Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
С
Сұраған Рахметұлы

Сұраған Рахметұлы

Сұраған Рахмет  – шетелдегі қазақ ақыны. Журналист. 1958 жылы 22 қазанда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Дэлүүн өлкесі, Қарасу деген жерде дүниеге келген. 
Әкесі (ұлы атасы) Рахмет Аңқабайұлы /1900-1961/. Кіші әкесі – Сиыршыбай Рахметұлы. Әжесі – Әштәри Сәріпқызы Өр Алтайда туған, әйгілі айтыскер. Кіші шешесі – Тоқталған Смағұлқызы, Молқы-Машан рулы. 
Әскери мектепте, және Қорғаныс министрлігінің қасындағы Әскери саяси университетті тарих, философия мұғалімі мамандығымен, Моңғолияның Мемлекеттік Басқару академиясын – мемлекеттік менежер мамандығы бойынша бітірген. Моңғолия Журналистер Одағының, Моңғолия Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Тарихшылар қоғамының мүшесі. 
«Жұлдыздың лағыл елесі»(2000), «Ақ  тегершік»(2001), «Өрен жүйріктің сілекейі»(2006), «Түске оранған күз»(2011), «Көгілдір шабыт» (2011) жыр жинақтарының, «Құжырты құрбандары»(2004), «Қобдаға асқан қоңыр ел»(2014) тарихи-монографиялық кітаптарының авторы. Ақынның бірсыпыра өлеңдері шетел тілдеріне аударылған. Ол Бавуугийн Лхагвасүрэн «Үр могой» /Іштен шыққан шұбар жылан/, Гунаажавын Аюурзана, Тангадын Галсан, Банзрагчийн Цогзаяабаатар қатарлылардың өлеңдерін қазақ тіліне;
Қытайдың Ли Бай (Li Bo 701-762), Ван Вэй /701-706/, Ду-Фу /712-770/, Жапонияның Баше (Basho 1644-1694), Доки Зэнмаро, сондай-ақ Франц Кафканың (Franz Kafka 1883-1924) «Будан» қатарлы әңгімелері, Шарль Бодлер (Sharles Bodelaire 1821-1867), Стефан Маллерма (Stephane Mallerma 1842-1898), Пол Верлен (Paul Verline 1844-1896), Артюр Рэмво (Arthur Rimbaud 1854-1891), Гийом Апполинер (Guillaume Apollinaire 1880-1918), Роберт Лауэлль(Robert Lowell 1917-1977), Томас Стериз Элиот (T.S.Eliot 1888-1965), Эмили Дикинсон (Emily Elizabeth Dickinson 1830-1886), Ульям Батлер Иейтс (W.B.Veats 1865-1939), Роберт Ли Фрост (Robert Frost 1874-1963), Уоллс Стивенс (Wallace Stevens 1879-1955), Эзра Паунд (Ezra Paund 1882-1972) шығармаларынан тәржімалаған. 
1980-1990 Халық армиясында қызметте, 1990 жылдан 1992 жылдары Баян-Өлгей аймақтық Жастар Ерікті одағында хатшы, «Темірқазық» газетінің бас редакторы, 1992-1996 жылдары аймақтық Қазақ радиосында редактор-тілші, 1996-2000 Аймақ Әкімінің Іс Басқармасының бастығы, 2000-2005 Моңғолия Қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы, 2005 жылдан аймақтық Бұқаралық Ақпарат құралдарының директоры, Жаңа дәуір газеті, «Шұғыла» журналының директоры. Моңғолия қазақтарының «Қазақ этнос» клубының төрағасы. 
Қазақстанда «Шығыс шынары» мүшайраның 1 орын иегері. Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Моңғолия Жазушылар Одағы сыйлығының иегері. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Моңғолия мен Қытайды мекендеген қазақтардың саяси өмір тарихы» (2009) тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаттығын қорғаған. 
Моңғол, қазақ тілде жазады. Тарихи, публицистикалық мақалалары республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрған қаламгер. Жұбайы -  Раушан Базарханқызы орыс тіл пәнінің мұғалімі. Ұлы – Олжас Сұрағанұлы (1991 жылы туған) Ресейдің тұңғыш президенті Б.Н.Ельцин атындағы «Уралский Федеральный Университет»-ін құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген. 
 
 
 

Көп оқылғандар