Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Жастар жинағына – оң жол!...

01.10.2021 4260

Жастар жинағына – оң жол! 12+

Жастар жинағына – оң жол! - adebiportal.kz

«Дауыс»! Жастардың дауысы. Жастардың рухы. Болмысы мен бітімі. Проза жинаққа бір топ жас қаламгердің шығармасы енген. Аттарын айта кету ләзім: Бақытбек Қадыр, Әлішер Рахат, Есбол Нұрахмет, Досхан Жылқыбай, Санжар Бекжан, Берікбол Батан, Сафина Ақтай, Темірлан Қылышбек, Арман Әділбек. Бүгінгі әдебиетіміздің жас оғыландары. Бүгінгі жас талап, ертеңгі кемел жазушы, рухани жолбасшы. Жастар осы бір «Дауыс» атты альманахты жыл сайын шығарып отыруға ниеттенген. Өткен ғасырдағы «Жас тамшы», «Балауса», «Тұңғыш кітап» сияқты сериялды кітаптардың жалғасы әспеттес. Дегенмен, алғашқы талпыныстың өзі жеке кітап болып шыға алмай отыр. Себеп – қаржылық демеудің жоғы. Жинақтағы авторлар барлық жолды қарастырғанымен, әзірше қайран аздау. Ең бастысы – альманахтағы әр жазушының өз дауысы бар. Айқай мен сүреннен ада. Сол бір бітімі бөлек дүниеге, қазақ әдебиетінің абызы Мұхтар аға Мағауин арнайы ілтипат білдіріп, ақ батасын беріп, сәт сапар тілеген екен. Сол бір ықыласты жазбаны арнайы сіздерден сүйінші сұрап, жариялап отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Менің осыдан, шамасы қырық, әлде елу жыл бұрын түйіндеген, кейінде таңбаға түскен бір сөзім бар еді: «Советтен тыс қоғамда өмір кешкен жазушының бәрі бақытты», – деген. Және: «Қыспақсыз, алаңсыз он жыл еңбек еткен қаламгердің арманы жоқ», – деген. Ақыры, осы өзгеше заман – жасымыз ортадан асып, жазуымыз тоқырамаса да талықсып тұрған алмағайып кезеңде біз үшін де елес берген екен. Бірақ... енді қанша ғұмырың бар, алда қандай жазуың қалды? Тәуба, ақыры толымды он емес, одан үш есе, отыз жылдық, қаяусыз, әрі еркін жазу бұйырыпты. Ер жасы елуден – сеңгір сексенге дейін.

Осы, биік тұрғыдан алғанда, қазақ байрағы қайта көтерілген дәуірде дүниеге келіп, ала қағазға жүгінген кейінгі толқын қаламгер атаулының айрықша талайы бар. Сөз полициясы цензура жоқ. Өрісіңді тарылтып, әрбір қадамыңды матап отырған партиялық ресми шектеу де келмеске кеткен. Ендігі ақын, жазушы атаулының пәрмені тек өзінің күш-қуатына ғана байланысты. Үлгілі орыс әдебиетін мысалға алсақ, Тостой мен Тургенев заманында да мұндай еркіндік болмаған.

Сонымен қатар... өнер жолы ешқашан да жеңілдемек емес. Тынымсыз оқу, үздіксіз ізденіс, ой-толғам, соған орай қажырлы, бір қалыпты еңбек... Басқа да шарты көп. Әлбетте, айтпаса да түсінікті, негізгі ұйытқы – Тәңірі кеудеге құйған дарын, ұтымды қабілет. Соған орай – барын салу, басын тігу. Және... сара жолдан ауытқымайтын, барды тек өзімен ғана өлшеген берік дәт. Ұлттық сана, кісілік қасиет жөні өз алдына. Тұрмыс, тіршілік мәселесі тағы тұр. Осының бәрі жетісіп тұрғанда, және бір кілтипан – мықты денсаулық керек. Туа біткен, орта жолда көлденеңнен жабысқан кесел болмаса, бұл да адамның өз еркіне қатысты жағдаят. Рухани тазалықпен қатар, тән қуаты – болашақ үлкен жұмыстардың басты тұғыры деп таныңыз.

Мұның бәрін кейінгі балалардың өздері де білсе керек. Біздікі – барды бекіте түсетін ақсақал сөзі ғана.

Ал енді, тілге тиек болған «Дауыс» әңгімелер жинағының жолы оң болып, одан әрмен атаулы альманах ретінде жалғаса бергей! Баспасөз бетінде бой көрсетіп үлгерген жастардың өзі үшін елеулі оқиға деп білем. Бұрнағы бір заман – 1964 жылы шыққан «Таңғы шық» жинағы ешқашан ұмытылмай, көңіл түкпірімде тұр. Қаншама шырғалаң, топас, тұрпайы кеңес, намысқа тиер сөгістен соң, менің бар жазуым барлық редакциялардан қайтарылып жатқан. Ақыры, бір әңгімем баспасөз бетінде әлдеқалай өтіп еді. Қуанышы – кейінгі том-том кітаптардан кем болмаған. Қазір басқаша заман. Кейінгі балалар мұншама қорлық көрмеуге тиіс. Әрине, айтқанымыздай, қиындық азаймайды. Жазу машақатымен қатар, біздің бүгінгі кедей, кембағал ортада кітап бетіне жол ашу оңай емес. Бірақ ақыр түбі заман оңалмаса да, кейінгі толқынның қажыр-қайраты бәрін де еңсеруі хақ.

Мен бағзы бір жылдар – баспа тұтқасында, журнал билігінде отырған кезімде жаңадан шыққан әрбір жасты қадағалап, үміттісіне кеңінен жол ашуға тырысатын едім. Қайткенде, әдебиетіміздің даму бағдарын, жаңа күштерді тәуір таныдым. Енді міне, он төрт жыл болды, шеткері кеттік, баяғы мүмкіндік жоқ. Өткеннің есесін толтыру тарабындағы тынымсыз жұмыс өз алдына, жаңа кітаптар қолға түспейді, интернетіміз әмбебап емес, тым шалағай. Әрине, жекелеген бір жастардың хикаят, әңгімелерін оқығаным бар. Ұнағаны да жоқ емес. Алайда, қалыпты, хақиқат пікір үшін көбірек танып, толығырақ білу керек. Яғни, сәті келсе, кейінгі толқын қазақ прозасы туралы да сөз қозғау ойда бар. Әйткенмен, қандай да әдеби шеру бір адамның баға, байламына тәуелді емес. Кейінгі талапкер жастар алдыңғы ақсақал не айтады, танымал сыншылар қаншалық бағалайды деп қарайламай, жалтақсыз, дербес, әрқайсы өз тұрғысы, өзінің таным, бағдарымен жаза бергені жөн. Осы заманға дейін әлем әдебиетінде қолдан жасалған, немесе бағасын алмай кеткен классик жоқ.

Әлбетте, қазақ жағдайы өзгеше. Біз – жүз елу жыл бойы отарлық кепте күн кешкен, сол зұлмат заманның бар зардабынан арылып болмаған, әлі де тұйықта жатқан елміз. Әлемдік биік өреде тұрсаң да, алыс, жақын жат жұрт үшін құның шамалы, мүлде еленбейсің, ешбір есепте жоқсың. Кемшіліктен, кемістен емес. Өйткені, барсың, ірісің. Менің білігімде, қазақ қаламгері үшін ең бастысы – анда, мында танылу, бағалану емес, осы қазақ ортасының қажетін өтеу. Ұлтымыздың рухын көтеру, өткендегі даңқты тарихын әйгілеу, бүгінгі халқыңды, болашақ ұрпағыңды оң ұғым, жаңаша бағыт, бағдарда қалыптастыруға талпыну. Яғни, қазақ ең алдымен өзін өзі тануы, әуелде патшалық отаршылдық, кейінде қызыл фашистік идеология бойға сіңірген, кемшін санадан арылуы қажет. Тақау отыз жылдағы ең басты міндет деп қоялық.

Сол бір, қазақ ортасы басқаша қалыпқа түсіп, дүние кеңіген кезде, бүгінгі жас талап – кемел жазушы, рухани жолбасшы дәрежесінде көрінуге тиіс. Және қазақ әдебиеті де кенересіне толып, қазіргі барының үстіне тағы қаншама қазына жинақтауы анық. Және бұл кезде Қазақстан – шын мәнісіндегі тәуелсіз еркін ел дәрежесіне жетеді деп сенем. Соның бәріне куә болатын – менің кейінгі балаларым мен немерелерім. Яғни, бүткіл алаш қауымы. Сендер. Өздерің және ұрпақ-зәузатың.

Ал әзірше... үмітсіз жағдай жоқ. Ел орнында тұрса, заман да оңала бермек. Ең бастысы – аман болыңдар, қаламдарың мүдірмесін, бар жазуларыңның ақырғы түйіні – ұлттық мұрат деңгейінен табылсын!

Алдағы күндерде кейбіріңмен жүзбе-жүз көрісуіміз ғажап емес, сәті түссе, көбіңнің жаңа тұрпатты, үздік шығармаларыңды оқып, білермін, қайткенде, осы кейінгі толқын одан әрмен көтеретін қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі – ерекше болашағына сенемін!

Мұхтар-Ата Мағауин,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ,

4.ХІІ.2020.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар