Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жырау Үмбетей Тілеуұлының ерлік жырлары...

21.11.2016 9991

Жырау Үмбетей Тілеуұлының ерлік жырлары

Жырау Үмбетей Тілеуұлының ерлік жырлары - adebiportal.kz

Жырау, қобызшы Үмбетей Тiлеуұлының туғанына 310 жыл

Әйгілі жырау әрі қобызшы Үмбетей Тілеуұлының туғанына 310 жыл толып отыр. Үмбетей жырау 1706 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратау өңірінде дүниеге келді. Бұл кезең ел мен жерден айырылған жаугершілік заман еді. Үмбетей жыраудың күллі өмірі де жорықпен өтеді. Өзінің ағайыны, қазақтың аса көрнекті батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жорық жырауы, жауынгер серігі болады.

Үмбетей.jpg

Үмбетей жыраудың алуан тақырыптағы біршама туындылары біздің заманымызға жеткен. Жыраудың өнердегі де, өмірдегі де ұстазы – өз әкесі Тілеу болған екен. Үмбетей жырау қаһармандық жырларды, аңыздар мен шешендік сөздерді жетік меңгерген даңғыл көкірек ақын әрі шежіреші, халық музыкасын жақсы меңгерген қобызшы, сонымен бірге сәуегей абыз адам болғандығы туралы көптеген деректерде айтылады.

Үмбетей Тілеуұлы – дидактикалық поэзияның шебері. Оның толғауларынан сырт жаулармен күресте аты шыққан батырлар жайлы көптеген деректерді табуға болады. Сол заманның қайраткерлері, саяси оқиғалары жайлы мол мәліметті болуымен құнды Үмбетей жырларының бірі – «Бөгенбай өліміне»:

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгенбай!

Қолтығы ала бұғының

Пәйкесіндей Бөгенбай!

Жалаңқия жерлерден

Жазбай түсіп түлкі алған

Білегі жуан бүркіттің

Тегеурініндей Бөгенбай!

Бұл жыр Бөгенбай өліміне арналды дегенімізбен, біз бұл өлеңнің мазмұнына қарап, өлген адам емес, тірі адамға арналған деп жорамалдаймыз.

Жыраулар күнделікті өмір күйбеңін, адамдардың мінез-құлқын жырлай бермейді. Оларға асқақ романтика тән. Осы тұрғыдан алғанда Үмбетей жырау өлеңдерінде біз өмірдегі адам мінезіне қатысты жағдайлар көрініс тапқан алғашқы жырау деп білеміз. Бөгенбай батырдың ақылшы серігі бола жүріп, қажеті болғанда өзге жырауларға, тіпті Абылай ханға да қажет болса ойын ірікпей айтып, сөзін өткізе алған батыл адам болғанын жырларынан аңғарамыз.

Жас күніңде, Абылай,

Үргеніштен мұнда кеп,

Сарыарқаны жерім деп,

Қалың қазақ елім деп,

Келмеп пе едің жаяулай?

Төле биді тапқанда,

Күндіз түйе баққанда,

Жалғызбын деп шошымай,

Еш малшыға қосылмай,

Қара жерге отырмай,

Күпіңді салып астыңа,

Жең жастанып басыңа,

Қол-аяғың төрт жақта,

Жатушы едің сол шақта,

Ұмыттың ба соны, Абылай?!

Жыраудың өлең-жырларын артында қалған ұрпақтары және Аманжол Әлжанұлы секілді ақындар ауызба-ауыз айтып күні бүгінге дейін жеткізген. Аманжол Әлжанұлы Үмбетей мұраларын қағазға түсіріп, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырғанын және «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жыраудың жинастырған өлеңдері берілгенін атап айтуға болады.

Үмбетей қолбасшыларды, хандарды, би-сұлтандарды халықтың пайдасы үшін жаман мінезден арылуға байланысты сынап, әділ пікірлерді тілге тиек еткен. Оның жыраулық қабілеті, әсіресе жоқтау түрінде екенін айдан-анық көруге болады. Мысалы, “Бөгембай қазасын Абылай ханға естіртуі” жырында Бөгембай батырдың өлімі арқылы Абылай ханға жеткізіп, естірту “жанайқайын” байқауға болады. Жалпы Үмбетейдің толғауларында сыни көзбен қарау ұстанымдары орын алады.

Өлең жолдары естірту стилінде жазылған. Абылай ханға қарата айтылған өлеңнің құрылымы эмоцияға, экспрессияға толы. Ханға арналған сөздер бұйыру, тілек тілеу, жұбату мағынасын білдіріп отырғанын көреміз. Қазақ поэзиясында ең көп қолданылатын қара өлең ұйқас түрін байқауға болады.

Ей, Абылай, Абылай,

Абылай ханым, бұл қалай?

Бұл қалайдан сескеніп,

Сөзімді қойма тыңдамай.

Талай істер басыңнан

Өтіп еді-ау жасыңнан

Қиын, қызық әрбір жай.

Мәтінде Орта Азия аумағындағы ескі қалалардың атаулары да аталып кеткенін көруге болады.

Сондай-ақ, адам есімдерін, оның ішінде, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Баба түкті Шашты Әзіз, Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай т.б есімдерді кездестіруге болады.

Жиырма жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда,

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда,

Қанжығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айғайлап,

Абылайлап шапқанда...

Ұмыттың ба соны, Абылай?!

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан,

Қашпаған қандай ұрыстан

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай –

Абылай, сенің тұсыңда

Сол бесеуі болыпты-ай!

Өлеңнің соңғы жолдарында ханға жұмсақ тілмен сабырға келуін, жақсы тілек, ниеттер тілеп жатқанын аңғарып отырмыз. Бұқар жыраудың өлеңдерінің көбісі толғау түрінде жырланады. Аталмыш өлеңнің құрылысы да толғауға ұқсас екені айқын байқалады.

Жыламай тыңда, Абылай!

Жараға жақсы қасқарар,

Ойбайлап жаман бас салар.

Көріспей айтты демеңіз,

Осы еді біздің келген жай.

Көзіңнің жасын тыя көр,

Жақсылық бата қыла көр.

Тағы да талай бақ берсін,

Балаңа алтын тақ берсін,

Бөгенбайдай жас берсін,

Өлшеусіз мал мен бас берсін!

Бөгенбай сынды батырдың

Береке берсін артына-ай,

Сабыр берсін халқына-ай.

Жасаған ие жар болып,

Бейіште нұры шалқығай!

Шежіреге сүйенсек, жырау арғын қанжығалы ішінде жолымбет руынан тарайды. Үмбетей жыраудан төрт ұл дүниеге келген: Әтебек, Батырбек, Белденжана, Боқан. Белденжанасынан – Бұйра, Бұйрадан – Жүзбай, Жүзбайдан – Кәрісмағұл, Кәрісмағұлдан – Атай, Атайдан – Жеңіс, Мэлс, Қуат туады. Үмбетей жыраудың ұрпақтары негізінен Ерейментау ауданының Шәкей ауылында тұрады.

1778 жылы қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданы жерінде дүниеден өткен Үмбетей шығармашылығы – бүгінгі жас буынды патриоттыққа баулитын, халықтың рухын көтеретін отты жырлар екендігіне дау жоқ.

Қазіргі таңда Ерейментауда Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйі халыққа қызмет етуде. Онда қалалық және аудандық мектептер мен мекемелердің іс-шаралары мен шығармашылық байқаулары өткізіліп, жырау атындағы мәдениет үйі халықтың игілігіне жұмыс істеп келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар