Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Татьяна Сухотина-Толстая: "Әлемдегі ең ақылды адам...

21.05.2015 2904

Татьяна Сухотина-Толстая: "Әлемдегі ең ақылды адам – менің әкем"

Татьяна Сухотина-Толстая: "Әлемдегі ең ақылды адам –  менің әкем" - adebiportal.kz




nta-405-.jpg



ӘКЕМ БІЗДІҢ ҚАРАПАЙЫМ ӨМІР СҮРГЕНІМІЗДІ ҚАЛАДЫ


Балалық шағымды үлкен сүйіспеншілікпен еске аламын. Мен бір-бірін де, мені де шексіз жақсы көретін адамдардың ортасында өстім. Әкем үйленгеннен кейін өз отбасымен 18 жыл бойы Ясная Полянада тұрған. Бұл ауылдағы өмір мені оңашалыққа, табиғатты тамашалауға, оны сүюге үйретті.

Мен 1864 жылдың 4 қазанында Ясная Полянада дүниеге келдім. Осыдан сәл бұрынырақ әкем аң аулап жүріп қайғылы жағдайға ұшырапты. Ол жас кезінде аңшылықты қатты жақсы көрген, әсіресе күзгі уақытта жанына иттерін ертіп алып, қоян, түлкі аулағанды ұнатқан екен. 1864 жылдың 26 қыркүйегінде ол жанына иттерін ертіп, ойнақшып тұрған аты Машкасына мініп, аң аулауға аттанады. Үйден көп ұзамай-ақ қоянға кездескен әкем иттерін қоя бергені сол екен, әлі аңға шығып көрмеген Машка олардың соңдарынан шаба жөнеліпті. Жолай терең шұңқыр кездесіп, секіріп үлгермеген ат алдыңғы екі аяғы түсіп кетіп, бір жағына құлайды. Үстіндегі әкемнің қолы аттың астында қалып қалады. Үйге келгеннен кейін Туладан дәрігер шақыртып, шыққан қолын салдырады. Әкем осы ауруынан толық айығып болмай жатып мен дүниеге келген екенмін. Сережа атты бір жасар ұлдары бар әке-шешем дүниеге қыз келгеніне қатты қуаныпты. Әкем қызын өзінің тәрбиешісі, сүйікті тәтесі Татьяна Александровна Ёргольскаяның құрметіне Татьяна атағысы келеді. Ал анамның Татьяна атты кенже сіңлісі бар еді, қызына ондай есім берілгеніне ол да қатты қуанады.

Әкем біздің барынша қарапайым өмір сүргенімізді қалады. Өйткені өзі өте қарапайым еді. Анамның айтуынша, әкем үйленгенге дейін қапталмаған былғары жастықта ұйықтапты. Бұл қаланың қызы анам үшін өте жат нәрсе еді. Әкем балаға қымбат ойыншықтар алып бергенді жаратпайтын. Сондықтан болар, бізге ойыншықтарды анам тігіп беріп жүрді.

Басында Марья Афанасьевна атты тәрбиешіміз болса, кейіннен бізді Ханна атты ағылшын қызы тәрбиеледі. Әкем оны ересек үш баласының тәрбиесі үшін арнайы ­Англиядан алдырды. Өйткені ол ағылшын балалар әдебиетін әдебиеттердің төресі санайтын. Сондықтан балаларының тезірек ағылшын тілін үйренгенін, кітаптарды түпнұсқадан оқығанын қалады. Шығармаларын көшіріп, әкеме көмектесу анамның өмір бойғы қызметі болды.

Анам есіме түссе, оның үнемі қолы тимей жүгіріп жүрген сәті көз алдыма келеді. Біресе балалардың біреуімен әуре болып жатады, енді бірде бізді оқытады немесе үй шаруашылығымен айналысады, тіпті болмаса, тігін машинасымен әкеме бірдеңелер тігіп отырады. Ал кешке анам әкеммен «четыре руки» ойнауға кіріседі немесе қонақ үйдегі жазу үстеліне жайғасып, әкемнің шығармаларын таза қағазға көшіруге отырады. Ата-анамызбен қоштасып ұйықтауға кеткен біздер үшін анамның жазу үстелінің басында қанша уақыт отыратыны беймәлім нәрсе. Бірақ әкемнің қолжазбаларына үңілген салмақты түріне қарап, анам үшін ең маңызды әрі негізгі жұмыс енді басталғанын түсінгендей боламыз. Біз бөлмеден шығып үлгерместен анам әкемнің шимай-шимай қолжазбалары арасынан қалдырған сөйлемдерін теріп жазуға кірісіп кететін еді. Ал таңертең әкемнің жазу үстелінде анамның қолымен әдемілеп көшірілген парақтар жататын. Әкем олардың үстінен айбақ-сайбақ жазуымен қайта түзеп, кейбіріне жаңа жолдар қосып, кейбірін бастан-аяқ сызып тастайтын. Кешке анам қайтадан кешегіге жаңадан қосылғандарды біріктіріп жазуға кіріседі. Таңертең олар әкемнің қолымен қайта түзелетін. Міне, әкем бір шығармасын сәтті дүниеге әкелу үшін дәл осылай көптеген күндер, айлар, тіпті жылдар бойы жан аямай жұмыс істейтін. Ал барлық шығармаларын көшіріп, әкеме көмектесу анамның өмір бойғы қызметі болды. Бұл іс мен бойжеткеннен кейін маған, кейін сіңлім Машаға, одан кейін ең кенже сіңліміз Сашаға көшті.

Кейде әкем жазу жазып отырған анамның артынан келіп, жазғандарына үңіліп тұратын. Ал анам ерекше мейіріммен оның қарулы қолынан сүйсе, әкем анамның толқынды қара шаштарын сипап, маңдайынан сүйетін. Дәл осы сәтте менің кішкентай бала жүрегіме махаббат нұры құйылып, екеуінің бір-біріне, біздерге, айналасына таратқан үлкен сүйіспеншіліктері үшін алғыс айтқым келетін.



ЖАЗУЫНАН БОС КЕЗДЕ ӘКЕМНЕН КӨҢІЛДІ ЖАН БОЛМАЙТЫН



Отбасымыздағы әкеміздің рөлі анамызға қарағанда маңыздырақ екенін бәріміз де жақсы түсінетінбіз. Біз оны анамызға қарағанда сирек көретінбіз, оның балалар бөлмесіне келетін сәті біз үшін мейрам болатын. Әкемнің жасырақ кезі де есімде жақсы сақталыпты. Ол кезде сақалы қоңыр, шашы толқынды қара, көздері көкшіл болатын. Көздерінен бірде мейірім шуағы тараса, енді бірде ойнақылық, тағы бірде қаталдық ұшқындайтын. Бойы ұзын, денелі жан еді. Жеңіл қимылдайтын. Ол кезде әкемнің жүзінен өмірдің мәнін іздеп қиналған, жан азабына ұшыраған кезіндегі ауыр қайғыдан қалған әжімнің ізі де білінбейтін. Жасы ұлғая келе оның сақал-шашы бурыл тартып, бойы шөге бастады. Мейірімді көздеріне мұң тұнып тұратын болды.

Біз әкемізден бала кезімізде де, есейгенде де ескертуді сирек еститінбіз. Ал ести қалсақ, ол сөзсіз орындалатын. Жазуынан бос кезде әкемнен көңілді жан болмайтын. Жанына жақындап кетсең, жаңа бірдеңелерді тауып ала қоятын. Әкем мені еркелетіп «Чурка» деп атайтын. Еркелеткісі немесе менімен әзілдескісі келсе, осылай атайтынын білетін мен бұл атауды жақсы көретінмін. Мен өмірімде әкемдей ешкімді жақсы көрген емеспін, оған сезінгендей құрмет сезімі басқа ешкімге болған емес. Оның да мені қатты жақсы көргенін білемін. Бала күнімде оның тізесіне шығып алып қолтығынан қытықтап ойнағанды ұнататынмын. Қытықтағаннан қатты қорқатын әкем қорғансыз түрде күле беретін. Қолынан бәрі келетін сондай үлкен, маңызды адамның менің алдымдағы дәрменсіз күйі мені одан сайын қуантатын.

Әкеміздің біз жақсы көретін, бізбен ойнайтын, өзі ойдан шығарған бір ойыны болатын. Онда белгісіз қорқынышты біреудің келе жатқанын айтып, бізбен бірге үйдің бұрыш-бұрышына тығылатын. Бұл ойынды қанша ойнасақ та жалықпайтын едік. Тағы бір жақсы көретін нәрсеміз әкеміз айтып беретін ертегілер болатын. Ол ертегіні әр сөзге екпін түсіріп, қызықты етіп айтатын. Қайта-қайта тыңдай бергеннен болса керек, «Жеті қияр» атты ертегі есімде мәңгі қалып қойыпты.

Біз үшін тағы бір көңілді сәт таңғы жаттығу кезі болатын. Әкем оянғаннан кейін киініп, кабинетіне келетін. Біз де сонда жиналып, онымен бірге швед жаттығуын жасайтынбыз. Әкем «бір, екі үш, төрт, бес» деп бұйрық беріп, бізді басқарып тұратын. Ал біз онымен бірге оңға, солға, алға, артқа қолымызды созып жататынбыз. Әкем бізге өте күшті көрінетін және сол физикалық күш маған да берілген сияқты.

Гимнастикадан кейін әкем жұмыс жасауға отыратын, ол кезде оны ешқайсымызға мазалауға болмайтын. Тіпті есейген кезімде де ол жазып отырғанда барып, мазалап, ойын бөлуге қорқатынмын. Себебі біз үшін әкемнің жұмысы ең құрметті әрі маңызды іс болатын. Бала кезімде менің әкем сияқты адамның бос нәрсемен айналысуы мүмкін еместей көрінетін. Ал кейін оң-солымды тани келе, оның жұмыс барысын байқап, бала кезімдегі ойымның дұрыстығына көзім жетті. Әкемнің әлемдегі ең ақылды, ең шыншыл, ең мейірімді жан екеніне ешқашан күмән келтірген емеспін. Және ол адамның қателесуі де мүмкін емес сияқты.

Бірде әкемнің жақын маңдағы орманнан қайтып келе жатқанын байқап қалдым. Аяғында ұзын етік, бір иығында мылтығы, енді бір иығында аңшылық қоржыны бар еді. Алдынан жүгіріп шығып, сұқ саусағынан ұстай алдым. «Тұра тұр, Чурка», – деген әкем қоржынынан жаңа ғана атып алған орман құсын шығарды. Құс әлі де жаны шықпай, жыбырлап жатыр еді. Қатты қорыққан мен әкеме «Өлтіруге қалай ғана дәті барды екен?» дегендей көзқараспен қарадым. Менің көңілімдегі өзгерісті ол байқамады. Әдеттегісінше маған мейіріммен қарады. Мен әкем солай жасаса, онда дұрыс болғаны ғой деп ойлай бастадым. Өйткені мен үшін әкемнің қателесуі мүмкін емес.



ӘКЕМНІҢ ГРЕК ТІЛІН ҮЙРЕНУІ



Әкеме қонақ жиі келетін. Олардың көбі оқыған, тоқыған, ақылды адамдар еді. Бізге беймәлім маңызды мәселелерді талқылап жататын. Олардың арасында П.Ф.Самарин, А.А.Фет-Шеншин, князь С.С.Урусов, граф А.П.Бобринскийлер де бар.

Отбасымызбен Мәскеуде тұрып, әкемнің Ясная Полянада жалғыз қалған кездері де болды. Ол онда қаланың қарбалас тіршілігінен демалу үшін кететін. Біздің отбасымыз үлкейе берді. Менен кейін туған Илья үшке келгенде, анам Лев атты ұлды дүниеге әкелді. Ұлдармен ойнаудан жалыққан мен сіңлім болғанын қатты қалайтын едім. Онымен қуыршақ ойнап отырғаныма дейін елестететінмін. Лев туғанда қуанбағаным да содан шығар. Кейін таңғы және кешкі дұғамда «Маған сіңлі жіберші» деп Құдайға жалбарынатын болдым. Нәтижесінде, 1870 жылдың 12 ақпанында анам дүниеге қыз әкелді. Бұл ғажайып оқиғаның менің дұғамның арқасында болғанына сенімді едім.

1870-71 жылдардың қысында әкем грек тілін үйренуге бар жан-тәнімен кірісті. Таңнан кешке дейін грек тілінде жазылған классиктердің туындыларын аударатын еді. Ол жаңа қызығушылығы туралы, грек тілінің кереметтері жөнінде жалықпай әңгімелейтін. Үйге достарынан біреу келсе, грек тілінен аударғандарын тексертіп, грек тілі бойынша өзінен емтихан алуын өтінетін. Кей сөздердің грекшесін есіне түсіре алмағандағы қастарын керіп, ойлана қалатын сәті әлі есімде. 1870 жылдың желтоқсанында Фетке жазған хатында «Қазір ештеңе жазып жүрген жоқпын, тек оқудамын» дейді. Бірақ Фет әкемнің грек тілі секілді қиын тілді мұғалімнің көмегінсіз меңгеріп кететініне сенбей, достарына «Толстой грек тілін меңгерсе, дипломның пергаменті үшін өзімнің терімді сыпырып беруге дайынмын» деп қалжыңдаған көрінеді. Әкем оған жазған тағы бір хатында: «Сіздің теріңізге қауіп төніп тұр. Мен Ксенофонтты түпнұсқадан оқып жатырмын», – дейді. Бірақ бұл тынымсыз еңбектің бәрі әкемнің денсаулығына оңай тимеді. Ол белгісіз ауруға ұшырады. Қатты уайымдаған анам қоярда-қоймай оны Мәскеуге баруға көндірді. Сол кездің атақты дәрігері Захарьинге көрінген әкем 1871 жылдың 9 маусымында Фетке: «Сізге көптен жаза алмаған әрі бара алмаған себебім: ауырдым. Бірақ ауруымды қалай атарымды да білмеймін. Денемнен күш кетіп, ештеңеге зауқым жоқ. Жаным тек тыныштықты қалайды, бірақ ол тыныштық қайдан болсын?» – деп жазады. Захарьин әкеме Самара далаларына кетіп, сонда бірнеше апта қымыз ішіп, демалуды ұсынады. Әкем дәрігердің сөзіне құлақ асып, башқұрттар арасында алты апта болып, денсаулығын түзеп қайтты. Сол уақыттары жақын достары ғана емес, әдебиеттегі жолдастары да әкемнің денсаулығын уайымдады. 1871 жылдың жазында Тургенов Фетке әкем туралы: «Екі ағасы тегіннен-тегін құрт ауруынан өлген жоқ қой, оның денсаулығы үшін қорқамын. Қымыз ішуге кеткені дұрыс болған. Оның пайдасы болатынына сенемін. Л.Н.Толстой – біздің жетімсіреп қалған әдебиетіміздің жалғыз үміті», – деп жазған екен.

Әкем Самарадан ауруынан құлан-таза айығып оралды. Біздің бақытты өміріміз қайта басталды. Балалар білім алып жатты, әкем балаларға арналған оқулық жазуға кірісті, анам оған көмекші болды. Оқулығын, әліппесін жазып болғаннан кейін әкем тағы бір қызық іс бастады. Ол өзінің сүйікті ісі – бала оқытуға кірісті. Айналамыздағы жұмысшылардың балалары түстен кейін біздің үйге жиналып, екі сағат сабақ оқитын болды. Ересектерін әкем өз кабинетінде оқытса, бір бөлмеде анам қыздарға әріп үйретіп жатты. Ал Сережа, Илья – үшеуміз жастары өзіміз қатарлас балаларға жазу-сызу үйреттік. Ол бір өте көңілді уақыттар еді. Балалар да ерекше ынтамен оқыды. Жазда мектеп таратылды да, қайта құрылмады.



БАУЫРЛАРЫМ



1873 жылы отбасымызда алты бала бар еді. Үлкеніміз Сережа – онда, мен – тоғызда, ал ең кішіміз Петя бар болғаны бір жаста еді. Әкем біздерді өзінің туысы графиня Александра Андреевна Толстаяға былай сипаттайды: «Үлкенім аққұба келген, салмақты бала. Барлығы оны менің үлкен ағама ұқсатады. Сережа ақылды, өнерге бейімі бар, сабақты жақсы оқиды. Үшіншім Ильяның оқуға онша ниеті жоқ, жақсы тамақтанғанды, сосын тыныштықта демалғанды ұнатады. Таням сегізде. Барлығы оны Соняға ұқсатады, ол сөздерінің жаны да бар сияқты. Өзінен кейінгі кішкентайларға қарағанды жақсы көреді. Төртіншім Лев – кигізген киім жараса кететін сүйкімді балақай. Бесіншім Маша екіде. Әлсіз, аурушаң бала болды. Алтыншымыз Петя балпанақтай сәби, әйтеуір тынымсыз қолдарын созып, бірдеңеге ұмтылып жатады». 1873 жылға дейін отбасымызда өлім болмаған еді. Бірақ осы жылдың күзінде кенже бауырым Петя тамағы ісіп ауырып, қайтыс болды.

Әкем қажет кезде өзі туралы айтудан ешқашан тартынбайтын. Ешкімнен жасырынбай өмір сүрді. Бар сырын «Тәубесінде» жазды. Ал анам мен әкемнің қарым-қатынасы жөнінде түрлі әңгіме айтылады, бірақ мен бәріне куәмін ғой, менің бұл жағдайға өз көзқарасым қалыптасты.

Күздің қараңғы түндерінің бірі, 1910 жылдың 28 қазанында түнгі сағат үште әкем өзі дүниеге келген, өмірінің көп бөлігін өткізген Ясная Полянасын ­тастап, кете барды. Оның үйден кетуіне, тіпті қашып кетуіне не себеп болды? Мұның сырын біреу біле ме? Әрине, «Толстойды әйелі түсінбеген, онымен өмір сүру қиын болған, сосын қашып кеткен» деп айта салу – оңайдың оңайы. Немесе «қарапайым өмір сүргісі келді, өз отбасының балқып-шалқып жүргені ұнамады» деп айта салуға да болар. Бірақ осы нәрселер оның үйден кетуіне себеп бола ала ма? Меніңше, бұл жерде өте көп себептер айтуға болады.

Әкем мен анам бір-бірін қатты жақсы көрді. Бақытты өмір сүрді. Екеуінің көзқарасы діни мәселеге келгенде екіге бөлінді. Анам бір жазбасында: «Оның шіркеу қызметін жоққа шығарып, біздің өмірімізден жиіркенетіні туралы жазбаларын оқығанға дейін барлық шығармаларын көшіріп беретінмін. Бірақ әлі есімде, 1880 жылы жазғандарын көшіріп отырып, қаным басыма шапты. Орнымнан тұрдым да, Лев Николаевичке барып, бұдан былай оның жазғандарын көшіруден бас тартатынымды айттым», – деп жазады. Әкем анаммен сөзге келіп қалмас үшін Мәскеуде де көп болмайтын, негізінен, Ясная Полянаға кететін. Бірақ анамның өзгеріп, түбінде өзінің ойларын, жан дүниесін түсінетінінен үмітті еді. Ал анамды әкемнің өмір сүру тәсілі тіпті шошытты. Таңғы жетіде тұрады, үйге су тасиды, ағаш кеседі, ақ нан жемейді, ешқайда бармайды. Осылай әркім өз өмірін сүріп жатты. Бірақ дау бітпейтін, екеуі үнемі сөз таластырып жататын. Ақыры 1884 жылдың 17-сінен 18-іне қараған түні екеуінің арасында үлкен ұрыс болып, әкем иығына дорбасын іліп, үйден кетіп тынды. Әкемнің қайыңдар арасымен кетіп бара жатқаны, анамның үй жанындағы ағаш саясында отырып қалған сәті әлі көз алдымда. Оның көздерінде қайғы мен шарасыздық тұнып тұрды, әрі айы-күні жетіп отырған болатын. Сол сәтте жанына бауырым Илья келіп, жетектеп үйге кіргізді, төсегіне жатқызды. Ал таңға жақын сіңлім Александра дүниеге келді. Ол түні әкем ұзап кете алмады. Әйелінің босанатын уақыты жақын екенін білетін. Аяған болар, қайтып келді.

Анам балаларын ессіз жақсы көрді, ал әкемнің жанына ақиқат жақынырақ еді. Тағы бір жолы әкем: «Мен мынадай байлықта, баршылықта өмір сүре алмаймын. Өзім дұрыс емес санайтын тәсілмен балаларды тәрбиелей алмаймын. Маған енді үйге де, жерге де иелік ету керек емес. Бұлай өмір сүру – мен үшін нағыз тозақтың өзі. Сондықтан мен кетемін, өмірімді өзгерту үшін кетемін. Барлық байлығымды таратамын да, шаруалар секілді өз еңбегіммен күн көремін», – деді. Анам болса: «Сен кетсең, мен өзімді өлтіремін, сенсіз қалай өмір сүремін? Өмір сүру тәсілін өзгертуге келсек, оған да шамам келмейді. Бақытты өмірімізді құртудың не қажеті бар?» – деп жауап берді. Екеуі тағы да келісімге келе алмады. Бірақ бұл тақырыпқа жоламайтын болды. Бірақ екеуінің бір-біріне деген махаббаты еш кемімеді, қайта осындай қиындықтардан кейін беки түскендей болды. Екеуі екі жақта болған кездері бір-біріне сағынышты хаттар жазып тұрды. Анам әкемнің жазбаларын көшіруді қайта бастады. Осы кезде әкем балаларымен де түсіністік тапқандай болды. Сіңлім Маша әкемнің жолын қуып, қайырымдылық істерін қолға алғанда бар-жоғы 14-те болатын. Оны үнемі біреулерге қамқор болып жүрген күйде көретінмін. Ясная Полянада жүргенінде ауруларға қарады, балаларды оқытты, кедей-кепшіктерді тамақтандырды. Мәскеуге келсе, ауруханаларды аралап, ерікті түрде мейірбикелік қызметтерді атқаратын. Анам Машаның денсаулығына зиян келер деп уайымдаса, әкем оның еңбекке деген ықыласы үшін өте бақытты еді. Бұл жылдары әкемнің қуанышына орай екі тілегі орындалды. Ол өзінің иелігіндегі жекеменшігінің бәрінен бас тартты және шығармаларын ортақ қолданысқа беретін болды. Тек 1880 жылға дейін жазылған шығармаларының авторлық құқығын әйеліне қалдырды. Ал жерін онға бөліп, балалары мен әйеліне бөліп берді. Және анам біздің, яғни балаларының шаруалармен бірге жұмыс істеуіне рұқсат берді. Бұл әкем үшін үлкен жеңіс еді. Таңертең сіңлілеріммен бірге бір-бір тырмадан алып, шөпке баратын едік. Ал әкем ұлдарымен таңғы төрттен шөп шабуға кететін. Біз шаруалардың пайдасына жұмыс істедік. Түсте жұмыс тоқтап, шаруалар балалары үйден әкелген аспен тамақтанатын. Бізге тамақты ең кенжеміз Александра таситын. Кешке көңілді түрде әрі әндетіп үйге қайтып бара жататынбыз. Әкем жаз бойы өзі жанындай жақсы көретін қарапайым халықтың арасында болды. Ал қыста жазуға отырып жүрді. Ол кездері әкемнің оқушылары да көбейді.

1895 жылы анамның мінезіне әсер еткен үлкен оқиға болды. Ең кенжеміз жеті жасар Ваня қайтыс болды. Осыдан кейін-ақ анам есін жия алмады. Өзімен-өзі, дел-сал күйде жүретін болды. Ал әкем жан дүниесінде өзімен күрес жүргізіп жатыр еді. Белгісіз бір сұрақтарға жауап іздеді, өмірінің өзгеруінен үміт етті. Ұлдары өз беттерімен өмір сүріп жатты, Маша екеуміз тұрмысқа шығып кеттік, кенже сіңліміз Александра жас еді. Әкем жалғыздықты әбден сезінді. 1909 жылдың жазында Сашадан «Яснаяға тез жет» деген жеделхат келді. Барсам, анам төсек тартып ауырып жатыр екен. Әкемнің дәрігерінің өзін улағысы келіп, бір ұнтақты қинап ішкізгенін айтты. Мен оны әрең тыныштандырдым. Әкемнің жазбаларын көшіруге Чертков көмекші тағайындапты. Анама бұл тіпті ауыр тиді, өзін керексіз жандай сезінді. Әкем бұл кездері анамның ауырғанын түсініп, оған аяушылықпен қарайды. Қанша кеткісі келсе де, бір жағынан аяп, екінші жағынан жақсы көретінін мойындап, кете алмайды. Ал анам болса, әкемді аңдып, қайда барса да артынан қалмай, қағаздарын ақтарып, бірдеңелерді іздеп жүреді. Ақыры әкем кететін болып шешім қабылдайды да, 27-сінен 28-іне қараған түні кетіп тынады. Маған сіңлім Сашадан жеделхат келді де, бірден Яснаяға келдім. 28 қазан күні таңертең анама әкемнің қалдырған хатын тапсырғанда, үйден қашып шығып, өзін суға тастамаққа ұмтылған. Одан кейін де бірнеше рет өзін-өзі өлтірмек болады, бірақ балаларының қадағалауымен ол ойын іске асыра алмады. Бәріміз әкемізге хат жаздық, тек 1910 жылдың 31 қазанында жауап алдық. Әкемнің қайда екенін тек Александра білді, бізге айтпай, өзі әкеме кетті. Анам әкеме қауіп төніп тұрғанын айта берді де, оған психиатр шақырттық. Александра кеткеннен кейін бірнеше күннен соң Чертковтың үйінде тұрып жатқан әкемнің соңғы хатшысы Булгаков маған әкемнің ауырып жатқанын жеткізді. Бірақ Чертковтың тапсырмасымен қайда екенін айтпады. Оны естіп біздің әбден есіміз шықты. Бір жанашыр табылып, белгісіз біреу салған жеделхаттан әкемнің Астаповода екенін білдік те, бірден жолға шықтық. Әкеммен ағам Сережа екеуміз кездестік. Ал анамды жолықтырмадық. Ол біресе өзінің есі ауыспағанын, әкеммен кездескісі келетінін, біресе көргісі келмейтінін айтып, есі шығып жатты. Әкемнің аузынан: «Өмірде Лев Толстойдан басқа да қаншама адамдар бар, ал сендер жалғыз Левке қарап отырсыңдар», – деген соңғы сөзін естідім. Жаны шығардың алдында Сережаны шақырып: «Сережа! Мен ақиқатты жақсы көремін! Ақиқатты өте қатты жақсы көремін!» – депті. Әкемнің соңғы сөздері осы еді. Станция бастығының үйінде әкемнің жүрегі соғуын тоқтатты.

Анам әкемнен кейін тоғыз жыл өмір сүрді. Күйеуі секілді ол да өкпесіне суық тиіп, 1919 жылдың қарашасында қайтыс болды. Өмірінің соңғы жылдарында ол тынышталды. Айналасына өте мейірімді болды. Кіші ұлы мен күйеуі туралы айта беретін. «Оларға жақсы қарамағаным жанымды қинайды», – деуші еді.


«Аңыз Адам» журналынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар