Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.11.2021 3189

Тәуелсіздік хроникасы. 2009 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2009 жыл - adebiportal.kz

2009 жылдың рухани хроникасы

10 наурыз. Мемлекет басшысы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Р. Манделл мен Э. Фелпсті қабылдады.

Кездесу барысында әлемдік экономиканың проблемалары мен жаһандық дағдарыстан шығудың перспективасы туралы пікір алмасулар болды. Қазақстан басшысының бірыңғай халықаралық валюта бірлігін құру қажеттігі туралы бастамасына үлкен көңіл бөлінді. Әңгімелесуші тараптар сондай-ақ 2010 жылы, сәуір айында өтетін «Үлкен жиырмалықтың» алдағы отырысының күн тәртібін талқылады.

Роберт Манделл – канадалық экономист. 1999 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған, оңтайландырылған валюта аймағының теориясын жасаушы. 1961 жылы бірқатар елдердің бірыңғай валютаның пайдасына ұлттық ақша белгісінен бас тарту мүмкіндігі мен тиімділігін теориялық жағынан дәлелдеп берген. Әрі бұл 1999 жылы Еуропалық экономикалық және валюталық одақтың құрылуына негіз болған.

Эдмунд Фелпс – америкалық экономист. 2006 жылы макроэкономикалық саясатта уақытаралық алмасуды талдағаны үшін Нобель сыйлығын алған. Соңғы уақыттары қаржы дағдарысы, қазыналық және бюджеттік күйзелістер мәселелерімен айналысады.

5 шілде. Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның концерті өтті. Концертке онымен бірге Виргиня Тола, әйгілі дирижер Ю. Кон, сондай-ақ Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі қатысты. Пласидо Доминго қазақстандық опера әншісі Нұржамал Пернебекқызы Үсенбаевамен бірге италиялық танымал «Non ti scordar di me» әнін орындады.

29 тамыз. Президент көрнекті кеңестік және ресейлік жазушы, ақын, қоғам қайраткері Михалков Сергей Владимировичтің қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

16 қыркүйек. Президент белгілі қазақстандық жазушы, этнограф әрі ғалым Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасына көңіл айту жеделхатын жолдап, 18-і қыркүйек күні Астана шаһарындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында өткен жазушы Ақселеу Сейдімбекпен қоштасу рәсіміне қатысты.

8 қазан. Астана қаласында Түркия Республикасының Тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші ашылды.

Ататүрік – адамзат тарихындағы өз халқы мен өз елін бөлінушіліктен құтқарған, түрік мемлекетін сақтай отырып, оны жаңа даму деңгейіне алып шыққан көшбасы ретінде тарихта қалған тұлға.

13 қазан. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне және Қаныш Имантайұлы Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық Техникалық университеттерінің 75 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шара болып өтті.

21 қараша. Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында А.В. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Алматы хореография училищесінің оқушылары мен түлектері П.И. Чайковский, И. Штраус, К. Сен-Санс, Дәулеткерей, Ф. Шопен, Ф. Гайдн және өзге де композиторлардың шығармалары бойынша хореографиялық туындыларды орындады.

23 қараша. Қазақ киносының іргетасын қалаушы Шәкен Айманов атындағы ұлттық киностудиясында «Алтын жауынгер», «Махаббаттың тәлкегі», «Қисынсыз махаббат», «Бәйтерек», «Қарғу», «Арман-қала», «Астана махаббатым менің» секілді бірқатар жаңа кино-жобалардың көрсетілімі болды.

5 желтоқсан. Астана қаласындағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жазушы, көп жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор, XIII шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы тәрізді саяси және мемлекеттік қызметтерде абыройлы еңбек еткен Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.

Кеште Әбіш Кекілбаев мемлекетке сіңірген ересен еңбегі, мәдениет пен әдебиетке қосқан айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Еңбек Ері» жоғары атағына ие болды.

15 желтоқсан. Ақын Фариза Оңғарсыноваға I дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.

2009 жылы өзіндік сүрлеу салып, ұлт өнерінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар мен әнші-сазгерлер елуге толды. Олардың ішінде жазушы Мұқаш Құлтөлеу Ахметжан Қайбарұлы, ақын Ерік Асқаров, Сәуле Досжан, Бақытжан Мұхтарханқызы, өте сирек кездесетін контратенор сарынды, опера әншісі Ерік Құрманғалиев, театр режиссері Мұрат Ахманов, күйші Құттыгерей Дүйсеев, суретші Ділдабай Кемешев, сазгер Әділ Бестібаевтар бар.

2009 жылы ақын Әбділдә Тәжібаев пен Қазақ КСР халық әртісі, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің жүз жылдығы атап өтілді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар