Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

16.10.2018 9565

Хамит Балшабеков

Хамит Балшабеков - adebiportal.kz

Еліміздің Шығыс өңірінде Тарбағатай тауы кең құлаш жайып, Алтаймен қол ұстасып жатыр. Сол Тарбағатайдан бағзы заманнан шыққан ірі тұлғалар, батырлар, билер, ақындар аз емес. Киелі мекеннен шыққан сондай адамдардың бірі ақын Хамит Балшабеков. Ақын 1939 жылы 20 желтоқсанда Қытай Халық Республкасы, Тарбағатай ауданының Үшқарасу деген жерінде дүниеге келген. Руы Найман ішіндегі Қаракерейдің Байжігітінен тарайтын Сайболат табының Қошқарбайынан болады. Әкесі Балшабек Қытай жерінде болыс болып ел басқарған адам. Қарттардың айтуы бойынша Балшабекке өңкей қарабас ала жылқы біткен. Бір көш кезінде Балшабек байдың жылқышылары қалың тұман, қара бұлт кезінде бір орында жылқыны иіріп тұрып қалған екен. Сонда Балшабек бай: «Қара бұлтты қақ жармаған қарабас жылқының киесі құрысын. Айдаңдар!» – деп жылқыны айдатып ары қарай тоқталмай көшкен екен. Міне сондай әкенің өнегесін көріп, бала күнінен халықтың ән мен жырын жаттап өскен ақын жастайынан өлеңге құмар болған. Хамит ақын Дүрбілжіңдегі жеті жылдық орта мектепті бітіріп Үрімжідегі тас жол қатынас техникумына оқуға түсіп, оны қытай тілінде оқып бітіреді.

Шекараның арғы бетінен ақынның отбасы 1962 жылы көшкен елдің алдыңғы легімен Қазақстанға оралады. Кеңес үкіметінің көшіп келген елді шекарадан алыс орналастыру саясатының арқасында Жезқазған аймағындағы Жетіқоңыр совхозына қоныстанған. Қарағанды педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түседі. Бірақ ол оқуын аяқтай алмай кейін Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебеті факультетінде білімін жалғастырған.

1970 жылы ақын Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті аулына көшіп, сол ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарған.

Тарбағатай өңіріндегі Әрімжан Жанұзақұлы сынды ақындардың мектебін жалғастырған ақын атамыз айтыскерге тән суырып салмалылықпен де табан астында өлең шығара беретін болған. Ел аузында «Хамит айтты» деген қуақы әзіл өлеңдері сақталған. Солардың ішінде газет беттеріне шыққандарын өзгертпей ұсынайын.

Жетпісінші жылдары Хамит Балшабеков үй мәселесі жағынан біраз қиындық көріп жүреді екен. Бір жағынан сол үйдегі апамыз да: «Кеңірек үй сұрамайсың ба, бастықтардан» деп қыңқылдай беретін көрінеді. Сонда ақын:

Ел сияқты ебім жоқ ұғысатын,

Мықтылармен тіл тауып шығысатын.

Өлең саған бере ме үш бөлме үй,

Әйелім күнде болды ұрысатын.

Мұндайда мен байғұста ес қалама,

Аяулым-ау, мені енді шымшылама.

Ыстықтасаң сыртқа шық, аспан ашық,

Аспаны бар адамдар тұншыға ма, – деген екен.

Ақын сөзі жерде қалмай бұл сөз басшылардың құлағына жетіп кеңірек үй беріліпті.

Кеңес дәуірі кезінде ақын сол кездегі аудан орталығы Ақжардағы сыраханаға бас сұғып, бос үстел іздеп тұрса, бір үстелде әріптес бауыры, ақынжанды Сайлаухан Сағидолдиннің отырғанын көріп, оған:

Кездескенде ақындар мен ақындар,

Туыстан бетер жақындар.

Дәл осы жолы, бір нәрсені

Ұйымдастыруға хақың бар, – деген екен.

Сонда Сәкең атып тұрып ағасын күтіп жіберіпті. Сөйтіп Хамит Балшабеков астанаға бармай-ақ өз ауылында қоңыр тірлік кешіп 2007 жылы дүнеден өтті. Сүйегі Шілікті ауылының қорымында жерленген. Енді ақынның өлеңдерін оқыңыздар.

Ерназ Дүтіхан

Поэзия - сезім нәрі сымбатты,
Басқан жерін, жүрген ізін гүл жапты.
Алпыс екі тамырыңды иітіп,
Сырлы сазын, сиқыр назын тыңдатты.
Әр жолынан шаттық күйі естіліп,
Әр жолында жан тербетер мұң жатты.
Табиғаттың тас емшегін жібітіп,
Ақ қайыңның жапырағын жырлатты.
Оның үнін ақын ғана түсінер,
Сондықтан ол адамзатқа қымбатты.



Поэзия - арман, ару, періште,
Айналасын лық толтырған жеміске.
Қажет етсең айналады өріске,
Айналады толқып жатқан егіске.
Уақыттың ұлылығын айтады,
Шындығыңды шығармайды теріске.
Сол арқылы түсінеді адамдар,
Әлемдегі тартылыс не, тебіс не?...
Қантамырын замананың бақылап,
Бастайды ылғи жақсылыққа, өр іске.
Оның тілін нақ түсінген шын ақын,
Мәңгілікке жетеді екен жеңіске...

***

Ақындар деген елденмін,
Арманды елмен бөлгенмін.
Астаң-кестең тірлікке,
Алаулау үшін келгенмін.
Арым менен барымды,
Аяулы елге бергенмін.
Аумағы кең өмірдің,
Асылын ғана тергенмін.
Ақындар деген жұрттанмын,
Аспан боп талай бұлттандым.
Аққудай ару көрінсе,
Ақ сұңқар болып сұқтандым.
Адамның ұлы қасиетін,
Ақ жүрегіммен ұққанмын.
Аялдап тұрмай ойпаңда,
Асқарға беттеп шыққанмын.
Ақындар деген жан едім,
Арайлы аппақ таң едім.
Аршындап өскен ортаның,
Араларында бар едім.
Ақтарылсам ағымнан,
Алатопан күй едім,
Асқақтаған ән едім.
Азғана мына ғұмырда,
Алақаныңа ал елім!
Ардақтым болып қал елім!

***

Біреу тойып, біреу тоңып секірген,
Біреу шәйіп... біреу байып жетілген.
Күлдіреді, жылатады тіршілік,
Әйтеу өмір сипамайды кекілден.

Күн артынан күн туады тағы бір,
Өзгермейтін табиғаттың заңы бұл.
Түсінгенге өмір-өзен тынбайтын,
Түсінбеске су ма, у ма бәрі бір.

***

Қалдырып Өскемендік қауымды артқа,

Ертең мен аттанамын ауыл жаққа.

Тонналап өлең жырды тиесең де,

Тәңірім жол салмағын ауырлатпа.

Жетейін Шіліктіме ауылыма,

Берейін сәлем Сайхан-Сауырыма.

Қалды ма көңілімді тозаң басып,

Шомылып сергиінші жауыныңа.

Қарайын Тарбағатай тауларына,

Аппақ нұр аспанымнан саулады ма?

Секілді ақ орамал көлбең қағып,

Ақша бұлт «Аршалыға» аунады ма?

Жетейін жетсем жаным тағат табар,

Бәрі де құшақ жайып қарап қалар.

Бір қыран болушы еді ертеректе

Бар ма екен, болса ол да қанат қағар.

Қалдырып қаладағы қауымды артқа,

Қой енді аттанайын ауыл жаққа.

Өзімнен бұрынырақ жет өлеңім,

Салмағын сағыныштың ауырлатпа.

***

Аяулы адам түсіме көп енеді.

Ақ мамасын ұсынады, береді.

Ажал оны алып кетті келмеске.

Аман-есен жүргені де жөн еді.

Аяулы анам түсіме жүр жиі еніп,

Ақ қайыңға тұрады ылғи сүйеніп.

Аппақ өзі кетті ме екен ағарып?

Арманына жасай алмай иелік.

Анам менің көп еніп жүр түсіме,

Аңсатқан бұл сағыныштың күші ме?

Аңырып қана қарап тұрып сонан соң

Ақ сағымның кетеді еніп ішіне.

Анасызбын мен де тақыр кедеймін.

Амалсызбын бұл тағдырға не деймін?

Анам менің көп енеді түсіме

Алапаты болса керек көп ойдың.

***

Біздің дала басынан көпті өткерген.

Өксік үнін тыңдаған өкпек желден.

Ақ сүйекті мүк басып ойпаттағы,

Қаққан қазық желпілдеп көктеп жерден.

Өрт ораған жерінде гүл бүр ашып,

Күн нұрына шомылып тұрды ұласып.

Желөкпе жел ентігіп қуалайды

Бара жатқан қаңбақты қырды асып.

Бозторғайдың шырылы боз даланы,

Әлдилейді ақселеу қозғалады.

Аптап шоғын сіңіріп өңбойына

Табанында тарғыл құм қозғалады.

Жаңылмайтын ешқашан дүрмегінен,

Алуан-алуан өрнек сап іздерімен.

Қоңыраулатып ертеңге бара жатыр,

Өмір дейтін толассыз бір керуен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар