“Қаламгердің бір күні” жобасын қолға алғаннан-ақ, Астана ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ақын-жазушыларды ойша саралап, ішіндегі ең үздіктерін тізімдеп, осы бір жаңа айдарымыздың кейіпкеріне айналдыруды ойладық. Алғашқы сапар Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласына түсті. Бұл – таланттарға, әсіресе ақындарға бай өлке. Ал “Шымкентте жазушылардан кім бар?” дегенде алдымен ойға оралатыны да, бірден еске түсетіні де – Мархабат Байғұт. Хабарластық. Жазушылығы өз алдына, журналистігі, аудармашылығы бар, сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі “Алаш” халықаралық сыйлығының лауреаты секілді атақтары бар ағамен осыған дейін сұхбаттаспағаннан кейін бе, не дер екен деп үркіп тұрмыз. Әйтсе де, өзіміз оқыған “Интернаттың баласы”, “Нәурізек”, “Қорғансыз жүрек”, “Шілде”, “Әдебиет – пәннің періштесі”, “Жоғалған жұрнақ” секілді жып-жылы, мөп-мөлдір дүниелері бар, фантаст-жазушы Сарманбай Исақ: “Мархабат Байғұт - өмірдің нәзік қырлары мен сырларын тек өзіне ғана тән призма арқылы көретін жаңа ғасырдың өзгеше, ерекше дарынды жазушысы. Бүгінгі таңда жазушы шабыттанудың биік белесіне көтеріліп, қазақ прозасына жаңаша жазу тәсілі мен стилін қалыптастырып үлгерді” деп баға берген ағаның мінезі де жаман болмаса керек дейді бір дауыс іштен. Ойлағанымыздай, аға өте жылы сөйлесті. Сұхбат беруге келіскенімен “Бір күнді түсіру қалай болар екен? Үйдегі апайың өткенде “ауырдым” деп анау Қазақстан телеарнасынан келген “Сенбілік таңды” да түсірткізбей жіберді, өзге де арналардан бас тартып келеміз. Қартайғанда әйелге бағынып қалдық қой”, - деп мұң шаққандай болды. Ой шіркін, жүйрік қой! Осыған дейін талай жазушыдан сұхбат алып, олардың да әйелдерінің түрлі мінездісін көріп жүрміз. Бұл кісінің өзі жақсы болғанмен, әйелі қиындау адам болды ғой деп қоямын. Сонда да журналистігіме салып қоймай, көндіруге әрекет жасап жатырмын. Сөз арасында ағаның “Әйелімнен сұрап көрейін” дейтінін қайтерсіз?! Ақыры не керек, аға көнгендей, мен келіскендей болдым. Артынан білдім ғой, Мархабат аға әзіл-қалжыңға өте жақын жан екен, ал үйдегі Қыздаркүл апай мінезі жібектей есілген, ақкөңіл, ақжарқын адам екен. Мұның бәрі кейінірек, ал қазір ағамен өткізген бір күніміз қалай басталғанын әңгімелейік.
Таңғы сағат ондардың шамасында Мархабат ағамен Оңтүстік Қазақстан облыстық “Отырар” ғылыми әмбебап кітапханасында кездестік. Мұнда Қазығұрт ауданының күндері өтіп жатыр екен. Соның аясында Қазығұрт ауданының тумасы, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловты еске алу шаралары өтетін болғаннан кейін Мархабат ағаны да арнайы шақырыпты. Әңгімемізді осы жерден бастап кеттік.
– Мархабат аға, білуімше, сіздің ауыл Қазығұрт емес, Түлкібас ауданына қарайды ғой?
– Иә, біздің ауыл Жуалымен шектеседі. Кәдімгі Шақпақ асуы бар ғой, Құлан асуы, Сарытөр асуы, Жыланды асуы, Қанай, Боралдай асуы арқылы Ақсүмбеге тіреледі. Ақсүмбеде Сұлтанбек Қожанов дүниеге келген. Ақсу-Жабағылының шектескен жері Тұрар Рысқұловтың атамекені. Мен «Қаратаудың бір басында – Сұлтанбек Қожанов, бір басында – Тұрар Рысқұлов. Екі алып екі жағынан қарап тұрған сияқты” дейтінмін. Қаратаудың бір-екі бұтағы Жаңақорған жағында, тағы бір-екі бұтағы Жамбыл облысы, Қаратау қаласы жағына қарай кетеді. Қаратаудың негізгі бөлігі біздің Оңтүстік Қазақстан облысы жағында ғой. Алатау мен Қаратау кездескен жерден былай қарай біздің ауыл – Тау пістелі. Мен сонда дүниеге келгенмін. Біздің ауылда тау пісте өседі. Біздің дастарханнан да тау пісте үзілмейді.
Расымен түсте ағаның үйіне барғанда, апай алдымызға пісте қойды. Мен таңырқап, бізде өспейтін шығар деп ойлағанымды айттым.
Бұл бүкіл Қазақстан бойынша бізде ғана өседі. Одан бері Машат деген жерде біраз бар. Бірақ аз. Негізінен ерекше түрі біздің Пістеліде. Кейбіреулер «Сендерде шемішке өсе ме? Сосын солай атаған ба?» деп күледі. Ондайда шемішке емес, тау пісте екенін айтып түсіндіремін. Ауыл да пістеге орай Пістелі деп аталған. Пісте – биіктігі үштен-алты метрге дейін өсетін ағаш. Жаңғақ секілді, бірақ ағашы, діңі одан жіңішке. Біздің Бозторғай асуының ішінде бар, ал арғы Жуалы жағында жоқ. Жуалыда өрік те жөнді піспейді, қауын да өспейді, «көсегенің көк жонының» нағыз өзі.
– Сіздің ғұмырбаяндық “Ақтолғай” атты кітабыңызды оқып отырып, неге Шымкентке келмей, Жуалыда оқыды екен деп ойлаған ем. Жуалы ауылдарыңызға жақын болды ғой?
– Екінші сыныпта еркелетіп жүрген әкеміз қайтыс болды. Ауылда төрт жылдық мектептен басқа мектеп жоқ. Әкеміз барда мені артына мінгестіріп айттап жүруші еді. Ол уақытта мұндай дәстүр жоқ, тек мен ғана мінемін. Мені екі ұлы қайтыс болып кетіп, ұлға зар болып жүріп көрген ғой. Сөйткен әкем кеткен соң 3-4 сыныпта ауылдың қозысын бағып, малшы боп кеттім. Үздік оқығаннан кейін 5-сыныпты Жуалыдағы әпкеміздің қолына барып оқыдым.
Кезінде малдың соңында жүрген кішкентай бала – бүгінде ел ағасы, облыстың құрметті азаматы. Кітапханадағы шара басталып, ішінде Мархабат аға бар, Оңтүстіктің игі жақсылары соның бел ортасында жүргенде, мен жазушы туралы өзім білетін ақпараттарды миымда саралап тұр едім. Әсіресе, ағаның “қаламның құдіретін түсінген” 5-сыныптағы кезін есіме алдым. Мархабат аға 5-сыныпта оқып жүргенде 3-сыныптың әдемі бір қызына ғашық болады. Бір күні әлгі қызды ағаның Өмірзақ деген сыныптасы шашынан тартып, жылатып қояды. Алыса кетейін десе, атаманға шамасы келмейді, ақыры не керек, сыныптасының сол қылығын Мархабат ағамыз әшкерелеп, әдемілеп тұрып суреттеп “Қазақстан пионеріне” жазып жібереді ғой. Бұл мақала ауылды шу қылады, мектеп басшыларына дейін аяғынан тік тұрып, “журналист баланы” орталарына алады. Сонда тек әдебиеттен беретін мұғалімі ғана: “Жылама, Мархабат. Сөз саптасың жақсы, ары қарай жаза бер” деп қанаттандырған екен. Ал ағаның өзі бұл оқиғаны: «Кешке қарай сабақтан қайтып келе жатқанымда сыныптасым Өмірзақ пен төрт-бес шешен жігіт мені қоршап алды. Өзеннің үстінде, мұзда жабылып ұрып кетейін деп тұр. Сосын Өмірзақ: «Қазір мұны ұрсақ, ертең бұл бәле бізді газетке тағы жазады ғой, тиіспей-ақ қояйық, кеттік», – деп кетіп қалды. Сол кезде жазудың құдіретін түсіндім», - деп еске алады. Солай 5-сыныптан қаламмен дос болған Мархабат аға мектепте “корреспондент бала” атанады. Алайда, ағамыз оқуға журналистикаға емес, филологияға барады. Бір қалтарыста оның да себебін сұрадық.
– Бала кезіңізден, яғни мектепте жүргеннен атыңыз шығып, «корреспондент» атандыңыз, кейін де ұзақ жылдар журналистика саласында қызмет еттіңіз. Бірақ оқуға журналистикаға емес, филологияға барыпсыз. Оған не себеп болды?
– Біздің уақытымызда журналистикаға түсу үшін екі жыл жұмыс өтілі керек еді. Журналистикаға түсем деп ойлағанмын. Жазуды ерте бастадым. «Қазақстан пионері» деген газет болушы еді ғой. Соған мектепте жүргенде мақалаларым жиі шығып тұрды. Аудандық, облыстық газеттерде де жиі жарияланды. 11-сыныпты бітіргенде, мақалаларым бір папкаға толды. Ара-арасында өлеңдер де бар еді. Ұстаздарым да: «Осы папкамен барсаң, сені сөзсіз алады» деп қанат бітірді. КазГУ-ге бардым. Журналистика ол кезде филологияның бір бөлімі еді. Филологияға 50 адам қабылдайды екен де, журналистикаға 25 студент алынады. Орысбай Әбділдәұлы деген журналист-жазушы бар ғой. Сол да әскерден келіп, бізбен қатар оқуға құжат тапсырып тұр. Құжаттарды қабылдап отырған аппақ, әдемі қыз екен. Ол да менің папкамды көріп, риза болғанмен: «Екі жыл еңбек өтілі болмаса, журналистикаға қабылдамаймыз», – деді. Оқуға тапсырғалы келген солдаттар: «Мына баланың папкасы қалың ғой. Қабылдасаңдаршы», – деген соң, жаңағы қыз қабылдау комиссиясының жауапты хатшысына кіріп, рұқсат сұрамаққа кетті. Онысына да рахмет, бірақ рұқсат берілмеді. Содан көңіл-күйім түсіп, филфакқа тапсырдым. Филфакта төрт ай оқығанымнан кейін әскерге алып кетті ғой. Хрущевтің тұсы, ол уақытта күндізгі бөлімде оқитындарды да алатын. Солай Читадан бірақ шықтым. Әскерден қайтарда да: «Мен барғанша ауыстырып қойсаңыздар...» деп әскерде болғанымды міндетсігендей боп өтініш жазғаным бар. Ол уақытта әскер үш жыл еді. Бізді күндізгі бөлімнен алғаннан кейін, бізден кейінгілерді алған жоқ. Біз үш жыл жүрдік, бізден кейінгілерді екі жылға түсірді. Өзіміздің қырсықтығымыз ба екен, басымыздан сондай жағдай өтті ғой.
– Бірақ соның өзі өміріңізге көп пайдасын тигізген шығар?
– Иә, әрине. Әскерге барғаныма өкінбеймін. Өтініш жазсам да, әскерден келгеннен кейін журфакқа ауыстырмады. Ауысам деп шындап кіріссем, ауысатын едім ғой. Сайкиев деген филфактың деканына «Журналистикаға ауысайын деп едім. Арманым осындай еді. Үш жыл әскерде болып келдім. Мақалаларым шығып тұрады» деп жағдайымды айтып кірдім. Ол «Егер жазуға қабілетің болса, журналистиканы бітірмей-ақ жазасың. Сен қайта филфакта оқи бер. Мен саған шындықты айтайын, журналистерде түк білім болмайды. Филфакта білім терең болады», - деп ұрсып берді. Журналистердің көңіліне келмесін, бұл – Сакиевтің сөзі. Сосын үнсіз қалдым. Бірақ филфак бітіргеніммен бір күн де мұғалім бола алмадым. Сол кезде біздің Түлкібаста қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне орын жоқ екен. Аудандық білім бөлімінің бастығы бұрын бізде мектепте директоры болған еді. Алдына үш-төрт рет бардым. Еш мектепте орын жоқ. Тағы бір барғанымда: «Мектепте жүргенде жазатының бар еді ғой. Неге аудандық газеттің редакциясына бармайсың?» – деді. «Орын болса барамын ғой», – дедім қуанып. Сол жерде редакцияға телефон соғып: «Василий Иванович, кеше сіз айтқан қызды Ломоносов мектебіне орналастырдым. Енді сіз менің мына бір күшті жазатын шәкіртімді алсаңыз қайтеді?» – деп еді, анау жақтан «орын жоқ» дегендей бірдеңелер айтылды. Ақыры не керек, корректордың көмекшісі болып ең соңғы лауазымға кірдім. ғой Аудандық газетте алты жыл істедім. Одан «Жақсы жазады екенсің» деп облысқа шақырды. «Бір жылда үй береміз» деп алдап шақырып алып, төрт жарым жылда үйге зорға қолым жетті. Ол кезде үй алу қиын еді ғой. "Оңтүстік Қазақстан" газетінде 10 жыл, 10 ай істедім. Үйсіз төрт жарым жыл жүріп, Шымкентке Түлкібастан келіп-кетіп істедім. Бес күн сонда боламын да, екі күнге автобуспен ауылға қайтамын. Қақаған қыста сағаттап автобус күтіп, біраз ауруды жамап алдық қой. Одан екі тілде де газеттерге талдау жасай алатыным үшін облыстық обкомға шақырды. Жұрт жете алмай жүрген жерден қашып шыққандай әрең құтылдым. Обком ұнамады. Сосын қаштым. Жазушылар одағының біздің үш облыстағы хатшысы Нәсіреддин Сералиев деген тамаша жазушы еді. Ол кісі өмірден өткеннен кейін орны 4-5 ай бос тұрды. Кейін сол кісінің орнында қызмет еттім. Ақпарат басқармасы, қоғамдық келісім басқармасы дегендерде істедім. Кейін тіл басқармасы қайтадан ашылып, онда үш жыл істеп, зейнеткерлікке шықтым. 2008 жылы түске дейін тіл басқармасының бастығы болдым да, түс қайта «Егемен Қазақстан» газетінің үш облыс бойынша арнаулы тілшісі болып бекітілдім. Себебі, Сауытбек Әбдірахманов алпысқа толған кезімде шақырған еді. «Солай айтып едіңіз, ертең зейнетке шығайын деп отырмын. Қалай қарайсыз?» – деп хабарласып едім, бірден жұмысқа алды. Онда төрт жыл істедім. Төрт жылдан кейін «Ұят шығар, жастармен жағаласпайын» деп, қойып ем, бір жарым жылдан кейін Сауытбек Әбдірахманов қайтадан шақырып, тағы бір жыл істеп бердім. «Қазығұрт» деген журналды сәл-сәл айналдырық, ол біресе жабылып, біресе ашылды. Одан өзге қоғамдық жұмыстар бар. Өзің де көріп отырсың, күнде таңертең осындай іс-шараларда жүреміз. Бүгінгіге өзің де куә болдың. Ертең де дәл солай. «Бармаймын» деп бәлсінуге ұяласың. Мектептер, колледждер мен университеттер көп шақырады. Барлығына бара бермейсің, бірақ кейбіріне бармасаң ұят секілді. Білген әңгімемізді айтамыз. Солай жүріп жатқан жайымыз бар.
Бүгінгі шарада лента қию да Мархабат ағаға тапсырылған екен. Бұл жазушы үшін үйреншікті іс сияқты көрінді.
Кітапханадағы бұл жиын түске дейін жалғасты. Түске қарай Мархабат ағамен бірге жазушының үйіне тарттық. Өзіміз сыртынан жақсы танитын Қыздаркүл апайымыз дастарханын жайып, дайындалып, күтіп отыр екен. Біздерді жайдары жүзбен қарсы алды. “Ағаларың мені жамандаған жоқ па? Алдында ауырып қалып “Сенбілік таңнан” бас тартып едім, соны әлі қоймай айтып жүр”, - деп күліп қояды. Қалай болар екен деп келген біз апайдың жарқын жүзін көріп, жолымыздың болғанын, сұхбатымыздың сәтті боларын ойлап, қуанып сала бердік. Аға мен апаның жарасымды әзілінен кейін дастархан басына жайғасып, әңгімемізді ары қарай жалғастырдық.
– Аға, бұл жобамыз сіздің бір күніңіз туралы ғой. Сол себепті, таңертең қаншада оянатыныңызды, қай уақытта жазатыныңызды сұрай кетпесем болмас. Өзіңізді ерте тұратын адамдардың қатарына жатқызасыз ба?
– Өте тәртіптімін деп айта алмаймын. Өзі менің жазушылығым да шамалы ғой. Біз деген кәсіби жазушылықпен айналыса алмадық. Журналист болдық, басқа тірлік істедік. Үйсіз-күйсіз жүрдік. Күнде жазатын, жазушылықпен кәсіби түрде айналысатын Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Роза Мұқанова секілді жазушыларды тыңдап отырсақ, олар пәлен уақытта жазамын, пәлен уақытта демаламын дейді. Мен олай айта алмаймын. Журналист болдым, жазуды тиіп-қашып жаздым. Негізінен сенбі, жексенбіде жаздым. Басқа уақытта күнделікті жұмыстан қол тимейтін. Сосын бір ай демалыста жазатынмын. “Қазір қай уақытта тұрасыз?” деп тұрсың ғой. Негізінен алты жарымда тұрамын. Сөйтіп, далаға шығып серуендеймін, жеңіл жүгіріс жасаймын. Кешке де соны қайталаймын, үйде сәл-пәл спортпен айналысамын. Жазуды соңғы жылдары мүлде азайттық. Жылына екі әңгіме жазсам, оның өзі үлкен олжа. Негізінен менің жанрым - әңгіме. Роман жазған жоқпын. Он шақты повестерім, 100 жақты әңгімем бар.
– Сіздің “аз жаздым” дегеніңізге таңғалып отырмын, сырттай көп жазатын жазушыға ұқсайсыз. Бірақ санға қарасам, аса көп те емес сияқты...
– Оның себебі жазғандарымның газеттерде көп жарияланатынынан болса керек. Басылымдардың өздері “Әңгімеңіз бар ма? Мақала жазып жатырсыз ба?” деп жиі сұрайды. Сосын жазғанымды беремін. Әсіресе, “Егеменде” көп шықтым. Қартайғанда тілші боп, төрт жыл бойы бірталай мәселелерді көтердім. Ол жағынан ұялмаймын. “Егемендіктер” де алғыс айтты. Әңгімеден сәл-пәл бірдеңелер жаздық. Әйтпесе, пәлендей ештеңе тындырған жоқпын.
– Алғашқы мақалаңыздың 5-сыныпта жүргенде жазылғанынан хабардармыз. Ал көркем туындыны жазуды қашан қолға алдыңыз?
– Әскерде жүргенде Забайкалье әскери округының штабының арғы жағында түрме салдық. Ол туралы “Құрылысбаттағы қорлықтар” деп жаздым. Новосибирскіде алты ай оқып, командир болдым ғой. Кіші сержант деген атағым болатын. Қарамағымда елу адам болды. Елу адамды тұрғызасың, жұмысқа апарасың, қадағалайсың, кешке әкеліп жатқызасың. Сенбі, жексенбі күндері сапта жүруді, анау-мынауды оқытасың. Сол жерде жүріп қазақ қызына ұқсайтын қызды көрдім. Өзі марал бағатын. Кездестік. Сол кездесуімізден оқиға өрбітіп “Күн астындағы Күнікей қыз” деген ең алғашқы әңгімемді сол әскерде жүріп жаздым. Оқиғасын ойдан шығарғанмын. Өзіміздің аудандық “Шамшырақ” деген газетке жібердім. Жарық көрді.
Мектепте екі-үш жыл жүрген, хат жазысып тұратын қызым бар еді. Сол әңгімемді оқыпты. Өзі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді, Ташкенттегі Низами атындағы университеттің филфагында сырттай оқиды. Сонысына қарамастан, көркем әңгіменің қалай жазылатынын түсінбей: “Сол жақта жүріп қыз тауып алыпсың ғой” деп өкпелеп хат жазып, қызық болған. Алғашқы сол әңгімемді қайбір жылы “Түркістан” газеті “тұңғыш жазған әңгімесі” деп қайта жариялады. Мектепте жүріп өлең де жаздық. Интернатта жататын балалардың барлығының қыздарға жазатын хаттарын өлеңдетіп мен жазып беретінмін. Хатым онша әсер етпеді ме екен, кейбірі қосылмады, бірен-сараны қосылды.
– Әдеби ортаның назарын өзіңізге қалай аудардыңыз? Жазушы ретінде қалай мойындала бастадыңыз?
– Жазушылықты армандаған адам емеспін. “Журналист болсам да жетер” деген ойдың жетегінде жүрдім. Ара-арасында әңгіме жазып қоятынмын. Оқығандар, әсіресе Жазушылар одағының үш облыс бойынша жауапты хатшысы Нәсіреддин Сералиев: “Очерктерің әңгіме сияқты, әңгімеге кіріссеңші”, - дейтін. Ең алғашқы қысқа-қысқа үш әңгімемді қолыммен жазып, Алматыға бір барғанымда Тұтқабай Иманбеков деген жерлесімізге көрсеттім. Ол мені “Жалын” журналында істейтін Дулат Исабековпен таныстырды. 27-28-ге келіп қалған кезім. Ол жаста жұрттар көрініп қалады ғой. Дулатқа Тұтқабай: “Жазатыны бар екен. Маған оқытуға ұялды. Машинкаға бастырмаған” деп таныстырды. Дулат “Қане?” дегенінде қойнымнан алып шығып бердім. Исабеков қарап тұрды да: “Машинкаға бастырудың не керегі бар? Қолың қыздың қолындай ғой. Өзің жаздың ба? Қыздарға көшірттің бе?” – деді. Өзімнің жазуым осындай екенін айттым. “Болды, түнімен оқимын. Ертең азанда кел”, - деді. Азанда барып едім, Дулат құшақтай алды. “Ауылдың иісі бұрқырап тұр, әсіресе “Жалбызың” ұнады. “Жалын” журналына кезексіз салып жіберемін”, - деді. Көрдіңіз бе, қандай қамқорлық! Сөйтті де, журналдың кезекті санына салып жіберді. Ол кезде “Жалынға” немесе “Жұлдызға” бір шықсаң, жазушысың ғой. Немесе “Лениншіл жасқа” бір бет болып жарық көрсең, жазушы деп мойындай беруші еді ғой. Сөйтіп таныла бастадық. Одан кейін 1975 жылы жас жазушылардың республикалық кеңесі болды. Соған қатыстық. Ол кезде жасым 30-ға келіп қалған. Онда да екі әңгімемді алып бардым. Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Жайсаңбек Молдағалиев тағы біреудің кім екенін ұмыттым, осы бес жазушы семинар өткізді. Арамыздағы ересегіміз Құрал Тоқмырзин екен, одан кейінгісі – мен. Жастардан менен төрт-бес жас кіші Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқаров, тағы басқа талантты балалар бар. Жаңағы бес жазушы барлығымыздың әңгімелерімізді талқылады. Менің бір әңгімемді Қалихан Ысқақ сойып салды. Жаман сынады. Ішімнен “Бүйткенше жазушы болмай-ақ қойғаным артық қой” деп жазушылықтан безініп отырмын. Екінші “Жаңғақ” деген әңгімем бар еді, оны мақтай жөнелді. Сөйтті де: “Мына әңгімеңнің бір-екі сөйлемін өзгертемін, қарсы болмайсың ба?” - деді. Қарсы еместігімді айттым. “Бұны “Жұлдызға” шығарамыз”, - деді. Шынымен де көп ұзамай Зейнолла Қабдоловтың алғысөзімен “Жұлдызға” шықты. Содан өзім де жазушы ретінде мойындала бастадым ғой. “Болады екен ғой” деп, “Шілде” деген жинағымды “Жалын” баспасына өткіздім. Бірақ ол баспада төрт жыл жатып, 1978 жылы ғана жарық көрді. Жоғарыда айтқанымдай талқылаулар қазір жоқ. Асқар Сүлейменов деген қандай адам. Жайсаңбек Молдағалиев те мықты екен, ерте кетіп қалды ғой. Төлеген Тоқбергенов те мықты сыншы. Қазір ондай сыншылар да, ондай талдаулар да жоқ. Жастарға ақылымызды айтамыз, жыл қорытындысын өткізіп жатамыз, бірақ дәл солардай біз де талқылай алмаймыз. Егер олардай ұрсатын болсаң, сынайтын болсаң, жау болып кетеді. Ал сол бесеуіне мен қазір рахмет айтамын. Бір әңгімемді сойды, екінші әңгімеме тойды. Және көп ұзамай шығарып жіберді. Қандай қамқорлық, жанашырлық!
– Жазудың бір дәмін алған адам ары да жаза түссем, сондай ортаға барсам дейді. Осы секілді мойындалған тұстарыңызда жазушылықтың соңына түбегейлі түсейін деген ой келмеді ме? Әдеби ортаға, Алматыға деген ұмтылыс болмады ма?
– Шешем ауырып қалды да, мына апаң екеуміз шаңырақ көтердік. Ол кісі “Келіннің қолынан шәй ішсем” деген арманда жатты. Кететіні белгілі болып қалды. КазГУ-ден сырттайға ауысып, ауылға келгенмін ғой. Аудандық газетте істей бастағанмын. Ауылда 10 қыз бар екен. Ішіндегі ең сұлуы да, дұрысы да осы қыз болып көрінді. Оның үстіне өзі кітапханада істейді екен. Жарты жыл айналдырып, кітапханасынан шықпай қойдым ғой.
Осы сәтте есіме Мархабат ағаның Қыздаркүл апаймен қалай танысқаны туралы “Ақтолғай” кітабынан оқыған дүниелерім түсті. Онда жазушы болашақ жарын алғаш көрген сәтті былай суреттейді: “Жүрегіміздің атқақтап кеткені-ай. Түмп-түп. Түм-түп. Түм-түп. Осылай соғады-әй. Оқу залы, өзі отыратын орын, кітап көрмесі қойылар жері – бәрі бір бөлме. Тарлау екен. Үлкендеу бөлмеде қатар-қатар сөрелер. Кітаптар тізіледі. Кітапханашыңыз қып-қызыл боп кеткен. Бізді көргенде. Таныстық. Газет тігінділерін көрмекке рұқсат сұрадық”. Сөйткен апай жазушымен 50 жылға жуық уақыт бойы шәй деспей, бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді.
Келін түсіргеннен кейін екі аптадан соң шешеміз дүниеден өтті. Келіннің қолынан шәй ішу арманы орындалды. Алматыда жазда 15-20 күн, қыста 45 күн сессияда боламыз ғой. Сырттай оқитын оқуымыз бар. Сонда Алматының көшелерін аралап жүріп “Алматыға ауыссам. Шіркін-ай, анау үлкен балконның керегі жоқ, мына қарапайым балкон маған жетер еді, екі-ақ бөлмелі үйде тұрсам” деп қатты армандайтынмын. Армандарымды арқалап, жаяу-жалпы Алматыны аралаудан шаршамаушы едім. Алматыға барғымыз келгені рас. Бірақ оған ініміз, қарындасымыз болды. Апаңа үйленген соң үй салдық. Бұл кісі сүйретіп жүріп кірпіш құйды. Мен Алматыға сессияға кеткенде үйді салған осы – апаларың. Көп еңбегі сіңді. Сөйтіп жүріп Алматыға қалай барасың?! Кейін тұрмыс түзеле бастаған кезде “Егемен Қазақстанға” шақырды. Ол кезде шиеттей-шиеттей төрт баламыз бар. Бара алмадық.
Осы кезде Мархабат ағаның жанындағы телефон шырылдап қоя берді. Тілі тәп-тәтті Кәусар деген немересі екен. Атасының жүзіне шуақ тарап, бірден мейірленіп сала берді. Апай осы жерде бізге немерелерін сағынып жүргенін, олардың да ата-әжесін сағынғанын айтып үлгерді. “Немере балаңнан да тәтті болады екен” деп бір қойды. Бұл суретте Мархабат аға немересінің қылығын апасына айтып, күлісіп, телефонды ол кісіге ұсынып жатыр еді. Ал біз ары қарай әңгімемізді сабақтадық.
“Егемендегі” бөлім меңгерушілігінен солай бас тарттым. Үйді тез береміз деп айта алмаймыз” деді. Оған бала-шағаны ойладым. Басқа да басылымдар шақырды. Бара алмадық, солай қалып кеттік қой. Кейін Шымкентке ауыстым. Оған дейін ауданда, яғни Түлкібаста алты жыл аудандық газетте жүрдім. “Неге Алматыға бармадыңыз?” дегенді көп журналистер сұрайды. Алматыға барғымыз келді, бірақ тұрмыс жағдайы жаңағыдай болды. Ауылға үйреніп қалғанбыз, жүрексіндік те. Шымкент те жақсы жер ғой…
– Кейде “Барғанда өмірім басқаша қалыптасушы еді ғой. Ештеңеге қарамай баруым керек еді. Жазушылықтың соңынан кетуім керек еді” дегендей өкініш болмайды ма?
– Болмады емес, болды. Бірақ қазір ол өкініштердің өзі бұлдырап кетті ғой. Қазір басқаша ойлайтын болдық. Кеше ақын Нармахан Бегалиев өзінің өкінішін айтып жатыр. Ол 42 жыл бойы аудандық газетте редактор болды. Былтыр ғана зейнетке шықты. Енді “Қап! Ертерек кетуім керек еді, жазуым қажет еді” деп өкініп жатыр. Бәрімізде де сондай өкініштер бар ғой.
– Сырттай қараған кезде Алматыдағы әдеби орта сізге қалай көрінеді?
– Кейбіреулер әдеби орта дегенді мойындамайды. Американың талай жазушыларын оқыдым. Небір ұлы жазушылардың өзі “Әдеби орта деген – мен” дейді. Енді біреуі “Әдеби орта – менің кітапханам” дейді. Ал кейбіреулер оларды жоққа шығарып, “әдеби орта керек” дейді. Чехов, Горькийлердің өзінің әдеби ортасы болған. Сомерсет Моэм деген ағылшын драматургы, прозашысы бар. Мен соны көп оқимын. Ол әдеби ортаның керектігін, талқылаулардың қажеттігін айтады. Ал біздің Қабдеш Жұмаділовтың өзі де кейде “Әдеби орта деген – мен” деп жатады. Мұхтар Мағауин да сол көзқараста. Қанша олай десек те, бәріміз пендеміз ғой, әдеби ортаның керек екені рас. Біздің Шымкентте әдеби орта жоқ деп сынайтындар да бар. Жоқ емес, болды. Нәсіреддин Сералиев керемет жазушы еді. Бізге ақыл айтып, “олай жазыңдар, былай жазыңдар” демесе де, аз ғана сыр айтатын. Бізге соның өзі жетіп жататын. Өзінің қарапайым, кішкене ғана бөлмесі болатын. Жазушылар одағының бөлімшесі ғой. Сол жерге жинап алып сәрсенбілік жаңа жазылған әңгімелерді талқылайтынбыз, жұма күні мүшәйра болатын, ақындар жиналатын. Ақырын ғана ақылын айтып қойып отыратын. Сол кезде жаңа жазылған кітап та, туындылар да жақсы талқыланатын. Осындай өзіміздің шағын әдеби ортамыз болды. Кейін ол кісінің орнында мен істедім де, сол дәстүрді жалғастыруға тырыстым. Тіпті жан-жақтан қаламгерлерді жинап, жыл сайын жыл қорытындысын бірге өткізетінбіз. Қызық болатын. Екі жылда бір шақырып, үлкен кеңес өткізетінбіз. Жаңа кітапты баспаға жіберерде міндетті түрде, талқылауымыздан өткізіп, протокол жазып тұрып жіберетінбіз. Оның пайдасы болды. Қазір кім болса сол кітап шығарады, ол ешқандай талдаудан да, талқылаудан да өтпейді. Не болса сол шығып жатыр. Жұрттар талғап оқудан қалды. Сол кезде сондай дәстүрлер бар еді. Сондықтан әдеби ортаны жоққа шығаруға да болмайды, “әдеби орта болмаса жазушы болмайды, ақын болмайды” деген көзқараста қатып қалуға да болмайды деп ойлаймын. Жас жазушы шетелдің классиктерін ізденіп, еңбектеніп оқыса, өзіміздегі мықтыларды оқып, талдай білсе, соның өзі әдеби ортаның рөлін атқарады. Әдеби орта болып тұрса, мықты-мықты тұлғалар пікірін, жылы сөзін айтып, кемшілігіңді көрсетіп, талдап тұрса, ол да керемет, әрине. Бізде қазір талдау жетіспейді. Жоғарыда да сондай жағдай. Не өкіртіп тұрып мақтайды, не жамандайды. Жамандама да, мақтама да, талда. Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Серік Қирабаевтар секілді. Олар терең білгірлікпен талдайтын. Қазір сол әдеби сындағы талдау жетіспейді. Әдеби орта болып жатса, нұр үстіне нұр, жақсы ғой. Кейде бір адамның өзі үлкен ортаға бергісіз болады. Біз үшін Сералиевтің өзі бір орта еді. Төлеген Тоқбергенов оқта-текте келіп кететін. Асқар Сүлейменов келіп, Созаққа бірге барып қайтсаң, бір оқу орнын бітіргендей болып қалатынсың. Оралхан да Үндістанға сапары алдында біздің облыс арқылы өтіп, Ташкенттен ұшты. Кетерінде сәл-пәл сырласып қалдық. Сонда ол: “Мен Шымкентті, Оңтүстік Қазақстанды жамандайтын адамдармен көп болдым. Адамдары қу, сұм, алаяқ, саудагер боп көрінуші еді. Енді Үндістаннан келгеннен кейін шымкенттіктер туралы басқаша жазам”, - деген еді. Өкінішке қарай, ол оның соңғы сапары болып, оралмады. Сондай мықты адамдармен бір жолыққаныңның өзі сабақ.
Осы кезде апай үстелге Киікотын әкеліп қойды. Сұхбатпен есіміз шығып отырып, бағанадан шәйіміздің дәмін байқамаппыз. Шәйімізден әдемі дәм, бұрқыраған иіс шығып тұр. Апай Мархабат ағаның кітаптарында жиі айтылатын, біз өмірде көрмеген, кітаптан ғана оқыған Киікотын шәйға қосып беріп, бір уысын қолымызға ұстатты. Емдік қасиеті көп екен бұл шөптің. Тіпті, жазушының кітабынан осы өсімдік туралы оқып, сонау Талдықорғаннан Киікотын іздеп келіп, осы шаңыраққа қонақ боп кеткендер де бар екен. Әңгіменің құдіреті... Киікотының құдіреті...
– Ал қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының жазушыларының жағдайы қандай? Не жазып жүр?
– Жалпы жазушылардың жағдайы Қазақстан бойынша мәз емес қой. Мұны мен талай рет қозғадым, айттым, жаздым да. Біздің Қазақстанның жағдайында қаламақыны сақтап қалуға болатын еді. Тіпті алғашқы қиын 10 жылда төлемесе де, кейін төлеуге болатын еді. Бірақ олай етілмеді. Өте өкінішті жағдай. Жақында да бұл мәселе қайта қозғалып, “Қазақ әдебиетінде”, “Егеменде” шығып жүрді. Енді 2018 жылдан бастап шешіледі деп жатыр ғой. Баспа табағына 150 мың теңге беріледі деді. Оның өзі де жақсы болар еді. Мысалы, менің кітаптарым жиі шығады. Себебі баспалардың өздері сұрайды. “Кітабыңыз жақсы өтеді, сұраныс бар. Бірақ қаламақы бермейміз”, - дейді. Оған көп жазушылар көнбейді. Ал мен “Жарайды, шықса шыға берсінші. Қашанғы қаламақы болғанша сақтап отырамын?” деп бере саламын. Кітабым бұрқырап шығып жатады. Ақысына кейбір баспалар 100 кітап береді, кейбірі 50-60 кітап береді. Кейбір баспалар баспа табағына емес, бүкіл кітабыңа 150 мың ұсынады. Мен бір кітапты 10 жыл жаздым. Соған 150 мың алдым. Ол не болады?
Ал біздің осындағы Жазушылар одағының бөлімшесін Әбділда Аймақ 22 жыл басқарды. Айлықсыз, ештеңесіз. Демеушілер болды. Солармен өйтіп-бүйтіп күн көрді. Бөлімшені өлтірмей ұстап тұрды. Ол қайтыс болғаннан кейін Бақытжан Алдияр деген талантты ақын қолына алды. Бірақ оның сәл еркелігі бар. “Қазығұрт” журналын алғаш альманах етіп шығаруды бастаған ем. Екі жыл шығып, ол да тоқтап қалды. Өлтірмейік деп, кейін оны жұқа журнал етіп, бір кәсіпкердің көмегімен шығарып жүрдік. Былтырдан бері қайтадан қалыңдаттық. Бақытжанды соның бас редакторы етіп қойдық. Сол жерден айлық алады. Біз де соған көмектесеміз. Бір жақсы жері, жалпы жыл қорытындысы өтіп тұрады, кітаптардың тұсаукесерлері боп тұрады. Аздаған талдаулар да бар. Мықты-мықты жас ақындар қаулап өсіп келе жатыр. Мұқағали Кенжетайұлы, Әлімжан Әлішер деген жас ақындар бар. Батырхан Сәрсенхан атты мықты ақынымыз "Шабыт" фестивалінде бас жүлде алды. Біздің Түлкібаста Шұбайқызыл деген төбе бар. Ондай қызғалдақ өсетін жер еш жерде жоқ-ау. Сол орыстың крестьяндары көшіп келген 1895 жылдардан бастап “Красная горка” болып кеткен ғой. Шұбайқызыл деген атын қазақтар ұмытқан. Соны қайта көтеріп, “Шырайлым – Шұбайқызылым” деген алғашында аудандық, кейін облыстық, республикалық деңгейде үлкен байқаулар өткізіп, Шұбайқызыл атын қалпына келтірдік. Мен 70-ке толғанда Жеңістің 70 жылдығын орайластырып, той жасамай-ақ қояйын, жаяу сапар ұйымдастырайық деп, Шымкенттен Шұбайқызылға шамамен 15 адам 70 шақырым жаяу жүрдік.
– Қанша күн жүрдіңіздер?
– Екі жарым күн жүрдік. Жолда қонып отырдық. Жол-жөнекей соғыста қаза тапқандарға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, барлық ауылдарда кездесулер өткіздік, жиындар жасадық, Құран оқыдық. Артымыздан шұбап, жүздеген оқушылар жүріп отырды. Қызық болды. Екі жарым күн жүріп, үшінші күні Шұбайқызылға шықтық қой. Шұбайқызылды көрсеңіздер болады, сәуірдің ортасында одан сұлу жер болмайды. Сол “Шырайлым – Шұбайқызылым” байқауында бас бәйгені жаңағы айтқан Батырхан Сәрсенхан алды. Ол мықты ақын болып өсіп келе жатыр. Сонда жаңағылардың барлығы өлең жазып, байқауға қатысқан. Бәрі де Бақытжан Алдиярдың шәкірттері.
– Ал прозадан ше? Өзіңіз үміт күтетін шәкірттеріңіз бар ма?
– Прозадан қиындау енді… Прозашылар жоқтың қасы. Жаңағы ақындардың бір-екеуінің прозаға икемі бар. Мен соларды “Прозаға көшсеңші” деп үгіттеп жүрмін. Жалпы, жастар өсіп келеді. Оларда әдебиетке құмарлық біздің құштарлықтан күштірек. Бірақ жаңағы қаламақы мәселесі бәрібір кедергі жасайды. Күн көру керек қой. Басқа кәсіпте жүргендер озып кетіп бара жатыр. Өлшем өзгерген. Осы Бақытжан Алдияр да айтыс ақыны болып шығатын еді. Мен мұны үгіттеп, жазба ақындыққа көшірген едім. Кінәлі менмін, енді. Әйтпесе, Бекарыс – соның досы, айтыстан қанша машина алып қойды ғой. Бақытжан бірден машина ала алмады. Өзінің еңбегімен, табысымен алып жатыр. Бірақ бұл мықты жазба ақын болды.
Әңгіме осы тұсқа жеткенде үйге жазушының Ақлима атты қызы кірді. Аға таныстырып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жөніндегі проректоры екен. Басшылық қызметте істеймін деген кеуде жоқ, жүзінен жылу тарап, мейірім төгіліп тұр. Тәрбиесінен ғой, өте қарапайым екен. Мархабат аға: “Ақлима өлең жазатын. Бірақ өзім ақын да, жазушы да, журналист те болмай-ақ қой, басқа кәсіпті таңда” деген едім”, - деді. “Неге?” деген менің сұрағыма: “Ілияс Жансүгіров ағамыз қамалып жатқанда “Балаларым етікші болсын” деп айтып жіберген екен. Сол секілді өзім қатты қиналған соң бұларға да қой дедім. Бірақ бәрібір филологияға түсті ғой”, - деді жымиып.
Мархабат аға – ұрпақтарымен қалай мақтанса да жарасатын адам. Ұлдары да өмірден өз орындарын тапқан. Үлкен ұлы Нұрлан Байғұт ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болса, екінші ұлы Дулат Байғұт Облыстық балалар ауруханасының дәрігер нейрохирургы. Тек жазушының да, апайдың да жанына бататыны, Баубек атты ұлдарының көлік апатына ұшырап, өмірден ерте өткені. Әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген сол баласына Мархабат аға “Әдебиет – пәннің періштесі” атты әңгімесін арнапты. Балаларының ішінде әдебиетке ерекше құштары да осы баласы еді деседі...
– Ақындардың көптеп шығып, прозашылардың аз болуының себебі неде деп ойлайсыз? Мәселе тек қаламақыда ма, жоқ басқа да себептері бар ма?
– Қаламақы – бір себебі ғана. Шын жазамын деген, Алла талант берген адам қаламақы бере ме, бермей ме, оған қарамайды. Қаламақы деп пендешілікпен айтып отырмыз ғой. Ал ақындық пен жазушылықтың үлкен айырмашылығы бар. Проза жазу табандылықты талап етеді. Гоголь, Толстой секілді прозашылардың көпшілігі өзін-өзі үстелге байлап қойып жазған. Басқа қызықтың бәрін, қыз-қырқын, ішіс, құмар ойын, анау-мынаудың бәрінен бас тартып, бәрін тәрк етіп барып жазған. Ал ақындар ішіп жүріп-ақ жаза берген, жақсы өлең жазып алып оны жуа берген. Ақындық жеңілдеу деп айта алмаймын, бірақ бәрібір прозаға қарағанда ол – шабыттың тірлігі. Екі-үш күнде, бір сағатта бір өлең жазып тастауға болады. Ал проза бір сағатта, бір сәтте, бір-екі күнде жазылмайды. Оған айлар бойы, жылдар бойы отыру керек. Прозаның қиындығы өте көп. Жазушылардың сирек шығуы соған да байланысты болса керек. Жалпы қазақтың қанында, сүйегінде ақындық бар нәрсе. Әу демейтін, екі сөздің басын қосып, ұйқастырмайтын қазақ жоқ. Қазақтың осы тегі де әсер етеді. Сондықтан прозашы болу өте қиын. Бірақ халық тұрғанда бәрібір шығады ғой. Әдебиет өлмейді. Пәсеюі мүмкін, бәсеңдеуі мүмкін, сәл кібіртіктеп тоқтауы, тоқырауы мүмкін. Бірақ бәрібір шығады.
Жоғарғы қабатқа көтеріліп, әңгімені жазушының қабырғасы кітапқа толы жұмыс кабинетінде жалғастырдық. Ағаның жазу үстелін көрдік.
– Аға, өзіңізден кейінгі прозашылардан кімдерді атап айтар едіңіз? Жаңа тек сіздің аймақтың жастарына тоқталдық қой. Енді Қазақстанды түгел қамтып көрсек.
– Бізден кейінгі буыннан мықты жазатын Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Тұрсынжан Шапай бар. Олардан кейін Лира Қоныс, Аягүл Мантаева дейтін біздің Оңтүстіктің қыздары шықты. Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілқайыр, Дархан Бейсенбек, Алмас Нүсіп секілді жақсы прозашылар шығып келеді.
Әңгіме арасында Мархабат аға жақында ғана түрік тіліне аударылған "Дауыстың түсі" атты кітабын көрсетті. Түркі әлеміне қызмет еткені үшін берілген сыйлықтың біреуі - Олжас ақында болса, екіншісі - осы Мархабат ағада екенін біреу білсе, біреу білмес.
– Бүгінгі оқырман мен бұрынғы оқырманды қалай салыстырар едіңіз?
– Асқар Сүлейменовтің “Мың оқырманға татитын бір оқырман қалатын жағдай болады” деп сондау 70-жылдары айтқаны бар еді. Сол заман қазір келді. Бұрын мың оқырман болса, қазір соның орнына бір-ақ оқырман қалды. Бұрын мектепке кездесулерге баратынбыз. Тынымбай Нұрмағамбетовтың “Қарлығаштың ұясы” деген кітабы шықты. “Қаншауы оқыды?” дегенде 25 оқушының 21-і қол көтеретін. Ал қазір “Кім оқыды?” десе, жаңағы 25 оқушының біреуі қол көтеруі мүмкін. Болмаса, ол да жоқ. Тынымбай Нұрмағамбетовты танымауы да мүмкін. Қазір біздің кітапханалар жақсы жұмыс істеп жатыр. “Оқырмандар отауы” дегенді ұйымдастырдық. Оқырман тарту, іс-шаралар өткізу жағынан тынбай жатады, әйтеуір. Әлеуметтік желі деген де адамдарды әулекілендіріп жіберді ғой. Жақсы жақтары бар, бірақ зияны көбірек.
– Оқырманды кітапқа тарту үшін не істелуі керек деп ойлайсыз?
– Ең бастысы, отбасы мен мектеп жұмыс істеуі керек. Біз мектепке көп барамыз, айтамыз, жазамыз, журналда да мәселе көтереміз. Мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі үш ай демалысқа шыққанда бізге кәдімгідей тапсырма беретін. Сәбит Мұқановтың “Ботагөзін”, Мұхтар Әуезовтің “Қилы заманын”, Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпанын”, Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожасын” деп тізіп, 15 кітап тапсырады. Жаңа оқу жылында талқылаймыз дейді. Біз соны міндетті түрде оқып баратынбыз. Қазір сондай тапсырмалар берілмейді, берілген күнде де оқылмайды. Қыркүйекте келген кезде мұғалімдер оны сұрамайды, себебі мұғалімдердің өздері оқымайды. Оқушыдан сұрау үшін, шығарманы талқылау үшін өзі оқуы керек қой. “Қазақ әдебиеті” газеті сол уақыттары біздің облысқа 12 мың данамен тарайтын. Ал қазір республика бойынша 14 мың. Бұл – қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері “Қазақ әдебиетіне” жазылмайды, оқымайды деген сөз. Олардың да жағдайы жоқ па, қуқы тірлік пе, айлығы аз ба, білмеймін ғой. Мектептерге кездесуге ең көп баратындардың бірі менмін. Пәлсінуді, шіренуді білмеймін. Обал ғой, көгенкөздер сәл-сәл оқып шақырып отыр ғой дейсің де барасың. Барсаң, шығармаңнан көрініс көрсетеді. Бәрі әртіс болып кеткен сияқты. Оның бірі сәтті шығып жатады, бірі сәтті шықпайды. “Интернаттың баласынан” Ноқтабайдың рөлін алып шығады. Әдеттегідей, тағы да талқылау, талдау, пікір айту жоқ. Мұғалімдердің өзі айта алмайды. Осының бәрін жөндеу керек. Елбасының “Ұлы дала ұлағаттары” атты кітабының ішінде “Мұғалімдердің өзі оқымаса балалар да оқымайды” дегені бар екен. Соны оқып риза болдым. Қазір отбасыларда кітаптар талқылана ма? Ата-анасының сериал көруден қолы тимейді, баланың қолында ұялы телефон. Осыны айтып жүрміз. Көркем әдебиетті сол телефоннан-ақ оқысын. Бірақ оқымаса болмайды. Көркем әдебиетпен тәрбиелемесе, ұрпақ бордай тозады.
Атасының сұхбатына ара-арасында есіктен басында сығалап, артынан еркін еніп, кедергі келтіріп кетуді Әлихан батыр да ұмытпады.
– Қазіргі жастар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді классиктеріміздің туындыларына қатысты “тым шұбалаңқы, көп сөздерін түсінбейміз, тілдері ауыр” деген пікір айтады. Ал енді біреулер қазіргі проза тілінің қасаң, қарабайыр болып кеткенін алға тартады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қазіргі оқырман оқуы үшін біздің проза қалай жазылуы керек?
– Бұл жөнінде де айтыс-тартыстар өте көп. Кейбіреулер шешенсіп, көсемсіп, табиғатты суреттеп, ұзақ-сонар отырып алады. Қазіргі оқырман мұны қабылдамайды. “Телеграфтық стильге көшу керек” дегенді айтып, мені де сынайтындар бар. Менің де аллитерация, ассонансты қолданып, сөздің басқы дыбыстарын қуалап жазып кететінім бар. Оным кейде өзіме ұнайды да, кейде тым әрі кетіп қалып жатамын. Жалпы, қазіргі заманда шешенсініп сөйлеуден гөрі жұрт шешімді сөз күтеді, көсемді нәрселерден гөрі кесімді сөз күтеді. Жиналыстарда көп сөйлеп кеткен әкімдерге де осы сөзді айтып қоямын. Үлкен романдарға қарсылық танытатындар да көп. Дулат Исабеков: “Әуезов “Абай жолын” қазір жазса, оны ешкім оқымас та еді. Әуезов қазіргідей мойындалмас та еді”, - деп әзілдейді. Жалпы, романның өзі қазір қысқарып бара жатыр. Бұрынғыдай 450-500 бетті романдар азайды, қазір 150-200 беттің айналасында. Оның пайдасы да, зияны да бар. Қалай десек те, қазіргі заманға икемделуіміз де керек. Өткенде “Егеменге” “Қош бол, кітап!” деген әңгімем шықты. Соған пікір көптеп жазылып жатыр. Көп адам телефон соқты. Онда мен стилімді өзгерттім. Алдымен ұзақ қылып жазып алдым да, сосын бәрін сығып-сығып жартылай қысқарттым. Жұрт соны жақсы қабылдады. Оқырманға икемделген соң оның сәл-сәл әсері болатынын да байқадым. Бірақ тек солай жазып кетуге тағы болмайды. Ондай болса, қазақтың көркем сөзінің құнарын жүдетіп аламыз. Сондықтан орта жолды ұстана отырып, оқырман талабын да ескеріп, жаңа ізденістерге де баруымыз керек. Бұрынғы классикалық стильмен жаза берсеңіз халық оқымауы мүмкін. Ол ізденістерді аға буын жасай ма, жоқ орта буын, әлде кейінгі буын әкеле ме, оны уақыт көрсетеді. Жалпы, ізденістер де жоқ емес. Жаңағы Тұрсынжан Шапайдың өзі біраз ізденістер жасады. Асқар Алтай мен Лира Қонысты да айтып жатырмыз. Нұрғали Ораздың өзі бұрынғы дәстүршілдік мен жаңашылдықты үйлестіріп, біраз дүниелер жасап жүр.
– Қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейге әлі де шыға алмай жүруінің себебі неде деп ойлайсыз? Немесе бізде әлемдік деңгейде жазатын жазушылар бар ма деп сұрайын.
– Қазақ сөзінің көркемдігі, құнарлылығы, ерекшелігі, өзгешелігі сонша, оны аудару қиын сияқты. Абай әлі толыққанды аударылған жоқ, аударылмайтын да секілді. Проза да дәл солай. Оралхан, Сайын, Әбіштердің прозасын аудару өте қиын. Әйтпесе, бізде әлемдік деңгейдегі жазушылар көп. Әбіш Кекілбаевтың өзі неге тұрады?! Дулат Исабековтың прозасы да талай тілдерге аударылды, бірақ қазір оның драматургиясы озып тұр ғой. Санкт-Петербург, Лондонға дейін қойылып жатыр. 75-жылдық мерейтойы Лондонда аталып өтпекші екен. Оған екі пьесасын дайындап жатыр. Мұның өзі әлемдік деңгейге шықты деген сөз. Әбдіжәмил Нұрпейісовтың де туындылары аударылуда. Төлен Әбдіктің романдары, Әкім Таразидың “Жаза” деген романы - әлемдік деңгейдегі туындылар. Осылардың барлығы өз дәржесінде аударылса ғой. “Қызталақ, қазағыма танылсам болды” деп Мұқағали да өлеңдерін онша аударта қоймаған. Фариза Оңғарсынова апамыз да үйіне өлеңін аударам деп келген немістің алдына бас тартыпты. Бастан шошып, қашқан аудармашыларды ақын апамыз: “Үйден шығыңдар! Сендер қазақтың дәстүрін, бас тартатынын білмей менің өлеңдерімді аударуға келіп отырсыңдар ма?” деп қуып шыққан. Қазақтың дәстүрін, тілін білмей, құр аударам дейтіндер көп. “Біздің сөзіміз құнарлы екен, көркем екен, аударылмай-ақ жүре береміз” деуге тағы болмайды. Сондықтан аударма ісіне қамқорлық жасап, мемлекеттік деңгейде қаржы бөлдіруіміз қажет. Тағы бір қателігіміз, бізде көбіне орыс тіліне аударып аламыз да, сосын өзге тілдерге аудартамыз. Қазақ тілінен тікелей ағылшын, жапон, неміске аударуымыз керек. Жалпы деңгей тұрғысынан алып қарағанда біздің әдебиетіміз ешкімнен сорлы емес.
Кешкі уақытта Мархабат аға бір уақыт осы темірді айналдырады екен. Спортты ерекше жақсы көретін жазушы сондықтан болар, жасы жетпістен асса да, өзге замандастарындай қозы қарын байламаған, керісінше, жігіт секілді жіптіктей.
– Проза жазғысы келіп жүрген жастардан “Қазақ тілінде жазғанмен оның болашағы жоқ, одан да ағылшын тілін үйреніп, ағылшын тілінде жазамын” деген пікір естимін. Мысалы, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтерді орыс тілінде жазғаны үшін әлемге танылды деп айтып жататындар да кездеседі. Жалпы, қазақ жазушыларының өзге тілде жазуына қалай қарайсыз?
– Тек ана тілімізде жазу керек деп тыйым салуға да қарсымын. Бірақ екінің бірі Олжас емес. Олжаста талант та, ұлтқа деген махаббат та бар еді. Ол орыс тілінде жазып-ақ қазағына қызмет етті. Екінің бірі Айтматов немесе Герольд Бельгер емес. Енді ондай жастар талант пен дарынына қарай еңбек етсін. Десек те, өзінің ұлттық тілінде, уызданған тілінде жазған, сөйтіп барып аударылған дұрыс деп есептеймін.
– Сіздің жанрыңыз - әңгіме екенін білеміз. Десек те арасында романға бару туралы ой болды ма?
– Менің қаламымнан әңгіме сәттірек шығатын сияқты. Ұзай бастаса жүрісімнен, жорғамнан, қаламымның қуатынан айырыла бастайтын сияқтымын. Мені Жұмабай Шаштайұлы: “Мархабат ағамыз ұзақ шығармаға жоқ сияқты. Бұл кісі ұзаған сайын айни бастайды екен” деп сынаған болатын. Жұмабайдан сабақ алдым да, ұзақ шығарма жазбай қойдым. Повестің өзін қысқа жазамын.
– Бірақ жазып көрдіңіз бе?
– Керімбек Сыздықов дейтін сыншы болды. Әуезовтанушы, мұхтартанушы. Әуезов музейінде істеді. Сол: “Сен әңгімелеріңді тарау-тарау етіп бөлсең, новеллалардан құрылған роман сияқты болады екен, солай көрсеңші” деген болатын. Оған күшім де жетпеді, уақытым да болмады. Бірақ роман жазайын деп ойлаған емеспін. Ұзасам, айнып кетемін бе деп тартындым. Содан “Әңгімені-ақ жарытып алайын” дедім. Кейбір романдарды оқып “жазуға болады екен ғой” деп қызығамын, бірақ жаза алмаймын. Шебер суреткер Тәкен Әлімқұлов: “Роман жазудан әңгіме жазу қиын. Себебі романның айбақ-сайбағын оқырман кешіреді, ал әңгіменікін кешірмейді. Біздің қазақтың әңгімесінде баяндаушылық, көпсөзділік басым. Содан арылсақ, қазақтың әңгімешілдік дәстүрімен әлемдік әдебиеттің жаңалықтарын енгізсек, сонда біздің қазақ әңгімесі мықты болады”, - дейді. Сыншы Әмірхан Меңдеке де: “Әңгіме - әулие жанр” деген болатын. Қазір Құдайға шүкір, қазақ әңгімесі биікке шықты.
– Қазақ жазушылары арасынан өзіңіз қайталап оқитын жазушыларды айтыңызшы.
– Бейімбет Майлинді қайталап оқимын. Әр шығармамды жазардың алдында Бейімбетті оқып аламын. Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қарауылбек Қазиев, Сайын Мұратбековтың туындыларын жиі оқимын. Сайын “Қайталап оқудың рахатынан артық рахат жоқ” дейді. Келісемін. “Бізде дұрыс жазушы жоқ” деп сын айтатындарға оқығандарын қайталап оқыса талай нәрсені аңғарар еді деген кеңес айтамын.
– Ал әлем әдебиетінен ше?
– Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің “Ай мен ақша” деген туындысын жақсы көремін. Өзім “Бетінде сызығы (әжімі) көп дүниежүзінде екі-ақ жазушы бар. Бірі – Сомерсет Моэм, екіншісі – мен”, - деп әзілдеймін. Марк Твенді, Эрнест Хемингуэйді жақсы көремін. Орыстардан Чехов пен Шукшинді, Распутинді көп оқыдым. Қай-қайсысы да мықты жазушылар. Француздардан Мопассанды көп оқыдым. Жезөкшелерді көп жазушылар түзелмейді десе, Мопассан олар түзеп шығарады.
Осылай кеш батып, қас әбден қарайғанда Мархабат ағаның қызықты әңгімесі мен Қыздаркүл апайымыздың дәмді шайына әбден тойған біздер үйге қайтып бара жаттық. Қақпа сыртында қол бұлғап жазушы тұрды. Тым қарапайым... Сұхбатта өзінің туындыларына қатысты өзге жазушылардың мақтауынан гөрі сынын көбірек айтқан Мархабат Байғұттың болмысы мені расымен таңғалдырды. Маған тіпті, соншалықты әдемі жазатынын Мархабат ағаның өзі де білмейтіндей көрінді. Мөп-мөлдір әңгімелер осындай жаны таза жаннан ғана туса керек... Енді түсіндім...
Марфуға ШАПИЯН
Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.