Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Табылдыны ұрлықшы қылған кім? ...

18.11.2016 3933

Табылдыны ұрлықшы қылған кім?

Табылдыны  ұрлықшы қылған кім?  - adebiportal.kz


Табылды.jpg


Табылдының өлеңі табылды. Ешбір кітабына жария­ланбаған туындысы екен. Екі-үш кітабы ғана бар ғой өзінің. «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені», «Із тастап аққан бір жұлдыз». Мұны әлеуметтік желі пайдаланушылары жариялап отыр. Еш жерде жарияланбаған өлеңін айтам. Бірақ, ешбір кітапқа, газетке, сайтқа жарияланбағанын өздері де білмеген. Құнды жаңалықты жар қылғанын өздері де білмей қалыпты. Тоқтаңыз, менің сұрағым бар. Мұндай айтулы жаңалықты жария еткендерін білмесе, онда бұл өлеңді қайдан алды? Егер Табылдының жарыққа шықпаған өлеңін шынымен тапса, бар қазақтан сүйінші сұрар еді ғой. Мұнда бір шикілік бар. Өте күмәнді. Зерттеп көрелік.





Әлеуметтік желі пайдаланушылары бір емес, екі емес, «Қиял самғайды» деп басталатын өлеңді бірнеше мәрте жариялады. «Авторы – қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов» деп берген.


«Қиял самғайды,

Үміт лаулайды.

Жүрек сенеді,

Арман алдайды», – деп кете береді, әлгі өлең. Табылдының мұндай өлеңін кездестірмегеннен кейін, жоғарыда атал­ған кітаптарының барлығын қайта ақтарып шық­тық. Жоқ. Сайт-порталдардан іздедік. Жоқ. «Мынау – үлкен олжа ғой» деп бір қуандық. Бірақ, әлеуметтік желі пайда­ланушыларының сүйінші сұрамағанына таңдандық. Сонда, олар қайдан алды? Қызық екен. Әрі қарай іздестіре бастадық. Жарияланған өлеңді оқып отырсаңыз, Табылдының жазу стилін байқай алмайсыз. Жоқ, бұл – Табылдының қаламынан туған туынды емес. Мысалы, бұл өлең Афанасий Феттің стиліне ұқсайды. Мәселен, мына өлеңі:


«Сны и тени,

Сновиденья,

В сумрак трепетно манящие,

Все ступени

Усыпленья

Легким роем преходящие».


Қазақта көп экспериментке барған ақын – Мағжан Жұмабаев. Оның Фетше жаз­ған өлеңі де бар. «Біраз Фетше» деп аталады.

«Жібек түн –

Бәрі тын.

Сайраған,

Жайнаған.

Екі жас –

Екі мас:

Жүрек мас,

Көзде жас!

Сүттей ай,

Терең сай:

Бұлбұл,

Гүл-гүл.

Екі жан,

Ыстық қан» – деп жалғаса береді. Жоғарыда аталған туынды мына өлеңдердің заңды жалғасы. Іздеген жетер мұратқа. Әлеуметтік желіде жарияланып жүрген өлеңнің тағы бір иесін таптық. Мақсат Күземханов. 1988 жылы дүниеге келген. Қызықтың көкесі, енді, басталды. Бұл өлең qasym.kz пен «Әдебиет порталына» жарияланған екен. Автордың айтуы бойынша, өлең 2013 жылдың 3 мамыры күні жазылған. Бірінші нұсқа – Табылды Мақсаттан ұрлаған. Күлкілі. Өйткені, ақын 2010 жылы дүние салды. Және Табылды қайда, Мақсат қайда? Бұл нұсқаны сызып тастаймыз. Екінші нұсқа – Мақсат Табылдыдан ұрлаған. Санаға қонымды дейін десең, мұндай өлең Табылды Досымовтың бірде-бір кітабында жоқ. Табылдының стиліне мүлде ұқсамайтынын тағы да қайталаймыз. Бірақ, әлеуметтік желі пайдаланушылары олай ойламайды. Сонда, олар қайдан алды? Бұл сұрақты өздеріне де қойдық. «Дереккөзі қайда?» – деп сұрасақ: «Барлығы жариялап жүр ғой», – деп жауап қатады. Барлығының жауабы – сол. Алғашқы болып жариялаған адамды таппадық ақыры. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген – осы. Табылды Досымовқа:

«Тырысып маңдайдағы сызба ғұмыр,

Жаураған жаным тағы мұздады бір.

Кеудеге суық сезім айдап тыққан,

Ызғыған желтоқсанның ызғары бұл.

Естиін суық желдің зарын қайбір?

Сыймайды уысыма лағылдай жыр.

Сырласар жан таба алмай Табылдай бір,

Тағдырға тарпаң жүрек бағынбай жүр» деп мұң шаққан Мақсат Күземхановтың өлең ұрлауы мүмкін бе?! Үшінші нұсқа – әлеуметтік желі пайдаланушыларының қателігі. Қателеспей тұрмайды ғой. Бізде қалай? Бірдеңе болса, Мұқағалиға теліп жатамыз. Артығали Ыбыраевтың:

«Қамықпа досым, қамықпа,

Келер күн көктем сыйлайды.

Адамдар сияр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды» деген өлеңін жұрт арасында «Мұқағалидікі ғой» деп жүрген кездер де болған. Табылды мен Мақсаттың оқиғасы осындай әңгімелерден шықса керек. Сондықтан, біз үшінші нұсқаға тоқталып отырмыз. Ешкімді ақтап, қолдап отырғанымыз жоқ. Тек әлеуметтік желі пайдаланушылары сақ болса деген тілек қана. Жаңылыссам, маған – сын, жаңылыссаң, саған – сын.




Ерболат Қуатбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар