Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жабал Ерғалиев: Қайран, қазақтың ірілері-ай...

31.03.2017 5400

Жабал Ерғалиев: Қайран, қазақтың ірілері-ай

Жабал Ерғалиев: Қайран, қазақтың ірілері-ай - adebiportal.kz

Осылай деп ойлы да салиқалы парасат пайымымен тебірене толғаған жан сырымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик, қазақтың біртуар азаматы Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Асылдарым» атты эссесі арқылы биік те адал сөйлеуді міндеттеп, тіпті аманаттап тұрғанын сезінесің және сол үлгілі ізгілікке абзал ағаның өзі бастап жол салып отыр.

«Өнегесін көрген, тәлім алған ағаларымды көп сағынамын. Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Бәзбірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, ішін өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым!» деп шарқ ұрып іздеу салғым келеді».

Мырзатай Жолдасбеков.

(«Егемен Қазақстан» газеті,

6 қаңтар 2011 жыл.

«Асылдар» эссесінің бастау сөзі).

Қазіргі заманның ағымына орай өмірге деген көзқарасы да, ойы да, ниеті де, ұстанымы да өзгеше ұрпақ қалыптасып келеді. Тіпті, осы күні қолы бір нәрсеге жетті-ау дейтін, былайша айтқанда, аузына ел қарай бастаған бүгінгі жастардың, соның ішінде ой-санасы, білімі мен бітімі тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жас ұрпақтың сөзіне құлақ түрсеңіз, дүние жаңа жаралғандай, тіршілік енді басталғандай, өздеріне дейін ешкім болмағандай, бәрін де бір өздері ғана біліп туғандардың көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Бұған бәлкім, біздің жас ұрпағымыз кінәлі де емес шығар. Бұған бәлкім, әлі де болса, өзімізді өзіміз тани алмай, тіпті өткенімізді бүгінгілерге таныта алмай келе жатқан қасіретіміздің салқыны да тиіп отырған болар. Бірақ, сол бүгінгі ұрпаққа айтар және де келер әрі болар тарихтың беттеріне жазылар сөзді қазір кім айтуы керек?! Міне, гәп осында!

Бізді осы бір ойларға жетелеген жай «Егемен Қазақстан» газетінің № 2–10 сандарында ара салмай жарияланған белгілі ғалым, алдын көрген ұстазым Мырзатай Жолдасбековтың «Асылдарым» атты эссесі болды. Бірден айтайын, Мырзағаңның осы дүниелері Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты атақты шығармасынан кейінгі соңғы жылдары сүйсініп оқыған дүниелерімнің бірі болғандығын айтудың өзі ләзім.

Тектілерден қалған текті тұяқтардың тағылымын бүгінгі ұрпаққа айтып, тебіреніп, төгіле де асылдарын сағына жеткізе білуімен бірге шапағатын көп көрген өз ағаларына деген Мырзатай Жолдасбековтың бойындағы адалдығы мен жан тазалығын осы бір эссенің тұтас құрылымы анық байқатып отырады. Біз мұны Мырзағаңның қазақтың қасиетті ұлы әдебиетіне деген құрметі мен сыйы, өткенге тағзымы, бүгінгісіне тәубесі, тағы да ағаларына деген адалдығы деп танысақ етті. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» деген атам қазақтың бір айтқаны болса, сол жай қазақтың біртуар азаматы Мырзатай Жолдасбековке жат екендігіне сүйсіндік. Осы күні Мырзатай ағаның атағының алдын орайтын, абыройының биігіне көлеңке түсіре алатын жан иесі жоқ екендігі бола тұра, сол бүгінгі өзінің тұлғалы да, ірілік биігіне қарамастан, қазақ халқының дара да дана ұлдары жайлы дана пейілімен, дара көңілімен, таза сағынышының үнімен сөйлей білгендігі, абзал ағаның өзін де тағы да бір көз шалмас асқар шыңға көтеріп, көз алдымызда асқақтатып жібергендігін қайтерсіз!

Мырзағаңның жан жылуымен, жүрегінің алауымен, адал көңіл-ниетінің сиясына малынып жазылған осы бір эсселерін оқи отырып, ұлтымыздың ұлы тұлғалары Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов жайлы жан сырын, жан сырын емес-ау, жалындаған жан жырынан біз білімі де, бітімі де, жаратылысы да ерекше дара тұлғалардың қасиетін кеңінен тани түскендей болдық. Және сол кемеңгерлердің кемелділігін Мырзағаңмен бірге біз де бірге сағынатын күйге түстік. Бұл ненің құдіреті?! Бұл ең әуелі Мырзатай Жолдасбеков жырлап отырған... тағы да қайталап айтамын, жырлап отырған кемеңгерлердің киесі мен қасиеті болса, одан кейін сол кемеңгерлікті кемеліне келтіріп, кемел ойымен, үлкен әрі нәзік жүректің қылымен шерте білген сазды бір сөз әуенінде жатса керек-ті.

Шіркін, қазақтың ірілері-ай! Қайтіп сүйсінбессіз?! Қайтіп сол ірілердің іріліктері мен тектіліктерін сағынбассыз?! «–Бәлі, Мырзатай шырақ, өте жақсы сөйледің, біліп сөйледің. Сын осындай шын болуы керек. Расын айтпаған жалтақ сынның әдебиетке пайдасы жоқ. Әсіресе, өздерің секілді әдебиетке жаңа келген біздің жастарымыз әділ болулары керек. Сөзің ұнады. Білімнің пайдасы деген осы,–деп іштарта сөйлеген Мұхтар Әуезовтің, «Мүтәлләп, сенің ең шауып шыққан жерің – мектеп директорлығы. Елге, Көкшетауға қайт. Ренжіме. Өзің отырған үйді мына Мырзатайға бер, қаңғып жүр, бұл жігіттен үлкен үміт күтіп отырмыз, әдебиетші ғалым болады,–деп үйсіз-күйсіз жүрген Мырзағаңның жас отбасына Алматыдағы бір мектептің директоры болып жүрген өзінің туған жиенінің үйін алып берген есті Есмағамбет Ысмайыловтың іріліктеріндей ірілік те, адами қасиет те енді қайдан болсын, шіркін! Біздің де көңіл осылай тебіренеді.

Мына ірілікті тағы да қараңызшы, Мырзағаң 1969 жылы «Көне әдеби ескерткіштер және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын бес сағат бойы сәтті, тіпті өте сәтті қорғап шыққан сәтте: «Бұл күрделі тақырып! Докторлық сұрайын деп тұрмын!» – деген жарықтық Әлкей Марғұланның... «Келші, Мырзаш, қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға тереңдеттің!» – деген жайсаң Зейнолла Қабдоловтың... «Бүгін Таластың қара тайы бәйгеден келді» – деген жампоз Ғайса Сармурзиннің осы бір үш ауыз сөзіне тәнті бола отырып, шіркін-ай, осындай ірілік ендігі бүгінгі қазақ зиялыларының бойына дарыса екен деген оймен тағы да тебіреніп кетесің бір сәтке. Жасыратыны жоқ, сондай ірілікті біздің де аңсап, іздеп жүрген жайымыз бар...

«Қайран ұстаздарым. Қайсыбірін айтайын!» – деп осы бір-екі ауыз сөзбен тағы да тебіренер Мырзағаңның да жан дүниесі сол асыл ағалары мен ұлы ұстаздарының іріліктерінің қасиетімен қалыптасып, сомдалғандығын және де бүгінгі күні өзінің де «Асылдарым» деп ірі сөйлей білуінің де түп-тамыры ұлылардан алған тәлім-тәрбиесінде және соны жүйрік көңілі мен зейінді көкірегіне тоқи білгендігінде жатқандығын, өзінің жаратылысының тектілігінде екендігін аңдап, пайымдадық. Қазір сөзінде де, ісінде де, мінезінде де ірілігі жоқ, алайда кеуделері ғана ірілердің көбейіп тұрған осы бір шағында, өмірдің осы бір талма тұсында біз Мырзағаңның «Асылдарым» деп өзі таныған асылдарын, абзалдары мен жайсаң да жақсыларының аруақтары алдында және абзал ағаның өз асылдығының алдында да басымызды исек етті!

Мырзағаң осы эссесінде өзіне, өзіне емес-ау, өлшеусіз еңбегіне жасалып отырған әділетсіздікті де зілсіз айтып өтеді. Соған байланысты біз де өз ойымызды ортаға салғанды орайлы санадық.

«Қазір қазақ әдебиетінің тарихын күні кеше басынан қиындықты өткермегендей, баяғы заманнан зерттеліп келе жатқандай қабылдайды жұрттың бәрі. Ақиқатында бұл үлкен арпалыстан туған еңбектің жемісі еді. Мұның басында табанды Бейсембай Кенжебаев тұрды. Қасында біз болдық. Тарихтың шындығына жүгінетін болсақ, әдебиетіміздің түп-тамырын, көне дәуірін менен бұрын арнайы зерттеген ғалым болған жоқ. Шындығы осы. Тасқа қашалып жазылған көне түрік жырларын да осыдан 45 жыл бұрын алғаш жаңашалаған (аударған) мен едім. Менен кейін оны қайта аударған, арнайы терең зерттеген кісі болған жоқ, – деп бір айтса, тағы да: «Сол аудармаларымды бүгінде сілтемесіз-ақ пайдаланып жүр. Кейбір зерттеушілер осының бәрін өздері істегенсиді. Бейсекеңнің жетекшілігімен КазГУ-де алғаш «Ежелгі әдебиет» деп аталатын теориялық курсты негіздеп, қалыптастырған да, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арнап сол курстың тұңғыш бағдарламасын жасаған да мен едім. Біреу ұмытса да, тарих ұмытпайтын осы еңбегімді айтпасыма болмады. Ғылымдағы әділетсіздіктің бірі осы деп білемін. Егерде бүгінде Күлтегін, Тоныкөк деген есімдер қазақ санасына әбден ұялаған болса, бұл да менің зерттеулерімнің нәтижесі деп білемін, – деуі («Егемен Қазақстан», 7 қаңтар 2011 жыл) бүгінгі ғылымнан да адалдық-тың кетіп бара жатқандығын айтып тұрғандай болып сезіледі.

Мырзағаңның бұл айтып отырған жайы қазір көздеріне өздерінен басқаны ілмей, қуыс кеуделерімен жалған атақ пен жалған даңққа қарай өрлеп бара жатқан, оқығаны болғанымен, тоқығаны аз, көргені аз да көсемсуі мол, жасанды жетістіктері мол болса да парасаты мен парқы жетпей жатқан ойсыз да мұңсыз, ұлтынан гөрі өзінің ұлының, халқынан бұрын қара басының қамын ғана күйттеп кеткен жетесіздердің көбейіп бара жатқандығын аңдатар ақиқаттың бірі екендігін тағы да ұғына түстік. Алайда қазақ әдебиеті мен қазақ руханияты үшін асыл ағаларының үлгісімен адал еңбек ете білген және де «Тасқа қашалып жазылған көне түрік жырларын да осыдан 45 жыл бұрын алғаш жаңалаған», «Ежелгі әдебиетті» негіздеп қалыптастырған, «бүгінде Күлтегін мен Тоныкөк деген есімдер қазақ санасына ұялаған» шағында біз бұл орайдағы Мырзатай Жолдасбековтың өз халқының шаң қауып, топырақ басып көмулі қалған, сөйтіп, ұмытыла бастаған бай мұрасын бізге жеткізе білген ғалымдық жанкештілігіне қайран да қала сүйсіне де отырып, бұдан былай бұл қиянатқа жол бермеу қажеттілігінің орнын толтырар жайды ойластырған да жөн болар еді-ау дегенді де айтқанды жөн санадық.

Бұл эсселердің тағылымы өте мол! Бүгінгі күні өткеніміз бен өткелдерімізді күстәналап қаралау ниетінен арыла алмай отырған тәуелсіз елдің ойы да, сөзі де тәуелсіз әрі еркін кейбір ұрпақтарына Мырзатай Жолдасбековтың бұл эсселері ұлыларды ұлықтай білудің, даналарды даралай сөйлеудің, бұрынғыны бұрмаламай, бүкпесіз және де ризашылыққа толы тәубешілік көңіл ниетпен айтудың үлгісі мен өнегесі болуы керек. Ендігі арада біз кешегі аға ұрпақ ақын-жазушыларымыздың әдеби шығармаларын өз мектептеріміз бен оқу орындарымызда оқытумен бірге, солардың қасіретті өмірлерін бірге айта отырып, кеңестік тоталитарлық жүйенің зұлымдықтарынан да бүгінгі ұрпағымызға дәріс бергеніміз қажет болар.

Кеңестік дәуірдің әдебиетін жасаған және қилы-қилы кезеңдерде ұлтымыздың рухани жан дүниесін сақтап қалған сол арыстарымыз кезінде бірін-бірі қаралады ма, біріне-бірі қарсы шығып мақала жазды ма, бірін-бірі айдатты ма, оған қатал да кемеңгер уақыт өз бағасын, бізге, ұғар санаға сабағын да берді деп есептейік те, Тәңірдің жазуымен тәуелсіздіктің арқасында дәмін тата бастаған азаттығымыз бен бостандығымыз және де өз ұлтымыздың бүгіні мен болашағының тағдыры үшін қазірдің өзінде өзін-өзі танудан қалып бара жатқан, былайша айтқанда, ұлтсыздануға бағыт алған ұрпаққа, яғни, Ер түріктің бір оғыланы қазақ бізде ешкімнен ұялмайтын өткен бар, тарих бар, әдебиет бар, мәдениет бар, тіпті, әлем халықтары кісілік пен кішілікті де, адалдық пен адамдықты да бізден үлгі тұтсын, біздің салтымыздан, дәстүрімізден үйренсін дейтін ұғым қалыптастыру үшін бүгін біз солай істеуге, Мырзатай Жолдасбековтың эсселеріндей мейіріміңді қандырар мөлдір де таза, жаныңды ізгілікке бөлейтін жылылығы мен шуағы мол дүниелерді жазып қалдырайық.

Асылдар бізде аз болмаған! Тек сол асылдар мен абзалдар жайлы айта білейік. Соған асығайық! Бұл ең әуелі дүниеден озып кеткен сол асылдар алдындағы парызымыз болса, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы міндетіміз деп санағанға не жетсін?!. Мырзағаң бізге осы бір үлгіні көрсетіп берді, сол үлгілі ізгілікке қазақтың бір ірісі, абзал аға өзі бастап жол салды, сөйтті дағы биік те, адал сөйлеуді міндеттеп, тіпті аманаттап тұрғандай сезінемін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар