Дидар Амантай прозасы туралы…
Жазушы Дидар Амантай дегенде – менің есіме өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары дәлірек айтқанда 1996-97 жылдар түседі. Біз – сол дәуірдің жастары, жазушылық атағы бұған дейін емес-еміс, бірақ дүркін-дүркін жиі естіле түскен Дидарды дәл осы жылы анық танып, біле бастадық. Оның өзінде өзімен емес – қалам қуатымен алғаш рет танысқан едік. Айтқандай, дәл осы жылдан Дидар Амантай баспасөзде молынан жариялана бастады. Сол жылдары еліміздің ақпарат кеңістігінде «Заман – Қазақстан» атты басқа басылымдардан ерек сипатты, өзгеше газет пайда болған еді. Марқұм Жұмабай Шаштайұлы бас редакторлық ететін бұл газет шынында да басқа басылымдардан мазмұн-формасы айтарлықтай бөлек, бүгінгінің тілімен айтқанда креативті апталық болатын.
Осынау өзгеше газетте Дидардың ерекше мақалалары жиі жарияланатын. Бұларды мақала дегенен гөрі эссе дегеніміз дұрыс шығар. Себебі бұл жарияланып жатқан дүниелердің эсселік сипаты аса күшті болатын әрі романтикалық сипаттағы бұл эсселердің тұла бойын терең ой қуаты кернеп тұратын. Жалпы, сол кездегі жас Дидардың Абай айтқандай «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан сөзі" сұлу салтанатқа һәм айбынды асқақтыққа ие еді. Әсіресе «Көтеріл, қыпшақ!», «Махамбет философиясы", «Құдайдың еркесі – проза», «Әдебиет ұлттан басталады», «Көшпелі цивилизацияның соңы» т. б әр нөмір сайын үздіксіз жарияланып жатқан бұл эсселердің біздің санамызға рухани төңкеріс әкелгені анықтұғын. Дидардың бұл эсселерінен оның ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы менмұндалап тұратын. Аға буын үшін жауап бере алмаймын, бірақ сол кездегі жас қаламгердің замандастары, біздер – Дидардың осы даралығына тәнті болдық, көрмесек те сыртынан сүйініп, төбемізге тұттық. Біздің буынның алғадайы, келешек көшбасшымыз дестік. Өйткені сол кездегі демократиялық үрдістермен рухтанған біздің жас санамыз жаңа идеялар мен көркем нақышты интеллектуалды ой-пікірлерге жерік еді. Ал Дидар Амантайдың шығармашылығы осынау әдеби-философиялық идеялар мен көркем ой-пікірлердің тұнып тұрған мол қорлы кені һәм қазынасындай еді.
Ол заманда жұрт газетті киоскілерден сатып алатын. Сол уақта Қарағанды жастарының сүйіп оқитын екі газеті бар еді. Бірі – «Ана тілі», екіншісі – жоғарыда айтқан «Заман – Қазақстан» газеті. «Ана тілін» аталған газеттің бас редактордың бірінші орынбасары, жазушы Марат Қабанбайдың публицистикалық мақалалары үшін, ал «Заман – Қазақстан» газетін жас философ әрі жазушы Дидар Амантайдың эсселерін оқу үшін алатынбыз. Өйткені аталған қос жазушы сол бір күрделі кезеңде қоғамдық ой-сананың оянуына оның қалыптасуына айрықша ықпал еткен өз тұсының көсем қаламгерлері еді. Әсіресе сол заман жастарының эстетикалық талғамының қалыптасуына Дидар Амантайдың философиялық терең танымдарға негізделген интеллектуалды һәм рухани саф қуатқа суарылған ойлы дүниелері қатты әсер етті. Біздің әр аптаның белгілі бір күнінде аталған газеттерді сатып алуға асығатынымыз содан еді. Біз Дидарды, ол туралы сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова айтқандай «не береді?» емес, «не аламын?» қағидасымен оқыдық.
Дидармен танысудың сәті, ұмытпасам 1997 жылдың күзінде түсті. Бұл кезде мен Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі едім, сол жылы «Қазақстанның болашағы» үшін деген жастар ұйымы құрылатын болып, соның жиынына қатысуға Алматыға арнайы шақыртумен келдім. Дидармен осы күндері жақын танысып, араласып кеттік.
Дидардың алғашқы романы – «Тотықұс түсті көбелек» туындысы ұмытпасам, 1996 жылы жарыққа шықты. Қарағандыға әуелі романның дақпырты жетті. «Дидар Амантай деген жазушы роман жазыпты, ішінде Аркадий Топаев туралы айтылады екен» деген әңгімелер желдей есті сол жылы Қарағандыда. 1992 жылы Тайландта Әлем чемпионы болып, «Әлем назары ауған боксшы« атағын жеңіп алған Аркадий Топаев аз уақта аңызға айналып үлгерген дос-жар замандасымыз еді. Енді міне есімі романға еніп жатыр... Қазір жадымда жоқ, бәлкім «Ақжелкен» журналы болар, әйтеуір сол кездің елеусіздеу бір журналында жарияланған Дидардың бұл романы көп ұзамай біздің қолға да келіп түсті. Бұған дейін оншақты әңгімесін оқып үлгерген едім, Дидардың бұл туындысын да құныға оқып, тез тауысып қойдым. Әңгімелерінен гөрі романын оқығанда анық белгілі болды, шынында да Дидар бұған дейін оқыған жазушыларыма еш ұқсамайды екен. Бұл жөнінен ол өзіне дейінгі қазақ жазушыларының жазу дәстүрінен саналы түрде бас тартқан ба, қалай? Соның бір көрінеу көрінісі, сыншы Зейнолла Серікқалиев айтқандай Дидардың бұл романында: «дәстүрлі желілік сюжеттің жоқтығы еді. Оқиға, әрекет кез келген жерден бастала кетеді, күтпеген жерден бітіп қалады немесе қайтадан өрбиді. Негізінен Алматыдай әсем қалада ғұмыр кешіп жатқан студент-жастардың дулы өмірін жаңашыл жазушы – боксшы кейіпкері арқылы суреттейді. Бірақ даңғыл желілік сюжеттің жоқтығы сияқты, кейіпкерлерінің де «біртүрлі» болғандығы бұрынғы жазушылар сомдаған образдарға келіңкіремейді. Мәселен аға буын жазушылардың кейіпкерлері өздерін қалада жүргеніне бақытты сезінетін немесе ресторанда шарап ішіп отырғанын мәртебе көретін, тіл қатысса – көбінесе пафоспен сөйлейтін. Ал Дидар романындағы кейіпкерлер осы әсерлердің барлығынан ада, керісінше – ешкім қала өміріне таң қалмайды, ресторанда отырғанын мақтаныш көрмейді, өйткені олар қаланы игерген қазақтар, ауылдықтар қалаға келгенде бетпе-бет келетін «колхоздық комплекстен» арылған ұрпақ. Олар өмірден тек – мағына, ғұмырдан мазмұн іздейді. Ерте есейген, келешекке ой көзбен ұмтылған есті жастар. Осылайша Дидар Амантай бізге ауылдық «комплекстерден" арылған таза қалалық прозаны тарту етті.
Осы романды оқыған сыншы Зейнолла Серікқалиев: «Бүгінгі прозада өзінше бір тыныс әкелер шын мәніндегі дарынды қаламмен табыстым деп ойлаймын. Тегін жігіт емес, тектілік бар. Қайсыбір көріністерінде түрлі-түрлі кейіпкерлердің табысу, тілдесу сәттерінде, кітаби білім билеп бара жатқан тұстардың өзінде, тіршілік философиясы, әр қилы тәңіри тағдырлар орайында келте толғаныстар арқылы-ақ не түйткілдің де жіптігін білдірмей, жол тауып кете алады екен» – депті.
Әуелде Дидар мені мәтінге деген кіділігімен таңырқатты. Оның мәтіні физикалық атомдар сияқты – өзгеше бір реттілік заңына бағынады екен. Және бұл сөйлем мен жеке сөздердің реттілігі емес, тіпті әріп деңгейіне дейін реттілікпен орналасуы еді. Дидардың пирамида тастарындай тұтас қаланған сөз сарайының осыншама тығыздыққа ие болуы – осы әріп деңгейінде өрілгендіктен бе деймін. Дидардың тағы бір ерекшелігі ол өз шығармаларында әсіресе әңгімелерінде бір сөзді екі қолданбайды. Үнемі синоним сөздерді қайдан болсын іздеп тауып әкеліп қояды. Бұл ауызекі қолданыстағы сөз болмағандықтан кейде мәтінге кірікпей жат тартып тұрады. Мұндай талғампаздық тұрғысына Дидар кей шығармаларында даңқты Флоберге ұқсап кетеді.
Дидардың бұл шығармасынан кейін іле шала «Топ шеңгел» (Шайтан мен шәйір) романы жарық көрді. «Келсең кел» деп біз де оқыдық. Роман: «Егер сіз жан аңсарыңызбен кездескіңіз келсе, Ыстықкөлге барыңыз...» – деген ыстық ләззатқа еліктірер ынтызарлыққа толы сезімді сөздермен, төте әрі қызық басталып, бірден баурай жөнелгені есімде. Осылайша мен өмірімізде көрмеген Ыстықкөлмен Дидардың «Топ шеңгел» романы арқылы таныстым. Кейін Ыстықкөлге талай бардым, әр барған сайын көл жағасына жалынды жастық күндерін куә қылған «Топ шеңгелдің» аяулы кейіпкерлері: ару қыздар мен ардақты жігіттер есіме түседі. Задында, проза тілінде Ыстықкөлді Дидардай алабөтен жырлаған қаламгер жоқ шығар. Өйткені ол қырғыздың осынау ұлы көлі туралы небір тосын әрі көрікті ойлар айтады. Мәселен Дидар Ыстықөлді ағыл-тегіл суреттеп келеді де: «Ыстықкөл – барлық сезімнің отаны», – деп салады. Расында бұлай деп көл жағасында аяулы сезім кешкен ақын жүректі жазушы ғана айта алса керек. Ыстықкөлге биылғы барған сапарымда су жағалай серуендеп жүріп, Дидардың осынау отты сөзін көл жағасындағы шағын шәрлердің біріне, әсіресе жастардың демалыс айлағы – «Бостері» айылының кіре берісіне жазып қойса қандай жарастықты болар еді деп ойладым. Айтқандай, былтыр өзіміздің Алакөлге бардым. Жаз айларында, әсіресе, шілде айының соңына қарай мұнда жаны мен тәніне ыстықтан сая іздеген демалушылар мен дертіне шипа тілеген дімкәстар ырғын келеді екен. Көл жағасында күнге қыздырынған сол ырғын кісі күні бойы шүпірлесіп суға түсумен болады да, күн бата жаппай серуенге шығады. Тар көшелермен иін тірескен сауыққой жұрттың шуылы мен арзан музыканың дүңкілінен құлақ тұнып, көз қарауытқандай. Би алаңдарында тұмсық тығар жер жоқ, әсіресе екі иығын жұлып жеген жастар жағы әрбір алаңқайда би көрігін қыздырып жатады. Осылайша жазғы маусымда Алакөл жағасында сан мыңдаған адам демалады, көңіл көтереді, әсіресе желіккен желбас жастар күндіз-түні түрлі романтикалық оқиғалар кешеді. Шіркін-ай, Дидар айтқандай «барлық сезімдердің отаны» мына сиқырлы жағалау жайлы қазақтың қаламгер жастары осы күнге шейін не ғып жазбай жүр? Ыстықкөлді сұлу жырлағандай бір Дидар керек-ақ екен, осынау толқыны тулаған көбікті Алакөлге – дейсің осынау көрікті көлдің ақын-жазушы тарапынан жырланбай жатқанынына көңілің олқы түсіп. «Құсы жоқ көл жетім» демекші, ақыны жырламаса, жазушысы жазбаса – айдын көл де жетім екен…
Ал енді негізгі демегімізге келсек... жазушы Дидар Амантайдың былтыр жарық көрген "Майдақоңыр" атты новелла -әңгімелер топтамасы биылғы берілмек Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатыр екен Ұсынысымызды төтесінен айтсақ, жазушының бұл еңбегін Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептейміз, өйткені мұнда Дидардың қазақ әдебиетіне, ұлттық прозамызға әкелген жаңалықтары айқын көрініс тапқан. Ол – қысқа әрі анық және нақты жазу. Сонымен қатар Дидардың бұл новела-әңгімелері тілінің шұрайлығымен әрі әуезділігімен баурайды. Дидардың бұл новелла-әңгімелерінен Арқаның жібек желіндей майда қоңыр әуен еседі. Тұщынып оқығаныңда – сал кеудеңді салқын самалға тосқандай әсер аласың, рухани тынысың кеңіп ойың мен бойыңды оқу рахаты кернейді.
Дидар Амантай шығармалары шет тілдеріне аударыла бастағалы көп болған жоқ. Соған қарамастан қазіргі өзінде жиырма шақты тілге аударылып үлгерген Дидардың бұл шығармаларының ішінде жас кезінде жазылып осынау жинаққа енген «Майдақоңыр» әңгімесі мен кейінгі кемел шағында жазған «Көзіңнен айналдым" атты әңгімесіне дейін бар.
Кезінде "Майдақоңыр" жайында, жалпы Дидардың әңгімелері турасында сыншылар тарапынан (ішінде сыншы еместер де бар...) талай таласты пікірлер айтылғаны белгілі. (Әлі де айтылуда) Соның ішінде осы «Майдақоңыр» туралы сыншы Әлия Бөпежанованың: «...нағыз өнердің кезеңі – «Әдебиет – өмірдің көшірмесі емес» («Майда қоңыр» әңгімесі) – суреткер жасар жаңа әлем кезеңі екенін терең сезінетін кейіпкер дәстүрлі әдебиет стилінен саналы түрде бас тартады – өзге өлшемді әдебиет жасауға ұмтылады. Мұнысынан жап-жақсы нәтиже шығады. Содан да барып оның оқырманы енді өнер, мәдениет контексіндегі пәлсапа әлемінде күн кешуге мүмкіндік алады", – дегені көкейімді қалыпты.
2011 жылы Дидардың «Көзіңнен айналдым» әңгімесі жарық көрді. Шын өнерді Дидар осы «Көзіңнен айналдым» әңгімесінде көрсетті. Күрделілігін былай қойғанда мазмұн мен форма жағынан Дидардың бұған дейінгі жазғандары баланың ойыны іспетті боп қалды. Бұл оқырманның: «ойбай, мұнысы несі, не айтқысы келген» деген таңғалыстары мен абдырап қалғандықтарынан сезілді. Десе де «Көзіңнен айналдым» Дидардың өз биігіне лашындай лып етіп қалықтап шығуы еді. Сырт көзге бұл «лашында лып етіп» көрінгенімен мұның ар жағында талмай іздену мен жазу өнерінің қиямет-қайым бейнеті жатқандығы анық. Бірде жазушы, мәдениеттанушы, марқұм Таласбек Әсемқұловпен әдебиет пен өнер төңірегінде жаймашуақ әңгімелесіп отырдық. Әңгіме ауаны «Көзіңнен айналдымға» ойысты. «Үш рет оқыдым», – деді Таласбек аға еңсесін сәл ілгері тіктей, риза кейіппен басын шайқай күлімдеп, (Тәкеңнің дәл осы сәттегі бейнесі көз алдымда өшпестей қалып қойыпты) – Ғажап! Мен олай жаза алмаймын.
-Неге?– дедім мен.
-Мен ескі дәстүрмен жазамын. Солай қалыптасқанмын. Ал Дидар жаңа жазу үлгісін алып келіп отыр қазақ әдебиетіне. Негізі әдебиетіміздің бейнелеу тілі баяғыда ескіріп еді. Мұны алғаш байқаған марқұм Асекең, Асқар Сүлейменов болатын. Енді міне Асекеңнің сөзін Дидар жаңа жазу үлгісімен дәлелдеп отыр, – деді жарықтық Тәкең.
-Тәке, жазушы жұрт Дидарды түсіне алар емес, посмодернист дейді, – дедім
-Былай ғой... біз әлі соцреализмнен шыға алмай жатырмыз. Керек десең посмодернизмнің өзі әлдеқашан ескірген. Қазір әлем әдебиеті полистлистика дегенге бағыт алды
-Дидарды жазушыларымыздың түсіне алмауы – заңдылық. Өйткені Дидар әлемдік әдебиеттің көшінің қай тұста, қандай бағытпен кетіп бара жатқанын біліп отыр, – деді Тәкең.
Дидар Амантай прозасы расында да өзге өлшемді әдебиет жасаудың сәтті көрінісі болумен ерекшеленеді. Дидар Амантай – батыстың классикалық және модерндік әдебиетін, сондай-ақ постмодерндік әдебиетін түгел тауысып, көкейіне берік тоқи білген жазушы. Бұл жөнінен Дидар Амантай қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең интеллектуал жазушылардың бірі.
Осы тұрғыдан келгенде Дидар – қазақ әдебиетіне жазудың жаңа мәдениетін, тың үлгісін әкелген қаламгер. Әдетте оның шығармалары вертикаль бағытты болып келеді яғни мазмұны мен мағынасы үндеседі келе және оған философиялық реңк үйлесе тым тереңге тартады сондай-ақ формасының ерекшелігімен дараланады.
Жазушының 1991 жылдан 2022 жылға дейін жазған ең үздік әңгіме-новелалар жинағы «Майдақоңыр» – Дидардың өз замандастарына қойған сондай-ақ әсем қала Алматығы қойылған ескерткіш бұл. Қазір кім айтқаны есімде жоқ: "Егер Алматы жер бетінен жойылып кетер болса, онда Дидардың әңгімелері арқылы қала көшелерін қалпына келтіріп алуға болады", – депті бір оқырман. «Майдақоңырдан» мұң мен қасірет сарынын һәм жалғыздық азабын сезінеміз. Ұзаққа созылған өтпелі кезеңге тап келген Дидар кейіпкерлері негізінен – бақытсыз, көбісі өмірден орнын таба алмай өліп жатады. Оқырманды осы ойландырады.
Замана дауылына кез келіп, тағдыр соққыларынан есеңгіреп ес-жия алмай өмір соқпақтарынан адасып қалған бұл кейіпкерлерінің көбін Дидар әлдеқашан жоғалтқан. Суреткер оларды мәңгілік сағынатындай, кейде оңашада жас төгетін тәрізді. Дидар «Майдақоңыр» арқылы сол замандастарын жақтайды, бұл жөнінен аталған әңгіме-новеллаларды проза ‐реквием десе де болғандай. Қорыта айтқанда, XXI ғасырдағы қазақ әдебиетінің озық үлгісінің көрінісі – «Майдақоңыр» әңгіме-новеллалар» жинағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық туынды. Мәртебелі қазылар алқасы Дидар Амантайдың қазақ әдебиетіне, жалпы ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін ескереді деп ойлаймыз. Өйткені ол ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізге ең қымбат байлығы – денсаулығын берді. Ал денсаулық – ол ғұмыр ғой...
Ерлан Төлеутай, әнші, өнертанушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.