Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Анадолы әсерлері...

30.01.2023 2638

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Анадолы әсерлері 14+

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Анадолы әсерлері - adebiportal.kz

(Жолжазба)

САПАРҒА ШЫҒАРДА

Сонымен, сәті түскен күні Астанадан айырпланға отырып, қаны бір туыс ел - Анадолыға бет түзеп, бірнеше күндік сапарға шықтық. Бұл сапарымызды жеке мақсаттың шаруасы деуге де, ресми сапар деуге де болатындай. Олай деп екіұшты сөйлеуіміздің өзіндік себебі бар. Алдымен, мәртебелі оқырманыма аз-кем түсінік бере кеткенім жөн болар. Қазақ елінде, қазақ топырағында үлкенді-кішілі көркем шығармаларымыз баспасөз беттерінде жарияланып, сосын әңгіме-повесть, романдарымыздың басын біріктіріп, кітап шығарып, жазушы атанып жүргенімізге, міне, елу жылға жақындап келеді  екен. Көп пе, аз ба – отыздан астам жеке жинақтарымыз (оның ішінде прозалық, драматургиялық және ғылыми-танымдық толғамдар мен эсселер бар) өз оқырмандарына жол тартыпты. Оның салмағы қалай, бағасы қандай, оқырман жүрегіне ұялай алды ма – ол да біз кесіп айтар мәселе емес, бағасы мен қадірін әділ уақыт таразылай жатар. Енді соңғы жылдар бедерінде бар саналы ғұмырымыздың  негізгі бөлігін арнап, маңдай терді  төгіп, алтын уақытымызды арнаған осынау азды-көпті еңбектерімізді тек қазақ оқырмандары ғана емес, өзге елдердің әдебиет сүйер қауымы да танып-білсе  екен деген пенделік арман кеудемізге маза бермеуге арналған жайы бар-ды. Бірақ қалай? Қазақ тілінде жазылған шағын әңгімелерді айтпағанда, көлемі   100  беттен бастап 500 бетке дейін көсіліп жатқан романдарды кім қолға алып, кім өзге тілде шебер де сапалы сөйлете алар? Әрбір жазушы үшін бүгінгі таңдағы ең үлкен түйткіл, біздіңше,  осы жерде «батпаққа батып»  тұрғандай. Көркем аударма жұмысы – алынбас асу болып, кез-келген қаламгер әріптестерімнің алдын  кес-кестейтіні бесенеден белгілі.  Сөйтсе де, тірі жанбыз ғой, 5-6 жыл көлемінде тырбанып, өз бетімізше әрекет жасап байқадық. Әуелі өзімізге талайдан жақын болып кеткен, әрі қарай Еуропа оқырмандарына  шығудың төте жолы саналған (күні кешеге дейін солай ойладық емес пе)  орыс тіліне тәржімалап, Мәскеудің бір баспасынан жариялай алсақ қой деген арманның соңына ілестік. Ербол есімді екі тілге де жетік қазақ жігіті өзінше ықылас танытып, жолма-жол аударма жасап беруге ынталанды, сапасы туралы әңгіме басқа енді. Сосын Мәскеу жағындағы руханият «қазанының» құлағын ұстап отырғандармен байланысқа шықтық. Ақыры таудай талаптың тұлпарына мінген соң, шегінер не бар,  қазекем айтпақшы «жығылсаң - нардан жығыл» деп, «Художественная литература» көркем әдебиет баспасымен сөз байластық, олар бірақ ә дегеннен аударма сапасына күмән келтіріп, башқұрт және орыс тілдерінде еркін жаза алатын башқұрттың халық  қаламгері, бірнеше әдеби сыйлықтардың лауреаты  Флюр Ғалымовты атап, осы кісімен шығарманы көркемдік деңгейге көтеру жөнінде келісім жасаңыз деді. Құп көрдік. Ақыры басталған шаруа, енді қалайда оң нәтижеге қол  жеткізу  керек. Қысқасы, башқұрт Флюрмен сөйлесе келе дос болып кеттік, ол менің екі шығармам – «Олигарх және олимп», «Интерадам» атты қысқа романдарымды орыс тілінде мейлінше жатық «сөйлетті». Екеуінің басын қосып, «Худлит» жеке кітап етіп, 2020 жылы жарыққа шығарды. Бұл біздің алыс-жақын шет ел тілінде һәм сол елдің баспасы арқылы жарыққа шыққан аударма еңбектеріміздің  алғашқы баспалдағы еді. Енді Флюр дос маған «сенің қысқа романдарың маған қатты ұнады, осыларды түбі бір туыс - түрік тіліне аудартсақ қайтеді» деп ұсыныс жасады. Іздегенге сұраған. Құп дедік. Сөйтіп, башқұрт елінде тұрып жатқан түрік азаматы Өзжан Перска деген әдебиетші-ғалым жігітке өтініш жасап, ол екі романды түрікшеге тәржімалады. Қысқасы, біздің арамызда шығармашылық байланыс нығая түсіп, Өзжан менің жоғарыда аталған екі романыммен қабат тағы да оншақты әңгімемді  және  Әбу Насыр Фараби жайындағы драма-дилогиямды да түрікшеледі. Сөйтіп, «Ащы да тәтті өмір» деген жалпы атпен екі романнан тұратын бір кітап, «Махаббат пен өшпенділік кітабы» деген атпен әңгімелер мен пьесалар жинағым  түрікше әзір болған-ды. Мұнан соң қаны бір туыс түрік елімен байланысқа шықтық. Алдымен ондағы Қазақ елшілігі қолдау көрсетті, Анкарадағы кітап басып шығаратын баспа басшылығымен байланыстырды. Біз танысқан, сөйтіп жақсы қарым-қатынас орнатқан көркем баспа – «Бенгю» деп аталады. Басшысы – Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, жазушы Якуб бей мырза Өміроғлы. Осы баспадан «Ащы да тәтті өмір» романдар топтамасы 2021 жылы, ал «Махаббат пен өшпенділік кітабы» жинағы 2022 жылы жеке-жеке жинақ болып басылып шықты. Біріншісіне Түркиядағы Қазақ елшілігі қолдау көрсетсе, екіншісіне – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ықылас-пейіл  байқатты. 

Өткен жылдың соңына қарай Түркиядағы Қазақ елшілігі мен ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесе отырып, менің түрікше шыққан кітаптарымның тұсаукесерін Анкарада өткізу туралы шешім қабылдапты, сөйтіп маған шақырту келді. Құп дедік. Бірақ әртүрлі себептермен жыл аяғында өткізілетін мәдени шара 2023 жыл басына шегерілді. Сөйтіп, күні де белгіленді, 12 қаңтар күні ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтеріндегі   дөңгелек залда өткізілетіні белгілі болды. 

Жыл басында шұғыл жиналып, Анадолы еліне сапарға шығуымыздың мәні мен сыры осында еді… 

                                                  

ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІНЕН БАСТАЛДЫ

Қаңтардың 11-күнгі Астана -Анкара бағытындағы ұшақпен Анадолы елінің топырағына да табанымыз тиді. Есенбоға аэропортынан бізді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнаулы өкілі - Фархат есімді түрік жігіті күтіп алды да,  дереу қонақ үйге жеткізді. «Мәдени шара ертең өтеді, соған қызу дайындалып жатырмыз, биыл біздің халықаралық ұйымның құрылғанына 30 жыл толады ғой, соған орай қосымша атқаратын шаруаларымыз шаш етектен» деп, қонақ үйге жеткенше біраз жағдаймен таныстырды. Қонақ  үйге енді орналасып бола бергенімізде Анкарадағы Қазақ елшілігінің қызметкері Нышангүл есімді қарындас телефон соқты. «Сізді елші қабылдамақшы, соған байланысты бір сағаттан соң көлік жібереміз, дайын болыңыз» деді. Құп! 

Анадолыдағы Қазақ елшісі Еркебұлан Сәпиевті жас кезінен білуші ем, бірақ өскелі бері кездесе қоймаппыз. Ол бізді өз кабинетінен шығып, есік алдында қарсы алды. Үлкен мәдениеттің адамы болып қалыптасқаны  жүріс-тұрысынан көрініп тұрды. Екеуара әңгіме барысында Қазақ -Түрік  арасындағы саяси -экономикалық және мәдени байланыстар жайынан біршама мағлұматтар берді, біз зейін қоя тыңдадық. Қанша дегенмен қаламгер деген атымыз бар, кейбір екі ел үшін де маңызы зор мәліметтерге шын қызығушылық байқаттық. 

Одан соң елшіліктің төменгі қабатындағы кең де жайлы залға өттік. Онда қазақи өрнекпен көмкерілген бұрыш бар екен, бірден көз тартты. Шәй ішу үстінде елші де, біз де қазақ пен түрік  халқы арасындағы туыстық сезім, екі ел арасындағы сыйластық пен түсінушілік, өзара құрмет жайынан кеңінен әңгімеледік. Тіпті қазақ-түрік әдеби байланысы жайынан да сөз өрбіттік. Елші Еркебұлан Сәпиев бұл тақырыпта да біршама әзірлігі бар, білімді азамат  екенін байқатты. 

Ол әңгіме аяғында ертеңгі ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде өтетін іс-шараға қатыса алмайтынын айтты, өйткені шұғыл түрде басқа қалаға жол жүріп барады екен. Өзінің орынбасары Мерей Мұқажан есімді жігіт қатысып, елшілік атынан сөз сөйлейтінін жеткізді. Алайда, ТҮРКСОЙ ұйымы жұмысымен өте жақсы таныс екенін, олармен бірлесіп біршама мәдени шаралар өткізіп келе жатқанын әңгімесіне өзек етті. 

Түркиядағы қазақ елшілігі мен халықаралық мәдени ұйымның ара байланысы өте тығыз екендігіне іштей риза болып отырдық. 

 

ТҮРКСОЙ  ҰЙЫМЫ ЖӘНЕ КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

Түске қарай бізді  ТҮРКСОЙ ұйымының жауапты қызметкері Бақытжан есімді жігіт бізді көз тартар әсем ғимаратта орналасқан мекемеге алып келді. Оған келе жатқан сәтте көз алдымызға осыдан отыз жыл бұрынғы Алматы шаһарында өткен мәдени шара келе қалған-ды. 1993 жыл. Қазақ елінің сол кездегі астанасы - Алматы. Осы жолдар авторы ол кезде отыз жастың ортасындағы жас жігіт болатын. Бас қалаға шілде айында түркітілдес елдердің басшы өкілдері жиналды. Мақсат біреу: осы жерде ортақ ойға келіп, бұдан былай мәдени-рухани мәселелермен тікелей айналысатын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын құру туралы құжатқа қол қою және заңды мекеме ретінде тіркеу. Арасында біз де шапқылап жүрміз. Қазақ президентінің Баспасөз қызметінде бас консультант деге қызметтеміз, сосын да мұндай іс-шарадан шет қала алмаймыз. Журналистерді шақыру мен оларға жол көрстеу - біздің төл міндетіміз. Расын айтқанда, ол кезде тап осы ұйымның болашақта  түркітілдес елдер  арасындағы сан-салалы үлкен істер  мен мәдени шараларға тікелей араласып,  ұйытқы болатынын сезіне алмаған екенбіз.

Бүгін, міне, отыз жыл бұрынғы құрылуы мен  ашылуын өз көзімізбен көрген халықаралық ұйымның Анкарадағы штаб-пәтерінің есігін ашқалы келіп тұрмыз. Жәй келу емес, біздің түрікше жарық көрген кітабымыздың тұсаукесерін осында салтанатты түрде өткізуді жоспарлаған екен, соған қатысып, сөз сөйлемекпіз. 

Сол себепті де көңілде әртүрлі тәтті ойлар ойнақ салды.   

Түс ауа ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ғимаратындағы арнаулы дөңгелек залда біздің түрікше шыққан «Махаббат және өшпенділік кітабы» жинағының  тұсаукесері басталды. (Неге екені белгісіз, алғашқы кітабымыз –«Ащы да тәтті өмір» романдар жинағы таныстырылмады, әңгіме тек соңғы кітап туралы болды). 

Алғашқы сөзді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, қазіргі заманның талантты жазушыларының бірі  әрі драматургі Сұлтан Раев алып, жалпы түркітілдес елдердің әдебиетіндегі жаңалықтар мен ілгерілеушілікті тілге тиектеп, содан соң біздің шығармашылығымызға арнайы тоқталды. Әңгімелер мен пьесалар жинағын баспа арқылы шығаруға тікелей атсалысқанын, мұндай жақсы үрдіс алдағы уақытта да жалғасатынын айтып өтті. Ол сөз аяғында биыл ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл толатынын, осы мерейлі мерекені жан-жақты кеңінен атап өтуді жоспарлап отырғанын жеткізіп, соның бастамасы бүгінгі шарамен - қазақ қаламгерінің түрікше шыққан кітабының тұсаукесерінен бастау алғанын қуана хабарлады. 

Мұнан кейін Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, «Бенгю» баспасының басшысы, түрік қаламгері Якуб Өміроғлы мінбеге көтеріліп, соңғы жылдарда өз баспасы арқылы түркітілдес елдер қаламгерлерінің көптеген кітаптарын басып шығарғанын, оның ішінде қазақ жазушылары мен ғалымдарының кітаптары да баршылық екенін таратып айтты. «Сондай ауыз толтырып айтатын кітаптың бірі – осы жерде тұсауы кесіліп отырған Жолтай Жұматтың жаңа жинағы» деді. Ол сонымен бірге алдағы уақытта да түркі әлемінің ең таңдаулы көркем дүниелерін өз баспасы арқылы басып шығарып, оқырманға таратуға аса ықыласты екенін де қадап айтты. Әсіресе, өздері шығарып келе жатқан «Кардеш калемлер» әдеби-мәдени журналы арқылы да қаны бір туыстас елдер қаламгерлерінің әңгіме-өлеңдерін  үзбей жариялап отыратындықтарын айтып өтті. 

Келесі сөз кезегі түріктің танымал ғалымы, әдебиетші, профессор, академик  Орхан Сүйлемезге берілді. Ол әңгімесін бірден қазақ әдебиетінен бастап, соңғы жылдар ішінде қазақ әдебиетінің деңгейі  өсе бастағанын, біршама талантты туындылардың өмірге келгенін, бұны  қадап айту себебі -  көп шығармаларды қазақша түпнұсқадан оқып танысып келе жатқанын мәлімдеді. Өзі кезінде Түркістандағы Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқытушы болып қызмет атқарғанын, сосын да біздің тілді жетік білетінін аңғартты. Содан кейін менің «Ащы да тәтті өмір» кітабымдағы екі қысқа романды оқып шыққанын, ол жайынан арнайы мақала жазып, оны «Кардеш калемлер» журналында жариялағанын еске салды. «Ал, мына екінші жинақ  – «Махаббат пен өшпенділік кітабын» да аса қызығушылықпен оқыдым, маған қазақ қаламгерінің әдеби ізденісі қатты ұнады, сосын да арнайы мақала жазып әкеліп тұрмын» деп, сол мақаласын бізге ұсынды. 

Бұдан соң Түркиядағы Қазақ елшілігінің қызметкері Мерей Мұқажанға  сөз кезегі тиген еді. Ол өз сөзінде елшілік атқарып отырған мәдени бағыттағы сан-салалы жұмыстармен тыңдаушыларды таныстырып өтіп, біздің кітабымыздың түрікше жарық көруіне қолғабыс жасағандарын айрықша атады. 

Стамбул шаһарында тұрып жатқан бауырымыз, сондағы қазақ мәдени орталығының басшысының орынбасары, белгілі қазақ журналисі Ержан Уәйіс мырза да бұл шараның маңыздылығына тоқталып, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізуге асықты. 

Содан кейін кітап авторы ретінде бізге сөз кезегі келген-ді. Көп сөйлеп тұрып алатын жер емес, айтарымызды барынша сығымдап, тезірек аяқтауға тырыстық. Әңгімеміздің басын жалпы түркі әлемінің рухани қазыналарын табу мен бағалау, түрік дүниесінің тұлғалы перзенттерін ардақтау және кейінгі ұрпаққа үлгі ету бағытында атқаруға тиісті шаруаларға аз-кем тоқталып өттік. Бұл ретте бүкіл түркі жұртына ұстын бола алатын ақыл-парасат алыбы Әбу Насыр Фараби мен рухани-имани саланың шоқтығы  қожа Ахмет Иассауи бабалардың мұралары мейлінше терең зерделеніп, тиісті бағасы берілуі керектігін айттық. Содан соң барып, қазіргі түріктес туыс елдер әдебиетінің өзара тығыз байланысы мен оны алдағы уақытта жетілдіре түсу керектігі жайына ауыстық. Бұл ретте түбі бір туыс елдер бір-бірінің көркем туындыларымен еркін сусындауы үшін көркем аударма ісін мықтап жолға қоятын уақыт болғанын нығыздадық. 

Осыдан кейін барып түрікше жарық көрген жаңа кітаптың лентасы шешілді. Рас, қиылған жоқ, шешілді. Бізде әдетте лентаны қайшының жүзін жалақтатып  қиып жатушы еді,  бұл шешімді іштей қатты ұнатып, құп көрдік. 

Кітап тұсаукесерін өткізу барысында байқағанымыз – түркітілдес туыстардың басым бөлігі әлем таныған қос тұлға Әбу Насыр Фараби мен қожа Ахмет Иассауиге асқан қызығушылық танытқаны болды. Бірқатар кісілер кеш соңынан да кейбір қосымша деректерді білу мақсатымен бізді сұрақтың астына алды. Шамамыз жеткенше жауап бердік. Әлбетте, біз кәсіби тарихшы емеспіз, алайда осы екі тұлға жайынан білгенімізді іркіп қалмадық, оқығанымыз бен тоқығанымызды молынан жайдық. 

                                       

ТҮРКІГЕ ОРТАҚ БАСПА ЖӘНЕ ҚОС ӘДЕБИ ЖУРНАЛ 

Келесі күні  бізді «Бенгю» баспасының басшысы Якуб Өміроғлы өзінің көркем әдебиет баспасы орналасқан офисіне шақырды. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Өйткені, осы баспа арқылы соңғы жылдар бедерінде қазақтың ауыз толтырып айтар айтулы көркем шығармалары, тұщымды ғылыми еңбектері және публицистикалық ой-толғамдары басылып шығып жатқанынан молынан хабардар едік. Мысалы, осы баспадан Әбу Насыр Фарабидің бір томдығы, тюрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың «Қазақ фольклорының тарихы» және басқа кітаптар шыққан еді. 

Баспа офисі біз ойлағандай тым үлкен болмай шықты, айналасы шағын ғана кішкене ғимарат екен. Тіпті бөлмелері де тап-тар, үстелдері бір-бірімен иін-тіресіп тұр. Мәселе, бірақ, оның үлкен-кішілігінде ме? Әлбетте, қандай көңілге қонымды шаруалар мен  жұмыстар атқарып отырғанында ғой. Якуб бей мырза шағын ұжымымен (біразы келісім-шартпен жұмысқа тартылғанын білдік)  жылына елу, кейде тіпті онан да көп  кітаптар басып шығарып келеді екен. Біздің әуелгі әңгімеміз де осы жайында өрбіді. «Сіздер тек дайын кітаптарды шығарасыздар ма?» деген сауалымызға баспа басшысы күле жауап қатты. «Сіз қай кітап жайынан сұрайсыз? Түрік қаламгерлерінің кітаптары ма, жоқ әлде...». Жауаптан тосылған жоқпыз. «Әрине, басқа тілде жазатын шетелдік жазушылардың кітаптары жайынан сұрап отырмын».  «Әр кезде әрқалай, кейде түрікше сауатты аударылған, дайын қолжазба түседі, ондайда еш  қиналмаймыз. Ал, кейде аударманы қайта аударуға тура келеді, ондайда білімді тәржімашы іздеп сабыламыз, кітап сапасына қатты қараймыз» дейді ағынан жарыла. Біз іштей өзіміз қалыптастырған «Бек-Дидар» баспасы жайынан ойлап отырдық. Осылай жұмыс жүргізе алармыз ба? Қолымыздан келер ме?  

Якуб бей мырзадан шығарған кітаптарының сатылуы мен өтуі жайлы да қызыға сұрадық. Сөйтсек, олар  да біздегідей нарық қиыншылықтарын  бастан кешіріп отыр  екен. Сатылуы да, өтуі де қиындау дейді. Сол себептен алғашында аз тиражбен шығарамыз, ал сұраныс көбейе бастаса, қосымша тағы да басып шығара береміз деп түсіндірді. Міне, бұл да қатаң нарық заңы! Оған көнбеске амал жоқ. 

Енді ұятты қойып, өз жайымызға қарай ойыстық. «Ал, күні кеше өздеріңіз қалап алып, кітап етіп бастырған біздің кітаптардың да тиражы аз ба?» деп сұрағанымызда, Якуб бей мырза мүдіріссіз жауап қатты. «Әрине, сіздің кітаптарды да алдымен аз тиражбен бастырдық, енді түріктің және түркітілдес елдер  оқырмандарының назарына ұсынып көреміз, егер сұраныс көбейсе, қанша керек болса, сонша данасын шығарып беруге  әзірміз...» 

Расында да әлем баспагерлері кітап бизнесі бағытында баяғыдан-ақ осындай тиімді де оңтайлы  жолға түскені ақиқат емес пе! Біздің де ең алдымен білмек болғанымыз осы еді. 

Мұнан соң Якуб бей мырза екеуміз мерзімдік басылымды шығару мен оның да қиыншылықтары жайынан ой бөлістік. Ол бас редактор ретінде түрікше «Кардеш калемлер» әдеби журналын көп уақыттан бері шығарып келеді. Басылыммен соңғы жылдар бедерінде біз де біршама таныс болып қалдық. Өйткені, онда қазақ ақын-жазушыларының көркем дүниелері, ғалымдарымыздың мақалалары мен белгілі өнер өкілдерімен сұхбаттар жарияланып жүргеніне өзіміз куә. Тек біз емес, күллі түркітілдес елдер қаламгерлерінің туындыларына молынан орын береді. Бұл жағынан журналдың ұстанымы нық,  аудиториясы мейлінше кең. Бір ғана өкініштісі – журнал тиражына байланысты. Сұранысқа орай әр кезде әртүрлі тиражбен шығаруға тура келеді екен. Біз сөз кезегін  алғанда  өзіміз екі жылдан бері тырбанып шығарып келе жатқан «Роман&Драма» әдеби журналымыздың бірнеше санын оған құрметпен ұсындық. Онда қазақ қаламгерлерімен қабат қырғыздың, өзбектің, татардың, башқұрттың, шешеннің, әзербайжанның, т.б. туыс елдердің көркем туындылары жарияланғанын байқап, қуана қолымызды қысты. «Бағытымыз ұқсас екен» деп, сөз жалғады. « Тегінде, болашақта осындай басылымдарды көбейтіп, түбі бір туыс елдердің рухани тұрғыда мейлінше жақындасуына, бірлікте болуына ықпал еткеніміз мақұл іс болмақ». Біз де өз кезегінде бұл ойды қостадық. Тіпті алдағы уақыттарда екі журналдың нөмір алмасуын да ойластырайық деп келістік. 

Әңгімелесу аяғында Якуб бей мырза жақында баспа жүзін көрген  «Екі шынар» атты әңгімелер жинағын бізге тарту етті. Ал, біз өзіміздің  «Ащы да тәтті өмір» сериясымен шығарылған қысқа романдарымыз - «Интерадам»,  «Олигарх және олимп», «Бақидан келген келіншек» және «Жатпланеталық жігіт»  туындыларын сыйладық. 

Біз түріктің белгілі жазушысы, білікті  баспагері әрі танымал бас редакторының офисінен көп жағдайға  қанығып, біраз ой түйіп,  жақсы көңіл күймен шығып бара жаттық.  

                      

ТЕАТР РЕПЕРТУАРЫ, ДРАМАТУРГИЯ ЖӘНЕ СПЕКТАКЛЬ ЖАЙЫНДА 

Мұнан кейінгі  күні Анкарадағы руханияттың ошағы болып саналатын Мәдениет министрлігіне бас сұғып, тиісті кісілермен сұхбаттасып, ой бөлісуді мұрат еттік. Сөйтіп, Қазақ елшілігінің қызметкерлері алдын-ала келіскен уақытта  театр репертуарлары жөніндегі бас басқармасының арнаулы  маманымын арнайы барып танысып, түрік топырағындағы театр қойылымдарының хал-жағдайын білмекке ынта таныттық. Ондағы ойымыз – қандас туыс түрік елінде  театр шаруасы қалай жолға қойылғанынан хабардар болу еді. Бізді арнайы қабылдаған осы саланың тиісті  маманы  Жанан Қырымсой ханым қызу жұмыс үстінде екен, бізге жарты сағат уақытты әзер бөлді. Әңгімелесе  келе оның мұнда тым жұмысбасты екенінің сырын ұғына түстік. Биыл Түрік республикасының құрылғанын жүз жыл толмақшы. Соған орай театрлардағы жаңа қойылымдардан  басқа да қаншама мәдени-көпшілік  шаралары  жоспарланып қойыпты, соның бәрін де қағаз жүзінде реттеу осы  Жанан ханымның міндетіне жатады екен. Кабинетіндегі үстел үстінде қатталып жинаулы тұрған қолжазбаларды көрсетіп, «бұның бәрі де бізге келіп түскен сценарийлер, драмалық туындылар» деді, қазіргі ұзын саны 125 екен, соның бәрін де оқып шығып, жарамдысын алып, ал жарамсызына жауап жазу міндеті мойнында екен. 

Біраз жалпылама шолу әңгімеден соң біздің келген шаруамызды нақтылап сұрап, сол жайына  қарай ойысты. Қазақ драматургі екенімізді естіген соң, ерекше ықыластанып, қазақ топырағында  пьесаларымның сахналанғаны жайынан мағлұмат алмақ  болды. Аса керемет танымал драматург болмасақ та, 2000 жылдан бері қарай драмалық туынадылар жазумен шынттап айналысқанымызды, әр түрлі тақырыптарда 25-30 пьеса жазғанымызды, көбісі Астанадағы Қаллеки драма театрында және  бірқатар  облыстық театрларда қойылғанын, қойылып та келе жатқанын айттық. Тақырып жағына да қызығушылық байқатты. Тарихи және заманауи пьесалар да, комедиялар  да жазғанымызды жасырмадық. Тіпті қыза-қыза келе әлемнің «екінші ұстазы»  Әбу Насыр Фараби туралы драма-дилогияны қағазға түсіргенімізді, ол дүниеміз үш бірдей облыстық драма театрларында  сахналанғанын да ашып айттық. Оны бір түрік азаматы  түрікше аударғанын  білген соң, онымен асықпай танысатын болды. 

Бізді таң қалдырғаны - мұнда мемлекеттік театрлардың репертуарлары осы жерде талқыланып, осы жерде шешім қабылданып, сосын «сахналауға болады» деген белгімен театрларға  жолдама алады екен. Бұл деген, біріншіден – сапалы драмалық туындыны таңдауға мүмкіндік береді, екіншіден – қандай театрға да күлдікөмеш шығармалардың тамыр-таныс арқылы  оңды-солды кіріп кетуіне тосқауыл қояды.

«Бізде талғам өте жоғары, шалажансар дүниелерге жол жабық, тек айтары бар, ойы терең, идеясы соны шығармалар ғана театр сахналарына ұсынылады» деді. «Мәселен, менің үстелімде тұрған 125 шығармадан ары кеткенде 10-15 ғана жарамды болып шығуы мүмкін, ал бірақ бір жылға ол аздық етер ме?»  

...Осы айтылғандардың  анық-қанығына көз жеткізіп, сенімімізді  шегелеп алу үшін елшілік қызметкерлеріне өтініш білдіріп, кешкісін шаһар ортасындағы мемлекеттік театрдың бірінің кезекті қойылымын тамашалауға бардық. Біз көруге келген спектакль – атақты Альберт Эйнштейн туралы «IZAFIYET деген қойылым болып шықты. Авторы – Mark St.Germain  деген драматург. Бас-аяғы  жұмыр, бір жарым сағаттық қойылым кісіні еш зеріктірмейді. Қайта атақты Эйнштейнді екінші қырынан, пенделік қырынан танығандай боласың. Үш  кейіпкермен көруге ыңғайлы, өте тартымды қойылым жасай алған. Әрине, қойылым басында өтірік журналист болып келіп, өз әкесінен (бір кезде некесіз туған қызы) сұхбат алған бойжеткен  мен Эйнштейн арасындағы  көріністе кішкене шұбалаңқылық сезіледі, әйтсе де соңғы жағы ширатылған, аяғында адамды ауыр мұңға еріксіз батырады. Спектакль біз үшін өте тез аяқталып қалғандай көрінді. Тіпті сахнаға  телміре қарап отырып, түрік тілін таза білмейтінімізді де ұмытыппыз – әлде режиссер шеберлігі ме? Сахналық қойылымда басы артық ештеңе жоқ, бәрі де өз орнында тұр. Түрік тіліне онша жүйрік емес бізді – жұбайым Ботакөз екеумізді еш зеріктірмей, сахнаға телміртіп қойғаны соның куәсі емес пе! 

...Біз театр залында отырып, тап осы сәттерде  Астана мен Алматы театрларында  қандай қойылымдар жүріп  жатыр екен деп қалың ой құшағына көмілдік. 

                              

БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ, АТАТҮРІК МУЗЕЙІ ЖӘНЕ…

Келесі күннің таңын  өз өтінішіміз бойынша біз қаланың шетінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне барып, тағзым етуден бастадық. Рас, ескерткішке айналған атамыздың тас мүсіні бір қарағанда көзге жылылық ұялатады. Отырған отырысы, әлдеқайда көз тастаған бейнесі жап-жақсы бейнеленген. Анкараның төрінде тұғыр тапқан атамыз үшін іштей мақтанып та тұрдық. Кішкене көңілге кіді болған жері – астындағы тұғырын сәл биіктеткенде бұдан да айбарлана түсер ме еді  деп ойлап тұрдық.

Атамыздың тас мүсініне тағзым етіп, сосын суретке түсіп, қимас сезіммен қош дедік.  

Тап сол жерде, Ахмет ата ескерткішіне жақын маңдағы ашық алаңда «Түрік тарихы» музейі бар екен. Оны қалай аттап өтерміз? Ат басын солай қарай бұрдық. Аралап көрдік. Сонау ғасыр басынан бергі түркі әлемінің ең мықты,  ең айтулы, аттары аңызға айналған барша тұлғалар бейнесі ескерткіш болып сомдалыпты. Араларында өзімізге етене жақын Фараби, Ахмет Иассауи, Бату хан, Әмір Темір, Абай секілді тұлғалар ойып тұрып орын алған. 

...Бұдан кейін шаһар орталығына оралып, Ататүрік музейін де емін-еркін араладық. Бұл музей, біздің шамалауымызша, тек Ататүрікке арналмаған, мұнда бүкіл түрік халқының жеткен жетістігі мен мақтанышпен  айта аларлық бар жетістігі мен  жақсылығын паш етіп тұрғандай. Жалпы, қай ел болмасын, өзінің асыл ұлдарын қадірлеп, көкке көтеріп, кейінгі ұрпаққа осылайша өнеге етіп көрсете алса, сол ел түбінде озады, алға басады, парасатты да отансүйгіш ұрпақ тәрбиелей алмақшы. Бізді әр сәт сайын осындай ойлар мазалай берді. 

 Ататүрік мүзейінен сосын да әрі рухтанып, әрі мұңайып  шыққан жайымыз бар-ды! 

...Содан кейін Анкара шаһарының қақ ортасында орналасқан Ұлт кітапханасына да табан тіреп, табалдырық аттадық. Бірнеше қабаттық ғимараттың іші толған кітап: тарихи, мәдени, әдет-ғұрып, т.б. салалар бойынша рет-ретімен қойылыпты. Ең қызығы – мұнда дүние жүзі елдерінің атымен аталатын арнайы кітап сөрелері болды. Әрине, ойымыз белгілі, біз де өзіміздің Қазақстанның кітап сөресін іздеп, біраз сабылдық. Өкінішке орай, ондай сөре елеусіздеу жерден орын алыпты. Кітаптары да жұтаң, қазақтың атақты ақын-жазушылары мен ғалымдарының татымды еңбектері молынан қамтылмаған. Оның орнына кейбір маңызы жоқ кітаптардың сөреде тұрғанын түсіне алмай, бас шайқадық. Бірақ, бір қуанарлығы – елшілік қызметкерінің айтуынша, осында таяу уақытта мыңға жуық қазақ кітаптары ( әдеби, ғылыми, философиялық, т.б.) жеткізілген екен, жақын арада кітап сөресі кеңейтіліп, сол кітаптар осында қойылмақшы екен. Бұл шаруа жайында нақты шешім болғанын қуана жеткізді. Өзімізбен бір кеш бірге болып, біз білмейтін біршама жайлармен терең таныстыруға атсалысқан, сол   Анкарада тұрып жатқан қазақ қыздары  - Әсел мен Меруерт қарындастар көңілімді орнына түсіріп, «алаңдамаңыз, Ұлт кітапханасындағы кітап сөресі келесі  келген кезіңізде қазақтың таңдаулы томдықтарымен және ең мықты қаламгерлерінің кітаптарымен бой түзеп тұрады, оған атсалысамыз» деді. Жақсы сөз -жарым ырыс! Кеудемізге бір жайлылық орнап қалғандай еді...    

                                                                             

***

       

Осылайша бірнеше күн ішінде біз Анадолы елінің бас шаһары - Анкарадан көп әсер алып  үлгердік, санамызда сан түрлі сауалдар да кимелеп тұрып алды. Әр түрік перзентінің тек өз ана тілінде шүйіркелесетіні, сыпайы сөйлесетіні, бір-біріне мейлінше құрметпен қарайтыны, қонаққа деген ізеті, тағы басқа да толып жатқан жақсы қасиеттері жан әлемімізді баурады. Сондай сезімді арқалап туған қаламызға жеткенше асықтық. Ал, Астана... ауасы салқындау екен, түскен бетте  екі бетімізден аяз шымшылап жатса да, туған топырақ қой,  бізді  бәрібір құшақ жая, қуана қарсы алып тұрғанын іштей сезіндік. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар