«Еркексіз үйге құдайы қонақ түспеген бе?»: Әуезов әңгімесіндегі қорғансыз әйелдердің тағдыры
Қазақ әдебиетінде оқырманды кейіпкер өлімінен бұрын қоғамның қатыгездігімен бетпе-бет қалдыратын шығармалар бар. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» - сондай туындылардың бірі. Мұнда тағдыр тәлкегіне түскен үш әйелдің қасіретімен қоса, әлсізді қорғауға тиіс ортаның өзі қалайша оның қас жауына айналатыны суреттеледі. Ғазизаның өлімі – қорғансыздықты қалыпты жағдайға айналдырған қоғамға тағылған ауыр айып.
Еркегі жоқ үйдің есігін кім қорғайды?
Қазақ танымында қонақ – құт. Үйге келген жолаушыға төр ұсынылады, ас беріледі, құрмет көрсетіледі. Қонақ күту – ұрпақтан-ұрпаққа жеткен адамгершілік өлшемі. Ал сол қонақ үй иесінің қасіретіне себепкер болса ше? Төріңде отырып қайғыңды тыңдаған адам, босағаңнан аттай салысымен өзіңе жау болып шықса ше? Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін оқығанда, сананы ең алдымен осы сұрақтар мазалайды.
Шығармадағы кішкентай қыстауда үш әйел өмір сүреді: қарт әже, көз жанарынан айырылған ана және он үш жасар Ғазиза. Бір шаңырақтың үш буыны. Үшеуінің қайғысы да ортақ, тірегі де ортақ. Аз уақыт бұрын үйдің азаматы Жақып пен оның кішкентай ұлы Мұқаш дүние салған. Кеше ғана түтіні түзу ұшқан қара шаңырақ бір сәтте қорғансыз үйге айналады. Бірақ назар аударатын нәрсе – әйелдердің еркексіз қалуы ғана емес. Олардың осы жағдайын айналасындағы адамдардың қалай қабылдағаны.
Жақып тірі кезінде ағайын арасында сыйлы болған отбасы енді елдің аяушылығына емес, ашкөздігіне тап болады. Туыстары қол ұшын созудың орнына, қалған мал-мүлікке көз тігеді. Тіпті үйдің болашағына қатысты шешімді сол үйдегі әйелдермен санаспай қабылдауға ұмтылады. Осы тұста жазушы бір отбасының қайғысы арқылы тұтас әлеуметтік ортаның кеселін ашады. Мәселе үйде еркектің жоқтығында ғана емес. Мәселе – әйелдің қауіпсіздігі мен құқығы еркектің бар-жоғына тәуелді болған қоғамда. Өйткені адамды қорғайтын заң, әділет, ар-ұят пен қоғамдық жауапкершілік әлсіз болса, оның орнын күш пен өктемдік басады. Ал күшке сүйенген ортада ең алдымен қорғансыздар жапа шегеді.
Үш әйел – үш түрлі қасірет
«Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі әйелдер бір-біріне ұқсас тағдыр иелері болғанымен, әрқайсысының қасіреті әртүрлі. Қарт әже – өткен өмірдің, көрген бейнеттің, жоғалған үміттің бейнесі. Ол жалғыз ұлынан айырылған. Немересінің қазасын көрген. Қартайған шағында тыныштық табудың орнына, қалған отбасының ертеңіне алаңдайды. Әженің ең үлкен қорқынышы – өз өлімі емес. Өзінен кейін қалатын келіні мен немересінің тағдыры. Кейіпкер отбасының жоғын жоқтап, кеткен есесін түгендеуге тырысатын, әділетсіздікке қарсы сөзбен болса да күресетін қайратты адам ретінде танылады. Өкініштісі. оның қолында билік те, байлық та, ықпалды тірек те жоқ.
Екінші әйел – Ғазизаның анасы. Күйеуінен айырылған қайғыдан кейін көз жанарынан да айырылады. Бұрын отбасының шаруасына араласып жүрген әйел енді өзгенің көмегіне мұқтаж болып қалады. Сөз зергері бұл кейіпкердің тағдыры арқылы адамның бірінің үстіне бірі үйілген әлеуметтік, материалдық және психологиялық ауыртпалыққа қалай душар болатынын көрсетеді. Ол – ана. Бірақ қызын қауіптен арашалауға дәрменсіз. Ол – үй иесі. Бірақ өз шаңырағының ертеңіне ықпал ете алмайтын жағдайда.
Ал үшінші кейіпкер – Ғазиза. Бар болғаны он үш жастағы қыз. Әлі балалық шағын өткізуге тиіс жасөспірімнің иығына бір үйдің бүкіл тіршілігі артылған. Ол мал қарайды, шаруаны жүргізеді, анасы мен әжесіне қамқор болады. Әкесі тірі кезінде еркелеп өскен қыз енді отбасының жалғыз сүйенішіне айналады.
Бірақ осы жауапкершіліктің ешқайсысы оны ересек адамға айналдырмайды. Өйткені Ғазиза – бәрібір бала. Ал баланың да қорқуға, қателесуге, еркелеуге, қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар еді. Ғазизаның трагедиясы – бала болуына мүмкіндік бермеген қатыгез ортада.
Жетімнің малын бөліскен ағайын
Шығармадағы ең жан түршігерлік көріністердің бірі – Жақып қайтыс болғаннан кейінгі ағайындардың әрекеті. Әдетте қаралы үйге көңіл айтылып, қайғысына ортақтасады. Ал мұнда туыстар қаралы шаңыраққа сүйеу болудың орнына, оның соңғы сүйенішін де тартып алуға дайын. Жесір әйелдердің шаруаны өздері басқаруына күмән келтіреді. Қалған дүниені бөлісуді ойлайды. Бұл – әйелді меншікке толық құқығы жоқ, өз тағдырын өзі шеше алмайтын адам ретінде қабылдаудың көрінісі. Одан да сорақысы – Ғазизаны Мәрденге тұрмысқа бермек болған әрекет. Қыздың келісімі, жасы, қалауы, болашағы екінші орынға ысырылады. Ғазиза үшін бұл – өзі таңдамаған өмірге мәжбүрлеу қаупі. Осы тұста Мұхтар Әуезов қоғамдағы зорлықтың тек күш қолданудан басталмайтынын аңғартады. Зорлық адамның пікірін елемеуден басталады. Қыз тағдырын өзінен сұрамай шешуден басталады. Қыз баланы жеке тұлға емес, біреудің мүддесіне қызмет ететін құрал ретінде қараудан басталады. Ғазизаға жасалған кейінгі қылмысты кездейсоқ болған сұмдық деп қабылдай алмаймыз. Өйткені шығармада қыздың құқығын аяққа таптау әлдеқашан басталып кеткен. Ғазизаның болашағын туыстары саудалауға дайын болған сәттен бастап, қоғам қыз баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынын көрсетеді.
Қонақ болып келген қасірет
Ақан мен Қалтайдың үйге келуі – әңгіменің шешуші кезеңі. Кейіпкерлер – жол жүріп келе жатқан жолаушылар. Бірақ Қалтайдың осы үйді таңдауының өзінде арам ниет жатыр. Ал Ақан – қарапайым кісі емес, ел билігіне араласқан болыс. Қазақ қоғамында болыс сөзі өтімді, ықпалы жоғары адам саналған. Мұндай кісінің қорғансыз үйге келуі алғашында үміт тудыруы заңды. Әже де осы үмітпен жүрегін ашады. Ұлының өлімін айтады. Туыстарынан көрген қорлығын жеткізеді. Немересінің болашағына алаңдайды. Жесір мен жетімнің жайын түсінер, шамасы келсе көмектесер деген ниетпен бар қайғысын ақтарады. Бірақ әженің көз жасы Ақанның жүрегіне де жетпейді. Мұхтар Әуезовтің шеберлігі де осында. Жазушы Ақанның жауыздығын бірден қылмыстық әрекетімен ғана танытпайды. Әуелі оның өзгелердің қайғысына селт етпейтін ішкі дүниесін көрсетеді. Бұл көріністегі ең ауыр қайшылық – қонақжайлық пен қиянаттың бір шаңырақ астында тоғысуы. Қазақы ұғымда қонаққа есік ашу – сенім білдіру. Ал Ақан сол сенімді аяққа таптайды. Төрге шыққан адам төрелік айтпады. Қорған болуға тиіс билік иесі қорлық көрсетті. Әуезовтің әшкерелеп отырғаны – еркектің күші емес, күшін әлсізге қарсы жұмсаған адамның азғындығы.
Ақанның қылмысы және Қалтайдың үнсіздігі
Ғазизаға жасалған жыныстық зорлық – әңгіменің ең ауыр тұсы. Алайда бұл оқиғаны тек Ақанның жеке жауыздығымен шектеп түсіндіру жеткіліксіз. Өйткені оның қасында Қалтай бар. Қалтай қылмыстың жүзеге асуына жағдай жасайды. Ақанның ниетін біледі. Ғазизаны алдауға тырысады. Ақырында қызды қорғайтын әрекет жасамайды. Осы жерде шығарма тағы бір маңызды мәселені көтереді. Жауыздықты жасаған адам ғана емес, оған саналы түрде жағдай жасаған адам да жауапты.
Ғазиза Қалтайдың арам ойын сезгенде, оған ашық қарсы сөйлейді. Қашып құтылуға тырысады. Өзін қорғауға әрекет жасайды. Яғни, Ғазиза болған жағдайға үнсіз көнген кейіпкер емес. Бірақ екі ересек ер адамның зорлығына қарсы тұруға оның күші жетпейді. Ғазизаның басына түскен қасіретке оның аңғалдығы, сенгіштігі немесе қонақтарға көмектесуге шығуы себепкер емес. Қылмысқа кінәлі – қылмыскер. Қыз баланың ешбір әрекеті зорлықты ақтай алмайды. Мұхтар Әуезов әңгімесін бүгінгі көзқараспен талдағанда, осы ақиқатты айрықша атап өткен жөн.
Арқалықтың бораны: табиғат па, әлде қоғам ба?
«Қорғансыздың күніндегі» табиғат көрінісі де бей-жай қалдырмайды. Арқалықтың ызғарлы желі, қаңыраған қыстау, қар астында қалған бейіттер – барлығы да шығарманың трагедиялық сипатын күшейтеді. Әңгіме басталғанда Күшікбай батырдың тарихы баяндалады. Батырлық, намыс, ерлік туралы естелік оқырманды бір дәуірдің рухымен таныстырады. Бірақ сол батырлар мекендеген далада енді он үш жасар қызды қорғайтын ешкім табылмайды. Мұнда терең көркемдік қарама-қайшылық бар. Қоғам батырын ұлықтап, ерлігін аңызға айналдырып, намысын жырға қосады. Бірақ тірі адамның ар-намысы тапталып жатқанда, сол қоғамның қауқары жоқ. Күшікбай ерлігінің елесі мен Ғазиза трагедиясының қатар берілуі оқырманды ерлік ұғымының шынайы мәні туралы ойлануға жетелейді.
Ал Арқалықтың бораны – табиғаттың қаталдығынан да кең мағынаға ие көркем бейне. Өйткені сол түні Ғазизаға суық көрсеткен жалғыз дала емес...
Ғазизаның тағдыры бүгін бізге не айтады?
«Қорғансыздың күні» өткен ғасырдың басында жазылды. Содан бері қоғам өзгерді. Әйелдердің білім алуға, жұмыс істеуге, меншік иеленуге, өз өміріне қатысты шешім қабылдауға заңды құқықтары кеңейді. Алайда Әуезов көтерген мәселелердің барлығы өткеннің еншісінде қалды деп айту қиын. Билік пен ықпалды теріс пайдалану, зорлық-зомбылық, жәбірленушіні кінәлау, әлеуметтік әлсіздік, әділетсіздікке көз жұму сияқты құбылыстар бүгін де қоғамдық талқылаудың өзегіне айналып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, шығарма тек әйел теңсіздігі туралы тарихи әңгіме емес. Шығарма – адамның қадір-қасиеті туралы туынды. Ғазизаның тағдырын бүгінгі оқырманға жақындататын нәрсе – оның өмір сүрген дәуірі емес, басынан өткерген әділетсіздігі.
Қорғансыздың күні қашан бітеді?
Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» – тек Ғазиза туралы әңгіме емес. Бұл – ұлынан айырылған ананың зары. Бұл – көз жанарынан айырылған әйелдің дәрменсіздігі. Бұл – бала болуға үлгермеген қыздың трагедиясы. Бұл – қонақжайлықты қиянатқа, билікті озбырлыққа, туыстықты пайдакүнемдікке айырбастаған ортаның көркем шежіресі. Жазушы үш әйелдің тағдыры арқылы адамзатқа ортақ бір ақиқатты көрсетеді: әлсіз адамның қорғансыз қалуы – қоғамның әділеттілігіне берілген баға.
«Қорғансыздың күні» – тұтас қоғамның адамгершілігі сыналған, бірақ сол сыннан өте алмаған күннің тарихы. Егер Ғазизаның трагедиясы бізге әлі де ауыр тисе, демек, Әуезовтің бір ғасыр бұрын қойған сұрағы әлі жауабын толық тапқан жоқ. Сонда қорғансызды кім қорғайды?
