Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романының жанрлық е...

16.09.2022 3791

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романының жанрлық ерекшелігі 14+

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романының жанрлық ерекшелігі - adebiportal.kz

Әдебиет- өмір құбылысын, өзгерісін, дамуын, сонымен қатар, әр дәуірдегі адамдар образдарын өзіне тиек ете отырып дамиды. Қазіргі қазақ романдары да соның айқын дәлелі. Өзінен бұрынғы дәуір әдебиеттерімен біте қайнасып, арасын алшақтатып, үзіліп кетпей, әдеби жалғастықты сақтай отырып, өз даму бағытын қалыптастырып үлгерген XXI ғасыр романдарының өз ерекшелігі бар. Қозғалатын мәселе бір нәрсе. Халық өмірі, халық тағдыры, ұлттық дүниетаным, өмір қозғалысы мен өзгерісі. Тек сол тақырыпты қозғай отырып, авторлық идеяны жеткізу  бөлекше. Ондағы кейіпкер болмысы, психологиясы өзгеше. Әдебиеттің бағытын, дамуындағы болатын өзгерісті ешкім де қолдан жасамайды. Ол өздігінен жүріп жататын процесс. Бірақ ол заманның психологиясына қарай отырып өзгереді. Бұл постмодернистік бағыттың да әдебиетке келуі соның айғағы. Мұндай бағыттағы шығармаларға біз Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын жатқыза аламыз [1].

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

«Талтүс» романында автордың күй тарихы, ұлт өмірі мен дүниетанымы жөніндегі кесек тұжырымдамасы бейнеленген. Шығарма жанрлық тұрғыдан ғұмырнамалық туынды саналады. Оның бас кейіпкері  Әжігерей – автордың өзі. Күй өнерінің құдыреті, қазақтың өзгермеген байырғы болмыс-бітімі, өнерге деген ерекше ықыласы, далалық дүниетаным, көшпелі өмірдің өтіп бара жатқан дәуірі, дәстүрлі мәдениет – бәрі-бәрі көркем шығармаға арқау болады. Автор ұзақ жыл бойы кеңестік тұрпайы саясатты, қасаң идеологияны қабылдай алмай келіп, ел тәуелсіздік алған заманда сол дәуірге деген іштегі бар қарсылықты, ыза мен кекті шығармасы арқылы жеткізгендей болады. Романда тірі пенденің өткен өз өмірін, жастық шағын аңсау бар. Сонымен бірге тұтас бір ұлттың көшіп кеткен, қайтып оралмайтын байырғы мәдениетін, көшпелі өмірін, таза тірлігін сағыну сезіледі [2].

Жазушы өз сұхбатында «Талтүс» романындағы кейіпкерлерге былайша тоқталады: «Егер «Талтүс» романын оқысаңыз, Мұх­­тар Мағауиннің «Көкбалақ» әңгімесі­мен үндеседі. Өйткені екеуінде де оқиға Шығыс Қазақстанның Шұбартау, Аягөз өңірлерінде өтеді. Қос шығармада да күйші қарт бар, ақырында оның немересі де күйші болып шығады. Негізгі желілер ұқсағанымен, өзгешеліктер де жеткілікті. Менің Мұхтар Мағауинге өз өмірімді ай­тып бергенім рас, бірақ ол кісі шығарманы өзінше көркемдеп құлпыртып жазды. Мен өзімнің және атамның өмірін жақсы білемін емес пе? Романдағы Шерім атты әншінің прототипі – Кәрім Баймұратов деген әнші. Жүсіпбек Елебеков ауылға келіп концерт бергенде Кәрімнің әншілігіне таңдай қағыпты. «Алматыға келіңіз, сіздің әндеріңізді жазып алайық» деп ұсыныс та айтыпты. Қу тіршілік, бос дүниемен үйінен шыға алмай, ақыры таспаға дауысы да басылмай қалды. Домбырашы Сабыт ақ­са­қал – менің атам. Әжігерей – мен ғана емес, жалпы талапты балалардың жиын­тық бейнесі. Қолөнерші болса, біздің үйдің түбінде тұрған Ахметжан есімді қария. Ол кісінің киіз үйді қалай жасайтындығын көріп таң-тамаша болушы едім. Киіз үйдің сүйегін өзі жасайды, киізін кемпірлер басып береді. Өзі жұмыссыз болғандықтан, киіз үй сатып күнелтетін. «Сталин», «пар­тия» деп жүрекпен сеніп, құжатсыз да жұмыс істей бергендер көп болған. Еңбек кітапшасында жұмыс тәжірибесі жазылма­ған соң зейнетақыдан қағылатын. Сондай өкіметке адал болса да, зейнетке шықпай өле-өлгенше өз еңбегімен жан баққан қарттың бірі – Ахметжан. Киіз үйлерді кейде қойшылар, кейде мұражайлар сатып алатын. 

«Талтүс» романында бір қызығы Сабыт ақсақал абақтыда күйді ауызбен әндетіп айтады. Бұл туралы жазушы былай дейді: «Атам маған күй үйретіп отырғанда қателесіп кетсем, күйді ауызбен әндетіп-ақ түсіндіре салатын. Өте күрделі Тәттімбеттің «Көкейкестісін» ауызбен ән қылып айтып беретін» [3].

Байқап қарасақ, романда жазушы аса көп кездесе бермейтін есімдерді  таңдаған. Мысалға, бас кейіпкерлер- Сабыт, Әжігерей, Шерім есімдерін атауымызға болады. Бұл туралы жазушы бір сұхбатында былай дейді: Көркем шығармада адамның аты жақсы болуы керек. Кейде біздің кинода да, кітапта да адамның құлағына түрпідей тиетін есімдер жүреді. Күбіжің, Тошпан деген секілді. Ал мен жүрген жерімде адамның жақсы аттарын кездестірсем, қағазға жазып алып жүрдім. Кеңес кезінде «СССР халықтары адамдарының есімдері» деген кітап жарық көрген. Соны қараймын, басқа да кітаптарды ақтарамын. Солай жақсы есімдерді тауып алып, өз кейіпкерлеріме қоямын. «Тұмар падишаны» оқыған Досхан: «Мына адам аттарын қайдан тауып алғансың?» деп сұрағаны бар. Қазақтікі емес, скиф-қаңлының аттары болатын. Бірақ дыбысталуы жүрегіңе сондай жақын. Жүрген жерімде, көне тарихқа қатысты адам аттарын кездестірсем, жазып алып жүрдім. Кәрім деген атты Шерім деп бердім. Ал Ахметжан деген адам біздің ауылда расымен болған. Керемет адам болатын. Кітапта оқиғаны ширықтыру үшін өлді деп айтамын ғой. Ал шындығында кейін ауылдан кетіп қалды. Қайда кеткенін білмеймін. Бала кезімде киіз үйдің сүйегін жасайтын. Сосын кемпірлерге өтініп, киізін жасатқызады. Сол кезде киіз үй түкке тұрмайды, арзан. Тіпті шегесіне дейін ағаштан жасаушы еді. Кітапта айтылған қылышты да өзі жасаған. Кейін Семейдің өлкетану мұражайынан іздеп көріп едік, таба алмадық. Кавказдан келген бір кісі мұражайдың атынан тапсырыс беріп, оны өз ақшасына сатып алып кеткен екен. Ол қылыш қазір Кавказда. Ол қылышпен темірді шапқанда жүзіне сызат түспеуші еді [4].

Ата мен немере арасындағы ұрпақтар жалғастығының қарым-қатынасы арқылы бір ауылдың елу жылдық тарихын молынан қарпыған Таласбек Әсемқұловтың “Талтүс” романы – белгілі мәдениеттанушы ғалым Сәбетқазы Ақатайдың: “Әр ауылдың өз Абайы бар еді, әттең не керек оны кезінде жазатын өз Мұхтары болмады” деген ғылыми арманын жүзеге асырған туынды.

Әдебиеттану ғылымында Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт сияқты алаш ғұламаларының келешегі бұлыңғыр кеңес үкіметін мойындамағаны ғылыми ортада енді-енді ауызға алына бастады. Ал, қарапайым қазақтың қара шалдарының осы сайтанның іліміне құрылған үкіметті мойындамауы ең алғаш Ә.Нұрпейісовтің  “Қан мен терінде” Сүйеу қарттың “жолдас” сөзіне тиісе сөйлеуінен бастау алады. Осы әдеби үрдіс романда: “…Кемпір-ай, анау орындықты әперші. Өкіметтің адамы ғой. Киізге отырса, шалбары былғанып қалар”. Ары қарай автор Сабыт қарттың: “Баяғының ауыл кеңесі малыңды айдап, қатын-балаңды байлап, өзіңді атып кететін. Бүгінгінің ауыл кеңесі Үркітке айдатып қана қояды...”деген сөздермен дәуір шындығының бет пердесін ашады.

Жетісудың кейінен Семейге қараған өңірін мекен ететін Семіз Найманның Бөдес руынан шыққан Кенесарының өз аяғын өзі кесуі қазақтың өр халық екендігін танытады. Осы кейіпкердің айдаудан оралған құдасы Сабытқа теке союы кеңес тұсындағы қазақ тұрмысының жұпынылығынан хабардар етеді. Екі құда арасындағы кездесуде домбыраның бүкіл ауылдан табылмауы бір жағы оны жасайтын шеберлердің қалмауынан, екінші жағынан қызыл көз коммунистердің ескінің көзі деп жойып жіберуінен танылады. Осылайша,  бүкіл ауылдан домбыраның табылмау эпизоды автор тарапынан Сталиндік қанды қырғынның алаш рухын жасытпағанын таныту үшін алынған көркемдік фон. Сабыт күйді ауызбен тартатын өнерді меңгеруін:“...Жиырма бес жыл абақтыда жүргенде жынданып кетпегенім осы күй шерткенімнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңқылдап айтасың... қазақтар жаныма үйірілетін болды. Олардың көңілін осы күймен демедім...”-деп,  қатпары терең тарихты өмірдің ащы сабағымен аластыра отыра, алға тартады.

Кейін Айғыз ауылы Аягөзден бөлініп, құрамына кірген Шұбартау ауданының қасіретті тарихы жазушы қаламынан былайша төгіледі: “...Жарайды өкіметтің бір білгені бар шығар. Тек түбі Шұбартау өз адамдарын алып келіп, жұртты ығыр қылып жібермесе болды”. 

“Окоп шындығы” Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтардың туындыларында асқан астарлылықпен берілсе, “Талтүс” романында осы бір әдеби ақтаңдақ кейіпкер аузымен: “–Шылғи өтірік, – деді Баймұхан сәл ойланып барып, –Кешегі біз көрген емес, мүлдем басқа соғыс. Біз аузын айға білеген неміспен соғыстық...Әскерлер мәшинеге тиеліп, дүрлігіп қашқанда, әлгі кәмәндір, бір қазақ жігіті екеуімізді кеудеден бір-бір теуіп мәшинеден түсіріп кетті...Кейде күлкім келеді. Ерлік дейді. Топырақ пен адамның қанын араластырып таптап жүргеннің несі ерлік...Осалы жоқ, фин де, неміс те, жапон да, бәрі де мықты болатын” соғыстың бұған дейін әдебиетімізде жөнді айтылмай келген ақиқатын бір отырыстың үстінде кейіпкер аузымен беру арқылы жазушы майдан шындығын оқырманына толыққанды жеткізеді.

Аягөз өңірінде болып өткен кәмпеске: “ Малды өзімізбен бірге бағысты, бұл бай емес, осы өзіміз сияқты кедей, тіпті малын алсаңызда да өзін босатыңыз депті. Оған үкімет көнуші ме еді. Сөйтіп, қайран Жалбағай айдалып кете барды ғой...” деген жолдардан көзіңе жас алдыра отырып танылады. Кәмпескенің ізін ала жеткен ашаршылық зобалаңы ең алғаш қазақ прозасында Рамазан Тоқтаровтың “Ертіс мұхитқа құяды” диалогиясында бой көрсетсе, егемендік жылдары шындықты ашып жазуға мүмкіндік алған автор өз қаламының сиқырымен осы азалы жылдардың  шерлі шежіресін: “Дүние-ай десеңші. Жалбағай айдауда өлді. Бар жазығы өмір бойы тынымсыз еңбек еткеніде. Қатын-бала мұнда өлді. Сөйтіп бір ошақтың оты өшті. Із-түзсіз кетті, әне. Е, не болмады дейсің бұл дүниеде. Солай!” - деп, Таласбек Сабыт қарттың әр сөзіне көптің көз жасын сыйдырып, зарланта береді.

Романда екі отаршы орыстың өлімі шығармаға әр беретін, кейіпкер характерін ашуға көмектесетін көркемдік деталь екендігін айта кетейік. Ақтың қашуы – қазақ әдебиетінде Жүсіпбектің “Ақбілегінен” бастау алатын жүректі қан жылататын кесек тақырып. Осы тақырып шығарма персонаждарының іс-әрекетін, ішкі әлемінің рухын ашу үшін шағын штрих түрінде берілгенімен аз сөзге көп мағына сыйдырылған:“Орыстың қабағы қату... Адам деп санамағаны ғой... Мақсат – орысты өлтіру. Ажалға көнді орысым. Арам өлмесін, адалдап жіберейін деп... Басын құбылаға қаратып, “Бісіміллә! Я, Алла, қабыл ал! ” деп қылышпен тартып жібердім” деген туынды жолдарынан ұлтымызға тән қазақи психологияны айқара тани түсеміз.

Лагерь өмірі ең алғаш қазақ прозасында Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романында қызыл цензураның қысқартуымен берілгені белгілі. Енді осы эпизодтық тақырып Сабыт қарттың өмірінің үзігі ретінде Таласбекте қаламгерлік шеберлікпен қалай игерілгендігін байқайық: “Қанға жерік адам болады... Ал оңашада басқаға істегенін маған істей алмайды... Осылай аңдысып бір жыл жүрдік... Десятник кіріп келді... Пақырдың мойнын бұрап желкесін үзе салдым... Қалай болды, кім өлтірді деп бір-екі күн тергеді де қойды... Өз қолымен анықтап өлтіргенім осы екі кісі.. қанша оқ аттық, атқанымыздың қаншасы кімге дарыды, оны айтып бере алмаймын.”

Екі өлімді де автор шығарма тініне жайдан-жай енгізіп отырған жоқ. Ол – қазақтың азаттыққа ұмтылуының заманалық қазақ прозасындағы символдық айшықтануларын білдіретін сәтті әдеби ізденістердің бірі. Осылайша, кеңес үкіметімен арыстандай алысқан Сабыт қарт ақ және қызыл отаршыларға қарсы ұлт-азаттық күресінің белгісіз сарбаздарының бірінен Таласбектің өлмес туындысы арқылы мәңгіге алаш жадында қалып отыр.

Автор тек Сабыт қарт пен оның айналасындағылардың бастан қилынша күй кешулерін тігісін жатқызып әңгімелеп қана қоймайды, ұлтымызға тән түрлі архетиптік таным-түсініктерді новеллалық кірістірме, яғни оқиғаның ішіндегі оқиға ретінде сәтімен туынды композициясына өзек етеді. Оның мысалы – Жұмға молданың Темір Қия қарақшы турасындағы діни-уағыздық әпсанасы. Оны автор кешегі кеңес қызметінде болғандардың бүгінде тәубаға келіп, қаһ ислам мен алаштың қызылдар мойындамаған құндылықтарын, ру шежірелерін өз қаражаттарымен бастырып, қазаққа танытып жатқандарын меңзеу үшін әдейлеп оқырманның тарапынан аңғарылатын “жетпеген жерді жеткізу” стилистикалық әдеби тәсілі арқылы адресаттық арнау түрінде беріп отыр. Темір Қия қарақшы жиынтық бейне онда бүгіндері кезінде ұлтына істеген діни-рухани қысастықтары  үшін тәубеге келген кеңестік ұлықтардың бейнесі символдана жиынтықталған.  

Әжігерей өз атасының қазақи келбетін Жұмға молданың мына бір сөзімен айшықтайды: “Баяғының қазағы сияқтысың...Жаз шықпай кигіз үй тігіп отырасың...” Ал, қазақ қызының өнерді сыйлауы, оны танытатын өнерпазды пір тұта бағалауы мына бір сөйлем жолдарынан танылады: “...Содан соң “Он саусағын кесіп алып, өзгесін итке тастайтын-ақ адам екен. Бірақ жігіттің жүйрігі екен.  Әкемнің сөзі – сөз. Бердім құлпымды” дейді... Бірақ Бекей өзгермепті. Жақсылап қарсы алды. Келіндерін қас-қабақпен ғана жүргізеді екен... Кимешегі аппақ қардай. Қолының бәрі – сала күміс. Бойы тіп-тік. Бетінде бір әжім жоқ...”Осылайша, данышпан Мұхтар сомдай алмай армана кеткен Жүзтайлақ бәйбішенің келбетін Таласбек Бекей бәйбішенің романдағы кесек бейнеленуі негізінде авторлық шеберлікпен эпизодтық штрихтандырылу арқылы тамаша таныта білген.

Ғасыр шежіресіндей болған Сабыт қарт кезінде ұлтымыз 400 жылдық монғол-алаш соғысы кесірінен амалсыз көндіккен көшпеліліктен қайыра отырықшылыққа көшу процесінің бір ұрпақтың көз алдында қалай өткендігін: “...Жаз бойы шөп шауып, жұт жылының өзінде аман алып қалуды мына орыстардан, Кереку, Семей жақтағы ...қаржас пен бәсентийіндерден көргенбіз. Әрине, үйрендік, кірпіш құйып үй салуды, көзіміз көргенді үйрендік. Ертеде мән-жай осындай еді.” [5]. 

«Талтүстегі» қиянатты көп көрген Әжігерейді алыңызшы. ( Әжігерей Талас­бек ағаның балалық шағы емес пе еді). Қаршадай кезінде атасы қайтқанда, қан­дай терең байламға келеді: «Өлім – адам өзгерте алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бәрін өз ақылына бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс, пәк күйінде қалыпты. Пен­денің арманы таусылған ба. Қолынан келсе өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім, адам ешқашан аттай алмайтын шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған ешқашан жет­пейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына ешқашан қана алмайды. Сондықтан өлім дүниедегі жалғыз ғана шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақи­қат… Кенет… жақыныңның өлімі өзіңнің өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Се­бебі әр өлім – әркімнің өлімі. Себебі  әр өлім – бәрінің өлімі». Қандай тамырлы, кемеліне келген байыпты пікір. Бәріміздің санамыздың бір түкпірінде байыз таппай безгектеп жүрген ой. Бірақ сол ойды Та­лас­бек қағазға түсіргенде ғана, ол киелі кітап сөзіндей бұлжымас формасын табады.

«Пенденің жалғыз жұбатушысы – өлім, – деді ол тағы да сол романда. [6].

Адам болмысының жаратылысындағы ерекше қасиеттеріне мән беріп, сол арқылы кейіпкерлік даралау көркем прозадағы сәтті табыстардың бірі. Ұлттық болмыстағы ұсталық, зергерлік, аңшылық секілді кәсіп түрлері тұрмыс-тіршіліктен ығыстырылғанымен оның этно-мәдени құндылығын көркем шығарма арқылы беру жазушыдан тек шеберлікті ғана емес, тарихи зердені, өнерпаздық сан қырлы болмысты талап етеді. Осындай талап деңгейінен табылатын Т.Әсемқұловтің «Талтүс» романындағы ұста, шеберлер тұлғасы қазақтың ежелгі мәдени-рухани өмірінің сәулесі.

Шығармадағы диалог арқылы берілген басқалардың Ахметжан ұста жайлы ой-пікірлері болашақ кейіпкердің кім екендігінен хабардар етеді.  Жазушы Ахметжан ұстаның қолы ғана ісмер емес, ой-өрісі кең, өткен-кеткен тарихтан мол хабары бар жан екендігін аша түсу үшін ас үстіндегі оның әңгімесін береді. Әңгіме ішіндегі әңгімеден оқырман да ұсталық өнердің қыр-сырына бойлап, оны үйрену, меңгеру, сол жолдағы шыңдалу өнегесімен қаныға түседі.

Шығармада Ахметжанның әңгімешілдік қыры, өткен мен бүгінді шебер қиюластырып, тағлымды тұстарын баяндай білетін өнері ерекше көзге түседі. Бұл үшін жазушы еске алу, еске түсіру әдістерін қаламгерлік шеберлікпен пайдалана білген. Өйткені, «Әдебиеттанудағы еске алу тәсілінің өзіне тән формалық, көркемдік қызметінің өзі адам санасының бір түпкірінде тығылып қалған әртүрлі әсерлердің, ұғым-сенімдердің, белгілі бір оқиға – бейнелердің ойға оралуынан ішкі жан әлемінде бір-біріне тәуелді-тәуелсіз, өзара сабақтас сезімдердің тууына себеп болары сөзсіз. Еске алу – ішкі монологтың өріс алуына, оның өркендеп дамуына түрткі болар, яғни тұңғиық ойға берілудің алғашқы баспалдағы да». Ахметжан ұстаның аузымен шертілген әңгімесі арқылы Кітапбай шебердің асқан өнерпаздығы мен өз ісіне ыждағаттылығы, шәкіртін шеберлікке шыңдау жолындағы қатаң талапкерлігі танылады [ 7].

Ендігі кезекте, роман туралы Мадина Омар мен Айнагүл Садықованың  пікірі туралы ой тарқатсақ.

Айнагүл Садықова: Романның негізгі идеясына азық беріп тұрған-күйшілік өнер. Ол бұл жерде шартты түрде алынып отыр. Күйшінің орнында басқа өнер иесі де болуы мүмкін. Бұл жерде айтылатын негізгі мәселе- өнер адамы қалай қалыптасуы керек және шын мәніндегі өнер қандай деңгейде болуы керек.

Айнагүл Садықова: Сабыт қарт Әжігерейді Ғазиз қартқа жібереді. Әр күйшінің өзінің ерекшелігі болады ғой, сол ерекшелігін үйрен деп, Ғазиз қартқа жіберген кезде, ол кісі әуеннің жұрнағын ғана үйретіп қайтарады. Ешқандай мән жоқ, мағына жоқ, Әжігерей оны түсінбейді. Сабыт қарт естіген кезде қатты толқып кетеді. Сөйтсе ол жоғалдыға санап жүрген бір күйдің жұрнағы екен. Сонда Сабыт қарт пернелерді жақындатып, жылжытып, тиекті орнынан қозғап, үлкен домбыраны шағын ғана домбыраға айналдырады. Сөйтіп қысқа ғана жерден әр күні сабалап отырып, күй шығарады. Бірақ Әжігерейдің көзімен қарағанда ол мағынасыз сабалау болды. Сабыт қарт әр қисынға салып отырып, сол көп музыкалық қисындардың арасындағы музыканың ең жоғары деңгейіне жауап беретін тұстарын ғана алып отырады. Қайтадан пернені орнына қойған кезде сол биік деңгейдегі қисындарды салып, күйді қайта жаңғыртады. «Өнер осылай тууы керек» дегенді айтады автор.

Мадина Омар:Кейіпкерлер арасында Сабыт шал бар, ол керемет-күйші. Кезіндегі Тәттімбет, Сүгірдің көзіндей. Сосын қолындағы жиені әрі шәкірті Әжігерей қолында тұрады, күйлерін үйренеді. Сабыттың замандастары бар. Олардың да жасы үлкен. Біреуі-ұста, біреуі –әнші, әрі өнер саласының өкілдері. Ұлттық өнеріміздің иелері.Осындай адамдардың бір жерде шоғырлануы, бір-бірімен араласып, қарым-қатынас жасауы әрине, бір қарағанда ақылға сыйымсыз, логикаға сай емес болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұған автор саналы түрде барып отыр. Өнер адамдарыынң жиынтық бейнелерін топтаған. Сондықтан мен мұны эстетикалық роман деп атар едім. Жалпы бұл романды «Күй» деп те атауға болады [8].

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

    Хабаршы «Жас ғалым.Ізденістер.Мәселелер. Зерттеулер» сериясы №2 (6),2015  44бет

  1. http://ruh.kz/ru/author/asemkulov_talasbek
  2. https://adyrna.kz/ma-alalar/ner/talasbek-sem-lov-azirgi-k-jshilerde-ala-saryny-seziledi/
  3. https://rozatai.wordpress.com/2015/01/18/
  4. http://old.baq.kz/kk/news/all/blog-307-4606
  5. http://qasym.kz/asiya-bagdauletkyzy-terendik-tamsil-talasbek/
  6. http://www.rusnauka.com/16_NPRT_2012/Philologia/2_111918.doc.htm
  7. http://otuken.kz/lr-10/

Исмаил А.Ж.

Алматы қаласы, Алмалы ауданы

№15 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар