Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Зерттеу жұмысын жүргізу...

21.04.2023 6025

Зерттеу жұмысын жүргізу 16+

Зерттеу жұмысын жүргізу - adebiportal.kz

Ақпан айында жарияланған «Әдебиеттанудағы зерттеу әдістері» атты мақаламыз біраз адамға пайдалы болғанын оқырмандардың хаттарынан аңғардық. Иә, қазіргі уақытта ғылым тек ғалымдарға, студенттерге ғана емес мектеп мұғалімдері мен оқушыларына да керек екені бізді қуантады. Түрлі жобалар да жазылып жатыр. Десек те, ауылды жерлерде тұратын, ғылымға қызығушылығы бар ұстаздар мен оқушылардың нағыз ғалымдардан кеңес алуға мүмкіндігі болмай жатады. Сол себепті біз оқытушы-зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбеттің «Академиялық жазу» курсы аясында өткізген «Зерттеу жұмысын жүргізу» атты кезекті ғылыми семинарында талқыланған мәселелерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.  Бұл жерде зерттеу жұмысының сұрағы, оның маңызы, кезеңдері  толық қамтылған. Әрі тақырып таңдау мәселесі де ғылымдағы ең маңызды сұрақтардың бірі, дұрыс тақырып - зерттеу жұмысының негізі десек те болады. Сол себепті зерттеу жұмысын бастамас бұрын жұмысты қалай жүргіземін деген сұраққа жауап беру керек. Ал, ол сұрақтың жауабы бұл семинарда толық түсіндірілді. 

Зерттеу жүргізудің мақсаты – сенімді және ғылыми негізді жаңа білімге қол жеткізу. Сондықтан алынатын нәтиже, өндірілген білім қисынды, негізді, шынайы, сенімді болу керек. 

Зерттеу жобасын бастаған кездегі ең басты мәселе – тақырыпты анықтап, нақты мәселені таңдап, жүйелі бағытты айқындау. Яғни ғылым қызметтің маңызды кезеңі  зерттеу тақырыбын таңдау болмақ. Жас ғалым тақырыпты ғылыми жетекшімен бірлесе отырып таңдағаны абзал. 

Зерттеу сұрағының маңызы:

  • Зерттеу мәселесін анықтайды. 

Зерттеудегі дұрыс сұрақ сізге де, оқырмандарыңызға да жобаңыз туралы ақпарат береді. Ол тақырыпты ашады; зерттеу сипатын анықтайды; өзекті тақырыпты тауып береді; концепциялар мен көрсеткіштерді анықтайды; көрсеткіштер арасындағы байланысты болжайды.

  • Шекараны белгілейді. 

Зерттеу әлеміне саяхат жасағанда жаңа бағыттарды көреміз, айналма жол мен бұрылыстарға тап боласыз, ал дұрыс сұрақ шекараны белгілеп, жан-жағын сызып алуға ықпал етеді. 

  • Бағдар береді. 

Нақты тұжырымдалған зерттеу сұрағы жобаңыздың негізіне айналады. Ол зерделеуге қажет теорияны көрсетеді; оқып, шолу жасауыңыз керек әдебиетті нұсқайды; жинауыңыз керек деректер мен қолдануыңыз керек әдістерді ұсынады. Зерттеу сұрағы дұрыс қойылмаса, әдіснаманы нақты анықтау да мүмкін емес деп ойлаймын. Не білгіңіз келетінін білмесеңіз, оны анықтау жолдарын да ұға алмайсыз.

  • Жұмысыңызды бағалаудың негізіне айналады. 

Сұрақтар бірізділікті қамтамасыз етіп, тұтас зерттеу жұмысының күн тәртібін анықтап қана қоймай, шешім қабылдау процесін бағалауға көмектеседі. Жобаңызға қатысты барлық шешімнің критерийі «Таңдауыңыз зерттеу сұрақтарына сенімді жауап алуға ықпал ете ме, жоқ па?» деген мәселеге тіреледі. 

Қандай тақырыпты таңдау керек? 

1) Ғылымның, ғылыми-техникалық және әлеуметтік үдерістің талаптарына жауап бере алатын

2) жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жоспарының бағыттарымен сәйкес 

3) Болашақ ғалымның білімі мен тәжірибесінің сол тақырыпты зерттеудің бағытына, табиғатына сәйкес болу керек

4) Ізденуші өзінің қабілет-қарымын есепке алуы керек

Тақырыпты таңдауда келесі міндеттер талап етеді:

  • ой еңбегін
  • айқын ғылыми көзқарасты
  • ізденімпаздықты

Тақырып таңдау кезеңдері:

  • Тақырып таңдауда жас ізденуші ғылыми-теориялық тақырыпты игерудің күрделілігін түсіне білуі керек; 
  • Ізденуішінің ғылыми жетекшімен ақылдасу нәтижесінде тақырып таңдау;
  • Жетекші  тарапынан  зерттеушінің тақырыпқа деген қызығушылығын туғызу;
  • Таңдалған тақырыптың өзектілігі мен жаңалығы дәрежесін анықтау үшін осы мәселеге қатысты әдіснамалық әдебиеттермен танысу.
  • Жұмыс жоспары
    • ізденуші зерттеудің негізгі бағыттарын анықтауы қажет. Ол зерттеу нысанында қарастырылатын негізгі мәселелер ауқымын құрауы қажет. 
  • дұрыс және нақты ғылыми мәселелерге құрылуы сол жұмыстың сапалы зерттеу болып шығуына зор әсер етеді. 
  • тараулар мен тараушалар бір логикалық бірліктегі жүйеде алынып, зерттеу нысанына алынған мәселенің жан-жақты ашылуына қызмет етеді. Әр тарау бойынша сараланған проблеманы бір мақсаттағы жүйеге біріктіру арқылы тұжырым жасау жолында күрделі жоспар қажеттілігін біле білген жөн. 
  • Ғылыми-зерттеу жұмысында екі түрлі бағытты байқау қажеттілігі туады: 
    • Жұмыстың жалпы жобасын жоспарлау. Яғни белгілі бір дәрежеде бір ізге, жүйелікке бағындыру. 
    • Жоспарлануға тиісті негізгі проблеманы, ішкі мүмкіндіктерін, ішкі құрылымдық жүйесінің заңдылықтарын бірізге түсіру.

Зерттеу жұмысын жоспарлау

  • Жай жоспар
  • Күрделі жоспар
  • Жұмыс гипотезаларын тұжырымдау

Кез-келген фактілерді, құбылыстар мен процестерді түсіндіру үшін ұсынылған ғылыми болжам ретінде гипотеза зерттеу міндеттерін ойдағыдай шешудің маңызды құралы болып табылады. Зерттеу бағдарламасы бір немесе бірнеше гипотезаларға бағытталуы мүмкін. Гипотезалар: сипаттамалық, түсіндірмелі және болжамды, негізгі және негізгі емес, бастапқы және қосымша, гипотеза-негіз және гипотеза-салдар болып бөлінеді.

  • Зерттеу әдістері

Диссертациялық жұмыс түрінде кездесетін педагогикалық бағыттағы зерттеулерде жұмыстың әдістемелік жағы қарастырылады. Қандай да бір жұмысты зерттеу, оқып-үйрену, оқыту жұмысы болсын, неғұрлым тиімді, жүйелі жүргізуге арналған әдістер жиынтығын әдістеме дейміз. Кез келген істе жұмыс әдістемесі – жұмыс тапсырмасын табысты орындау шарттарының бірі. 

  • Сипаттама зерттеулер:

 1 Қолда бар, бірақ зерттелмеген ғылыми деректерді құжатнамалық түрде сипаттау;

 2 Бұл деректерді өзара байланыста, әртүрлі әрекетте талдау, мәнін ашу;

 3 Қаралатын деректердің даму заңдылықтарын ашу;

 4 Дәйектемелер мен нәтижелерді түйіндеу.

  • Жинақтау

нақтылықтан абстрактілікке шығу және қайтадан жоғары ғылыми-теоретикалық деңгейде нақтылыққа ауысу болып табылады. 

Тақырыпқа сай қажетті ғылыми және танымдық сипаттағы материал жинастыру жолдарының жобасы төмендегідей жүйеде болады:

  • Әдеби қорларда жұмыс жасау
  • Мұрағаттар мен әдеби мұражайларда жұмыс жасау.
  • Кітапханалардағы жұмыс түрлері.
  • Диссертациялық еңбектермен танысу.
  • Ғаламтормен жұмыс.
  • Библографиялық тізімдер мен картотека.
  • Кітапханалық абонементпен жұмыс.
  • Ғылыми мәліметтерді жинақтау
  • Қорытындылау
  • жолма-жол келтіретін сілтеме;

Қорытындылар қарастырылған мәселенің болашағына қатысты нақты ұсыныстардан тұруы керек. Құбылыстың келешектегі даму жолдары айқындалуға тиісті.

Тарихи-ғұмырнамалық зерттеулер:

1. Ғылыми және шығармашылық ғұмырнамалар;

2. Дүниетаным жайындағы зерттеулер;

3. Әйгілі адамдардың белгілі бір дәуірде атқарған рөлін зерттеп, жинақтайтын жұмыстар;

4. Отандық ғылым, техника, мәдениеті мен еліміздің көрнекті ғалымдары жетістігін талдауға арналған еңбектер.

Әдебиеттер тізімін құрастыру

- Әдебиеттерді жинау алдында библиографиялық көрсеткіш құрастырылады. Бұл үшін библиографиялық басылымдар, индекстер, пәндік және авторлық көрсеткіштер пайдаланылады.

- Практикалық библиография жинау 

1-деңгей.

- Тіркеу-регистрациялық жүйеге библиография бүкіл білім саласы бойынша шығарылатын басылымдарды қамтиды. 

2-деңгей.

- Ғылыми-көмекші библиография өте ауқымды, ол шетел әдебиеттерін қамтиды. 

3-деңгей.

- Ұсыныс түріндегі библиография елдегі ірі ведомостволық кітапханалар шығаратын арнаулы басылымдар қатарынан тұрады. 

4-деңгей.

- Сыни библиография жұмыстарға сын тұрғысында берілетін бағалары бар әдеби еңбектер немесе рецензияларымен құнды. 

Сілтеме

- Ғылыми зерттеу жұмысы құжаттылық тұрғыдан алғанда нақты болуы керек. Басқа авторлардың жұмысынан цитата алумен сілтеме жасауға бару жолында өз пікірін келтіру мақсатында олардың концепциясына көзқарасын білдіру үшін міндетті сілтеме көрсету керек.

Ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалардан сілтеме алудың бірнеше түрі бар. Ең көп тараған түрі: 

  • мәтінішілік сілтеме.

Жолма-жол сілтеме жасауда ғылыми еңбектің немесе әдебиеттің толықтай библиографиялық сипаттамасы берілуі керек. Ол сілтеме жасалған әдебиеттің мәтін ішінде көрсетілген барлық деректері болуы шарт. Мысалы, егер мәтінде автор мен мақала аты ғана көрсетілсе, сілтемеде ғылыми еңбектің атауы, баспасы, шыққан жылы, сілтеме алынған бет саны нақты көрсетіледі.  Мәтінде:

«Алаш арыстарының тағдыр-талайы» атты мақаласында профессор Т.Кәкішев олардың әдеби сынды қалыптастырудағы еңбегін атап өтеді. Сілтемеде:

Кәкішев Т. Кер заманның кереғар ойлары. – Алматы: Жазушы, 1995. – 71-бет.

Сілтемеде таңдамалы шығармалар жинағындағы еңбекті көрсеткен шақта автор аты-жөні, тегі қайталана көрсетілгені бар. Мәтінде:

«Қазақ халқының мәдениет тарихында, әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа» [2, 205], - деп жазады М.Әуезов. Сілтемеде:

Әуезов М. Таңдамалы шығ. жинағы. Том 17. – Алматы: Жазушы, 2005. – 349 б.

 Цитата (дәйексөз) алынған шақта сілтеме белгісі болатын сандық цитата түсіндірмелік сипаттағы пікірдің алдынан не соңынан келсе де соңынан қойылады. Мәтінде: 

Т.К.Кәкішев бұл туралы былай деп көрсетеді:

«Қазақ әдебиеті сынының тарихы үш түрлі дәуірден тұрады» [3].

Немесе: «Қазақ әдебиеті сынының тарихы – деп көрсетіледі Т.К.Кәкішев, - үш түрлі дәуірден тұрады» [3]. 

Егер түсіндірмелік сипаттағы пікір цитатаның соңынан келетін болса, онда сілтеме көрсеткіш сол пікірдің соңынан келеді. Мәтінде:

«Әдебиет – ардың ісі», - дейді академик З.Қабдолов [6].

Қазіргі кездегі ғылыми зерттеу жұмыстарында сілтеме жасау бірнеше өзгеріске түсті. Оның барлығын термелеп көрсетіп жату артық. Соңғы ГОСО стандарты бойынша мәтін ішінде тік немесе дөңгелек жақшамен берілген сілтемелер жиі қолданылуда. Мысалы, [6], (7) деген үлгілерде беріледі. Ал осы таңбаланған әдебиеттер жұмыс соңындағы пайдаланылған әдебиеттер тізімінде мынандай үлгіде беріледі:

  1. Мүсірепов Ғ. Екі Мұхтар (прозаик М.Мағауин мен ақын М.Шахановтардың творчествосына шолу). // Қазақ әдебиеті. – 1984, 27 шілде, 8 б.
  2. Қаратаев М. Ізденіс іздері. – Алматы: Жазушы, 1984. 

Әдебиеттер тізімі

- Әдебиеттерді қарастыру мақсаты процесінде библиографиялық ізденістер әдістері әр түрлі болады. Олардың негізгілері – хронологиялық, кері хронологиялық, салыстырмалы хронологиялық.

- Хронологиялық әдіс зерттеу процесінде түпнұсқаны тікелей хронологиялық байланыста зерттеу қажеттігі туғанда қолданылады, яғни кез келген құбылыс дамуындағы жалғастықты ашу қажеттігі туғанда, қандай кезеңдерден өткендігін айқындау керек болғанда пайдаланылады. 

- Библиографиялық материал жиналып болғаннан соң, олар белгілі бір белгілер бойынша классификацияланып жүйеленеді. Одан соң бүкіл библиография уақытша нөмірленеді.

Әдебиеттер тізімі

Электронды ресурстар залында ғаламторға, жазбаша мәліметтер базасына («Эпираф» деректер қоры, «Аknur рrеss» сандық  кітапханасы, «Smart Kitap» электрондық оқулықтары, ЭКЖ «Консультант студента», ЭКЖ «Лань», ЭКЖ «Университетская библиотека онлайн», ЭКЖ «IPR SMART», «DATALIB.RU» ЭБР, ЭКЖ «Znanium.com», ДБ «Grebennikon» электронды кітапханасы, ДБ «Polpred» – БАҚ-қа шолу, ДБ «East View» деректер қоры (ИВИС), ДБ «IEEE Xplore» сандық кітапханасы, ДБ «Academic Search Complete», ДБ «eBook Academic Collection»,  ДБ «Oxford academic Journals», Web of Science, eLibrary USA т.б.) және университетіміздің мәліметтер базасына ену мүмкіндігі бар. 

Ғылыми зерттеу көрінісі – жарияланымдар. 

Ғылыми жарияланым – ғалым қызметінің негізгі нәтижесі. 

Ғылыми жарияланымның басты мақсаты – автор жұмысын басқа зерттеушілердің талқысына салу және таңдалған зерттеу саласында оның орнын белгілеу.

Ғылыми жарияланымдардың бірнеше түрі бар: 

  • Мақалалар;
  • Баяндама тезистері. 

Кез келген ғылыми мақала қысқа, бірақ жүргізілген зерттеу және оның мәнінің объективті талдауы жөнінде түсінік беретін есептен тұруы керек. Есепте мәліметтердің және жарық көрген ақпарат көздері сілтемелерінің жеткілікті саны көрсетілуі қажет. Бұл – әріптестердің бағалауына және олардың өздеріне тексеруіне мүмкіндік туғызады.

Жақсы мақала жазу үшін ғылыми жарияланымның жалпы жоспары құрылымының стандарттары мен ғылыми стилдегі тілдің талаптарын сақтау қажет.

Ғылыми стилдің негізгі қасиеттері: логикалық, бір мәнділік, объективтілік.

Семинар қатысушыларымен

Мақала атауы (тақырып)

- Мақаланың аса маңызды элементі. Бүкіл жұмыс атауы бойынша бағамдалады. Сондықтан мақаланың тақырыбы оның мазмұнын толық танытуы керек. Мақалада сұрақтың қазіргі қалпы, жұмыстың мақсаты, зерттеу әдістемесі, нәтижелері мен алынған мәліметтер тақылауы ықшамдалып және нақты беріледі. Мақала атауы бір ғана фразадан тұрса да, сәтті таңдалуы тиіс.

Аннотация

- мақаланың кеңейтілген атауы қызметін атқарады және жұмыс мазмұнын баяндайды. Аннотация автор пікірі бойынша маңызды болып саналатын және аталмыш жұмыста баяндалатын мәселені көрсетеді. Нашар жазылған аннотация жақсы жазылған мақала жайындағы әсерді бәсеңдетуі мүмкін.

Мақала құрылымы: 

  • Кіріспе
  • Зерттеу әдістері
  • Негізгі талқылау мен нәтижелер 
  • Қорытынды
  • Сілтеме жасалған түпнұсқа тізімі.

Кіріспе

- Қарастырылып отырған сұрақтың өзектілігі негізделуі тиіс. Сонымен қатар сұрақ шешімінің белгілі амалдары мен олардың кемшіліктері көрсетіледі. Кіріспеде автор тарапынан табылған әдеби нұсқалар шолуы көрсетілуі тиіс. Автор қаншалықты пайдалы жұмыс атқарғанымен, оның зерттеуінің бастаушылары бар екендігін естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл бастаушылардың ізін тауып, олардың жұмыстарына талдау жасау қажет. Зерттеуші өзінен бұрынғы автор қорытындыларын дәлелдейтін ғана емес, оны жоққа шығаратын дәйектерді де қарастыруы керек. Зерттеуді алғаш жүргізушілердің жұмыстарына құрметпен қараған жөн. 

Зерттеу әдістері

- Қарастырылып отырған сұрақ шешіміне қатысты сіздің әдісіңіз ұсынылғаны жөн. Бұл бөлімде берілген ақпараттың мәні басқа білікті ғалым ұсынылған әдістерге сүйене отырып, өзіндік зерттеу жүргізе алуда.

Талқылау мен нәтижелер 

- Бұл – негізгі бөлім, оның мақсаты – жұмыс болжамы қай мәлеметтер негізінде дәлелденеді және ұсынылған нәтижелер неге осылай болып отыр, олар мақаланың басты идеясымен қалай сәйкеседі деген сұрақтарға жауап беру. Нәтижелер, ереже бойынша, иллюстрациялармен – кестелермен, сызбалармен, фотосуреттермен көрінеді, олар сіздің материалыңызды ықшамдалған түрде көрсету арқылы дәлелдемелердің басты қызметін атқарады. Бұл жерде жұмыстың өзіндік ерекшеліктерін көрсетудің, жұмыс шегін бағалаудың қажеттігі бар. Мақалада ұсынылған нәтижелерді осы саладағы өзіңіздің және басқа да авторлардың жұмыстарындағы алдыңғы нәтижелермен салыстыру қажет.

Қорытынды

- Алынған нәтижелерді жұмыс бастапқы мақсатымен салыстыру керек, өзіңіздің нәтижелеріңіздің кейінгі зерттеулерге қатысты мәнін анықтау керек. Қорытынды да материалды талдау кезінде қандай тұжырым жасалғандығы көрсетілуі қажет. Қорытынды тезис сипатында келеді. 

Ғылыми және аналитикалық мақала жазуда авторлар басшылыққа алатын тұстар төмендегі пункттер бойынша баяндалады:

  • Ғылыми болжамның дамуы;
  • Мақала бөлімдері арасындағы кері байланыстың жүзеге асуы;
  • Аталмыш тақырып бойынша бұрын жарияланған материалдарды қарау;
  • Мақаланың жекелеген бөлімдерінің логикалық құрылымы.

Қазіргі заманғы журналдарда ғылыми жарияланымдардың төмендегідей түрлерін кездестіруге болады:

- Өндірістік тәжірибе сипаттамасына және экспериментальді зерттеулерге арналған мақалалар. Оларда зерттеулердің әдістері мен нәтижелері қарастырылады және олардың физикалық түсініктемесі беріледі.

- Белгілі бір технологиялық үдерістерге, компоненттерге, құрал-жабдықтарға арналған шолу мақалалары. 

- Қайсыбір фирмалардың өнімдерін жарнамалайтын мақалалар.

- Қысқа хабарламалар, редакцияға хаттар.

- Ғылыми-көпшілік мақалалар. 

- Ғылыми мақалалар. 

Мақаланы жариялай отырып, автор екі негізгі мақсатты көздейді:

- Тақырып бойынша зерттеу жүргізу кезеңін аяқтау.

- Қарастырып отырған сала бойынша өз құзіреттілігін көрсету.

Ғылыми-зерттеу жұмысын орындауды ұйымдастырғанда мына қағидалардың басты назарда болатынын ескеру қажет:

- ҒЗЖ-ның негізгі мақсат-міндеттерін белгілеу.

- ҒЗЖ-ның негізгі арқауына аса өзекті мәселені нысан етіп алу. 

- Әлемдік білім беру стандартына сәйкес аталмыш жұмыстың тиімділігін және келтірер пайдасын бағамдау.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар