Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН І БӨЛІМ...

26.07.2024 2068

ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН І БӨЛІМ 14+

ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН І БӨЛІМ - adebiportal.kz

Қаламгер Мәулекеш Қайбалдин хақында

Аузыма түскенше ақбұйра сақалым –

біткенше, өткенше даңқым мен атағым,

Мен сені сүйемін бейшара қалпыммен,

бейшара Отаным!

Қуаныш Өмірбек

 

Өлі маусым

2017 жылдың жазында Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауданының сол кездегі әкімі Әділ Жоламановтан Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ауданда өткізілмекші «Ақжайықтағы Алаш іздері» ғылыми-танымдық конференциясына шақырту алғанымда бірден, үзілді-кесілді келістім. «Жол терген қазынаға жолығады» деген ізкесерлік дәбімді ұстанып. «Бір күнді пештің түбінде жатып та өткізуге болады, сондай-ақ неше мүдәт жол жүріп, неше миллят ел көріп те өткізуге болады» деп. Түйсігіміз алдамапты. Өлінің жиыны, тірінің түйініндей мәслихат дүрілдеп өтті. Жазып апарған «Азаматтар бар еді, күрек тісіміз сықылды: Ақжайық жағасында сөйленген сөз» баяндамамды оқып бердім. Ел ұйып тыңдады. 

Ертесіне әкімнің орынбасары Тілек Ғабдушев берген мәшінмен паромнан өтіп, Жайықтың сол жағалауына шықтық. Жанымда Тілек Александрұлы қосып жіберген жергілікті журналист, ақын Мәлік Бердалин бар. Бағытымыз – Теректі ауданы, ондағы Еңбек ауылы. Мақсатымыз – сол ауылда туып-өскен қаламгер, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста жауға пенде болып, елге қайтпай Германияда қалып қойған Мәулекеш Қайбалдин жайында өмірбаяндық дерек іздестіру.

Дәл осы жерде ығылманшылап «Ел үшін өлген ерлердің сөз білер жанда ақы бар» деп жатудың қаншалықты дәл боларын білмеймін, әйтеуір Мәулекеш Қайбалдин дейтін кісіні зерттеуге өзімнен-өзі ниетім кетіп, зерттеушілік желжарам қозды. Базбіреулердің «Осыншама мықты ағаларыңды іс қыла алмай жүрсіңдер ғой» деген таңданысты сыңайдағы сөздерін іштей намыс қылдым ба екен, әлде бұл кісінің тағдырлас досы Әлихан Ағаевты зерттегенімде екінші персонаж болған тұлғаны енді кинематографтағы спин-офф әдісімен алдыңғы орынға шығарғым келді ме екен, ол жағын түстеп айта алмаймын. Бір кезде жау жақпен қолдас болған адамдар жөнінде жазуды құдай әу бастан маңдайыма жазып қойды ма деп те ойлаймын – өлгендер тірілерді көпке дейін өздерінен жібермей қояды екен ғой. Білмеймін, әйтеуір осы бір тақырып өзінен-өзі көңілдің бір түкпірінде тұрақтады да қалды. 

Ол кезде Мәулекештер жайлы төрт аяғы түгел зерттеу тұрмақ, сабақты дерек жарытымсыз еді. Өмірбаяндық, библиографиялық мәлімет өте аз. Алыстан келген зуыл сияқты, басы бар, аяғы жоқ көмескі қауесеттерді ғана оқта-текте ұстап қаласың. Тіпті Қайбалдин уикилендірілмеген (бұрын да, қазір де солай). Гугл нақты мәлімет дегеннен жалғыз жол ғана береді: «Адресно-телефонный исправочник / rynok.space / x / 38.php. Кайболдин Маулекеш, 1914 г.р. ЗКО, Чапаевский район, м.р. Энбек». Осымен тәмам.

Чапаев – сонау 1868 жылы құрылған Ілбішін уезінің совет кезіндегі атауы, қазіргі Ақжайық ауданы, орталығы және жерінің дені Жайықтың оң қабағында жатыр. Ал біз келе жатқан сол жағалаудағы бөлігі қазір Теректі ауданына қарайды. Яғни бұрын Чапаев ауданына қараған Еңбек ауылы, бұл күнде Теректі ауданының құрамында. Дегенмен, Тілек Александрұлы ол жаққа «збандап» қойған, сондықтан көңілімізде онша алаң жоқ. Бірдеңе табылар деп қатты үміт етіп келеміз. Не десе де тарихымыздағы небір марқасқаны құндақтаған жер, Айшуақ ханның ақырғы тыным мекені, төкпе, пірлі жырау табын Марабайды дүниеге әкелген дала, Кердері Әубәкір нәр алып, қоректеніп кеткен топырақ. 1960-жылдары республикалық Госплан төрағасы болатын Құрман Дияров та осы Еңбек ауылының тумасы. Сондай-ақ Еңбек – «Ақжайықтың шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева түлеп ұшқан жер. Нар мая мен үлектің арасынан шыққан будан кердерінің атын алған қалың елдің табаны – Ақсоғым ауылдық округінің Еңбек, Үлкен Еңбек, Бозай, Табынбай ауылдарының күнгей жақпен келген кездегі ілкісі осы кіші Еңбекте ол күндері Ақұштап апайдың шаруа қожалығы тұратын. Біз соны жанай өтіп, ат басын үлкен Еңбекке тіредік. 

Одан арғы көрген-білгенімді Алматыға қайтқасын «Ұмытылмас үш күн» деген атпен жолжазба етіп жазып, облыстық «Орал өңірі» газетінде жариялағандықтан, бұл жерде оны айтып уақыт алмайын. Не басыңызды ауыртайын, «Тілдік қорды ел аузынан алатынымыз секілді, халықтық тарихты да халықтың өз ішінен жинау лазым» деп лепіріп келген көңілім су сепкендей басылды. Тай жегендей талабым тасқа соғылып, тауаным шағылды. Мәулекеш жайындағы сұрақтарыма қанағаттанарлық түгіл жай жауап та ала алмай, желге айқайлағандай болдым. Дерек беру былай тұрсын, ондай кісіні Еңбекте ешкім естімеген болып шықты. Қай туған екенін де білмейді. Кердері ме, он баулы табын ба, тана ма, ләм-мим ұмыт. Сонау 1930-шы жылдардан бермен байырғы қадірлі атымен міз бақпай тұрған елді мекенде, тіпті өз музейі бар, атақонысынан игіліктеніп бір шоғыр адам отыр, солардың бірде-біреуінің жадында тым құрыса есімінің сақталмауы қалай? Өткеннің оқиғалары ойда қашанғы тұрсын десек те, қатарда жүрер ерқара біреу емес, қаламгер, оқымысты кісі ғой?! «Кеудесінің есігі бар» дейтін қарттар қайда? Өткенді жырдай ғып, күні кеше көргендей көсіле кететін ауылдың шежірелі ақсақалы, яки ести қалған, емісті жадына тұтқан қарасақалы болмаушы ма еді?! Оны былай қойғанда, орын-аймағы, ағайын-аумағы, қабырға ағайыны түгел үдере көшіп кеткен бе туған жерден?! Олай болуы мүмкін емес, сірә, кезінде білетіндер соңына қанжауыр байлаған кісінің атын атаудан қорқып, кейінгілерге ештеңе айтпаған. 

Араға түскен жетпіс-сексен жыл уақиғалардың ізін көрбілтелендіріп, идеологиялық қыспақ тұтас бір ауылды жад жаңылшақтығына душар еткенін көзбен көріп жаман жабырқадым. «Қарқасқа надандық-ай!» деп ішім уылжыды. Қан-жыным қайнады. 

ІІ

Ие, Алматыға ішім уылжып, қан жыным қайнап оралғаным есімде берік тұтылып қалыпты. «Осы мен көтере алмас шоқпарды беліме байлаған жоқпын ба? Бұл ауыр тақырыпқа жолап нем бар еді?!» деген де ой келді. Бірақ соңыра өзіме-өзім келіп, іздестіру жұмыстарын жалғастыра бердім. Ол күндері мен қараңғы бөлмеде есіктің тұтқасын сипалап іздеп жүргендей соқырдың күйінде едім. Сонда да «Адам деген ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ емес қой, шығар дерегі бір жерден» деп, үмітімді үзбедім. 

Мәулекешті өз бетіммен дербестеу (персонификация) ісі ең алдымен есім-сойынан басталды. Бұл ат баланы еркелете, ықшамдап атайтын гипокористік екені күмәнсіз еді. Шынтемірдің Сырым, Мұхамбеткерейдің Мұхит, Ғұбайдолланың Ғұбаш, Құбаш атанып кеткені, яки Сейітқалидің Сейтекешке, Айтқалидың Айтекешке, Сәуірғалидың Сәуекешке, Меңдіғалидың Меңдекешке айналғаны сияқты, Мәулекеш те Мәулімберді дейтін антропонимнің дериваты секілденді де тұрды. Деректерді қарасақ, тарих бетін ақтарсақ, Ақтөбе өңіріндегі Ащыойыл өзенінің бойында ортағасырлық карталарға Мәулімберді деген атпен түскен, заманы Сарайшықпен тұстас көне қалашықтың жұрты жатқанын көреміз. Оралдың Тайпақ атырабының Базаршолан елді мекені маңында да осы атпен белгілі бір көне зират бар. Тана руының Қалқаман атасының бір тақтасы Мәулім аталады. Орал облысы қазақтары съезінде Мәскеудегі Бүкілруссия Мұсылман съезіне делегат болып сайланатын Қажығали Мәулімбердин дейтін ірі дінбасы да Ілбішін өңірінен.  1917-1919 жылдары осы Ілбішін уездік атқару комитеті басшыларының бірі болатын, атақты Саршолақ Сарғожа тұқымы Мәулекеш Сарғожин деген мықты өткен. Соған қарағанда баланың атын «китоп аударып» қоятын үлкен молдалар яки даңды, белгілі кісілердің есімін еншілететін заманда Орал өңірінде бұл ат кеңінен тараған сыңайлы. 

Осы жерде айта кетер бір жағдай, Мәулекеш Қайбалдиннің Қазақстаннан әскерге шақырылғаны және майданда болғаны жайлы архивтік сипат қағаздар да, Германияда тұтқында болған кезіндегі лагерьлік «персоналкартасы» да әлі күнге табылмай отыр. Архивтік сайттардан іздестіру Қартбаев Мәулекеш деген бір ғана майдангерді анықтады, 1909 жылы туған ол әскерге 1942 жылы Чапаев ауданындағы бұрынғы Фурман ауылсоветінен, яғни Еңбек ауылына жақын Көнеккеткен (Қызылжар) ауылынан шақырылыпты. Чапаевтық тарихшы мұғалім Сәлекеш Қыдыров менің 2017 жылғы қазанда Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінде жарияланған «Ұмытылмас үш күн» мақаламды оқып хабарласып, Мәулекеш Қартбаевтың баласы өзіне мектепте сабақ бергенін айтты. 

Ақыры кейіпкерімнің қысқартынды есімін осылайша бір ізерлеп алған соң, мен енді «Асан Қайғы» деген жанама атын айналдырдым. Мұстафа Шоқай бесінші атасы Жанайды, Әлихан Ағаев үшінші атасы Ағайды бүркеншік есім етіп алғанына қарап, Мәулекештің де бір атасы Асан болуы мүмкін бе дегендік та. Қазақтың қара шежіресіне салып көріп едім, онда Асан атын алған бөлім біршама болып шықты: төлеңгіттің қалмақ алтай тақтасындағы Асан атасы, жеті баулы тананың шаңқан атасынан шығатын Асан (баласы Әйтімбеттен Вл.Дальдың атақты повесінің кейіпкері Бекей тараған, aтамекені сол Теректі маңайы), бозым табынның бір баласы да Асан аталады (Теректі ауданында да табын аз емес) және сондай-ақ кердерінің Тілек тақтасынан өрбитін Құл бөлімінде де Асан деген кісі бар (Құл – Әжігерей – Асан, Тағыберлі).

Мұны екі деңіз. Одан соң кезек «Қайбалдин» нәміне кеп тірелді. Қайыпалды ма, Қайбала ма, Қайбәлі ме, Қойболды ма деген әңгіме ғой. Тағы да шежіреге салдым. Қайболда, Қайбалы есімдері байбақты шежіресінен ұшырасты, екеуі де Қожабек деген кісінің баласы. Мәулекешке қатысты қолымдағы адрес-телефон анықтамалығындағы жаңғыз дерекке айтқызсаң, пәмілі орысша «Кайболдин» деп тұр, яғни бабасы, бәлки атасының ныспысы Қайбалы, не Қайболда болуы мүмкін ғой, деп топшыладым. 

Мәулекештің тете ағасы Мәтнияз Қайбалдин

Тағы да гуглдетіп көріп едім, ОБД сайтынан Ілбішін атырабы бойынша шамалы өзгерістерімен төрт адамның мәліметі шыға келді. Бірі Кайболдин (Каибалдин) Жанабиль, 1917 ж.т., Тайпақ ауданының 12-ауылынан, майданда замполитрук, 1942 жылы әскери трибунал соттап, ату жазасына кескен. Екінші Кайболдин (Кайбалдин) Тілек (Тлец), 1902 (1903) жылы Ілбішін ауданында туған, Қазақстан Жоғарғы сотында прокурор, 1939 жылы қамалып, үш жылға еңбекпен түзеу лагеріне жаза кесілген, сол жылы ақталған, 1942 жылы Алматыдан әскерге алынған, сол жылы майданда хабарсыз кеткен. Үшінші адам Кайбалдин Матиназ, 1907 жылы туған. Алматыдан әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы майданда қаза тапқан.

Төртеуі де мен іздеген Мәулекеш емес, бірақ онымен туған жерлері маңдас, яғни жақыны, тума-туысы болуы мүмкін бе деп ойға қалдым. 

Осы сұрақтың жетегінде ізденісімді (интернет арқылы сұрау салуымды) жалғастыра бердім. Арада бірнеше жыл өткенде бұлт астынан булығып Күн жарқ етті. 

ІІІ

Алдымен әлде ОБД, әлде біздегі Mемориал.KZ сайтындағы бір жазбаны кездейсоқ кездестірдім. 2010 жылғы 12 мамырда сағат 16:46-да nurkan.bazis@mail.ru электрон поштасынан Роза Кайболдина жолдапты. «Ищу отца, Кайболдина Тлека, родившегося в Уральской областисело Чапаево, закончил МГУ, работал в Верховном суде в г. Алматы, также работал в Ташкенте, был репрессирован, ушел на фронт, пропал без вести. Знаю, что его родной брат после войны остался в Германии. Буду благодарна за любую информацию», – деп жазған екен.

«Туған ағасы соғыстан кейін Германияда қалып қойған» деген сөйлемге елең ете қалдым. Менің бұрын тапқан «Қайболдиндер» тізіміндегі Тілек Қайболдин Мәулекештің ағасы болуы мүмкін ғой деп. Тап сол күні, 2021 жылғы 26-наурызда жазба иесінің электрон поштасына хат жаздым. Әрі күттім, бері күттім, жауап болмады. 

Арада ай өтті. Бір күні, әлі есімде, сол жылғы 22 сәуірде поштамды ашсам, Найля Нуркенова (Макбузова) деген бейтаныс кісіден хат келіп тұр. Менің сонау 2017 жылғы жазған «Ұмытылмас үш күн» дейтін жолжазбамды енді оқып жазып отыр екен. Одан әрі былай депті: «Моя мама Роза Тлековна Кантарбаева, 83 года. В годы репрессии поменяла фамилии Кайболдина. Маулекеш Кайбалдин, которого вы разыскиваете, является родным младшим братом моего деда – Тлека Кайбалдина. После войны он остался в Германии. Маулекеш ата помогал нашим писателям издаваться в Германии. Мы давно ищем о нем инфомоя двоюродная сестра была стюардессой, когда летала в Германиюспрашивала о нёмказахская диаспора говорила, что его зовут Асан Кайгы. У Мауликеша есть в Алматы семья – жена и дочь, мы не общаемся, когда-то мама их искала, они обиженные на жизнь, не захотели разговаривать»

Жоғарыдағы «Ұмытылмас күнді» жазып, жариялағанымда ішінде электрондық поштамның адресін көрсетіп, Мәулекеш жөнінде қандай да бір дерек білетіндердің хабарласуын сұрағаным ойыма сап ете қалды. Соны мына немере жиен қызы әлдеқалай қолға түсірген екен да. Сонда мен былай деп жалбарындым: О, Раббым! Өзің жеңілдеткен істен жеңіл іс жоқ. Қаласаң ауыр істі де жеңілдетесің. Мені «маладес» еткен де осы мейірімшілігің емес пе?

Ал, Найля анасы Розамен бірге менен де өткен маладес болып шықты. Нағашы атасына, оның әулетіне, іні-бауырларына қатысты бар-ау деген дерек-мәліметтерді ұзақ жыл іздестіріп, тапқанын шып-шырғасын шығармай сақтап отырған. Соның арқасында, әр жерден шөпшек етіп теріп алған азбыншы деректерімнің бас-аяғы айқындалып, біршама түгенделіп қалды. Найля қызының айтуынша, Қайбалдиндер әулетінің тарихын Ж.Уралбаев деген автор Алматыдан     2003 жылы жарық көрген «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітабында таратып жазыпты. Автордың жазуынша, Қайболды әулеті кердері руының Шот бөлімінен шығады. Шоттың бір ұрпағы Оразалы дәулетті, бай кісі болған, заманында Орал қаласынан үйші шеберлер алдыртып, қазіргі Еңбек ауылы тұрған жерге үлкен ағаш үй салдырған. Ол үй совет кезінде кейінге дейін жеті жылдық мектептің ғимараты боп тұрған. Оразалы да, одан туған Қайбалы да өз төңірегінде қонақжайлылығымен аты шыққан жомарт жандар екен. Қайбалыдан үш ұл – Тілек (190), Мәтнияз (1907) және Мәулекеш (1913, не 1914). Қайбалы зайыбы, яғни Мәулекештің анасы Құрбанбике (құжат бойынша – Уразалиева Курман-бике) 1865 жылы кейін Еңбек ауылы атанған мекенде туған, шаруа отбасынан шыққан. Жүз жасап, 1975 жылы қайтыс болған, кенжесі Мәулекешті тірі деп күтумен өтіпті. 

Тілектің жағдайын бұған дейін архив дерегі арқылы келтірдік. Соны толықтырсақ, ол Ілбішінде, не Орал қаласында гимназияда оқыған (екі тепкішекті орыс-қазақ мектебі, не Оралдың реалды училишесі болуы мүмкін), сонан соң Мәскеу мемлекеттік университетінің советтік құқық факультетін бітірген, 1925-1939 жылдар аралығында Мәскеуде губстатист, Орал губерниясында прокурордың көмекшісі, юстиция халық комиссариатында және республикалық Жоғарғы сотта прокурор, Ташкентте жаппай жазалау толқынына ілігіп, бірнеше ай түрмеде отырып шыққан, 1942 жылы әскерге алынып, 209-жойғыш әуедивизия құрамында шайқасқан. Сол жылы қыркүйекте хабарсыз кеткен. Зайыбы – нарынқолдық Зейнехан Намазбаева, ескіше де, жаңаша да сауатты кісі болған, Алматыдағы №12 мектептің түлегі, жанынан шығарып өлең жазған, Кегенде «Бірлік» колхозында «Қызыл отау» меңгерушісі кезінде Тілекпен танысып, екеуі 1931 жылы тұрмыс құрады. Тілек ұсталғасын Нарынқолға оралып, аупаркомда мәшеңкеші боп бастап, сегіз жыл колхоз басқарған. Аупаркомның бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілген. Зейнетке шыққасын Пушкин кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімінде араб қарпіндегі қолжазба-кітаптарды қазақшалаған. 1939 жылы партияға қабылданып, 1951 жылы республика компартиясы ОК-нің мүшесі болып сайланған қайраткер екен жеңгеміз. Тілек екеуінен бір қыз, үш ұл: Роза (Найляның анасы), Болат, Меллят, Шахан. Зейнехан апай 2007 жылы, 95-ке қараған жасында қайтыс болды. 

Мәулекештің анасы Құрманбике

Мәулекешке тете Мәтнияздың да тағдыры шимайлы: Тілектен бес жас кіші, Мәулекештен бес-алты жас үлкендігі бар ол Алматыда сауда комиссариатындағы қызметінен әскерге алынып, 111 атқыштар дивизиясы құрамында жүргенде, 1943 жылғы желтоқсанда Украина жерінде гвардия сержанты шенінде қаза тапқаны жайлы «қара қағаз» келген, бірақ ол тірі қалған болып шығады. Соғыстан кейін Сауда министрлігіндегі жұмысын жалғастырып, зейнетке шыққасын, 78 жасында қайтыс болған. Құрбанбике анасы осы Мәтнияздың қолында тұрған. Мәтекең мен Жамал жеңгейден Меңдігүл мен Сәуле дейтін екі қыз, Меңдігүл ұзақ жыл Алматы политехникалық институтында сабақ берді, Сәуле – сәулетші, жұбайы белгілі дәрігер Дәуіт Қизатуллин.

Ендігі сөз Мәулекеш Қайбалдиннің соғысқа дейінгі отбасы жөнінде.

Найляның айтуынша, жеңгесінің ұлты татар, есімі Эльвира, Мәулекеш екеуінен бір қыз болған екен. Бұлар хабарласқанда екеуі де араласуға ыңғай бермепті. Мәулекеш анадай болғаннан кейін талай адам бәлесі жұғады деп қорқып, жақындамағанына, жат түгіл, жақын сырт айналғанына ренжісе керек. 

Сөйтіп, ағамыздың өмірхаятына қатысты кейбір көмескі тұстар құм жағып, ысқылаған алтындай жарқ ете түсті. Жұлынтұтаммен сезінгенімдей-ақ құдайдың тегін жаратқан пендесі емес – ар жағы қыдыр көрген нағыз қаракөктің тұқымы болып шықты.

Найля ханым атасын дербестеу барысында дерек іздеп Түркиядағы Абдуақаб Қарамен, Мюнхенде «Азаттық» радиосында қызмет еткен Каюм Кесежимен, Әлихан Жаналтаймен (Alihan Serife Canaltay) әлеуметтік желі арқылы байланысқан екен. Солардың ішінен Әлихан Жаналтай ағамыз үн қатып, Найляға бірнеше фотосүгірет жібереді. Екеуі Мәулекеш Қайбалдинге тікелей қатысты: бірі топ адамның ортасында тұрған өзінің фотобейнесі, екіншісі – оны Мюнхенде 1969 жылы жерлеген кездегі қабір басындағы сүгірет.

Әлихан Жаналтай ныспылы қандасымыз «Азаттық» радиосында 1978-1995 жылдар аралығында қызмет еткен. 1954 жылы туған, 1978 жылдан Мюнхенде тұрады. Өзі, әлбетте, Мәулекеш атамызды көрмеген, Әлекең Мюнхен келгенде ол кісі бұл дүние тіршілігінде жоқ еді, бірақ ол жөнінде көп естіген Әлихан жоғарыдағы фотоларды «Азаттықтың» қазақ редакциясының тарихын түзу барысында әр жерден жинайды. Зерттеуші ретінде мені қызықтырған бір жағдай – «Азаттықта» Мәулекеш атамызбен қанаттаса жұмыс істеген Дәулет Тағыберлі мен бізге бұрын мәлімсіз Абдулла Дүсіпұлы деген қазақ азаматтары жөнінде де мәлімет келтіріліп, фоторесімдері берілген. Африн қолына, Әлихан мырзаның! 

Кейіпкерімнің фотодағы бейнесін көру мен үшін драмалық деуге келетін таза жаңалық болды. Бұрын оның түр-тұлғасын Серік Шәкібаевтың атышулы «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабында сөзбен берілген сипаттамадан ғана білуші едік. Онда ол «бәкене бойлы, арықша келген кісі» деп сүгіреттелетін. Ал мынадағы сүгіретке қарасаң, шынында да орта бойлы, тіпті одан да төменірек пе деп қаласың. Мәулекешті «Азаттықта» бастап істеген кезеңінде көрген екі адам бар, соның бірі Талғат Кеседжи «Мәулекеш шегір көз кісі еді» деп жазады, ақ-қара түсті фотодан мұны ажырату мүмкін болмады, дегенмен көзімен көрген кісінің сөзіне сену керек. Ал басқаларда едірейіңкіреп тұрар мұрт атамызға келгенде шалғысы жығылып, қазақы киімінің жеңіндей салбырап, бір есептен «пролетариат жазушыларының көсемі» Максим Горькийді көзге елестететіні – бұл енді алып-қосары жоқ шындық көрініс. 

Мәскеуге? Москваға!

 Нәйла ханым берген отбасылық мәліметтер, Әлихан Серифе жолдаған фотосүгіреттер – мен үшін осының өзі үлкен сый болды. Дегенмен, Мәулекештің бұдан кейінгі өмір тарихына келген кезде мұзға түскен тағасыз аттай түйткілденіп тайғанақтау басталды. Әсіресе туғаннан жоғары оқу орнына түскенге дейінгі кезеңінен дым мәлімет болмай шықты. Егер Хамза Абдуллин жазған 1913 жылды Мәулекештің шын туған жылы, ал құжатта көрсетілген 1914 жылды «өкіметше», яғни құжатқа түскені деп қабылдасақ, онда бұл ерте туған марқа, яки кеш туған көрпелдеш советтік жетіжылдықтың бастауыш мектебіне, - әлбетте, ауыл молдасынан не төменгі ібтидай медреседен соң,- шамамен 1921-1922 жылдары барып, 1928-1929 жылдары бітірген болып шығады. Бұл кезде кейіпкеріміз 16-17 жаста. Одан әрі... одан арғы өмір кезеңі жайында қолымызда шөкімдей ғана жалғыз дерек бар, оның өзі бірде жалпылама Ресей, бірде мәшһүр Мәскеу университетін атап, аяғы жерге тимей тұрған мәлімет. Яғни, Хамза Абдуллиннің 1993 жылы шыққан «Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары» дейтін мақалалар жинағындағы «Мәулекеш Қайбалдин соғыстың алдында Мәскеу университетінің тіл-әдебиет факультетін үздік бітірген» деген жаңғыз-жарым сөйлем. Ал кейбір мәлімет берушілер Ленинград университетінің философия факультетін атайды. Осыдан келіп, фактінің анығына жете алмаған бағзы бір авторлар «Ресей университетін бітірген» деп жалпылама орағытады. 

Мәулекештің өмір дерегінің көмескілеу көрінетін осы тұсын топшылаумен ізерлемес бұрын бір тарихи шегініс жасайық. 

Тарихтан мәлім, 1921 жылы кеңестік билік партия, комсомол, кәсіподақ органдарын кіндік қалалардағы жоғары оқу орындарына абитуриент жіберіп тұруға міндеттеді. Және жай абитуриент емес, таптық принциптерге жауап беретін үміткерлерге екпін түсірілді. Ұлт республикалары бойынша алғанда абориген халықтардың мәдениеті төмен деген түсінік болды, әрі әлеумет соғысынан кейін білім беру жүйесі бұзылысқа келіп, мектептер мардымсыз білім бергендігі ескерілді. Жастар үлкен қалаларға барғаннан кейін ЖОО-лар жанындағы қысқа мерзімді курстарда даярлықтан өтті. Тұтас алғанда, қазақ жастарын Ресейге оқуға жіберу практикасы 1927-1930 жылдар аралығында қарқынды жүрді. 

Біз бұл жерде Кеңес дәуіріндегі аккультурация саясатының пайдасы мен зияны жөнінде айтып жатпаймыз. Кеңеске дейін де петерборшыл-мәскеушіл қазақтың табан ізін жалғастырған бұл тәжірибе метрополияның сюзерен елдерді басқару үшін өзіне кадр даярлау жүйесінің шеңберінде жүзеге асқанын айтумен шектелеміз. Осы орайда алғашқы қарсаңда, 1920-жылдардың басында шығандап Мәскеу, Ленинград барып оқығандардың арасында «большевикке қарсы лагерь» делінген Мағжан (1925 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген) мен Ілияс Жансүгіровтің (Мәскеудегі Қызыл Журналистика институтында үш жыл оқыған), М. Қалменовтің (1928 жылы Мәскеу Тау-кен академиясын тау-кен инженері мамандығымен бітірген) және Беркінғали Атшыбаевтың (аталған оқу орнынан 1928 жылы, үшінші курста шығарылған) болуы қызықты. Сондай-ақ, 1927-1928 жылдары Мәскеудің Врубель атындағы Кәсіби-көркемөнер училищесі жанындағы Қазақ жастары студиясында Әубәкір Исмаилов оқыған. Сәбит Мұқановтың да алдымен 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқып, соңыра 1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессура институтында білім құтарғаны мәлім. 1930 жылы Қайсар Тәштитов Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік университетті, Мұташ Дәулетқалиев сондағы Халық шаруашылығы институтын, Хасен Нұрмұхамедов те сол астанадағы Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясын бітірген. Сәдуақас Боқаев МГУ-дің физика-математика факультетінің 1932 жылғы түлегі. Саттар Ерубаев 1930-1933 жылдары Ленинградтағы Тарих, философия және лингвистика институтында Қазақстан Совнаркомының жолдамасымен оқиды. Қасым Шәріпов те 1930-1933 жылдар аралығында Мәскеу Мемлекеттік кинематография институтының әдеби-сценариялық факультетін оқып бітірген. Жұмабай Шаяхметов 1932-1933 жылдары Мәскеудегі Нариманов атындағы Шығыстану институтында білім тиянақтаған. 1934 жылы Хакім Дәулетбеков Мәскеу кинематография институтын, Төлеу Бәсенов Ленинград азаматтық инженерлік институтының архитектура факультетін, 1935 жылы Мәскеудегі Шығыстану институтын Нығмет Сәбитов, сол жылы Мәдина Бегалиева Мәскеу Өнеркәсіп академиясын инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген. 1936 жыл Құлахмет Қожықовтың Ленинградтың Үлкен театры жанындағы көркемсурет студиясын бітіруімен айшықталды. 1931-1936 жылдары Мәскеудегі Түсті металдар мен алтын институтында Дінмұхамед Қонаев оқыған. Онымен бірге оқуға келген Әнуар Ипмағамбетов Гидрометеорология институтына түсіп, «алашордашының тұқымы» ретінде 3-курста оқудан шығарылады. 

Әли Базанов болса, алдымен 1935 жылы Мәскеу авиация институтына түсіп, кейін 1938-1941 жылдары Луначарский атындағы Театр өнері институты жанындағы Қазақ жастары студиясында білім жалғастырады. Осы институтта 1937-1941 жылдары Рамазан Елебаев оқыған. Аталмыш оқу орнының режиссерлік факультетін 1937 жылы Шахмет Хұсайынов тәмамдаған. Темірбай Дарханбаев пен Ғалым Малдыбаев МГУ-дің 1936 жылғы түлектері. Асқар Закарин 1937 жылы осы оқу орнының механика-математика факультетін түгескен. Ермахан Бекмаханов 1937 жылы Воронеж педагогикалық институтын бітірді. 1938 жылы Гүлжаһан Ғалиева ГИТИС жанындағы қазақ студиясын тәмамдайды. 1936-1940 жылдары Мәскеу консерваториясы жанындағы Қазақ студиясында Мұқан Төлебаев, 1937-1941 жылдар аралығында Талиға Бекхожина, 1939-1941 жылдары Қапан Мусин (алдымен қазақ студиясында, сосын консерваторияның композиция бөлімшесінде оқиды). 1938 жылы Ғайни Хайрулина Ленинград мемлекеттік сахна өнері техникумы жанындағы студияны үздік бітірген. Тізім ұзақ және бұл халықтық жаңа легі ерекше оқшау бітімді және жас буынның түлектердің арасынан кейін өз саласы бойынша «тұңғыш» деп айтуға болатын талай кәсіби майталмандар шыққан.

Ол кезде орталық қалалардағы жоғары оқу орындарына түсіп, оқудың екі түрлі жолы болған. Бірі, жоғарыда келтірілгеніміздей, құзыретті органдардың жолдамасымен бару, бірақ неофит соның алдында қысқа даярлық курсынан (жұмысшылар факультеті) өткен екен. Мәлік Жаппасбаев Мәскеуде сондай рабфакта оқып жүріп, студенттердің домбыра оркестрін ұйымдастырыпты деген дерек кездеседі, бірақ ол ЖОО-ға түсе алмаған сияқты. Ал Оралдың Жаңақала ауданының тумасы Мәжікен Бутин Александров Гай стансасынан пойызбен Мәскеуге жетеді де, рабфакте даярлықтан өткесін Ленинград тұтынушылар кооперациясы институтына түсіп, оны 1931 жылы бітіреді. Сонымен бірге оқуға жолдамасыз, өз күшімен, емтиханды жақсы тапсырып түскендер де болған. Соның бірі – Қапан Мусин. 30-жылдарғы Қазақстан жағдайында бұл сирек кездесетін оқиға еді. Білімге деген құштарлықты айтсайшы!

 Германияда көзі көргендердің жазуынша, Мәулекеш те оқуға, білімге келгенде тума зерек екен. Жоғарыдағы Қапан Мусин секілді өз білімімен барып түсуі де мүмкін, не болмаса жергілікті органдардың демесінімен оқыған. Ондай жолдаманың берілуіне кіші інісінің бөтегесінде бірдеме барын ерте байқаған, заман ауқымын ерте түсінген үлкен ағасының да шарапатты әсері тиюі әбден мүмкін ғой. Ол кезде Оралда білікті оқу орны жоққа тандық. КИНО (Қазақ халыққа білім беру институты) 1932 жылы ғана ашылды, сонан соң оралдықтарға Алматыдан Мәскеу жуық. «Лақ маңырап су ішер» дегендей, бала да қаршадайынан қаңғырып, білім іздегісі кеп жалақтап тұр. Ал Мәскеуде оқытуға ағаның құдіреті жетеді: енді ше, Тілек Қайбалдин 1925 жылы белгілі жерлесі Мұхаммед-Хафи Мырзағалиевпен бірге БОАК жанындағы Қырғыз (Қазақ) ССР-нің Мәскеудегі өкілдігінде қызмет істеген дейтін дерек бар, ал 1928 жылдан бастап Қазақстан юстиция халкомы жанындағы прокурор, сосын Алматыда Жоғарғы соттың прокуроры болғанын ілгеріде айттық. Қазақша келтіргенде «Мәскеуіңді сұрап тұр».

Мәулекештің үлкен ағасы Тілек Қайбалдин

Мәулекештің астана қаладағы оқу орнына дәл қай жылы түсіп, қашан бітіргені жөнінде мәлімет жоқ. Жетіжылдықты 1929 жылы түгесті десек, онда оқуға 1930 жылдың ар жақ, бер жағында аттанған болып шығады. Бір жылдық даярлық курсын қосқанда төрт жыл оқыды дейік, олай болса, оқуды 1934-1935 жылдары бітірген, сонан соң Мәулекеш оқуға түсетін 1930 жылы ЛГУ деген болмаған – сол жылы одан гуманитарлық ғылымдар бөлініп шығып, өз алдына Ленинград лингвистика және тарих институтын (ЛИЛИ) құраған. 1936 жылы Алматыда әскер қатарында жүргенін ескерсек, ол республика астанасына қызметке жолдамамен 1935 жылы жіберіліп, келер жылы армияға шақырылған деу жөн (ол кезде әскерге 21-23 жаста алатын).

Енді дәл қай оқу орнында оқыды деген мәселеге келейік. 

Осы күнге дейін Мәулекеш Қайбалдиннің білім алған оқу орны жөнінде үш түрлі дерек айтылып-жазылып келді: бірі – Ленинград университетінің философия факультеті, екіншісі – Мәскеу университетінің журналистика факультеті және үшінші мәліметкөзде осы университеттің тіл-әдебиет факультеті аталады. Мұның алғашқысы күмәнді, себебі Нева жағалауындағы тарихи әсем қалада білім құтарғанын дәлелдейтін өңге сенімді мәлімет жоқ. Хамза Абдуллин де «Мәулекеш 21 жасында Мәскеу университетін бітірді» деп қадап тұрып жазған ғой. Екінші версия да сын көтермейді, себебі МГУ-дің журфагы 1947 жылы ашылған филология факультеті жанындағы журналистика бөлімшесінің базасында 1952 жылы құрылған. Ең дұрысы –  Мәулекеш Берлинде кездесіп, әңгімесін тыңдаған Хамза Абдуллиннің МГУ филфагы деген дерегі, сонан соң Мәулекеш Мәскеуден оралғасын ҚазМУ-де орыс тілі мен әдебиетін, яғни мамандығы бойынша сабақ берген ғой. 

Тарих докторы Аққали Ахметтің жазуынша, 1930-жылдардың басында Тұяқ Қайбалдин мен Шонанов дейтін екі студент Мәскеу университетінде оқып жүрген жерінен шығарылған. Бұл да арнайы назар тіктерлік архив дерегі. 

Мәскеу университеті – Ресейдегі ең көне және ірі классикалық университетердің бірі. Бағзыда ондағы төрт бөлімшенің (факультеттің) бірі сөз өнері ғылымдары бөлімшесі еді. 1920-жылдары бөлімше «этнология факультетінің әдебиет бөлімшесі» деген атпен қайта құрылады. 1930 жылдарға қарай МГУ-ден гуманитарлық факультеттер бөлініп шығып, солардың негізінде 1931 жылы Мәскеу Философия, әдебиет және тарих институты (ИФЛИ) құрылып, оған Чернышевскийдің аты беріледі. Мәскеуде 1931-1941 жыл аралығында жұмыс істеген осынау университеттік типтегі гуманитарлық ЖОО соғыс бастала, 1941 жылдың күзінде альма-матеріне – Мәскеу университетіне қайта қосылады. Ендеше Мәулекеш Мәскеу университетінің филология (тіл-әдебиет) факультетінде оқыды деу дәл болмайды, ол Мәскеу Философия, әдебиет және тарих институтында (МФӘТ) оқыды деу жөн. Бір қызығы, онда 1933 жылға дейін әдебиет факультеті болмаған, осы аралықта ол жойылып, институт МИФИ деп аталған, бұрынғы әдебиет және өнер кафедрасы басқа ведомстволарға берілген, сондықтан бұл пәнді оқыту бұрынғы тарих-философия бөлімшесінің базасында жүргізілгенге ұқсайды. Тек Мәулекеш оқуды бітірер қарсаңында ғана әдебиет-өнер кафедрасы кері шақырылып, базасында 1933 жылы әдебиет факультеті құрылған (1934 жылғы күзден әдебиет, өнер және тіл факультеті деп аталған, соған орай институтта атын МИФЛИ деп өзгертеді). Олай болса Мәулекеш бұл оқу орнынан «Филолог. Орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы» дейтін мамандықтағы диплом алып шыққан. 

Ол заман МИФЛИ-ге түсу қияметтің қайымы: емтихандарды мектеп бітіру аттестатындағы бүткіл пәндер бойынша тапсыру керек болғандықтан, әрі конкурс үлкен болуы себепті ол заман Мәскеуде «Не миф ли МИФЛИ?» деген сөз мәтелге айналған екен. Алайда, МГУ-ден өз алдына институт ретінде бөлініп шыққаннан кейін сол кездің солақай саясатының салқынымен мұнда да асыра сілтеулер орын алған: лекция орнына материалды сіңіруді үш-төрт студенттен тұратын бригадалардың бодауына жойдасыз берген «бригадалық-лабораториялық әдіс» енгізіледі, жекелей емтихан тапсыру әлгі бригадалардың ұжымдық есеп берулерімен ауыстырылады. 1932 жылы әлгі бригадалық әдіс жойылғанымен, идеологиялық және әкімшілік-өпірем өзімшілдік оқудағы, шығармашылық еркіндіктің тынысын тарылтады, әлемдік ғылыми орталықтармен байланыс шектеледі, көптеген ғалым-оқытушылар, әсіресе азамат соғысы жылдары атылудан аман қалған және шетелге эмиграцияға кетпеген ескілікті профессорлық құрам негізсіз қудалауға ұшырап, тұтас зерттеу бағыттарына, әсіресе қоғамдық ғылымдар мен филологиядағы жаңалық-ізденістердің аяғына тұсау салынады. Соған қарамастан институттағы ғылыми жұмыстар тұтас алғанда 1920-1930 жылдары едәуір жоғары нәтиже көрсеткен. Соның ішінде әйгілі профессор Г.Поспелов, Д.Благой, С.Бонди, Д.Ушаковтар сабақ берген әдебиет факультеті жазушы Константин Симонов, ақындар Борис Слуцкий, Михаил Матусовский, Сергей Наровчатов, Александр Твардовский, Всеволод Багрицкий, Михаил Кульчицкий, филолог Лев Копилев сияқты қаламгерлерді тәрбиелеп шығарады. Мұнда кейінірек Солженицын да сырттай оқыған. Бұл оқу орнын Қазақстаннан Мәулекештен бөлек Мұрат Бөжеев түгескен (1932 жылы институттың өзін, 1938 жылы аспирантурасын). 1960 жылдары құдіретті КГБ-ны басқарған Александр Шелепин және оның жанында лауазымды қызмет иеленген ақын Павел Коган да ИФЛИ-дің түлектері болатын. Осы институттың және бір түлегі, кезінде КСРО Радиохабар тарату комитетінің жанындағы радиоперехват бөлімінің меңгерушісі Ефим Арон да ифлилік еді. Ғажап емес пе? Мәскеудегі ифлилік Ефим мюнхендік ифлилік Мәулекештің эфирден берілген хабарларын тұншықтырумен айналысқан!

 Және бір жағдай. ИФЛИ барлық негізгі классикалық бағыттар бойынша тиянақты білім берген, соның ішінде институтта үш тіл білу қалыпты жағдай саналған екен. Соның ішінде институтта сонау МГУ-ден келе жатқан дәстүр бойынша орыс филологиясына қоса роман-герман бөлімшесі болған. Мәулекештің Германияға келісімен неміс тілін тез арада қапысыз үйреніп алуының бір себебін осыдан іздесек қателесе қояр ма екенбіз?!

ИФЛИ о баста түлектері соңыра идеологиялық, өнер мен мәдениет, оқу-ағарту мекемелеріндегі жоғарғы санатты кадрлардың қатарын толықтырып отыру мақсатында өзінше бір Қызыл лицей пошымында ойластырылғанымен, іс жүзінде оқу орны 30-жылдардағы Мәскеудің азбыншы еркін ой-пікір алаңдарының біріне айналған. Материалистік ұран дүмеп тұрғанына қарамастан, бұрынғы классикалық университеттік дәстүр өткел бермей, түлектерін объективті түрде идеалистік санада тәрбиелейді (зерттеушілердің арасында ифлилік үйірмелерді масондық ұя санайтын пікір бар). 

Бұл қатардан ақындардың көп шығуының бір себебін зерттеушілер (Мәулекеш те алдымен романтик ақын ретінде танылған ғой) ифлиліктердің өлең өнеріне өте жауапкершілікпен қарағанымен байланыстырады. Сол кездегі бақшаға егілген картоп секілдіт соцреализм жас ақындарды қатты тіксінтіпті. Олардың поэзиядағы тікелей тәлімгерлері Илья Сильвинский, Эдуард Багрицкий, Илья Эренбург тәрізді ойық құлақ конструктивистер болатын. Солар жасталап ақындарды өздерінің конструктивистік «локальдық семантикасымен» өлең техникасына үйретеді. Осынау «кеңестік батысшылдар» негізінде тоталитарлық түзімге аққұла қызмет ете тұра, есесіне күрделі де шыңылтыр сезімді поэзиялық формаларды мұрат тұтқан. «Сөзді жүктеу», аз сөзге көп мағына сыйғызу, қысқа, шалт жазу, «аз болса да мәз», «ноқатта бәрі тұр» принциптері – осынау конструктивистік парықтар Мәулекештің бізге жеткен азғана өлеңдерінен айқын байқалады. Бұл буын дәуір өздерінен әлдебір соны, тосын нәрсені күтетінін түйсікпен сезген. Алайда соны анық ажырата алмаған сыңайлы...

МИФЛИ-дің оқу корпустары орталықтан алыс, ол кездегі Мәскеуде қала сырты болып саналатын Сокольникиден де әрі орналасқан еді. Алдында Үлкен Трубецкой келте көшесінде (қазіргі Хользунов келтесі) тұрады да, кейін Растопин өтпе жолындағы 13А үйге көшеді. Элитарлық оқу орны, әрі бұрынғы дәстүрлі университеттің шалғайынан шыққандықтан ондағы студенттер өздерін оқу процесінде де салыстырмалы түрде еркін сезінген. Курсқа қарай аптасына бір-үш күнді кітапханада дербес жұмыс істеуге арнайтын дәстүрді ұстап қалады. Студент әлі де болса дербес ғылыми жүргізетін жас ғылыми қызметкер ретінде қарастырылады, олар мәшһүр көпшілік кітапханаларды айтпағанда, Бейнелеу өнері музейінің, Кропоткин көшесіндегі Щукин-Морозовтың жаңа батыстық өнер музейі жанындағы оқу залдарына еркіндей кіріп, нағашысының төріндей жайлайды. Мәскеудің кітапхана-музейлерінің өзі адамға білім бермей қоймайды ғой. Ифлиліктер Стромынкадағы әртүрлі ЖОО студенттеріне ортақ салынған үлкен жатақханада тұрған. Қазынадан шәкіртақы (стипендия) төленген. Қалалық тұрмыс тақіретін қинала қабылдайтын далалық студенттер үшін ИФЛИ-дің университет қалашығы болмағанымен, қаланың ыңды-зыңды орталығынан мойны қашық жатқан ғимараттары қолайлы еді. 

Тілек Қайбалдинның зайыбы Зейнехан Намазбайқызы

Мәулекештің Мәскеудегі студенттік достары хақында мәлімет жоқ. Тек ол жерлесі – Төлектөбенің Қараобасында туып-өскен Әнуар Ипмағамбетовпен және 1933-1937 жылдар өресінде Театр өнері институтының режиссерлік факультетінде оқыған Шахмет Хұсайыновпен дос-жар қатынаста болуы мүмкін деп топшылаймыз (Шахмет екеуі кейін Алматыда шығармашылық байланыста жүрген). Кейіпкеріміздің институтта үлкен ынтамен оқуына тағы бір жағдай әсер беруі мүмкін. 

ИФЛИ-де бері қойғанда «мещан» делінген қызметшілер отбасынан шыққан жастар және шеткері аймақтардағы орташа дәулетті не кедейленген дворян тұтқымды әулеттердің нәсіл-нәсібі оқыған. Қалай болғанда да қаратабан кедейлердің тұқым-зәузаты түсіп оқыды дейтін мәлімет кездеспейді. Жоғары лауазымды партия жетекшілерінің, халық комиссарларының, Коминтерн қайраткерлерінің, қызыл корпус командирлерінің балалары да аз емес-ті. Мәселен, Мәулекеш ИФЛИ-де өткерген жылдары онда Муза Егорова, Марина Крыленко, Агнесса Кун, Олег Трояновский, Лев Безыменский оқыпты. Чаковский де осы маңнан табылған. Орыс ұлтының өкілдері мейлінше аз, негізінен яһуди қауымының адал сүт емген перзенттері, ұлттық кемсітушіліктен ада нағыз «интернационал» элиталық оқу ошағы, қысқасы. Тыста қиян-кескі тап күресі жүріп жатыр, ал бұлар «оксфордтық кампустарда» Киплингті, Хемингуэйді, Гринді, Бабельді, Олешаны, Ильф пен Петровты, Пастернакты оқып, қызу талқылап жатты.

Станислав Куняев: «Ифлийлік партия да, масондық ложа да емес, өз алдына каста еді. Яғни, советтік истеблишменттің әлемдік революция жасауға қажетті коминтерндік бөлігі, – деп жазады. – Кейінірек, сталиндік төбе топтың дүниежүзілік үздіксіз революция бағытынан бас тартуымен коминтерндік бөлікке қажеттілік болмай қалған шақта және тарихтың қан өзегінде 1937-нің саяси үдерістерінің пісіп-жетілуімен Сталин жаңа мемлекеттік элитаны бұқара халықтан жасақтау механизмін іске қосқан. Ол 1941 жылы «КСРО-ның босалқы астанасы» – Куйбышевте эвакуацияланған астаналық бомондқа жататын отбасылардың ұл-қыздарына арнап Мәскеудегідей айрықша мектептер ұйымдастырылып жатқанын естігенде «Қарғыс атқан каста!» деп күйінген екен». 

Олай болса, Мәулекеш арада бірнеше жыл өткен соң, 1941 жылдың алмағайып күзінде, Мәскеу түбінде астана қала мен оның айналасындағы дачаларда тұрған он мыңдай адамды, басқаша айтқанда, жоғарыдағы кастаны – «мәскеулік концептуалистерді» жау оғынан кеудесін төсеп қорғаған болып шығады да. Солайы солай, сонда-дағы мен ойлаймын: қайтсе де «ифлилік» сана жаңғыз институтпен шектеліп қалмаған-ау, ол, сірә, 30-жылдардың ортасы мен 1940-жылдардың басындағы жас буынның айрықша дүниетанымдық көзқарасына айналған болу керек деп. Тұжырып айтқанда, Мәулекеш үшін Мәскеу бір жылғы білгенің біліміңе, екі жылғы көргеннің өнеріңе толығымен жететін жер ғана емес, Шелепин соңыра «ифлилік-диссиденттік сандырақ» деп атап, бар күшін сала тұншықтыруға тырысқан еркін ойлылық пен бостан пікірлердің жылымы бола алды деу жөн. Кейінгі ұлыдержавалық орыс шовинизмін жек көрушілік сезімі де көкірегіне дәл осы Мәскеу кезеңінде, элиталық-яһудилік оқу ошағында жүргенінде тап салған десек шындықтан аулақ кете қояр ма екенбіз?!

жалғасы бар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар