Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Тұйық адамның өмірінен......

20.03.2022 3181

Тұйық адамның өмірінен... 14+

Тұйық адамның өмірінен... - adebiportal.kz

Норвек драматургы, еуропалық «жаңашы драманың» негізін қалаған Хенрик Ибсен 1828 жылы дәл осы 20 наурыз күні дүниеге келген. Қираған саудагердің шаңырағында дүниеге келген Ибсен он алты жасында ежелгі рим тарихы мен ХІХ ғасырдың орта шенінде Еуропада болған төңкерістің кей суреттерін астастыра отырып, алғашқы «Катлина» драмасын жазады. Ол кезде дәріханашы болып жұмыс істеп жүрген-ді. Бозбаланың қаламынан туған бұл шығарма, әлбетте, солғын шықса керек, аса жоғары бағаланбапты. Есесіне 1850 жылы «Батырдың қорғаны» пьесасы бірден сахынаға шығады.

Қазақша айтқанда талағының биті бар Ибсен әлі отызға да толмаған шағында Бергендегі тұңғыш норвег ұлттық театры мен Кристианиядағы Норвегия театрына басшылық жасап үлгереді. Жазушы өміріндегі осы Бергенде өткен жылдары саяси ұлтшылдықпен әуестеніп, скандинав фольклорына ден қойған кезімен тұспа тұс келеді. Сөйтіп әлем әдебиетіне олжа салған «ортағасырлық» «Эсроттан шыққан Фру Нигер», «Сульхаугедегі сауық» (Ибсенге күллі норвег халқының алдында зор бедел әперген туынды), «Улаф Лилиенкранс», «Хельгеландтегі жауынгерлер» пьесалары дүниеге келеді.

Ортағасырлық образдар мен романтикалық солғын өрнек арқылы адамзат болмысын ашып көрсету мүмкін емесін, бір жағы – австро-прусс-дат соғысынан кейінгі ұлтшылдықтан түңіліс Ибсенді шетел асып, жаңа формалар іздеуге мәжбүрлейді. Солай да солай Ибсен жиырма бес жыл бойы Италия мен Германияны мекендейді. Нәтижесінде әлемдік танымалдыққа жеткізген «Бранд» драмасы жазылады. Өлеңмен өрілген бұл туынды Ибсеннің өзі мен замандастарының бойындағы қайшылықты мінез-құлықты мейілінше ашып көрсетеді. Айталық, пірәдар Бранд – табанды да қату түрде адам бостандығы мен діндарлықтың уағыздайды. Ал оның максималистік көзқарасында Серен Кьеркегор ілімінің ізі андағайлайды. Пер Гюнт болса, керісінде, жеке басының бақытын іздегенмен, таба алмай дал болады. Сондай-ақ, Пер Гюнт Барндқа қарағанда ептеген гуманист әрі ақындығы да бар.

Сыншылар Ибсен қаламынан туған «Елес» драмасынан француз натурализмінің айқын әсерін аңдалатынын жарыса жазады. Импрессионизм ықпалыдна Уильям Шекспирдің әсерімен жазған «Жабайы үйрек» драмасында идеалист Грегерс адам өз өмірінде болып жатқан оқиғаның бәріне бірдей үңіле бермеуі керек деп санайтын идеалист-докторға қарсы кейіпкер. «Жаңа Гамлет» Грегерс доктордың қай ақылына да құлақ аспаған беті отбасының бар құпиясын жайып салады. Бұл ақыр соңында туған әпкесі Хедвигтің өзіне қол салуына түрткі болады.

Ибсеннің соңғы жылдардағы шығармаларында астарлап айту басымдық алып, психологиялық суреттеулер аса нәзік қалыпқа көшеді. «Күшті адам» тақырыбы алға шығып, автор өз кейіпкерлерін аямауға бекініпті. Оны «Құрылысшы Сольнес», «Йун Габриель Боркман» пьесаларынан аңғаруға болады.

Ибсен 1906 жылы жүрек талмасынан көз жұмады. Бірақ оның әдеби мұрасы өзінің көзі кеткен соң да ел назарынан тыс қалмаған. Драмалары әлем театрларында бірінен соң бірі сахыналанып жатты. Ал өзінің туған елінде «Жабайы үйрек», «Қуыршақ үй», «Эстроттан шыққан Фру Ингер», «Теңізден келген әйел», «Халық жауы», «Пер Гюнт», «Гедда Габлер» сынды туындылары көркем фильмге айналды.

Енді ХІХ ғасырда әлем әдебиетін бір басқа биіктетіп кеткен ұлы жазушыға қатысты аздаған қызықты деректерді көлденең тартсақ. Меркуридегі мыңдаған қазан шұңқырдың (кратер) бірі Хенрик Ибсен атымен аталады. Норвегияда 1986 жылдан бері драматургия жанрында атаққа шыққан қаламгерлерге Ұлттық Ибсен сыйлығы, 2008 жылдан бері Халықаралық Ибсен сыйлығы беріледі. Норвегияның Шиен қаласында Ибсен театры бар. Хенрик Ибсен өмірде көп сөйлемейтін, тұйық адам болған деседі. Сол мінезіне орай арнайы сыйлап шақырған қонақастардан көбіне бас тартады екен. Сондағы айтар уәжі: «Менің кісі көп отырған жерде үнім шықпайды десем де болады. Сосын, маған қарап басқалар да сөйлемейді. Ал онымыз үй иелеріне жақпасы айдан анық. Оның не керегі бар? Ал мен шақырған жерге бармай қалсам, жиналған басқа жұрт ортақ тақырып тауып, әп-әдемі әңгімелесіп қайтады...»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар