Құрманбай Толыбаев 1926 жылы 14 наурызда Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Балалық және жастық шағын Құлжа қаласында өткізген. 1948 жылдан газет жұмысына араласып, 1955 жылға дейін Құлжа қаласында қазақ тілінде шығып тұрған газеттер мен журналдарда жұмыс істеген. Сол кездің өзінде өлең, әңгіме, очерктер мен мақалалары арқылы таныла бастаған.
1955 жылы туған жеріне оралған соң баспа орындарында жұмыс істеген. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. “Қазақстан пионері”, “Балдырған” газет-журналдарында ұзақ жылдар тұрақты қызмет істеген. Қ.Толыбаев туысқан халықтар жазушылары мен ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударуға да белсене араласқан. К.Паустовский, А.Барто, А.Алексин, С.Алексеев, М.Зверев, Ж. Мұсаның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Ең алғаш 1969 жылы “Ай күледі” өлеңдер жинағы, 1970 жылы “Қайдасың досым?” повесі , 1974 жылы “Шырын” өлеңдер жинағы, 1984 жылы “Шапақ” бір томдық шығармалар жинағы жарық көрген.
Қ.Толыбаевтың “Әсет” атты романы 1995 жылы “Жалын” баспасынан шыққан. Бұл роман бірнеше бөлімнен тұрады. Романда Әсет Найманбаев туғаннан қайтыс болғанға дейінгі кезеңі түгел қамтылмайды. Бірінші “Жалғыз ағаш” бөлімінде елге атағы мен аты танылған Әсет өмірінің бір кезеңін ғана суреттеуден басталады. Әсеттің әдейлеп іздеп келіп, ат басын тіреген үйі Тұрысбектің отауы болады. Тұрысбектің жары Зияш та зор ілтипатпен қарсы алады.
Бұл бөлімде бүкіл Қытайды қуырып, үш жүз жылға жуық билеп-төстеген Манжу империясының шет өлкедегі әкімдерінің тежеусіз кеткені соншалық, қазаққа тізгін қақтырмай қоқиланып, қорлауға көшкені, сол елдің азаматы Демежанның дарға асылуы әңгіме болады. “Пәле-жала” бөлімінде Әсетті жол үстінде Манжудың әкімі атын тартып алып, түрмеге жабуды бұйырады. “Адамдардың мұңы бір” бөлімінде Әсеттің түрмеден тамыздың соңғы күндерінде Қайдар деген қазақ жігітімен танысып, тар қапастан шығуына осы Қайдар себепкер болады. Түрмеден шығып келе жатқанда Елебек деген бозбалаға кезігіп, Дорбілжінге жеткізіп салады. Кішкене қалашықтағы Наубайшының үйіне түседі. Наубайшының аты – Тоқтыдан жұмыс тауып беруін өтінеді. Сануазы деген орта қазанды дүнген шаруасының қолына кіріп, көктемге дейін жалданып, жабағы жүні әлі түсіп бітпеген құнанды мініп, еліне қайтуды армандаған Әсет жолға шығады. “Жолаушы” бөлімінде Әсеттің елге қайтып келе жатқандағы басынан кешкен оқиғалары тізбектеледі. Жолда келе жатып өткен күндерін есіне түсіріп, қиялға шомып, жүрегі алқымына тығылған тұсын қаламгер шебер суреттеген: “... Қоянды жәрмеңкесінде орақ тілді, арқалы ақын, талғамы терең, тапқыр қыз Ырысжанмен айтысып, топты жарған Әсеттің де оң мен солға атағы жайылған. Өлеңге әуес елдің құрметіне бөленген. Содан кейін өлеңге біржола беріліп, ауыл – аймағын шаттандырды. Той- думанның төріне шықты. Аузынан өзгеше сарындардың әуені өрбіді. Даусы да құстай әуеледі. Өрісі де кеңейе бастады. Бір жолы Семейге бара қалып еді, ақындар мен әнші – күйшілердің ортасына түсті де кетті”, - деген жолдардан өткен күннің жылы шуағы мен сол сәттегі ақын бойындағы суық сезім суреттері қатарласа алынған.
«Әсет пен Ырысжанның айтысы - әлеуметтік мазмұнды жұмбақ айтыстардың көркем үлгілерінің бірі. Шамамен 1885 жылы Қоянды жәрмеңкесінде өткен. Мұнда халықтың азапты өмірі мен ел билеушілердің бұқараға жасаған зорлық – зомбылығы әсерлі сипатталады. Жұмбақты бастан – аяқ Ырысжан айтады да, Әсет қолма – қол шешіп отырады». Осы тарихи деректерді жазушы асқақ философиялық сыр айтуға ұтымды пайдаланған.
«Ауыл таңы» бөлімінде түрмеден шыққан Әсет Мұқатай үйіне қонып, ауылды сағына аңсап келген беті, ақын - әншінің ішкі жан- дүниесі, дүниетанымына сәйкес мәнері ерекше сақталған. Атағына бас ұрған , дидарын көруді аңсаған елге Әсет өзі екенін жайып салғандағы Мұқатайдың ықыласы мен кең құшағы Әсетті қатты тебірентеді. Ақын бұл ауылдың өрелі жасы Мұқатаймен, оның әкесі Дәулеткелдінің інісі Қабимен танысып, қонақасына мал бауыздар алдында Әсеттен бата сұраған Мұқатайға өз ниетін ашық жариялап тақпақтай жөнелген тұсы романда сенімді баяндалады. Бұл жерде автор Әсет Найманбаев шығармашылығы суырып салмалық өнер табиғатының заңдылықтарына сәйкес туып отырғандығын ескергені көрініп тұр. Осы үйде «Кертолғау» деген құлақ күйін нақышына келтіре орындап, халықтың құлақ құрышын қандырады.
«Шалқыған ән» бөлімінде де Қаби ақсақал мен Әсет жұбын жазбай, Әсет жан азабынан арылып, көңілі қалпына түскен кезеңін суреттейді. «Құтты қонақ қонса, қойың егізден табады» дегендей Қаби ақсақалдың келіні ұл тапқанын жақсы ырымға балаған шал немересінің атын Әсет қойып, Әсетке шілдехананың туын өзің көтер деп қолқалайды. Бұл бөлімде Қайыр мен Қамиланың махаббаты мен азаматтықтары туралы да әңгіме болады. Осы бөлімде Әсеттің атақты әні « Інжу – маржан» өз сәнімен орындалады. « Інжу- маржан »- ән өнерінің үздік үлгісі екенінде дау жоқ. Осы ән туралы А. Жұбанов: «... Оның халық арасына көп тараған, балаға дейін білетін «Әсет» атанып кеткен әні Әсет шығармашылығының шыңы десе болады» - деп жоғары баға берілді.
«Қасірет түбі – сергелдең» бөлімінде Әсет Қаби ауылымен қоштасып, жолға шығады. Жолда Меркіт еліне тоқтап, сыйлы қариясы Шерубаймен танысады. Әсет Лепсіде ұзақ жатпай, Алакөлге асығады. Өзін жолға шығарып салған Жәмішке қайтып оралуға уәде берген. Көңілі жақын жігіттермен басын қосып, арнайы кеңесіп, жолға шығып келе жатқанда, жолаушылардан Күзембайдың қызы Жәміш тойынан келе жатқанын естиді. Ақыннан еш хабар- ошар болмаған соң қыз Танабай баласына кете барады. Осы бөлімде «Қаракөзді» айтады. «Жаңғырық» бөлімінде негізгі қаһарманның қиын тағдырын табиғаттың күштерімен тоғыстыра суреттейді. Бұл романда бір байқалатын жайт – табиғат қаһарман көңіл-күйі, адам жанындағы өзгерістерге сай қабысып отырады. Осы бөлімде Қайыр мен Қамила қосылып, Үрімшіге қашады. Әсет «Салиха – Сәмен» дастанын оқып, аз күннің өзінде қолдан – қолға көшіп, жатталып кетеді.
«Қайтар жолда» басына қиындық түскенде қол ұшын берген Тоқты мен Сунуазыға Әсет арнайы барып, ақ тілек жаудырып қоштасады. «Ой, дүние-ай» бөлімінде Әсет Сауыр елін аралап, Еміл өңіріне қайтып оралғанда елінің босқынға ұшырағанын білді. Содан ауыл ақсақалы Қауменге жолығып, келесі күні жолға шығады. Жолдан Әріп ақынды ертіп, Арасан өңіріне елді аралауға аттанады. Өзінің бала күннен бірге өскен досы Омардың үйіне қонады. Осы бөлімде «Қоңыр қаз» әніне басып, сағынышы бал боп тамған Әсет әлі де елге бергенін азырқанып, бар дүниесіне қанағат тұтпайтынын сезінеді. «Құлжадағы көріністер» бөлімінде Әсет жол-жөнекей ауылдарға соғып, Дөшеттің үйінде болып, Әбіш деген өнерлі соқыр баламен танысып, Шөже ақынның жайын әңгімелеп береді. «Сеңгір таулар», «Хантәңірден ескен самал», «Соқпақтар» бөлімдерінде де жазушы Ә. Найманбаевтың Біржан сал, Ақан серіден кейін Арқа әндерінің дәстүрін жалғастырып, дамытқан ақын-әнші екенін нақты дәлелдер келтіріп, «Мақпал», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Майда қоңыр», «Гауһар қыз», «Әпитөк» әндерін орындату үстінде өнеге- нышан тұтатын адамдардың сипатын дәріптей ашып, оза шабатын тарландығына таңдана тамсантады.
«Көрген түстей сәттер-ай» бөлімінде Әсеттің мазасын бір дімкәстік ала беретінін сезінеді. Қадырихан Әсет аузынан біраз өлеңдерін жазып алып қалады. Үйсіз-күйсіз аяулы азаматын ардақтап, ақтық сапарына шығарып салуды қалың ел өз борышы санап, жаназасын айт намазымен бірге оқиды.
«Әсет» романында жазушы Қ. Толыбаев Әсет лирикасына тән қасиеттерді шынайы аша білген. Ақын замана шындығын шынайы суреттеу, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды айқын да көркем жеткізе білгендігін жан-жақты қамтыған. Романның өн бойынан байқалатын құндылық – ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелеп, халқының басындағы ауыр тағдырға күйзеле отырып, өзінің ақындық шеберлігін, азаматтық үнін көрсетуді мақсат тұтқан.
Әсет Арқаның әндерін бүкіл Жетісу, Тарбағатай, Алтайға жайған жалынды насихатшысы бола білгендігін жазушы айрықша көрсетуге тырысқан. Бірақ Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнерінің одан әрі дамуына кейбір әлеуметтік жағдайлар кері әсерін тигізгенін тарихтан білеміз.
Романның соңында Әсеттің елге жетуді ұлы мақсат еткенін тілге тиек етеді. 1922 жылы Қытайдың Құлжа қаласында 22 – ші наурызда қайтыс болған Әсет Найманбаев ерте жетім қалып, жоқшылықтың зардабын көп тартады. Байлық өнер мен білімде деп таныған Әсет көп ақынға ой тереңдігімен, дүниетанымымен дес бермеген. 1916 жылы патша жарлығына байланысты дүрліккен елмен бірге Әсет те Қытайға өтіп кетеді де, қайта оралуды қанша армандағанымен, қайта алмайды.
Қ. Толыбаевтың «Әсет» романы Әсет Найманбаевтың бейнесін қоғам, уақыт шындығымен байланыстыра бейнелеген шығарма. Романның басты қаһарманы Әсетті жан тазалығы, ой – қиял асқақтығы, қайтпас сенім жалыны бар өнер тарланы ретінде сомдаған деуге болады. Сонымен бірге бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылдарындағы тіршілік тынысын да жап- жақсы көрсеткен туынды.