Кезінде Хрущев: «совет елінде бір ғана тіл мен мәдениет бар, әр ұлт үшін бөлек-бөлек тіл мен мәдениет керек емес» дегенде ұлтсыздандыруға қарсылық ретінде «Жас тұлпар» ұйымын құрғандардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов еді.
Қайраткер бұл жайында: «Тоталитаризм – бұл жою, теңестіру болғандықтан, бұл үшін ең қатыгез құралдар қолданылды және мұны бәріміз өз басымыздан өткердік. Бірақ мен әруақытта патриоттықты, ұлттық ізденісті қалаған едім. Әлі есімде, 60-70-ші жылдары Мәскеуде оқыған студент кезімде, неге екені белгісіз, грузиндер, литвалықтар, біздің қазақ, түркілердің санасы рухани, қарым-қатынас, байланыс жағынан өзара өте жақын еді. Сонда мен үшін ұлтшылдықтың осы түрі тоталитаризмді жоюдың құралы екендігі анық болды. Ұлттық деген нәрсе жалпы адамзаттыққа қайшы келмейді деп ойлаймын. Бұл абсолютті диалектикалық бірлік», – деп пікір білдірген екен.
Содан бері қаншама жылдар өтті, Мұрат Әуезов мәдениеттанушы ғалым ретінде руханияттың тарихи бастауларына үңіле отырып, тілдің, рух пен танымның мәдени ерекшелігі, бұл бағыттағы заманауи ізденістер мен оның уақытпен үйлесіміне зер салып, жалпы мәдениетке қатысты көп дүниені өмірден өткенше айтып кетті. Негізі бұл бізге керек әңгіме еді. Құлақ салмайтынымыз болмаса...
Соңғы сұхбат
Мұрат Әуезовтің соңғы сұхбатының бірі Майра Салықоваға берген «Знание стало оружием борьбы» деп аталатын екі бөлімнен тұратын сұхбаты болу керек. Соңғы сұхбатында адамның аманат сөзі бардай көрінеді де тұрады ғой, сондықтан, осы сұхбаттың кей тұсына тоқталып кетейік. «Әрі қарай қалай болатынын болжамаймын, әртүрлі адамдар келеді, қоғамдағы бұл адамдарға Фараби де, Махмұд Қашғари да керек емес. Бірақ біз өзіміздің бар байлығымыз – осы рухани қазынамыз екенін түсінуіміз керек. Біз қалай болғанда да білімсіздікке қарсы тұру арқылы ғана жасаймыз. Адамның бір-біріне, рухани мұраға жанашырлығы, жылулығы болмаса, қалған дүние қараң қалады. Руханилықты сақтау үшін қызмет етіп, әр нәрсені өз атымен атауымыз қажет», – деді сұхбатта Мұрат Әуезов.
Кейде ойлайсың, рухани деген тым биік те асқақ ұғым ғой. Ұлттың меншігі саналатын байлықты иемдену үшін сол ұлттың мүддесін сатудан тайынбайтын имансыздық, «екі жеп биге шықсам» деп қара халықтың обалынан қорықпайтын алаяқтық нақ жоғарыдан басталып отырғанда бізге осы руханилық тақырыбы әлі де алыстау ма деп. Бірақ, кеңірек ойлайтын осындай адамдардың сөзінсіз жаңа қоғам құру, жаңа түсінікке көтерілу де мүмкін емес. Тек бұл ойларды жалпыға қалай жеткіземіз? Қайсысына тезірек жетеді: алас-күлес шақта тез байып, ақшаның буына мас болған «жаңа» байлар, өз қағынан жеріп, ұлттың мүддесі дегенге қырын қарайтын, мемлекеттік тілді билікке жақындатпай отырған шенеуніктерге ме, әлде күнкөрістің соңында жүрген, тойда астаумен ет әкеле жатқанда ғана қазақ күйіне қол соғатын, «фанерщик» әнші-бишісін, керегі бар, керексізі бар салт-жоралғысын да бір тойдың үстінде көретіндіктен, тойды мәдени кеңістік деп есептеуге жетіп қалған жалпы жұртқа жете ме? Ойланасың.
Мұрат Әуезов Олжас Сүлейменовті ерекше атап отырды. «Әртүрлі позиция, түсінікте болғанымызбен, Олжас мейірімді, мен қатал болдым» деді. Сұхбат барысында Майра Салықова ақсақалдың сөзін бөле бергендей көрінгенімен, «Жас тұлпар» ұйымының құрылуын тарихи ерлік ретінде бағалағаны, сонау жылдары Мәскеуде студенттердің Олжаспен кездесуі жайындағы естелігі әсерлі шықты. Сол кезде «түркі жұртының тұтастығы» деген мәселе бір бүйірінде жүргендіктен де Олжастың сөзін тыңдауға келген түркі халықтары, кавказ халықтарының өкілдері залға сыймай кеткен. Бұл әсіресе, Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттері мен аспиранттарына қатты әсер еткен. Шынымен де бұл кез тоталитарлық жүйенің нағыз күшінде тұрған, түсі суық, қулығы мен қаруы сайлы кезі еді ғой, осындай кезде «Аз и я» еңбегі жазылған.
Сұхбат басында ақсақалдың: «Отыз жылда көп нәрсе жасалды, қазақ тілінің жағдайы да біршама көтерілді» дегенінің мәнін онша түсініңкіремей отырдық (біздің түсінікте бұл басқашалау, өндіріс салынбаған, істелген жұмыстың өзі емес, «өйттік, бүйттік» деген дақпырты көп болған, жағымпаздық пен жемқорлық асқынған отыз жыл ғой), әңгіме ортасына таяғанда барып ол кісінің сонау жетпісінші жылдары қазақтың қалаға келуіне шектеу қойылған, қазақ мектептері сирек болған кездегі қазақ тілінің жағдайымен салыстырған мысалдары арқылы қазақтың ұлт ретіндегі үні шығып, көп мәселеге ашық көзқарасын білдіру тұрғысынан біршама жақсы өзгерістерді меңзегенін түсіндік.
Екі бөлімнен тұратын сұхбат барысында Мұрат Әуезов пассионарлық туралы айтты. Ал бұл бізге өте керек әңгіме!
Пассионарлар – қоғамның қозғаушысы
Мұрат Әуезов пассионар тұлға ретінде бірнеше адамды атап шықты. Олардың қатарында Махамбет те, әріден Бопай ханым да, беріден біздің әлемге танылған шахматшы қыздарымыз да аталды.
Пассионарлық жайында 20 ғасыр ортасында Л.Н. Гумилев өзінің «Жердің биосферасы мен этногенезі» еңбегінде жазған екен. Яғни «пассионар» терминінің иесі болып Гумилев саналады. Ғалым тұжырымынша адам үш түрге бөлінеді: пассионарлар, субпассионарлар, үйлесімдегі адамдар. Жалпы адамның көпшілігі қолайлы ортада, жақсы жағдайда өмір сүру үшін барынша жақсы жұмыс істеп, қолынан келгенін жасайды. Одан артыққа жүрмейді, бұлар – үйлесімдегі адамдар. Өздерін сақтау инстинктері жоғары. Бұлардан бөлек, бойында артық қуат-күші мол, ширақ, сергек адамдар болады, олар өзінің бір идеясына беріліп, сол жолда тыным көрмейді. Олар үшін өзінің өмірінен гөрі идеясының жалғастығы (ол кейде утопиялық болуы да мүмкін) қымбат. Қара басының жағдайын күйттеудің, күнкөрісті ойлаудың орнына үнемі дамуға, алға жүруге, үнемі бірдеңені өзгеруге талпынатын, әлдебір мақсатқа жетуді ойлайтын бұлар тек белгілі бір уақытқа дейін емес, қашан діттеген межеге жеткенше тоқтамайды. Бұлар – пассионарлар. «Пассио» сөзінің мәні «құштарлық» сөзінен шыққан екен, яғни идеяға құштарлық.
Субпассионарлар - өркениетті елдерде гей парад өткізіп жүргендер. Әдетте бұлар басқа үшін жауапкершілік алмақ түгілі, өзін асырауға да құлықсыз. Не біреудің есебінен күн көреді, не ата-анадан қалған мұраға ие болады. Тіпті табыс тапқан күннің өзінде жеке қажетіне ғана жұмсайды. Субпассионарларға маскүнемдер, наркомандар, ұсақ қылмыскерлер кіреді, кейде олар пассионарлардың қарауына тап болса, жалдамалы жұмысшы не жалдамалы жасақ болуы мүмкін.
Негізгі құрамын тек қана үйлесімдегі адамдар құраса, ол халық тиісінше дамымай қалуы мүмкін деген тұжырымға келген Гумилев бұндай халықты персистентті, реликт деп атаған. Яғни тек пассионарлары барда ғана сол халықты тірі деуге болады. Бұларды екінші сөзбен ұлттың, халықтың даму инстинкті деп атауға болады дейді. Әрине, Гумилевтің адамның қай түрге жататыны оның тегіне тікелей байланысты екенін айтатын генетикалық бейімділік гипотезасы барына қарамастан, оның бастапқы жіктеуіне қарсылар да көп. Дегенмен кейінгі кездері ғалымдар DRD4 – қазіргі уақытта танымал ген ішінде «авантюристік ген» аталатын түріне «Пассионарлық ген» деп атау беріп, зерттеуге кіріскен екен. Яғни дофамин түзіп шығатын (бақыт гормоны) осы гормон адамдардың миграциялануына әсер етті деген гипотеза бар, соның арқасында адамдар өз туған жерінен жырақтап, алысқа кетіп, тиісінше дамып отырған.
Ғалымдар егер кез келген ұлттың пассионарлары көп болса, онда сол ұлттың дамып-жетілуі де соған сай көрсеткіште болатынын айтады. Ал керісінше субпассионарлары көп болса, онда ол қоғам қара су сияқты тұра береді. Бірақ, пассионарлар табиғи сұрыптау нәтижесінде азайып отырады екен, өйткені олар үнемі бірдеңені өзгерту жолында қауіптен қорықпай, өздерін құрбандыққа шалумен болады. Этникалық жүйедегі пайыздық үлесі төмендеп бара жатқан пассионарлардың саны тіпті аз қалғанда этникалық жүйе не мүлдем күйреп, не динамикалық жағдайдан статистикаға өтеді екен.
Бізде пассионарлар көп пе?
Біз, мысалы, тәуелсіздік алғалы бері кейбір бүркелген деректерді ақтарып, үңіліп, ұлтты ұлт ретінде сақтап қалуға қызмет еткен шын мәніндегі зиялыларды тануға қадам жасадық. Бұлардың бір тобы – халықты оятуға күш салған, мемлекет ретінде көтереміз деген анық мақсатқа қызмет қылған Алаш зиялылары еді. Сүттің маңызы қаймағында екенін білетін сұрқия саясат ұлттың ақыл-күші саналатындарын әлсін-әлсін іріктеп алып, жоқ қылып отырды. Бұл процесс жүйелі түрде жалғасқаны құпия емес. Біздің тани бастағанымыз – Әлихан, Мағжан, Жүсіпбектен берідегі Қайрат, Алтынбек, Атабектер, ал ел болу мұраты жолында шейіт кеткендердің нақты қанша екенінің әлі есебін шығарып болғанымыз жоқ. Біздің өте ұмытшақ халық екенімізді ойласаңыз, әл-әзірге арманда кеткен арыстарымыздың ең болмаса саны мен себебін түгендейтін де шамада еместігімізді шамалай беріңіз. Мысалы, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының орын алуы да кездейсоқ емес еді, онда, әрине, жастар таңғаларлық рөл атқарды, бұл да көшпелі қоғамның көшпелі дәстүрінен жеткен еркіндік рухынан бастау алып тұр.
Сүттің бетіндегі қаймағы қандай қалың болса да, әлсін-әлсін қалқып ала берсең сұйылып, ақырында сүт маңызынан, нәрінен айырылатыны сияқты, әр кезең сайын нешетүрлі айып-сот түрімен ұлттың ерік-күші мол, бас көтерерлерін, еркін ойлайтынын тауып алып, сол күйі атып, асып, қамап, жоқ қыла бергеннен де бүгінде біздің өзі азғантай ұлтымыз шын ақылманы, шын данасы, шын серкесі қалмаған жетім ұлттың күйін кеше бастады. Несін жасырамыз, соңғы он жылдағы ұлт тағдырына қатысты мәселенің бәрінде де осы жайт анық байқалды. Біз қуғын-сүргіннен көз ашпаған ұлтпыз. Жаугершілік заман, патшалық басқару кезеңін айтпағанда, совет келгелі бері аштық, репрессия, соғыс, сталиндік саясат салдарынан орны ойсырап қалған ұлт жақсылары мен қаншама туған-туыстың өлімі бекер болып, құны сұраусыз кетті. Әлбетте, репрессиялық формалар аллергия тудырып қана қоймайды, бойда үрей қалдырады. Кейінгі кездері қоғамда, ел алдында жүрген азаматтар арасындағы жиі бой көрсететін құбылғыштық, өзгерімпаздық соны аңғартады. Басында белсеніп шығып, ұлттың көкесі, жанашыры сияқты рөл ойнағандар межеге жетіп үлгермей айнып кетіп жатты. Халықтың бүкіл сенімін күл-парша қылды. Олар өзінің бар болғаны саяси ойынның шебер ойыншылары екенін, түптеп келгенде өз қара бастарының мүддесіне ғана қызмет ететінін көрсетіп қойды.
Сұрақ шығады? Бізде қазір пассионарлар бар ма? Жоқ деуге болмас. Бірақ, көп емес. Тіпті сирек деуге болады. Олай болса осындай ерекше жігер иелерін табиғаттағы азайып бара жатқан биологиялық заттар, өсімдік не минерал сияқты қорғап, әділетпен қорғауымыз керек.
Ұлының ұрпағы космополит пе?
Орталық Азия, Ресей, Қытай т.б. елдерде баяндама жасап жүрген Мұрат Әуезов қытай әдебиетіне, поэзиясына, философиясына жақын синолог ретінде жер бетіндегі халықтардың, ұлттардың алдында тұрған түбегейлі мәселелерге, оның ішінде Қытай этноцентризміне алғаш назар аударған адам. Ол кісінің қытайды ертерек зерттеуді қолға алуы керек дегенін көбіміз білеміз. Оның көп еңбектерін бағалайтындар да, бар, оны космополит деп есептейтіндер де бар. Шамасы бұл Мұрат Әуезовтің көп нәрсеге толерантты қарайтын көзқарасына қатысты айтылатын болу керек. Өзі туралы осындай пікір барына қайраткердің өзі де қанық па екен: «Мен космополитпін бе? Жоқ, мен жастайымнан отаршылдыққа, империяға, тоталитарлық режимге қарсы күрес жолын ұстанған нағыз қазақпын. Мен жол жиегімен жүрдім, кейбір кітаптарды таңдағаным кездейсоқтық емес» депті қайраткер бір сұхбатында.
Мұрат Әуезов – ұлы адамның ұрпағы. Ол әкесі Мұхтар Әуезов жайында құрметпен былай деп жазады: «Мен әкемді жақсы көремін және оның өмірімде барын үнемі сезінемін. Ол әлемдік шедеврлерді жасаушылардың арасында өзін тең дәрежеде көрсетті. Мен олардың мұрасын бағалай білуге, әр замандағы халықтардың асқақ туындыларына тәнті болып, содан шабыттандым... Ол менің Қытайды зерттеп, тіл үйренуімді, сол үйренгенімді Қазақстан тарихына қатысты еңбектерді аударуға пайдалануымды қалады. Қытаймен ұзақ уақыт танысу – менің тағдырым болды».
Ізгілік мұраты
Мұрат Әуезовтің бірнеше сұхбатын тыңдап шықтық. Қазір елдің бәрі асығыс, қарбалас болғандықтан, ғалымның кейбір ойларын «Әдебиет порталының» оқырмандарына қазақшаға аударып, қағазға түсіріп, ықшамдап бергенді жөн көрдік. Себебі, біз саны жағынан көп емес, әлеуеті жағынан да шамасы белгілі ұлт ретінде бір ғана нәрсені мақсат қылуымыз керек. Ақыл күшін көбейту мақсаты.
«Қысым көру, азап шегу, еркіндік пен әділет ұғымдары адамдарды біріктіреді. Ол кейде халықтардың қандай тілде сөйлейтініне де, қандай мәдениетте екеніне де қарамай, рухын бір мезетте көтеріп кете алады. Ал бірақ ұлттың әдебі, дегдарлығы деген нәрсе шынымен басқа нәрсе, ол халықтың тамырынан нәр алып, күнделікті өмірде көрініп отырады. Кей халықтың тарихын қарасаң керемет сияқты, ал іс жүзінде басқаша. Мысалы, Кант, Фихте, Лютерлері бар жұрттың тарихынан Освенцим, нацизмнің ең қорқынышты, радикалданған түрін көресің. Бұл этикалық қарым-қатынасты тарихпен қалай байланыстыруға болады?» Осылай дей келіп Мұрат Әуезов қазақ ұлтына қатысты оптимистік көзқарасын білдіреді: «Бұл кеңістік маған қымбат, өзін-өзі тәрбиелеген көшпелі сана-сезіміміз жалпыға ортақ, әмбебап, өз ішіндегі еркіндік мұраты бұлтсыз, шын мәнінде мұнымен мақтануға да болады. Бірақ қажет жерінде қатал болу керек, кейде текетірес орын алып, Ахура-Мазда мен Ангра-Манью әлемдері (зороастризм ұғымдары) арасындағы тартысты айналып өтуге болмайтын жағдайлар болады. Бірақ, ең бастысы өз бағытыңды танып, өз міндетіңді атқару».
Әлемді көп аралаған, әртүрлі адамдармен көп араласуға мүмкіндік алған бұл адам мейірімділікке, әділдікке ғашық екенін қайталаудан жалықпаған екен.
«Біздің мұрат – ізгілік, этика, адамгершілік, бір сөзбен айтқанда жарық сәулеге талпыну. Менің ойымша, бұл жолда бір-біріне жақын адамдар көп болады. Бірақ, қажет болған жағдайда ізгілік зұлымдықпен күреседі», – дейді ол. «Адамзаттың биік аспан, жұлдыздар, күн сияқты мәңгілік тіректерінің бірі – әлемдік мәдениеттің жауһарлары. Бұлар бізді жылытып қана қоймайды, бұл баға жетпес байлығымыз да. Мен осыдан жылу сезіне отырып, біздің ұлттық амбицияларымыз жалпы адамзаттық деңгейге жеткенде өзін-өзі ақтайды дегенге сенем. XX ғасыр қарсаңындағы тарихты жақсы білесіздер, әсіресе, еуропалық адамзат әне-міне, ағартушылықтың, мәдениеттің, бірліктің, еркіндіктің, теңдіктің ғасыры келеді деген қиялмен өмір сүрді. Бұлар келді, тек Гегель ескерткен әрбір құбылыстың ішінде өзін теріске шығарудың бар екенін, мысалы, бостандық бар жерде құлдық қаупі барын, бірлік барда бөліну қаупі барын, теңдікте езгі бар екенін және т.б. ескермеді. Бізге оңайырақ, біз постмодерндік дәуірде өмір сүріп жатырмыз және біз көп нәрсені концептуалды түрде, олардың тұтастығында бағалай аламыз. Біз бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін күресуге дағдыланғанбыз, әркім өз жерінде бейбітшілік үшін күресу керектігін түсінеміз», – деген Мұрат Әуезов әлемді нәсілге, қанға байланысты бөлшектеуге болмайды, өйткені ғалам ортақ, біз сол ғаламның біртұтас адами тағдырымызды құрайтын жиынтық активтеріміз, осыдан келіп біз бүкіл дүние-жаратылыспен тұтастықтағы біртұтас тарихтың жиынтық нәтижесіміз деп есептеген.
Мұрат Әуезовтің видеоэсселері
Мұрат Әуезовтің 15 бөлімнен тұратын видеоэссесі бар, өте мазмұнды лекция, бұл үшін «Абай» телеарнасына рахмет, өте жақсы жоба болыпты. Қайраткер онда «Ұлы кітаптардың біздің ең сенімді серігіміз» екенін айта келіп, Жібек жолының тарихи маңызы, ортағасырдағы Қытай еліндегі тан дәуірі кезеңінің гүлденуінен бері тартып, киіз үйдің көшпенділер әлемінің айрықша белгісі екеніне тоқталады.
“Гильгамеш” эпосы, Лао-Цзы мен Конфуцы, көшпенді өркениеттің пайда болуы, Гомер мен Шекспирдің әлемдік шығармалары, сонымен бірге ғалам сырын Библия арқылы тануға қатысты тұжырымын, көшпенділер мен олардың философиясы, жиырмасыншы ғасырдың қазақ өміріне не әкелгені, қазақтың аштықтан қырылған қайғысы мен тоталитарлық жүйе жайында айтады. Уақыттар арасын жалғаушы кітаптар – көне түркі поэзиясы, ақ пен қара дүниесі, дана Тоныкөк, Талас өзені жағасындағы шайқас, ежелгі түркілер дәуірі жайында; уақыт аралығын жалғаушы жіптер – қағанаттар шайқасы, Қараханидтер кезеңі, білім культі, сонымен бірге «әлемдегі қарама-қайшылықтар, бұл жол бізді қайда апарады?» деп сұрақ қоя отырып, Гумилев ілімі, Әл-Фарабидің ақиқатты іздеуге қатысты қаншама ойларын береді. Байқағанымыз, Мұрат Мұхтарұлы екі әлемге: көне ортағасырлық қалалар әлеміне және көшпенділер әлеміне айрықша назар аударады, көшпенділікті қозғалыс күйі ретінде танып, «адам және кеңістік» мәселесін қаузайды.
Мұрат Әуезовтің ғасырлар тереңіне үңіліп, ғасырларды бір-бірімен берік жалғаған ұлы кітаптар: Махмұд Қашғари сөздігі, Жүсіп Баласағұн, Фараби еңбектері жайындағы айтқандарын, бабалар мәдениеті, сопылық, мәңгілік құндылықтар, мұсылман ренессансы, жағрапиялық ұлы жаңалықтар, әлемдік ұлы тарих араласуы, әсіресе, көшпенділер эстетикасы, беріде қазақ интеллигенциясы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, еркін рухтың өлмеуіне қатысты ойларын асықпай тыңдап шықсақ, біз өзіміздің кім екенімізді ұға түсер едік. Тап қазіргі өліара шақта бізге өзіміздің кім екенімізді, ата-бабамыз кім болғанын, тарихымыз бен мәдениетімізді білген бәрінен де пайдалы.
Қазір халық кредитімен алысып, тұрмыс түйткілдерінің қысымында қалды, әркім өз қотырын өзі қасып, ұлттық мәдениеттің біртіндеп күйреуі сезіле бастады. Қоғамды боссөзділік жайлады, ұлтқа тәуелсіздіктің мәнін, қадірін өз деңгейінде сезіндіруге, түсіндіруге тиіс адамдар да бос мақтан, жалқаулық, даңғойлық дертіне ұшыраған. Егер елді басқарушы адамдарда ұлтты алға бастар ортақ мұрат, ұлттық мүдде сияқты үлкен мақсат-мүлде жоқ болса, тәуелсіздікті өз тұғырында ұстап тұру да өте сенімсіз. Біздің ұлт ретіндегі бағытымыз – жеке жауапкершілік идеясымен, еркіндік идеясымен байланысты болса ғана, ұлттық рухты сақтау қағидаларына сүйене аламыз. Осы жерде Мұрат Әуезовтің мына сөзін келтіре кетейік. Біз бұны жайдан-жай алып отырған жоқпыз.
«Ұлттық болмыстың фашизм сияқты тұрпайы формаға айналатын кезі болады. Ол әсірелікке айналып асқынғанда. Менің ойымша, біз бұндайдан аулақ болуымыз керек. Мысалы, Ресейдің белгілі қоғам қайраткерлерінің сөйлеген сөздерін тыңдасаң, Ресейдің болашағын тек империя ретінде ғана көріп қалайтыны немесе түсінетіні анық көрінеді, ал бұл империяның өз аймақтық мүдделері бар, демек, осы аумақты, осы аймақты иемденуге құқығы бар болып шығады. Бұл үшін тарихты бүркеп, бұрмалап, өтірік айтуға тура келеді», – дейді қайраткер.
Біз әлі де біздің тілді, елді менсінбейтін, реті келсе ұлттың рухын қорлағысы келіп тұратын, қазақтың кеңдігін ұдайы бас пайдаларына пайдаланып қалуға тырысатындар санын азайта алмай отырмыз...
Ұлттың мұраты – үлкен мәдениетке жету
Мәдениет дегеніміз – білім-ғылым мен даму жолы. Мемлекет қайраткерінің ютубтегі сұхбаттарын тыңдап отырып, оның айтып жүрген идеясы, мұраты – тек Мұрат Әуезовтің мұраты ғана емес, біздің ұлттық мұратымыз болуы керегін түсінесің. «Өткен заман мұрасы мен басқа халықтардың тәжірибесі – өзін-өзі байыта алатын, қажет және қайталанбайтын рухани құндылықтарды жасайтын мәдениет» деп пікір айтқан екен ғалым. Бізде бұған дейін жоғары гуманизм дегеніңіз халық жырлары, халық эпосы, бертінде Абай арқылы сіңіріліп келді. Ал бірақ, тап қазіргі шақта рухани танымымыз қай деңгейде?
Бірлі-жарым оқырманды, соңғы кездері кітап клубтарында бас қосатын жастарды айтпағанда, жалпы оқымайтын ұлтқа айналып барамыз. Европаның бүгінгі адамы күн сайын 11 сағатын медиаконтентке жұмсайды екен. Бізде бұған қатысты арнайы сауал жүргізілген жоқ, пәленбай миллиондаған қаржы жұмсалатын халық санағының өзі қалай болса солай жүргізіліп жатқанда, кітап оқуға қатысты нақты зерттеу жүргізіледі деу ерте шығар. Бірақ зерттеусіз-ақ, бізде көркем шығарма мен философияға қатысты дүниелер сұраныстан қалып, өзімен-өзі тұйықталып бара жатқанын көріп отырмыз. Қазір халықтың дені инстаграмда, тиктокта отыр, бірақ, әлеуметтік медианың уақытыңды байқатпай ұрлағаннан бөлек, депрессия мен ішкі үрейге әкелетінін де ғалымдар айта бастады. Ал, оқу керісінше, мидың жасушаларын жасартып, ерте алжудың алдын алады, қиялды дамытады, көп дүниеге көзін ашады. Жалпы оқыған ұлт қай заманда да озады.
Ұлттың негізгі мазмұны не болуы керек? Бұл жерде тым ұзақ пәлсапаның қажеті жоқ, өйткені ұлы өнер, ұлы поэзия, ұлы әдебиет және жалпы алғанда, әлемдік мәдениеттің осы жауһарларының бәрі бір мазмұнды қамтиды. Осы арқылы халықтың биологиялық, физикалық, рухани деңгейі, бір сөзбен айтқанда өмірсүйгіштігі көрінеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.