«Сен сұлудың» сыры
Бұдан жиырма бес жыл бұрын, бірде бөлмедегі радиодан беріліп жатқан әнге құлақ тосып отырып, белгілі ақын Сағи Жиенбаев ағамыздан:
– Осы «Бәрінен де сен сұлу» деген Шәмшінің әнінің сөзі Майшекиндікі емес, Мағжандікі екені рас па? – деп сұрадым.
– Рас деуге де, демеуге де болады, – деді ол кісі. – Деуге болатыны –Мағжанның дәл осындай атақты өлеңі бар, деуге болмайтыны – сол өлеңді Мақсұтбек ақсақал көшіріп алмаған. Ықшамдап, әнге лайықтап, буынын өзгертіп, қайта жазып шыққан.
Мағжанның өлеңі он бір буынды:
Білем анық жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жұрқ еткен майда нажағай сұлу.
Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,
Күміс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әдемі аспан – төбедегі көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып, қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқылдаған айдыннан
Күн шығарда көтерілген қу сұлу.
Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлі сұлу дүние,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Ал Мақсұтбек Майшекиннің «Бәрінен де сен сұлуы» сегіз-ақ буыннан тұрады. Сенбесең, салыстырып көр. Айтары бір болғанмен басқа өлең.
– Бәрібір қайталау ғой. Плагиатор!
«Жиендіктің» нағыз өзі.
Міне, қараңызшы:
Жаз күнінде жайнаған
Масатыдай жер сұлу.
Аққу-қаздар тойлаған,
Айдын шалқар көл сұлу.
Нұрын төккен қырмызы
Аспандағы күн сұлу.
Жымың қаққан жұлдызы,
Айлы кеште түн сұлу.
Тәрбиелі, тамаша
Бал мінезді жар сұлу.
Таңданарлық қараса,
Талай абзал бар сұлу.
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу.
Өзім сүйіп ұнатқан
Бәрінен де сен сұлу!
– Бұл – бар болғаны ана өлеңнің көлеңкесі, екінші нұсқасы. Плагиат! Осы ұрлығы түбінде ашылады деп қорықпай ма? Жазықсыз атылып кеткен жанның еңбегін қымқырғандардың өзін де құрту керек қой! – дедім мен қызбалана.
– Тым қатты кеттің ғой. Сен мына түріңмен қазақ ақын-жазушыларының жартысын қырып саларсың. Тәк-тәк-тәк... Безобразие, – деп Сәкең әзілге бұрып, сырбаз жымиысына салды.
– Сонда немене, өстіп, «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, біреуіміз Сәкеннің «Сыр сандығын», екіншіміз Ілиястың «Құлагерін» иемдене берсек не болғаны? Әншейіндегі тырнақ астынан кір іздеген қырағы сыншылар осындайда қайда қарайды?
– Ақталмаған адамға ешкім араша түсе алмайды. Екіншіден, «айтып істеген ұрлық – ұрлық емес» деген бар. Кімді болсын жөн-жосықсыз кінәлай салу, сыртынан соттау оңай. Майшекин деген мықты ақын болмас, тіпті ақын да емес шығар, бірақ жақсы адам болатын. Білуші едім. Көп жылдар бойы Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған. Ол: «Бұл – Мағжанның атақты өлеңі, Мағжанның өзі ақталмаса да, өлеңін ел айтып жүрсін деген ниетпен мұны Шәмшінің әніне арнап әдейі қайта жазып, өз атымнан тараттым, тағдыры арашаланған кезде басын ашып, иесіне қайтарамын», – деп, ешбір жасырмастан үнемі айтып жүретін. Және ол жарықтық «Мағжан түбінде ақталады» деуден танбай кетті. Сондықтан ән жинақтарында «сөзін жазған М.Майшекин» деп тұрғанымен бұл өлеңнің негізгі сарыны Мағжан Жұмабаевтікі екенін басқаны қойып «үш әріпке» дейін түгел біліп болған шығар. Жағдай осындай. Ақталмаған адамның аты да аталмайды. Литода қара тізім тұр. Қағып тастайды. Заманның беті біртіндеп бері қараса, Мағжан да қайта оралар. Мен бұл жерден ешқандай ұрлық, «жиендік» көріп тұрған жоқпын. Таза ниеттен туған ғой. Меніңше, Мағжаннан сөз ұрлағандар басқа бір мықтылар ма деймін. Ақталуына жан-тәнімен қарсы болып жүргендер солар сияқты. Әйтпесе Мағжанның кімге зияны келеді? – деп Сағи аға ми-ықтан жымиып қойды.
Сол күннен бастап, марқұм Мақсұтбек Майшекин деген ақсақалға көзқарасым түзеліп, ішім жыли бастады. Бұрын атын естісем жиырылатын едім. Әндер мен әншілер жөнінде жазылған шағын кітапшасын да оқып шығып, оның өнерге деген іңкәр жүрегін түсінгендей болдым.
Қайдасың, Мағжанның «Жаңғырығы» ?
– Шіркін, Абайдан арыда да, беріде де Мағжанға жетер лирик жоқ қой! Сен оның мына бір өлеңін тындашы, – деп серпіліп алған Сағи аға бұрын-соңды мен естімеген бір әдемі өлеңді жатқа оқи жөнелді.
Жырдың тұла бойы суретке тұнып тұр. Көзге елестейтіндей мөлдірлік. Тау ішіндегі жолаушы. Айлы түн. Мұнартқан тау суреті. Ат дүбірі. Жаңғырық. Жалғыздық.
Жолаушы жаңғырықпен тілдеседі.
«Өлем бе, – дедім, – қаңғырып?»
«Өлесің!» – деді Жаңғырық...
Тау шатқалындай түбі терең, құзар мұң. Зерігу мен торығудың арасындағы күй. Өмір, болмыс, шындық деген бұл дүниелік ұғымдардың бәрі шынайылығын жоғалтқан, көрген түстей алдамшы, жаңғырыққа айналған. Және мұның бәрі осы өлеңнің астарында жатқандай, ашық айтылмаған. Жаңғырықтың тілімен тағдырдың өзі сөйлеп тұр: «Өлесің!..»
Сағи аға:
– Бұл Мағжан Жұмабаевтың «Жаңғырық» деген өлеңі, – деді.
Өлеңге қатты қызықтым. Сөзсіз классика екенін сездім. Суреті көз алдыма келді. Әсерлі. Әредікте есіме түсе берді. Маған бұл өлең ұлы ақынның бүкіл шығармаларының ішіндегі ең сұлуы көрінді. Осыңдай өлең жазғым келді.
Мен Мағжанның атын алғаш бала кезде Сәкен мен Сәбиттің шығармаларынан кездестіріп, Әбділданың «Өмір жөне поэзиясыңда» мысал үшін келтірген өлең шумақтарын оқып, кемшілігін түсінбей дал болған едім. «Мынадай жақсы өлендерді несіне сынайды екен?» деп басым қатқан. Қай жерден оқысам да, кілең сынап-мінеу. Сөйтіп жүріп, жыр жолына жаңа түскен сонау ізденгіш өспірім шақтың өзінде-ақ менде Мағжан жырларына деген іштей қызығушылық оянған. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, оның жырлары қолға түспеген соң өзіне тартқан өзгеше жұмбақ, тылсым әлем болып көрінді.
Жетпісінші жылдардың басында университеттің алғашқы курсында жүргенімде ақын Несіпбек Айтовтың жалға алған пөтерінде есікті іштен іліп алып, екеуміз Мағжанның қолдан көшірілген бір топ өлеңін жасырын оқығанымыз бар еді.
«Профессор Рымғали Нұрғалиевтен алдым» деген ол сыбырлап.
«Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу», «Гүлсімге»... т.б. төгіліп тұрған лирикаларды ентелей оқып, өреміз жеткенше, өзімізше талдаған болдық.
«Сөз жоқ, әдемі өлеңдер, сұлу сезімдер». «Керемет! Ұлылық лебі есіп тұр». «Кей жолдарда символизм көзге ұрады. Өз заманының мықтысы». «Біздін заманға да келіп тұр, кеше ғана жазғандай». «Сырт пішіні ескілеу ме қалай? Кейбір ұйқастары да әлсіздеу... Әрине, өлең техникасы бір орнында тұра ма?» «Мына өлендерде партия мен өкіметке қарсы түк жоқ қой. Жа-риялануына несіне тыйым салған?» «Ол үшін алдымен ақынның өзі ақталуы керек». «Ұлтшыл, пантүркистік өлеңдері бар деуші еді, оларын коя тұрып, осындай зиянсыздарын шығара берсе қайтер екен?» «Кеңес өкіметіне теріс қарап, шетел асып кеткен Бунин, Бальмонт сияқты Мағжанмен тұстас бүкіл ақындарын орыстар әлдеқашан ақтап алып, шығармаларын жарыққа шығарыпты. Әрине, олардың идеялық-саяси адасуларын, көзқарасындағы қателіктерін ашып көрсетіп жазған. Бізде де сөйтсе ғой! «Халық жауларының» бәрі әлдеқашан ақталған жоқ па?» Пікірлеріміз осы төңіректен аспаған.
Бірақ ол кезде мен, шынын айтсам, Төлеген Айбергеновтың өлеңдеріндегі мінсіз сұлулықты құлай жақсы көріп, оған ешкімді теңгермейтін едім. Өзге ақындардың шығармаларына Айбергеновтың при-змасымен, өлшемімен қарайтынмын.
Содан ба, әлде бір дегеннен тісім бата коймағаннан ба екен, менде ол тұста Мағжанға еліктеу-солықтау болмады, соңына түсіп іздеп, қуалап оқи да қоймадым.
Бір жолы Алматыдағы «Шахта» деп аталып кеткен асханада сәл қызыңқырап қалған Мұқағали ағамыз зор құлашын жайып, қос қолының саусақтарын жазып жіберіп, ауаны көлденең қайшылап, көзін жұмып, шашы төгіліп, «Әлдиле, өлім, әлдиле мені де, өлім, әлдиле» деп зор дауысымен күркіреп отырғанын көрдім. Өз өлеңі болар деп ойлағанмын. Өйткені, Мұқаң сол тұстағы бір отырыста «өліп қаламын ба деп қорқып жүргенін» айтқан болатын. Бұл өлеңнің Мағжандікі екенін сәл кейінірек естідім.
Сол жылдарда Жазушылар одағына – келіп жүрген, түр-тұлғасы кинодағы үнді ханымдарына ұқсас, елден ерекше киінген, ақ жаулықты, қараторы өңді, айрықша ұялы қара көзді, бетіне әжім жүгіре бастаған, кексе тартқан келісті бір әйелді көріп, ақын Дүйсенбек Қанатбаев ағамыздан:
– Мына кісі кім? – деп сұрағанымда,
– Мағжанның әйелі Зылиха апай осы, – деген жауап алғанмын.
– Мағжанның әйелі? Ол кісі тірі ме еді?
– Тірі болғанда кандай? Мағжанды ақтатам деп өмір бақи осылай жүгірумен жүр. Олжас пен Әнуар Әлімжанов, Мұрат Әуезовтер барып, халін біліп тұратын көрінеді. Мен оны Мәриям Хакімжанова сияқты ақын апалардың бірі ме деп қалған едім. Сосын беймәлім тарихтың көзін көргендей, ұзап кеткенше Зылиха апаға ұрланып қарай бергенім есімде.
Енді бірде «Қазақстан» баспасында істейтін сыншы ағамыз Қуанбек Боқаев өз әріптесі Ғалым Мұхамеджанов деген ақсақалға мақтауымды келістіре таныстырған соң ол:
– Ақын болсаң – Мағжанша жаз! – деп табиғатқа, қысқы жолға байланысты мен естімеген бір-екі өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Тұнып тұрған сурет. Ұлттық бояу. «Бұл ғасырда Мағжанға жетер ақын туған жоқ. Бала кезде оқығаннан жатталып қалған өлеңдер ғой» деген ол. Ұлы ақынның кітабын қайдан табуға болатынын сұрағанмын.
– Кайнекей Жармағамбетовте бар еді. Ол кісі қайтыс болған соң біреу алып кетіпті. Ал Ғабеңде бар. Бірақ ол кісіден сұрай алмайсың. Жалпы Мағжанның кітабы кейінгі жылдары Түркияда басылған көрінеді, – деп жауап берген Ғалым ақсақал.
Сөз ұстасы Ғабит Мүсірепов қайтыс болған күні жазушы Жайсаңбек Молдағалиев аға кездесіп қалып, мені «шалдың шаруасына көмектесейік» деп ертіп алды. Аз-мұз қолғабыс тигізіп, онсыз да кісі көп болғасын үйге қайттым. Неге екенін білмеймін, жол-жөнекей, түнгі трамвайда келе жатып, Ғабеңнің кітапханасындағы Мағжанның кітабы туралы ойладым. «Жетім-сіреп қалатын болды-ау». «Қайнекейдегі кітабы секілді әлдекімнің қолтығында кетеді-ау». «Кім де болса, жырдың бағасын білетін жөні түзу біреуге бұйырса екен». Күндердің күнінде қайта жарық көретініне сенімім кәміл еді. Ал соңыра Сағи ағадан естіген «Жаңғырық» маған ерекше ұнады. Жаңалық ашқандай болдым. Қайталанбас жауһармен танысқанымды бағамдадым. Өлең жүрегімнің бір түкпіріне орнап, кей-кейде есіме түсетінді шығарған еді. Енді осы өлең арқылы менде Мағжанға деген ыстық ықылас, жаңа құштарлық оянды. Ол кезеңде, жетпісінші жылдарда Мағжанның өзінен гөрі оның орыс, Еуропа поэзиясындағы ұстаздары мен тұстастарының өлеңдерін тауып оқу оңайырақ болатын. Солай істедім де... Кітапханаға барып жүріп, алдымен символистерді шетінен індетіп, еңсере бастадым. Олардан Мағжанды, ол оқыған мектебін көрдім. Акмеистер мен имажишистерге, футуристерге де зер салдым. Кейінірек Артюр Рембо, Поль Верлен, Шарль Бодлер сияқты ту ұстар түпкі көсемдерінің де тамырын басып байқадым.
Ақыры әр кезде, әркімдерден алып, «Ақсақ Темірдің сөзі», «Шолпы», «Күншығыс», «Пайғамбар», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», т.б. сияқты өлең-дастандарын үзіп-жұлып оқи жүріп, Мағжан ақынды біртіндеп тани түстім. Бұл кезде поэзиямыздың олқысы Мағжансыз толмайтыны анық бағамдалған болатын.
1988 жылы Жазушылар одағында хатшылықта жүргенімде басшымыз Олжас Сүлейменовтың кабинетінде жабық есік жағдайында чекистермен кездесу болды. Оған одақ хатшылары мен басқарма мүшелерінің бір тобы ғана қатыстырылды. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орын-басары генерал Сапар Әбдірахманов бірнеше басқарма басшыларымен келіп, біздің алдын ала жазбаша дайындап берген бірқатар сауалдарымызға жауап берді. Кездесу тақырыбы — репрессия құрбандары және тарихи ақтаңдақтар-ды жою болатын. Біздің сұрақтарымыздың ішінде арыстарды ақтау мәселесі де бар еді: Әңгіме осыған тірелген кезде: «Мағжандарды ақтауға КГБ неге қарсы болып отыр? Олар кезінде жазықсыз жазасын өтеген жоқ па?» деген сұрақ қойдық.
Генерал С.Әбдірахманов:
– Сіздер бұл мәселеде Қауіпсіздік Комитетін босқа кінәлайсыздар. Олардың ақталуына қарсы болып отырған біз емес, өздеріңіз, өз жазушыларыңыз. Мынау – Мағжан Жұмабаев шығармаларын ақтау жөнінде 1961 жылы құрылып, жұмыс істеген мемлекеттік комиссияның. қорытынды қағазы. Біз осыған сүйенеміз. Мұнда «Кеңес өкіметі сау тұрған кезде Мағжан Жұмабаев шығармаларын акгауға болмайды» деп жазылған. Соңында комиссияның төрағасы ақын Әбділда Тәжібаевтың қолы тұр. Мінеки, сенбесеңіздер, көріңіздер, – деп құжатты алдымызға тастады.
Қағазды қолдан қолға өткізіп, ары да, бері де айналдырып қарап, Әбекеңнің аты-жөні мен өзі қойған таныс қолын көріп, қайтарып бердік. Бұл біз күтпеген жауап еді. Ештеңе айта алмай, үніміз өшіп қалды. Шынын айтқанда, жерге кірердей ұялып кеттік. «Өз қолыңды өзің кесемісің» деген-нің кері келді.
– Егер осындай басқа бір арнаулы үкімет комиссиясы құрылып, олардың шығармаларын ақтап жатса, біз қарсы емеспіз, – деді генерал.
Міне, сол тұста бір топ жастар ұлы арыстарымызды ақтау, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселе көтеріп, Жазушылар одағында басшымыз Олжас Сүлейменовтың рұқсатымен алдымен «Жазықсыз ағалар жадымызда» және кейінірек «Мәдениет экологиясы» атты атышулы кештер де ұйымдастырған едік. Олжекең жол жүріп кеткен соң одақтың Қ.Тұрсынқұловтан өзге екі-үш хатшысы «Жазықсыз ағалар жадымызда» атты кешті өткізуге үзілді-кесілді қарсы болып, жарнамаларымызды жыртқызып, әлек қылды. Әрқайсысы алдымен партияда жоқ ең жас хатшы менімен жеке-жеке қатаң сөйлесті, көне коймаған сон екінші хатшының бөлмесіне шақыртып, бәрі жабылып қысып, райымнан қайтармақ болды. Ағаларымнан естіген сөздерім: «Екінші Желтоқсан жасағың келе ме? Осындай даңғазаны үнемі өз атыңды шығару үшін істейсің! Жазушылар одағына кгбшыларды қаптаттың! Одақ сенің митинг өткізетін орның емес. Осыдан титтей тәртіп бұзыла қалса, жұмыстан қуыласың. Шыдап болдық...» Сонда да қыңырайып, көнбедім. Бағымызға қарай, шетелде жүрген Олжас аға келіп қалып, кеш өткізуге рұқсат берді. «Егер іштері толып жүрген жастарды Одақтың залына жібермесеңдер, олар көшеге шығып жиналыс өткізеді. Екінші Желтоқсан солай пайда болуы мүмкін. Сондықтан рұқсат берген жөн» деді ол секретариатта.
Одақтың мәжіліс залында ине шаншар орын болмады. Кешке арыстардың ұрпақтары да тайлы-таяғы қалмай келді. Осы кешті ашуға әуелде уәде берген Әлжаппар Әбішев ақсақал неден қорқып-сақтанғанын білмеймін, жеме-жемге келгенде қатысудан бас тартты. Дегенмен кеште аға жазушымыз Сафуан Шаймерденов аталы сөз сөйледі. Жиналыс өте қызу өтті. Біз осы кеште ақталмаған арыстарымыздың бұған дейін ұшыраспаған фотосуреттері мен кұжаттарын тұңғыш рет көріп, көзайым болдық. Арыстардың ұрпақтары бірінен кейін бірі сөйледі. Қазақстан компартиясының орталық комитетіне арыстарды ақтау туралы ұсыныс жолдауға қарар қабылданды. Есімде қалған бір жайт, осы кеште А.Байтұрсыновтың бір сирек фотосуреті қолды болып, жұртшылыққа әкеліп көрсеткен қызы зар қағып қалды. Көргендердің айтуынша, оны белгілі бір қаламгер-ғалым ағамыз кағып кетіпті.
Қысымға қарамай, кеп кедергімен әрең өткізген біздің бұл жиналыстарымыз, кейін білуімше (сол тұста ОК-те сектор басқарған академик С.Қасқабасовтың айтуынша), арыстарды ақтау туралы қаулыны қузауға оңды әсер еткен екен. Көп ұзамай орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің мұрындық болуымен ақжолтай қаулы да шығып, Мағжандар ақталды. Арыстарды, айналып келгенде, уақыттың өзі ақтап алды. Өйткені, бұл кезде, Сағи аға айтқандай, заманның беті біртіндеп бері қараған еді.
Бірде біз «Литературная учеба» журналының Алматыдағы күндерін ұйымдастырып, оған басқалармен қоса сексенінші жылдардағы орыс әдеби сыны «жаңа толқынының» көшбасшысы атандырған, бұл күнде Америкада тұратын Алексей Парщиков деген мәскеулік дарынды ақынды да шакырттық. Ол бізге Мағжанның аудармашысы ретінде қымбат еді. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері осы А.Парщиковтың аудармасымен Мәскеудің әдеби журналдарында жарияланды. Оған ұлы ақынның тағдырын түсіндіріп өлеңдерінің жолма-жол аудармасын беріп, аудартып жүрген біздің мәскеулік жазушымыз Роллан Сейсенбаев болатын. Қонақтарды Жазушылар одағының шығармашылық үйіне орналастырдық. Демалыс үйінде сол тұста Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апа мен қызы Ұлжан тұрып жатқан. Әбден қартайған, бірақ өзін бақытты сезініп жүрген Зылиха апаға ақынның бірден-бір аудармашысы Алексей Парщиковты ертіп апарып таныстырдым...
Апамыз қатты қуанды. Алексейдің Мағжаннан аудармаларын тауып оқыған екен. Аудармашы досымыз да сол жүздесуден қатты толқып қайтты.
Кешқұрым Жұматай, Ғабиден, Аманхан сияқты ақындарды қатыстырып, Мағжан ақынның мәскеулік тәржімашысының құрметіне Шығармашылық үйінде шағын дастархан ұйымдастырдым. Оған Зылиха апай өзі келе алмай, қызы Ұлжанды жіберді. Отырысымыз өте қызу, шулы болды. Біздің ақындар Парщиковтың аузын ашырды. Оған Жұматай Жақыпбаев өзінің орысша жазған өлеңдерін оқып, Аманхан Әлім орыс-еврей карым-қатынастары ту-ралы дәріс берді. Парщиков Гүлнәр Салықбаева туралы сұрады. Жамыраса мақтап бердік.
Мұның алдында Мәскеуге бір барғанымда мен Парщиковқа Гүлнәр Салықбаеваның өлеңдерін (жолма-жол аудармасын) берген едім. Оған қатты әсер етіпті: «Бізде қазір мұндай терең ақын жоқ, өзге, жаңа Цветаеваны оқығандай болдым. Тіпті бұл Цветаева да емес, бөлекше әлем. Оқып отырып, өзімнің өлең жазғым келді. Реті келсе, орысшаға аударамын», – деді. Сол Парщиков көп ұзамай мұхиттың арғы бетіне кете барды. Біздің Гүлнәрдың өлеңдерін аударған-аудармағаны беймәлім. 1993 жылы Анталияда Түркі халықтарының дүниежүзілік Құрылтайы болған кезде мағжантанушы тәржіман, түрік ақыны Фархат Тамырмен таныстым. Кейін де бірнеше рет кездестік. Бір басқосуда ауыздықсыз кеткен сыңарезу бір ноғай демократы қызды-қыздымен: «Қазақта батыр жоқ. Қазақтардың өз батырымыз деп жүргендерінің бәрі – біздің ноғайлының батырлары. Сырттан иемденіп алған", – деп салды. Сонда осы Фархат Тамыр жұлып алғандай: «Егер қазақтан сендердің батырларың көп болса, неге жерлерің аз?» – деп аузына құм құйған болатын. Фархат Тамыр қазақша таза біледі екен. Мағжан шығармалары арқылы бүкіл қазаққа ғашық болыпты.
Зылиха апа дүниеден озғаннан кейін Мағжанның шаңырағын ұстап қалған қызы журналист Ұлжан Жұмабаевамен Сыртқы істер министрлігінде біраз жыл қызметтес болдық. 1996 жылы мен оған Фархат Тамырдың өзі қолтаңбасымен сыйлаған Мағжан атасының түрік тіліндегі кітабын әкеліп бердім. Сол жылы Мағжан Жұмабаев атындағы республикалық мүшәйраға қатысып, бас жүлдесіне ие болғаным бар. Бір қарағанда Мағжанға түк қатысым болмағаныммен, өзімше іштей бір байланысым да бар сияқты. Ұлылықгың өзіне тартар магниті бар-ау. Әркімнің өз Мағжаны бар.
...Міне, жиырма жыл бұрын Сағи ағадан естіген сол өлең, сол «Жаңғырық» бүгін де есіме түсіп отыр. Әттең, екі-ақ жолы... Қалғаны ұмытылған. Ал сонда бұл өлеңді Сағи Жиенбаев қайдан жаттап алды екен? Кезінде тәптіштеп сұрамаппын. Енді пысықтай қоятын ол ақын да бүгін арамызда жоқ. Дүниеден кенеттен қош айтыспай кете кояды деп кім ойлаған? Бәлкім, оның мұраларының ішінен осы өлеңнің көшірмесі шығып қалар?
«Жаңғырықтың» жадымда барын іштей қайталаймын:
«Өлем бе, – дедім, – қаңғырып?»
«Өлесің!» – деді Жаңғырық...
Түгел ойға түспейді. Кезінде ұмытылмайтындай көрініп еді. Неге түгел жазып алмадым екен? Өкінішті...
Есте қалған екі жолының өзі бір дастанға татырлық. «Теңіздің дәмі – тамшысынан» дегеннің дәл өзі. Нағыз асылдың сынығы. Көзге ыстық, көңілге дәт.
Бұл «Жаңғырық» өлеңі Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісіндегі жинақтарында, баспасөздерде жариялануы мүмкін, бірақ кейінгі ешбір кітабында жоқ. Орны үңірейіп бос тұрғандай. Еш жерден ақынның осындай өлеңі бар деген дерек те ұшырастырмадым, іздеген де ешкімді байқамадым. Мағжантанушымын деп жүргендердің кейбірінен суыртпақтап сұрап байқасам, ешқайсысы естімеген, оқымаған. Кейде маған «Жаңғырықтан» қалғаны екі-ақ жол болса да, ақынның кітаптарына кіргізілсе қайтер еді деген ой келеді. Шумақтарын кейін түгендей жатармыз...
Қайдасың, қайда, «Жаңғырық»?..
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.