Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Төлен Қаупынбайұлы-Сайын Мұратбеков. Сең бұзылса, ...

21.02.2018 6687

Төлен Қаупынбайұлы-Сайын Мұратбеков. Сең бұзылса, сел жүрер

Төлен Қаупынбайұлы-Сайын Мұратбеков. Сең бұзылса, сел жүрер - adebiportal.kz

"Сарғайған парақтардан..." айдары бойынша жуықта ғана өмірден өткен белгілі жазушы, журналист Төлен Қаупынбайұлының ҚР Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Сайын Мұратбековпен жасаған сұхбаты жарияланып отыр ("Жұлдыз" журналының 1988 жылғы №7 саны. 163-174 беттер). Тек әдебиет туралы ғана емес, жастар тәрбиесі, халық шаруашылығын дамыту проблемалары т.б. мәселелерді қаузаған материалдан сол заманғы қаламгерлердің билік пен қоғам алдындағы зор беделі, миссиясы айқын танылғандай.

Қаламгерлеріміздің қоғамдық өмірімізге араласып, бүкіл ел болып қоғамдасып атқарып жатқан істердің алғы шебінен көрінуі, қалам қуатымен де, жалынды публицистикалық толғамдарымен де қайта құрудың өзекті мәселелерін қозғауға үн қосуы жаңа сипат алып отыр. Журнал тілшісі Төлен ҚАУПЫНБАЕВ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары Сайын МҰРАТБЕКОВКЕ жолығып, қайта құру бағытында атқарылып жатқан істер, әлі де болса мықтап назар аударуды, түбегейлі шұғылдануды қажетсініп отырған жұмыс шептері, басқа да әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі өзінің пайымдары мен ой-пікірлерін ортаға салуын өтініп, әңгімелескен болатын.

Тілші: Сайын Мұратбекұлы, Әңгімемізді Сіздің нақтылы бір сапарыңыздан бастасақ деймін. Яғни, Сіз үстіміздегі жылдың февраль айында Москвада болып, СССР Жазушылар одағының қазақ әдебиеті жөніндегі советінің мәжілісіне қатысып қайттыңыз, онда, демек, «80-жылдардағы қазақ әдебиеті: гуманизм проблемалары» деген тақырыптың таңдап алынуы тегін емес шығар?

С.Мұратбеков: Туған әдебиетімізбен бірге бауырлас халықтардың, тіпті шетел жұртшылығының көркем творчествосына зер салсаңыз, оның негізгі мақсат-мұратын аңғарып, айқын танымауыңыз мүмкін емес. Әдеби дүниелер қай тілде жазылып, қай тілде дүниеге келсін мейлі – оларға тән ортақ тақырып бар. Ол – гуманизм тақырыбы, былайша айтқанда, адамды сүю, оның адамгершілік қасиеттерін қастерлеп, құрметтеу, сөйтіп, ізгілікті ту ету. Міне, бұл – мәңгі көнермес, тек қаламгерлердің қайталанбас талант қуатымен өз дәуіріне лайық деңгейде игеріле беретін тақырып.

Мәжілісті РСФСР Жазушылар одағының секретары, СССР Жазушылар одағының қазақ әдебиеті жөніндегі советі председателінің орынбасары Валерий Поволяев ашты. Әдебиеттің қазіргі кезеңнің талаптарына байланысты атқаратын міндеттері, әдеби қауымның назарын аударған қилы-қилы жетістіктері ортаға салынды. Бұл ретте М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин шығармаларының өміршеңдігі, игі дәстүрлердің бүгінгі қаламгерлер шығармаларынан жалғастығын тауып отырғаны тілге тиек болды.

Тілші: Сіздің өзіңіз де ойыңызды ортаға салған шығарсыз?

С.Мұратбеков. Әрине, туған әдебиетіміз сөз болған жерде кім шет қала алады?! Әдебиетіміздің табыстары – біздің ортақ мерейіміз. Осы жерде мен мына бір нәрсені айта кетейін. Қазақ әдебиетіндегі шығармалардың басым көпшілігі тарихи тақырыпқа жазылған деген пікір орнығып келген еді. Шындығында солай ма? Үзілді-кесілді мұндай тұжырым жасауға мүлде болмайды. Оған дүниеге келген туындылардың өзі-ақ дәлел. Қалай десек те бүгінгі өмірімізді, замана келбетін бейнелеуге арналған шығармалар көбірек жазылғанына куә боламыз. Демек, мұның өзі бүгінгі күн тақырыбы әдебиетіміздің жетекші тақырыбы болып келе жатқанына дәлел.

Бұл жердегі сөздің салмағы «сын – шын болсын, шын – сын болсын» деп ұлы жазушымыз М. Әуезов айтқандай, сыншыларға түседі. Біз тарихи тақырыпты қалай игердік? Жетістігіміз қайсы, кемшілігіміз неде? Мұндай сұрақтарға толымды жауапты ең алдымен білікті сыншыларымыз беруге тиісті еді. Әзірге жабулы қазан жабуымен келе жатыр. Тоқырау жылдарында «көрпесі қалың жабылған» нәрсенің бірі осы.

Бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармалардың аясы кең, орындалу стильдері де әртүрлі боп көрінеді маған. Бояулары да қанық. Сәтті жазылған шығарма қашанда табыс, қашанда жаңалық. Өз замандастарының тіршілік-тынысы, адамгершілік парызды өтеуі, ізгілігі мен қайырымдылығы кім-кімді де ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Бұл жерден әдебиеттің жасампаздық күші келіп шығады, оның өз миссиясын қалай өтейтіндігіне бойлай түсеміз, «Адам тану ғылымының» бұл бір тамаша қасиеті болса керек.

Әлгінде мен қалай болған күнде де бүгінгі заман (оның өзі де өткен күндермен, болашақпен шексіз байланысып жатқан сиқыр нәрсе ғой!) тақырыбына жазылған шығармалардың мойны озық тұрғанын, оның көбірек оқылатынын әңгімелеген едім. Ә.Нұршайықовтың, Қ.Исабаевтың, С.Бақбергеновтың, С.Шаймерденовтың, Ә.Әлімжановтың шығармалары қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Оның бергі жағында Ә.Тарази, С.Жүнісов, Б.Тоғысбаев, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов, Қ.Жұмаділов, Ш.Құмарова, О.Сәрсенбаев, О.Бөкеев, Д.Досжанов, Т.Әбдіков, С.Сматаев, А.Жақсыбаев, Д.Исабеков, Б.Мұқаев, С.Елубаев сынды бояу-нақышы ешкімге ұқсамайтын, өз қолтаңбалары жеке-дара танылатын қаламгерлеріміздің шығармалары бүгінгі күн тақырыбын толғауға арналған. Қазіргі заман шындығы бейнеленген шығармаларды өзім айтып отырған жазушылардың туындыларынсыз көзге елестету мүмкін емес. Өкініштісі, осындай өнімді жазушыларымыздың бірқатарының творчествосы лайықты бағасын алмай келеді. Аналитикалық. синтетикалық талдау, барын барынша қадағалап айту жағы жетіспей-ақ келеді. Творчество адамының жетістігімен бірге кемшін жатқан жерлерін тап басып, әділ көрсету – мәдениеттіліктің, өскендіктің белгісі. «Өнер – халықтікі» деген дөп айтылған қағида бар емес пе? Сол секілді көркем әдебиет те барды бағалай білген байыпты бағаларға арқа сүйейді. Мәселенің сыртын емес, ішкі мән-маңызын саралау, ертеңгі мұраттармен сабақтастыра толғау-реалистік өнердің басты критерийі, міне, осы. Бұл тұста да сыншыларымызға, сыншы кадрларымызға үлкен міндет жүктеледі Олар, сыншыларымыз, бұл миссиясын білмейді деуден аулақпын, әрине. Бірақ, шындықтың аты – шындық. Жоқ нәрсені бар деу, жұмсартып айтқанда – қиянат, жағымсыз қылық болар еді. Менің пайымдауымша, сыншыларымыздың басым көпшілігіне творчестволық белсенділік, қарымдылық әділдік жетіспейді. Бұл жерде мен әдеби тіршілігіміздің неғұрлым күрделі, неғұрлым маңызды мәселелерін одақтық әдеби процестермен салыстыра қозғайтын қажырлылық пен біліктілікті айтып отырмын. Мұның өзі әдебиеттің көкжиегін аша түсетін қажеттілік болып отыр. Бұған керісінше. мынандай жәйттар көбірек байқалады: ол – сынның азусыздығы: бұрын айтылған ой-пікірлердің ықпалында, көлеңкесінде қалушылық, соны тұжырымдардың тапшылығы; белгілі бір мәселені әдебиет мүддесіне сәйкес өткір түрде қоя білмеу, жадағай, жалаң, жаттанды нәрселерге әуестік. Соның салдары болар, әдебиетіміздің ділгір проблемаларын сөэ еткен салмақты да сындарлы материалдар сирек жазылады. Бір салада, бір бағытта (өндірістік, яки болмаса ауыл өмірі дегендей) қалам тартып жүрген жазушылардыч творчествосы талданбайды, ал бұл мәселе сөз бола қалса, оған объективті баға берілмейді.

Біз өстіп «объективті баға берілмейді», «пікір-ойы жұтаң, жадағай мақалалар жиі жазылады» деген тәрізді пікірлерді айтуға әбден жаттығып әуес боп кеткенбіз. «Мынандай мәселені тыңынан толғауға пәлен деген авторың (әрине, бұл профессионал сыншыға қатысты сөз) өресі жетпеді». немесе «пәлен деген автор бұдан бұрын бұл мәселені сөз еткен қаламгердің пікірін нақпа-нақ қайталап отыр» деп бүлкектетпей, ой-пікірді ашық айтуға қалыптанбай-ақ келеміз.

Өз басым жас сыншылардың ойы мейлінше өткір, (жаттанды пікірге, құлаш-құлаш цитаталарды көшіріп алуға үйірсектікті емес), азулы, тұжырымдарының дәл, оның, көкейге қонымды болуын қалаймын. Әйтседе «әттегенайлар» оларда да жеткілікті. Дилетанттылық, барды қайталап айтып беру ешкімге де қол емес. Жас жазушы, жас сыншы дегеніміз әдебиеттің жаңа лебі, жаңа даусы, яғни оның жаңаша дамуы деп түсінуіміз керек.

Тілші: 1988 жылы февраль айында болып өткен КПСС Орталық Комитетінің Пленумында бүкіл еліміз үшін де, халық шаруашылығын одан әрі дамытып, қайта құруды өрістету үшін де орасан зор маңызы бар мәселе қаралды. Пленум алға қойған міндеттердің қатарынан Сіз қандай мәселені алдымен айтар едіңіз?

С.Мұратбеков: Пленумда «Орта және жоғары мектепті қайта құру барысы және партияның оны жүзеге асыру жөніндегі міндеттері туралы» мәселе қаралды. Пленум материалдарында мәдениет пен адамгершілік тәрбиесі проблемаларына айрықша назар аударылды. Бұл мәселе орынды әрі дер кезінде қойылып отыр. Неге десеңіз, тоқырау кезеңінде – даңғаза мен даурықпаға үйірсектіктен, жалаң цифрлар мен процент көрсеткіштерін нысанаға алып, бұйрықшыл-әкімшілдік басқышыққа үйреніп қана қоймай, бой алдырғандықтан да, уақыт сынынан өткен игі нәрселерді елемей, немкеттілікпен қарау етек ала бастаған еді. Бұл саладағы – кәдімгі адамның арымен, білім-білігімен сараланатын көптеген жұмыстар, несін айтасыз, бетімен жіберілді. Аудандарды, колхоз-совхоз орталығын аралаған мезетте адамдардың мәдениетіне назар салып, жылт еткен жақсылықтарын көргіміз келетіні рас. Көптеген селоларда дүңгіреген мәдениет үйлері, еңселі клубтар бар. Зәуімен бас сұға қалсаң, осы мәдениет ошақтарынан село адамдарын кездестіре бермейсің. Мен жұмыстың қызатын шағын айтып тұрған жоқпын. Жұмыстың толастаған сәтінде, кешкілік мезгілде мәдениет ошақтарының науқаны жүріп беруге тиісті емес пе?

Ауыл-село мәдениетін жақсарту, оның нысаналы қызметін айқындау – республика интеллигеттерінің, баспасөз қызметкерлерінің мықтап атсалысатын жұмысы тәрізді. Өйткені, шаруашылық экономикасы мен село тұрғындарының мәдени-тұрмысы қабыспайынша, мәдениеттің әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал етпейтініне сөз бен істің алшақтығына осы бір буыннан да анық көз жеткізуге болады.

КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары М.С.Горбачевтің осы Пленумда сөйлеген сөзінде қоғамымызды жаңартып, жағымсыз нәрселерден тазарту, әрбір адамның ар-ожданына жаңаша серпін беріп, оята білу мәдениеттегі, адамгершілік тәрбиесіндегі табыстарымызға келіп тірелетіні атап көрсетілді. Біздің көп ұлтты әдебиетіміз бен өнеріміздің мерейі осынау партиялық, мемлекеттік, халықтық іске қосқан үлесімен танылады. Адамдардың ескі дағдылардан, басшылықтың бюрократтық стилінің тікелей нәтижелері енжарлықтан, сұрқайлық пен талғамсыздықтан, жаттандылыққа бойұсынушылықтан арылуы бірден оңайға түспейді. Бұған ерік-жігердің күші, мәдени, рухани ықпал көмекке келу керек.

Сонымен бірге, партиямыз социализм дегеніміз инициативалы адамдар қоғамы екенін, инициативасыз, творчестволық құлшыныссыз ешқандай да ілгері басу мүмкін емес екенін де ашық айтып отыр.

Біз қазір қайта құрудың екінші кезеңіне аяқ басып отырмыз. Игілікті істерге, алғы кезекте қолға алынып жатқан жұмыстарға қуанасың. Еңбек адамының (әдеби қаһармандар да солар ғой!) жариялылық, демократия орнығып жатқан кезеңдегі сілкіністері шынында ғаламат! Бұл – біреулерге, әлгінде айтқанымдай, қуаныш, біреулерге – үрей. Қуанышы сол – ел жаңарады, қоғам жаңарады. Экономика дамып, мәдениетіміз өседі. Еңбек адамының алды қашанда жарық, болашағы жарқын.

Ал үрей болатыны – орын алған, қоғамға, мәдени-рухани дамуға тұсау болған заңсыздықтар бар, қастерлі заңымызды бұрмалап, кінәсіз адамдарға тоғышарлық мүддемен, кеудемсоқтықпен күйе жаққандар бар. Оның тамыры тереңде жатыр. Жеке адамға табынушылық жылдарында, одан берегіректегі тоқырау белеңдерінде тамыр тартып, қанат жайған залалды да зардапты нәрсемен күресу тіпті де оңай болмайды. Оған қарсы бүкіл қауым болып, халық болып күресуіміз керек, демократияны тереңдете беруіміз керек. Тоқыраудың көзін шұқып алатын материалдарды оқып отырып, заңсыздықтарға жол берген неше түрлі құйтұрқы әрекеттерді естіп отырып, осы бір жүрек суылдатқан сұмдықты қалай бастан кешкенбіз деп те қапаланасың.

Әзірге бірен-саран жазылған очерктер мен публицистикалық мақалалар болмаса, тоқыраудың кеселді зардаптарын сөз еткен көркем шығармалар жазыла қойған жоқ. Жазушының, көркем сөз шеберлерінің қоғам бойына дарыған келеңсіз құбылыстарды ең әуелі ой елегінен өткізіп, өз тұрғысы- нан оған баға беруі, іш қазанында әбден қайнатып алуы да заңды. Белгілі бір кезеңдегі қоғамдық өмірдің нормасына айналып, өмір сүрудің бірден- бір өлшемі деп, тізгін ұстаған адамның бетін қақпай, бас шұлғып келгеннің бәрінің быт-шыты шығып тұр емес пе?

Бұл – ауыр хал.

Иә, өткендегі оралымсыздықтардан, коньюнктуралық жылтырақ нәрселердің толқынынан құтылу, одан іргені аулақ салу оңай болмайды. Бұл үшін шын мәніндегі революциялық қажырлылық, табандылық керек. Психологиялық тосқауылдардан халық қанына сіңе бастаған, өміріміздің нормасына айнала бастаған жариялылық, демократия ғана шығарады.

Өмірге батыл, жасқанбай, тайсалмай қарау үшін, жазушылар, біздер әдеби өмірге де толық шындық көзімен қарауымыз керек, сондай көзбен қарауға тәрбиеленуіміз керек.

Қоғам өмірінде, әлеуметтік салада кемшіліктер бар екен, демек әдеби шаруашылығымыз да мінсіз емес. Әдеби процестегі, көркем туындыларға тән кемшіліктер дегенде бірқатар шығармалар көркемдік талаптарға жауап бермейтінін, олардың халық өмірінен алыс жатқандығын, эстетикалық қуаты әлсіз, солғын жазылғандығын, идеялық мазмұны төмен екендігін ең алдымен қадап айтар едім. Мұның негізгі аты – халықтың шынайы өмірін білмеу, білген күнде соны игере алатын қаламгерлік таланттың жоқтығы. Жазушыда осы екі қасиет те бар делік. Енді жетіспей тұрған не нәрсе? Ол – өзіне-өзі қатаң талап қоюшылық, жазушылық және қоғамдық жауапкершілік. Осы үш қасиет берік тұтасып, одақ құрмаған жерде халтураға есіғ ашылады. Сондықтан, сарабдал адамның салқынқандылығы керек. Ондайда қаламгер өзін де, өзгені де алдамайды. Көзі қарақты оқырман өзі жанындай жақсы көретін жазушысының алдамайтынына сенбеді. Себебі, оның шығармасы әлгі оқырманның жан серігіне, ақылшысына айналған, парасат иесіне айналған. Ал өмірде парықсыздық бар болғанымен, парасатсыздық жоқ. Парасат – ар-ожданмен, біліктілікпен, мәдениетпен, рухани қазыналармен байланысты ұғым. «Дүниені шынайы сұлулық сақтап қалады» демей ме Ф.Достоевский Әне, Парасаттың өлшемі!

Бұрын «жазушы» деген сөздің баламасы ақылшы, ерекше дарын иесі, парасаттылық, әділдік, дара тұлға деген сөздермен мәндес естілер еді. Өз басым мұны, жасырып қайтем, оны солай ұғынған болатынмын, солай ұғынып келгем де.

Қазір не көп – жазғыш көп, кітап шығарушылар көбейген. Мұны бір жағынан қоғамның интеллектуалдануының белгісі дегенімізбен, екінші жағынан – тоқыраудың тигізген салқыны да аз емес.

Дәлел келтірейін. Елуінші жылдар мен алпысыншы жылдардың бел ортасы десем болар, баспасөзде жарияланатын материалдар баурап алып, зердеге қона кетер еді. Көтеретін проблемасының актуальдылығымен, өткірлігімен, тілінің шұрайлығымен, шебер жазылуымен баурайтын. Мұндай материалдарды қаламының желі, айтар ойы бар халықтың қалың ортасынан келген, ешкімнің сүйемелдеп-демеуінсіз жоғары оқу орындарын өз қалауымен бітіретін нағыз талант иелері жазатын еді. Осы бір үрдіс жетпісінші жылдардың бел ортасынан былай қарай өз екпінін жоғалтып, жүрісінен жаңылып қалған тәрізді. Одақтық деңгейде көрініп жүрген, публицистиканың боранын соқтырып жүрген журналистердің қатары тіпті сиреп кетті. Неге? Қалай? Әлде публицистика өзінің рөлін атқарып болды ма? Жоқ, мүлде олан т алмаймыз. Қайта құру алға тартқан ұлан-асыр істер қажырлы сөзге, қуатты толғамдарға, экономиканы, әлеуметтік өмірді, саяси ахуалды бірдей саралайтын, миллиондарды бүгінгі күннің мұраттарын орындауға ұйыстыра білетін іскер сөзге ерекше зәрулік сезілмей қалып отырған жоқ.

Баспа орындарынан «повесть», «әңгіме» деген айдар тағылып құрғатпай шығып жатқан көпсөзділігімен қарын аштыратын кітаптардың көпшілігі суреткерлердің емес, әлгі жазғыштардың, сөйлем құрып, домдап дүние жасаушылардың тәсілін игергендердің (тіпті төселіп те алған!) еншісіне тиетінін жасырып керегі не? Осыған орай творчестволық ұйымдар болсын, баспа орындары болсын кітап шығаруға қойылатын талапты күшейте түсу керек.

Анығына келгенде, көркем шығарма жеке қаламгердің өнімі, соның ар-ожданынан туған, дүниеге келген нәрсе. Ал, баспа біздің жағдайда сол өнімді оқырманға, халыққа жеткізетін орын. Бұл жерде мен қолжазбаның басылымға тапсырылуы бар, оның пісіп-жетілуі бар, автордың сәтті еңбек етуіне қамқорлық жасап, көмектесуі бар, осы секілді ұшан-теңіз операцияны жүргізетін творчестволық одақ мүшелерінің әдебиетімізге жанашыр болуын қалар едім. Әлдеқандай бір себептермен бұра тарту, шамшылдық көрсету кім-кімге де залал, зиянды. Бұл жерде де жақсы шығарма – халық мұрасы деген бір ғана өлшемге тірелуіміз керек.

Шығарманың көтерген тақырыбына, әлеуметтік жүгіне, яки болмаса көркемдік қуатына байланысты шектеусіз, жылдар бойы жазылуы мүмкін ғой. Алдыңғы буын ағаларымыздың осы бір өнегесін де әдебиетке келетін толқын ешқашан ұмытпауға тиіс. Нағыз әдебиеттің кәсіпқойлықпен де, сөйлем құраудың тәсілін игеріп алған жазғыштықпен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ия, ия солай...

Мәселенің бұл жағын жете түсіне ме, әлде түсінбей ме, қайдам, әйтеуір күлді-көмеш дүниелерін баспаға ала жүгіретіндер саябырсымай келеді.

Бұған жел беретін, жебеп қоятындар, сөйтіп, халтураның отына май құятындар кімдер дейсіз ғой? Олар кейбір шолақ ойлы әкімдер, әйтеуір тізгін тартуға әлі жетсе болды – қоғамдық қызметін осындай мақсатқа пайдаланып, «қол ұшын беріп жіберуге» әзір тұратындар. Ол – жанашырына қол беру емес, мен айтар едім, халықтың бетіне күл шашу, халықтың киелі өнерін қорлау.

Қазір әдеби-көркем туындыларды басып шығару ісімен екі баспа шұғылданады. Тосқауыл қойылмағандықтан да «кітап жазғыштар» алма-кезек осы баспаларды жағалап жүріп, күні бұрын кезекке тұрып жүріп «туындыларын» тізімдетіп, қалайда жыл сайын кітап шығаруды кәсіпке айналдырған.

Мен баспада істеген адаммын. Соңдай «жазғыштардың» кітаптарын шығаруға мәжбүр болғам. Ал оларға тосқауыл болу қиынның қиыны. Өйткені, «адам жетектеген адам» деп марқұм Оспанхан Әубәкіров айтпақшы, олардың әрқайсысының артында жоғары жақтан бастап төменге дейін сіресіп тұрған «дәнекерлер», «жанашырлар» бар. Олар әдебиеттің мүддесін емес, кәсіпқойлықтың мүддесін алға тартады.

Ол – ол ма, әуелі Мемлекеттік сыйлықтың өзі де осы «жанашырлар» тұрғысынан ұсынылып, сол тұрғыдан берілетінге дейін жеттік.

Әдебиет – ардың ісі, адам жайындағы ғылым деп ауыз толтырып айтқанымызбен де іс жүзінде малтабарлық сауда-кәсіпке айналды. Осыдан келіп, ойланып-толғанып, өмірді зерттеп барып көркемдік деңгейі жоғары, жақсы ізденістерге таразы болар шығармалар жазудың орнына үстірт жазылған «түсік»туындылар қоздай бастады.

Кейіпкерлері жансыз, ақ пен қараға ғана боялған жасанды шығармалар кітап дүкендерінің сөресін қайыстыратын, ақы төлесең мойын бүрмайтын халге жеттік. Кітаптың өтпеуі, оқушысын таппауы, түптеп келгенде, қаламгерге сын. Соның салдарынан біз оқырманның сенімінен де айырыла бастадық. Бұған рәсуа болған еңбек шығындарын, мемлекеттің қаржысы мен қағаз өнімдерін қосыңыз. Жаныңыз ауырады. Тоқырау кезеңінің әдебиетке, мәдени өмірге, рухани әлемімізге келтірген бір зиян-залалы, міне, осы. К,айта құру дегенде біздің мойнымызда осындай індет жатқанын ұмытпауымыз керек.

Бүгінде әлгіндей өтпей жатқан шығармасымақтардың авторлары тіпті, үкімет, қоғам тарапынан атақ-дәрежеге ие болып, сый-сияпаттар алып, әдебиетіміздің «беделді» өкілі саналып отырса, бұл одан бетер өкінішті.

Қайта құрудың қазіргі кезеңінде сол «бедел» иелерімен істес, әріптес болудың өзі қандай қиын! Өкінішке қарай, оларды әкімшілік орындары қолдап-қорғап, шық түсірмей, қолпаштауы әлі де жалғасып келеді. Оны айтасыз, кейде сондай «беделдер» қайта құру дәуірінің нағыз белсенді өкілдері болып көрініп жүргенін қайтерсің. Тоқырау кезеңіндегі алған атақ-дәрежелері өздеріне әлі де аз көрініп, олқы соғатын сияқты.

Жас әдебиетке, талантты әдебиетке бұлардың тигізер зиян-кесірі әлі де кемге соқпайды. Тоқырау кезеңінде кітаптары іркіліссіз, бөгет-бөгесіндерсіз қалай тізбектеліп шығып келген болса, бүгінгі қайта құру жылдарында да сондай қарқынмен бума-бума боп шығып жатыр. Бұлар өзі жанкешті болады. Бір кездері басшы әкімдерді (бұйрықшыл-әкімшілдіктің отына май құйғандар) мақтап-марапаттап, сый-сыяпатқа ие болса, бүгінде сол өздері мақтаған басшы әкімдерді бірінші боп қаралап, шала жапсырып жалт беретіндер де солар болып отыр. Әдебиетке сондайлар әкелген екіжүзділік, жылпостық, жыпсымалық көп тұнығымызды лайлағаны, көленқесін түсіріп. зиянын тигізгені рас. Творчество цехында отырып, халық кәдесіне жарайтын татымды шығарма тудырудың орнына Одақтың творчестволық ынтымағын лайлау да мадақтау мен қолпаштаулардан кеуделеріне нан піскендердің дағдылы ісі екеніне таңырқаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Қалай десек те тышқан- тірліктің жолы – қысқа, алды – қараңғы. Мұны парасатты уақыттың өз дәлелдеп отыр.

Тілші: Сайын Мұратбекұлы, тоқырау жылдарында бір жағынан қолпаштауға арқа сүйеп, бір жағынан қағажу көрмей, ешқандай тосқауыл, шектеушілік қойылмағанын пайдаланып әдебиет ауылына келгендердің татымсыз шығармалар тасқынын көбейтіп жібергеніне зығырданыңыз қайнап отыр. На- шар шығарманы қоздататындар тек солар ғана ма?

С.Мұратбеков: Басқа да басқа, ал көркем әдебиетте «нашар шығар ма» деген ұғым сирек айтылуға тиісті. Неге десеңіз, әрбір кітаптың көтеретін өз жүгі, орындалу стилі, ерекшелігі болмай ма? Бұған орталық баспалардан, шетелдік басылымдар арқылы қолға тиген кітаптар арқылы көз жеткізіп жүрміз. Ал мен өз республикамызда басылатын дәм-татуы аз, сүреңсіз туындыларға қапалымын. Әдебиетте сан рет қозғалып жаттанды болған тақырыпты азғана өзгерістермен қайталай жазып және дарынсыз жазып мазмұндап шыққанда не ұтамыз? Шынайы талант қолынан шыққан шығарма да жанды нәрсе секілді, оның өзіндік тыныс-тіршілігі, өмір сүру ортасы болу керек. Мұнсыз шығарма – тұл.

Ғабит Мүсірепов айта беретін алыптар тобы әдебиетіміздің бір асқар белесі боп жатыр. Олар советтік әдебиетіміздің іргетасын қалады, қальыптастырды, нығайтты, дүниежүзілік озық әдебиеттер деңгейіне дейін көтеріп кетті. Олардың әрқайсысының соңында он бес-жиырма томнан әдеби мұра қалды. Бұл – біздің ұлттық ұшан-теңіз рухани байлығымыз, мол қазынамыз! Бізді олардың шығармаларының тамаша көркемдік қасиеттерімен қатар уақытпен үндестігі, заманалығы, танымдылығы, табиғилығы, ұлттық характерді кестелеу үрдістеріне қоса олардың ғаламат еңбекқорлығы сүйсіндірді.

Ал содан кейінгі жылдарда әдебиетке қадам басқан топтың маңдайына үрей, қауіп-қатер жазылған жеке адамға табынушылықтың зардаптарын бастарынан кешкен Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин секілді қарымды қаламгерлеріміз қапылыста үсік ұрғандай боп, кешеуілдеп келсе де соңдарына қаншама көп мұра қалдырып үлгірді.

Алпысыншы жылдардың басында әдебиетке келген толқынның өкілдері қазір де өндіре еңбек етіп жүр. Көп жәйларды айта білді, әлі де айтары ұрпақ. Бәлкім, әдебиетке тар жолмен, қиындықпен келгендіктен болар, көрген-түйгендері мол, әрқайсысының өзіне тән бағыт-бағдары бар жазушылар. Бұлар нені жазсақ екен деп қиналмайды, қалай жазсақ екен, оны не үшін жазуымыз керек деп қиналады, толғанады. Көркемдік кілтін іздеп шарқ ұрады.

Олар қазірдің өзінде төрт-бес томдық кітаптардың авторы. Мен өз басым осы замандастарымнан көп дүниелер күтем. Әдебиетімізді жаңа бір биік белеске көтереді деп сенемін. Өйткені, бұлардың қазіргі кемел шақтары, аяқ алыстары осыған дәлел бола алады. Қабдеш Жұмаділов қазірдің өзінде қалың-қалың төрт романның авторы. Шыңжаңдағы қазақ өмірінің неқилы қиян-кескі бел-белестері, тағдыр-талайы кең тыныспен, нағыз эпик жазушыға тән алыммен суреттеледі.

Болмаса, Сәкен Жүнісовтың Ақан сері туралы дилогиясын алайық. Бұл да бір ғасырға таяу қазақ өмірінің қым-қуыт тағдырын суреттейді. Ақан сері өмір кешкен уақыттың әлеуметтік, саяси, тұрмыстық, этнографиялық тірліктері қаншалықты кең, жан-жақты қамтылған! Жазушының араға біраз уақыт салып барып жазған «Заманай мен Аманай» атты көлемді шығармасы сол дилогияның жалғасы тәрізді оқылады. Еркіндік, бостандық жолында қандай бір қатерден тайсалмайтын талантты адамның бойындағы творчестволық мойымас қасиеттер жазушы шығармаларының алтын арқауы боп көрінеді.

Бүгінгі күн тақырыбына, әсіресе, соңғы жылдарда тереңдеп құлаш ұрған Ә.Тарази, Қ.Ысқақовтың қомақты романдары бұл жазушылардың алған тақырыптарына мықтап кіріскендерін, творчестволық шабыт үстінде екенін дәлелдейді. Біреуі – Қаратау бойының ұңғыл-шұңғылына, сол өлкеде болып жатқан ғаламат өзгерістерге, жаңарып-жаңғыруларға жіті үңілсе, екіншісі – Алтай өңірінің жарты ғасырлық тарихын баяндайды. Байқайсыз ба, бүгінгі күнді жазып отырған екі жазушы бірін-бірі қайталамайтын, біріне-бірі ұқсамайтын екі аймақтың тарихын жазып отыр. Екеуі де үлкен тақырып, арналы тақырыптар. Ең бастысы – сол өлкелерді өзгертуші, жаңартушы адамдардың кесек-кесек тағдырлары, өмір жолдары, қайталанбас мінез-құлықтары бар. Бұлар қазір үлкен жолдың үстінде.

Немесе бірде тарихи, бірде бүгінгі күннің тақырыптарына араласып жүрген С.Сматаевты, Д. Досжановты алайық. Бұлардың да айтарлары ауқымды, жазарлары бар жазушылар. Оны олар өздерінің шығармашылық еңбектерімен айқын дәлелдеп келеді.

Міне, өстіп қысқаша ғана тоқталып өткенде бұл ұрпақтың алымы мен қарымының кеңдігін аңғаруға әбден болады. Демек, бұлар творчестволық кемел жасқа келген, көркемдіктің жаңа көкжиектерін игеру жолында өсу, өрлеу биігіне көтеріліп бара жатқан жазушылар.

Және бұлардың қайсысын алып қарамаңыз, шығармалары эпикалық кең тынысты, көлемдері қандай қомақты болса, көтерер жүктері де соншалықты салмақты.

Өз басым әдебиетіміздің жаңа бір екпінмен кең тыныс алып жаңа биікке көтерілуін әзірге осы ұрпақпен байланыстырамын.

Бұл ұрпақтан кейін, әдебиетке жетпісінші жылдардың басында келген алды қырық, соңы отызға таяған ұрпақ және бар. Араларында бірлі-жарым нағыз талант иелері болғанымен бұлардың көпшілігі әдебиетке тоқырау кезеңінде жоғары да айтқанымдай, жеңіл жолмен, оншалықты қиындық көрмей келгендер. Жастарға қамқорлық деген ұранмен мерзімдік басылымдар мен баспалардың есіктері кең ашылып, алғашқы жазғандарының өзі сиясы кеппей жатып кітап боп басылып, мақтаумен жолы болып келе жатқандар. Жоғары оқу орындарын бітірер-бітірместен, өндірісте сыналмаған бұл топ «профессионал» жазушыға айналды. Оны айтасыз, әуелі жазар тақырыптарын, айтар ойларын анықтап, безбенге салмай жатып бірден кітап шығару науқанына кірісті де кетті. «Роман», «повесть», «әңгіме» деп айдар тағып бұрқыратып жазып жатқандарымен солардың көпшілігінің белгілі бір кенеулі, келісті тақырыбы жоқ. Жаңа шығарма оқығандай болмайсың. Жасандылық, басқа бір шығарманың вариациясы секілді нәрселер көп аңғарылады. Сөйлем құруды игерумен, белгілі бір желіге түсіп алып баяндаумен нағыз әде- биет жасауға тіпті де болмайды. Мұны творчестволық тоқырау, белгілі жәйтті күйттеу дегеніміз абзал.

Нағыз өмірден қуат алмаған шығарма қандай бір тапқырлық көрсетпе мейлі – жансыз, шалажансар дүние болады.

Кейде бұл ұрпақ өзімізше проблема көтеріп, соның шешуін таптық деуі де кәміл. Бәрібір ол өмірдің өзі алға тартқан проблема емес. Осы кесел прозаны қойып, драматургиялық шығармаға да ауысып бара жатқан тәрізді. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген. Бұл – зардапты кесел. Олай дейтініміз қазірде жылына жүзге жуық пьеса жазылатын көрінеді. Бұл – меніңше, сапасыздықпен қатар салмақсыздықтың да дәлелі. Ертеректе жылына бір пьеса дүниеге келсе – келетін, келмесе – үлкен әңгіме болатын. Ал терең толғаныстан туған, халық өмірін бейнелейтін пьесалардың сахнадағы өмірі де ұзақ болатын.

Қазір ше?

Тілші:?!

С.Мұратбеков: Қазір күлді-көмеш, шығарма емес, шығармасымақтар етек алған. Меніңше, ортақол дүниелердің жазылғанынан гөрі жазылмағаны әлдеқайда пайдалы. Бұл басқа талантты жазушылардың түпнұсқалы дүние тудыруына көп кедергі келтіреді.

Сонда жаман шығарма жазудан қаламгерді қандай күш құтқарады дейсіз ғой... Өз жазғанына автордың өзі көңілінің толмауы (самокритика), классиктер еңбегін үлгі тұту, әдебиетін ең қатал өлшемінен айнымау... ешқандай айнымау.. Бұған лауазым, мансапқорлық, шенқұмарлық... тағы да не қоссам екен... ешнәрсе де жүрмейді.

Әдебиет – ардың ісі! Көкейдегі қонымды сөз осы!..

Тілші: Сайын Мұратбекұлы, Сіз ауыл еңбеккерлерінің арасында жиі боласыз. Онда болып жатқан өзгерістер туралы айта кетсеңіз?

С.Мұратбеков: Қазір еңбек адамдары ненің тиімді, ненің тиімсіз екеніне ден қойып, оның мәнін түсіне бастады. Жер-жерде кооперативтер. мердігерлік және семьялық бригадалар құрылып, чектік жүйе енгізіле бастады. Мұның қай-қайсы да еңбек ақыны түпкі нәтиже бойынша төлеуді, өнімнің өзіндік құнын азайтып, шаруашылықтың тиімділігін арттыруды көздейді.

Ұзақ жылдар бойы еңбек адамының жұмысқа қабілеті, өнім өндірудегі шеберлігі, жаңашылдығы ескерілмей, оған ақы төлеген кезде, еңбегін бағалаған кезде теңгермешілдікке жол беріліп келгені белгілі. Қазіргі жаңаша ойлау, жаңаша әрекеттер ондай жағымпаз практикаға ендігі жерде жол бермейтін болды. Социализмнің «Әркімнен – қабілетіне қарай, әркімге – еңбегіне қарай» деген басты принципін орнықтыруға назар аударылып отыр. Қолға алынған істер серпінді де сергек жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелеріне көп кешікпей көз жеткізетін боламыз.

Колхоз, совхоздардың басшылары ауыстырылды. Демократия талаптарын орындайтын, ең негізгісі – шаруашылықты тұралатпай, басқара алатын іскер кадрлар, жетекшілер іске тұтқа болып, басшылық жасауда. Демек, алдағы уақытта шаруашылық жетекшілерін ғана емес, әдеби кейіпкерлердің тұлғасын да көретін боламыз. Ендігі жерде мына бір мәселені де мұқият ескеру керек сияқты. Яғни, бұрын кім институт бітіріп, диплом алып келсе және ол аудан басшыларына (жоғарыдағыларға) ұнаса, не туыстығы бар болса, соның жолы болып, басқару тізгінін қолына алып шыға келетін. Бұл – құптарлық практика емес еді. Мұның өзі жағымпаздықты, жарымсақтауды тудырады. Жағымпаз басшы ешқашан әділ болмайды, өйткені ол – біреудін қолшоқпары, соның дегенін істейді, ықпалынан шықпайды. Қазір көп жерлерде еңбеккерлер өз басшыларын өздері сайлап алуда. Ал сайланатын, сенімге ие болатын адам өзінің болашақта атқаратын жұмыстары, жүзеге асыратын істері туралы есеп береді. Бұл – мәселенің бір жағы. Ал екінші жағы – әлгі басшы сыртқы ортаны қорғау жұмыстарын тиімді жүргізе ала ма? Өйткені, экологиялық тәрбие алғы кезекке шығып отыр. Демек, жердің тілін таба білу, табиғи ресурстарды қорғап, үнемді түрде кәдеге жарата білу. міне, мұның бәрі бірегей ұштасып жатыр.

Алматы облысындағы Қарқара жайлауы жердің шұрайлысы саналатын. Қалың қарағай қоршаған таулар, сай-сайдан сарқырап аққан өзендер қаншалықты жарасты, қаншалықты сәнді десеңші. Табиғаттың сондай көркем келбетіне мұндаға дейін қылау түспей, сұғанақ көзден сақталып келген еді. Процент қуған, лауазымға бой бұққан тоқырау кезеңінде қалың қыртыс «астық керек» деген желеумен сөгілді де тасталды. Ақыр аяғында не болды? Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылды. Жұзден астам неше түрлі гүл өсіп, мыңғырып тұратын Қарқара көркінен айырылды. Бұл жер жағдайын, табиғат ерекшелігін ескермеуден туған оспадарлық болатын. Жер жыртылып, егін салынғанмен, ол бір жыл піссе, бір жыл піспей қалың қардың астында қалыжүр. Осы біз «шаруақор», «малжанды» деген сөздерді, неліктен екенін кім білсін, сирек қолданатын боп жүрміз. Шаруаға ебі бар, оның қыры мен сы рын жақсы білетін, қиындыққа қарсы күні бұрын қам жасайтын адамды жалпақ қазақ тілімен шаруақор демейтін бе едік?! Ал малсақ, мал баласын күтіп-бағуға епті, жұғыса кететін адамды атам қазақ малжанды деп келген. Шаруашылықтың тұтқасын шаруақор, малжанды адамдарға бермейінше іс оңға баспақ емес.

Болмаса суды, тұщы суды алып қараңыз. Су тіршілік өзегі, өмір нәрі екені кім-кімге де белгілі. Бірақ, су көп екен, оның сұрауы жоқ екен деп рәсуа етіп, шашып-төгуге бола ма? Бізде суға деген құрмет қалыптаспай-ақ келеді. Өзен жағаларына бөтелке, қалбыр сынықтарын лақтыру соның дәлелі. Кейбір пысықайлардың жекеменшік машиналарын өзеннің арналарына әкеп тазалайтынын қайтерсің. Мұның бәрі барды бағаламау, есіл қазынаны шашып-төгу.

Қазір Арал мен Балқаш тағдыры үлкен проблема ретінде қойылып отыр. Бұл мәселені осыдан он, жиырма жыл бұрын қойып, жанашыр болсақ қайтер еді? Бұрын Балқаш-Іле алқабында ғана жеті жүзден астам өэен бар деп есептелген ғой. Қазір сол өзендердің бірсыпырасының суы мүлде тартылып, арналары құрғап қалған. Балқашқа Іле мен Қаратал өзендері ғана құяды. Тарбағатай сілеміне қар қалың жауғанда болмаса, Аякөздің суы Балқашқа жетпейді. Ал Тоқырау Балқашқа 1911 жылдан бері «қол ұшын» берген емес. Көрдіңіз бе, табиғат қалай-қалай өзгеріп барады. Ал адамдар суды шашып-төгіп жұмсауды тоқтатқан емес.

Шаруақорлық дегеннен шығады-ау, қала тірлігінен бір мойын босатып, ыстық топырағы табаныңды күйдірген ауылыңа барғанда өзің көрген нәрселерді іздейсің. Бірде өзімнің барып түсетін үйімнен айран сұрағаным бар. Жаз еді. Күн қапырық. Тіліміз ауызға сыймай, буып барады.

- Осы күнгі келіншектер сиыр сауатын ба еді? Әуелі айранның не екенін біле ме екен? -деді мосқал адам. - Бәрін ұмытқалы қашан?

- Сонда айранның не екенін білмей ме?

- Сиыр саумаса, бұзау байламаса, айранның не нәрсе екенін қайдан білсін.

Айран ішіп, сүт ішіп, қолдың дәміне тойып өскен бала қандай?!

Әлгі оқиға есіме түссе қатты қынжыламын.

Жеке меншікке мал ұстайтындарға көмек көрсетіп, жемшөппен қамту ісіне көңіл бөлініп жатыр. Ата кәсіптен қол үзгендерге жергілікті өкімет шара қолданса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мен Панфилов ауданындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхозда (Талдықорған облысы) ұдайы болып тұрамын. Мұның өзін колхоз өндірісінің алып комбинаты деуге болады. Жүгерішілердің еңбегімен ширек ғасырдан бері таныспын. Олардың жанқиярлық еңбегі, бір-біріне деген қалтқысыз көмегі, бауырмалдығы туралы әлденеше дүркін облыстық газетке мақалалар, очерктер жазғам.

Қайта құрудың қаһарманы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Никитич Головацкийді ауыл академигі деуге болады. Соңғы жылдары жазық далада бой көтерген Жасқала ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін, мұқтаждарын ескере отырып салынған.

Социалистік Еңбек Ері, «Еңбекші» совхозының (Талдықорған облысы) директоры Зылиқа Тамшыбаеваның өмір жолы да менің көз алдымда өтіп келеді. Ол елуінші жылдардың аяғында комсомол-жастардан сауыншылар бригадасын ұйымдастырды. Өзін еңбектен тапты. Ал еңбек оны өсірді.

Қайта құрудың қаһармандары қалай болу керек дегенде осындай өндіріс командирлері, еңбек озаттары көз алдымда тұрады.

Осылардың төңірегінде жүрген адамдар, олардың күнделікті айтыс-тартыстары, қым-қуыт тірліктері қаламгерді ойлантпай қоя ма?! Өзіме жақын, сыралғы тақырыптың ұрымтал тұстарының кілтін тапқандай болсам, тиіп-қашып жаэып та жүрмін. Ал жақсы шығарма асықпай-аптықпай, сарыла ізденудің жемісі ғой.

Тілші: Сайын Мұратбекұлы, қайта құру қаһармандары, өз замандастарыңыздың жақсы істері туралы сөз қозғаған мезетте олардың адамгершілік қасиеттеріне, тәрбиелі жандар екеніне де іш тартып, шынайы ілтипат білдіріп отырдыңыз. Демек, мұндай асыл қасиеттерді қалыптастыруда (дефицит дейміз бе?) мұғалімдер қауымының аз рөл атқармайтыны еске түсіп отыр.

С. Мұратбеков: Мен февраль айында өткен КПСС Орталық Комитеті Пленумының материалдарын ықыласпен оқып шықтым. М. С. Горбачев жолдастың сөзінде мынадай жолдар бар: «Мұғалім – қайта құрудағы аса маңызды тұлға. ол бізге сеніммен, жақсы да жалынды қолдау жасаса, қайта құру көптеген жаңа шынайы жақтаушылары мен күрескерлерін, революциялық социалистік істі жалғастырушыларды алады! Ал егер формальді қолдап селқос, бейтарап қалса ше? Ондай селқостықтың қандай әлеуметтік тоқырауға, қандай кері ағысқа айналуы мүмкін екенін кім болжай алады?» Көрдіңіз бе, халқымыз бен партиямыз мұғалімдерге қандай үміт аргып отырғанын?! Біздің «жақсы» немесе «жаман» деп жататын еңбегіміздің нәтижесі түптеп келгенде, мұғалім еккен «дәммен» өлшенеді. Адамды тәрбиелеу ата-анаға, жүрген ортасына, аралас-құралас адамдарға байланысты десек те, мұғалім тәрбиес оның бойындағы ізгі қасиеттер, қайырымдылық секілді өнеге-үлгілер әрн дайым еңселеніп тұрады. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз да тегін айтпаған.

Мұғалім әлемі – үлкен әлем, оны түсіну керек және сол әлемді қоғамымыздың күш-көмегімен байытып отыруымыз керек.

Толқын-толқын боп жас ұрпақ өсіп келеді. Ертеңгі күні олар талай кемел істер атқармақ. Ал болашағы сенімді болу үшін бүгінгі беретін білім, тәрбие толық болу керек. Оларға интернационалдық, патриоттық тәрбие беру ауадай қажет. Жастарды «оқып жатыр, өсіп жатыр» деп салғырт, енжар қарауға болмайтынына көзіміз жетіп отыр. Әр нәрсе назарда болсын, әр нәрсе мұғалім зердесімен, педагогика талаптарымен өлшеніп, бағалансын, міне, қазір міндет осылай қойылып отыр.

Істің тек шуақты жағын ғана көріп, процентті қуалап кете беруге бола ма? Ендеше, жағымсыз қылықтар жасауға негіз, түрткі болатын нәрселерге, сонымен бірге жағымсыз қылық жасауға әуесқойлыққа тіпті де көз жұмып қарауға болмайды. Түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге құмар болмағанымызбен, түймедей нәрседен түйедей нәрсе туатынын ешқашан ұмытпауымыз керек. «Ойыннан өрт шығады» деп бекер айтпаса керек.

Сонда деймін-ау, аяғын шалыс басып, жеңіл жүріс жолына түскендер жоқ емес, бар екен. Бұған кім кінәлі?

Біздер ата-аналар кінәліміз, Біздер, сол жағымсыз қылықтар жасауға жол берген адамдар, солармен аралас-құралас боп жүрген кісілер кінәліміз. Бұл арада ата-ананың, мектептің, жастар ұйымдарының тәрбие жұмыстарын жеткіліксіз ұйымдастыратыны тіпті, оны айтасыз, мән бермейтіні байқалады. Міне, мұның өзі атқаратын істің қомақты екенін көрсетеді.

КПСС Орталық Комтетінің орта және жоғары мектептегі қайта құрудың барысын арнайы қарауын біздің еліміздің болашағына, оның іркіліссіз дамуына қамқорлықтың көрінісі деп бағалауымыз керек.

Бүгінгі жастардың жүріс-тұрысындағы жағымсыз қылықтар - кім істесе де бетке шіркеу емес пе – бойға да сыймайтынын, ойға да сыймайтынын көрген кезде баршылық замандағы тәлім-тәрбиенің кем соғып жататынына қынжыласың. Сондықтан да бүгінгі күннің өзіне лайық, биік талаптарға сай тәрбие беру бүкілхалықтық іс болып отыр. Қаламгерлер де дай маңызды істен шет қала алмайды.

Бүкпесіз айтқанда, қазіргі ұстаздар қауымы да бұрынғы қалып қалған ескі сүрлеуден шығып, батыл түрде жаңа жол іздеуі тиіс.

Ұстаз тәрбиесі, оның өнегесі, жүріс-тұрысы тек мектеп жасындағы үшін ғана емес, бәріміз үшін де үлкен сын, үлкен мектеп. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», «Ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі» деген мәтелдер де тәрбиелік мәнде айтылады, жақсы айтылады.

Бір кездері, әсіресе, соғыстан кейінгі жылдарда шаруашылық басшыларларының бірсыпырасы мұғалімдер болатын. Кейін елдегі күрт өзгерістерге байланысты басшылық басқа мамандық иелерінің қолына өтті де кетті. Ал мұғалімдер ондай жауапты жұмыстарға жіберілмейтін болды. Бұл да біржақтылық па деймін. Неге десеңіз, басшы ең әуелі тәрбиеші, білім-білігі мол парасат иесі болу керек. Қайта құру осыны талап етіп отырған жоқ па? Өнегесі жоқ, бұйрық берумен ғана шектелетін, «талап етіп отырмын» деген сылтаумен тайғанақтай беретін әкімсымақ кімге тұлға, кімге тұтқа?

Жалпы, ойланып-толғанатын мәселе аз емес.

Тілші: Сіздін, шығармаларыңызда қыз-келіншектердің бейнесі өте көп кездеседі. Мәселен Әлиман («Менің қарындасым»), Райгүл («Райгүл»), Қамар («Жеңеше»), Нәзира («Жабайы алма»), тағы басқалар. Себебін айта кетпейсіз бе?

С.Мұратбеков: Бұл менің өміріме қатысты нәрсе. Соғыс жылдарында өстім, ауылда өстім. Бұл бір дос түгілі дұшпаныңа тілемейтін қиын кез еді. Ер-азаматтар түгел майданда. Ауылда тек әйелдер ғана қалды. Бас болатындар – солар, қандай жұмыс бар ауылда – солардың мойнында. Бір ғажабы, біреуге біреу ренжіп, «бұл менің істейтін жұмысым емес» деп кежегесі кейін тартып жүрген жанды көрмейсің. Жұдырықтай жұмылып егін орағына, қырманға, шөп шабуға, күрпілдетіп сиыр саууға кетіп бара жатады. Ешқашан шаршап-шалдығуды білмейтін. Түннің бір уағында үйге келгеннен кейін де тыным таппайтын. Сығырайған май шамның жарығында әскерге жіберу үшін шұлық тоқитын, балаларының үстін жөргеп, бүтіндейтін. Тіпті қай кезде көздерінің шырымын алатынын білмейсің. Демек, мен әйелдер, апалар арасында тәрбиелендім. Көргенім сол болса, білгенім сол болса, қайтейін?! Менің шығармаларым – сол әжелерге, апаларға деген құрмет. Өмір-ұстазымның айтқандарынан, көкірегіме құйғандарынан қымбат не бар?!

Тілші: Еліміздің көрікті жерлерін, ірі-ірі қалаларын аралап көргеннен кейін, «бізде не бар, не жоқ» деп салыстырып, олқы тұстарымызға «неге бұлай?» деп қынжылатынымыз да табиғи емес пе?

С.Мұратбеков: Ойыңызды түсініп отырмын. Көп жүрсең – көп көресің. Өзіңіз айтқандай, ондайда салыстыратын нәрселер де аз болмайды. Мәселен, Москвада, Ленинградта болып, Киевті, Тбилисиді, Волгоградты, Туланы аралаған кезде көзің ашылып, дүниеге жаңа келгендей боласың. Неше түрлі ғимараттар – тарихтың туындысы емес пе – сиқырына тартып жүре береді. Менің айтайын дегенім бұл емес, әрине. Сол қала тұрғындарының аналарды мәңгі құрметтеп, аналарға ескерткіштер қоя білетініне назар аударғым келіп отыр.

Біздің халқымыз да аналарды құрметтей білген. Фольклорлық шығармалар мен прозалық, поэзиялық туындылардағы келісті сомдалған аналарды алыңыз. Аналарды құрметтеп, аналарды асқақ көтерген, оның ұмытылмастай образы жасалған музыкалық шығармалар да, әндер де аз емес. Енді бұл жердегі өкпе қала басшыларына, қыл қалам шеберлеріне айтылғалы отыр. Тарихтың талай қатерлі асуларынан өткен, социалистік құрылыстың қаһармандарына айналған қазақ әйелдерінің жиынтық образын неге жасауға болмайды? Мұндай жиынтық мүсіндер Ташкент, Фрунзе, Минск, тағы басқа қалаларда аз емес. Әлгіндей бейнелерді көргенде Ана құдіретіне бас иіп, тағзым етесің.

Республикамыздың бірде-бір қаласынан ұрпаққа үлгі етерлік мұндай монументтерді көре алмай келеміз. Ана аты – ардақты. Сондықтан Мәдениет министрлігіндегі, Қазақстан Суретшілер одағындағы жастар мен Алматы қалалық халық депутаттары атқару комитеті бұл мәселені бірлесіп шешсе бұл бір игілікті іс болар еді.

Тілші: Кейбір жазушылардан социологиялық әдебиеттерді оқуға оншама құлқым соға бермейді деген сөздерді естіп қалып жүрміз. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?

С.Мұратбеков: Менің түсінігімде социология, экономика дегеніміз өмірдің өзі. Ел тірлігі, оның шаруашылығы, оның әлеуметтік жағдайы дегеніміз де бірімен-бірі кірігіп, тұтасып жатыр. Ендеше, адамның әлеуметтік ортасын, саяси ахуалын, күнбе-күнгі тұрмысын білмей, оны пайымдамай тұрып, қалай жазуға болады, қалай жазушы атанасың? Қаламгер екенсің – бүгінгі өмірді, халықтың өткенін де жақсы біл, рухани әлеміне өз кезеңінің көзімен қара, тереңірек, індете зертте, зейін сал. Әйтпесе, қалай болады? Айталық, кейіпкердің әлеуметтік ортасы бар, мамандыққа, тіршілікке қатысты әрекеттері бар. Оны иланымды, нанымды жазып, суреттеу үшін әлеуметтік жағдайын да жан-жақты жақсы білу керек.

Қазір қайта құру халықты тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Мәселе, мейлінше өткір, мейлінше актуальді, білдіңіз бе?

Тұрғын үй проблемасы біраз жылдан кейін шешілер де. Әңгіме онда емес. Бұл мәселе бүгін неге бұлай қойылып отыр? Оны шешуге тек құрылысшылар, я болмаса қала басшылары гана емес, социологтар, ғалымдар да қатысады. Мәселенің туу, орнығу себептерін анықтап, зерттейді. Ал мұның өзі қаламгердің білгендерін үстей түспесе, кемітпейді. Кейіпкер неге зәру, нені ол жек көреді, я жақсы көреді? Ортасы, айналасы, әсер еткен адамдар қандай еді?

Мен қазір данышпан жазушы Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» деген төрт томдық романын қайталап оқып отырмын. Кейіпкерлер өмірін қалай зерттеп, білді екен – соған назар салып, қадағалай оқып отырмын. Осы романды жазу үшін орыс тілінде де қыруар кітап оқып, еңбектенгеніне күмән келтірмеймін. Сондықтан да Толстой өз кейіпкерлерінің өмірін алақанға салғандай біліп отырып жазады.

Сондықтан, социологиялық әдебиеттерді өзім ұдайы оқып отырамын.

Тілші: Әңгімеңізге көп рахмет. Творчестволық жұмысыңыз жемісті болсын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар