Бұл күнде жазушы Ғалымбек Елубайдың есімі елге кеңінен танымал. Оның қысқа да нұсқа, сюжеті шымыр, уақиғасы әралуан әңгімелері оқырман назарынан тыс қалған емес. Әдебиет дейтін аламанға, проза сынды күрделі жанрға ұзақ дайындықпен келіп, бірден өз сүрлеуін, өз жолын тапты. Бала кезінен дала мәдениетін бойына сіңіріп, есейе келе өмірдің әр тарабына ат шалдыра жүріп жинаған олжасы, ақындық леп, жазушылық жүрекпен қопарыла кеткені де тосын жайт емес. Ғалымбек прозасы бүгінгі жаңа қазақ прозасының өзінеше бір биігі, тосын кейпі, жаңаша тоғысы дер едік. Оның шағын ғана әңгімелеріндегі кейіпкерлердің бейнесі, бітімі, тағдыр-тәлейі, жаназабы оқырман санасының ойпыл-тойпылын шығарады. Бұл тұрғыдан келгенде Ғалымбек Елубай прозасының кейіпкерлері жеке талдауға тиянақ бола алатын тұлғалар. Қош... сонымен, оқырманды көп күттірген жаңалықта келіп жетті. Былтырдан бері әр шығармасы оқырманды бейжай қалдырмаған талантты жазушының жаңа кітабы көп күттірмей жарық көріп отыр. Кітап аты – «Жүз жетінші көктем». Алматыдағы «Білге» баспасынан жаңа ғана жарық көріп отыр. Кітаптың шыққаны туралы автор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманнан сүйінші сұрай отырып жариялады. Айта кететіні, қазанның 14 күні, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада “Жүз жетінші көктемнің” әдеби таныстырылымы өтеді. Барша оқырманды осы кештің куәсі болуға шақырамыз.
Ғалымбек Елубай: «Мен ес білгелі жазушы болуды армандадым. Өзіме де, өзгеге де белгісіз құштарлықпен қолыма түскен кітпаптарды талғаусыз парақтай бастағам. Оқитын дәнеңе таппасам, Тарымнан қайтқан «қылмскер» қариялардың әңгімесіне құлақ тосып, ауылдағы кемпірлердің өсегіне дейін имандай ұйыдым. Қала берді қалқиған құлағымнан күн көрініп, онсызда сарғыш реңім ескі газет беттеріндей сарғайып, жартас биігінде, жар жағасында «ғалам қайғысын» шегетін едім. Айналамда болған әрбір оқиға, ауыл адамдарының басындағы күйініш, сүйініші мендік жүрекке соқпай, әсер етпей өтпейтін. Әсерелеп айтқанға, әруақ жайлаған үйдей жан дүниемде ұзақ жылдар бойы сапырылысып, сандалып жүріп алатын. Жазуға тырысып көрдім. Жаза алмадым! Көңілімдегі көрікті ой көмейден шыға қожырап сала беретін! Әр жылдары түйе боталағандай қылып, бірдеңелер шимайлап жүрдім. Бірақ, көкейімдегі суреттің сұлбасы өзім аңсағандай емес! Дағдардым! Сандалдым! Азабын жанымдағы жарым тартты! Жазудың реті ақыры өткен жылы ғана келді. Бір күні түн жамылып отырып (мен үшін алғашқы) әңгімемді жаздым. Болды! Сосын екіншісін... үшіншісін... дегейсіз... Сондаға ғана санамдағы бөгеудің қақпасы болған қаратас қақпақыл ойнап кетті... мен сонда ғана жылдар бойы азаптаған ауыр ойлардан еркіндік алып, тыныш ұйықтайтын халге жеттім. Жазарманы, шабарманы көп уақыттың көзімен қарағанда бір жылда бір кітап бере салу расында санаға сыймайтын сандырақ көріненрі және хақ! Осы жерде менің айтқым келгені, бұл жылдар бойы менің санамда сарытап болып, суы сорғып, әбден сығымдалып келген вулкан есепті бір күй! Бұл мен оқыған, немесе алғашқы бір тарауынан ары бара алмаған кітаптардың бойындағы шөп-шаламнан анық арылған, ес кірді жылдардың сарабынан өткен дүниелер», - дейді автор ағынан ақтарыла.
Одан ары: «Әрине, кемшілік, олқылықтары да баршылық! Егер, бұл кітаптағы архаизмге айналған сөздер біреуге артықшылық, біреуге орта ғасырдағы қазақтың қаудыр тонын қайта сүйреп келгендей әсер беріп жатса, оған да өкпе жоқ! Мен дәстүрді жаңашылдыққа қарсы қоюдан немесе «заман азды, адам тозды» деп зар қағудан аулақпын! Себебі дәстүрлі әдебиетпен жаңашыл ағымдар бір-біріне кереғар емес, қайта бірін-бірі жетекке алар егіз ұғым сынды. Әр екеуінің де өз оқырманы бар. «Бір түйенің екі өркеші, бірі кетсе күші жоқ! Бір биенің екі емшегі, бірі кетсе сүті жоқ!».
Бұл жазушы Ғалымбек Елубайдың өз шығармашылық лабораториясы туралы оқырманға айтар сыры мен жыры. Бұл шағын аңдатпадан нағыз қаламгерге тән жанкештілік пен риясыз шынайылықты аңғарамыз. Жалпы Ғалымбек Елубай прозасының негізгі миссиясы – ұмыт бола бастаған ұлттық мінездің болмысын адақтап, дағдарыстағы сананың түбіне үңілу, мәнін ашу. Қазақтың қуатты тілі арқылы өткен мен жаңаның ортасындағы айнаның шаңын сүртіп, бүгінгі ұрпақ бітімінің өзін табыуына жол нұсқау болмақ.
Енді назарларыңызға «Жүз жетінші көктем» әңгімелер жинағына жазған ақын Мұрат Шаймаранұлының алғы сөзін ұсынамыз.
Естен кетпес кейіпкерлер
Азды-көпті оқыған көркем шығармалардың ішінен алқып шығып, сенімен бірге өмір сүретін һәм сана-сезіміңе орасан ықпал ететін кейіпкерлер болады. Мен Балзактың Рафайылын, Мопассанның Лойзел ханымын, Кафканың "құбыжығын", Маркестің Әсем Ремедиосы мен Герман Мелвиллдің Квикегін (мұндай кейіпкерлер көп) ешқашанда ұмыта алмайтын шығармын. Қазақ қаламгерлерінің дүниелері өз алдына бір төбе! Сол кейіпкерлер менің ішімде тағдыр кешіп жүргендей кейде мұңайтады, кейде жұбатады, кейде әрқилы ойларға салып жанымды орасан мазалайды. Неболса да бейжай, самарқау қалдырмайды. Достоевскийдің Расколниковын сан жылдардан бері есімнен шығара алған емеспін...
Ғалымбек Елубай да маған сондайлық ерекшелігімен ұнайды. Ғалымбекті оқыған оқырман оның түрлі мінезді, тағдырлы кейіпкерлерінен қашып құтыла алмасы бек мүмкін. Оқыдың болды, нілше жұғып, жаныңның жақпарына сіңіп кетеді. Мәселен, алпыс жылдың алдында, бала кезінде туған топырағына асығын көміп кетіп бұланай асқан карттың қайта оралуы, зират кезген Ақбаланың қасіретті тағдыры, саяси қуғында жүріп құндылығын жоғалтқан сорлы Ақаш, сүйе алғаны үшін бағы жанбаған құрбандық - Айтаңсық... Айта берсек, бұл тізім ұзара береді, бәрі де тірі кейіпкерлер. Көбі арғы бетте, жазушының кіндік қаны тамған Алтай топырағындағы оқиғалар есебінде қалам ұшына ілінеді. Мұның да жөні бар! Жөні бар дейтініміз, "арғы бет" деп аталатын өлкенің тағдыр-тәлейі де өзгеше. Сан алуан алмасқан қоғамдық жүйенің салдарынан зардап шеккен ұлттың шерлі де, оқшау болмыс-бітімі талантты қаламгердің өзекті тақырыбына айналған. Осындайда еске Мигель Астуриастың "Жүгері кісілері" түседі. Мифтік сеніммен өмір кешкен аңқау да ақеділ халықтың тағдыры, таным, түсінігі, нанымы және қасіреті Ғалымбектің қаламынан туған кейіпкерлерге жақын келетін секілді. Деседе, гватемалық жазушыда мифтің реңі қанық та, Ғалымбек мифтік деталдарды әңгіменің астары мен магиясы үшін қосатын тәрізді. Ғалымбек қарапайым адамдардың бастан кешкен қилы өмірін жазу арқылы, тұтас бір дәуірдің шынайы бейнесін оқырмандарына сәтті көрсете алған. Дәл осындай шеберлікті кезінде Акутагавадан, Лу Шұннен немесе Оралханның ауыл жайлы жазған әңгімелерінен байқайтынбыз. Асыра сілтеп отыр демеңіз, біз атын атаған хас суреткерлердің "сезіну", "жеткізу", "ойға бастау" қасиеттері жас жазарман Ғалымбектен де менмұндалап тұрады. Ғалымбектің әңгімерінің көлемі шағын, "тығыздығы" жоғары. Ішіңе шым-шымдап кіреді де, сезім-түйсігіңе жайылып, есіңді еркімен жаулайды. Әңгімелері қысқа болғанымен тілі көркем, суреттеулері айшықты. Көп сөзді шығын етпей-ақ кейіпкердің жанын аша біледі.
Міне, бұл болашағынан тым зор үміт күтірер жас қаламгердің жарқын белгісі саналмақ!
Белгілі журналис Абай Балажан бүгінгі оқырман мен кітап арасындағы қатынасты тілге тиек ете келіп, Ғалымбек Елубайдың шығармашылығы туралы өз ойын былай тарқатады.
Алпысыншы-жетпісінші жылдар қазақ прозасының алтын ғасыры болғаны сөзсіз. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкеев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Бексұлтан Нұржекеев... Құдай-ау, не деген қуатты толқын! Осы таланттар қазақта емес, басқа ұлтта болғанда есімдері әлдеқашан әлемдік есімдерге айналып кетер ме еді, қайтер еді! Мешіті жоқ, молдасы санаулы заманда адамдардың жүрегіне иман егіп, нұр себезгілеген ӘДЕБИЕТ еді, бүкіл қажыр-қайратын әдебиет шаруашылығына арнаған қаламгерлер еді.
Тоқсаныншы жылдардың ортасы ауа қоғамда «кітап оқылмайды, көркем шығармалар оқылмайды» деген түсінік қалыптасты. Сол түсінік қазір де күшінде. Алайда, кітап оқылады екен, көркем проза оқылады екен. Тек біздің қалам қайраткерлері қалай оқытудың жолын іздеуі керек екен. Көлемі компьютердің парағымен екі-ақ парақ болатын әңгіме жазып, оған екі романға жүк болатын әлеуметтік-рухани проблемаларды сиғызып жіберуге болады екен. Әрине, көркемдікке қойылатын талап төмендемейді. «Жиырма бірінші ғасырда көркем әдебиет оқылмайды» деген түсініктің көбесін жас жазушы Ғалымбек Елубай бұзды. Ғалымбектер барда қазақ әдебиеті өлмейді екен, соған көз жетті.
Ғалымбек Елубай – жаңа ғасырдың жазушысы, бірақ жүрегіміз алдамаса, келесі дәуірлерде де оқырманын көбейтпесе, азайтпайтын қаламгер! Сенбесеңіз оның жазғандарын бір парақтап шығыңыз. Сонда сіз апыр-ау мынау неге сонша асып-тасып сөйлеп отыр демес едіңіз. «Ғалымбек Елубай деген соншалықты кім болыпты?!» демес едіңіз. Ол – Сіздің жазушыңыз! Өзіңізге жаңа әлем ашқыңыз келсе Ғалымбек Елубайды оқыңыз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.