Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Топты жарған тоғыз...

01.04.2024 1341

Топты жарған тоғыз 14+

Топты жарған тоғыз - adebiportal.kz

«ХХ ғасыр көкжиегіндегі үш бәйтерек» тақырыбында өткен республикалық байқау туралы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы және Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі, Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен 2024 жылдың наурыз айының 1-24 аралығында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «ХХ ғасыр көкжиегіндегі үш бәйтерек» тақырыбында республикалық байқау өтті. Байқаудың мақсаты – Алаш қайраткерлері, ақын, жазушы қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллиннің қазақ тілі мен әдебиетіне, публицистикасына қатысты мұраларын зерттеу, насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру болатын. Байқаудың үш бағыты – эссе, арнау, мақала бойынша барлығы 100-ге жуық жұмыс келіп түсті. Байқаудың Ережесіне сай 60 жұмыс қабылданып, 9 жұмыстың иесі үздіктер қатарынан көрінді. Республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Тараз, Арқалық, Өскеменнен үміткерлер қатысты. Байқауға қатысушылардың жұмыстарын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушы-профессорларынан құрылған комиссия құрамы тексеріп, саралады. Жеңімпаздарды марапаттау 2024 жылдың 29 наурызында әл-Фараби кітапханасының ҚР Тұңғыш Президенті залында офлайн және онлайн форматта өтті. Марапаттау рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің президенті Анар Салқынбай жүргізді. Сонымен қатар жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне әл-Фараби университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлкебаева Дина Ақбергенқызы, Қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сарбасов Болатхан Серғазыұлы қатысып, Алаш тұлғалары туралы тың деректермен бөлісіп, байқау жеңімпаздарын құттықтады. Жалпы байқаудың марапаттау рәсіміне жеңімпаздар, әл-Фараби университетінің ОПҚ, студенттері мен докторанттары қатысты.

Арнау жанры бойынша 1 орынды Тараз қаласы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 1 курс студенті Абдралиев Мадияр Мақсатұлы, 2 орынды Қарағанды қаласы №36 жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Талғат Альмира Талғатқызы, 3 орынды  Ақтөбе облысы Темір ауданы №2 Шубарқұдық қазақ-орыс мектебінің оқушысы Серік Бекарыс Мақсатұлы иеленді. 

Эссе бойынша бірінші орынды Алматы қаласы  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс студенті Ернатқызы Аяулым, 2 орынды Тараз қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Рамазан Жұлдыз Ерболатқызы, 3 орынды Абай облысы Семей қаласы №16 Төлеубай Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы Кәкімқызы Балнұр жеңіп алды.

Мақала бойынша 1 орынды Арқалық қаласы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 4 курс студенті Еркінқызы Гүлнұр, 2-орынды Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы Юрий Гагарин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Саргулова Динара, 3 орынды Тараз қаласы, М. Мақатаев атындағы №14 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Абилхан Толғанай жеңіп алды. Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, әл-Фараби университетінің атаулы қойындәптері және ғалым Мархабат Томанов туралы жазылған «Ғибратты ғұмыр» кітабы, картина табысталды. Жалпы байқауға қатысқандарға алғысхат берілді. 

Профессор А.Салқынбай қорытынды сөзінде: «Байқауда тек жеңіс болады, жеңіліс деген жоқ. Себебі байқауға қатысқан үміткердің басқадан бір саты болса да, танымы артып, ақпаратты саралау мен жазу шеберлігі ұштала береді. Байқау - жас қаламгердің талабы мен талғамы, шеберлігі мен шешендігі, танымы мен таланты шыңдалатын сайыс», - деп ХХІ ғасыр жастарын сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға шақырды.

Көркем әңгіме шебері – Бейімбет

Cәтті шыққан көркем шығaрмa – бiр ғaнa жaзyшының жeтicтiгi eмeс, бүкiл әдебиeт көлeмiндeгi кeceк құбылыc. Осындай көркем шығармалардың талантты авторы, нағыз натуралист, реалист, классик жазушылардың көшін бастап тұрған ерекше өнер иесі – Бейімбет Майлин. Бимағанбет әңгімелері – өмір шындығының, қоғам бейнесінің айнасы. Оның шығармашылығын әйел теңдігі тақырыбы, өз заманының образдары, натуралисттік шығармалар деп топтастыра талдауға болады. Неге Биағамызды натуралист, шыншыл жазушы дейміз? Себебі шығармаларында қоспасыз, әсірелеусіз оқиғалар баяндалады. Сонымен қатар Бимұхамбеттің шығармашылығы бүгінге дейін құндылығын жоймауымен, өз заманының ғана емес, қазіргі қоғам өмірімен де байланысты болуымен ерекшеленеді. 

Қазіргі қоғаммен байланысы және өзектілігі дейтінім, қазір феминизм басымдық алып тұрған кезеңде екінің бірі әйел теңдігін қолдап, нәзік жандыларды өмірдің бар саласынан көргісі келетінін, тіпті ер адамдардан мықты деп көрсетуді дәлелдеп әлек боп жүргендері қаншама?! Бұл мәселе «Қарсақтың» шығармаларында ерте кезден тақырыпқа арқау болған. Оның әңгімесінің ерекше тұсы да осы – көркем тілмен оқиғаны баяндағандай болады, астарында үлкен проблеманы көтеріп тұрған мән жатыр. Сөзімізге «Раушан-коммунисті» айтпағанда, «Зейнештің серті», «Құрымбайдың жігітшілігі», «Қaйнaғa өтipiк aйтaды» сынды әйел теңдігі тақырыбындағы шығармалары дәлел. Тақырыбына қарасаңыз, басқа ойды жеткізгісі келгендей, бірақ біз аса мән бермейтін тұстарын қайта оқып, тереңірек үңілсек, қыз баласының ер жігітке теңесе түскен кезеңін, ақыл-парасатымен өзінің тұлғалығын көрсете білген үлгілі әйел бейнесін аңғаруға болады. «Зейнештің серті» әңгімесінде Асылбекке алданып, етегінен еруге бел байлаған он бес жасар қыздың кеш болмай ес жиып, абыройы үшін сотқа арыз жазып, бұл шешім сот мүшелерінен қолдау табуымен жалғасады. Ол кездері мұндай әрекет ету – қазақ даласында ерсі көрінетін еді. Әңгіме алғашында оқырманға жат көрінгенімен, кейін қыздардың санасының толысып, өздері үшін күресе алатын деңгейге көтерілгенін көрсетеді. «Қайнаға өтірік айтады» әңгімесінде «қатындар оқуды қайтеді» деген қайынаға сөзіне қарсы келіп, оқуға ынтасымен кіріскен ескі заман келіншектері білімге қарай бас көтерген алғашқы әйелдер толқынын көрсеткен. Бүгінде еліміздегі гендерлік тең білім жүйесі өткен ғасырда-ақ Бейімбет шығармаларынан көрініс тапқанын байқаймыз. Шығарма әрі қарай әйелдер білім алуды қолға алғаннан кейін ерлерге бағынуды қойып, өзі би, өзі қожа болып аласапыран туындатқан сәттерді бейнелеген, еркінсіген қазақ әйелдерінің шектен шығуын ашына жеткізеді. Соңғы ойды жазушы өзі қорытпай, оқырманның өзіне қалдыруы – оның жазу шеберлігіне айғақ болар бір дәлел.

«Мырқымбайдың» әңгімелері образдылығымен басқа жазушылардан алда тұрады. Олай дейтінім, Егеубайы(«Сексен сом»), Күлпашы(«Күлпаш»), Айранбайы(«Айранбай»), Түйебайы(«Түейебай»), Салқамбайы(«Салқамбай тоба қылды») қазақ басынан өткерген әрбір оқиғаның бір-бір хабаршысы. Ашаршылық кезіндегі халық өмірін Күлпаш арқылы, коммунизм, «жаңа өмірдің» сипатын Егеубай арқылы, кедейлер өкілі мен үстем тап өкілдің теңсіздігін Айранбай, Түйебай образдарымен жеткізсе, баймен құда болғысы кеп ашкөзденіп, қызын сатып опық жегендер бейнесін Салқамбай образымен өте шынайы ашып жеткізген. Мырқымбай бейнесінің өзі кедейлердің тіршілік-тынысын, бітім-болмысын жинақтап тұрған үлкен образ ретінде алынған. Жазушы образ жасайтынымен ғана емес, шығармаларын шынайы жеткізе отырып, астарлы мысқыл, келеке, әжуалай келе, болып жатқан ахуалдарға өзіндік көзқарас бере алатындығымен айшықтанады. Проза жанры да осы Бейімбеттің көркем әңгімелерімен толыса, кемелдене түсті дей аламыз. 

Қазір әдебиетте жаңа салалар қарқынды даму үстінде. Соның бірі натурализмдік сипат. Натурализм – әдебиетте оқиғаны бастан-аяқ баяндауды, әсірелеусіз, ұсақ мән берілмейтін детальдармен адам, жануар әрекетін тәптіштеп сүреттеуді мақсат етеді. Біз бұны қазақ әдебиетінде кімнен көре аламыз? Әрине, Бейімбеттен! Сол үшін де оны релист, натуралист жазушы дейміз. Сонысымен әдебиетте өз орнын, өз қолтаңбасын ерекшеленіп қалдырып отыр. Әйтсе де, біз Бейімбетті жете түсініп оқымайтынымызды, аса мән беріп талдамайтынымызды сын көремін. Бұл әсіресе, әдебиет қазанында біте қайнасып жүрген оқырмандар үшін үлкен қателік. Шығармашылығын сүйіп оқып қана қоймай, оны жіліктеп, айтар ойы мен астарын ұғына білу керекпіз. Осы бүгінге дейін бүтіндей жетпей қалған шығармашылығын жинақтай алмай жүргеніміз өкінішті. XX ғасыр әдебиетіндегі тақырыптар біздің қоғамда да маңызын жоғалтқан емес. Керісінше осы жанрдағы көркем әңгімелерді жазу стилін Бейімбеттен үлгі ала отырып, дамытуды міндетіміз деп білем. Басқа елдің емес, дәл мына қазақ халқының маңдайына осындай талантты жазушының келуі жай емес, оны өзіміздің бақ санап, лайықты түрде бағалай білуіміз керек. Бір ғасырда бір туатын ірі тұлғалар қашан да өз биігінен көрінері хақ. «...Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырса?»…

Еркінқызы Гүлнұр,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық 

институтының 4 курс студенті, Арқалық қаласы

Сыр сандықты ашып қара, сырласым

Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі 1926 жылы жазылған. Алғашқы да ақын өлеңді “Досқа жазылған хат” деп атаған. Өлеңнің негізгі тақырыбы мен идеясы – адал, шынайы достық туралы. Өлең автордың өлеңіндегі белгілі бір кезеңге, оқиғаға байланысты шығарылған. Достықты жоғары бағалап, дос көңілі алтын сарай, сырға толы сандыққа балайды. Басты кейіпкер, яғни лирикалық кейіпкер ақынның өзі саналғандықтан өз сырымен, ойымен бөліседі. Жалған достықты емес, нағыз достықтың туын биік көтеріп, жағымсыз достармен қарым-қатынастың, байланыстың ұзаққа бармай, үзілетінін айтады. Алтын сарай деп адал, шынайы адам ғана шынайы достыққа қол жеткізе алатынын меңзейді. Ал сұлу пернелер деп отырғаны нағыз достыққа адамды жетелейтін оның бойындағы жақсы, жаман қасиеттер екенін айтады. Авторға тән басты ерекшелік – өлең жолдарында мұның барлығын ашық түрде баяндамай, астарлы, жұмбақ күйінде жеткізуі.

Арам, пайдакүнем дос тауық секілді, қолыңдағы жемің таусылса теріс айналуға даяр тұрады. “Адал досыңмын” деп ант бергенінің барлығын жаныңа жақын қылып, сенерлік дос санаудың қажеті жоқтығын ашып айтады. Нағыз дос сенің жаныңда қуанышта да, ең қиын әрі қайғылы күніңде де болуға тырысады. Сен оған, ол саған емін-еркін сыр ақтара аласыңдар. Әрбіріміздің ішімізде берік қойма бар. Ол қойманың есігін кез-келген адамға ашпайтынымыз тәрізді сырымызды да кез-келген адамға айта бермеуіміз қажет. Нағыз достық құзды шат, мөлдір таза сылдырап аққан су мен қалың ну тәрізді. Шыңның басындағы сыр сандықтың іші асыл, бағала дүниеге толы. Сырдың кілті кез-келгеннің қолына бұйыра бермейді. Тек нағыз досқа ғана сыры шертіліп, жұмбағы мен құпиясы ашылады.

Нағыз досты кездестіру, дос болу шын мәнінде бей-жай қарайтын дүние емес. Кейде адал досым деп сеніп, бар сырыңды ақтарып жүрген адамның қиянатына, сатқындығыеа куә болып достықтан көңіліміз қалатын сәттер де болады. Десе де бол нағыз достық болмайды дегенді білдірмейді. Адал дос болған, бар және бола да бермек. Тек жаныңнан табылып, қолдау білдіретін, қиын сәтте қасыңнан табылатын, бірге алға ұмтылатын, білгенімен бөлісетін нағыз досты таба білу қажет.

Ойымды қорытындылай келе айтарым, достық  – жер бетіндегі ең мейірімді және ең шынайы сезім. Оны жоғалту оңай және жоғалтқаннан кейін алу немесе қалпына келтіру өте қиын. Нағыз достық адамды рухани байытады, бақытсыздықты жеңуге көмектеседі. Достықты білген адам – бақытты адам. Кейде сырласатын, ойыңды бөлісетін досты қажет ететін сәттер де болады. Адал дос пен арам досты ажыратып, жақсы дос табу, жақсы дос бола білу де өмір жолымыздағы ең маңызды дүниелердің бірі екендігін естен шығармағанымыз абзал болар.

Ернатқызы Аяулым,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

 университетінің 1 курс студенті, Алматы қаласы

Үш бәйтерек – үш ғұмыр

 

О,құдірет сөздері өткен сүйектен.

Бұл халықты сен оларша сүйіп бе ең?

Үш тамырлы бәйтерегім бар менің,

Нардай болған,таудай болған биіктер.

 

Әрі тарих,азабы бар әрі мұң.

Көрсетті ғой қатал тағдыр залымын.

Ұлтым үшін үш бәйтерек қадірлі ,

Қасиетті үш ғұмырлы алыбым.

 

Асқақ еді ұлтың үшін арманың,

Тау ішінде шымыр әнді салғаның

Сыр сымбатты,сырлы мінез Сәкенім,

Тар жолдарда тайғақтаған тарланым.

 

Тұрмысына тұсау болған әр күннің.

Саясаты тигізді ғой салқын күн

Халық жайлы,аштық жайлы қозғаған.

Бейімбеті, Би ағасы халқымның.

 

Тым асыра құрықтаған билігін.

Бастан өткен қиын әрі қилы күн

Сені құртқан “репрессия Батыраш”

Ілиясым құлагердей жүйрігім.

 

Үшеуі де мақтанышым ,жыр әнім

Жырлай берем жетсе сөзім құмарым

Ізгілікті ұмытпаймыз,ендігі

Жандырамыз ерте сөнген шырағын.

 

Алашым деп тартқан талай азап күн.

Әр мұрасы әдебиетте ғажап тым

Мәуесі боп ұмытпаймыз сендерді.

Бәйтерегі қатар өскен қазақтың.

 

Абдралиев Мадияр Мақсатұлы,

Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 1 курс студенті, Тараз қаласы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар