Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Зүлкәпіл Мәулітұлы. Күн-күн санап алшақтауда арамы...

02.03.2023 1599

Зүлкәпіл Мәулітұлы. Күн-күн санап алшақтауда арамыз 14+

Зүлкәпіл Мәулітұлы. Күн-күн санап алшақтауда арамыз - adebiportal.kz

Әулие өлкем - ұйығым

Асқар таулар, алып құздар, ақ шыңдар,

Туған жерге қона қалған бақсыңдар,

Мекен еткен ерке қыздар, жақсы ұлдар,

Сағыныштан алып ұшып келемін,

Құшағыңды аш, неге үнсіз жатсыңдар.

 

Асау өзен, зәмзам бұлақ, көк көлдер,

Бәйге шапқан, той тойлаған бөктерлер,

Алыс жолға аттандырған өткелдер,

Тағы да бір аймалашы ұлыңды,

Бала күнгі тұлымымды өпкен жел.

 

Бозша талдар, қарағайлар, шыршалар,

Апаратын қойнауына бір сонар,

Дидарыңнан алма жүзім нұр жанар.

Қызыл-жасыл жапырағын жастанып,

Жата қалсам қайталанбас жыр қонар.

 

Ақиғы, ақ сұңқары, құмайы,

Жерұйықтың құты болған шынайы,

Жақпар шыңның қайталанбас шырайы.

Зеңгір көктің  болған мәңгі куәсі,

Маған шабыт ұсынады ұдайы.

 

Тошаласы, сарымсағы, жалбызы,

Қарақатқа тұнып қалған жар-құзы,

Күңгейлері гүлге оранған алқызыл.

Тартқандардың жолы болған дәм-тұзы,

Айналайын, әулие өлкем, жалғызым.

 

Сарғалдағы, қызғалдағы, ақгүлі,

Сұлулықтың қолтаңбасы нақтылы,

Бір искемей басылмайды апттығың.

Алпыс екі тамырыңды иіткен,

Айтыңдаршы, бұл ұйықты тапты кім?

 

Сәйгүлігі, үйір-үйір жылқысы,

Шаңға бөлеп жататұғын үй тұсын,

Бапкерлердің бұзған талай ұйқысын.

Тұлпарлардың дүбіріне ілесіп,

Көкіректе қиқу салған жыр құсы.

 

Ақбоз үйлер, ақ отаулар, ордалар,

Әңгіме айтып төрінде бір толғанар,

Тебіреніп домбыраны қолға алар.

Сағыныштан келеді ұлың көл болып,

Қайдасыңдар, әз аналар, жол қарар?!

 

Сен тұрғанда Дeлуін*…

Бабам туған бұл  жерде, қасиетті мекенім,

Алыс кетсем аңырап, ат өксітіп жетемін.

Ақ бастаудың мөлдірін зәмзәмына теңеймін,

Қыранға да қимаймын байғұзы мен көкегін.

Сен тұрғанда Делуін,

Керегі жоқ Меккенің

 

Саз кешеді шашадан үйір-үйір жылқысы,

Көктем шыға сағынып оралады жыл құсы.

Аласұрған төскейде ақ бұлақтың әуені,                 

Жинап алған өзіне бар сәбидің күлкісін.

Жеткізе алмай отырмын,

Туған жердің түр-түсін.

 

Сағындырған өлкенің самалынан өбейін,

Тарқамайтын шерімді, өлең етіп төгейін.

Ұлар шулап күңгейде, аққу әнге басқанда,

Жанды баурап еріксіз, бүлкілдейді көмейім.

Жерұйықты осынау, 

Ұжымақ демей не дейін

 

Қайсарлықтың куәсі жақпар шыңы, жартасы,

Тарихтан таусылмас сыр шертеді әр тасы.

Көне жазу, тас таңба – шежіресі бұл  жердің,

Жарты әлемнің сиғызған қойнауына “картасын”.

Аунап-аунап алайын,

Сағынышым тарқасын.

 

Әрбір жердің атауы  аңыз бенен ертегі,

Әңгімесі қарттардың ет-жүректі ертеді.

Кеше жүрген есілдің қабірі тұр алдымда,

Күрмеуіндей қысқа жіп, өмір неткен келте едің?

Жақсылардың жалғасы,

Тумағам-ау мен тегін.

 

Шетте жүріп түсіндім туған жердің не екенін,

Мен жаныңда ұқпаппын қадіріңді, мекенім.

Сонан болар сан қайта дұға оқимын өлеңмен,

Асқарына мың мәрте күнде тағзым етемін.

Сен тұрғанда Делуін, 

Бәрі маған жетеді.

Мәңгі жырлап өтемін!

 

Елді мекен аты, менің туған жерім

Қарттар сиреп барады

Ұйтқы болған қалың жұрт қауымына,

Қарттар сиреп барады ауылымда.

Отыз жеті күзіндей аңырап тұр,

«Жауыздықтың» шалдыққан дауылына.

 

Отыратын алдына ап немересін,

Қымыз құйған сапырып тегенесін.

Тигізетін күйбеңдеп қолқабысын:

Уық ұштап, көктейтін керегесін.

 

Кешке таман жиылып дөң басына,

Әңгіменің салатын «жорғасына».

Жастық шақтың еліне сапар шегіп,

Бір оралып келетін он жасына.

 

Құлан қуған құба бел бөктерінен,

Сірә  айрылып көрмеген көк теріден.

Самурайды жайпаған Халхин голда,

Батыр болып шығады шеттерінен.

 

Саятшы да болады, құсбегі де,

Қолпаштайды бір бірін «күшті еді» деп.

Тергеушіні айтқанда көк тымақты,

Лапылдайды жалындай іштегі кек.

 

Есе бермей кей-кейде бір біріне,

Тындырғанын айтады тірлігінде.

«Құрман айт» деп жатады «Наурыз» деп,

Таңданамын қарттардың бірлігіне.

 

Қарттарым-ай, ақ көңіл аңқылдаған,

Тау қырыны секілді саңқылдаған.

Қара нарлар көтерген ғасыр жүгін,

Өзің де аман жүре бер, халқың да аман.

 

Бабалардың жеткізіп аманатын,

Қазағымның шығармай жаман атын.

Қызға айтып өсиет, ұлға-ақылын,

Жалғыз сөзбен құяды санаңа алтын.

 

Қабақ шытпай ауырса таң атырған,

Секілдісің темірден жаратылған.

Қасиетті ауылымның қара шалы,

Көз алдымнан кетпейді дара тұлғаң.

 

Тарихтың таусылмас парақтары,

Сендерді ойлап сан ойды сараптадым.

Үңірейген орныңа қарай-қарай,

Сағынышпен өткізем әр аптаны.

 

Тау ұлымын…

Тау ұлымын,

Қой қосақтап, қозы ағытып көгеннен,

Ақсақалдың алғысына бөленгем.

Қайсарлықтың қасиетін үйренгем,

Жақпар шыңнан төніп тұрған төбемнен.

 

Тау ұлымын,

Құсбегімен түлкі қаққан қыраттан,

Көкпар тартқанқұйысқан сап құр атқа.

Мөлдірліктің қасиетін үйренгем,

Таудің төсін жұлқып аққан бұлақтан.

 

Тау ұлымын,

Тай үйретіп, асауменен алысқан,

Атқа шауып, алған бәйге жарыстан.

Биіктіктің қасиетін үйренгем,

Айбындаған асқарынан алыстан.

 

Тау ұлымын,

Қызқуар сап, қия шауып теңге ілген,

Қызды ауылды қырындаған Теңбілмен.

Әсемдіктің қасиетін үйренгем,

Қыр төсінде жаудыраған мен гүлден. 

 

Тау ұлымын,

Жусан искеп, жалбыз терген серектен,

Самал сүйіп, тұлымымды жел өпкен.

Маңғаздықтың қасиетін үйренгем,

Қасқа шыңнан тағдыр мені телі еткен.

 

Тау ұлымын,

Арқан іліп айшықты ердің қасына,

Жылқы жиғам көк адырдың басынан.

Өршілдікті өзенінен үйренгем,

Бұлт үйрілсе буырқанып тасыған.

 

Тау ұлымын,

Бидай ақтап, арпа түктеп келіде,

Саба пісіп, саумал ішкен желіде. 

Жылылықтың қасиетін үйреткен,

Іңкәр болғам мамық мінез желіне.

 

Тау ұлымын,

Солай , солай...  бәрін таудан үйренгем,

Тарқамайтын ерекше бір күйге енгем.

Тау секілді бір жақсы өлең жазалмай,

Өмір өтіп бара жатыр күйбеңмен…

Әкемнің қыстауы

Қыстауы анау, әкемнің қыстауы анау,

Көшетінбіз асыға қысқа таяу.

Соғым басқа жиналып кәрі, жасы,

Қыдыратын көршілер атты, жаяу.

 

Шөп жататын қорада маялаған,

Бөрібасар бар іргені саялаған.

Көңнің исі аңқыған қыр астынан,

Ыстық маған, бұл қыстау  сая маған.

 

Жалдап жиған қиы бар, тезекпенен,

(Қызуынан туады өзекті өлең).

Кереқапты жастанып қақпа алдында,

Қой күзеткен кездер-ай, кезекпенен.

 

Жетер-жетпес наз көңіл Наурызға,

Қарық болып қалушы ек сары уызға.

Жауқазынмен жарыса “Жақсы ырым”, - деп,

Сырға тағып жататын ару қызға.

 

Қозы-лақтың дауысы көгендегі,

Ешбір сазгер айталмас өлең бе еді?

Түлкі қаққан саятшы “Айт!” дегенде,

Босағада ағиық елеңдейді.

 

...Әкем кетті оралмас мәңгілікке,

Ер салар да азайды сәйгүлікке.

Ие болар қыстауға жан қалмады,

Сенім-сырым айналды жай күдікке.

 

Жылдар өтті. Көп нәрсе өзгеруде,

Болмағанды өмірде көз көруде.

Қыстауды емес қаланы паналайтын,

Жастар үшін, білмеймін, кез келуде...

 

Мұра болған бабадан қыстау анау,

Аңырап тұр, салады жанға қаяу.

Көзден бұлбұл ұшыпты осы күні,

Асығатын қыстауға қысқа таяу.

Алтай, Алтай…

Алтай, Алтай! Сапар шектім... Жол қандай,

Алма пісіп, он бесінде толғанда ай.

Айна бұлақ жүргізбейді аймалап,

Айхай дүние!  Жүре алмайсың толғанбай.

 

Қызғалдақтың жанарынан шық тамып,

Қызғанышпен қарайды бір сұқтанып.

Қымыз исі бұрқыраған қойнауда,

Қайталанбас сұлулық бұл: ұққаным.

 

Жанға шипа жалбызынан, жусаннан,

Жомарт Алтай ерекше бір бусанған.

Жанарына жұлдыз тұнған сағымын,

Жеткізбейді жетпіс тәулік қусаң да.

 

Тамаша екен бір қыраттаң бір қырат,

Тасиды өзен омырауын жұлқылап.

Толқытады толқын аққан көңілді,

Тобылғыдан тозаң иісі бұрқырап.

 

Теріскейде ұлар әңге басқанда,

Телміртеді аққу сыңсып аспанда.

Тебіндете нөсер құйып өткенде,

Тербеледі жан біткендей жас тал да.

 

Асқарына ұя салған қыраны,

Алтайымның таусылмайды жыр-әні.

Айдындары- аққулардың мекені,

Адырында арқар жусап турады.

 

Менің туған қойлы ауылым осында,

Мерейі үстем жылқы баққан досым бар.

Мейірлене қымыз ішкен кезім көп,

Мейірбанды шопандардың қосында.

 

Алтай, Алтай! Табиғатың қандай шат,

Айтқым келді әсем бір ән айқай сап.

Айналайын, аласұрып келемін,

Апта сайын тарқамайтын тойды аңсап.

 

Аяулы өлке, алтын ұям, бесігім,

Анам десем, әкем десем несі мін!

Алтай деген пір тұтатын есімім,

Ағат кетсем өтінемін кешірім,

Аман-есен тұра берші бесігім!

Көкше тауларым менің

Көкше тауларым көкжиекте анау көсілген,

Жалбызын искеп, тошала тергем төсіңнен.

Ұлардың әні басылған сәтте кешкұрым,

Байғұздың әні басталатын-ды бесіннен,

Кетпейді, шіркін, керемет әуен есімнен.

 

Сылдыр да сылдыр ағатын еді бұлағы,

Сыбдыр да сыбдыр билетін еді кұрағы.

Асқарың биік текенің текті тұрағы,

Арқары тағы, елігі ерке- қырағы,

Шыңында шырқау балапан басқан қыраны.

 

Күңгейі толы қыстауы сарбаз малшының,

Жұлдызы жанып, асығы түскен алшы мың.

Қанжыға толы қайтады алғыр құсбегі,

Мекені құтты, мерейі үстем аңшының,

Тауыма қарап шақырдым шабыт, шалқыдым.

 

Таңбасы қалған тарихтың сансыз тасында,

Өмірден өткен жасық та, мұнда асыл да.

Қайсарлықтың нағыз куәсі болған бұл тауды,

Мүжи алмаған дауыл да, тіпті жасын да.

Бақыттымын мен асқарым барда қасымда.

 

Көркіңе карап табынғам, талай сүйінгем,

Өзіңсіз жерде әуенім баяу, күйім кем.

“Таудай бол”,-деген бабамның сөзін еске алып,

Жаныңда сенің марқайып тұрмын бүгін мен,

Тауы бар жанның мерейі үстем, үйі кең

Ауылға барғанда

Айна көлдей толқып тұр-ау көңілім,

Сәлем беріп келіп жатыр көп інім.

Аталар мен апаларым азайып,

Төрі аңырап бос қалыпты көбінің.

 

Ағалардың қар шалыпты самайын,

Немерелер жағалайды маңайын.

Бала оқытып, қала қуып алыстап,

Бұрынғыдан сиреп қапты ағайын.

 

Күрпілдетіп мама сиыр желінін,

Саба пісіп, май шайқайды келінім.

Керегені жаңартам деп бір інім,

Пұшпағынан таспа тіледі терінің.

 

Жеңгетайым гүл-гүл жайнап жүретін,

Жүгіреді асамын деп сүр етін.

Кермедегі ала құнан үркеді,

Ши түбінен торғай ұшса дүр етіп.

 

“Жаман” апа ұлын сұрап шеттегі,

Әурелейді, сұрауы әйтеу көп тегі.

Жауабыма көңілі толмай қынжылып,

Тұнжырайды жандай көптен өкпелі.

 

Қырат жаққа дүрбі салып бір ағам,

Ұзап кеткен жылқысына жүр алаң.

Ақсақалдар қымыз ішіп отауда,

Қызыңқырап әңгіме айтады шұбалаң.

 

Бие сауып бір қарындасым жағада,

Аялайды саумал беріп балаға.

Бапкер жігіт дайындайды жарысқа,

Бәйге алатын сал жүйрігін тағалап.

 

Кезқұйрықты құрт ілетін сөреден,

Үркітеді қағып апа елеген.

Ауыл көркі маужыраған шілдеде,

Қайталанбас сурет еді не деген!

 

Дәл осылай жалғасады күндегі,

Ауылымның жаттанды бір күйбеңі.

Бәз біреуге көңілсіздеу болғанмен,

Менің жаным бөленеді күйге мың.

Бір ән бар…

Бір ән бар кетпейтұғын құлағымнан,

Тұратын сансыз әуен, сан ағымнан.

Аумайтын ақ мамықтай жұмсақ әуен,

Аумайтын сары даланың самалынан.

 

Бір ән бар кетпейтұғын көңілімнен,

Ол әнсіз мәнсіз менің өмірім де.

Ол әнсіз мүсәпірмін пәниде мен,

Келмейді шабытымның көгі мүлде.

 

Бір ән бар көкіректе арылмаған,

Сыйлаған шабыт маған, дарын маған.

Адам жоқ тыңдамаған  осы әнді,

Жоқ пенде тағы да оны сағынбаған.

 

Бір ән бар ешбір ақын айталмаған,

Бұл әнді тыңдаған жан қартаймаған.

Бұл әнді сәбиіне арнап өткен,

Ананың ақ жүзінен әр таймаған.

 

Бұл әннің аты жөніӘлди” деген.

(Білемін басталғанын ән-күй неден).

Әр адам бақытты шын бұл жалғанда,

Анасы бесік жырмен әлдилеген.

Домбыра. Күй. Мен

Күй кетті...

қайғы –мұңды төгілдіріп,

Барады ет жүректі егілдіріп.

Қазақтың домбырасын тыңдау үшін,

Керек-ау қайсарлық пен төзімділік.

 

Күй кетті...

күңіренді дала мынау,

Тербеліп тылсым үнге қалады бау.

Бір ұлттың шешіресі жұдырықтай,

Шанаққа қалай сыйған, қарағым-ау.

 

Күй кетті...

қоңыр әуен төгілдіріп,

Барады қаным қайнап, көңіл күліп.

Аққу ән қалықтайды айдынымда,

Шомылып мөлдіріне көгілдірік.

 

Күй кетті...

өзен тасып жарды асады,

Самал жел дауыл болып алмасады.

Шаттыққа шалқып тұрған көңілімді,

Жауратып қара суыққар басады.

 

Күй кетті...

асау тулап, ат шабады,

Ғашықтар арман қуған бақ табады.

Бапкердің мерейі үстем, мақтанады,

Бәйге алып мың тұлпардан баптағаны.

 

Күй кетті...

керуен-керуен ел көшеді,

(Ел көшетін кез бізге келмес енді). 

Елім деп еңіреген есіл ерлер,

Ежелгі қас дұшпанмен белдеседі.

 

Күй кетті...

көкше таулар жаңғырады,

Ақ толқын аласұрып жарды ұрады.

Жарқылы найзағайдың шабыт беріп,

Қиялға батырады жаңбыр әні.

 

Қол ойнап домбыраның шанағында,

Ақынның жыр төгілді қаламынан.

Ананың күлкі үйріліп жанарына,

Атаның шаттық тұнды қабағына.

 

Еш теңеу табалмадым домбыраға,

Берерің болса маған қондыр, аға.

Қазағым пәнидегі ең бақытты ел,

Осындай ие болған мол мұраға.

 

Күйге мен мақтанғаным аз болады,

Көңілде аққу ұшып, қаз қонады.

Сазды әуен қос ішектен төгілгенде,

Мен тұрғой жалпақ әлем қозғалады.

 

Аттанамын ауылға

Сапар шегем ертең туған ауылға,

Сәлем беріп қайтайын көп қауымға.

Самалына тұлымымды өптіріп,

Салқындайын малтығып ақ жауынға.

 

Ақсақалға ұзақ ғұмыр тілейін,

Ақ әженің қал-жағдайын білейін.

Апатайдың боза ішіп қолынан,

Ағалармен жүйрік баптап жүрейін.

 

Бет сипайын қабіріне бабамның,

Барлығынан сәуап болсын маған мың.

Бақ сыйлаған тағзым етіп әкеме,

Басына шоқ гүл қояйын анамның.

 

Белге шығып гүлге оранып қайтайын,

Бала күнгі жалғыз әнімді айтайын.

Былдыр-былдыр бөбектердің әдемі,

Бір жасайын тамашалап тәй-тәйын.

 

Бие сауған жеңешемді көрейін,

Бозғыл кеште құлын тартып берейін.

Бозадырда ат шаптырып келейін,

Бұрынғыдан  үстем болсын мерейім.

 

Жанға жайлы қара өлеңін тыңдайын,

Жыр оқиын, шабытымды шыңдайын.

Жастарменен ақсүйекке таласып,

Жастығымды есіме алып жырғайын.

 

Жарты құртты, тілім нанды бөліскен,

Жалғыз кесе сусынды да бөле ішкен.

Жан досымның қонақ болып үйіне,

Жан сырымды ақтарайын мен іштен.

 

Көрші қызды жылатқаным есімде,

Келмей кетсем қалар бәлкім кешірмей.

Кәде қылып кітабымды сыйлайын,

Көрінейін ерте туған есілдей.

 

Талай ғасыр сақтап қалған ажарын,

Тарқамайтын ауылым менің базарым.

Таусылмайтын таңғажайып наз әнім,

Тек осында қасиетті қазағым.

 

Ауылыма асығамын мен ертең,

Аттанайық, аялдама, кел еркем.

Аңқылдаған көңілімді ерекше,

Асылдардың шаттығымен кенелтем.

Қайда кетіп барамыз?

Күн-күн санап алшақтауда арамыз,

Ағайын да жатбауыр боп барамыз.

Қарттар айтқан бірлік пенен татулық,

Сезіледі бәрі ертегі, бәрі аңыз.

 

Туысты емес қалталыны қалаймыз,

Мансаптыны пайғамбарға балаймыз.

Ат салыспай, хабарласпай, хат жазбай,

Артта қалды талай көктем, талай күз.

 

Тіл мен дінін шұбарлауда баламыз,

Өзіміз де мәз емеспіз, шаламыз.

Амандасса “Hello” дейді алдыңнан,

Қолдан ұшқан сары ұл менен қара қыз.

 

Елеуресек елден ерек данамыз,

От басынан шығалмайды санамыз.

Жаны жомарт, пиғылы кең қазағым,

Білмей қалдым, қайда кетіп барамыз.

 

Ертеңге емес, табынамыз бүгінге,

Түсінбейміз көп нәрсенің түгін де.

Қызғаныштан қызыл өңеш боламыз,

Түсінбеймін, не болады түбінде.

 

Жамандықтың қазып бәрін талдаймыз,

Жақсылықтың мән-жайына бармаймыз.

Қарабастың пайдасы үшін ұялмай,

Ананы да, әкені де алдаймыз.

 

Аға дейтін, көке дейтін аз бүгін,

Есту қиын қоныр әуен, назды үнін.

Бейбіт шақта бара жатқан тозғындап,

Мұндай күнді маңдайыма жазды кім?

 

Мен қазақсыз орным толмас ортамын,

Қажеті жоқ алттының да, торқаның.

Бәрін жиып ақыл айтқым келеді,

Бірақ мені ұқпай ма деп қорқамын.

 

Күресуге дәрменім де шамалы,

Көш бастауға жетіспейді амалым.

Бар шындықты айтқым келіп тұрса да,

Көкіректен шықпай қойды қамалып.

 

Азаюда бой кернеген күш ағын,

Гүлге емес, мұңға толды құшағым.

Азғындаған аз қазақтың бүгінгі,

Тағдыры үшін сансыз ойдан құсамын.

 

Зүлкәпіл МәулітұлыАқын, журналист, ғалым. Моңғолияның Бай-Өлке  аймағында дүиеге келген. 1973-жылдан әдебиетпен айналысып келеді.  “Мөлдір тамшылар” (1983), “Ғашық жүрек” (1989), “Армысың, аппақ дүние” (2018), “Үркер ауып барады” (2022)  жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері еліміздің және Қазақстанның газет, журналдарында басылған, аймағымызда  шыққан ондаған жыр жинақтарында орын алған.  Шығармаларын қазақ, моңғол, орыс тілдерінде жазады. Моңғолия Мемлекеттік университетінің Журналистика бөлімінің профессоры, Тарих ғылымдарының докторы. Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Моңғолия Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері. Моңғол, орыс тілінде басылған ондаған ғылыми еңбектердің авторы. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар