Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН ІІ БӨЛІМ...

26.07.2024 1000

ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН ІІ БӨЛІМ 14+

ЖАТЫР-МЕКЕН – ЖАТ МЕКЕН ІІ БӨЛІМ - adebiportal.kz

Қаламгер Мәулекеш Қайбалдин хақында

Сонымен өңін күн қаққан қыр баласы Мәулекеш Қайбалдин «үлкен жердегі» оқуын озық бітіріп, Қазақстанына қарақанаттанып, денесі байсал, ойы шымыр тартып оралды. Бір кезде санатқа қосылмаған елеусіз бала жігітті туған елі, оның ішінде жолдама берілген Алатаудың етегіндегі әсем қала енді оқыған, зияли жас тұлға ретінде көріп, құшағын жая қарсы алғаны зайыр ақиқат. 

МАҚАЛАНЫҢ І БӨЛІМІН ОСЫ ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗ

Жоғарыда айтқанымыздай, келісімен әскер қатарына алынған болуы. Өмірінің бұл кезеңі жайында да біздің қолда дерек жоқтың қасы. Отызыншы жылдары армияға бозымдарды 21 жасында шақырған. Ал Мәскеуде бес жыл оқып, елге қайтқан 1934 не 1935 жылы Мәулекеш 20-21-де (құжат бойынша). Сонда ол әскер қатарына 1935 жылы шақырылса, 1937 жылы босайды (ол кезде әскери міндетті мерзімді қызмет 3 жыл). Бұлай деуімізге себеп зерттеуші Серікбол Хасан кітапхана қорынан тапқан бір дерек. «Блог Ильи Винштейна» дейтін дербес сайтта (www.winstein.orgжарияланған «Юбилей классиков искусства и литературы в 30-е годы» атты шолу мақала. Соның бірі кесегі КСРО-да кеңінен аталып өткен Пушкиннің қаза болғанына 100 жыл толуына арналыпты. «Подготовка к Пушкинским дням проходила по всей стране, – делінген онда. – Красноармеец казахского горнокавалерийского полка М.Кайболдин сказал на Пушкинском митинге: «Я жил на земле, которая не знала ни Бетховена, ни Рембрандта. Над казахской степью никогда не звучала скрипка. Степь, палящее солнце, одинокий саксаул... Оборванные, полуголодные красноармейцы гнали откормленных, бренчащих шпорами офицеров. Они, эти оборванные красноармейцы, принесли в Казахстан симфонию Бетховена, стихи великого русского поэта Пушкина... Так пришел к нам Пушкин, так мы нашли его, а он нас».

Тарихтан мәлім, Пушкин дуэльден кейін, 1837 жылғы 10 ақпанда қайтыс болды. Бұл уақиғаға 100 жыл толу датасы 1937 жылы атап өтілді. Соның ішінде Қазақстан халқы да қатты дүбіліп, басқа ұлт республикаларынан қалыспай, дайындықты бір жыл бұрын бастап жіберген. Ілгерідегі шолу мақаланы жазған адам сол қарсаңдағы көп шараның бірі сірә, әскери құрамада өткерілген митингті айтып отыр. Демек, митинг шамамен 1936 жылдың ішінде оздырылған. Бұл уақытта Мәулекеш – қызыләскер. Шолудың авторы «Красноармеец казахского горнокавалерийского полка» деп түстеп өткен. 

Мұндағы «қазақ тау-кавалерия полкі» деген полк қандай құрама, қашан, қайда құрылған және 1936 жылы қай жерде тұрған? 

Бұл құрама әскери тарихта «Дербес Қазақ территориялық кавалерия полкы» деп аталады. Бастауы 1925 жылы Қызылрдада Шәміл Қаратаев құрған кіші командалық құрам даярлайтын Қазақ ұлттық мектебінен алады. Мектеп 1927 жылы Алматыға көшіп, келер жылы оның базасында дербес Қазақ ұлттық кавалерия дивизионы құрылған, одан әрі, 1931 жылы дербес Қазақ территориялық кавалерия полкы болып қайта жасақталған. Командирі – Төлесін Әлиев, одан кейін полковник Ибрагим Бекжанов. 1933 жылы полк ҚазКСР Әскери комиссариатының бағынысынан алынып, Орта Азия әскери округінің қарамағына беріледі, бірақ Алматыдағы дислокация орнын өзгертпеген. 1936 жылы наурызда 6 (19) Өзбек тау-кавалерия дивизиясының құрамына қосылған, сол кезде «тау-кавалериялық полкы» аталса керек. Дислокация орны ашық жазылмайды, ал жоғарыдағы Мәулекештің митингтегі сөзіне қарап полк бұрынғыша Алматыда қала берген, Өзбек дивизиясына әскери дайындық жиындары және әскери іс-қимыл кезінде қосылған болуы керек деп шамалаймыз. 

«Әскери іс-қимыл» деп отырғанымыз, 19-Өзбек таукавдивтің жекелеген бөлімдері 1937 жылы қырғыздың Нарын өлкесі арқылы Қытай шекарасынан өтіп Шыңжаңға енген, сондағы чанкайшилік Қытай Ұлттық-революциялық армиясының 36-дивизиясы жергілікті мұсылман қауымының қолдауымен шығарған бүлікті басуға қатысқан. Оның алдында, 1936 жылы қытайша киінген кеңес әскері «әскери кеңесшілер» деген атпен барып, коммунистік Шэн Шицай әскерімен бірге өлкенің біраз жерін өз бақылауында ұстаған. Бұл құрамда қазақтардан екі әскери бөлімше болған. Біріншісі, полковник Бекжанов (Бикжанов) басқарған Алматыдағы НКВД-ның 19-кавполкі және Нұрхан Мусин басқарған 48-қазақ тау-кавалерия полкы. Осы екеуі жоғарыдағы Қазақ таукавполкінің командирлері, жауынгерлерінен тұруы мүмкін және оларда Шыңжаңның табан жұртымен діндес, әрі олардың тілін, ділін білетін қазақ саяси қызметкерлер де қамтылса керек. Қазақ полкының командирінің саяси жұмыстар жөніндегі көмекшісі Әбілхайыр Баймолдиннің Шыңжаң операциясына қатысқанын зерттеуші Дина Игсатова архивтік деректер негізінде дәлелдеді, ал Ә.Баймолдин кейін, 1941 жылы өз полкіне қосқан Әмірхан Тілеумағамбетов (Әлихан Ағаев) пен Мәулекеш Қайбалдин де 1936-1937 жылдары Шыңжаңға енген «Нарын» әскери құрамалар арнайы тобының саяси қызметкерлері қатарынан табылуы мүмкін – ол кезде Қазақ ұлттық атты әскер полкының әскери кадрлары өте жоғары бағаланған. 

Сөйтіп, Мәулекеш 1935-1937 жылдар өресінде Алматыдағы Қазақ кавполкінде әскери міндетін өтеп, нағыз әскери-саяси даярлықтың көрігінен өтті және Әбілхайыр Баймолдинге жақсы шәкірт, Әлихан Ағаевқа тәуір дос болды деу жөн. Сол жылдары 19-Өзбек кавдивтің краскомы Сабыр Рахимовпен де кездесіп, танысуы әбден мүмкін. 

Шамамен 1937 жылдың жазында Мәулекеш әскер қатарынан босап, азаматтық өмірге оралады. Бұл бір түсініксіз, алмағайып кез еді: бір жағынан, репрессия құйыны Төлесін Әлиев, Нұрхан Мусин сияқты командирлерін ұшырып әкетіп, жоқ етіп жатыр, екінші жағынан, айнала қайнаған қызу еңбек. Өзі қуып жүрген руханият саласы да шығармашылық жалынға толы. Парадокс: ұлт зиялыларының алғашқы толқыны түгелге жуық жойылды, елдің сорпаға шығарлары айналдырған бір жылда ғайып болды. Алдыңғы буын қазақ қаламгерлерінің де шығармашылығы толық аяқталмай, шарықтау шегіне жетпей тоқтатылды. Ал бірақ руханият саласы, әдеби үдеріс өз қозғалысын тоқтатпаған 1933-1941 жылдармен белгіленетін қазақ шығармашылық интеллигенциясының үшінші кезеңінің серкелері кетсе де, уақыт бұрынғыдай сандық, сапалық үлкен өзгерістер әкелуін жалғастыра берді. Себебі, бұл кезде төңкеріс заманда туғандардың алдындағы, төңкеріс туғызған толқынның өкілдері қоғамның қай саласына болсын кенет жайпап өткен дала өртінен кейін қаулаған өртеңдей дендей бастаған. Мәселен, 1939 жылы жазда оздырылған Қазақстан Жазушылар одағының ІІ съезіне барлығы 246 қаламгер қатысса (195-і қазақ), соның 81-і жас авторлар еді. Жұрт біткеннің алды болғысы бар «күшенгіш» ақын, «күшеншек» жазушы, қып-қызыл шолақ белсенділерді есептемегенде, жаңағы өртеңнің көбісі мәдениет майданына екпіндетіп келіп, лапылдай еніп, тіпті адуын күйде бой көрсетіп жатты. 

Ол жылдарғы Алматы негізінен жер үйлерден тұратын. Өңшең дәукес, өңшең әупірім жас жазғыштар солардың ауласындағы (қорасындағы) көк шөпке алашаны төсеп жіберіп думандатып отырар-ды. Негізінен Мәулекешпен тіз қатар шыққандар: Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, Дихан Әбілов, Ілияс Омаров, Баубек Бұлқышев, Мәжит Айтбаев, Хамза Абдуллин, Әбу Сәрсенбаев, Сағынғали Сейітов, Әди Шәріпов, Ғалым Ахмедов, Сәйділ Талжанов, Абдолла Жұмағалиев, Ғабдол Сланов, Тайыр Жароков, Жәрдем Тілеков, Жұбан Молдағалиев, т.б. Бұлардың ішінде Мәулекешпен дос-жар, дәл қатар жүргендер кімдер? Хамза Абдуллин 1991 жылы «Азаттық» радиосына берген интервьюінде: «Мәулекешті Дихан Әбілов, Хамит Ерғалиев білетін», – депті. 

Біз бұл қатарға сондай-ақ жерлестері Абдолла Жұмағалиевты, Тайыр Жароковты, Жәрдем Тілековты, Жұбан Молдағалиевты, Сағынғали Сейтовті, Ғабдол Слановты жатқызар едік. Қасым екеуі де бірін-бірі етене білуі әбден мүмкін. Қасым да Мәулекеш сияқты жасында Ленинград барып, 1930 жылы сондағы Орманшаруашылығы институтына түседі де, бірер жылдан соң оқуды тастап, Оралға кеп тұрып, содан Алматыға 1936 жылы қайтады. Яғни екеуінің тағдыр жолдары ұқсас және Қасым Алматыда жүргенінде өзіне де, шығармашылығына да әбден жаққан оралдықтардың ортасынан көбірек табылған. 

Бізде әдебиетке 30-жылдары келгендердің өмірі мен шығармашылықтары жеке-жеке біршама зерттелгенімен, өзара ықпалдастықтары, творчестволық ауыс-күйісі, ортақ үдістері арнайы қарастырылмаған. Осынау жарқын таланттарды бүгінгі біз үздік-үздік мәліметтерге қарап қана бағамдаймыз. Бұрын ресми тарихта бұл онжылдық жұлып тасталған бет болса, қазір де сол жағдайдан аса ұзай қойған жоқпыз. Елде қалып жасағандары бұлай болып жатқанда шетке кетіп, есімі қалдырылғандар жайында не айтуға болады?!

Мәулекеш өмірінің біз енді қарастырғалы отырған Алматыдағы келесі бесжылдық кезеңі де дәл сондай жұлып тастаған бір бет. Осынау еншісіне бөлінген және бір бес жылда қайда қызмет қалғаны, не жазғаны тағы да телеграф таспасынан сыдырылып түскен сыдырмадай үзік-үзік: 30-жылдардың аяғына таман КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалында қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу бағытында жұмыс істеген, Осы мұғдарда ҚазМУ-де орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген, Алматы кезеңінде Жамбыл Жабаевтың әдебиет хатшысы болған дейтін де мәлімет бар. Мұны бізге жеткізуші Ж.Уралбаев осы орайда Мәулекештің Панфиловпен бірге Жамбылға барып, бата алғандарын келтіре кетіпті. 

Біз осы көмескі ізді қуалап жүріп, кездейсоқ Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінен бір мақаланы кезіктіріп қалдық. 2021 жылдағы 28 мамырда, «Жаһан жырауы» деген айқай тақырыппен жарияланған. Авторы – Сүйеу Халықов бүй дейді:

«Алматыда жасақталған атақты 316-ыншы дивизия жауынгерлері де майданға аттанарда өз қолбасшылары И.В.Панфиловтың бастауымен, құрамында Абдолла Жұмағалиев, Рашид Жанғожин, Иван Манаенко, Мәулекеш Қайболдин, Арыстан Ахметов бар топпен Қастектегі Жамбыл ақынға барып, амандасып, батасын алуы да бір қимас тарих. Жәкең: «Жорытқанда жол болсын, сапарларың [оң] болсын!» деп бата берген». 

Мұндағы Рашид Жанғожин – Панфилов дивизиясында болған әскери комиссар, қоршауға түсіп паналаған үйге немістер от қойғанда жауға берілместен, сыртқа партбилетін ұстап шыққан күйі оққа ұшқан батыр. Сәуірбек Бақбергенов осы уақиға жайында «Жанғожин», «Белгісіз солдат» хикаяларын жазған. Иван Манаенко деген жауынгер, командир панфиловшылар қатарында болмаған, сірә, бұл аты-жөні қате жазылған Иван Манаенко болса керек (майдангер, айрықша мақсаттағы әтіреттерде қызмет еткен, кейін атақты семсерлеуші спортшы атанды). Арыстан Ахметов те 316-дивизия қатарында болған, Оралдың Жаңақала ауданының тумасы, Интернетте «майданға 1942 жылғы қаңтарда аттанған» деп көрсетілген, алайда Панфилов дивизиясы майдандағы әскерге 1941 жылдың 18 тамызында аттанған ғой, бұл жерде, сірә, Арыстан ағамыздың жараланып, елге келіп емделіп, соғысқа қайыра кеткен уақыты көрсетілген бе дейміз. 

Мәулекеш Қайбалдин Жамбылдың «Чапай» өлеңін орысшаға аударған. Бұл өзі түпнұсқада 87 жолдан тұратын ұзақтау толғау, «жамбылапологеттердің» «Джамбул Джабаев: приключения казахского акына» деген атпен белгілі атшулы опусына сұранып-ақ тұр, «Еділ, Жайық үстінде, / Торлаған қара бұлтты / Серпу үшін күшіне / Түсіп Чапай жорытты...» деп кете береді. Осыны орысша транслейтке салсаң, о да «Эдиль на берегу, / Чтобы разогнать темную тучу, / Чапай шествовал / в своей силе...» деп, гуглдік стилде жосылтып береді. Ап-май, мұны Мәулекеш атамыз «ұлы да қуатты тілде» қалай сөйлетті екен деп білмекке одан әрі құштарланасың. Тапқышбек һәм тапқанымен аямай бөліскіш Секең (Серікбол Хасан) індетіп жүріп, бұл мәтінді де сонау Новосібірде шығып тұрған «Советская Сибирь» дейтін газеттің 1939 жылғы 23 ақпандағы нөмірінен суырып алған. Орысшасы да «Чапай» деп аталады. Астында «Алма-Ата. Январь. 1939 г. Перевели с казахского Николай Титов, М.Кайбалдин» деп көрсетілген. Көркемдігі онша емес. «Черные тучи ходили над Волгою и Уралом, / Страну задушить хотели генералы...» деп басталады. Таза жолма-жол аударма екені көрініп тұр. 1937 жылы бөтелкелес досы Павел Васильев істі болып айдалып кеткесін, жыл аралатып Алматыға тайған Титов Мәулекештің жолма-жолын көп басын ауыртпастан жерлес газетіне (өзі Томда туып-өскен) ырғыта салғанға ұқсайды ғой...

1920-1930 жылдары бізде екі тілге бірдей қаламгер мен қайраткер аз болмаған: Серікқали Жақыпов, Сәкен Сейфуллин, Әбдірахман Асылбеков, Ахмет Баржақсин, Ілияс Қабылов, Аспандияр Кенжин, Ораз Исаев, Сейітқали Меңдешов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабдолла Бұзырбаев, Саттар Ерубаев, Әнуар Ипмағамбетов... Мәулекеш Қайбалдин де осы қатарда және оны орысша-қазақшаға жетік, биллингвист қаламгер ретінде Жамбыл өлеңдерінің жолма-жол орысша аудармасын жасауға, арасында кейбірін көркем тәржімелеуге пайдаланбады ма екен деген ой келеді. Жоғарыдағы «Жамбылдың әдеби хатшысы» болды дейтін сөз осыдан шығуы мүмкін. 

Мәулекеш Қайбалдиннің ақындығы, ақындық қуаты бастабында күшті болған сияқты. Мағжанның Бернияз жайынан айтқанындай, «біраз өлеңдері басылған соң-ақ оқушы оған жалт беріп қарап қалған» шығар-ау. Мәулекештің бергі бетте жүріп жазғандары жиналмай жатыр, «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство» журналдары, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол жылдардағы тікпелерінен өлең-толғаулары табылып қалуы әбден мүмкін. Кейбір өлең-әңгімелері Мәскеуде басылған екен. Соның біреуін – «Конский череп» деген орыс тіліндегі новелласын Серікбол Хасан 1941 жылы Мәскеуде жарық көрген «Сборник современной казахской литературы» жинағынан тапты. Авторының нәмі – Кайбалдин Мәулекеш. «Лицо мальчика смугло от степного ветра и зноя. Часто, не открывая глаз, он смотрит на запад, но Алатау не видно, – вдали только небо сходится землей» деп басталады. Қалмақ шапқыншылығы дәуіріне қатысты аңыздың желісімен жазылған тәрізді, ал «Конский череп» аттың қубасы, толағай, бәлкім, алдымен «Ақтолағай» деген атпен қазақша жазып, соңыра орыс тіліне өзі аударуы да ғажап емес. 

Мәулекеш поэзия, прозаға қалам тартумен қатар драма да жазған. 

30-жылдардағы Алматы – театрлардың да қаласы. Қазақ драмалық музыка театры (кейін драма театры), одан бөлініп шыққан опера және балет театрының шымылдығы күніге желпілдейді және кейбір спектакльдер бірнеше бөлімге бөлініп, үш күн қатарынан қойылады. Үлкен Совет Энциклопедиясында мынадай мәлімет берілген: «Важное значение для развития национального театра [Казахского театра драмы] имели спектакли «Ревизор» Гоголя (1936)«Исатай и Махамбет» М. Акинжанова (1938)«Абай» Әуезова и Соболева, «Козы Көрпеш и Баян сулу» Мусрепова (оба в 1940)«Товарищи» Абишева, «Марабай» М.Кайбалдина и Хусаинова (оба в 1941)». Мұндағы Хусаинов – Шахмет Хұсайынов. Оның режиссер ретінде қойған спектакльдері туралы анықтамалықтарда «Кеше мен бүгін», алғашқы нұсқасы «Марабай» деп аталған, 1940» деген сөйлем кездеседі. Театртанушы Х. Ахметов жазады: «Қазіргі таңда «Кеше мен бүгін» пьесасының алғашқы нұсқасын жазуда Шахмет Құсайынов М. Қайыбалдинмен авторлықта болғандығы анықталып отыр... М.Әуезов өз мақаласында «жазушылар» деп жалпылама берсе, Ғ. Мүсірепов «Жаңа тақырыпқа жаңа спектакль» мақаласында «Шығарма авторлары Шахмет Хусайынов пен М. Қайыбалдин» деп анық жазады».

Бұған қарағанда, «Марабай» пьесасы бастабында Мәулекештің қолынан шыққан, сонан соң оны өзі Мәскеуден білетін Шахметке көрсеткен, ал Қазақ академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі әрі негізгі мамандығы бойынша театр режиссері Ш.Хұсайынов пьесаны сахнаға лайықтап (бәлкім, тіпті спектакль режиссері ретінде), оған қоса автор болған. Кейін, 1956 жылы пьесаны өңдеп, «Кеше мен бүгін» деген атпен қайта сахналайды. Пьесаның ілкі де, соңғы да мәтіні әлі күнге табылған жоқ, әдеби журналдардың бірінде жариялануы мүмкін. Мұхтар Әуезовтің, басқа да авторлардың келтіруінше, жаңа нұсқада авторлық ой өзегі кеше мен бүгіннің – ескі мен жаңаның күресіне өзгертілген. Ескішіл кейіпкерлер – Есіркеп, Сабатай, жаңашылдар – совхоз директоры Захаров, агроном Серік. Соңғы топтың басында жаңашыл ғалым Марабай жүреді. Бас кейіпкер есімінің талайлар өнер ашқан, ол заман қурайы түгіл, қияғы ән салып, жыр толғап тұратын автор туған өлкеден – атақты Марабай жыраудан тамыр таратуы ғанибет. Ал агроном Серіктің түпбейнесі Мәулекеш әскерде танысып, достасып кеткен, алдында Ақтөбенің Ойыл ауданында аға агроном болған, ал пьеса жазылған тұста Алматыда Егіншілік халық комиссариатында жауапты қызмет атқарып отырған Әмірхан Тілеумағанбетов (Әлихан Ағаев) болып жүрмесін. Иса Байзақовтың «Ақбөпе» дастанының негізгі кейіпкерлерінің бірі Әмірхан бейнесі суреттелетін «Жігіттің маңғазы еді, өзі сері, Күнде той, күнде сауық, жүрген жері. Жалынды аспанға ұшып алып қашып,  Нақ кезі қайнап тұрған жаңа пері» деген жолдарды оқыған сайын әлденеге есіме Әмірхан Тілеумағанбетов оралады. «Марабай» драмасы алғаш 1941 жылы ақпанда қойылған. Қазақ театры мен киносының тұңғыш суретшісі Құлахмет Қожықов спектакль эскиздерінің нобайын жасаған. Оларды зерттеуші Рашид Кукашев Қ.Қожықов кітабының құрамында Интернетке салды.

Драматургия – әдеби шығармашылықтың ең күрделі түрі. Драмалық шығармада автор көрінбей, тасада қалуы керек. Прозаикке, ақынға бұлай ету оңай емес. Драматург әдебиет пен өнерді бірдей меңгеруі тиіс. Мәулекеш соны игеріп келе жатыр еді. Осы қалпымен көркем әдебиеттің үш үлкен жанрында бірдей күрделі, кесек туындылар жасай алатын әмбебап қаламгер ретінде қалыптаса бастаған болуы.

Олай болмады. Барлығын да күндей күркіреп жеткен әлемет соқты да бұзды. Авторына үлкен атақ, абырой әперген «Марабай» сахналанғанның соңында, арада төрт ай өткенде соғыс басталды.

Оқ өтінде

Айтарын көзбен ұқтырған, ер алдында тік тұрған мүттәйім қазақ қызы тұрғанда көзі тіп-тік, сөзі аптық орыс бикештері, жүзі жайнап, көзі күлген татар бибігүл-бәннәттарымен көңіл жарастырған оқымыстыларымыз аз болмапты, тегінде. Мәулекештің де тіз қатар жолдастарының бірқатары сөйткен. Мүнираға арбалған Тайыр... Корей қызы Александрамен көңіл қосқан Абдолла... Еділ бойында Мәриямын ұшыратқан Харес... Мәулекеш те Алматыда Эльвира есімді татар қызын жолықтырады. Ол да жастай қия белге шығып кеткен білімді қазақ жігітіне «кетәрі» болмайды. Екеуінен бір қыз. Аты мәлімсіз. Нәйляның айтуынша, Алматының политехникалық институтында оқыған. Тірі болса бүгінде 88-ді бүктеп отыруы тиіс. Нәйляның анасы Роза «Менімен шамалас» деп отырады екен. Демек, 1935 жылдары дүние есігін ашқан. Ұзамай осы отбасын тастап, Мәулекеш майдан баруға жиналады. Кешегі зұлмат соғыс үйленбеген талай бозымға қорғасыннан оқ құйды, олардың жанында Мәулекештерден тұяқ қалды, оған да шүкір.

Қазақтан майдандағы армияға адам алу бірден, Наполеон мен Гитлер Ресейге жорығын бастаған 22 маусымда емес, біраз кешігіп, шілдеде басталған. Алматыда төрт әскерге шақыру пункті жұмыс істеген, соның ішінде бұрын әскерде қызмет еткендерді, запастағы командалық құрамды, әсіресе жергілікті партия, кеңес және комсомол органдары кепілдеме берген таңдаулы резервшілерді Орта Азия әскери округінің Алматыдағы бөлімшесінің ғимаратына жинап, сол жерде бөлім-бөлімдерге бөлген. Ілгеріде біз келтірген жинақтың авторы «Мәулекеш майданға өзі сұранып кеткен» деп жазады, сірә, үй-ішінің әңгімесі арқылы жеткен дерек. Кім білсін, қалай болғанын. Біздің білетініміз: бұл өмірде әйтеуір біреуді ризық айдайды, біреуді ажал айдайды, біреуді азап айдайды. «Нағыз тарих тағдырға ие, бірақ онда заң-заңдылық деген болмайды» – Оскар Шпенглердің 1920-30 жылдардағы футуристік тезисі.

Қазақстаннан бір күнде 25 жазушы әскерге алынған делінеді. Ал архив деректерге айтқызсаң, бұл сан одан екі есе көп. «...На фронт ушли 52 писателя, смертью храбрых пали [Ихлас] Адамбеков, [Абдоллаабдулла] Жумагалиев, Владимир [Чугунов], [Маулекеш] Кайбалдин, [Али] Исмагамбетов, поэт Абдулла Жанузаков удостоен звания Героя Советского Союза». ҚР Орталық Архивінің 1778-қорында хатталған үшбу мұрағат қай жылы жазылғаны белгісіз, сондықтан оны әзірлегендер «сатқынневозвращенец» Мәулекеш Кайбалдинді неліктен өлтіріп қойғандарын қалай жоритынымызды білмей тұрмыз. Десе де, осынау жалғыз-жарым дерек орыстың «Интеллигент на войне – как гриб в огороде» деген мысқылды лұғатын да, қазақтың «тауық бауыздауды обалсынатын кітапшыл» деп келетін мүсіркеу сөзін де ада-күде жоққа шығарады. Ақын, жазушылар таза штаттық азаматтар бола тұра, кезі келгенде қолдарына қалам емес, қару алып, ашық майданға түсуден тайсалмаған. Бұған жүрек, онымен бірге жауынгерлік қабілет, болып жатса, арнайы әскери даярлық керек. Әрі «ботан», әрі «военный» Мәулекеште бұның екеуі де бар еді. 

Ол әскерге бір кезде өзі ат жалында табысқан Әмірхан Тілеумағанбетовпен бірге алынып, екеуі бір құрамаға, баяғыдай кавалериялық полкке түскен. Әмірхан – пулеметші, Мәулекеш – минометші. Жай пулемет гашеткасы мен миномет тұтқасын ұстамаған, осы қару түрлерін меңгерген бөлімшелердің саяси жағын қараған кіші командирлер ретінде әзірленген. Дәлірек айтқанда, кавполктың пулемет-эскадроны мен миномет дивизионының (бөлімшесінің) командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарлары. Эскадрон бойынша бұл кіші политрук дәрежесіндегі пом(зам)политрук, әскери саптағы лейтенантпен шендес лауазым. Қылышты эскадрон сапындағы миномет бөлімшесі жағдайында саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарға қайыра аттестациялаудан соң комдив бұйрығымен «кіші сержант» әскери атағы берілген. Әдетте бұл әскери қызметтерге лайықталғандар полк мектебінде (Кіші командирлік құрам мектебі) жеделдетілген оқудан өткізіледі, не болмаса әскери гарнизон жанындағы полкте, яки кавдивизионда 50 мм-лік миномет бөлімшесінің командирі лауазымына арналған бір айлық курста оқып шығады. Қоғамдық жұмыс бойынша – саяси оқулардың топ жетекшісі. Мәулекеш осы екеуінің бірінде оқыған болуы керек және САВО-ның әлгі оқу курсы Алматыда емес, қазақстандық ұлттық атты әскер құрамалары жасақталып жатқан Жамбыл, Шу қалаларының бірінде жұмыс істеген бе дейміз. Неге десеңіз, Ә.Тілеумағанбетов майданға Шудан шұғыл аттанған. Бұл екі қалада 81-кавдив және 105-кавдив жасақталған. Соңғысы 1941 жылдың қарашасында, бұл кезде біздің кейіпкерлер майданда жүр, сондықтан уақыт жағынан сәйкеспейді, ал 81-дивизия 11 тамыздан бастап құрылған. Әмірхан мен Мәулекеш тамызда осы құрамада даярлықтан өтіп жатқандарында 5 шілдедегі директивамен Қатта-Қорғанда құрыла бастаған 44-кавалериялық дивизияға шұғыл әкетілген деп ойлаймыз. Осы дивизияның 51-полкі командирінің саяси жұмыстары жөнінде орынбасары (полк комиссары) болып тағайындалған батальон комиссары Әбілхайыр Баймолдиннің бұл екеуімен бұрынғы өзара райластығы себеп болуы әбден мүмкін. 

44-кавдив Өзбекстан жерінде, дәлірек айтқанда Шыршық қаласы маңындағы Сталин лагерінде жасақталған. Бұл іс, жоғарыда келтіргеніміздей, шілденің басында сөреден шығып, 22 тамызда мәреге жетеді, бірақ құрама толық құрылып үлгермейді. Себебі, бірнеше күннен кейін комдив, полковник Куклин КСРО мен Иран шекарасына дереу жету жөнінде бұйрық алады да, құрама 25-тамызда эшелонмен Түрікменстанның Термез қаласының тұсына кеп тұрады. 26-27 тамыз күндері Иранның Мешхед және басқа қалалары совет авиациясының күшті бомбалауына ұшырады. 27 тамызда, таңғы сағат 5.30-да САВО-ның дербес 53-армиясы құрамында Иран шекарасынан өтіп, Муздаран асуындағы қысқа ұрыстан соң келесі күні, яғни 28 тамызда ұлы сәске кезінде Мешхед қаласының маңына кеп жайғасады. Иранның (авесталық Эран-вэдж-Арийлар елінің) ғаскері тасадан жыпың еткізерлік мергендіктері болғанымен, ескі үлгідегі ағылшын винтовкаларымен қаруланғандықтан, мұздай қаруланып келген қызыл әскерге жөнді қарсылық көрсете алмай, берілуге мәжбүр болады. Соның ішінде шілдеде неміс қаруын алған Мешхед гарнизоны да Әмірханның «Максим» пулеметті эскадроны мен Мәулекештің от құсқан 120 мм-лік және 5 см-лік кавалериялық, 8 см-лік атқа теңделген миномёттеріне төтеп бере алмаған-ау.

Сол 28 тамызда Ирандағы шах билігі ресми түрде тізе бүкті. «Шағбан» («Тамыз») әскери операциясының нәтижесінде Иран жері герман өкіметімен қолдас болғаны үшін, шын мәнінде ағылшындар мен кеңес әскерлерінің біріккен ұрыс қимылдарынан кейін оккупацияланады.

Тарихқа «Мәлімсіз қауырт соғыс» деген атпен енген тамыз (шахривар) уақиғалары –  одақтастардың Иран операциясы – әліге дейін архивтерде жеті құлыптың астында жатыр. Операцияның сәтті жүзеге асуында осы елде алдын-ала астыртын іріткі жұмыстарын жүргізген кеңес агентурасы мен Иран тізе бүккеннен кейін қалалар мен ауылдарда үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан Әмірхан мен Мәулекеш сияқты саяси қызметкерлердің елеулі үлесі болғаны сөзсіз. Бұлар шын мәнінде арнайы даярлықтан өткен, тіл білетін әскери барлаушылар еді. Олар Ирандағы лур, бахтияр, қашқай тәрізді, арғы түбі түркі көшпелі тайпаларымен, сондай-ақ дені Мешхедте шоғырланған адай қазақтармен жұмыс істеуі әбден мүмкін. Соғыс қарсаңында Иранда Мұстафа Шоқайдың Түркістан Ұлттық комитетінің филиалдары ашылғанын, солар арқылы Орта Азия республикалары аумағына талай жүлделі агент жіберіліп отырғанын, Мешхедте антикеңестік эмиграциялық «Шарк Юлдуз» орталығы жұмыс істегенін де ескеру жөн... 

1941 жылдың 8 қыркүйегінде Иран үкіметі мен одақтастар арасында келісімшарт жасалып, ол бойынша екі жақтың әскерінің жайғасу аймағы белгіленді. 12 қыркүйекте 44-кавдиев 53-ОСАА қолбасшысының бұйрығымен КСРО аумағына қайтарылып, 28 қыркүйекте Ташкентте бүкіл девайсымен эшелондорға тиеліп, Батыс майданды бетке алады. Дина Игсатова тапқан архив деректерінше, дивизия 23 қарашада Мәскеу түбіндегі Никольское елді мекені маңында генерал Доватордың атты әскер корпусының қарамағына беріледі, ал біз тапқан архив мәліметтеріне қарағанда, Мәскеу түбіндегі Волоколамск темір жол станциясына 7-10 қараша күндері келіп, жүктерін түсірген дивизия арада бірнеше күн өткенде, яғни 15-16 қарашада алғашқы әскери қимылдарға қатысқан.

1941 жылдың күзі – соғыстың ең қатерлі кезеңі. Бұл – верхмахттың атышулы «Тайфун» әскери операциясы. Мәскеуге екінші қайтара шабуыл бастаған кездегі 51 дивизия, 1000 танк, 600 ұшақ, 10,4 мың зеңбіректен тұратын темір жұдырықалыстыру үшін, бұған кеңестік 82 дивизия, 890 танк және 1138 ұшақ қарсы тұрған). Осы жұдырықтың елеулі бір бөлігі – 2 және 3 армия 15 қараша күні таң ата Волоколомск тас жолы бағытында үлкен шабуылға шыққан. 16-17 қарашада тарихқа «панфиловшылардың өшпес ерлігі» деген атпен енген уақиғалар орын алған. Дәл сол он алтыншы қарашада 16-армияның қолбасшысы Рокоссовский жаудың әлгі тажал танктері мен окопта бекініп жатқан жаяу әскеріне Орта Азиядан келген 6 мың атты әскерді тіке маңдай шабуылға салдыодан тірі қалғаны – сегіз жүздей адам). Өзінің бастамасымен емес, Жуковтың қатаң бұйрығымен. Иә, иә, кейін «История Великой Отечественной войны абсолютно неправдивая... Это не история, которая была, а история, которая написана. Она отвечает духу современности. Кого надо прославить. А кому надо умолчать..»,– деп жазатын темір маршалдың дәл өзі, сөйте тұра үскірік қыста от бүріккен көк темірге қарсы андағайлап шауып қырылып қалған ат жалындағы армияны ауызға алмай кетті. Ол ғана емес, бүгінгінің тарихшылары да бұл трагедияны жөнді аша алмай отыр, не ашқылары келмейді. Неміс офицерлері жазған «қысық көз моңғолдар» болғаны үшін. Әйтпесе ашық баспасөзде жарияланған мына бір куәлікті жалғанның жарығына шығарар еді ғой. 

Әңгіме 51-тау-кавалерия полкінің комиссары Әбілхайыр Баймолдиннің «Казахстанская правда» газетінің 1942 жылғы 1 қаңтардағы нөмірінде жарияланған мақаласы жайында. Майданда жарақат алып, Алматыда госпитальда емделіп жатқанда жазған, «Мужество» деп аталады. Бояуы кетіріп, әрін жоғалтпас үшін түпнұсқа тілде үзінді келтірейік. 

«...К нам в часть Шарыпхан Тлеумагамбетов пришел младшим политруком.  Назначили его в пулвзвод. Однажды наша часть, сражавшаяся с немецкими захватчиками на дальних подступах к Москве, получила от командования приказ: пробиться в тыл врага, создать там панику и захватить несколько населенных пунктов. Чтобы выполнить это боевое задание, нужно было прежде всего занять селение К. В этом пункте враг создал сильную круговую оборону, обставил её станковыми пулеметами, ручными пулеметами, противотанковыми пушками и минометами

Бросить в предстоящую большую операцию всю часть? Бессмысленно. Решили так: командир Бахалов с двумя эскадронами заходит к селению Ф. С флангов и захватывает электростанцию. Остальные подразделения под моим командованием окружат пункт К.

Бой длился четыре часа. И в этот критический момент боя младший политрук Тлеумагамбетов принял командирование над пулеметчиками, уничтожил две сильно насаждающие нас огневые точки у моста в К. В это же время лейтенант Артименко и миномётчик М.Койбалдин уничтожил еще шесть огновых точек. С северо-востока бросились на немцев в штыки два взвода славных гвардейцев-конников во главе со ст.политруком Поповым и ст.сержантом Абдуллиным. Около 500 немцев уничтожена. Захвачено 60 пленных..., трофеи...» 

Бұл жерде әскери цензурадан қорғалақтап К. пункті деп көлейгейлеп отырған елді мекенді Кузяево деревнясы деп түсінеміз. Баймолдинді марапаттау парағы бойынша ол осы Кузяевоны босатқан ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. ҚР Орталық архивіндегі ҚазКСР Кеңес жазушылары одағы Төралқасының жауапты хатшысы Хасановтың жазбасында: «Мәулекеш Кайбалдин был трижды награжден орденами и пал смертью храбрых» деп көрсетілген. «Ерлікпен қаза тапты» деп өз жанынан қосып жіберген енді, ал үш орден, сірә, Иранда жүріп және кейін Мәскеу түбінде алған наградаларының жиынтығы болар. Ілгеріде келтіріп өткен Ж.Уралбаев өз кітабында Мәулекештің «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталғанын хабарлапты, біздіңше, бұл орден оған Мәулекеш 2-3 күн ішінде Мәскеу түбінде қатысқан екі шайқастың абыройлы алғашқысында ерлік көрсеткені үшін берілген деу жөн. Ғажап емес пе, жұқа өңді зияли жігіт «ыз» деп ызылудың, «сіз» деп сызылудың қолайына жаға бермейтін қатал, қатыгез әскери ортамен қытықсыз араласып қана қоймай, жаудың от бүріккен алты бірдей ұясын батареясымен тас-талқан еткен. Бүргені де ренжітпейтін жазушы, ал керек болса! «Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды,  Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген осы да... 

Екінші, ақырғы шайқас, ол енді Мәулекеш үшін де, Әбілхайыр Баймолдин атын ұмытып қалып, Шәріпхан деген Әмірхан Тілеумағанбетов үшін де абыройсыз, талайсыз, турасын айтқанда, тағдыршешті ұрыс болды. 

«...Мы не остановились в село К. Мы шли вперед. Бахалов захватил к тому времени пункт Ф. К утру мы заняли населения пункта Щ. и М. Мы шли неудержимо вперед. Немцы бежали...», – деп жалғастырады 

Ә. Баймолдин. Ат жалын тұтқан полк енді қай бағытқа маңыды, мәлімсіз. Жалғыз ғана дерек кездеседі. Ол – Бас штаб бастығы Б.Шапошниковтың атақты «Москва үшін шайқас» естеліктер кітабында «1941 жылғы 16 қарашада Волоколамск стансасы маңындағы күштерімізге көмекке 44-кавдивизияның 51-полкы жіберілді» деген жаңғыз-ақ сөйлем. Одан әрі қай елді мекенге барғандары, қалай соғысқандары, тарих қария бұл жайында ләм-мим. РФ Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивінен біз алдырған анықтама қағазда 51-полк соңғы рет 22 қараша күні Власково деревнясы маңындағы шайқаста көп шығынға ұшырағаны, сол күні кіші политрук Әмірхан Тілеумағанбетовтің хабарсыз кеткені хабарланған. Бірақ Әмірханның Германияда тұтқын ретінде толтырылған жеке лагерь парағында «1941 жылы 17 қарашада Волоколамск түбінде тұтқынға түскені» жазылған. Штабтағылар дұрыс мәлімет (донесение) ала алмағанына қарағанда, шынында Волоколамск түбінде сол күні 51-кавполк зұлмат шайқасты бастан өткергені да. Жоғарыда Ж. Уралбаев «Мәулекеш қоршауда қалған» деп жазады. Әбден мүмкін. Бауыржан Момышұлының белгілі «Москва үшін шайқас» кітабында Волоколамск түбіндегі Матерёнино деревнясы үшін қиян-кескі шайқас суреттеледі және онда Клин жақтан көмекке атты әскер бөлімшесі келгені айтылған. «Ақиқат пен аңыз» кітабында Әзілхан Нұршайықов бұл құрама Баймолдин басқарған 51-полк емес пе деп қайта-қайта қадала сұрағанымен, Баукең есіне түсіре алмаған. Осыдан қарап архивтерде көп жұмыс істеген Әзекеңнің қолында 51-полктың Волоколамск маңына келуі, Матрёнино үшін ұрысқа қатысуы жөнінде қандай да бір мәлімет болған ба дейміз. 

51-кавполк бұдан кейін де ұрыс қимылдарына қатысқан. Сірә, Матрёнинодағы қанқасаптан әбден селдіреп шығып, соңыра қайтадан жасақталған. Қоршаудан қаншасы шықты, қанша адам қаза болды, нешеуі хабар-ошарсыз кетті (денелері ит пен құсқа жем болып орманда қалды, яки жауға пенде болды), ол жағын ендігәрі біле алмайтын да шығармыз. Соның ішінде Әбілхайыр Баймолдин 16-қарашадағы ұрыста көзге түсті деп жазатын Алматы облаткомының нұсқаушысы Садри Абдуллин, Алматы облысында партия қызметінде істеген Александр Попов, ұйғыр сержант Рузиев, мерген Смайылов, барлаушы Мүрсәлімов, шебер қылышкер атшы Омарбаев, жауынгер Орбасов..., тағы да басқа жүздеген боздақтардың одан арғы тағдыры қалай болды екен деп ойға қаласың. Не десе де, Мәскеуді қорғауға, қазір айтылып-жазылып жүргендей, Қазақстаннан үш қана дивизия қатыспағаны анық, ондайлар бұдан көбірек, оның үстіне құрамында өзбекстандық қазақтар ырғын болған 20-шы, 21-ші және 44-ші кавалериялық дивизиялар да осы санатқа кіруі тиіс. Бұларды «драпдивизиялар» деп келеке еткен кейінгі әңгімелер, әрине, моветон, артта, штабта отырғандардың, яки сол қанқасаптардың ортасында болмағандардың жәреукесі. Тең емес ұрыста Еуропаның ең таңдаулы әскері құрсаулаған «қапшықтың» ішіне түсіп көр, ер екеніңді білейін. 

Енді полктың тірі қалғандары қолға өздері келіп берілген бе, әлде жау келіп тұтқынға алды ма, не болмаса өлесі жараланып түскен бе деген мәселені қарастырып көрейік. 

Әмірхан мен Мәулекеш жаралы болмаған, бұл анық нәрсе. Кеңестік кейінгі әдебиетте (мысалы, Серік Шәкібаев кітабында) бұл екеуі де, Харес Қанатбай да қолдарын көтеріп, қарсы бетке өздері өтіп кеткен болып шығады. Әмірхан (Ағаев) лагерлік персонал картада да, кейін архивтен табылған күнделігінде де «өз еркіммен берілдім» деп жазбаған. «Тұтқынға түстім» дейді, болды-бітті. Өз еркімен берілген болса, мәттақам неміс карточкесіне аusländer «аусландер» (қашып өткен) деген таңба соғар еді, ал лагерлік картада ондай белгі жоқ. 

Менің кешегі соғыста ерлікпен қаза тапқан бозымдарымыздың тағдырын «Қаһармандық анатомиясы» деп атап, ал жау жақпен қолдас, сыбайлас болғандардың тәлейін «Сатқындық анатомиясы» деп бөліп қарап, зерттеп келе жатқаныма біршама жылдың жүзі болды. Сонда ұққаным, қаһарман-батыр атану да, сатқын-сілімтік атану да кісінің жеке сапалық яки сапасыздық қасиеттеріне, нәр алған ортасына, арқа сүйеген негізіне, көрген тәлім-тәрбиесіне, білім-парасатына байланысты емес екен. Жауға берілгісі келмеуінің елу себебі, берілуінің елу бір себебі болуы мүмкін, бірақ олардың барлығы да кейін болар іс болып, бояуы сіңгесін барып ой сарабына салынады, екшеледі. Мысал келтірейік. Шымкентте жасақталған 102-атқыштар дивизиясының рота политругі Жұмағали Саин қоршауға түскен жерінен сытылып шығып, Украин орманында қаңғалақтап жүріп партизандарға кез болады да, кейін өзі сондай бір отрядтың ұйымдастырушысына айналады. Сөйтіп, майданнан оралған соң партизан-ақын атанып, есімі Алматыдағы үлкен көшелердің біріне беріледі. Мәулекешпен дос-жар Рашид Жанғожинді ілгеріде айттық – оттай қызыл партбилетін жүрегіне жапырақша жапсырған күйі берілместен шулы даңқпен өлді. Тағы бір досы Абдолла Жұмағалиев аман қалу мүмкіндігі бола тұра, командирден бұйрық келмейінше тыпыр етпеймін деп үй ішінде жанып кетті. Ондайлар ондап, жүздеп саналады. Бәлкім, тіпті мыңға барып қалар. Бірақ қайтсе де 6 миллион емес. Екінші дүниежүзілік соғыста Германия тұтқыны болған қызыләскердің қарамын айтамын. Әлбетте, комиссарлардың аузын ырситып қол көтеріп берілгендері де кездескен, бірақ алты миллион түгел неміске қарай қолдарын ербеңдетіп жүгірген жоқ қой. Ендеше сонша адам айналдырған екі жылда неге неміс концлагеріне сыймай, сасытып-борсытып жіберген? (Вермахт есебі бойынша, соғыстың алғашқы 6,5 айында – 1941 жылғы 22 маусым мен 1942 жылғы 10 қаңтар аралығында 3,9 миллион кеңес әскері қолға түскен, оның 15,2 мыңы офицерлер). 

Жауап біреу. Хайуан екеш хайуанда да өзін-өзі сақтаудың түйсігі болады. Аранын ашып ажал келген кезде адам өзін қорғайды. Торғай жаңбыр жауса балапанын, бұршақ жауса қара басын қорғайтыны сықылды. Пушкинді өлтірген Дантес айтты-мыс дейтін бір сөз бар. «Разве возможно, стоя под дулом дуэльного пистолета и готовясь к смерти, думать о благе человечества?!» деген. Расында да ажал аузында тұрып адамзаттың игілігін ойлау қиын іс. Осы жалғыз себептілік (каузальдылық) тіршілікте кездесетін алмағайып қиын ситуацияларда, әсіресе өмірің қыл ұшына ілінген шақта қалған мәселені шешіп жібереді. Қас-қағым сәт бүкіл тағдырыңды шешіп жібереді. «Бір сәт және бүкіл қалған ғұмыр». Тағдыркешті мүйнет, бәлки сағат. Соның қорытындысымен не қаһарман, не сатқын болып шыға келесің. Болайын деп тұрсың ба, болашағың, тілеуің алда ма, оқымыстысың ба, байсың ба, бағлансың ба, қарамайды. Соңғысына тап келсең, тағдырдың саған көзі соқыр болғаны. Тәлейсіздігің. Дұрысы, тәлейің кер баққан керзаманға тап болғаны. Ендігі жерде, бүткіл қалған өміріңде «сатқын-изменник», «отшепенец-сілімтік» деген жалғыз ауыз сөз сен үшін өзіңнен бөліп алғысыз мәндес форевер ұғымға айналмақ. 

Жауабы жоқ бір ғана сұрақ бар. 

Тәртіп бойынша политруктер старшина сияқты жағаларына төрт үшбұрышты петлица салып, ал жеңұштарына комиссарлық белгісі – үлкендеу қызыл жұлдыз түріндегі шүберек (шеврон) жапсырып жүрулері тиіс еді. Бұл Әмірхан мен Мәулекеш секілді БК(б)П мүшелері үшін әсіресе міндетті нәрсе болатын. Ондай белгісі бар екендігі, жалпы комиссар екені анықталғандармен ол кезде немістің сөзі қысқа – Гитлердің директивасы бойынша қызыл комиссар және яһуди тұтқындар сотсыз-үкімсіз атып тастауға жататын. Сол себепті көптеген комиссар-политруктер тұтқынға түсер алдында әлгі айырым белгіні жұлып тастаған, не болмаса форма киімдерін ауыстырып киген. Соның өзінде неміс лагерінде (дулагтар мен шталагтарда) тырнақша ішіндегі «достарының» сілтеу беруімен әлгілердің көбісі әшкереленіп қалған. Ондайлармен немістер тапанша «тілінде» ғана сөйлескен. Алайда Әмірхан мен Мәулекеш политруктер әлгі сыннан дін аман шығады. Оны айтасыз, екеуі кәделеніп, вермахт офицерлерінің ықыласты зейіліне ілігеді. Не екеуінің ұлтшылдық көзқарастары ұнаған, болмаса, қолдарында өздерімен одақтасуға мәжбүр еткен әлдене жолдау қағаз болған. Бәлкім, тіпті Кремльге қосанжар «көместегі, тереңдегі үкіметтің» – «бас чекистің» сәлемдемесі...

Қалай болғанда да, екеуі Волоколамскідегі дулагтан батыс бағытқа немістік супердәл механизммен бірден әкетіледі. «Асан екеумізді курьер самолетпен Смоленск қаласына жеткізді. 01.12.41-08.01.42. Берлиндегі офицерлер лагерінде болдым», – деп жазыпты Әмірхан күнделігінде. Екеуі шамамен он күннің ішінде Мәскеу түбінен кетіп, Берлиннен бір-ақ шығады.

Одан әрі құм жолындай бытпылдақ өмірлері басталады…

жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар