Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Жүрекке қалғып жатқан жырларымның...»...

24.12.2019 5611

«Жүрекке қалғып жатқан жырларымның...» 12+

«Жүрекке қалғып жатқан жырларымның...» - adebiportal.kz

(Ерік Асқаров поэзиясының поэтикасы)

Сұлу сөздің хас шебері Жүсіпбек Аймауытұлы қазақ өлеңінің ұлы тұлғасы Мағжанның мөлдір поэзиясын талдағанда: «Ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу керек»,- деп жазған. Алаш қаламгері көрсеткендей, біз осы мақаламызда қалың Қазақ еліне айтыскер болып танылған өнерпаз, ақын Ерік Асқаровтың лирикалық туындыларының ішіне кіріп, өлең өрісіндегі қолтаңбасын талдап, туындыларын тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық табиғатына қарай зерделеуді мақсат еттік.

Өлеңдерінің көркемдік қуаты, эстетикалық табиғаты, тақырыбы мен басты идеясы қайсы деген сұрақтарға жауап іздегенде ақынның дара стилі, жеке қолтаңбасы айқындалатыны мәлім. Бұл мақсатта қазақ сөз өнерін зерттеген алаш қаламгерлерінен бастап, ұлттық әдебиеттанудағы көрнекті теоретик ғалымдардың еңбектерін басшылық еткенімізді айтқымыз келеді.

Ерік Асқаров өлеңдерінің ерекшелігі неде деген сұрақ қоятын болсақ, ол – ­алдымен ұлттық сипатында, ұлттық мазмұнында, көркемдігі жоғары ұлттық бояуында дер едік. Автор туындыларында ұлт тарихымен, ондағы тұлғалармен, белгілі тарихи оқиғалармен біте қайнасады, олармен бірге жасайды.

Атамыз орда салған жер,

Кіндігім қаны тамған жер.

Сібірдің құйттай қойнауы –

Ермакқа бермей қалған жер,-

деп ақын өзі жырлағандай, кең байтақ қазақ даласының солтүстік шекарасында, өз сөзімен айтқанда Ібір-Сібір жерінде дүниеге келген, арғы бабасы Түрік қағанаты, Алтын Орда заманынан жасаған, бергі атасы Абылай хан, Кенесары хан дәуірінен бері өмір сүрген қасиетті құтты қонысында туып өскен ақын қолына қалам ұстап, саналы өмірге қадам басқан кезінде ұлт мәселесі тым күрделеніп кеткен еді. Билік басындағы Столыпин кезеңінен бері қоныстанып алған қарашекпенділердің екінші-үшінші буындағы ұрпағы қазақтың тілін де, ғұрпын да, салт-дәстүрін де қажетке жаратпай қалған-ды. Себебі саясат солай еді. «Неғұрлым орысша жылдам сөйлесек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз» деген ұран тасталған қоғамда өмір сүрді ақын. Оның үстіне, тың игеру науқаны ұлттық мәселені одан сайын қиындатып, қазақ халқы өз жерінде, өз елінде аз ұлттың санында қалып қойды. «Түрен салып даламызға тың келді, // Нан көбейіп, мән азайған күн болды»,- деп жазды сондықтан ақын өлеңінде негізгі айтар ойын астарлап жеткізіп. Ақын мұндай жат қоғамды, ұлт тарихын жоқ қылған ортаны, ұлт тілін керек қылмаған билікті, ұлттық құндылықтарды мансұқтайтын заманды қабылдамады. Большевиктер билікке келген заманға тап болған Мағжан атасындай Ерік ақын да сырын қағазға түсірді, өткен заманды аңсады. «Танымай, таныта алмай өткеніңді, // Таппайсың болашаққа өткеліңді»,- деп жазды тебіреніп. Ұлттық рухты асқақтататын, көңілге арқау болатын тұлғаны ол да Мағжан атасындай тарихтан іздеді. Сондай аңсар оймен «Бозауыз ат» поэмасын өмірге әкелді. «Бұл шығарма 1979-80 жылдары жазылды. Қылышынан қан тамған кеңестік цензурадан өткізе алмайтынымды білген соң, аяқтамай тастап едім. Сол кезде қазақ қауымын өксіткен жалғыз идея – ұлт азаттығын көксеген көңілдің көрінісі»,- деп тебіренді автор поэманың кіріспе сөзінде.

Тегінде, «Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады»,- деп жазған екен Ж.Аймауытұлы. Патша заманында туып-өсіп, алты алашқа сол кездің өзінде танылған талантты ақын Мағжан қос төңкерісті, аз уақыт Алашорда кезеңін, аумалы-төкпелі жылдардағы Азамат соғысын бастан кешіп, большевиктер үкіметінің орнай бастағанына куә болды. Мағжан ақын патшалық империяның шаңырағы ортасына түскенін көзбен көрді. Ерік Асқаров болса, Кеңес дәуірінде туып-өсіп, кеңестік кезеңде Қазақ еліне ақын болып танылды. Алғашқы жыр жинағын 1987 жылы жариялап, қайта құру науқанын, Желтоқсан көтерілісін, ұлттық рухтың жаңғырғанын, ақыры қызыл империяның құлағанына куә болды. Мағжан жаңа қоғамды 27 жасында қарсы алды. Астаң-кестеңі шығып жатқан заман алаш ақынына сол кезде шығармашылығында бағасы биік туындысы – ­­«Жан сөзін» жазғызды. Ал Кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздік таңы атқанда Ерік ақын 32 жаста еді. Байқасақ, ол да қоғамдық сана өзгерісін, тоқырауды, заман құбылғанын бастан кешті. Екі ақын да сыншы Жүсіпбек айтқандай, «ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшелі дәуірдің» куәсі болды. Алайда екі ақын тағдырында, шығармасында ұқсастықпен бірге айырмашылық та бар деп айтамыз. Мағжан большевиктік, пролеториаттық, таптық, кеңестік, ескіні мансұқтайтын жаңа қоғамды қабылдамаса, Ерік ақын тәуелсіздіктің ақ таңын, азаттықтың көк туын қуанышпен қарсы алып, жырларын шаттыққа толтырды. Кеңес империясы келмеске кетіп бара жатқанына қуанды.

***

Ерік Асқаров шығармалары тақырыптық-идеялық тұрғыдан сан салалы, әр қилы, қозғайтын мәселесі, көтеретін ойы неше алуан сипатты деген пікір айтқымыз келеді. Бұл орайда ақын өлеңдерін төмендегідей тақырыптарға бөліп жіктейміз:

  • «Махаббат лирикасы»,
  • «Табиғат лирикасы»,
  • «Туған жер лирикасы»,
  • «Философиялық лирика» («Философиялық һәм көңіл-күй лирикасы», «Философиялық-дидактикалық лирика»,
  • «Ата-анасына, бауырларына, балаларына арналған өлеңдері»,
  • «Діни-имандылық лирика»,
  • «Әлеуметтік-дидактикалық лирика»,
  • «Саяси-патриоттық лирика»,
  • «Тарихи-этнографиялық лирика».

Ақын өлеңдерін оқыған кезде оларды шартты түрде осылайша жіктегенді жөн санадық. Бұл орайда біз «Жүрекжарды» жыр кітабындағы туындыларын ғана пайдаланғанымызды айтқымыз келеді. 2009 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген ақын кітабында өлеңдер тақырыптық-идеялық, тарихи-хронологиялық тұрғыдан топталмағанын айтқымыз келеді. Тегінде келер күнде ақын өлеңдері баспа бетін тағы көріп жатса, осылайша жүйелі берілсе деген ұсыныс білдіреміз.

Махаббат лирикасы. «Басқа жағынан Мағжан идеалист болса да, махаббатқа идеализм көзімен қарамайды»,- деп Ж.Аймауытұлы айтқандай, Ерік Асқаров өлеңдерінде махаббат тақырыбын кез келген туындысынан аңғарамыз. Ақын өлеңін махаббатсыз, сүйіспеншіліксіз жазса, олар соншалықты мөлдір, соншалықты шынайы шықпайтын еді, оқырман жүрегінен орын алмайтын еді. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді дегендей, Е.Асқаров өлеңдерінің қай-қайсысы да терең тебіреністен туғандығын танимыз. Алайда ер мен әйел арасындағы махаббатты ғана сөз етсек, поэмаларын, айтыстарын атамағанның өзінде, бұл тақырыпқа ақын 26 өлең арнағанын аңғаруға болады. Олар: «Сүйемін!» - деме, осы бір сөзден сескенем», «Менен бұрын жырлап өткен мың ақын», «Балалық алыс, алыста және ағалық», «Шертілмеген сырың болса, шерт енді», «Дір ете қалдың, қысылып әлде тұрсың ба?», «Оятты да жүрегімді бір үн кеп», «Азияның аптабы», «Жалғыз шырақ», «Боларын дәл осылай білген едім», «Аксиома», «Алатауда ақ дауыл», «Ауылы аяулымның Аюлыда», «Секілденіп толқын ұрған нау балық», «Сенің нұрлы жамалыңды көргенде», «Жасыбайдың жағасы», «Ару қыздың ақ тәніне», «Ригадағы қарындасқа», «Сары күз қол жайған», «Сені ойлаумен атты менің таңдарым», «Сен кетті деп айтады маған бәрі», «Бөлмеңе сенің кіріп мен», «Бірде шілде, бірде қаңтар мына күн», «Білмеймін сор ма, бақ па – ол арасын», «Асықпашы, махаббат!...», «Сен қоңырау шалғанда», «Саған арнаймын», «Сары белден сарғайып таң атады».

Махаббат тақырыбына арналған бұл өлеңдерде ақын бар және көбінесе Сен атты кейіпкер бар. Лирикалық кейіпкер ынтық болған махаббатына көңілдегі ғашықтық сезімін көркем тілмен, бейнелі эпитетпен, айшықты теңеумен, түрлі метафоралық тіркеспен жеткізеді. Бұл тақырыптағы өлеңдердің көбі 1979 жылы жазылған екен. Яғни Ерік ақынның жиырмадағы жігіт кезінде туған шығармалар деп білеміз. Мысалы:

«Көңілің сенің жап-жаңа жауған ақ қардай,

Саятшы менмін несібе күткен сонардан».

Автор жүрек сезімін ғашығына жеткізу үшін ұлттық сипаттағы әдемі метафора мен ауыз әдебиетінен айшықты теңеуді сәтті қолданады. Ақын өлеңдерінде орман мен ағаш бейнесі ерекше орын алады. Ақ қайың мен қарағайдың, Ібір-Сібір шетіндегі қалың орманның ішінде туып-өскен Е.Асқаровтың ағаш түрлерін суреттеуі, оны теңеумен, метафорамен беруі жиі ұшырасады:

Санамда менің жататын жаймен ой ағып,

Тым-тырыс қана жүруші едім сая ғып.

Иіні түсіп, қалғыған орман секілді ем,

Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып.

Табиғат лирикасы. Ақын өлеңдерінде табиғат суреті де сұлу, айшықты берілген. Тегінде Е.Асқаровтың кез келген тақырыптағы шығармасынан табиғаттың жанды суретін көре аламыз. Мысалы «Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап» өлеңі бір оқығанда жылдың күз мезгілін көрсетуге арналғандай. Қоңыр күз, салқын күз, кәрі күз деп суреттелетін жыл маусымын табиғат көрінісі деп қабылдаймыз. Бірақ өлеңнің соңғы екі тармағында оның негізгі идеясы белгілі болады: «Алматының ауа райы секілді, // Тағдыр қырық құбылады-ау бір күнде»,- деп аяқталады жыр. Яғни бұл өлеңде автор табиғатты ғана суреттемейді, философиялық ой-толғам да жасайды. Табиғат көрінісі философиялық ойын жеткізу үшін орайлы пайдаланылған. Тағдыр да табиғат секілді құбылады деп айтқысы келген ақын. Сондай-ақ «Ақкөңіл адал жүректі» өлеңінде алдымен табиғат суреті берілген де, кейін алыста жүрген, сағындырған туыс, аңсаған бауыр бейнесі баяндалады:

Өлкеге біздің бозқырау түсті қарыған,

Бозарды дала айрылып жасыл табынан.

Бозала таңда бозқырау кешіп жүргенде,

Бауырым, сені еске алам дағы, сағынам,-

деп жырлайды ақын. Лирикалық кейіпкер көңіл-күйін жеткізу үшін табиғат суретін қатар береді. Ақынның махаббат, философиялық, саяси-әлеуметтік, тарихи-этнографиялық, өзге де тақырыптарда жазылған өлеңдерінен осындай психологиялық параллелизмді, табиғат суретін қатар берудің мысалын көптеп кездестіреміз.

Сонда да табиғат және экология мәселесі ғана айшықты көрінген мына лирикалық өлеңдерін бөліп атағымыз келеді: «Кешікті көктем биыл, көп бөгелді», «Барады ағып ерке Есіл», «Шерубайнұра», «Экологиялық өлең», «Арқадан келген жолаушы», «Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай», «Таудағы түн», «Сібірге келді сары күз», «Сібір», «Аралда», «Малатья су қоймасы». Бұларда ақын тек табиғатты жырлаған деп айтуға болады.

Келесі топтама өлеңдерінде табиғат көрінісі, табиғаттың әсем суреті беріледі де, сонымен бірге оларда ақынның туып-өскен ауылы, туған жері, қасиетті Қызылжары мен кербез Көкшесі бірге суреттеледі. Сондықтан бұл өлеңдерін «Туған жер» лирикасы деп топтаймыз.

Туған жер лирикасы. Бұл топтағы өлеңдері туып-өскен ауылына, Қызылжары мен Көкшетауына арналған: «Қыс болса Қызылжарға кеткім келер», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың», «Майшам жарығында жазылған жыр», «Есіме түсіп, өткен, кеткендерім», «Қара орманның қолтығынан жел кіріп», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Қызылжар», «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қостеректің құдығы».

Осы орайда бір байқағанымыз, ақын өлеңдерінде Петропавл қала аты мүлде кездеспейді. Есесіне «Қызылжарым», «Қызылжар қысы» жиі ұшырасады. Мысалы: «Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер», «Жүр, жаным, Қызылжарға кетейікші», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың», «Абай айтқан шыбынсыз жаз керек пе, // Мына біздің Қызылжарға кел онда!», «Қызықтырса Пушкин сүйген алтын күз, Мына біздің Қызылжарға тағы кел», «Сыны кетпес сұлулықтың барлығын // Мына біздің Қызылжардан табасың». Ақын осы арқылы туған қаласының төл аты Қызылжар екенін тағы да еске салғандай. Қаласына деген ыстық махаббатын ата-бабасынан қалған Қызылжар атауымен жеткізгендей.

Ата-анасына, бауырлары мен балаларына арналған өлеңдері. Бұл тақырыптағы туындыларына мына шығармаларын топтаймыз: «Анамменен сырласу», «Ат мініп, әке, көтермедім», «Өмір жалғасы», «Бақұл бол» (цикл), «Бекзатқа», «Ақкөңіл, адал жүректі», «Әкеме хат», «Алапат боран... келген бе ауып жат елден?», «Қостеректің құдығы», «Баттал ғазы». Аталған өлеңдерде ақынның ең жақын адамдарына деген көңіл-күйі, сағынышы көрінген. Жалған өмірден ерте көшіп, әкенің жүрегін мәңгілік сағынышқа толтырған Бекзатқа арналған өлеңдер циклін оқығанымызда, ұлы Абайдың Әбіш баласына жазған туындыларын еске түсіреміз. Абайда да, Ерікте де жазмыш бұйрығының қаталдығы, сорлап қалған әкенің тағдыр алдында дәрменсіздігі, ақыры өлімге сабырмен қарайтыны баяндалады. Ерік ақын өлеңінде маңдайына сыймай кеткен Бекзатты өзі ғана емес, Сарыарқаның самал желі де сандалып іздеп қалады.

Философиялық һәм көңіл-күй лирикасы. Ақынның философиялық лирикасына «Жүрекжарды», «Кірлеме, менің жүрегім», «Кейде мен...», «Соңғы сөз», «От көріктің басында», «Жауып жатыр жапырақтар жалтылдап», «Қыстың қызыл іңірі», «Дарияға салған қайығым», «Ньютон заңы», «Семсер туралы ой», «Жер» атты туындыларын жатқызамыз. Ал «Сағынған досқа», «Адалдық туралы аңыз», «Шопенгауэр», «Мінез» атты өлеңдерін философиялық-дидактикалық лирика деп қараймыз. Себебі ол туындыларда өмір жайлы ой-толғанысымен бірге, тәлім-тәрбие мәселесі де қатар көтеріледі.

Сондай-ақ ақын өлеңдерінде әлеуметтік-дидактикалық тақырыпта жазылған шығармалары да барын таныдық. Оларға «Тектілерді тексіздер тепкілеген», «Жындылар жыры» секілді туындылары жатады. Ерік ақынның осы өлеңінде тағы да Абай философиясымен сабақтастығын байқаймыз:

«Әбестігі көрінбейді сырт көзге

Мың жындыға ие болса бір дорақ...»,- дейді Е.Асқаров ұлы ақын ойымен үндестік тауып.

Ақынның әлеуметтік тақырыпта жазған өлеңдерінен шындықты бүкпелемей, ел басына түскен ауыртпалықты жасырмай ашық жазып кеткен батылдығын көреміз. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиындығын, халыққа түскен тұрмыс тауқыметін ақын бейнелі тілмен былай жеткізген:

Қала – мынау, дала бұдан сорақы,

Елім тозған, қалғаны тек – ел аты.

Ауыл-ауыл, үйден-үйді қалдырмай

Қыдырып жүр қайыршылық қара аты.

Тозған елде қайыршылық қара аты қыдырып жүр дегенде кейіптеудің сәтті үлгісін байқаймыз. Немесе «Әкімдері тонап біткен ауылдан // Не күтеді аш қасқырлар торыған»,- дегенде ирониялық мысқылы бар саяси-әлеуметтік сипаттағы ойды түсінеміз. Бұл өлең елге ауыр тиген 1997 жылы жазылған екен. Әлеуметтік астары бар жыр Көкшетаудың ешбір шамы жамбады деп басталады. Автор облыс орталығы дәрежесінен айырылып, халықтың тұрмыс жағдайы күрт төмендеген кезең шындығын шынайы суреттеген.

Егер философиялық деп топтаған өлеңдерінде жаратылыс заңы, тіршілік тылсымы, өмірдің түрлі құбылысы туралы ой-толғамдары берілсе, көңіл-күй лирикасы деп шартты бөлінген туындыларында өзінің жеке арман-аңсары, қуанышы мен реніші, ой тебіренісіне арналған шығармалары жинақталған. Бұлардан ақынның қара түнмен сырласқаны, ақ қағазбен тілдескені, сол арқылы оқырманымен ой бөліскені, тағдырынан хабар айтқаны анық аңғарылады. Бұл тақырыптағы өлеңдеріне мына туындылары жатады деп есептейміз: «Осы мен қайда асығам, түсінбедім», «Еске аламын өткенді», «Жалған-ай, менде «Арман-ай!» деген бір ән бар», «Оралу жыры», «Бір кездесу тұр алда», «Ғашық болып қызды ауылға аттанған», «Ақ орамал бұлғап еді алда арман», «Мен – желмін», «Өлең маған дауасыз дерт болды анық», «Күндер зуылдап аққан», «Жиырма сегіз жасымды мынау көп демен».

Діни-имандылық лирика. Дін мен имандылық тақырыбы ақын Е.Асқаров өлеңдерінде көрініс тапқан. Бұл тақырыптағы туындыларына мына өлеңдерін жатқызамыз: «Тектілерді тексіздер тепкілеген», «Құран», «Ләйлі-Мәжнүн», «Дұға».

Саяси-патриоттық лирика. Бұл орайда ақынның Отан, Қазақстан, Астана жайында жазылған өлеңдерін жеке атағымыз келеді. Оларға: «Экологиялық өлең», «Қазақстаным», «Астана – бәйтерек», «Ей, елім, қай күні сен ел боласың?!» атты шығармалары жатады.

Тарихи-этнографиялық лирика. Аталған тақырыптағы шығармаларына мына өлеңдері кіреді: «Әнші», «Отырардың бақтарында күнде ұшқан», «Қымыз» (жанры баллада сынды), «Сыя алмай жарық жалғанға», «Самарқан», «Сарайлар», «Сайында Сырымбеттің», «Келтесорда, ауылда...», «Байбөрінің боздауы», «Қаба жалды қара айғыр», «Ей, елім, қай күні сен ел боласың», «Батыр Баян. Жетісу», «Генетика», «Ақан сері мен перінің қызы, немесе Сәкен Жүнісовке жауап», «Заман-ай», «Тоқаның төрт толғауы» (баллада сынды), «Салт мініп сал күреңді, сар желдіріп», «Қоңыр киік» (баллада сынды), «Күлтегін», «Атбасар», «Ләйлі – Мәжнүн», «Жолаушының жол жыры».

Тарихи тақырыптағы өлеңдерін сөз еткенде ақынның арнауларын, яғни өлеңдеріндегі тарихи тұлғаларды да жеке атағымыз келеді. Е.Асқаров өлеңдерінде ұлт тарихындағы көрнекті тұлғалардың көркем галлереясы жасалған. Соның ішінде Абылай ханға, Батыр Баянға, Сегіз серіге, Мағжанға, Мұқағалиға (екі өлең), Хамза Абдуллинге, Ғани Мұратбаевқа жеке шығармалар арнаған.

Ардақты ағалары мен қадірлі замандастарынанан ақын мына азаматтарға жыр арнаған: Көкен Шәкеевке, Олжас Сүлейменовке, Сәкен Жүнісовке, Балташ Тұрсымбаевқа, Қонысбай Әбіловке, Бекболат Тілеуханға, Камалтин Мұхамеджановқа, Баянғали Әлімжановқа, Зейнолла Олжабайұлына, Қажымұрат Нағымановқа, Ақселеу Сейдімбекке.

Сондай-ақ «Ауылдағы ақындарға хат» өлеңінде Тыныштықбек Әбдікәкімов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан, Ертай Ашықбай, Жанат, Шәмшия сынды ақындармен тілдессе; «Алматыдағы ақындарға хат» өлеңінде Қасым Аманжолов, Қасым Тоғызақов, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Есенғали Раушанов, Жарасқан Әбдіраш, Шөмішбай Сариев сынды сөз зергерлерін еске алады.

***

Ақын өлеңдерінің басты ерекшелігі ұлттық сипатында, ұлттық нақышының көркем берілуінде деп атап көрсеттік. Солтүстік өңір болса да, қазақ ауылында туып-өсіп, қазақ тұрмысын, қазақтың салт-дәстүрін, төрт түлік малын, соның ішінде жылқы жануарын ерекше жақсы көрген Ерік Асқаров поэзиясы тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық сипатымен бірге, білімділігімен де, этнографиялық танымымен де назар аудартады. Ақын өлеңдерінде жылқының қазақпен бірге жасап келе жатқандығын, қазақ пен жылқы егіз ұғым екендігін суреттеп, асыл жануардың поэзиядағы көркем бейнесін керемет жасаған. Мысалы Е.Асқаров өлеңдерінде Қамбар ата түлігі – жылқы жануарының жасына, жынысына, түсіне, мінісіне, шаруадағы қажеттілігіне қарай мынадай түрлері кездеседі: қара арғымақ, арғымақ ат, көкбалақ ат, жайдақ ат, ақ ат, жирен ат, ақбозат, күрең ат, алтынжал ат, қазанат, Көктұлпар, торпаң тұлпар, бозауыз тұлпар, ала тұлпар, торы тұлпар, жас тұлпар, қара айғыр, күреңім, тарланым, қарагер, жабы, торы төбел, сал күрең, сұркөжек, бурыл, Тайғасқа, торы бие, кер бие, қасқа құлын, бәйге жирен, сандал торы, торшолақ, көкшолақ, бозшұбар, шайтанкөк, дара құлын, құлын-тай, Құлагер, бәсіре тай, құла тай, тарпаң торы, көк дөнен, ақтаңгер.

Ақын жылқы бейнесін бірнеше өлеңінде образды түрде пайдаланып, айтар ойын сол арқылы сәтті жеткізе алған. «Сағынған досқа» өлеңінде:

«Өзіңе деген көңілдің күйі шертіліп,

Адастым талай арманның аты мертігіп»,- дегенде, досына ынтық көңілін, арманына жете алмаған кезін білдіреді. Ал «Анаменен сырласу» өлеңінде анасына амандық болса, арманына жететінін ауыспалы мағынада былай суреттеген:

«Тентегің аман болса, бірер жылда,

Күмістен ер-тоқымын салады атқа».

Ерік ақынның мінезін, табиғат-болмысын, парасат-пайымын, білім көкжиегін, жалған дүниеге келгендегі өмірлік ұстанымын танытатын қанатты тіркестер, әдемі тармақтар өлеңдерінде мол кездеседі. Ол үзінділер Ерік Асқаров кім еді, қандай ақын еді, оны нендей ой мазалаған адам болды деген сауалға жауап береді. Ел аузында жатталып қалатындай Ерік ақынның мағынасы терең көркем тіркестерінен мысал терсек, олардың бір парасы төмендегідей:

- Жырымды сатпан ешқандай қызық, думанға,

Жанымның аппақ сәулесі өшпей тұрғанда...

- Өзінің сүйген ақыны көріп мені елім,

Көкірегінде жатталып қалса өлеңім.

- Жыртылсаң табар едім саған жамау,

Міндетім, жүрек сені харамдамау.

- Дариға-ай, шама шіркін жетер ме екен,

Жүрекке шаң мен тозаң түсірмеуге?...

- Аманат қып бабамның адалдығын,

Ізгіліктің артты әкем маған жүгін.

- Ұлылар тек жырын емес ұрпаққа

Айта алмаған сөздерін де қалдырған...

- Өмірдің қайталанбас қас қағымын

Келеді жырымменен мүсіндегім.

- Кеудемнен қанат қаққан жыр-кептерді

Қондырсам деймін әкеп дәптеріме.

- Дал-дал ғып жағамды емес, жүрегімді

Бір белден бір белге мен барам асып.

- Жүрекке қалғып жатқан жырларымның

Оянар сәттеріне асығамын.

- Мың бітпесе бітпесін, жүз кетпесін,

Құн жетпесім – ар-иман болсын аман!...

- Беу, дүние-ай, бір-ақ рет ғұмыр бердің,

Ендеше, бір-ақ рет өлтір мені!

- Бас ауған жаққа қаңғыра лағып кеткелі,

Ұлиды-ай келіп ішімде жатқанн көкбөрі.

- Ойымды шындығыңа суарып ап,

Сөзімді айналама тыңдатамын!

Ақынның көркем шумақтарындағы бейнелі үзінділердің кейбір мысалы:

- Түрен салып даламызға тың келді,

Нан көбейіп, мән азайған күн болды.

- Төмендетіп жетпіс жастың беделін,

Әлі күнге қутыңдайсың қыз көрсең.

- Астанаға қазақы шекпен керек.

- Кешікті көктем биыл, көп бөгелді,

Көмкеріп көмбей жатыр көкке жерді.

Бір жауып, бір езіліп лайсаңдатып,

Көбік қар көшемізде көп сенделді.

- Ақ төсін көк мұнардан арши алмай,

Алатау қайта-қайта сілкінуде.

- Керіліп, кербезденіп бойын түзеп,

Еркелеп жатыр көктем бел артында.

- Сылқ-сылқ күліп сылдырлап,

Нәзік белін мың бұрап.

Барады ағып ерке Есіл,

Қарайды орман тұнжырап.

- Ғашығындай елжіреп,

Желпілдейді жел жібек.

- Көктегі бұлттан нәр алып,

Кеудеме қонған ала бұлт.

Нөсерін төгер қағазға

Сен жайлы жыр боп жаралып...

- Түнеріп қазір томырық аспан мүлгиді.

- Бесігін өздеріңдей сәбилердің

Жерасты жарылыстар тербетуде.

- Тұмарлап саған қарай ұшырамын,

Көңілімнің көк алалы кептерлерін.

- Сөзі балдай, көзі шамдай, қаз омырау, ай мүсін

Ертелі-кеш бәйіт етіп жырға қосты Ләйлісін.

Сәлем айтып Сарыарқаның желінен,

Сол күндерге жете алмастай көрінем.

Жырларымның бақытына қызығам –

Менен бұрын жолығатын сенімен,-

деп ақын өзі айтып кеткендей, біз Ерік Асқаровтың өзімен емес, өлеңдерімен жолығып, олардың ішіне үңіліп көрдік. Ақын туындыларын тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық сипаты тұрғысынан қарастыруға ұмтылдық. Байқағанымыз, тағдыр оғы қапыда тиіп, дүниеден ерте озған, бойындағы талантын сарқып үлгермеген, жазамын деген дүниесін толық бере алмай кеткен ақын Ерік Асқаров лирикасының тақырыбы жан-жақты, мағынасы терең, мазмұны айқын, ұлттық бояуы анық, көркемдік қуаты биік, эстетикалық сипаты жоғары. Осының бәрін топшылай келгенде түйіп айтарымыз, Ерік ақын поэзиясы қазіргі қазақ әдебиетінің тарихында орынды бағасын алып, тиянақты зерттелуі керек.

Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әзімбек Жанқұлиев, Есенқұл Жақыпбеков, Жібек Сыздықова сынды қазақ айтыс өнерінің көптеген көрнекті өкілдерімен Ерік ақынның айтысқанын, сол арқылы қасиетті өнердің қайта жандануына зор үлес қосқанын өнерсүйер қауым жақсы біледі. Ал біз болсақ осынау шағын зерттеуімізде айтыскер Ерік Асқаровтың жазба әдебиеттегі орын бағамдағымыз келді.

«Жырларыңның өшпейтін әр жолынан,

Таптым іздеп мен сені, алдаспаным!»,- деп ақын айтып кеткендей, артында жауһар жырларын қалдырған, сол арқылы оқырманын тамсандырған Ерік Асқаров шуақты шумақтарымен туған халқымен бірге жасайды. Алдағы күнде ақын өлеңдерін жүйелі зерттеу, насихаттау ісі жалғасын таба береді деп сенеміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР

филология ғылымдарының кандидаты,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының доценті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар