Бес кітаптың тұсауы кесілді
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) – жыл сайын шетелдегі қазақ авторларының әдеби, тарихи және ғылыми еңбектерін «Ұлы Дала» жобасы бойынша Қазақстанда шығарып келе жатыр. Қандас қаламгерлер мен ғалымдардың шығармашылық мұрасын отандық оқырман қауымға таныстыруға бағытталған бұл жоба биыл да жалғасын тапты.
20 қараша күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Конституция залында «Ұлы Дала» сериясы аясында жарық көрген бес кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) – жыл сайын шетелдегі қазақ авторларының әдеби, тарихи және ғылыми еңбектерін «Ұлы Дала» жобасы бойынша Қазақстанда шығарып келе жатыр. Қандас қаламгерлер мен ғалымдардың шығармашылық мұрасын отандық оқырман қауымға таныстыруға бағытталған бұл жоба биыл да жалғасын тапты.

Іс-шара барысында жаңа басылымдар таныстырылып, олардың әдеби, тарихи және ғылыми маңызы жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Тұсаукесер рәсіміне кітап авторлары, қаламгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алғаш сөз алған ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Әбдіқадыров бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталып өтті:

- Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан бұл басқосудың орны ерекше деп білемін. Қай елде жүрсек те бәрімізді біріктіретін ортақ бір құндылық, ол – ана тілімі, төл тарихымыз, ұлттық мәдениетіміз бен рухани мұрамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қазақ тілі қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің ұлт бірлігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталған болатын. Сондай-ақ әдеби, мәдени мұрамызды сақтап, оны цифрлық форматқа көшіру, қазақ тілінің ғылым тілін ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін атап көрсеткен. Президентіміз Қазақстан халқына жолдауында да адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету, жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселесіне айрықша мән берген болатын. Осы тұрғыдан қарасақ, «Ұлы Дала» жобасының маңызы зор. Бұл ұлттық руханиятымызды байытуға, тарихи жадымызды сақтауға және қазақ тіліндегі әдеби әрі ғылыми еңбектердің аясын кеңейтуге бағытталған маңызды бастама. Шетелде тұратын қандастарымызбен рухани, мәдени байланыстарды дамыту – ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Осы ретте «Отандастар» қоры жүзеге асырып жатқан игі бастамаларды да ерекше атап өткен жөн. Бұл жоба шетелдегі қазақтармен рухани байланыс жасап қана қоймай, рухани байлығымызды сақтауға да үлкен үлес қосып отыр. Ұлттық мұрамызды ұлықтап, қазақтың рухани байлығын сақтауға атсалысып жүрген барлық адамдарға және осы жобаны жүзеге асырушы «Отандастар қоры» ұжымына, Сыртқы істер министрлігі басқармасы атынан шынайы алғысымды білдіремін! Бүгін жарық көрген кітаптардың ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын!»

«Отандастар қоры» КЕАҚ Төрағасы Ырысқали Дәуренбек өз сөзінде «Отандастар қорының» 2023 жылдан бері ҚР Жазушылар одағымен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан жобасы аясында отызға жуық еңбек жарық көргенін және мұндағы басты мақсат: шетелдегі қазақтардың шығармашылық мұрасын сақтап, Қазақстанның мәдени, әдеби, ғылыми кеңістігіне таныстыру екендігін атап өтті. Бүгінгі тұсауы кесілетін бес бірдей кітаптың мән-маңызына жеке-жеке тоқталған «Отандастар қоры» КЕАҚ басшысы бұл кітаптар еліміздегі басты кітапханаларға, шетелдерге жіберілетінін және бұл үрдіс ары қарай жалғасын табатынын айтып өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ғалиасқар Сарыбаев сөз алды: «Отандастар қорының» жасап жатқан жұмысына сәттілік тілеймін. Монғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай еліндегі бауырларымыздың бұл еңбектер – тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың рухани тұтастығы мен өшпес жадының айқын дәлелі. Әрбір кітаптың ұлт руханиятына қосатын орны ерекше», - деп бұл еңбектерге жоғары баға берді.

Кітаптардың ішінде Бәкей Ағыпарұлының «Микроэкономика» атты кітабына тоқталды: «Шетелдегі қазақтардың тек әдебиет пен тарихта ғана емес, заманауи нарықтық ғылымды ана тілінде сөйлеткен қолданбалы математиканың жарқын көрінісі. Мен конструктор, математика ретінде бұл кітапты оқып жатырмын. Бұл – ғылымды, экономиканы, нарық пен қаржы саласын қазақша сөйлетуді дамытудың басты көрінісі деп ойлаймын. Себебі, қазақша микро, макроэкономикада, экономкалық мәселелерді жазған қазақша кітаптар жоқ. ... Бұл кітаптар жай баспа өнімі емес, шет жердегі қазақтардың тынысы, сағынышы, атамекенге деген шексіз махаббатының айқын көрінісі.»

ҚР Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, академик ғалым Бүркіт Аяған шетелдегі қазақтардың ғылым, рухани әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталып өтті:

«...Әлемде 20 миллиондай қазақ бар десек, әр үш қазақтың біреуі шетелде жүр. Біздің мемлекетіміз, интеллигенциямыз, қазақ қауымы үшін өте қажет мәселе бар: тіліміз, діліміз, тарихымыз бір, бір қазақтың баласы ретінде шетелдегі қазақтарды өзімізге тартуымыз керек. Олар сонда сіңіп кетуі мүмкін. Осыдан он-он бес жыл бұрын «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» т.б. ауқымды бағдарламаларды қолға алып, жүзеге асырғанбыз. Ол заманда дұрыс шығыстанушылар аз еді.

Көбі Ленинградта оқыған, кейбірі қартайып қалды дегендей. Сол кезде бағдарламаны іске асыру кезіндегі шетелден келген Қаржаубай Сартқожаұлы, Тұрсынхан Законұлы, Жанымхан Ошанұлы т.б. бастаған, Монғолиядан, Қытайдан, Ираннан, өзге шетелдерден келген қандас ғалымдардың еңбегі өте зор болған еді. Оны ұмытпай айтуымыз керек. Бізге дайын кадрлар келді. Авторларға творчестволық шабыт, халқымызға бірлік тілеймін!»

«Егемен Қазақстан» газетінің әдеби шолушысы Бекен Қайратұлы өз сөзінде Әуелхан Жәзитұлы «Құт мекенім – Қосағаш» кітабы туралы тоқталып өтті. «Әуелхан Жәзитұлы – ұлтын сүйген үлкен жүректі азамат болатын.

Бұл кітапта осы бір аяулы азаматтың көптеген келелі ойлары жазылған. Кітап құтты болсын, қазақтың бірлігі бекем болсын!» - деп ізгі тілегін білдірді. Өнертанушы ғалым, күйші Ардаби Мәулетұлы бүгінгі тұсаукесердің құрметіне Біржан салдың «Жалғыз арша» әнін шырқады.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Мәдина Елемесова өз сөзінде әріптесі, ұстаз-ғалым Бәкей Ағыпарұлының «Микроэкономика» кітабының мән-маңызына тоқталып өтті.

Авторлар сөз алып, Рысбек Зұрғанбайұлы өзінің «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады» кітабының мазмұны жайында қысқаша тоқталып өтті: «Монғолияда тұратын қазақтар да 1937 жылдан бастап көптеген нубеттерді бастан өткерді. Бұл кітап - жазықсыз жапа шегіп, нәубетке ұшыраған мыңдаған қазақтардың шерлі тағдыры туралы баяндалатын жинақ. Осы еңбегімнің атажұртымда жарық көріп жатқанына қуаныштымын. Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін!»

Монғолия ҰҒА академигі, профессор Бәкей Ағыпарұлы «Микроэкономика» кітабының жазылуы, мазмұны туралы тоқтала келе: «Маған академик Асқар Жұмаділдаевтің мына бір сөзі әсер етті. Асқар ағамыз: «Қазақстанның жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі сапалы оқулықтардың болуы аса маңызды», - деген еді. Осы пікір маған түрткі болды. Өйткені ғылым мен білімнің терең тамыр жаюы үшін оны жастардың өз ана тілінде оқуы ерекше маңызды деп білемін.

Ғылымның білі халықаралық болуы мүмкін. Бірақ білім адамның санасына ең алдымен өз ана тілі арқылы терең сіңгені дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан көп жылдан бері Монғолия студенттеріне қызмет етіп келе жатқан осы еңбегімді өз шәкіртім Кәдірбек Дағысұлымен бірге қазақ тіліне аударып ұсындық. Еңбегімнің қазақ студенттеріне жол тартқанына ерекше қуаныштымын.

Өзім де шетелде қазақ тілінде білім алып, қазақтың тілі мен әдебиетін, мәдениетін қастерлеп өскен адам ретінде бұл кітаптың қазақ тілінде жарық көруін білім мен ғылым арқылы жалғасқан рухани байланыстың бір көрінісі деп түсінемін. Бұл оқулық – екі ел арасындағы ғылыми, мәдени, рухани байланыстың өзіндік бір шағын көпірі болып саналады», - деп атап өтіп, «Отандастар қоры» КЕАҚ-ына алғыс-ризашылығын білдірді.

Ресей Федерциясы, Алтай Республикасы, Қошағаш ауданынан келген Бесайдар Алашқызы ханым жары, марқұм Әуелхан Жәзитұлының «»Құт мекенім – Қосағаш» атты кітабы жайлы қысқаша тоқтала келе, осы кітапты шығаруға қолдау, көмек берген Бекен Қайратұлы, Рысбек Зұрғанбайұлы және өзге де жанашырларға алғысын білдірді.




Биыл жоба аясында жарық көрген Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және Қытайдағы қазақ авторларының бес еңбегі: Рысбек Зұрғанбайұлының «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады» (Моңғолия); Әуелхан Жәзитұлының «Құт мекенім – Қосағаш» (Ресей); Құлназар Ибрагимовтің «Жыр өткелі» (Өзбекстан); Сұлтан Жанболатовтың «Таластағы тайталас» (Қытай); Бәкей Ағыпарұлының «Микроэкономика» (Моңғолия) кітаптарының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартты.
