Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Толқын-толқын жыр туар бізден кейін...

23.02.2024 1070

Толқын-толқын жыр туар бізден кейін 14+

Толқын-толқын жыр туар бізден кейін - adebiportal.kz

22 ақпан күні Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қани Арман Бақтанұлының туғанына 70 жыл толуына арналған республикалық «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. 

Биыл туғанына 70 жыл толған арқалы ақын, күрескер азамат Арман Қаниды еске алуға арналған мерейтойды, Павлодар облысының әкімдігі мен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесе ұйымдастырған еді.  

Сонымен «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» деп ат қойған Арман Қанидың рухына арналған кештің тізгінін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері ақын Дәулеткерей Кәпұлы ұстады.

Әуелгі сөзді Павлодар облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тауасқан Медет Алпысбайұлы алды. Медет Алпысбайұлы өз сөзінде Павлодар өңіріндегі мерейтойлар мен іс-шаралардың мол екеніне тоқтала келе, Павлодар блысы әкімі Асайын Қуандықұлы­ның ыстық сәлемін жеткізді. Қазақ руханиятындағы Арман Қанидың орыны туралы кеңінен айтты. Ақынның таңдамалы жыр кітабының жарыққа шығуына ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді. Академиялық кітапханаға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының үздік он томдық еңбегін сыйлады.

Шын мәнінде Ертіс-Баян өңірі Алаш жұртына игі-жақсыларды молынан берген құйқалы, құтты мекен. Биыл Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығы, Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отыр.

Ақын Арман Қанидың жыры да, мұңы да, күрескерлік жолы да кешегі Алаш қайраткерлерінің, дала боздақтарының жүріп өткен жолындай аумалы-төкпелі, тағдырлы. Сондықтан да кештің шымылдығы Мәдидің «Қаракесек» әнімен ашылды. Оны белгілі дәстүрлі әнші Дәуренбек Сламғали орындады. 

Әншінің арқалы әнінен кейін туғанына 70 жыл толып отырған ақынның Таңдамалы өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Кітаптың шығуына Павлодар облысы мәслихатының депутаты, кәсіпкер, ақынның жан бауыры Асылбек Туғанбай тікелей демеушілік жасаған болатын.

Арман Қанидың Таңдамалы өлеңдер жинағының тұсауын Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, ақынның жары Бақыт Атанбайқызы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған Алаштың аймаңдай ақындары кесті.

Сахнада кезегімен сөз алған Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқар, Жанарбек Әшімжан сынды ақындар, Арман Қанидың өмірі мен шығармашылығы, азаматтығы мен кісілігі, саяси-қоғамдық өмірдегі күрескерлік жолы, адами қасиеті төңірегінде естелік әңгіме айтып, сыр-сұхбат құрды. 

Сонымен қаламгер Арман Қанидың шығармашылығына арналған «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты да келіп жетті. 

Аманжол Шамкенов атындағы арнайы жүлде Біржан Ахмерге, Мұзафар Әлімбаев атындағы арнайы жүлде Айдана Сегізбайға бұйырды. 

Арман Қани рухына арналған жыр мүшәйрасының үшінші орнын Олжас Қасым иеленсе, ал екінші орынды Айбек Оралхан қанжығасына байлады. 

Республикалық «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» жыр мүшәйрасының бірінші орнын Жұлдызай Ысқақ алса, бас Жүлдесін Алпысбай Қонжы жеңіп алды. 

Өмірдерек

Керекулік ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арман Бақтанұлы Қани  1954 жылы, 22-ақпанда Павлодар қаласында туған, «Ар алдында»  (Павлодар, «ЭКО» –  2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» –  2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008) жыр жинақтарының авторы,  Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалінің  дипломанты (Алматы, 1983 ж.), Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слетының «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең – бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер – алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.). 

Арманның алғашқы өлеңдеріне  1980 жылдардың бас кезінде, республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары: Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев жылы лебіз білдіріп, шығармашылығына сәт сапар тілеген. Тұңғыш жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірді.

Арман Қани Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымы «Ертіс дидары» газетінің (сайты: http://ertisdidary.ucoz.kz/)  редакторы болып істеуде,  танымал журналист, жарияланымдары облыстық, республикалық, халықаралық мерзімді басылымдар мен Интернет порталдарында жариялануда. 

Арман, сондай-ақ, ұлттық мұрат-мүддені көздейтін саяси-қоғамдық істерге 15 жасынан бастап араласқан ұлтшыл күрескер. Ол 1969 жылы, Павлодар қаласындағы №3 облыстық мектеп-интернатта (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы облыстық гимназия-интернат) оқып жүрген кезінде ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты кеңестік отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазып, үнпарақтар таратқан. Ұйымды  МҚК (КГБ) Павлодар облысы басқармасы әшкерелеген соң, бірнеше серігімен бірге “Ұлттық саясат мәселесіндегі идеялық-саяси қателігі үшін” деген айыппен комсомол қатарынан шығарылды, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, «өз еркімен» мектептен қуылды. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқына қол сұғылды және баспасөз бостандығына шектеу қойылды. Осындай жағдайға байланысты ұзақ жылдар бойы жұмысшы болып істеді және  орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп уақыт кейін, сырттай оқып тамамдаған. 

Қиын кезеңнің өзінде ол  ұлтшылдық, азаматтық мұрат-мүддесінен таймай,  1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың талап-тілегіне Павлодар қаласында бір топ серігімен бірге үн қосуға әрекеттенді, 1989-1990 жылдары «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық ұйымдарын құруға атсалысты, қазіргі кезде Павлодар облысының қоғамдық, саяси, мәдени, әдеби өміріне белсене араласуда. 

Арман – Жаяу Мұсаның туған жиеншары және Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы. Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, өнерниетте де өзіне үлгі тұтқан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар