Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жазушының махаббаты...

19.09.2017 7073

Жазушының махаббаты

Жазушының махаббаты - adebiportal.kz

Талантты тұлғаның шығармашылығы ғана емес, біреуді жақсы көруі мен жек көруі, эмоциясы да ешкімге ұқсамайды. Олар шығармашылықта ғана емес, өмірде де ешкімді қайталағысы келмейді. Олар махаббаттың формуласын өздерінше іздеді...

Толстойдың жары

Толстойдың Ясная Полянадағы үйі мен Мәскеудегі үйінде болғанымда жазушының әйелінің өте ұқыпты, жинақы, үй шаруасына пысық болғанын байқадым. Жазушының екі үйіндегі тұрмыстық заттар, жазушының қолжазбалары, бәрі де Софьяның ұқыптылығының арқасында сақталған.

Жазушының бөлмесіндегі бет сүртетін сүлгі кіршіксіз аппақ. Музей қызметкерінен «Мына сүлгімен жазушы бетін сүрткен бе, әлде соған ұқсас сүлгіні сіздер қойдыңыздар ма?» деп сұрадым. «Софья Андрейқызы тазалықты жақсы көретін әйел болған. Ол өзінің ғана емес, Толстойдың да үсті-басын таза ұстап, барлық жағдайын жасаған. Бұл – жазушының өз сүлгісі» деп жауап берді.

Қарапайымдылықты жақсы көрген, өзінің өмір сүру дағдысымен өзгелерге үлгі болған жазушы әйелі тігіп берген қарапайым көйлектерді киіпті. Софья тіккен кең, ыңғайлы көйлектер де жазушының үйінде сақтаулы тұр.

Софья қолы бос кезінде сурет салумен айналысыпты, егер шындап айналысса, одан жақсы суретші шығар ма еді?! Бірақ ол бүкіл өмірін, потенциалын, қабілетін күйеуіне арнады.

Толстой Софьяға үйлену туралы сөз салғанда ол он сегізде, жазушы отыз төртте еді. Толстой Софьяға өзінің күнделігін беріп, «Оқып шықшы. Екеуміз үйленсек, арамызда ешқандай құпия болғанын қаламаймын» дейді. Толстойдың «махаббат хикаясын» күнделігінен оқып, білген Софьяға, әрине, тұрмысқа шығуға шешім қабылдау оңай болған жоқ. Кейін өзі де Толстой туралы, оның қай шығармасын қашан жазғаны туралы, қалай жазғаны туралы күнделік жазды. Бұл – толстойтанушылар үшін ғана емес, оқырман үшін үлкен олжа еді.

Ақылды, мейірімді, қайырымды, ақиқатты іздеген жазушы да – ет пен сүйектен жаралған пенде еді. Бір кезде күйеуін идеал тұтқан Софья да әйел еді, үйде бәрі болса да, басқа жиһаз алғысы келеді, балалары қатардан кем болмаса да, күйеуінің бар тапқанын солардың үстіне жабыстырғысы келеді. Барлық шығармаларының қаламақысынан бас тартып, шаруаларға бермек болған күйеуін ол тіпті де түсіне алмады, өзінің әйелдік болмысынан аса алмады. «Оларға онсыз да аз көмектесіп жүрген жоқсың» деді ренжіп.

Дүниеден өтерінің алдында Толстойдың әйелімен ренжісіп, үйінен кетіп қалғанын оқырманның бәрі біледі. Өзін қатты кінәлаған әйелінің жандүниесіндегі арпаласты, күзеліске шыдай алмай өзіне қол жұмсамақ болған сәттегі азабы мен қайғысын түсінеміз бе?

Толстойды іздеп жазушылар, жалпы шығармашылық адамдары үйлеріне жиі келетін. Ресейдің түкпір-түкпірінен Толстойды іздеп қарапайым адамдар да көп келетін. Алыстан келген қонақтар жазушының үйіне апталап қонатын. «Жастай Тәңірдің ауыр аманатын арқаладым, Толстойдай ұлы адамның жары болдым. Осы жауапты қызметімді өз деңгейінде атқара алмасам, кемшілігім болса, кешіріңіздерші» деп жазады Софья.

«Барлық адам жер бетіне Құдайдың қалауымен жіберілді. Құдай адамдарды жанын азғындықтан құтқару үшін жаратты. Адамдардың өмірдегі мақсаты: жанын құтқару, адам жанын құтқару үшін Құдайды табу керек, ал Құдайды табу үшін өмірдің барлық қиыншылығына төзу керек, еңбектеніп, тек қана жақсылық жасау керек» деген жазушы өзінің өмір сүру ережесімен жүрді, отбасынан, жарынан да соны талап етті.

Бүкіл өмірін балаларына, күйеуіне арнаған әйелдің интеллектуалдық деңгейі Толстойдай болмағаны үшін оны жазғыру қаншалықты әділетті? Софья күндіз балалардың тәрбиесі әрі үй шаруасымен айналысып, бір тыным таппайтын. Ол жазушының, жазушы болғанда да үлкен суреткердің әйелі болудың жауапкершілігін терең сезінді. Он үш баланы өмірге әкелді, үш баласы кішкентай кезінде шетінеп кетсе, Лешасы бес жасында, ал қырық төрт жасында көрген кенжесі Ваня жеті жасында өмірден өтті. Кенжесінің өлімі жанына қатты батты, депрессияға түсіп, өзіне ұзақ уақыт келе алмады.

Толстой – шығармаларына Құдайдың нұры тамып түскен, оқырманға ақиқатты танытқан жазушы. Оның алаңсыз шығармашылықпен айналысуына әйелі бүкіл жағдайды жасады. Толстой жазу жазғанда көп редакциялаған. Софья жазушының қолжазбасын ерінбей-жалықпай күн сайын таза қағазға көшіретін. Толстой «Бейбітшілік пен соғысты», «Анна Каренинаны» қаншама рет редакцияласа, Софья бұл романдарды таза параққа соншама рет көшірді. Толстойтанушылар «Жазушы жары Софьяның кеңесімен шығармаларының кейбір жерін өзгертіп, қысқартатын» деп жазады. Демек, Толстой да әйелінің әдеби талғамын мойындады, оның пікіріне құрметпен қарады.

Софьяның да жазуға қабілеті болды, әдеби талғамы болды. Повест жазды, балаларға арнап бірнеше әңгіме жазды. Бәлкім, іштей «жазушы ретінде танылсам» деген оның да арманы болған шығар...

Маркестің Мерседесі

«Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы, әйгілі жазушы Габриэль Маркес шығармашылық адамына тән жалғыздықты сезінсе де, өзін өмірде жалғыз сезінбегенін айтады.

Маркеспен би кешінде танысқан кезде Мерседестің жасы он үшке жаңа толған еді. Бойжетуге асыққан кішкентай, сүйкімді қызды алғаш көргенде-ақ Маркес «бұл қыз менің жарым болады» деді. «Мен оны алғаш көрген кезде шымшыққа ұқсаттым. Кішкентай қыздың жанарынан өжеттілік пен қайсарлықты көрдім. Сол сәтте-ақ өзімнің болашақ жарымды кездестіргенімді түсіндім. Оны биге шақырдым. Мерседеске «тез бойжет, мен саған үйленем» деп уәде бердім. Ол кезде менің жасым он сегізде еді. Оған берген уәдемді он үш жылдан кейін орындадым» деп еске алады Маркес. «Маған Мерседестің шыдамдылығы ұнайды. Егер қасымда ол болмаса, шығармашылықпен алаңсыз айналысуыма жағдай жасамаса, ең танымал романдарымды жаза алмас па едім... Мен әлі жазушы болып танылмаған кезде де ол маған жағдай жасады. Фенін ломбардқа өткізіп, поштамен алғашқы романымның қолжазбасын баспаға салып жібергенде де үндеген жоқ. Ең бастысы, ол маған сенді. Бәлкім, мені барлық қиыншылықтан алып шыққан, жзушы болып танылуыма әсер еткен жарымның сенімі шығар. Жазушы жар таңдауда қателеспеуі керек. Мен өзімді ылғи да Мерседеске қарыз сезінем» дейді ол.

Маркес жар таңдауда қателескен жоқ. Онсыз да жүйкесі әлсіз талай ақын-жазушының түбіне әйел жеткенін ол жақсы білетін.

«Жүз жылдық жалғыздықты жазған кезде менің қасымда Мерседес болды. Кейіпкерлерімнің жалғыздығын сезіну өзіме де ауыр болды. Егер олардың жалғыздығын сезінбесем, әрине, «Жүз жылдық жалғыздықты» жаза алмас едім. Ішкі жалғыздықты терең сезіну мен депрессияға түсуден мені Мерседес құтқарды» дейді жазушының өзі.

Мерседес Маркесті ұлы жазушы деп білді, «менің ұлы жазушым» деп еркелетті. Шын жазушы өзіне іштей есеп береді, өзін жұрт қанша мақтап тұрса да, ішкі сыны мықты жазушы даңғойлық пен дақпырттан бойын саналы түрде аулақ ұстайды. Бірақ жаратылысынан жаны нәзік, сезімтал шығармашылық адамы үшін өзін отбасының, жарының түсініп, қолдағаны өте маңызды.

Маркес өмірінің соңғы жылдарында альцгеймермен ауырып, есте сақтау қабілетін жоғалтып, туған-туысын, достарын танымай қалады. Жалпы альцгеймермен ауырған адамдар тіпті жарын да танымай жатады. Бірақ есте сақтау қабілетін жоғалтқан жазушы Мерседесті ешкіммен шатастырмапты.

Жорж Санд: еркелік пен еркіндік

Жорж Санд өз заманында өте танымал жазушы болды. Әйел адамды жазушы ретінде мойындай бермейтін қоғамда ол беделді әйелдердің бірі еді. Шын аты-жөні Аврора Дюпен.

Күйеуін тастап, көңілдесімен Парижге келген Аврора әлеуметтік тұрғыда аз қиналған жоқ. Бұған дейін бақуатты күйеуінің арқасында әлеуметтік қиыншылық көрмеген әрі үлкен қалада өмір сүрмеген ол көп қиналды.

Парижде ер адамша алғаш рет киінген Аврора еді. Ол тұңғыш рет қоғамның назарын жазуымен емес, ер адамша киіну стилімен аударды. «Жоқ, менің ойымда қоғамның назарын аудару болған жоқ. Парижге алғаш келген кезде қатты қиналдым. Ақсүйек әйелдер секілді киініп жүруге жағдайым болған жоқ. Танымал жазушы болған кезде көйлекті атақты тігіншілерге тіктірсем де болатын еді, бірақ ыңғайлы шалбарға әбден үйреніп қалыппын» деп жазады Аврора.

Күн көру үшін, ақша табу үшін Аврора бір нәрсемен айналысуға тиіс еді. Таныстары арқылы журналистикамен айналыспақ болып әрекет жасағанымен, қысқа жазу қолынан келмеді. Оның мақаласынан прозаның элементтерін көрген таныстары проза жазуға кеңес берді. Алғашқы романдары «Комиссионер», «Роз и Бланшты» көңілдесі Жюль Сандомен бірге жазады. «Бірге жазды» дегенмен бұл романдардың басым бөлігін Аврора жазып еді. «Индиана» романында өзінің өмірін, арманы мен өкінішін, сезімін, жан дүниесінің арпалысын жазады. Жюль Сандо «бұл романда менің ешқандай да еңбегім жоқ, өз атыңмен шығар» дейді. Сол күннен бастап Аврора романдарын Жорж Санд деген псевдониммен жариялай бастайды.

Жорж Санд – еркін, шынайы, оқиғаны қарапайым детальдармен жазатын жазушы. Жорж Санд өз заманында көп оқылған және көп сыналған жазушы. Ол әрбір романында өзінің көңілдестері туралы жазды. Олардан кек алу үшін олардың болмысын жалаңаштап көрсетті.

Жорж Санд пен Шопен... бұл екі тұлғаның махаббаты туралы аз кітап жазылған жоқ. Замандастары «Ұлы классик жезөкше әйелге қаншама жылын жоғалтты» десе, «Егер Шопеннің қасында Джорж Санд болмаса, табиғатынан ерке композитор әйгілі шығармаларын жаза алмас еді» дейді.

Джорж Санд: «Оның өзіне деген сенімін оятып, шығармашылық дарынын толық аша алатын бір әйел болса, ол - мен, бірақ ол оны түсінгісі келмейді. Білем, бірулер мені «бетімен кеткен әйел өзінің «қарабайыр сезімдерімен» Шопенді тұншықтырып жатыр» десе, бірі «Жорж есерлігімен Шопенді өмірден түңілдірді» деп кінәлайды. Ал ол болса, «сен мені кеудемнен итеріп, сол әрекетіңмен мені өлтіріп жатқаныңды білесің бе?» деп ренжиді» деп жазады.

Жорж Шопен музыкамен алаңсыз айналысу үшін бүкіл жағдайын жасады. Ал Шопен Жорждың кітаптарын оқыған жоқ.

Шопен Жорж Сандтан кеткесін оның өзі туралы кітап жазатынын, әрине, сезді. Шопен «Лукрецияны» оқыған кезде жағымсыз кейіпкер князь бейнесінде өзін таныды. «Мені соншалықты жек көретін бе едің? Соншалықты кекшіл ме едің?» деп Жоржға қатты ренжіді. Ал бұл сәтте «Лукрецияны» жазып, Шопеннен кек алған Жорж Санд композитордың нәзік жүрегін аяп, сүйіп тұрып, өзін де, Шопенді де қинаған жүрегін аяп, жылап жатыр еді...

P.S. Булгаковтың екінші әйелі жазушы жазу жазып отырса, музыка қойып, би билеп, мазасын жиі алыпты. Булгаков «мен жазу жазып отырмын ғой, көрмейсің бе?» деп ренжісе, «сен Достоевский ме едің?» деп намысына тиеді екен. Кім біледі, Булгаков іштей өзін Достоевскийден де мықты сезінген шығар? Жанын әйелінің қаншалықты жаралағаны айтпаса да түсінікті. «Бірінші әйелімнің қадірін екінші рет үйленген кезде түсіндім, ол маған шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін барлық жағдайды жасап еді» депті жазушы достарына. Жазушы үшінші рет үйленген кезде «шығармашылығымды түсінетін, мені жазушы ретінде бағалайтын әйелді таптым» деп қуаныпты.

Әлемдік деңгейдегі әрбір тұлғаның артында өзі жақсы көрген, шығармашылығы мен мұңын түсінетін, рухы мықты әйел тұр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар