Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
VI Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ...

12.04.2023 1375

VI Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі «Eurasian Book Fair — 2023» 14+

VI  Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі «Eurasian Book Fair — 2023» - adebiportal.kz

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» - деп һакім Абай айтпақшы, кітап оқудан жалықпайтын жастар еліміздің жарқын болашағына қалтқысыз қызмет етпек. Кітап оқуды насихаттап, интернеттің шексіз ақпараттарына төтеп беріп, өскелең ұрпақ өміріне лайықты кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру мақсатында «Eurasian Book Fair – 2023» Еуразиялық халықаралық кітап-жәрмеңкесі жыл сайын ұйымдастырылып жүргені көпшілікке белгілі. Бүгін осы кітап жәрмеңкесінің ұйымдастырылуына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек, ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Turkistan» халықаралық саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал теле-радио жүргізушісі Айкерім Есенәлі және «Фолиант» баспасының өкілі Қанат Бейсенғазин секілді тұлғалар баяндама жасады. 

Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылыми білім беру және полиграфия компанияларын ортақ зияткерлік алаңға біріктіруге мүмкіндік беретін Еуразия кеңістігіндегі ірі іс-шара. Шараның құрылтайшылары «Фолиант» баспа ұжымы, ал ресми қолдаушылары Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігі. 

Баспасөз мәслихаты барысында қазіргі кезеңде кітап көрмелерін өткізудің маңызы мен өзектілігі; қазақ тіліндегі кітап шығару; қазақ тіліндегі оқудың проблемалары, шешімдері, перспективалары және кеңінен насихаттау мәселелері; ғаламтор кеңістігіндегі тым көп ақпараттың болуы. сізге кітап оқу керек пе немесе қысқаша кітап, және 21 ғасыр адамдары; өскелең ұрпаққа оқуға тиісті кітаптар; әдебиеттегі өзгерістер: жастарға көркем әдебиет қызық па әлде нон-фикшн; кітап пен гаджеттердің айырмашылығы, ересектер мен балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалай тәрбиелеуге болады, электрондық және қағаз кітаптар, неге артықшылық беру керек; Азаматтық-патриоттық ұстанымның қалыптасуына әдебиеттің әсері; отандық/ұлттық әдебиеттерді оқудың мақсаттылығы секілді тақырыптар кең көлемде талқыланды. 

Модератор, Маржан Бахтиярқызы

Бүгінгі таңда интернет желісінің ықпалы күшейіп тұр. Тұтас ұлттың өскелең ұрпағын рухани азғындық пен сапасызданудан құтқаратын бірден-бір күш – кітап. Жиында алғашқы болып сөз сөйлеген  Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет:

«Армысыздар! Кітап-көрме жәрмеңкелерін өткізудің маңызы өте зор екенін бірнеше тараптан айтуымызға болады. Біріншіден, қазір әлем баспаларының өрісі кеңейіп, біздің Қазақстанға келіп, өздерінің үздік өнімдерін ұсынуы қуанарлық жәйт деп білеміз. Екіншіден, еліміздің баспалары тек өз қазанында қайнай бермей, әлем баспаларымен араласып, өз өнімдерін ұсынса екі арадағы бәсекелестік арта түсер еді. Үшіншіден, кітаптың өз тұрғысынан келуімізге болады. Кітап авторы үшін мұның маңызы зор. Себебі, баспалар арқылы қаламгерлердің шығармалары тікелей оқырман қауымға жол тартады. Жалпылама айтар болса, бұл үрдіс қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлесін қосады. Яғни, кітап-көрме жәрмеңкелері – мүмкіндіктер алаңы. Жазушылар үшін, баспа үшін, кітап үшін. 

Он жыл бұрынғы баспа ісі мен қазіргі Қазақстандағы баспа ісіні айырмашылығы зор екенін атап өткім келеді. Алға ілгерілеу байқалады. Ол баспа саласынан, кітап сапасынан, таратылуы жағынан жекелеген заңды тұлғалар тұрғысынан айтқанда. Ал енді мемлекет тарапынан да үздіксіз қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтпай қалсақ, айып болар. Мысалы, бізде қоғамдық маңызы бар кітаптарды сатып алу, басып шығару бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама екі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі, авторлардың қолжазбасын тікелей өзінен сатып алып, қаламақы төлейміз. Екіншісі, бұрын шыққан кітаптарды немесе  қайта басып шығаруға тиіс кітаптарды кітап палатасы арқылы қабылдап алып, мемлекет тарапынан шығарамыз. 2022 жылы 188 әдеби шығарманы басып шығардық. 48 әдеби шығарманы автордың жеке өзінен қаламақысын төлеп сатып алдық. Басылып шыққан 188 әдеби шығармаларымыз 506 000 данамен жарық көріп, Қазақстанның бүкіл кітапханаларына табыс етілді. Біздің жекелеген баспаларымыз да, мемлекетіміз де өте ауқымды жұмыс істеу үстінде. Орыс тілді кеңістіктің ауқымдылығы тек кітап саласына қатысты дүние емес. Оған дейінгі жолдарды да айтып өту керек. Бұған балалардың қолындағы смартфон, қаумалаған ортасына себеп шығар, бәлкім.  Балалар жазушыларының санын арттыру мақсатында  көптеген әдеби жобаларды жасау үстіндеміз. Мысалы, балалар әдебиетінің үздік туындысын анықтайтын бес миллиондық қаражаты бар «Айбоз» ұлттық сыйлығы секілді жүлде тағайындаймыз. Өткен жылы елімізде үлкен төрт кітап жәрмеңкесі өткізілді. Соның бірі осы Еуразиялық, халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі. Мысалы, бес күн ішінде 55 мыңға тарта оқырман көрмеге келген екен. Баспагерлердің айтуынша, бір жылда сатылатын кітаптар осындай кітап жәрмеңкелерінде 5-ақ күнде сатылады екен. Мемлекетіміздің саясатын жүргізу мақсатында дәл осындай кітап жәрмеңкелерінің өткізілгеніне қуанамыз. Қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз»,-деді.    

Айта кетейік, 19 мен 23 сәуірі аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында өткізілетін «Eurasian Book Fair – 2023» VI Еуразиялық халықаралық кітап-жәрмеңкесінің негізгі мақсаттары: кітап оқуды насихаттау; оқу мәдениетін қалыптастыру; әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи үздік ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; дүниежүзілік кітап басып шығару және полиграфия индустриясының тәжірибесін зерделеу; байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету. Қазіргі таңда көрме-жәрмеңкеге қатысуға Қазақстан, Ресей, Түркия және Қытайдың баспа, кітап сату, ғылыми, білім беру және полиграфиялық компанияларының өкілдері болып табылатын 70-ке жуық компания өтінім беріпті. 

Қазір кез келген кітап дүкенінің сөресі орыс тілді кітаптарға лық толып тұрады. Қазақ тілді кітаптардың шығарылымын көбейтіп, насихаттау қажет пе? Баспасөз модераторының «Қазақ тілді кітаптар сұранысқа ие ме?» деген сауалына ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Turkistan» халықаралық саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы:

«Қазір кітап көп қой. Оның бәрі сұранысқа ие деп айту қиын. Кітаптың өзі сұраныспен өлшеген дұрыс емес деп есептеймін. Мысалы, санаулы ғана адамдар оқи алатын шығармалар бар. Ол шығармаларды оқуға былайға оқырманның ой өресі жете бермеуі мүмкін. Жалпы, көркем әдебиеттің оқырманы қай уақытта да аз болған. Қазақ тілді шығармалар оқылмайды дегенге келісе қоймаймын. Бізде өте тамаша қазақ әдебиеті бар» - деп жауап берді. Ал осы қазақ тілінде жазылатын көркем шығармалардың насихатталуына қатысты пікір білдірген тележүргізуші Айгерім Есенәлі ханым: 

«Қайырлы күн! Жиырмасыншы ғасырда жарық көрген «Жұлдыздар шайқасы» атты ғылыми фантастикалық шығарма бар. Сол кітапты Қытай Халық Республикасының білім министрлігі өз елдерінің оқу бағдарламасына енгізіпті. Балаларды жаппай оқыту, олардың қызығушылығына ықпал ету арқылы біз Қытай мемлекетінде ғылыми технологияларға үлкен қызығушылығы бар ұрпақты көріп отырмыз. Және ол ұрпаққа нарықтың сұранысына ие дүниелерді алып келгенін көріп отырмыз. Кітапқа қызығушылық тек қана жоғары өресі бар адамдардың талғамына сай деудің өзі бір жақты пікір деп ойлаймын. Инфо-бизнестің жаңа деңгейі – кітап шығару. Біреудің біреумен қосылып, ғашық болуы кітапқа жазылып, әлеуметтік желіде танымалдыққа ие болып, сатылады. Тираждары он мың, жиырма мың, отыз мың... Бұл жерде кітап оқымайды деп айта алмаймыз. Меломанда кітаптардың сатылу деңгейі өте үлкен. Бізге жай ғана баспа ісінің әрі жоғары Министрлік тарапынан сұранысты зерттеуге арналған арнайы талдау жүргізілуі қажет деп ойлаймын» - деді.

«Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап-жәрмеңкесі ересектер үшін де, балалар үшін де бірдей қызықты болатын бес күндік ауқымды мәдени және іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрмеге қатысушыларды Қазақстандық және шетелдік жетекші баспалардың балалар, көркем, оқу және ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтарының тұсаукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессиялары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер күтілуде. Бес күнге жоспарланған көрмеде балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және т.б. бойынша шеберлік сабақтары өтеді. Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Үміткерлер келесі номинациялар бойынша бақ сынасады: үздік оқу құралы; балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап; үздік өлкетану басылымы; Мәдениет және өнер; ғылым және инновация; гран-при. Сондай-ақ, көрме барысында бағалы сыйлықтар ұтысы мен иллюстраторлар байқауы өтеді.

«Фолиант» баспасының өкілі Қанат Бейсенғазин: «Еуразиялық, халықаралық Eurasian Book Fair – 2023» кітап көрме-жәрмеңкесі Фолиант баспасының ұйымдастыруымен алтыншы мәрте өткелі отыр. Бұл жерде түрлі кітаптар ұсынылады. Сырттан да, өзіміздің Қазақстандық баспагерлердің керемет туындылары ұсынылады. Жаңа әріптестерім әдемі бір әңгіменің шетін қозғап өтті. Фолиант баспасының өзінде ғана 2022 жылы үш жүз кітап басылып шықты. Маркетинг жүйесі өте жақсы жұмыс істеуі тиіс. Біздің Фолиант баспасының маркетинг бөлімі айтулы шараның барысында жақсы жұмыс істеуде. Себебі, жасөспірімдер мен балаларды кітапқа қызықтыра білу үшін әуелі сата білу қажет қой? Артықшылығын көрсете білу қажет қой? Сондықтан, Фолиант баспасы бұл жағынан алда келе жатыр десем болады. Кітаптары сапалы, жақсы авторлармен ғана жұмыс істейді. Және әлемнің ең үздік авторлары мен Қазақстандық авторлардың ең тамаша туындыларын реттеп алып, қолжетімді бағада оқырмандарға ұсынып отыр» - деді. 

Гаджеттердің және ғаламтордың пайда болуы өмірімізді жеңілдеткені рас. Кітапты телефон арқылы оқу әлдеқайда жеңілірек. Өзіңізбен алып жүруге ыңғайлы. Әрі ақша үнемдеуге де жақсы. Модератордың «Баспа кітаптары өтімді ме, әлде электронды кітаптарды ұсынып, оқыған тиімде ме?» деген сауалына ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек: 

«Мәскеуде «Миф» атты үлкен баспахана бар. Бірде сол Мәскеуде өткен жәрмеңкеге барып, баспагерлердің электронды кітап жөніндегі семинарына қатысып едім. Арзан, ыңғайлы, қолжетімді деген әңгімеден бөлек сонда айтылған бір тезис өте ұнады. «Электронды кітаптар неғұрлым дамыған сайын, біз ормандарды соғұрлым сақтаймыз» деген әңгіме еді ол. Біз ақындар гуманисттеу келеміз. Орман сақталса, біздің планетамыздың өкпесі жақсы демалады деген түсінік бар оның жағында. Электронды кітаптардың өзі пәлен түрге бөлінеді. Болашақта видео форматындағы кітаптар да шығатын шығар. Біз қалай болғанда да ескінің соңы, жаңаның басымыз ғой. Сондықтан, екі кітап та ұнайды. 

Бірақ, оның бір қызығы не оқығанымды ұмытып қаламын. Біздің заман адамдарының визуалды жады қатты дамыған шығар, мүмкін. Ковид індетінен кейін есіңде ештеңе қалмайды өзі. Дегенмен, заманмен алыса алмаймыз. Болашақта электронды кітаптар көбейе бермек. Кітап оқу қазіргі жастардың арасында сәнге айналып келе жатыр. Мен өзім жастар не оқып жүргенін көріп, солармен бір толқында болғым келеді. Екіншіден, бізде барлығын мемлекетке ысырып тастау деген мәселе бар. Мемлекет институты әуелі дұрыс заңдар қабылдауы қажет, және сол заңдардың орындалуын қадағалауы ләзім. Мысалы, баспа ісіне келейік. «Неге мемлекет кітап сату ісін жолға қоймайды» деп жатырмыз. Бұл – мемлекеттің шаруасы емес. Мемлекеттің шаруасы, баспа ісіне байланысты дұрыс заң шығару. Бізде ондай заң жоқ. Демек, баспа нарығы заңмен реттелмеген. Баспа нарығы реттелмегеннен кейін әркім өз білгеннін істейді.Мемлекет осы мәселені реттеп берсе, баспа ісі жақсы дамиды деп есептеймін» - деді.

Көрменің барлық күндерінде облыс стендінде және Форумда жазушылармен кездесулер, әртістер мен театр актерлерімен қойылымдары, мәдени бағдарламалардың тұсаукесері өтеді. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері шақырылған. Ашылу салтанаты 19 сәуір күні сағат 11:00-де Мәңгілік Ел даңғылы 53/1 мекенжайы бойынша «EXPO» ХКО фойесінде өтеді. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар