бар. Әлібек Байбол оқырман қауымға «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жемісті де, берекелі журналистік қызметі арқылы кеңінен танылды. Табаны күректей он жыл бойы қасиетті әдеби басылымның шығармашылық қазанында қайнап піскен Әлібек үш бірдей кітаптың авторы. Оның дебюті ретінде танылған «Теміржол вокзалы», оқырман жылы қабылдаған «Құлдар патшалығы», аудармашылық қырын байқатқан «Ой ұшқындары». Қатар-қатар шыққан осы үш кітабымен-ақ, өзінің талап-жігер, күш-қуатын көрсеткен Әлібек Байболдың осы жылы (2018 ж.) алғашқы драмалық шығармасы үлкен сахнаға жол тартты. Тұңғыш туындының аты – «Әріптер әлеміне саяхат». Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер театрының репертуарына енген бұл спектакльді біз де тамашалап, автордың алғашқы туындысын көріп, оның драматургиядағы оңынан басталған сапарына, игілікті ізденісіне қуандық.
Әлібек Байбол – қарапайым қазақы отбасында туған, Үлкен Жалағаш өлкесінің топырағын басып, құмында аунап өсіп, Көкпен таласқан тауларына ғашық болып, табиғат-ананың құшағынан нәр алған, Алматыдай шаһардың мәдениетін сезіп өскен азамат. Авторды жақын тани түскен сайын оның ізденгіштігіне, еңбексүйгіштігіне, қалам сертіне деген адалдығына тәнті боламыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, Жазушылар одағының Бас басылымына тілшілік қызметке алынып, өзінің шығармашылық әлеуетімен мүйізі қарағайдай заңғар ағалардың ықыласына бөленіп, батасын алды. 2009 жылдан бергі «Қазақ әдебиетінің» әр санын алып қарайтын болсақ, автордың қолы қойылған қаншама материал шыққанын білген болар едік. Он жылға тақау әдеби басылымда қызмет ете жүріп, өзінің табиғи талантын барлық қырынан аша түскендей болды. Журналистік ізденіс әдеби сынға, әдеби шолудан әдеби зерттеуге, портрет-эссеге ұласа берді. Бұның сыртында аудармалары, сұхбаттары тағы бар.
Алып шаһардағы алпауыт театрдың қасиетті сахнасының шымылдығын ашқан «Әріптер әлеміне саяхат» ертегі-драманы – жас жазушының драматургия жанрына ебі бар екендігін сезіндірген, адуынды да арынды талант-дарынының көкжиегін бағдарлаған туындысы ретінде қабылдадық. Задында, Әлібек Уәлиханұлының шығармашылық қоржынында бірнеше пьесаның қолжазбасы бар. Қалай дегенмен де шығарманың жазылу табиғаты, оның жазылу барысындағы машақаты кез келген қалам ұстаған шығармашылық адамына белгілі. Ал, алғашқы дүниеңнің сахнаға шығуы ше? Поэзия мен прозаның табиғаты бөлек, ал драматургияның жанры да, жөні де бір әлем. Жазу үстелінде жазып отырған автор сәби-пьесасын алып сахнаның үстінде ойнап отырған күйді сезіне отырып жазса да, оны (қолжазба қалпында) шығармашылық топ (театр труппасы) қалай қабылдайды, режиссердің ойы қалай болар екен деген үміт пен күдік аралас сезімдердің сергелдеңіне түскенін де сеземіз. Тұңғыштың аты тұңғыш! Әдеби сын, әдеби зерттеу, прозалық шығармалары арқылы танылған Әлібекті оқырман жұрт жақсы таныса да, театр әлеміне, актерлер қауымына бұған дейін оның есім-сойы таңсық еді. Міне, енді айы оңынан туған «тұңғыштан» соң, Әлібек Байбол деген есімнің театр саласына танылуына мүмкіндік алды.
«Әріптер әлеміне саяхат» спектаклі – бүгінгі қазақ қоғамындағы өзекті мәселеге арналып отыр. Латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиі туралы жазылған бұл шығарма тек балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, космополиттік ойдағы үлкен көрермендерге арналып жазылғандай әсер берді. Жүз елу жылға созылған империяға деген кіріптарлық, жетпіс жылдай санамызды, руханиятымызды һәм өр рухымызды жаншыған шовинистік идеология өзінің кесірін әлі күнге дейін көрсетіп қоятыны бар... Қоғам алға жылжу үшін жаңашыл бастамалар адамның санасына да әсер етуі керек сықылды. Ескішіл адам жаңаға үрке қарап, секем алатындығы да заңдылық. «Рухани жаңғыру» негізінде кириллицадан латын әліпбиіне өтуді қос қолдап, Астана – Алматы – Орал – Қызылорда – Павлодар қаласындағы түрлі мемлекеттік мекемелерге үгіт-насихат жұмысын жүргізгенімізде, ойлау деңгейі, салт-санасы әр түрлі адамдардың латын әліпбиіне деген қарсылығын сезіп, кириллицаға деген қимас сезімін көріп, «орыс тілді» қазақ қоғамының шынайы бет-бейнесінен түңілгендей болып едік. Міне, осындай өршіп тұрған пікір қайшылығына дайын мысал, айқын ұстаным осы шығарманың негізгі лейтмотиві екен.
Бала күнінен кітапты серік еткен автор шығарманы ертегі формасына ыңғайлап, бүгінгі күнмен сәтті сабақтастырған. Мәселен, Жақсыбек пен Бұзықбек, «А», «З», «Б», «Ө», «І», «С», «Т» әріптерінің образы шынайы шыққан. Шығарманың композициясы шеберлікпен құрастырылғандықтан, Әлібектің әрбір әрібі «сөйлеп» тұр! Сөйлегенде де іс-қимыл, бет-әлпет, ажары да ойнақтап тұр. Көрермен жас бала түгілі, өзімізде сол әріптердің қимыл-әрекетіне сүйсініп, отырған орныңда тыпырлап, қозғалып ақ кетесің. Ең қызығы – Бұзықбек деген жалқау баланың әріптерді уысына түсіріп, алдап-арбауы. Алданған әріптер (яғни кириллица таңбалары) өзара қырық-пышақ болып айқай шығарады. Мәселен:
“Бұзықбек. Ха-ха-ха! Біздің патшалыққа кім келгенін қараңдаршы!
А: Бұл сенің емес, біздің патшалық!
Бұзықбек: Солай ма?!
А: Иә, солай!
Б (В). Ағам! Ағам келді, алақай! Келгенің қандай жақсы болды!
Бұзықбек: Ей, былай тұршы!
Ө (O'): Жетпегені сендер едіңдер, ө-ө-ө-өй!
Z (З): Ағама өйтіп сөйлеме!
Р (R): А әрпі жағдайды ушықтырған үстіне, ушықтыра түспекші ғой!
Б (В): Біреуі ары тартады, біреуі бері тартады. Бірақ, бірін-бірі мүлде түсінбейді.
А: «Елдестірмек елшіден» деген.
і (І): І-і-і-і, елшінің түріне қараңдар?! Ха-ха-ха!
А: Ей, і-і-і-і-і-і-і... біз сендерді татуластыру үшін келдік.
Z (З): Иә, татуластыру үшін келдік!
Жақсыбек: Тыңдаңдаршы, әріптер! Көшке ілесуіміз үшін бұрынғы Кириллицадан латын әліпбиіне ауысуымыз керек. Онсыз болмайды! Сондықтан, сендер өздеріңді ғана емес, мына балалардың да болашағын ойлаңдар.
Б (В): Мен де бағанадан бері осыны айтып жүрмін. Бірақ, ешкім естімейді, ешкім тыңдамайды. (Жылайды)
Ө (О'): Ақымақ, ө-ө-ө-ө!
Б (В): Мен бе ақымақ?
Ө (О'): Мен бе, енді, ө-ө-ө-ө?!
Б (В): Өзіңе қарап ал! Нағыз ақымақ мына – сен!
Ө (О'): Ұқпадым?..
Б (В): Ұқпасаң ұқпа, Бөжай, м-ө-ө-ө-ө!
Ө (О'): Мен бе, бө-ө-ө-өжай? Кө-ө-ө-өрсетемін, саған, бө-ө-ө-өжайды!
Б (В). Мө-ө-ө-ө-ө... бөжай, бөжай, бөжай!
Екеуі төбелеседі. Бәрі шулай бастайды
Бұл пьесаның бір сахнасына лайықталған көрініс. Әріптер патшалығындағы өзара соғыс, қақтығыс қалай басталғаны, әріптердің бірін-бірі кекетіп, мұқатқаны қызықты. Міне, осы жерден драматургтың тағы бір қасиеті анық байқалады. Ол – көрермен аудиториясының психологиясын зерттеуі. Бұл спектакль 1-4 сынып оқушыларына арналған музыкалық ертегі. Әрбір әріптің өзін-өзі мақтауы я болмаса сипаттауы шынайы шыққан.
Негізінде, пьеса сәтті жазылғандықтан, оның үлкен сахнаға жол тартуы да жеңіл болғанға ұқсайды. Әлібектің «перзенті» майталман режиссердің қолына түскен. Спектакльді сахналаған, қоюшы режиссері ҚР Еңбек сіңірген әртісі, балаларға арналған көптеген классикалық туындыларды сахналаған Сағызбай Қарабалин ағамыз. Музыкасын Динара Әбікеева, балет-мейстері Әділет Таменов. Гармония, тандем деген осы болар... Театр ұжымына, әріптер образындағы әртістерге ризашылығымызды білдіреміз.
Сөзімізді түйіндей келгенде айтарымыз, ертегінің тыныс-ырғағы, бояу-әрі, пошым-порымы көрерменнің бәріне етене таныс, бүгінгі күннің өзегінен ойылып алынған қоғамдық ахуал. Мысалы, Әріптер патшалығына Жақсыбек (озат оқушы) келген соң, қос тараптағы әріптер (Кирилл мен латын қарпіндегі таңбалар) ымыраласып, өзара түсінік, ортақ пікір қалыптастырады. Сол кезде Достық әні айтылып, қазақтың табиғатына тән емес орыс әріптері «Щ», «Ч», «Ю», «Я», «Ь» т.с.с. басқа әріптерді патшалықтан «сау болыңдар!» деп шығарады. Бұл – қазақы таным, қазақы санаға сіңген кері идеологияны егемен елдің қоғамынан ажыратуы. Біз бұны автордың шеберлігі деп түсініп отырмыз. Қоғамдағы саяси нәзік мәселені улатпай-шулатпай бірақ ауыз сөз, іс-қимыл арқылы көрсетті.
Драматургия жанрының табиғатын байқап, қасиетті сахнаның, режиссураның ішкі-сыртқы ережесін қадағалап, театр ішінде жүріп, әдебиетке олжа салған, өз тақырыбын, өз арнасын тапқан Әлібек Байболдың қаламынан әлі талай сәтті дүниелер туатынына сенеміз. Оның қабілет-қарымына сенген соң, үкілі үміт артамыз.
Тағы да қайталап айтар сөз – “Әріптер әлеміне саяхат” спектаклі тек жазушы-драматург Әлібек Байболдың ғана емес, Тәуелсіз Қазақ әдебиетінің мерейі, мақтанышы.
Елдос ТОҚТАРБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.