Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жер үстінде жұмақ бары рас па?...

15.02.2019 4048

Жер үстінде жұмақ бары рас па?

Жер үстінде жұмақ бары рас па? - adebiportal.kz

Жазушы Қ. Жиенбайдың жаңа романы туралы ой-толғам

«Жер үстінде де жұмақ бар» романында қасиетті Сарыарқаның сауырында орналасқан ғарыш айлағы төрткүл әлемнің көзқұртына айналуының себебін Қуаныш: «Байқоңырдың қазіргі атақ-даңқы томағасын сыпырған қыран құсқа ұқсайды. Аузымен құс тістеген кез-келген мемлекетіңіз Байқоңырдың етегінен ұстауға құмар. Тереземізді Байқоңырмен теңестірсек дейді. Байқоңырдан ұшырылатын зымырандарға төленетін шығын аз, ал пайдасының көптігінен бас айналады», -- деп сипаттаған. Басқа мемлекеттердегі ғарыш айлақтары адам аяғы сирек басатын қиян шетте, тіршілік атаулыға зияны тимейтін гуманистік принциптерге негізделіп салынғанмен, ғарышкерлер қайтып оралғанда қонар жайлы аймақ жоқтықтан қатерге бас тігетін қайғылы көріністер жиі қайталанып жататыны мәлім. Романында Байқоңыр космодромында әлі де Ресейдің ықпалы бекем, жергілікті халыққа жоғарыдан қарайтын астам көкіректігінен айнымайтын шовинист Евгений Ильичті Мәскеу Байқоңыр жабық қаласына мэр (әкім) етіп жібереді. Ол империялық саясатты ұстанып, тек Мәскеудің нұсқауымен жүріп, сол жақтан келген комиссияны қабылдап, олардың көңілін тауып, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп жалған мәліметті арқалап қайтуларын, өзі туралы жағымды мәліметтерді жеткізуін ғана көздеп, «құдайдың зорлығымен күнін өткізіп жатқан біреу».

«Бағы жанған жігіт» міне, қаншама жылдар осы шаһардан шыға алмай, жіпсіз байланып отыр. Кетіп қалайын десе сенімді ақтамағыны үшін мәскеулік шенеуніктер қолына күрек ұстатып, қара жұмысқа жегіп, қызыл дипломына, осы уақытқа дейін атқарған қызметіне де пысқырмай, қаңғытып жіберулері әбден мүмкін. Сол драмалық тағдырына аптықпай, жоғарыдан қайту жөніндегі жақсы хабарды тағатсыз күтіп жүрген мұндағы «жарты құдайдың» ішке бүккен имандай сырын Қуаныш Жиенбай романында: «Евгений Ильич шаршады, жалықты. Жалғыз қызы мен әйелі Москвада. Төретам дегенде азар да безер. Кейде бір бөтелкені жалғыз өзі төңкеріп тастап, әйеліне әдейі тиіседі. Ал, өзі космодромның әскери қалашығынан әбден жалықты. Мүмкіндік болса құм суырған қалада бір күн аялдамас еді», - деп өмірбаяны, әрекеті жұмбаққа толы, астарлы, табиғаты тылсым, Москваның қазақ даласындағы көзі, сенімді қызметкерінің болмысын өзіне аштырып береді. В.Г.Белинскийдің: «Истинным художникам равно удаются типы и негодяев и порядочных людей...» деген шеберлік қыры Қуанышқа да тән. Романда жабық қала мэрі Евгений Ильич кеңпейіл, анау-мынауыңды елемейтін, көргені көп адам болып көзге түскісі келгенімен, әкіммен аралас-құралас жүргендер оның бәрі жасанды мінез, бояма қылық, тұрлаусыз әрекеттер екенін аңдап, теріс бұрылады. Евгений Ильич орнын ешкімге бермейтін тіс қаққан, әккі мэр, қызметі төменгілер өзінің аты-жөнін айтқанға да қарсы, майы сорғалаған шовинист, қазақтардан қорқады, сенбейді, өзінің бірінші орынбасары Игенбердиевті «бізге бергі жағымен жымысқылана күледі де, былай шыға қазақтарының мүддесін күйттейді» деп қызметінен қуып, «бізге жақын», «космонавтикадан хабары мол, ұлты қазақ жаңа орынбасар іздеуге» төңірегіндегі өзінің орыс көмекшілеріне тапсырма береді. Олар теміржол бекетінің бастығы, әмбебап маман, білімді, іскер, принципшіл, адамгершілігі жоғары, адал, бастамашыл, жаңашыл Көбейсіннің кандидатурасын ұсынады.

Жабық қала мэрі Евгений Ильич Байқоңыр космодромымен Қорқыт кесенесі арасына этноауыл қондырып, гүлзар егіп, бұлқынтып бұлақ ағызып, тұрғындарды қызыл құм, аптап ыстықтың тозағынан жұмаққа қолын жеткізудің амалымен Көбейсін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қағылып миы ашып жүргенде, бастығы этноауылдың шетінен 10 сотық жер бөліп беруге бұйрық етеді. Оған жер берген саудагер мейрамхана, не ойынхана салуы мүмкін ғой. Онда салауатты өмір салтын көздеп, имандылыққа, рухани тазалыққа бағытталған сауапты бастамасы әдіре қалып, бізді әруағымен қолдап-қоштап жатқан Қорқыт бабаның рухын үркітіп, жойқын апатқа бастайтын күнәһар болып шығары анық. Имандылықтың жолын азғындықпен бұзбақ болған қала мэрінің кереғар шешімін тереңнен байыптаған Көбейсін құптамай, қарсылық көрсетеді. Заң түгілі, құдайдан қорықпаған жабық қала бастығы байлағанына көнбей, айдағанына жүрмеген асау орынбасарын өзінің кім екенін мойындатып, арынын басып, тәубесіне келтіруді көздеп, қарулы жігіттерін шақырып алып, Көбейсінге оңашада «сыбағасын беріп», өлтіріп алмай, сес көрсетуге, 10 сотық жерді этноауылдың шетінен бөліп беру жайлы бұйрыққа күштеп қол қойдырып алуға тапсырма береді. Бастықтың қас-қабағын баққан, бір күндік күнкөріс қамы үшін ар-намысын сатқан жағымпаз, қуыс кеуде, надан тобыр оңаша, кабинетінде ертеңгі істің бабын ойластырып миы ашып отырған Көбейсінді ауыр соққыға жығып, есінен тандыратын улы дәрілерін егіп, қала сыртындағы иесіз қораға әкеп тастайды. Неше күн аш, кір-лас қорада есінен танып, бір ұрттам суға зар болып, өлі мен тірінің арасында жатқан Көбейсінді аш атжалмандардың тықыры, қарға-құзғындардың шиқылы, күйі кеткен кәрі қаншықтың бетінен жалап, жағасынан тартып, балағынан тістеп тұрып-жүруге септесін болады. Текті жігіт тіршіліктен түңілмеуге, бір күндік өмірі үшін күресіп, өзіне қастандық жасағандарға, ұсақтарға ірілік жасап, кек қайыруға әлектенбей, асау жүрек аяғын шалыс баспай, солардың сорына аяғынан тік тұрып кетіп, басталған халықтық мәні зор, сауапты ісін абыроймен көздеген деңгейіне жеткізіп, соңынан ерген жұртты жұмақ «ана жақта» емес, табиғаттың бермесін күш-қажыры, білім-парасатын қасарыса қарсы қойып, жеңгеннің жер бетіне орнататынын хакімдік қабілетімен дәлелдеуге белін бекем буады. Дозасын артығымен еккен улы дәрі, аштық, шөл, жеген таяқтың уытына бой бермей, арақ ішпей, темекі тартпай, спортпен ажырамас достығы – салауатты өмір принципіне беріктігі арқасында тірі қалады. Өлдіге санаған дұшпандары есінен танып, достары Аллаға табынып, Қорқыт атаның қабірін құшады... Романда ұлы Абайдың: «Егерде хакім болмаса, дүниенің астан-кестеңі шығар еді» дейтін даналығы лейтмотивіне айналғанын пайымдаймыз. Жаулары өлтірудің бар амалын сарқып, қалай өлгелі жатқанын бақылап, бұл дүниеден мүлдем жоғалатынына сенімдері бекем-ді. Оларды ес-түсінен айырылған жанның әлсіреп жатып та қарсылық жасап, әкелген тамағын ішпей суын төгіп, мүсіркеуді қажетсінбеген өрлігі төбе шаштарын тік тұрғызады.

Шығармадан жаратылысы ерек жанның табиғатын ашу барысында бейнелік пен символдық нақыш, постреалистік болмыс, мифтік таным, неомифологизм, полифониялық суреттерді кездестіріп, қаламгердің ізденіс өрісінің кеңдігіне ішің жылиды. Есіз далада есінен айырылып, өлгелі жатқан қимылсыз адамға атжалмандар мен қарға-құзғын тиіспей, кәрі қаншықтың өз әлінше қамқорлық жасауын дана табиғаттың имандылықпен үйлескен ізгі ісі ретінде, қазір жазудың парадигмасы үлкен шығармашылық өзгеріске түскенінің нәтижесіне балайсыз. Адамға жасалған жақсылық ұмытылып кетуі мүмкін, ал табиғатқа жасалынған жақсылық еселеп қайтады. Өлі мен тірінің арасында, «Төретамның тұлғасы», «Төретамның тарланбозы» екі аяқтылардан көрмеген жақсылығын, құстар мен жәндіктерден, кәрі қаншықтан сезінетіні – Қуаныштың модернизм туындыларының жақсы дәстүрін жатырқамай тиімді пайдаланғанын құптайсыз. Модернизм – рухани дағдарыс тұсындағы философиялық-этикалық ағым. ХХ ғасырда дәурені жүрген бұл философиялық-эстетикалық құбылысты әлемді тамсандырған көркем туындыларымен берік орнықтырған Джойс, Кафка, Вольф, Стайн, Элиот, Пруст, Сартр, Камю т.б. тәрізді ірі модернист жазушыларды; сыншыл-реализм өкілдері Фолкнер, Хеменгуэй, Гессе, Достаевский, Леонов, Әуезов, Нұрпейісов, Кекілбаев, Мағауин т.б. бұл саладағы жетістіктерін бүгінгі қаламгерлер оқып-үйренбейінше жаһандану дәуірінің көшіне ілеспесін жақсы біледі.

Романындағы күшті характер иесі – Көбейсін. Ол – жетімдіктің, ел есігінде өткен өмірдің ауырлығын, Ебейсіннің ағалық қамқорлығын, кедейшіліктің адымыңды аттатпайтын қатыгездігін терісімен сезініп, санасымен сараптап өскен жас. Ебейсіннің арқасында Мәскеудегі теміржол институтын үздік дипломмен тамамдап, студент шақтың «албырт та адуын, алғыр да алғырт, жаңашыл да жалынды буырқасыны бойы билеген», қайтып оралмас ыстық шақтарын басынан кешті. Қызықты кезең, алғаусыз жақсы дәуірде білім теңізіне жүзуден жалықпай, арасында махаббат додасына түсіп, ұлты басқа Маргарита – Матильданың жүрегін жаулап, «сен үшін ғана өмір сүремін» деген қорғасындай балқытқан, өзегін жарып шыққан сөзін анттай қабылдайды балғын сұлу. Әкесі - еврей, шешесі - француз ұлтынан шыққан Матильдаға енді бір жылдан соң оқуын бітіре үйленуге келісімін алады. Бірақ, ағасы Ебейсінмен Мәскеуге бірге келген Сағыныш досы осында оқып жатқан інісі Көбейсінді көріп, болайын деп тұрған жігітке қатты қызығады. «Барбарос жоспарын құрып», Ебейсін екеуінің шешімімен Алматыдан туған қарындасы, бойжетіп, енді институт бітіргелі отырған Ақкербезді Мәскеуге шақырып алып, екеуін таныстырып, табыстырады. Көбейсін мен Ақкербез оңаша отырған қонақүйдің бөлмесіне ашулы Маргарита кіріп келіп, «сен үшін ғана өмір сүремін» деген сөзіңе сеніп, әкемнің қарсылығына қарамай, саған тым беріліп кетіп едім. Мұнан ішімде үш айлық балам бар, енді онымен біржола атқұйрығын кесістім. Бала тек өзімдікі, оның оған таласы жоқ, қайтып мені іздемесін!» - деп есікті қатты жауып, шығып кетеді. Араға жыл салып Көбейсін мен Ақкербез шаңырақ көтереді.

Біздің идеологиямыз – өзімізді басқа елдерге сыйлату, тұтастығымызды сақтауға саяды емес пе? Интеллектуалдық өресі биік, концептуалды романында Қуаныш Франция тәрізді алпауыт елдің құлашын кеңге жазғызбаған, Кеңестік құрсаудан босаған Қазақстанға ынтықтығын көркемдік метафизикамен келісті жеткізеді. Ол сюжетте Көбейсіннің бай мазмұнды, күрескер, тәлімді-ғибратты тағдыры суыртпақталады. Ай-күні жетіп Матильда дүниеге әкелген ұлдың нағашы атасы, дипломат еврей шал жиенінің есімін іштарлық жасамай, дархан пейілімен ол түркі қанынан жаралғанын ескеріп Аньес де Турани деп атап, оның тәрбиесіне, біліміне, еркін өсіп-жетілуіне бар күшін, дәулетін аямаған. «Ақырғы демім түгесілгенше немереме адал қызмет етемін. Менің жақсылығымды ол біле ме, білмей ме, онда шаруам жоқ» депті қаусап отырған текті, әулие қария. Және немере-жиенінің діліне сүйегі балқып, тектілігіне тәнті болады. «Өжет.Тұмсығы тасқа тигенше кері бұрылмайды. Қан тазалығында титімдей кінәрат жоқ» екеніне көзі жетіп, бұрынғысынан да елжіреп, жанын үзеді. Париждің іргесінен хан сарайындай үй сатып әперіп, оны да Аньестің атына жаздырады. Сапалы білім, сындарлы тәрбие алып өскен Аньес, жас күнінен космонавтикаға құмартты, бұл саладағы қол жеткен ғылыми әдебиеттер мен баспасөз құралдарындағы материалдарды түгел оқып, ғарышты меңгерушілердің сапына қосылуды армандайды. Ғарышқа көтерілудің алтын бесігі Байқоңыр, оның орналасқан аймағы, сынақ иесі қазақ халқы жөнінде аңызға бергісіз мәліметтерге кенеледі. Бұл жердің топырағынан көкке көтерілгеннің ғарышқа аман-есен жетіп, арманы артығымен жүзеге асып, мамық төсектей алтын құмға табанын тигізуге сол космодромның іргесінде тыныстап жатқан Қорқыт баба киесі себепші екенін, тіпті кесенеден төгілген тамылжыған, жігерлі, сұлу да, ырғақты, нұр, сәуле, жұпар иіс тарататын, көкке өрлеп ұйқыдағы жүректерді оятып, тамырдағы қанды тасытып, бойыңды тың күшпен жарақтап, аяғыңнан тік қоятын күйлерімен тыныстауға ғарышкерлердің іңкәрлігі Аньесті қатты толқытып, махаббатын оятты. «... Байқоңыр құдайдың назары түскен киелі жер ғой... Аспанмен түсініскен, құдайдың рахымы құлаған қасиетті өңір», - деп көзі көрмеген жұмбақ далаға қаны тартып, өліп-өшіп емірене, қиял қанатына мініп, шарықтай тіл қатады. Қаны-қазақ, тәлім-тәрбиесі европалық бекзат болмысты, ойы ғарышты кезген, ғылымның қайнарына бас қойған Аньесті «құм суырған» сахараға ұмтылдырып қойған аса қуатты, тылсым күш-құдіретті қойсаңшы!..

Абыз Әбіш Кекілбаев: «Мүсірепов қандай жаңа құбылысты, қандай жаңа адамды жазсын мейілі, оның түп-төркінін халықтың өз бойынан табады. Қандай өрелі проблема көтерсін мейлі, халықтың өз көкірегінен іздейді», - демекші, Қуаныш Жиенбайша Төретам депосы, Байқоңыр космодромында бөтен елдің қожалық етіп, тек пайдасын көріп, қып-қызыл кіріс түсіріп, басқаларды үздіктіріп, тәуелді етіп отырған қасиетті мекен, жер кіндігін аздырып-тоздырып, қарапайым еңбекші жұртты тұрмыстың ауыртпалығымен кіріптар жасап, өркениеттің уызынан қаққан деспот тәртібіне тосқауыл қоятын шақ жетті. Оны жүзеге асыратын, жаңа реформаны бастайтын күш Қуаныштың Көбейсінінде. Көбейсіннің бойындағы бір адамға біте бермейтін әмбебап қасиеттер, ұлттық мұрат жолындағы бөгеттерді жою күресіне бекем бел бууы, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, құдай сыйлаған артықшылықтарымыздың өзіміз қызығын көріп, жаттың әлімжеттігіне, қорлауына ашық қарсы шығатын табандылық, сана еркіндігі, кемелділігі оны осы ойға алып келді. «Тарихи санасы қайта оралған халық ешқашан бодандықта болмайды. Құлдық қамытын кимейді». (М.Мырзахметов). Құлдықтың қамытын киюден, өзін ажалынан бұрын о дүниеге аттандырып, әлдебір құдіретті күш аман алып қалғаны – Көбейсіннің қалған тірлігіне сабақ. Енді бодандықта болмай, Тәуелсіздіктің туын берік ұстап, Қорқыт бабаның биотегінен қуат алып, ұлылардың рухымен жат пиғылдыларды елімізден аластатып, дана да момын халықтың бай-қуатты болып, үнемдеп пайдаланса, талай ғасыр езуінен ақ май ағызатын байлыққа кенен қасиетті жеріңнің үстінде жұмақ өмір орнатуға жалғастыру қажет.

Жауыздықтың ащы дәмін еселеп татса да жауына кек сақтамай, азаматтық тұлғасына кіршік жұқтырмайтын, істің көзін тауып, жұртты ортақ мүддеге жұмылдыруға жетік Көбейсіннің таңы енді атпақ. Атқарып отырған қызметіне құлықсыз, қызметкерлеріне ақылымен, білімімен, іскерлігімен үлгі бола біліп, жұмысқа жұмылдырудың орнына өзінен артық жаратылғандарды иығынан асырмаудың айла-тәсілдеріне көзсіз жүгінетін шовинист, бюрократ Евгений Ильич қылмысы басына таяқ болып тиіп, қырсыздығымен шатқаяқтаған космодром, Төретамның жағдайы жылы орынмен қоштастырары айдан анық. Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» деуі - «Жер үстінде де жұмақ бар» романының логикалық түйіні. Қазақ жерінің үстіне жұмақты уақытша еңбек етіп, іш есебімен күнін көріп жүрген келімсектер емес, қандастарының қамы, туған жерінің көркейіп, абыройы асуына күн, түн демей терін төгіп, перзенттік, адамдық қарызы үшін еңбек қылатын, Алланың сүйген құлдары орнатпақ. Олар – Көбейсін, Алла қауыштырған ұлы – Аньес де Турани.

О.Бальзак: «Улучшать нравы своего времени – вот цель, к которой должен стремиться каждый писатель, если он не хочет быть только «увеселителем публики» деп жазушының басты міндетінің астын сызып көрсетіп кеткен. Сөз бар ма, қаламгер өз уақытының әдет-ғұрпын, салт-сана, дәстүрінің озығын дәріптеп, кемшілігінің келіспейтін тұстарын кейіпкер характерімен көзге көрсетіп, безіндіре отырып ізгіліктің шырынымен емдемек. Қ.Жиенбай жабық қаланың бар ауырлығын, азабын иықтарына артқан ерлерін Қыдырдай қасиеттеп, баласын тауып, қызығы мен қуанышын еселеп, жүдеу өмірді жұмаққа айналдырып, терезесіне дейін құм басқан тоқал тамның маздап жанған шырағы әйелдер бейнесін, беймәлім фобияға тұншықтырмай, Сарыарқаның самалымен тыныстатып, көңіліңді жадыратар, жаныңа шипа сары қымызы етіп бейнелейді. Қала мэрі Евгений Ильич өз әйелінің безбүйректігі, алған бетінен қайтпайтын қырсықтығына жүрегі мұздап, қаһарға мінгенде, күнде көзімен көріп жүрген қазақ әйелдерінің дарқандығы, көнбістігі, береке-бірлікке құштар мейірімді-қайырымдылығына, күйеуіне адал, некеге беріктігіне таңғалып, солар арқылы қазақтың мәрттігін еріксіз мойындайтын-ды. Сондай әйелдің бірі-қала мэрінің бірінші орынбасары Көбейсінді европалық Матильда арудан ажыратып қосылатын Ақкербез сұлу. Ұстамды, сабырлы, парықты әйел. Көбейсіннің табанына кірген шөгір маңдайыма кірсін деген деңгейге жеткен қосағы. Екі баланың анасы. Кезінде жеңгелері Көбейсінге тимеуін, Төретамға бармауына ақыл қосқанда, жоғары білімді қыз ешкімнің сөзіне пысқырмай, Көбейсіннің етегінен ұстаған.

Әділіне жүгінсек, жазушы қаны жерге тамбай тұрған өзекті тақырыпқа батыл барған. Әлем көз тіккен Байқоңыр космодромының қордаланған былығы мен шылығын, Төретамның сын көтермейтін көтерем күйін ара-тұра полемикалық сарында көпқырлы жанр памфлеттің де бұлшық етін орынды пайдаланып, көркем кестелеген қолтаңбасы айқын шебер. Тілі бай, рухы жоғары, ділі дархан, шығармадан шығармаға шеберлігін шыңдап келе жатқан талантты қаламгер. Роман – ашық роман, жалғасы жазылуға тиіс. Жер үстіне әлі жұмақ орнатудың сәті тумай жатыр. Геосаяси жағдай, экономикалық қуат, технологиялық артықшылық ол аздық етеді. Рухани жаңғыру Тәуелсіздік мұраттарымен үндесіп, ұлттық санамызды түлетіп, күрескерлік қабілетімізді ұлы ата-бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы жанкешті, мәрт дәстүрлерімен байытып, кемелденсек; бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз жерімізде өз күшімізбен-ақ жер үстінде де жұмақ орнатуға қазақ тәрізді жаратылысы бөлек ұлттың мүмкіндігі барын Қуаныш Жиенбай романының жалғасынан оқитын шығармыз. Аз жылда әлемді таңдандырған Астанадай алыпты тұрғызуға қуаты жеткен қазақтың Байқоңыр мен Төретамды жұмаққа айналдыру қолынан келмейді дегенге кім сенеді ?!.

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар