Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жүйрігін баптаған қазыналы жазушы...

04.05.2023 2499

Жүйрігін баптаған қазыналы жазушы 14+

Жүйрігін баптаған қазыналы жазушы - adebiportal.kz

Жазушы болу бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек дейтін сөз бар еді.  Интеллектуал жазушылар аз дейміз. Сол аздың өзін толық оқып, бес саусақтай біле бермейміз. Эрнест Хемингуэй, Чарльз Буковский, Тұрсынжан Шапай – бұл журналистік стиль, қысқа сөйлемдер, аздап бейпіл сөз қосып санаңды сілкіп алатын, оқырманын аямайтын, ұлы сөзде ұяттық жоқ деп шындықты бетке лақ еткізетін, үздіксіз қимыл-қозғалысты сипаттайтын жазушылар. Ал, атақты Фицджеральд байлық пен атақ-даңқтың жойқын күші күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін жеріне жеткізіп суреттеген суреткер ретінде танылды. Оның таланты қатты бағаланады. Көзі тірісінде классик жазушы атанды. Әлем мойындаған әдеби жауһарларды қалдырды.  Фицджеральдке дейін америкалық жазушылардың ешқайсысы америкалықтардың психологиясының түбіне сүңгіп, ең қорқынышты тұстарын мұншалықты ашық сипаттамаған еді. Мұндай соны зерттеу тек оның қолынан келді. Бұл ерекшеленетін жазушылар турасындағы пікірлер.

Яғни, белгілі бір автордың жазуына қарап стилін көреміз. Егер идиостилі туралы айтатын болсақ, жазушы стилінің дара ерекшеліктерін анықтау үшін бірқатар факторларды салыстыруға тура келеді. Біріншіден, өз дәуіріндегі әдеби тілдің нормасын жетік білуі, оған қарсы өзіндік ерекшелігін айқындай алуы, нормадан белгілі бір дәрежеде ауытқи алатын еркіндігі болуы тиіс. Екіншіден, басқа замандас жазушылардың, сондай-ақ алдыңғылардың дара стильдерін жақсы тануы керек. Жазушы стилінің ерекшелігін анықтаудың бұл әдісімен қатар, бір автордың әртүрлі ғып жазған мәтіндерін салыстырудың да маңызы бар. Сонымен «Идиостиль» термині белгілі бір автордың шығармаларына тән мағыналы және формалды тілдің шұрайын келістіріп көрсететін біркелкі жүйе деуге келіңкірейді. Іс жүзінде бұл термин көркем шығармаларға (прозаға да, поэзияға да) қатысты қолданылып жүр. Автордың қолтаңбасы. Автордың идиостиліне қарап оның сипаттаған нысанына қарай тілдік экспрессиясын анықтап отырасың. Әрине, бұл ең алдымен жазушының өресіне қарай қалыптасатын дүние. Себебі, әр жазушы ізденісіне қарай шығармашылығының лингвистикалық қырларына мән бере бастайды. Соған сай өзіндік қолтаңбасы, идиостилі қалыптасады. Егер жазушыны идиостиліне қарай тани бастаса, бұл үлкен еңбектің бағаланғаны.

Мен үшін идиостилі қалыптасқан жазушының бірі – Есболат Айдабосын. Оның идиостилі басқалардан бөлек. Оны ешкіммен шатастырмайсың. Идиостиль кітаптың әрін кіргізетін нақышы. Мұндай стиль қалыптастырудың өзі үлкен еңбек. Ерен ізденістің жемісі. Бұл еліктеу, солықтау емес. Әр шығармаңнан өз меніңді көрсету. Есболаттың түрлі жанрлардағы әдебиетті көп оқығаны сезіледі. Сондықтан ол өзгеге ұқсамайтын өзінің стилін тапқан жазушы. Сонысымен құнды. 

Оның туындыларындағы тіркестер ерекше, санаңа сарт ете қалатын тосын. Ұмытылмайды. «Буаз бұлттар, қасқыр соқпақ, тарлан бөрі, серке шоқы, үңгір сағақ, атсейіс». Осының бәрін оқырман көз алдына елестетіп, есі кетеді. Оның сипаттаған жылқылары бір-біріне ұқсамаған кіл жүйріктер. Сүлікқара, Қыңыр қасқа, Ракета, Қарлығаш! Шетінен дүлдүл, шетінен сәйгүлік! Есболат классикалық үлгіде жазады. Өз заманының үнін, сипатын керемет шұрайлы тілмен бояуын қанық етіп жеткізеді. Құдды автор әңгімелеп жатпағандай, ол қолмен көрсетіп тұрғандай. Қиялың самғап, сол ауылға, сол аламанға кетіп қалады. Оның алғашқы «Сүлікқарасынан-ақ» аяқ алысы қандай болары анық еді. Кейіпкерлері дала заңымен тәрбиеленген қарапайым қазақтар. Оның ғаламында тек қазақ ауылы, қазақы тәлім, жылқының құлағында ойнаған қазақтың баласы, жылқыны мүлтіксіз баптаған дегдар болмысты атбегілер. Атбегілік өнерді, қазақтың аламанға жүйрік қосу дағдысын сол доданың ішінде жүріп әдемі жеткізеді. Оқып отырып арқаланасың. Даланың үнін естисің. Жорға жүрісті елестетесің. Бәйгенің дүбіріне елтисің. Жүйріктің қара топырақтағы шабысы мен тастақ жердегі шабысы қандай, арасында көкпарға салудағы ерекшеліктерін түбін қазып суреттейді. Оқып отырып көз алдыңда киносын көріп отырғандай күй кешесің. Бұл жазушының шеберлігі.

«Есболат – әдебиетке жазу мәнері қалыптасып келген жазушы. Оның шығармашылығының бастауы – ұлттық қадір-қасиеттен өрген туабітті қаламгерлік негізде жатыр. Ол бойына қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тілдік-образдық ойлау жүйесін жақсы сіңірген. Шығармаларының тілі бай, стилистикасы шымыр. Әңгімелерінен қазақы иіс аңқып тұрады. Жалпы, жазушының шығармашылығымен танысу барысында оның эпикалық тынысының кеңдігін аңғардым» - депті ақын Аманхан Әлімұлы өз пікірінде. Алып-қосары жоқ. Есболат Айдабосынның шығармалары жасөспірімдердің әдебиетке, төл әдебиетке махаббатын оятатын туындылар. Танымға жеңіл, ұғынықты тіл. Бір жағынан бүкіл кейіпкерін өзің танитындайсың, ал екінші жағынан дайын этнографиялық еңбек оқып отырғандайсың. Бекбосынның жылқыны сынауы, бабын келістіруі қаншама еңбек? Және өте нәзік еңбек. Ал аманаты қандай көркем?! «Жүйрік – жеке адамның емес, жалпы халықтың қазынасы». Жылқының жан тазалығын, сезімталдығын, адалдыққа үйірсектігін айтып беруі қандай ғажап тәрбие! Жүйрікті баптау зергердің жақұттан жүзік келістіруіндей. Қаншама төзім, мінез, ықылас қажет. Қалада өскен бала үшін атбегілік таңсық тақырыпқа айналып барады. Ал ауыл баласы үшін тым жақын. Бүгінгі жас жазушыларда қаланы, табиғатты суреттеу кемшін түсіп жатады. Есболат Айдабосын осы кем-кетікті мейлінше толтырған жазушы. Ол Суықтөбе, Қоңыртөбе, Сарықойын, Құрқойынды толымды етіп сипаттаған. Бала күннен ойнап өскен кең жайлау болған соң еркін көсіліп суреттейді. «Екеуі де аттылы адам азаннан кешке дейін асып болмайтын алып тау болғанмен, қазақ үшін әншейін төбе ғана. Осы сәт асқар тауларды төбе атаған бабалардың биіктікке деген талабына таңданып, басыңызды бір шайқарсыз» дейді. Иланасың. Ойша Суықтөбе мен Қоңыртөбенің зеңгір басына шығып келесің. Тағы бірде «Сай-саласында сандаған бұлақ аққан, тасына дейін құрақ шыққан, көкке әзер ілінген көтерем мал көгіне апта аунаса, аттылы адамға жеткізбей құтырып қашқан жазиралы мекен». Құт қонған мекенін сағынып жырлаған ұлының сағыныш әуезі естіледі. Көз алдыңда керемет пейзаж дүрк көтеріліп шыға келеді. Тас қаланың тасүйінде емес, көкжайлаудың төрінде, рауғаш жеп жүретін кездерің еске түседі. 

Есболат Айдабосынның кейіпкерлері шетінен бүгінгі замандасың болғанмен, дархан көңілімен, қазақы болмысымен баурап алады. Әсіресе, атбегілердің мінезін көркем баяндаған. Дара болмыс, елге ұқсамайтын сергектік, сақтығы, батылдығы, өжеттігі, әділеттілігі, адалдығы... Солардың адам баласы түгілі төрт түлікке деген шынайы сүйіспеншілігін әдемі жеткізген. Шын мәніндегі қазақылықтың сарқытын көргендей боласың. Ғаламның заңдылығына бағынатын көшпенділердің сарқыншағына айналып отырған атбегілердің өнеріне кең тоқталғаны да сүбелі ізденіс. Төрт түлікпен таң атырып, күн батырған көшпенділердің сөздік қорының өзі сол малға арналған көп сөзбен жетіліп, молайғанын да байқауға болады. «Қолқа салу, өрістеу, шідерлеу, күйлеу, кілегей түстес боз волга, желіден құлын, күбіден қымыз үзілмеген қазақ»... Күнбе күн осы істер көз алдыңда жасалмаған соң бұл сөздердің сөздік қолданыстан шығып қалу ықтималдылығы зор. Себебі, төрт түлікті тек кітаптан, кинодан көретін буын өсіп жетілді. Олардың сөздік қоры кірме сөздермен ғана толығып жатыр. Енді елу жылда қазақ қалай сөйлейтінін, мұндай классикалық кітаптарды іздеп жүріп оқи ма, әлде оқығанын түсінбей отыра ма деген қауіп те жоқ емес.

Арасында Тибет аруы, Кутуз, Ұлыма сынды жалқы мінезді кейіпкерлері де бар. Автор кейіпкер мінезін сырттай сипаттап-ақ толымды ашады. Өзара әңгімеде болсын, басқа диалогта болсын кейіпкері жан-жақты талқыланады. Әбден иін қандырып, мінезін пісіріп шығарады. Сондай ешкімге ұқсамайтын, тосын мінезі бар кейіпкер – Кутуз. Өз әлемінде өмір сүретін қызық адам. Алысқан жауын алмай қоймайтын, екінің бірімен достаса бермейтін кісікиік. Оның хикаясы өз алдына бір нақыл... Үйрен де жирен. Ал, «Тибет аруы» әңгімесінде қазақтың басында бар үлкен проблеманы қозғайды. Ұлттың діліне түскен құртты әңгімелейді. Тәрбие тал бесіктен. Тәрбие уыстан шыққан соң діл мүжіледі. Ұлт айбыннан айырылып жатқанын қысқа ғана қайырған. Автордың әңгімелерінде жай ғана баяндаудың өзі алабөтен драмалық ноталармен беріледі. Былайынша естіп қана емес, көбіне өмірде көріп те жүрген жағдай, бірақ оқыған сәтте жүрегіңді қозғайды. Ішің азынап кетеді. Болашақ қайда апара жатыр деп ойланасың. Егер әңгіме оқырманын ойлантса, ол әсерлі шығарма болғаны. Идеологиясы жоқ ел тәрбиеге бас қатыра ма? Жаһандану заманында мұндайды есту кей адам үшін күлкілі болуы мүмкін. Бірақ дамыған елдердің өзі ұлттық идеологиясын ешкімге таптатып отырған жоқ. Алдымен өзін, сосын өзгені ойлайды. Ешкім ешкімді төрге шығарып, басындырмайды. Адамзатқа тән ортақ құндылықтарды еселей отырып, салт-дәстүр мен ұлттың коды саналатын күй өнеріне сүйенген ұлттық мектепті дамыту бүгінгі таңда аса қажет екенін түсінесің.   

Тағы бір ерекше кейіпкер – автордың атасы. Атасының оқыған намазы, айтқан әңгімесі, немересін еркелетуі, қабақ түю, тәрбиесі де әр қазаққа етене жақын тақырып. Атаның бәрі баласынан немересіне жақын болуы заңдылық та шығар. Азаматтық айбыны, аталық ақылы, ешкімге ұқсамайтын даралығын әдемі келтірген. Ең әсерлі жері сол атасына деген сағынышы. «Әжемнің бөстегін басыма жастап, қиялдап жатқам. Орайымнан біреу иіскегендей болды. Мен де иіскеп үлгердім, атамның иісі. Көзімді ашсам, төрге озып барады екен». Мөлдір шықтай махаббат. Атаның баласына еміренуі, елжіреуі. Сол мейірімді сезінген титтей жүректің сезімталдығы. Баланың психологиясы ересектер төзбейтін қиындыққа төзе алады. Сол секілді шынайы мейірімді де ерекше ілтипатпен сезінеді. Өзін кім шын жақсы көретінін бала өте жақсы біледі. Мұндайды айтып жеткізу қиын. Бірақ автор жеткізген. Және өте сәтті суреттеген. Оқып отырып автормен бірге ешқашан көрмеген атасын бірге сағынасың. Бұл сөздің құдіреті. Автордың сәтті стилистикасы. Өзіне ғана тән идиостилі. 

Бірнеше кітапқа жүк болар әңгіме, хикаяттарды жазып машықтануы жазушыны болашақта үлкен романдарға жетелері сөзсіз. Өз уақтысында бағаланып келе жатқан жас жазушы деп білем. Оның кітаптары сөреде жатып қалатын кітаптардың санатынан емес. Сонысы қуантады. Әр шығармасына сүйсінесің. Сондықтан Есболат Айдабосынның келешегінен үміт зор. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар