Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
21 тамыз - ақындар күні...

21.08.2024 946

21 тамыз - ақындар күні 6+

21 тамыз - ақындар күні - adebiportal.kz

21 тамыз - халықаралық ақындар күні.  Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзетуге керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш", - деп алаштың ардақты тұлғасы Халел Досмұхамедұлы айтқанындай, ақындарға артылар сенім жүгі қай қоғамда да жеңіл болмаған.  Мерекелеріңіз құтты болсын, қауырсын қаламды қауым!

Ақын жайлы айтады, қызықты аңыз

Ақын жайлы айтады, қызықты аңыз,

Бірақ сен қызықпа, қыз!

Қызықпа, қыз!

Рас-ақ, біздер - патша!

Мұжық та - біз...

Түзік те – біз, түнерген бұзық та біз!

Ақындарға қызықпа,

Қызықпа, қыз!

Шынымен ақын жанын қалайсың ба?

Шыдайсың ба, шынымен талай сынға?

Ақын деген бірде қарт, бірде сәби,

Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?

Ілікпе, қыз,

Ақынның тұяғына.

Зымиян да осылар...

Зиялы да.

***

Ақынға

Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.

Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,

Жанбайтын жерде жаныппыз.

Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Білгендер білсін,

Білместер, мейлі білмесін.

Қолдасын мейлі, қорласын мейлі, күндесін.

Қара тастан да мейірім күткен ақынды.

Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін

Антейміз біздер,

Жеріміз біздің – халық-ты.

Халықсыз біздің антейлігіміз қауіпті.

...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,

Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты.

Мұқағали Мақатаев

Жүрегі ақындардың...

Ешкім де жеткізе алмас теңеп күшін,

Дүние-ай!

Сен дүбірлі емеспісің!

Бəріне де өтетін тебіреніп,

Жүрегі ақындардың

Емес бүтін...

Жатса да жыр толқындап, ағынға бай,

Өтеді жанбай менің

Бағым қалай?

Көз салсам Алатаудан –

Тəңіртауға,

Еседі бір сағыныш дамылдамай.

Жанымды мұншалықты орар мұңға,

Кештім мен қандай кінə,

Ар алдында?!

Армандап жүргенде Анам, туған жерін,

Кім білсін,

Сағыныштан жаралдым ба?!.

Əйтеуір өтті ғұмыр сағынышпен,

Сырт бүтін,

Сағынышпен жанып іштен.

Су да емес,

Сусын да емес,

Сағыныш-ау,

Тұндырып тұнығым да, қанып ішкен.

Жайым да жоқ біреуге бас ұрардай,

Жақын да жоқ мерейді асырардай.

Жақсы көрсін, ол үшін

Жек те көрсін,

Сағынышты өтермін,

Жасыра алмай!.

Марфуға Айтқожина

Ақындар

Мен білмеймін момын ба еді, өр ме еді,

Нәзік пе еді, алып па еді кеуделі, –

Адамзаттың ең алғашқы ақыны,

Ең алғашқы жырды жазған жердегі?

Әлденеден әуенденіп сыр, мұңы,

Аяқ асты тарғылданып нұрлы үні.

Адамзатқа ең алғашқы жырды айтқан,

Қай ендіктің, қай құрлықтың тұрғыны?

Өзге жұрттан көрінді ме ол бөтен,

Бақыт тілеп, шаттық тілеп елге тең?

Мұз ба, тас па, қола ма әлде дәуірі,

Алғашқы ақын қай дәуірлік болды екен?

Туса да ол қандай кезде, қай елде,

Болса да оның жағдайы өзге, жайы өзге.

Адамзаттың ең алғашқы ақыны,

Тұңғыш жырын жазған шығар әйелге.

Планетаның көші-қоны түзеліп,

Жүректердің тоңы жібіп, мұзы еріп,

Жер бетінде күндердің бір күнінде,

Дүниеде біткен кезде біз өліп,

Адам біткен уайым-қайғысыз жатса ойнап,

Олар-дағы ақылды алып, жақсы ойды ап,

Машиналар осы біздің өлеңнен,

Әлдеқайда артық өнер тапса ойлап,

Жырдың өзін азап қой деп жан шегер,

Осы өнерден аулақ қашса барша ел,

Жер бетінде күндердің бір күнінде,

Ақын адам керек болмай қалса егер,

Ұмытып та бара жатқан ол да атын,

Қаламын да жиі алмайтын қолға тым,

Сол кезде де жер бетінде қалса егер,

Қалса егер де жалғыз ақын, соңғы ақын,

«Керегі жоқ, керегі жоқ» дегенмен,

Сол қоштасып бара жатып өлеңмен,

Сол соңғы ақын ең соңғы сол өлеңін,

Әйелдерге арнарына сенем мен.

Жұматай Жақыпбаев

Ақындар мен ғасырлар

Бес ғасыр! Беу, бес жүз жыл!

Асыл бәрi.

Қойнына қанша қазына жасырмады.

Қолына қайта қонбас лашындары –

Қазақтың қайталанбас ғасырлары.

Бес ғасыр қуанышы, мұң-наласы, –

Елiмнiң елдiгiнiң жылнамасы.

Алқакөл-сұламадан аққан өлең,

Мейлi, құрғамасаң – құрғамашы.

Сабада сыздағанда сары қымыз,

Бөлiнсiн, тарихшы дос, – тағы ұйқыңыз.

Бес ғасыр ақындары жазған жырда

Жатыр ғой бес мың жылдық тарихымыз.

Қайсарлық қайнары бұл сарқылмаған,

Найзағай соған туыс жарқылдаған.

Махамбет тектен-текке басын берiп,

Қызғыш құс тектен-текке шарқ ұрмаған.

Ғасырдан ғасыр өткен зымыраған,

Бiрi озық дей алмаймын, бiрi надан.

Тарих та ұмытылып кетер едi,

Ақындар жiбере ме ғұмыры оған?

Жаманға жақсы сауыт болмас қорған,

Өлеңнен түзелiптi алжасқан жан.

Рахмет, адырнам мен алдаспаным,

Қобыз бен домбыраға жолдас болған.

Кiм өттi бес ғасырдың елегiнен,

Ұрпақтар тiлдесiп жүр керегiмен.

Қазiргi қабырғалы қалың ақын,

Оларға тең келер ме өлеңiмен.

Тең келсiн, тең келмесiн, түссiн асып,

Танылсын топжарғандар күш сынасып,

Аруағы ақындардың кездескенде

Тұрады сол бес ғасыр мысты басып!

Ұлықбек Есдәулетұлы

Ақындар мен батырдың асыменен...

Ақындар мен батырдың асыменен,

Қазақ жатыр ғаламға шашып өлең.

Поэзия –

Домалап бара жатыр –

Махамбеттің кесілген басыменен!

Кесілген бас –

Керегі оған әлі,

Домалайды көрсе оны одан әрі.

Хан Кененің басына кіріп алып,

Бір ғасырдай бірге олар домалады!

Жасындайын жыр көкте жарқылдасын,

Тәңірден де, пендеден тартынбасын:

Жерге қимай аспанға алып кетсін,

Мағжанның мұндағы алтын басын!

Неге оны аспанға алып кетті?!

Жерге қайта ойранын салып кепті:

Туды да енді сол Рух – Қасым болып,

Жасын болып…

Жарқ етіп–

Жанып кетті!

Жанып кетті…

Соғып тұр дауылы әлі.

Бұл өрт емес –

Атаңның аруағы!

Сол жасынның жұртында біздер жүрміз.

…Соңсоң, басың, әрине, ауырады…

Серік Ақсұңқарұлы

Ақындарды мен үш топқа бөлемін

Сүйкімді ақын шақтап алған көлемін,

Ала көйлек, гүлді көйлек көремін.

Шайырларды «әйел ақын»,

«жақсы ақын»

Және «өте жақсы ақын» деп бөлемін.

Әйел ақын келген кезде сүйкімді

Ішімізде ойнап кетер күй түрлі.

Бақ пен бақыт бұрқыратып әтірін

Жай кетпейді, бұзып кетер ұйқыңды.

Жақсы ақын мен өте жақсы ақыннан

Мың есе артық әйел ақын аһ ұрған.

Қандай ғажап сүю деген сұлуды

Адамзатты адастырған ақылдан.

Ал мен осы үш топқа да жатпаймын.

Басқаға емес тек өзіме шақ қайғым.

Ақын емес өлеңшімін жай ғана

Менен басқа көтеруге бұл атты

қарағым-ау, ешбір «ақын» батпайды.

Танакөз Толқынқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар