Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Айжарық Сұлтанқожа. Ескі үйдегі телефон...

22.08.2024 1342

Айжарық Сұлтанқожа. Ескі үйдегі телефон 14+

Айжарық Сұлтанқожа. Ескі үйдегі телефон - adebiportal.kz

«Ескі үйдегі телефон» 

Бұл тапшылық болар, әніңе сенің,

Тағдырым қайта кереңдік танытып.

Жақсы болды ғой әлі де сенің,

Саусағыңменен сандарды ағытып,

Шеңберге дұға үйретпейтінің.

 

Көне байланыс құралы жалыққан,

Мұнда және жиһаздар бар меңіреу.

Мақтау естімей жүрген жарықтан

– Фамилияңыз кім? - деді ме біреу,

Шаң басқан тұтқаның арғы жағынан.

'Өлілер диспетчері жұмысында'

– Басқа кімді шақырайын сіз сағынған?

– Байланыс нөмірін айтсаңыз,- деді.

Сіз ұмытып үлгермегендердің бәрі осында,

Мен қайдан білейін бір жағынан.

Бір жағынан мен неге білмеймін расында?

Олардың сандары менің ішімде.

Өлілердің байланыс нөмірі,

Тірілердің сүйектерінде жазылған.

 

Дегенмен

алло, естисің бе? 

Бұл тапшылық болар әніңе сенің,

Тағдырым саған кереңдік танытып.

Жақсы болмады ендігі сенің,

Сандарды ағытып,

Байланысқа шықпайтының, әке.

*** 

сен байқайсың ба? 

 

күздің ішінде тағы бір күз барын. 

және жапырақтар мен кофенің бұл әңгімеге 

дым қатысы жоқ. 

 

мәселе тіпті күз деген сөзде емес. 

мәселе кеңістікте. 

жылдар өткен сайын немен толтыратыныңды білмейтін 

бос кеңістікте. 

 

Жасампаздықты жырламақ болған оркестр – 

саябақта жиналамыз деп келісіп, 

жалғыз барабан ғана келгендей бұл жолы. 

қалған аспаптар жыл өткен сайын 

сенің өміріңде болмаяқ қойсақ ештеңе етпес деп шешкендей. 

 

сезімге мәрт мезгілдер 

жастықтың иелігінен қашықтай түскен сайын 

хаттарыңды жауапсыз қалдыруды орынды санай ма... 

 

енді осылай, 

барабанның қайталана беретін ырғақтарын 

күнтізбеге жаттатып қойып, 

өзің... шетте 

аса бір қуанышсыз 

билеп тұрсаң...

***

түннің дауысын бұрасаң

кінәмшіл ойлардан асырма

 

бүгін де

төсектің басында

тістелген алма мен

үстел шам қасында –

ғажайып шумақтар

 

алайда 

ертегі оқитын 

ешкім жоқ

 

ешкім жоқ 

расында 

 

сағаттар өтірік тық дейді 

уақыттың шындығын жасырған

 

ұйықтап кеткендер 

түсінде өзгені күтпейді

***

құбыламын.

күн көзін көргеннен

кешкі асқа отырғанша 

әлі біраз құбыламын. 

 

бәлкім бүгін бәрі баяу өтер, 

әлде керісінше. 

керісінше болуы әбден мүмкін. 

 

сағаттардың оған еш кінәсі жоқ та. 

тек өзімді әр сәттің жиегіне апарып 

құлата беретінім. 

 

осындай бір үздіксіз құздардардан құлау. 

 

шатырдың жиегінен үзілген қардай, 

әлде шәйге матырылған печеньенің сынып түсетіні секілді. сәттер қоштасып үлгермейді.

 

тек таңда ғана бірер сәт аялдауға болады. 

оның өзі, күн шыққанша.

***

сүйе алатын ба?

біріңді бірің 

күдіктеріңе байламай.

одан да мүмкін 

жағалау жартас жандарың 

арасы теңіз махаббат 

толқындар айтып қайталай 

сүйінсе қайтер? 

үміт еткендей 

жарыңнан емес жаныңнан 

сорыңнан емес бағыңнан.

екеуің бірге 

жүріп өткендей 

тым жақын емес 

тым алыс емес

пернелер сынды 

әуезін әркім сақтайтын.

сүйсе де қанша

шындығын бірақ 

шындығын бірақ сатпайтын.

*** 

артынан көктем келді. 

жауындары мен жап-жасыл жаңа есімін жаттап. 

бұлттардың арасынан шақырая төніп келді де сосын

тауларға тыныс беріп 

сәуірдің есігін ақырын ашып еді. 

сен күліп тұр екенсің. 

өз ішіңде. 

әлденені бүлдіріп қойғандай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар