Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Түркістан әдебиетіндегі әлеуметтік әділетсіздікке ...

20.05.2024 958

Түркістан әдебиетіндегі әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұрушы жеке тұлға 12+

Түркістан әдебиетіндегі әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұрушы жеке тұлға - adebiportal.kz

Отаршылдықтың қалдырған ізі мен отаршылдықтан қалған мәдени «мұраны» қайта қарастыра отырып, постколониялық индивид тарихи, мәдени және саяси жағдайларда өзін анықтауға тырысады. Олар тарихи қиындықтарға, әлеуметтік әділетсіздіктерге және саяси қысымдарға қарсы тұру арқылы өздерінің жеке құндылықтары мен ерекшеліктерін сақтайды. Бұл жағдай әдебиеттегі кейіпкерлердің іс-әрекеті мен ой-пікірінен де байқалады. Осылайша, ол тарихи және мәдени контекстте өзін анықтауға тырысатын жеке адамның күресін айтады. Бұл күрес жеке тұлғаның әділетсіздікке, езгіге, тарихи қиындықтарға қарсы тұру арқылы өзінің болмысын сақтауға ұмтылысын көрсетеді.

Басқаша айтқанда, Түркістан әдебиетінде жеке тұлға өзін-өзі билеу жолында басынан өткерген тарихи қиындықтарға, әлеуметтік әділетсіздіктерге, саяси қысымдарға қарсылығын білдіреді. Мысалы, аталған критерийлер бойынша өзбек ақыны саясаткер, диссидент Мұхаммед Салихтың «Вассалға» өлеңін алуға болады. Әдеби шығармада отарлаудан кейінгі өзбек үкіметі мен өткен отаршылдық кезеңнің тығыз байланысы суреттеледі:

Аввал хаста этдинг у сархуш итни,

Йўлин ҳозирладинг сўнг манзил томон,

Ва ўз отанг бўлган бу мустабидни

"Халқнинг отаси" деб этдинг-ку эълон!

Сўнгра уни ювдинг,кўмдинг сен - ғассол,

Московадан олдинг йўлу йўруқни,

У амр айлади: "Эй, содиқ вассал,

Кийдир халқингга шу бўйинтуруқни!"

Бұл өлең отаршылдық пен қазіргі билікке қарсылық аясында саяси және тарихи сын ұсынады. «Аввал хаста этдинг у сархуш итни» деп басталатын өлеңде «қайсыбір» басшының немесе үкіметтің өз халқына қатыгездік көрсетуі және бұл әрекеттердің тарихи қайталануы бар екендігін меңзейді. Ақын кешегі «ўз отанг бўлган бу мустабидни» халықтың арғы тегі ретінде көрсетіп, оның жолын қуған көсемнің суретін салады. «Московадан олдинг йўлу йўруқни,» деген жолдар сыртқы күштердің қолдауы мен бұйрығымен әрекет ететін үкіметтің өз халқының еркіне қарсы әрекет ететінін көрсетеді. Бұл отарлаудан кейінгі кезеңдегі сыртқы күштердің ықпалында болған және өз халқының мүддесін елемеген басшылардың жағдайына қатысты екенін көзі қарақты оқырман түсінеді деген ойдамыз. Өлеңнің қалған бөлігінде отаршылдықтан кейінгі билік портретін айқынырақ көрсетеді:

Ортиқ тўйди миллат - ёлғонни емас!

"Руснинг жандасига кирамиз" дея,

Ул разил саройда миллатнинг эмас,

Сенинг вакилларинг акилладилар!

Отангдай кирмоқчи бўлсанг тарихга

Сен ҳам унинг каби "Душман" ёз мени!

Аммо бил: халқ сиғмас бўйинтуруққа

Сен уни ўзинг кий - сенинг размеринг!

Алдыңғы бөлімде «Кийдир халқингга шу бўйинтуруқни!» бұйрығымен олардың халыққа күшпен ауыртпалық түсірмек болғанын, бірақ ақын « халқ сиғмас бўйинтуруққа» деп халықтың бұл қысымға бас имейтінін баса айтады. Ол аз десеңіз, аталған жолдарды отарсызданған қоғамдардың жаңа езгілерге қарсы тұруының символы ретінде оқуға болады. Соңында ақын «Сен уни ўзинг кий - сенинг размеринг!» деген жолдармен бұл озбыр үкімет пен озбырлықтың шын мәнінде билікті қолында ұстаған адамға тиесілі екенін, мұндай басқаруды халықтың қабылдамайтынын айтады. Осылайша, отаршылдықтан кейінгі кезеңде жеке тұлғалар отаршылдықтан мұраға қалған қысымшылық басқару тәсіліне қарсы халықтың өз болмысы мен бостандығын қорғауға күш салуын білдіреді. Ол отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі тарихи қиындықтар мен қазіргі биліктің езгісіне қарсы халықтың қарсылығын, азаттық іздеуін көрсетеді. Ақын халықты өз бостандығы мен еркін қорғауға шақырып, зұлым үкіметтерге қарсы тұрудың маңыздылығын атап көрсетеді. Осындай мәселелер қазақ поэзиясында да көрініс тапқанын мақтанышпен айтуға болады. Мысалы, қазақ ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның «Екі Отан» өлеңінде Қазақстан билігі ұғымындағы отан мен халықтың ұғымындағы Отанның айырмашылығын суреттейді:

Біздің Отан — өртке үйтілу, шарпылу,

Сіздің отан — басы — гу-гу, арты — ду.

Біздің Отан — өксу менен өкіру,

Сіздің отан — ыңырсу мен алқыну.

Біздің Отан — әруақ қонған бейітте,

Сіздің отан — жармақ толған сейфте.

Біздің Отан — арман бүрген Жүректе,

Сіздің отан — жалған күлген кейіпте.

Бірде — орыс, бірде — шүршіт, штатқа

Бірдей бұлғап, құйрығыңды ұстатпа!

Сіздің отан — қолдан соққан ұшпақта,

Біздің Отан — сордан соққан қыстақта.

Бұл өлең екі түрлі «Отанның» арасындағы терең қайшылықтар мен қақтығыстарды білдіреді. Ақын бір жағынан азабы мен күресіне толы отанды, екінші жағынан парақорлық пен ақшаға байланысты отанды бейнелейді. Өлеңде отарлаудан кейінгі кезеңдегі саяси-әлеуметтік шиеленістерді және билік мұрасы мен езгісіне қарсы тұрудың эмоционалдық өлшемдерін көрсетеді. Мысалы, «Біздің Отан — өртке үйтілу, шарпылу» деген жолдар халықтың азабы мен қиындығын білдірсе, «Сіздің отан — басы — гу-гу, арты — ду» деген жолдар биліктің бос, мағынасыз шуын білдіреді. Бұл қарама-қайшылық халық басынан өткерген шындық пен үкімет ұсынған үстірт бейненің арасындағы алшақтықты көрсетеді. Ақын отаршылдықтан кейінгі жеке тұлғаны да айқындап, «Біздің Отан — әруақ қонған бейітте» деген жолдар арқылы тұлғаның өз тарихымен, ата-баба рухымен байланысын білдірсе, «Сіздің отан — жармақ толған сейфте» үкіметтің материалдық байлығын және ол әкелетін сыбайлас жемқорлықты білдіреді. Ақын халықтың рухани құндылықтарына, өткеніне адалдығын биліктің материалдық игіліктеріне деген құштарлығымен салыстырады. Тұтастай алғанда, бұл өлең халықтың отаршылдықтан кейінгі езгі мен мұраға қарсылығын, қайғы-қасіретін, үміті мен көңілін қалдыруын ерекше бейнелейді. Мұхаммед Салих секілді Светқали Нұржан да халықты өз бостандығы мен еркін қорғауға шақырып, билік тарапынан жасалған әділетсіздіктерге қарсы тұрудың маңыздылығын атап көрсетеді. Міне, осындай ерекшеліктер мен өзгешіліктер тек қана қазақ-өзбек поэзиясында ғана емес, қырғыз поэзиясында да көрініс тапқанын айтуға болады. Мәселен, қырғыз ақыны Қырғыз Республикасы Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі Алик Әкімалиев «Жаман Кишилер» өлеңінің бір бөлімінде Аксы оқиғасы үшін билік пен сотты жауапқа тартады:

Чачында эмес, мээсинде бар какачы,

Маңкурт, макоо, алып-сатар каракчы.

Карышкырдын козу менен тиктеп заар,

Эл-эл эмес, адам эмес мыкаачы.

Турмушпу бул? Улутпу ушу? Элби ушу?

Кайда учуп кеткен бактек боз кушу.

Убал-сообу кимге жетим-жесирдин,

Урат кимди бактысыздар каргышы!!!

Барабыз не идеяны этектеп,

Жашайбызбы аба жутуп, кебек жеп.

Кереметин кетирдиңер өлкөнүн,

Кет Президент! Кет, Премьер! Кет, Өкмөт!

Бұл өлең отарлаудан кейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргінге және қазіргі билікке қарсылықты білдіреді. Шығармада қырғыз қоғамының бүгінгі ахуалы, халық мүддесін елемейтін билеушілердің көзқарасы сынға алынады. «Чачында эмес, мээсинде бар какачы» деген жолдар көшбасшылардың сыртқы келбетінің негізінде жатқан шынайы ниеті мен ойларына баса назар аударады. «Маңкурт, макоо, алып-сатар каракчы» деген тіркестер халықтың болмысын және құндылықтарын ұмытып, өз мүдделері үшін бәрін жасауға дайын адамдарды сипаттайды. Келесіде «Турмушпу бул? Улутпу ушу? Элби ушу? деп ақын өз сауалдарымен қоғамның бүгінгі ахуалын, ұлттық болмыстың қандай болып кеткенін сұрайды. «Кет Президент! Кет, Премьер! Кет, Өкмөт!» деу арқылы халықтың қазіргі билікке деген наразылығы мен өзгеріске деген талабы анық аңғарылады. Мұны билеушілерге қарсылық пен наразылықтың айқын көрінісі деп оқуға болады. Яғни, аталған өлең жолдары отаршылдықтан кейінгі өкіметтің езгі мен мұрасына қарсы халықтың қарсылығын, қайғы-қасіретін, үмітін, түңілуін суреттейді. Сайып келгенде, барлық Түркістан әдебиетіндегі жеке тұлғаның қалыптасу процессінде отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі билік динамикасымен күресі баса айтылады. Отарлаудан кейінгі кезеңдегі жеке тұлғаның әлеуметтік, саяси және тарихи қиындықтарға қарсылығын және осы үдерісте басынан өткерген эмоционалдық күйзелістерін әсерлі тілмен жеткізеді. Сондықтан түркістандық ақындар бұл күресте жеке тұлғаның табандылығы мен қарсылығын атап өтіп, отаршылдықтан кейінгі қоғамдардың қиындықтарына назар аударады.

 

Түркістан әдебиетіндегі экономикалық тәуелділік, жоқшылық, теңсіздік жағдайындағы жеке тұлға

Бүкіл Түркістан елдерінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында социализмнен қалған өндіріс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Әрине, бұған экономикалық себептермен қатар, саяси себептердің әсері бар екені жасырын емес. Десе де, экономикалық дағдарыстар тек қана мемлекеттік құрылымдардың жұмысын әлсіретіп қойған жоқ, сонымен қатар жеке тұлғалардың да ішкі дағдарысын да себеп тудырды. Сондықтан отарлаудан кейінгі түрік қоғамдарында жеке тұлға экономикалық тәуелділік, кедейлік, жоқшылық сынды негативті әсерлермен күресуге мәжбүр болды. Дәлірек айтатын болсақ, кедейлік пен экономикалық тәуелділік кейіпкерлердің қоғамдағы рөлдерін қайта бағалауға және тағдырларын өзгертуге әкелді. Нәтижесінде отаршылдық дәуірден кейінгі әдебиеттерде экономикалық тәуелділік пен кедейшіліктің ықпалы, олардың адам тұлғасының дамуына тигізетін әсері, бұл құбылыстардың қоғамдық өмірдегі рөлі Түркістан әдебиеттерінде нақты және ашық түрде жазылды. Яғни, отаршылдық дәуірден кейінгі жеке тұлғаның экономикалық қиындықтармен күресін, оның әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы тұруын, жеке намысын қорғауға ұмтылуын бейнелеу түрік әлемі әдебиетіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Осы тақырыптарда жазылған шығармалар жеке тұлғаның ішкі қайшылықтарын, әлеуметтік қысымдар мен экономикалық тәуелділік қиындықтарын поэтикалық өрнектеп, маңызды тақырыптардың біріне айналды. Мәселен, қырғыз әдебиетінде ақын, Токтогул Сатылганов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байдылда Сарногоев «Сопу болдым Қарғанды» деген өлеңінде бұл жағдайды ерекше суреттеледі:

Кой кайтарып көп жүрүп,

Кой жыттандым бир кезде.

Уй кайтарып көп жүрдүм,

Уй жыттанып бир кезде.

Арак ичип акшыңдап,

Уу жыттандым бир кезде.

Уй да, кой да жыттанган,

Урмат экен, барк экен.

Бұл өлеңде жеке адамның экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік қысымдар кезіндегі ішкі тартысы мен жеке құлдырауы бейнеленгенШығармадағы “Кой кайтарып көп жүрүп, кой жыттандым бир кезде. Уй кайтарып көп жүрдүм, уй жыттанып бир кезде” деген жолдар жеке адамның өткенді аңсайтынын көрсетеді. Бұл адамның экономикалық тәуелділік пен кедейліктен бұрынғы бейкүнә және қиындықсыз уақытқа деген сағынышын білдіреді. Әйтсе де, «арак ичип акшыңдап, уу жыттандым бир кезде» деген жолдармен жеке адамның қиыншылыққа тап болған кезде ішімдік сияқты тәсілдерге жүгінетінін және бұл оның әлеуметтік жағдайына қалай әсер ететінін түсіндіреді. «Уй да, кой да жыттанган, урмат экен, барк экен» деген сөзбен жеке адамның жан-жануарға, табиғатқа деген құрметі, ішімдік ішкен адамнан да қымбат екенін алға тартады. Аталған сезімдер мен эмоциялық күйлерді бейнелеу үшін автор, «бір кезде» сөзін жиі қолданады. Өз кезегінде бұл сөз өткен шақты баяндап, алайда қазіргі шақта ондай емес екенін білдіреді. Яғни, автор өткен шағы мен қазіргі шағының арасында жер мен көктей айырмашылықтың бар екенін айтқысы келеді. Өлеңнің қалған бөлігінде ақын отаршылдық қоғамдағы психикалық және физикалық кедейлік пен экономикалық тәуелділіктен әлсіреген жеке адамның жағдайын суреттейді:

Арак, вино жыттанган,

Адамдардын арты экен.

Бир күн оору, бир күн соо

Бүтүн эмес, жарты экен.

“Ак молдонун” айынан,

Аңгек, жарга такалдым.

Көрбөй жарык дүйнөнү

Көздүү туруп кашайдым.

Элдик акын атанбай

“Элдик алкаш” атандым.

Ақын: «Элдик акын атанбай “Элдик алкаш” атандым» дейді. Бұл жол арқылы жеке тұлғаның қоғамдағы құлдырауын және оның қоғам тарапынан қалай қараланғанын көрсетеді. Бұл экономикалық қиыншылықтар мен әлеуметтік қысымдарға байланысты жеке адамның жеке күйреуін және қоғам тарапынан бас тартуын білдіреді. Олай болса, жалпы алғанда, бұл өлеңде жеке тұлғаның отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі экономикалық тәуелділік пен жоқшылықпен күресі, өзінің жеке намысын, әлеуметтік жағдайын сақтап қалу жолындағы талпынысы, осы үдерісте басынан өткерген қиындықтары баяндалады. Аталған экономикалық және экзистенциалды кризистердің көріністері қазақ ақыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлының төмендегі өлеңінен де көруге болады:

Вокзалдағы бомжы қазақ,

жанымыз – бір, зарымыз.

Бодандықтан болдық та азат,

Бомж болдық бәріміз.

Маңайымыз толған сұмдар,

еміренбес ел десе,

Сенде үй жоқ – оңған кім бар?!

Менде Отан жоқ, ендеше.

Арсыз жерге кім қарамас,

аяр, жәләп, малғұн ба? –

Алаш қазір тыр-жалаңаш

адамзаттың алдында.

Бұл өлеңде жеке тұлғаның отаршылдықтан кейінгі кезеңде басынан өткерген экономикалық қиындықтары мен әлеуметтік қысымдары, әсіресе олардың жеке басын және тиесілілігін жоғалтуы суреттеледі. Өзінің туып-өскен туған жерінде жүрсе де панасыз, жалғызбасты тұлға тұрғысынан ақын қоғам сыртындағы адамдардың басынан өткерген қиындықтары мен ішкі қайшылықтарын өрнектейді. Өлеңдегі «Вокзалдағы бомжы қазақ» деген тіркес вокзалда тұратын қаңғыбас қазақтарды бейнелеп, иммигранттар мен маргиналды топтардың жиі кездесетін қиындықтарын бейнелейді. Мұндағы «вокзал» сөзі өлеңге ерекше мән үстеп тұрғанын да айта кету керекпіз. Себебі тек қазақ қазақ қоғамында емес, жалпы Түркістан қоғамында вокзал қала сыртындағы мекенді, тұрақсыздық пен төменгі тап өкілдерінің көп өмір сүретін мекен ретінде жиі суреттеледі. Міне, осындай «аласапыран» мекенде өмір сүретін қазақтың хал-ахуалын бейнелей отырып, «бодандықтан болдық та азат, бомж болдық бәріміз» дейді ақын. Яғни, тәуелсіздік алғаннан кейін де жеке тұлғалардың экономикалық-әлеуметтік қиын жағдайда қалғанын атап көрсетеді. «Арсыз жерге кім қарамас, аяр, жәләп, малғұн ба?» деп қоғамның моральдық күйреуін және жеке адамдардың бұл жағдайға дәрменсіздігін білдіреді. «Алаш қазір тыр-жалаңаш адамзаттың алдында» деген жолдар болса қазақтың тарихи-мәдени болмысының қазіргі заманда қалай жалаңаш, қорғансыз қалғанын көрсетеді. Өлеңнің өн бойында әлеуметтік қысым мен экономикалық қиындықтарға қарсы жеке адамның ішкі тартысы мен жеке құлдырауы ерекше сезіледі. Ақын бұл жағдайды жеке және ұжымдық тұрғыдан қарастыра отырып, қоғамның маргиналды тұлғаларға деген немқұрайлылығын, олардың басынан өткерген қиындықтарын ашады. Соның салдарынан Түркістан әдебиетінде жеке тұлғалар қоғамның шетінде қалып, шеттетілген, баспанасыз қалған күйде суреттеледі. Бұл жағдай постколониялық кезеңде жеке адамдар басынан өткерген экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік оқшаулануды білдіреді. Өлең кейіпкерлері тәуелсіздік алғанымен, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайда, қоғамнан шеттетілгенін сезінеді. Сонымен қатар, өлеңдер адамдардың әлеуметтік моральдық күйреу туралы және олардың жеке басының қазіргі әлемде қалай жалаңаш және қорғансыз қалғаны туралы үмітсіздік пен көңілсіздікті білдіреді. Бұл постколониялық сын контекстінде жеке адамдардың тарихи және мәдени ерекшеліктерін сақтау және көрсету қиындықтарын көрсетеді. Жоғарыда да бірнеше рет тілге тиек еткеніміздей, аталған экономикалық мәселелер тек белгілі бір қазақ немесе қырғыз яки басқа да Түркістан қоғамында ғана емес, жалпы барлық қоғамның айнымас көрінісі дейтін болсақ артық айтқанымыз емес. Соның ішінде өзбек әдебиетінде де маңызды тақырыптардың бірі ретінде көрініс табады. Мысалы, өзбек ақыны, саясаткер, диссидент М. Салихтің «1989-2019» атты өлеңінде өзбек қоғамының тәуелсіздіктен кейінгі кедейлігі, жоқшылығы, осылардың салдарынан шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр болған халықтың хал-ахуалын суреттеледі:

Бири келиб, менга 30 йил аввал

“30 йил кейин ҳам Ўзбекистонга

Баракат келмайди”, деса бемаҳал

Ишонар эдимми бундай инсонга?

“Яна-да забунроқ, яна-да бош ҳам

Яна-да оғирроқ бўлади” деса,

“Фақат ўғил эмас, набиралар ҳам

Чет элда, қулликда ўлади”, деса!

“Миллатинг уялиб ўзбеклигидан

Паспортин яшириб, кимлигин гизлаб

Русяни кезиб, иш сўраяжак

Гаплашажак руснинг итини “сиз”лаб”

Бұл өлеңде Түркістан әдебиетіндегі постколониализм аясындағы экономикалық тәуелділік, жоқшылық, теңсіздік жағдайында жеке тұлғаның орны қарастырылады. Жырда «Бири келиб, менга 30 йил аввал “30 йил кейин ҳам Ўзбекистонга баракат келмайди» десе, бұған сенуге болатындай ма, жоқ па деген сауалдар қойылады. Сондай-ақ жас ұрпақтың ғана емес, немерелердің де шетелде қиын жағдайда өмір сүріп, еңбек ететіні нақты жазылған. Ақын кедейліктің кесірінен жеке тұлғалардың өз болмысынан ұялып, төлқұжатын тығып, Ресейден жұмыс іздеп, тіпті орыс иттеріне де құрметпен қарайтын жағдайда болатынын айтады. Бұл дегеніміз, жеке тұлғаның өзінің болмысымен қарым-қатынасын, оның экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік қысымдар кезінде қалай өзгеретінін және бұл адамның өзін-өзі бағалауына қалай әсер ететінін көрсетеді. Сонымен бірге, отаршылдық дәуірде тәуелсіздік алған ел азаматтарының басынан кешкен қиындықтары, өзіндік ізденістері баяндалады. Өлеңде жеке адамның қоғамдағы орны мен әлеуметтік өзгерістерге қарсы тұру мәселесі көтеріледі. Қорыта айтқанда, Түркістан әдебиетінде жеке тұлға қоғамдағы экономикалық қиыншылықтар мен әлеуметтік қысымдар шеңберінде эмоционалды күйреу мен эккзистенциалды құлдырау және осы күйреу мен құлдырауға қарсы күрес арқылы ортаға шығады. Яғни, отаршылдықтан кейінгі кезеңдегі экономикалық тәуелділік пен жоқшылықпен күресі, өзінің болмысы мен әлеуметтік статусын сақтап қалу жолындағы талпынысы Түркістан әдебиетіндегі жеке тұлғаның айқындаушы негізгі факторлар десек артық айтқанымыз емес. Қазақ поэзиясында үйсіздік проблемасы, қырғыз поэзиясында ішімдіктің шамадан тыс қолданылуы, өзбек поэзиясында эмиграция тақырыптарының жазылуы тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленсе де, аталған проблемалардың барлығы белгілі бір деңгейде үш әдебиетте де кездеседі. Мысалы, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясында ішімдік тақырыбының көптеп жазылуы, ал қырғыз поэзиясының эмиграция тақырыбында қалам тербеуі мұның айқын дәлелі бола алады. Сәйкесінше барлық әдебиеттердің ортақ түйісер нүктесі де – экономикалық тұрақсыздық екенін айтпаса да түсінікті деген ойдамыз. Яғни, бұл әдебиеттердегі жеке тұлға жоғарыда да айтқанымыздай, экономикалық қиыншылықтар мен әлеуметтік қысымдарға қарсы күрескер ретінде суреттеледі. Өткен ғасырдың аяғында Түркістан елдерінің тәуелсіздік алуы әлемдегі басқа отарланған мемлекеттер сияқты ұлттық бірлік пен ұлттық болмыстың, қоғамның құндылықтары мен өзіндік ерекшелігінің жаңаруына, басқаша айтқанда отырсыздануына толық мүмкіндіктер жаратты. Отаршылдықтың барлық кезеңдерінде шеттетілген, орталықтан қосылмаған, социалистік мифке тәуелді елдер үшін өз алдына жеке субъект ретінде қалыптасу және қалыптасу жолында отарсыздану маңызды қадамдардың бірі еді. Міне, аталған маңыздылықтардың жүгін көтерген, Түркістан территориясының тарихи-мәдени трансформациясын көрсететін шығармалар жеткілікті екенін мақтанышпен айта аламыз. Әрине, бұл мақтаныш шығармаларды толық және академиялық деңгейде зерттелген жағдайда шын мақтанышқа айналатынын да қоса кеткеніміз жөн. Түркістан әдебиеттерінде отаршылдықтан кейінгі жеке тұлғаның басынан кешкен оқиғалары көбінесе өткеннің көлеңкесінде қалған қоғамдардың қазіргі шындығымен астасып жатқан жағдайда талқыланады. Зерттеу объектісі ретінде талданған өлеңдер жеке тұлғаның ішкі дүниесіндегі бейберекетсіздікті, оның әлеуметтік өзгерістерге реакциясын, тарихи мұрамен санасуын білдіреді. Бұл жырларда жеке тұлғалардың кеңестік кезеңнен кейін тәуелсіздік алғанымен, әлі де экономикалық, әлеуметтік қиындықтармен күресіп, болмысын іздеп, әлеуметтік қысымға ұшырағаны баса айтылады. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың өзінің мәдени-тарихи тамырына деген адалдығы, осы тамырдан алған күшпен өзін танытуға талпынуы да өлеңдерде маңызды орын алады. Постколониалдық сын контекстінде бұл өлеңдер посткеңестік кезеңдегі Түркістан қоғамдарының саяси және мәдени өзгерістерін, жеке тұлғалардың бұл өзгерістерге қалай мән беретінін және бұл үдерісте қандай қарсылық көрсететінін қарастырады. Өлеңдер жеке тұлғаның әлеуметтік құрылымдағы орнын, оның жеке және ұжымдық тарихпен қарым-қатынасын және қазіргі әлемде өзінің жеке болмысын қалай құрастыратынына күмән келтіреді. Соның нәтижесінде қазіргі Түркістан әдебиетіндегі постколониялық жеке тұлға күрделі тарихи-мәдени контексттерде өзін танытуға тырысып, өткеннің ізін алып, болашаққа деген үмітін сақтайтын тұлға ретінде көрінеді. Бұл әдебиет жеке тұлғаның әлеуметтік және тарихи контексте қалай орналасатынын және бұл позицияның жеке адамға әсерін ашады. Мұнымен қоса, қазіргі Түркістан әдебиетінде постколониялық жеке тұлғаның позициясы көбінесе экономикалық қиындықтар, әлеуметтік қысымдар сияқты тақырыптар төңірегінде қалыптасады. Қорыта айтқанда, қазіргі Түркістан әдебиетінде постколониялық жеке тұлға бір жағынан қоғамды болашаққа бастаушы көшбасшы, отарлық стереотиптерге қарсы күресуші, ұлттық құндылықтар мен ұлттық идентификацияны жаңғыртушы, саяси әділетсіздіктер мен халықтың жоғын жоқтаушы бейне ретінде көрініс тапса, екінші жағынан қоғамнан шеттетілген, экономикалық тұрғыда әлсіз, қоғамда нақты өзіне тиесілі орны жоқ, материалдық жағдайының жоқтығынан моральдік тұрғыда көзден таса етілген, теперіш көрген бейне ретінде суреттеледі. Десе де, бір-бірімен үйлеспейтін екі бейненің де ортақ ұқсастығы олардың күрескерлігі және осы күрескерлікке талпынысы десек жөн болады деген ойламыз. Яғни, қазіргі Түркістан әдебиетінде жеке тұлға жеке тәжірибе ғана емес, кең әлеуметтік және тарихи контексттік позицияда орын алады деп қорытынды жасай аламыз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар