Сахна өнерін мұрат тұтқан әрбір суреткер үшін, Константин Сергеевич айтқан осы бір ұғым өмірлік ұстанымға айналуы шарт. Ғайникамал - сахна өнеріне деген адалдығынан еш жаңылмай, адамгершілік туын жықпай, шығармашылығымен де, адами қасиетімен де дәлелдеп келе жатқан актриса. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында елу жылдай тапжылмай еңбек етіп, сан қилы сахналық бейнелер галериясын жасап, кәсіби биіктікке көтеру үшін аянбай тер төкті: Мадлена Бежар («Жендеттер»), Мадам Сотанвиль («Ақымақ болған басым-ай!»), Пошлепкина («Ревизор»), Алмагүл («Көктөбедегі кездесу»), Рита, Санитарка, Келіншек («Штат қысқарту – қыздай жесір», «7-палата», «Кек»), Қамардың анасы («Қамар сұлу»), Гауһар («Әпке»), Салтанат («Абай-Әйгерім»), Сәлима («Отыз ұлың болғанша...») т.б. өз кезегінде театр мамандарынан жоғары бағасын алған бейнелер болды. Міне, осы бірнеше сахналық кейіпкердің өзінен-ақ, Ғайникамалдың сан қырлы актриса екендігін аңғару қиын болмас.
Әубәкір Рахимов,
профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Бір дәуірдің биігінен бой көрсетіп, өнер дейтін өрелі жолда өкшесі тозғанша табанды еңбек ету деген сөз, екінің бірінің қолынан келе бермейтін келелі қасиет дегенді білдіреді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының айтулы актрисасы - Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарованың өмірі мен шығармашылық жолы, міне біз тілге тиек еткелі отырған тегеурінді әңгімеміздің әу бастағы әліппесі ғана. 1943 жылы сегізінші ақпанда бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Мақаншы ауылында дүниеге келген Ғаиникамал, әжесі – Меңкебану Өлмесекқызының тәрбиесінде өседі. Кішкенесінен өмірге бейім, өнерге өжет, өр мінез қыз боп қалыптасып, қаймағы бұзылмаған қазақы аулдың мақтанышына айналады. Ғайникамалдың әжесі Меңкебану Өлмесекқызы асқан шешен, ойлы көсем, он саусағынан өнер тамған өрелі өнер иесі болғандығы себепті, өскен ауылындағы қыз-келіншектердің барлығы дерлік ол кісінің маңайынан үйіріліп шықпаушы еді дейді көз көргендер. Кез-келген келеңсіз дүниелерге кібіртіктей бермейтін, кісілік рухы биік, түсінігі терең, адуынды, алыстан ойлайтын абзал жан болған деседі...
Атағы әйгілі алты алашты шарпыған, қарадан шыққан хан болған Құнанбай әулетінің ұрпақтары да бұл шаңырақтың ошағына жылынып, түтінін искегенінің өзі, өз алдына бір үлкен әңгіме... Абыз Абай атамыздан тараған асыл перзенттер – Ақылбай, Тұрағұл, Мағауия, сынды өз заманының заңғар алыптары Меңкебану әжейдің қолынан дәм татып, ықыласына бөленгені, күні бүгінге дейін Семейдегі көпшілік арасында әлі күнге аңыз боп айтылады. Алыс-жақынына бірдей ағайынның қадірлісі болып, қамқор анасына айналған ардақты жанның аруақты істері, әр қашанда артында осындай абзал перзенттері тұрғанда ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні даусыссыз!
Ғайникамал Байқошқарованың әкесі Мұқан Байқошқарұлы мен анасы Гүлфарида Мұсатайқызының мылтықсыз майданнан кейінгі мазмұнды тіршілігінде мәрттік пен мағыналы ғұмырдың белгісі жатқандай... Тұла бойы тұңғыштары Ғаиникамал қанша жерден ерке, біртоға қыз боп бой жеткенімен, адалдық пен әділдікті алыс арман сапарындағы сенімді серігіне айналдырып, серпіле алға жылжып отыру арқылы алдыңғы аға буын алыптар тобының айшықты арғымағына айналды. Жарты ғасырдан аса театр сахнасындағы салмақты рөлдері арқылы салиқалы көрерменнің санасына сәуле түсіріп, тұшымды ойға, тұғырлы биікке жетеледі. 1969 жылы алғаш рет театр табалдырыған аттаған күннен бастап Ғайникамал, М.Хасеновтың, режиссері – В.Пұсырманов «Қаралы сұлуындағы" Меруерт, Е, Уахитовтың, режиссері – В.Пұсырманов «Құдаларындағы" Дилором, С. Мұқановтың, режиссері – Е.Обаев «Ботагөзіндегі" Лиза» Булгаковтың «Жендеттеріндегі» Маделена мен «Өттің, дүниедегі» Фатима болып күн кешіп, өнер әлеміндегі өзгеге ұқсамайтын рөлдерімен жалпы көрерменннің ыстық ықыласына бөленді. Әуелден өнер деп соққан өршіл жүрегін өгейсіте жүріп, алғашында Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарова 1961 жылы Алматы медицна институына оқуға түседі. Келе КСРО Халық әртісі – Сабира Майқановамен, КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Фарида Шәріпованың баулуымен, абзал ақыл-кеңестерінің арқасында Ғайникамал, медицина институтының үшінші курсынан оқуын аяқсыз қалдырып, 1965 жылы консерваторияның актерлер дайындайтын бөліміне КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның курсына қайтадан студент боп қабылданады. Талабы күшті табанды қыз мақсатына жетіп, Х.Бөкееваның класынан бес жыл білім алып, Әшірәлі Кенжеев, Құман Тастанбеков, Әшірбек Сығай секілді сайдың тасындай іріктелген курстастарымен бірге жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдап, театр дейтін тынысы кең әлемге бірден бет бұрады. Ондағы ұлылардың өнерінен үйреніп, кісілік қасиеттерінен кадір іздеп, көлденең тосқауылдардың тұқыртуынан тасалану арқалы, үрей мен үміт арасындағы үздіксіз жалғасын тауып жататын жарамсыз қылық пен жағымпаз мінезден өз бойын аулақ салады. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білген жұдырықтай қыз жұмбағы қыйын әлемге жұтылып кетпей, жұрты сүйінген жұғымды актриса биігіне көтеріледі. Осы орайда белгілі әдебиет сыншысы-ғалым Мұхаметжан Қожасбайұлы Қаратаевтың:
«Абай-Әйгерімде» Салтанат образы осынау парасатты қыздың Абайға деген сыйлы да сыпайы көзқарасын, жылы сезімі мен өзінің оңды адамгершілігін танытты. Салтанат - Ғ.Байқошқарова ойыны парасатты сана-сезімін жеткізу ерекшелігімен анық танылды», - десе, Театртанушы, аудармашы, өнертану ғылымдарының докторы Бағыбек Құндақбаевтың: «Әпке» спектакліндегі Гауһар рөліндегі жас актриса Ғ.Байқошқарованың ойыны мазмұнды. Бір-екі сөзге орындаушы өзінің үнсіз әрекетін жалғастырып, Гауһардың аса қарапайымдылығы мен парасаттылығын нанымды суреттейді», - дейді. Осындай салмақты пікірлердің бір-бірімен ұштасып жатуынан-ақ, біз Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарованың шығармашылық ғұмырының шұғыласыз болмағанын аңғарамыз. Сахна өнерінің сан қырлы сараптауынан өтпей, салмағын сезінбеген адамның сайқымазаққа ұшырауы даусыз екені айдан анық қой . Бүгінгі таңда сырты бүтін, іші түтін әртістердің өмір сүру дәстүрлеріне қарап, жақсы дағдыға бой алдырмаған бұқпа көңілді, бұрғысыз мінездерін көргенде, көкейіміздегі күдікті, күйік кернейтіні рас. Ал өз алдына үлкен мектебі бар, өз бетімен ізденетін игі-жақсының ішкі әлеміне иек сүйеген сайын, ықыласың ауып, ындының кеңейе түсетіні, тағы да сол талқыға түсетін тартымды әңгімеміздің әуелгі әлқиссасы ғана...
Ғайникамал апамыздың театр сахнасынан тыс, қазақ кино өндірісіндегі қолтаңбасы да көп көңілінің көгаршынына айналғанына да аз уақыт болған жоқ. 1986 жылы түсірілген (реж. Қ.Әбенов) «Аллажар» , «Бәйшешектер» 1974-ағылшын тілі мұғалімі-режиссер. Ж. Бәйтенов, «Сәрсенбінің сәтінде» - 1987 – ауыл әйелі – реж. С.Жармұхаметов, «Қызыл отау» - 1982 – байдың бәйбішесі – реж. Қ . Қасымбеков, «Ауылым Көктебенің бөктерінде» - 1985 – Ана – реж. Ә. Сүлеева, «Кінәратсыз күнә» (Шолпанның күнәсі) – 2005 – көріпкел әйел – реж. Б.Шәріпов, «Шұға» («Анна Каренина» желісімен) – 2007- Абылайдың анасы - реж. Д.Өмірбаев, «Сүйінші» - көрші әйел реж. М.Бидосов, «Цунгцванг»- 2010 - Заринаның анасы - реж. И. Цай, «Астана – менің махаббатым» - бас кейіпкер сәулетшінің анасы - 2010 ж. реж. Е.Шынарбаев, «Қара шаңырақ» - 2012- Қадиша ана - реж. А.Нарымбетов, «Бұлттарға апарар жол» - 2014 - Әсия апай, реж. О.Бах, М.Есіркепов, «Жұт» қысқа метр - 2017 - бай отбасының әйелі - реж. Ж. Еспенбетов, «Композитор» - 2019 – композитор Б.Байқадамовтың анасы – реж. Ш.Якуб, С.Құрманбеков. т. б. фильмдері мен телесериалдағы образдары, Ғайникамал Мұқанқызының қазақ кино өндірісіне олжа салған өміршең туындылар екенін айғақтайды. Айтулы алпыс жасқа келгенше би залына түспей, кесек бейнелер мен қоса эпизоттық рөлдердің өзін өте биік деңгейге көтере білген актриса қазіргі күннің өзінде, көкейтесті көп дүниелердің басы қасында жүр. Алла бұйыртып амандық болса осы алдымыздағы 2023 жылдың ақпан айында ақ апамыз мерейлі 80 жасқа толады. Ойы терең, рухы кемел, кісілігі биік осынау келелі ғұмырында кім-кімге болсын әдеп сақтап кішірейе білетін кішіпейіл мінезімен, даладай дархан ақ адал пейілінің арқасында бүгін аяулы апамыз абыздық биікке аласармай жетіп отыр. Сондықтан сүрлеуі сұлу перизат көрікті, пейіштей пейлі бар періште көңілге отбасына амандық, деніне саулық, толағай шығармашылық табыстар тілей отырып, таңғажайып тағдырлы тірлікте табанының бүрі, рух айдынынң нұры таймасын деп тілек еттік...
Бану Бұланбайқызы - ұстаз:
Бір дәуірдің шежіресіндей шұғылалы да шуақты өмірдің белгісіне айналған аңызға бергісіз айтулы күндер болады. Есіңнен кетпес естеліктер арқылы, ерек мінезіңмен біте қайнасып жататын бітім-болмысыңды дәуір қиырлап, кісі шиырламаған қияларға бастайды. Сол қиялардағы қимас күндер, айлы түндердің барлығы ұмытылмас өткен дәуреннің шежіресіне айналып, ойыңа-ой қосып, қиялыңа қанат бітіреді. Кісілік қалпыңды қалыптастырып, рухыңды биіктетеді...
Біз Семей облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылы бойындағы ең қуатты, халыққа үздіксіз қызмет етіп жататын бір-біріне бауырмал, жанашыр үлкен отбасы болдық. Басымызға қандай қиындықтар түспесін үлкен, кішімізге сүйеніш болып, сол маңайдағы халық пен сырттан келген қонақтардың ыстық ықыласына бөленген үлгілі әулеттің біріне айналдық. Біздің туған жер әу бастан уызына жарып өскен аса дарынды, талантты өнер иелерінің ошағына айналған құтты мекен еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлудай» махаббат символына айналған айтулы ескерткіш пен ерке Аягөз өзенінің төменгі сағасына орналасқан талапшыл, еңбекқор халықтың қолпаштауына бөлегеніп, құтты қоныстың иесі атандық. Осы жерде жетіліп, жеребе тастаған Байқошқаров Мұқан ағамыз бен Гүлфарида шешеміз шеңгелі мықты шекпенді жұрттың шекетуіне ұшыраса да, шерлі жүректің шеменін жібітіп үл, қызды болып ұрпақ өрбітті. Олардың ең үлкені - осы біздің Ғайникамал Байқошқарова болатын. Ғаникамалға дарыған дара актерлік өнердің өзі, (өз жұрты, нағашы жұрты) екі жақтан да бірдей беріліп, бітім-болмысына айырықша әсер еткендігін айтпасақта түсінікті. Он саусағынан өнер тамған, ертелі-кеш тігін машинасының құлағынан түспейтін Меңкебану әжеміз де асқан дарын, аса керім, сұңғыла, пысық адам болатын. Сол ыждағатты ірі мінезінің арқасында қазақтың маңдайына біткен игі жақсыларымен ауылы аралас, қойы қоралас жататын еді. Арғы тегі абыз ардақтылардың әулетінен тараған Құнанбай қажы ұрпақтары да осы шаңырақтың ұйытқысы болып, руыхын биіктеткенін де өз ауылымыздың үлкендерінен ұдайы естіп отырушы едік. Естіген сайын ет жүрегіміз елжіреп, қиял көкжиегіміз байй түсетін еді. Сондықтан болар ызғары қатты, ызбары мықты тірліктің шамын жағып, шаңын қағатын да шарапаты мол сол жақсы жайсаңдар екенін кейін білдік қой...
Байқошқаровтар әулетінің алып бәйтерегі болған Мұқан ағамыз да ерекше келбетті, кең жауырынды, батыр тұлғалы азамат болды. Келіншегі Гүлфарида шешейде өнерден құралақан жан емес болатын. Ол кісі қаршадайынан халық өнерін өн бойына дарытып өскен өте өнерпаз, қағылез, қарапайым кісі. Жүзінен мейірім төгіліп тұратындығы соншалық, барша ағайынды маңайына үйіріп алушы еді. Біздің әке-шешелеріміз бұл кісілермен қоян-қолтық араласқан тату көрші болғандығымыз себепті, бір-бірімізге деген ыстық ықыласымыз риясыз тұғын. «Топырақты өлім, торқалы тойда» төбе көрсетіп қолымыздан келген көмегімізді бір-бірімізден аямайтынбыз. Сондай тату-тәтті, ынтымақты, берекенің арқасында біздің екі әулеттің әлі күнге дейін айтылар әңгімесі таусылған емес. Міне алдымыз, ол кісілерден тараған ұрпақ сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның биігінен төбе көрсетсек те, бас қоса қалған кезімізде кезең- кезеңімен өткен күннен бір сыр шертпей отыра алмайтындығымыз сондықтан...
Жұмағали Байқошқарова – бауыры:
Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап оның өсу-өрбу, шарықтау-құлдырауының барлығы дерлік, қоршаған ортасымен, алған тәрбиесіне байланысты болады. Біздің де ел қатарлы есейіп, жұрт қатарлы жұмыла алуымызға, сол өскен ортамызбен алған тәрбиеміздің айтарлықтай әсері бола алғаны айдан анық. Туған ауылымызда тұщымды сөзге, тұнымды ойға төрелік айтатын, төрелігі төскейде тұрып, беткейге жететін, белі бекем, ойы көркем қарияларымыздың қалтқысыз қайсарлығының арқасында, азаматтық болмысы қалыптасып, ырысты қонысы кеңейген біз секілді пақырлардың қазіргі жай-күйі де, солардың жан айқайымен әлі күнге үндесіп жатыр.
Біз бұрынғы Шығыс Қазақстан обылысы Аягөз ауданы Аягөз өзенінің бойында есейіп-ержеттік. Біз өскен жер аса көркем, жанға жайлы, шаруаға қолайлы, топырағы құнарлы, шаруашылығы шұрайлы жер болатын. Ауыл табиғатының тым тартымды болғандығынан тым-тырақай тіршіліктің өзі, бірыңғай тәріппен алға қарай ілгерлеп отырушы еді. Ауылымыздың ауызы дуалы ақсақалдарымыздың өзі ағынан жарыла әңгіме айтқанда, туған топырақтың түп тарихынан бастап тұжырым жасамай сөзге тоқтамайтын. Бірі ағаш ұстасы болса, енді бірі темір ұстасы болып, сан-алуан өнердің түрі бір кісінің өн бойынан табылатын. Аяулы әжеміз Меңкебану марқұм өте шешен, аса керім, ісмер адам болғандығы себепті, ауылымыздағы ардақты әпке, апаларымыз ол кісінің маңайынан айналып шықпаушы еді. Мейлі іс тігіп отырсын, мейлі басқа жұмыстармен шұғылдансын, әжеміздің әділ сынымен арлы ақыл-парасатына жандары сүйініп, барлығы үйіріліп отыратын. Ол кісі мен оқыған мектептің білдей бір ұйымдастырушысы болды. Жас кезінде Семейдегі Абай атындағы әртістер үйінде актриса болып қызымет істеген екен. Салған әні де, ойнаған баяны да керемет таңғажайып болатын. Біздің бойымыздағы өнерге деген азын аулақ сүйіспеншілік болса, оның өзі ол кісілерден жұққан ұмытылмас сезім, тәңірдің маңдайға жазған жазымышы болса керек. Ал әкеміз сұңғақ бойлы, тік мінезді, өте сымбатты адам болды. Мен алғашында заң факультетінде оқып жүріп, уақыт өте келе өнерге қарай бет бұра бастағанымда, ол кісі өнерге баруыма өзегі өртенген жандай өршелене қарсы болды. Қазақы тәрбиеде өскен ауыл баласы болғандықтан әкенің айтқанынан аттап кету - біз үшін өліммен тең болатын. Сондықтан соры қалың тірліктің соқпағына ұшырамас үшін үлкендер үкіміне өз әлімізше бой ұсынатынбыз. Міне соның арқасында біз бүгінгідей күнге жетіп отырмыз. Шешеміз Гүлфарида марқұм да өте биязы, сыпайы, ерекеше сұлу тамаша адам еді дейді көз көргендер. Расымен де барлық жамағайынға жаны сыйлы, дастарханы жаюлы, орын көрпесі жинаулы қағылез адам еді. Ол кісілерден туған тұла бойы тұңғыштары – Ғайникамалдың да мінезі туған әкеміздің айбарынан асып кетпесе, кем түспейтін . Өзі адал, өзі әділ, өзі сұлу актриса болып бой жетті. Тентектігі сол, еркек мінезді өте шолжаңбайлау қарапайым қыз боп өсті. Үйде ерттеулі тұрған ат көрсе тұра жүгіріп мінуге асығатын. Тақымына тиген атты болдыртпай көңілі көншімейтін...
Менің мектепте оқитын кезім, біздің үйдегі қолға үйренген үлкен түйе боталап, ботасының өзі ақ қардай аппақ сүйкімді болып дүниеге келді. Әжеміз Меңкебану марқұм ақ ботаны жұрт көзіне түсірмей бөлек баптап, сұқ-сұғанақ тіл-көзден аулақ ұстады. Ғайникамал оқуынан босай салып үйге келгенде, жаңағы ақ ботаны оңаша иіскелеп, басынан сипап, ерекеше жақсы көретін. Барлығымыз да сол ботаның маңайынан үйіріліп шықпайтынбыз. Келе бота тапыл басып жүре бастағаннан кейін Ғайныш оны жетекке алып, мініске үйретті. Бір күні ол ботаны мініп үйден едәуір ұзап кеткен екен, еркінсіп басын көтеріп маңайына маңғаздана қарап келе жатқан тайлақ, кенет мойнын төмен созып жіберіп бөкен желіспен үйге қарай зымыраған беті дамылсыз жүгіріп келіпті... Сондағы есті хайуанның иісшілінің арқасы болса керек, біздің Ғайныш қаптаған қара нөпір қасқырлардың қамауынан Аллам сақтап аман қалған көрінеді. Міне бұл өткен күннің ұмытылмас естеліктері...
Ендігі қалған ғұмырда Ғайнишжанға тілейтінім, тегеурінді тірлікте тынысың кеңейе берсін, жалған дүниеде көрер қызығың таусылмасын! Өмір күресте жауырының жерге тимей, рухың биіктей берсін дегім келеді!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.