Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Үш кітаптың жүгін көтерген «Менің екінші кітабым» ...

22.07.2016 4021

Үш кітаптың жүгін көтерген «Менің екінші кітабым»

Үш кітаптың жүгін көтерген «Менің екінші кітабым»  - adebiportal.kz




Аптасына демей-ақ қояйын, айына бір кітап оқып тұру әдетім. Оқушы кезімде қолыма түскенді оқитын едім. Себебі қазақ тілді көркем әдебиет табу біз үшін арман болатын. Дегенмен әпкемнің Қазақстанда білім алуы менің бұл арманымды орындады. 93-97 жылдар аралығындағы рухани да, қоғамдық та тоқырауға тап келген менің оқушылық кезім, уызға жарымаған төл секілді қазақ әдебиетінің уызына жарымай өсуіме тура келді. Сол шөлдің сарқыншағы санамнан әлі шыға қоймаған ба, жаңа шыққан кітапты шамам келгенше тауып оқуға тырысамын.


Жақында сол әдетіммен тағы да жаңа шыққан кітаптардың тізімін жасап отырып «Менің екінші кітабым» деген кітапқа көзім түсе қалды. Иә, кім кітап шығармай жатыр, тіпті екінші ғана емес, 200-ші кітабы жарыққа шығып жатқан талайлар бар. Алайда, авторы қазіргі қазақ телевизиясында танымал, өзіндік қолтаңбасы бар журналист екенін көргенде кітапқа деген қызығушылығым арта түсті. Алғашықыда, «бұл кісі қашан бірінші кітабын шығарып еді?» деген сұрақ ойыма орала кетті. Мен секілді «кітап кеміргіштер» бұл кісінің әзірге кітап шығармағанын жақсы біледі. Ендеше неге атауы «Менің екінші кітабым?»


Тіпті, тележурналистикада жүрген әріптес әпкеміздің кітап жаза қоярына күмәнмен қарағанымды да жасырмаймын. Алайда, осы кітапты толық оқып шықпайынша ертерек тон піше қоюға болмайтынын түсінбейтін емес, сабырмен оқуға кірісіп кеттім.


Кітаптың кіріспесі осы кітап туралы күйеуінің ризашылығын, рұқсатын алумен басталған екен. Ішім жылып қалды. Дінде, исламда, тіпті қарапайым ғана қазақы тәрбиеде өмірлік серігінің рұқсатын алып, соның қалауы бойынша тірлік бастаған әйелдің тым бейтарап кетпейтінін білеміз ғой.


Суырылып сөйлеп, суыртпақтап тартып, сыршыл жолдарымен санаңызды сүйсіндіріп өзіне баурап әкететін сүлей сөзбен сүрлеуіне жетелей жөнелмесе де, шынайылығымен, өз өмір жолындағы әрбір сәтті, әрбір кезеңді бас-аяғы жинақы, шағын ғана тақырыпшалармен беру арқылы оқырманын жалықтырмай, алға ұмтылтып отырады.


Кітапты бастан-аяқ оқып шыққанда автордың өмір тарихымен танысып қана қоймай, әйел адамның, бала тәрбиелеп отырған ананың, журналистиканың әліппесін көрген, ақпарат қазанында қайнап, телевидениенің теңізін кешкен маманның теориялық лекциясын тыңдап шыққандай әсерде қаласыз.


Десе де, сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, бұған дейін ешбір кітабы шықпаған автордың неге бұл кітапты «Менің екінші кітабым» деп атағанына деген пенделік қызығушылығыңыз оянып, соның құпиясын ашуға құмартатының өтірік емес.


Кітаптың сырт бейнесін, дизайнерлік ерекшелігін байқап отырып, сындарлы сөз, салиқалы ой айтатын рухани қазынаның қайнарынан гөрі, ұмытшақтау қыздың күнделігіне көбірек ұқсайтын кітаптың ішкі безендіруі де өзгеге ұқсамайтынын байқауға болады. Автор үшін маңызды тақырыптардың соңына оқырманның ойын білгісі келетінін аңғартып, бір-екі ақ бет қалдырып, сол тақырып төңірегінде өз ойыңызды жазуға да мүмкіндік беруі жаңашылдыққа құштар жазушының тағы бір қырын аңғартады. Ал, кітапты оқып отырғаныңызда эмоция, көңіл-күйіңізді дөп басатын «смайлик» қойып қоюы да автордың қазіргі заманауи беталысты меңгере білуінде деп ойладым.


Кітапты толық оқып біткенде бір ғана кітапқа үш кітаптың жүгін артқандығын байқадық. Себебі алғашқы «Бастау» деп аталар бөлімінде автор 90-шы жылдарға тап келген тоқырау кезеңінде біреуден ілгері, біреуден кейін өткен балалық шағын, нарықтық әлемге бет алып, тәуелсіздік пен Кеңестік кезеңнің шарпысқан, қазақ қоғамы қыл үстінде тұрған 1995-2000 жылдарға сай келген есею жылдарын және қазақ журналистика саласына қадам басқан алғашқы қадамдарын тілге тиек етіпті. Әрине, жастайынан өз-өзінің толықтығына ренжіп өскен, күні бойы «үндемес шешенің» аузынан сөз сурып, «қаһарлы әженің» қабағына қарап өскен «кабаниха» қыздың балалық шағы ешкімге қызық бола қоймас. Десе де, бұл деректі хикаят болғандықтан сол дәуірдің тұрмыс-тіршілігінен толықтай дерлік хабар беретіні сөзсіз. Және осы бөлімді оқыған оқырманның келесі бөлімді оқуға деген құштарлығы ояна түсері де таиғи жағдай. Себебі, «кабаниха» қыздан халық таныған журналистің, сымдай тартылған сымбатты әйелдің, үш баланың анасы, адал жардың қалай қалыптасқаны әркімге болсын қызық болары анық.


Кітап екі-ақ бөлімнен тұрады. Алайда мен оқырман ретінде үш бөлімге бөліп алдым. Екінші бөлім автордың нағыз керекті, оқырмандары үшін ең пайдалы әңгімелер айтатын бөлімі. Бұл бөлімді тіпті, университеттерде журналистикада оқитын студенттерге лекция ретінде оқытса да артық болмас еді. Себебі мұнда «журналистика» деген «жалмауыз жанрға» қалай төтеп беруге болатындығы туралы егжей-тегжейлі айтылады. Әсіресе көркіне ақылы сай, ақылына аузынан шығар сөзі сай жас қыздардың журналистикаға келген сәттен бастап, оның «ас үйіне» араласып, төрінен орын алғанға дейінгі жүрер жол. Көрер қызығы мен шыжығы толықтай дерлік баяндалады.


Автор екінші бөлім атаған мен үшін үшінші бөлім болып есептелетін «Бақытты әйелдің құпиясы» атты бөлімде ұлттың анасы, елдің болашағы, ұрпақ тәрбиесі туралы өзекті әңгіме өрбіген екен. Әйел психологиясын, бала тәрбиелеудегі ұстанымдар, сәби құқы туралы тереңдеп талданған. Сонымен қатар осы бөлімде ер мен әйелдің қарым-қатынасы, отағасын сыйлай білу, ененің, қайын жұрттың, абысындар арасындағы ынтымақтастық туралы ерекше ойға қонымды сырлар айтылған.


«Кейін түсіндім, кез келген салада «бірінші боламын» деу қауіпті. Өйткені қандай жағдайда да сенен артық, сенен сұлу, сенен білімді, сенен талантты адамдар табылады. Сондықтан жай ғана, Алланың берген ақ таңына рахаттана білу керек...» - дейді автор. Расымен де, ол қай салада болмасын көшбасшылыққа ұмтылған жоқ. Алайда жетсем деген межесі, бағындырсам деген биігі, алға қойған мақсаты айқын. Соның арқасында бүгінгідей деңгейге жетіп отырғанын көруге болады.


Осы кітапты оқу ер адамдардан гөрі әйелдер қауымына пайдалырақ боларын баса айтқымыз келеді. Журналис те, тележұлдыз да емес, қарапайым ғана отбасы, ошақ қасында, балаларын тәрбиелеп, отағасының көңілін таба білетін ардақты ана болғысы келетін жандар үшін де бұл кітаптың берері көп.


Иә, қазіргі кезде «Балапан» телеарнасының басшысы, «Әйел бақыты» теле-шоуының жүргізушісі, қазақ тележурналистикасында өзіндік қолтаңбасын бар Ләйлә Сұлтанқызының «екінші кітабын» оқып шыққанда түйген ойымыз осындай болды.


Айтпақшы, кітаптың неліктен «Менің екінші кітабым» атануының себебін Ләйлә ханым былай түсіндіреді:


«Сол күнделігім – «Менің бірінші кітабым» ғой деп ойлаймын. Онда мен көрген, сезген, түйген дүниелерімді бүкпесіз жаздым. Мен сол бірінші кітабымның ішіндегі Ләйләні қазір танымауым мүмкін. Бірақ ол –бөтен емес, кішкентай мен ғой. Баспа бетін көрмесе де, онда сол кездегі, басқа Ләйләнің бар шындығы бар еді. Ал мұнда мен басқа шындықты, бүгінгінің шындығын тізіп отырмын. Сондықтан да бұл кітап – «Менің екінші кітабым» - дейді.


Қалай дегенмен де, журналистика саласында жүріп, қалам мен қағаздың, сөз бен істің қадірін білетін әріптес әпкеміздің әрі екінші, әрі алғашқы кітабының көтерген жүгі әжептәуір. Мемуар, естелік, арнау жазуға құштар қазіргідей ешкім оқымайтын жазушы, ешкімді танымайтын оқымыстылар көбейген қоғамда кітап шығаруға, кітап жазуға жүрексінбей қадам жасауы Ләйлә Сұлтанқызының кейінгіге әлі де берерім бар дегенді аңғартуы деп түсіндік. Ендеше, іске сәт, үшінші кітабыңызды күтеміз.


Ержан Жаубай

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар