Есенжол Домбаев 1938 жылы 2 мамырда Гурьев облысы Индер ауданы Шолақ Шағыл деген жерде дүниеге келген. 1961 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген. Республикалық қуыршақ театры директорының орынбасары, «Ара- Шмель» журналының фельетонисі, ”Қазахфильм” киностудиясында аға редактор қызметтерін атқарған. Жұмыс жасай жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде, Алматы ауылшаруашылық институтының агрономдық факультетінде сырттай оқыған. Е.Домбаевтың шығармашылық жолы 1950-ші жылдардың аяқ шенінен басталады. 1957 жылы Әліби Жангелдиннің қызметі туралы «Алғашқы сабақ» атты бір актылы драмасы қойылады. Оннан астам бір актылы пьесалары, скечтері облыстық, республикалық театрларда қойылған.
Н.Гогольдің «Мұрын»повесін, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романын, түрік сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелерін қазақ оқырмандары Е.Домбаев аудармасында оқыды. 1965 жылы «Болмаған оқиға» сатиралық повесі, 1967 жылы «Ол осындай адам» әзіл әңгімелер жинағы, 1967 жылы «Ғашықтық туралы мың бірінші баллада» сатиралық повесі, 1977 жылы «Менің бауырларым» повестер мен әңгімелер жинағы, 1980 жылы «Жаман Жәутік» романы жарыққа шығып, оқырман көңлінен шыққан. Автор бұл тұңғыш романында қалың елден шалғай жатқан құм қазақтарының Қазан революциясы қарсаңындағы бейқам, марғау тіршілігін кеңінен суреттеген. Сол жадағай тіршілікке күн сәулесіндей сызаттап еніп, жалшы Жәутіктердің көңілін елеңдетіп, еңсесін көтеріп келе жатқан үлкен дүрбелеңнің дүмпу лебі бұл романда елес береді. Роман кісіні езу тартқызып отырады. Сонымен қатар бұл шығарма юморлы жатық тілмен тартымды жазылған деуге болады.
«Жаман Жәутік» романының басты кейіпкерлері: Жәутік, Паңгерей, Нұралы бай, бәйбішесі-Күміс, Смағұл, әйелі-Зағида, Зағиданың әкесі-Мұса, Паңгерей мен Смағұлдың әкесі – Жантуар, Аққисым, әйелі-Күнсая, тоқалы – Балымзия, Қатира Жәутіктің көңілдесі, ол он баламен жесір қалған Дүйсенбайдың ағайындарының әйелі.
Бұл романның негізгі оқиғасы ХХ ғасыр басындағы шалғайдағы қазақ аулының әлеуметтік ортасы, сол кезеңдегі адамдардың түсінік-нанымы мен мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Құмдағы қазақ аулының малшысы «большевик»деген сөзді естігенде, көңілінде желік пайда болып, қу жақ билерше суырылып ала жөнелетіні , әуелі бір-екі рет тамағын кенеп алатын әдеті ирония аралас юмормен қызықты суреттеледі. Мысалы, Паңгерей мен Жәутік арасындағы мына бір диалогтың тілі жатық, шындықты обьективті тұрғыдан пайымдау міндетін атқарып тұр деуге болады:
« - Анада осында қазақтың «қан жауғыр» деген мақалы расқа шығып, аспаннан қан жауды ғой. Соған Әйіп қажы ас беріп жатыр.
-А?!
Паңгерей орнынан қалай тұрғанын өзі де білмей қалды. Жәутік үндемеді.
-Аспаннан қан жауды? Әй,мүмкін, аспаннан тағы бірдеңелер жауған болар?
-Ақша жауды.
-Ақша?
-Жәутік тағы үндемеді.
-Сосын не жауды?
-Тасбақа жауды.
-Сосын не жауды?!
-Ылғи су жаңа калоштар жауды.
-Мүмкін,сенің аталарыңның бастары да жауған шығар?!
-Олар жауған жоқ .
Бұл үзіндідегі диалогта автор характерлерді ашуға үлкен мән берген сияқты.
Паңгерей Жәутікке сұрақ қоя отырып, оның кез-келген өтірігіне сеніп жүрген аңқау ел сияқты өзі де осы малшының сөзіне нанады. Осы диалог заман көрінісінен хабар береді. «Қарашекпен» деген сөз шықса Жәутік қу жақ билерше суырылып ала жөнеледі. Қарашекпен деген ханның Бәлшебек және Меншебек деген балаларының қалай екіге бөлінгенін ертегідей қылып айта келіп, Бәлшебектің ниеті жақсы, қара халықтың қамын ойлайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғызады екен деп бірақ тоқтайды. Осы тұстан тағы бір байқалатын құбылыс қарапайым ауылдағы халықтың ірі жаңалыққа талпыныс сыры және сол жаңалықты анық түсінбей отырғандығы ирониялық сарынмен беріледі.
«Жаман Жәутік» романындағы Паңгерей бейнесінің мінездемесін суреттегенде көпқырлы қасиеттерімен қатар сол заман адамдарының бейқамдығын, қалың елдің әлі де ұйқыда отырғандығын, кейіпкердің кейбір олқы мінездеріне амалсыз күлуге тура келеді. Қырықтың қырқасына аяқ салуына екі-үш жыл қалған Паңгерейдің өмір сүру принципін былай суреттейді:
«Паңгерей ел аралайды, қыдырады, болса көзір ойнайды, болмаса Зеленый, Өрлік, Андрей, Кірілшік, Аққала сияқты селоларға кетіп, айлап жоғалады. Бірде алады, бірде береді. Бірде қорасымен айдап келеді, бірде қорасымен айдап береді. Жалғыз өзгеріс: екі самайы ерте ағарып, ашушаң болып бара жатты. Қаралығы болмаса, қайратына сымбаты сай, қайыс қара Паңгерей ауылына айында, аптасында бір соғып жүре береді. Бұл бүйтіп жүргенде, құрдастары ғана емес, өзінен кішілер де үйлі-боранды болып жатты». Паңгерейдің бар іс-қылығы түсініксіз пенде болмаса да, ақылы мен айласы әрқашан теңдесе бермейтін, билік тізгінін де еркін ұстай аламайтын, табиғатынан зерек болғанымен қылмысын жақсылыққа балап көпшілікке көрсете алмайтын бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Паңгерейді әрбір әрекетімен сол заман талабынан туған әлеуметтік тұлға ретінде көрсете білген деуге болады.
«Ай сүттей жарық еді. Ауық- ауық жаздың салқын самалы соғады. Әдетте қайбір кез самал боп ыстық леп есетін. Мынау самалдың ар жағында ызғар бардай. Аққисым: «Таразыда таң суиды, сүмбіледе су суиды деген осы екен-ау,- деп ойлады. Құс жолы да шалғайда. Жұлдыздар да сирек. Кенет есіне Күнсая түсті. Кемпірін де сағынып қалғандай көрінді. Оған әлі бес- алты күнсіз жету жоқ-ау,- деп бір қойды. Басын көтеріп анадай жерде бөлек төселген ақ текеметте жатқан Балымзияға қарап еді, ұйықтап кеткен екен. Жә, енді бастайын, көніп жатса Күнсаяның қиқуы үйреншікті қиқу ғой, -деп тамағын кенеп қалды». Бұл пейзажда ұлттық ойлау үлгісі зор нанымдылықпен суреттелген. Табиғаттың адам жанына әсері, қаһарманның тілек – мұратымен астарласа берілуі сенімді. Аққисым Балымзияға қатты жаны ашығансып отырып, ен далада иесіз қыстаулар ішінде қалған жалғыз әйелді алдамсыратып, соңында екі жарты бір бүтін болуды ұсынады. Ертесіне тек Балымзиядан ғана емес, ақ сиырдан да ерік кеткені байқалады. Үш- төрт күнде Аққисым үйіне жақындаған кездегі көңіл-күйін жазушы шебер суреттеген, әсіресе , Күнсаяның жүрегіндегі тентек бұлқыныстар езу тартқызса, бір жағынан Аққисымның пендешілігіне іштей қынжыласың.
Аққисымның пенделік санасыздығына, дүниеқоңыздығы мен есерлігі, күйгелектігі, пәле-жала таянғанда тайқып шыға келетін сырғанақтығы нақты іс-әрекеттер үстінде көрсетіліп оқушыны сендіре баяндалады.
«Жаман Жәутік» романының қысқаша мазмұны мынадай:
Нұралы байдың аталасы- Жантуардың екі ұлы- Паңгерей қырық жасқа дейін үйленбеген сүр бойдақ, Смағұлы- молдалық оқу оқып жүрген баласы.
Әйіп қажы аспаннан қан жауғанына садақа беріп, бүкіл ел жиналады. Тек Жәутік қана қой соңынан босай алмай бармайды. Жәутіктің Бәлшебек пен Меншебек туралы ертегісі бүкіл елге тарап, жұрттың көңілін елеңдетіп, бір өзгеріс болатынына қарапайым халықты иландыра бастайды.
Паңгерей жасынан Сарымсақ болыстың жанына еріп жүріп, бір күні Сарымсақтың кіші әйелін картадан ұтып, үйіне ертіп келеді. Мұны естіген Жантуар Паңгерейді жазғырып, мырзаның кіші әйелін қайтарып бергізеді.
Паңгерей Жаманқала түбіндегі Топайылда екі кластық орыс мектебінде оқып жүргенде Саша деген орыс баласымен төбелесіп,артынан дос болады. Карта ойнауды осы орыстардан үйренген Паңгерей Саша екеуі жас орыстың көпесін карта ойнатып, біраз ақшасын ұтып алып, түрмеде үш күн жатып шығады. Паңгерейдің әйел алмайтынына көзі жеткен әкесі еншісін беріп, бөлек шығарады. Оған қалың ел күледі.
Көрші ауылдағы Мұсаның қызы Зағиданы кіші ұлы Смағұлға Жантуар алып беріп, келінді болады.
Жәутік кішкентай ауылға «Бәлшебек кәртөжнік» деген сөз таратып Паңгерей Бәлшебекті іздеп шығады. Көрші ауылдың малын ұрлап қайтып келе жатқанда Отто Брессер деген неміс кездеседі. Оттоның мінген атын түнде қасқыр жеп, өзі жаяу қалған екен. Паңкерей бірінші рет большевиктің партия аты екенін осы Оттодан естиді. Партия дегеннің не екенін де осы Оттодан қанығады. Астындағы атын неміске беріп, ұрланған сиырларды айдап келе жатқанда алдынан Егор мен тағы бір казак шығып, олар осы жоғалған малды іздеп келе жатқанын айтады. Паңгерей Жәутік сөзіне сеніп, большевикті іздегеніне іштей намыстанады. Отто Олег Борисовичтің большевик екенін Егор досынан біледі.
Жәутік сөзіне сенген арызқой Аққисым да он тоғыз күн жол жүріп Бәлшебекті іздейді. Бәлшебектің жарлы жағында екенін Бесоба елінен біледі. Бірақ жолда саппен келе жатқан әскерге тап болып, ішіндегі генерал сапты тоқтатып, Аққисыммен сөйлесіп, оның большевик туралы хабарын естіп, Аққисымды солдаттар соққыға жығып, астындағы өгізін өлтіріп кетеді. Тірі қалған ол мола басына түнеп, Серікбай көкесіне жолығып, аулына қарай бет алып, жолда «Тана тумақ» деген ауылдағы жалғыз үйге тоқтайды. Онда күйеуінің өлгеніне үш жыл болған Балымзия Аққисымды емдеп, оны тоқалдыққа алып аулына қайтады.
Смағұл үйіне шай ішуге келген Жәутікке қатын алғанның жақсы екенін түсіндіріп, Қатира жеңгесімен табыстыруға уәде береді. Жәутік Смағұл зорлауымен Қатираның қойнына барғаны үшін көк тұсағын Смағұлға беруге мәжбүр болады. Смағұл шешесі Бағила кемпір қайтарып жібереді. Жәутік Дүйсенбай мырзадан Қатираға бір қой бергені үшін де таяқ жейді. Бірақ оны ”Бәлшебек сабап кетті” деген өсек таратады.
Нұралы Керімбет байдың күйеу баласы. Қызы Күмісті ағайының төрт көзі түгелде той жасап, Нұралыға күйеуге беріп, бөлек отау етіп шығарады. Екеуінде перзент болмағасын, Күміс тоқал алып беруді ұйғарды. Көп уақыт өткеннен кейін Күміс Дүйсембай деген ұлын, емшек сүтімен Балзияны көтерді.
Сол кездегі Ресейдегі қос өкімет қазақтың қырдағы ауылдарына да өз әсерін тигізгенін романнан кеңінен көрінеді. Нұралы бай ауылына инициативная группа келіп, байды орнынан түсіріп, Саналиевті сабаған осы Нұралы болысының оқиғасы екенін айтады. Ал Нұралы болса бар малын келесі болыстың ауылына айдап жіберуді ұйғарады.
Паңгерей соңғы кездері көзіршілерді өз отауына әкеліп, карта ойнайтын болады. Осыдан кейін Жантуардың үйінде екі қойшы ұсталып, үш-төрт пішенші жалданатын болады.
Зағиданың бірге өскен құрбысы Хұснихатты көріп, Паңгерейге алып беруді ұйғарады. Екеуі соңында үйленеді.
Аққисым Бәлшебек іздеп шыққанда алып келген тоқалы Балымзияға Күнсая күн бермей, Серікбай ақсақалды шақырып, ажырасатынын айтады. Серікбай ақсақал үзеңгілес жолдастарымен ақылдасып, Балымзияны қосып қасына көшіріп алады.
Романның соңғы тарауында қырдағы ауылға совдеп өкілдері келіп, жер байлығы, су байлығы, мал байлығы бәрімізге ортақ деген ұран тастап, кедей-кепшікті жината бастайды. Сол маңайдағы Нұралы, Сарымсақ, Мәметәлі, Қошқарғали, Қара Есжан, Ізбас, Әбілен сияқты алпауыттардан кедей шаруаның еңбектерінен сорып тапқан малын, дүниесін тартып алу керектігін, келген өкілдер халыққа түсіндіреді. Сонда большевиктердің аузына түскен адамның аты – Жәутік болады. Ұлы мәжіліске Жәутік арнайы алынады. Роман Жәутіктің «Бәлшебегін» көруге асығып келе жатқан сәтімен аяқталады.
Автор бұл романда құмдағы қазақ аулына қоғамда болып жатқан өзгерістердің жету жолын, ауылдағы ғұрып-салттың өрнектерін, замана лебі туралы ой-толғамдарын басты кейіпкер – Жәутіктің ұғымы, жан дүниесі, тұрмысы төңірегіне сайып, шебер суреттей білген деуге болады. Жәутік бейнесі юморлық астармен беріле отырып, өмірдегі табиғи мінезін аша түскен. Романда Жәутік пен Қатира арасындағы қарым-қатынас, сезім мен сыйластық, он баламен жесір қалған әйелдің өз ажарына лайық әдебі, эмоционалдық толқу мезеттерін суреттеуге де мол орын берілген.
«Жаман Жәутік» романында сол замандағы қазақ халқының өмірін суреттеуде елдің наным-сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілген. Әрбір үйдегі тіршілік дағдыларын, әрбір кейіпкердің рухани өміріне терең бойлау арқылы бере білген. Мысалы: Жантуар отауындағы Паңгерей, Смағұл, Бағила, Зағида, Нұралы әулетіндегі Күміс, Дүйсебай, Балзиялар, кедей қойшы Жәутік, жесір, он балалы Қатираларға дейін жіті назар сала, арнайы тоқталып, әрбір әрекет үстіндегі істерінің түп-тамырын табуға, осы образдардың толыққанды сипатын ашуға күш салған деуге болады.