АР ЖҮГІ ЖӘНЕ СӨЗ САЛМАҒЫ — ҮМІТ БИТЕНОВА ПОЭЗИЯСЫНДА
Поэзия — адамның ішкі әлемін ғана емес, өзі өмір сүрген қоғамның тынысын да танытатын рухани кеңістік. Нағыз ақынның жыры жеке сезімнің шеңберінде қалып қоймайды. Ол уақытпен тілдеседі, әділетсіздікпен айтысады, ұлттың жадына үңіледі, адамдық қасиеттің өлшемін іздейді. Сондықтан ақын шығармашылығын бағалағанда оның не туралы жазғанына ғана емес, сол тақырыпты қандай көркемдік шешіммен жеткізгеніне де назар аудару қажет.
Мен қарастырып отырған Үміт Битенованың өлеңдер топтамасының ортақ арқауы — адамдық қадірді сақтау, шындыққа адал болу және өз ұстанымынан айнымау.
Автордың поэтикалық әлемінде ақынның басты тірегі атақ та, марапат та емес, өз сөзі мен ар алдындағы жауапкершілігі екені аңғарылады. Қаламгердің «Мен-дағы түсімде ылғи тау көремін» атты өлеңінің негізгі жетістігі — тауды табиғат көрінісі ретінде ғана емес, рухани биіктіктің, әдеби мұраттың және адамның өзін-өзі жеңу жолының символы ретінде қолдануында. Өлең Мұқағали Мақатаевтың «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді» деген жолымен үндеседі. Алайда автор тау бейнесін қайталаумен шектелмей, оған өзінің жеке танымын қарсы қояды. Мұнда лирикалық кейіпкер үшін тау — өзі әлі жетпеген биіктік. Автор тауға алыстан тамсанып қана тұрмайды, оған өрмелейді:
Мойным созам сол таудың етегінен,
Ұшқым келіп қиялдың жетегімен.
Жақпар тасты қияға жармасып ап,
Кедір-бұдыр бөктермен көтерілем, — дейді ақын.
Бұл — өлеңнің психологиялық өзегі. Биікке жету оңай емес. Қияға жармасу, сүріну, қайта тұру — шығармашылық жолдың да, адамдық күрестің де көрінісі.
«Қайратыма құйып-ап күш бұлағын,
Үрейімді үркерге құштырамын.
Тайғағынан табаным тайпалмастан,
Үш сүрініп, қайтадан үш тұрамын» деген жолда өлеңнің философиясы жатыр.
Автор жеңісті сүрінбеумен емес, қайта тұра білумен өлшейді. Өлеңде Абайдың таудың басында тұруы да кездейсоқ деталь емес: «Тау көремін басында Абай тұрған». Абай — бұл жерде әдебиеттің биік өлшемі. Демек, кейіпкердің мақсаты жай ғана атаққа жету емес, рухани шыңға көтерілу. Абайға қарай өрмелеу — өзіңді үлкен әдебиет алдында сынау.
Бұл өлеңнің идеясы әлем әдебиетіндегі рухани кемелдену тақырыбымен де үндеседі. Неміс әдебиетінің алыбы Иоганн Вольфганг Гётенің шығармаларында адам баласының өзін тануы, өз шегінен асып, биік мұратқа ұмтылуы маңызды орын алады. Осы тұрғыдан алғанда, өлеңдегі тауға өрмелеу әрекеті Гётенің рухани өсу идеяларын еске түсіреді. Бірақ қазақ ақыны бұл ізденісті Абай мен Мұқағали бейнелері арқылы ұлттық әдеби кеңістікке көшіреді. Бұл — жай ғана тау туралы өлең емес, бұл — рухани өсу мен әдеби биікке ұмтылу туралы шығарма. Өлеңнің көркемдік қуаты да осында.
Үміт Битенованың маған қатты ұнаған туындысы — «Дуэль». Бұл — ақынның ар алдындағы тартысы. «Дуэль» — сегіз бөлімнен тұратын эмоционалдық поэма. Оның басты ерекшелігі — сыртқы оқиғадан гөрі ішкі тартысқа құрылуы. Мұнда екі адамның арасындағы келіспеушілік біртіндеп ақынның ар-намысы, шығармашылық еркіндігі және қоғамдағы әділетсіздік мәселесіне ұласады. Поэманың атауы өте дәл таңдалған. Дуэль — екі адамның бетпе-бет келіп, бір-біріне қарсы тұруы. Бірақ автордың дуэлі қарумен емес, сөзбен бейнеленеді:
«...Жырымда ғана ақ пен қара шарпысқан,
Жолығып жүрмін мен сенімен дуэльде».
Осы екі жол бүкіл туындының кілті іспетті. Өмірде кейіпкер сырттай сабыр сақтайды, ал ішкі әлемінде күрес жүріп жатады. Демек, жыр — оның күрес алаңы. Поэманың екінші бөлімінде автор қарсыласын көлеңкеге теңейді:
Қыр соңымнан қалмай қойған көлеңкем,
Ешқашан да бола алмайсың ме(ні)мен тең.
Ерлік жасай алмайды ез адамдар,
Өлесің бе сен де егер мен өлсем?
Ақын осылай дейді. Көлеңке — адамның соңынан қалмайтын, бірақ өздігінен дербес өмір сүре алмайтын құбылыс. Бұл жерде ол бақталастық пен қызғаныштың символына айналған. Автор өзін асқақ қайыңға, ал қарсыласын жылауық талға балайды: «Бойың — тапал. Ергежейлі ойың да.//Маған жетем деп салындың уайымға.//Жылауық тал, сенен қашқан бүкіл жұрт,//Мұң шағады мендей асқақ қайыңға». Бұл — табиғат образдары арқылы адам мінезін ашу тәсілі. Қайыңның асқақтығы мен мәжнүн талдың иілгіштігі екі түрлі мінездің көркем қарама-қарсылығын жасайды. Поэманың ең өткір тұстарының бірі — автордың өз тағдырын ар өлшеміне дейін жеткізуі:
«Атыларда шегінеді арыстан»,
Мен шегіндім!..
Ал!.. Сотқа бер Құдайды!»
Мұнда ирония да, қарсылық та, тәуекел де бар. Кейіпкер қарсыласының алдында емес, Жаратушының алдында жауап беруге дайын екенін аңғартады.
Ал, алтыншы бөлімде жеке тартыс әйелдің қоғамдық орны туралы кеңірек ойға ұласады:
Затымды әйел демесең, ерге теңмін,
Заман жүгін еркекпен тең көтердім.
Бұқпантайлап қалғанда кей бөрікті,
Әділеттің байрағын мен көтердім, — дейді Үміт ақын.
Бұл жолда әйелдің әлсіздікпен байланыстырылатын дәстүрлі түсінігіне қарсылық жатыр. Кейіпкер өзінің әйел екенін жасырмайды, бірақ оны әлсіздік өлшемі ретінде қабылдамайды. Ол әділет үшін күресуге құқығы бар тұлға ретінде сөйлейді. Туындының сегізінші бөлімінде күтпеген психологиялық бұрылыс жасалады:
Ренжіп қайтем, доспын саған, ұғынсаң,
Пері емеспіз, бәріміз де пендеміз.
Бірге қызмет атқарайық бұйырса,
Қал-қадердің келгенінше елге біз.
Бұл — поэманың маңызды түйіні. Бастапқыда қарсыласын жеңуді көздеген кейіпкер соңында ортақ іске шақырады. Яғни жеңіс — қарсыласты құрту емес, өз биігіңді сақтай отырып, адамдық қалпыңнан айырылмау. Жалпы, бұл «Дуэльдің» өзегі — ақындық мінез бен өлең арқылы қорғану. Өйткені туындының ең мықты жағы — біреуді кемсіту емес, ақынның ішкі биігін көрсету. Соңғы бөлімдегі кешірім мен ортақ қызметке шақыру осы биік қасиетті жақсы ашады. Яғни, «Дуэль» — жеке реніштен басталып, ар мен адамдық туралы ойға көтерілетін драмалық поэма.
Үміт Битенованың «Жей алмайтындар «тоюда» мұң мен уайым жеп...» атты туындысы әлеуметтік сатираның өткірі.
Бұл өлеңнің көркемдік ерекшелігі — мұң мен уайымды жеуге болатын жеміске айналдыруында. Автор жоғарыда отырған шенеунікке сәлем жолдайды. Бірақ сәлемнің орнына алма ұсынады:
«Жоғары жақта жүрген соң, сізге, беу, досым,
Сәлемдерімнің жолдайын біраз алмасын.
Алманың бірі – қаттылау, бірі – қышқылдау,
Өзегі – уайым, дәнегі – мұңнан болғасын».
Мұндағы алма — қарапайым жеміс емес. Ол — халықтың көрген қиындығы, ішіне жиналған наласы, орындалмаған үміті. Алманың дәмі арқылы қоғамның ащы шындығы сезіледі. Өлеңдегі ең сәтті тәсіл — жоғары мен төменнің қарама-қарсылығы. Жоғары жақтағылар дүниенің кеңдігі мен тарлығына бас ауыртпайды, ал төмендегі жұрт соларға қарап, жақсылық күтеді.
«Созады мойнын соларға қарап төменгі ел,
Можантопайлар жақсылық күтіп елеңдер.
Ала жіп аттап қарабет болса не дауа,
Ар-ожданымен адал боламыз дегендер», — деп ақын ашына түседі.
«Мойнын созу» — үміт күткен адамның қимылы. Бірақ бұл жерде үміттің өзі аянышты күйге түседі. Халық біреудің шешіміне телміріп қалғандай. Өлеңнің шарықтау шегі — соңғы екі жол:
Ұға алмаса да ұлыларымыздың ойын дөп,
Дағдыланды ел әр дағдарысқа дайын боп...
...Жемқорлық дерті індеген мына заманда,
«Жей» алмайтындар «тоюда» мұң мен уайым жеп».
Бұл — «сөз ойынына» құрылған сәтті әлеуметтік түйін. Мұнда «Жеу» етістігі екі түрлі мағынада қолданылып тұр: біреулердің дүние-мүлікті жеуі мен екіншілердің мұң мен уайымды жеуі. Осы қарама-қарсылық өлеңнің сатиралық қуатын арттырады. Өлеңнің идеясы айқын, бейнелік шешімі сәтті. Әсіресе соңғы жолы жеке афоризм ретінде де өмір сүре алады. Автор халықтың мұңын жай баяндап қоймай, оны көзге елестейтін жеміске айналдыра білген.
Үміт ақынның «Шенеунік» деген де өлеңі бар. Бұл өлеңнің артықшылығы — автор шенеуніктің мінезін ұзақ түсіндіріп жатпайды, тек бірнеше штрих арқылы оның сыртқы болмысын да, ішкі қайшылығын да көрсетеді.
Қалың жерге қағылды да шегең нық,
Шырт түкіріп шыға келдің, шенеунік!
Алғашқы жолдардан-ақ кейіпкердің жүріс-тұрысы, өзін өзгелерден жоғары санауы көз алдымызға келеді. «Шырт түкіру», «кеуде керу», «алшаң басу» — бәрі де мінезді қимыл арқылы ашатын детальдар. Өлеңнің негізгі тәсілі — сыртқы көрініс пен ішкі шындықтың қарама-қарсылығы. Жұрт алдында ол мейірбан, адал, таза адам болып көрінеді:
Беткеұстарсың, лауазымды көсемсің,
Ар-ожданды, адал, таза жандайсың.
Бірақ осы мақтаудың соңынан бірден күмән туады: «Бірақ, бірақ... Құдайды алдай алмайсың!» Бұл — өлеңнің шешуші түйіні. Автор шенеуніктің халық алдындағы беделінен гөрі ар алдындағы жауапкершілігін алға тартады. Адам қоғамды алдауы мүмкін, бірақ өзінің ішкі шындығынан және Құдайдан жасыра алмайды. Жалпы айтқанда, ақынның «Шенеунігі» — көлемі шағын болғанымен, әлеуметтік нысанасы анық, түйіні өткір шығарма. Оның қысқалығы — артықшылығы. Өлеңдегі ең есте қалатын тұс — соңғы жол — «Бірақ, бірақ... Құдайды алдай алмайсың!» дегені. Сондықтан бүкіл мәтін сол түйінге қарай жинақталған.
Үміт Битенованың «Ақын деген...» өлеңі де оқырманының назарын өзіне аударады. Бұл өлеңде ақынның қоғамдағы орны, билікпен арақатынасы және халық алдындағы жауапкершілігі сөз болады. Автор ақынды жай ғана өлең жазатын адам емес, ұлттың рухани тірегі ретінде көрсетеді.
Ақын деген – алау отты алып күн,
Сөндіре алмас селі оны нарықтың.
Пайғамбардан кейін келген шұғара —
Дәнекері дүние мен ғайыптың.
Байқап отырғандарыңыздай, мұнда ақынның бейнесі от пен күнге теңеледі. Бұл — оның рухани қуатын, уақытша қоғамдық құбылыстардан биік тұруы керектігін білдіретін метафора. Өлеңнің маңызды тұсы — ақын мен биліктің арақатынасын анық көрсетуі:
Арғымақтай қаптырмайтын босқа шаң,
Қор болмайсың сөзін оның қоштасаң.
Еш әкімнің кеңсесінің есігін
Ақын барып қақпау керек ешқашан!
Бұл жол — туындының азаматтық өзегі. Бұл шумақта Үміт Битенова «ақын биліктің алдында жалтақтамауы керек, өз сөзінің қадірін сақтауы қажет» деген ой айтады. Алайда автор ақынды тек тәуелсіз тұлға ретінде ғана емес, халықтың болашағына жауапты адам ретінде де қарастырады: «Бағы елдің болуы үшін баянды, Ақындары жаймау керек алақан!» Мұнда ақынның қадір-қасиеті оның материалдық жағдайымен де байланыстырылады. Қаламгерлердің қол жайып күн көруі — тек жеке адамның мәселесі емес, қоғамның рухани құндылықтарға деген көзқарасының көрсеткіші. Өлеңнің ең өзекті тұжырымы:
Бейжай қалып болашақты болжаудан,
Тарих мүлгіп сыр шертеді мол жайдан.
Мемлекеттің берекесі болмайды,
Көбейсе егер ақындары қол жайған.
Бұл — қоғамға қойылған сұрақ. Егер ақындар өз еңбегімен күн көре алмай, билікке немесе байларға жалтақтауға мәжбүр болса, онда рухани тәуелсіздік туралы сөз қозғау қиын.
Ағылшын романтик ақыны Перси Биши Шелли ақындарды «әлемнің мойындалмаған заң шығарушылары» деп сипаттаған. Ал, Үміт Битенованың ойынша, ақын билікке қызмет ететін тұлға емес, қоғамның ар-ұжданы болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Үміт Битенованың «Ақын деген...» атты өлеңі — ақынның қоғам алдындағы орнын ғана емес, қоғамның ақын алдындағы жауапкершілігін де көтерген азаматтық өлең.
Ал, Үміт ақынның «Уайым-қайғы» өлеңі — адамның тағдыр алдындағы рухани беріктігін, өмірге деген құштарлығын және ішкі еркіндігін танытатын философиялық туынды.
Бұл өлеңнің ерекшелігі — ақын уайым-қайғыны сырттай сипаттап немесе одан зардап шегіп отырған адамның күйін баяндап қана қоймайды. Ол уайым-қайғыны тірі кейіпкерге айналдырып, онымен бетпе-бет сөйлеседі. Бұл туынды: «Өмір онсыз да қысқа. Оны уайым-қайғымен одан сайын қысқартпа» деген оймен басталып, өлеңнің бүкіл философиялық бағытын алдын ала аңғартады. Автор уайымға берілмеуді құрғақ ақыл түрінде ұсынбайды. Ол қайғының өзіне қарсы шығып, онымен айтысқа түседі. Өлеңнің алғашқы жолдары-ақ ақынның мінезін танытады:
Ей, уайым-қайғы, мені мұқата алмайсың,
Ойнаймын сенің төбеңде.
Дауыл боп соғып құлата алмайсың,
Тамырым кеткен тереңге.
Мұнда уайым-қайғы адамға қарсы тұрған алып күш ретінде бейнеленген. Бірақ лирикалық кейіпкер одан қорықпайды. Керісінше, оның төбесінде ойнайтынын айтады. Бұл — жай ғана батылдық емес, өмірдің соққыларына қарсы қалыптасқан ішкі иммунитет. Әсіресе «Тамырым кеткен тереңге» деген жолдың мағынасы терең. Тамыр — адамның өмірлік негізі, рухани тірегі, дүниетанымы, мінезі. Тамыры тереңге кеткен адамды сыртқы дауыл оңай құлата алмайды. Осы бір табиғи бейне арқылы ақын адам төзімділігінің философиялық негізін ашады. Келесі шумақта бұл қарсылық одан әрі күшейеді:
Күшіңмен зіл-батпан бассаң да
Болмаймын кіріптар саған.
Төпелеп есігімді қақсаң да,
Солмаймын. Күліп қарсы алам!
Мұндағы «зіл-батпан» сөзі қайғының ауырлығын сездірсе, «Күліп қарсы алам!» деген тіркес сол ауырлыққа берілмеудің көркемдік шешіміне айналған. Яғни, ақын қайғы-мұңды «дуэльге» шақырып тұр. Яғни, ақын «өмір атты күресте» қайғының келмейтініне кепілдік беріп отырған жоқ. Ол қайғы келсе де, адамның рухын билеп-төстей алмайтынын айтып отыр. Бұл — өмірді шынайы қабылдайтын, бірақ оған мойынсұнбайтын тұлғаның ұстанымы. Үшінші шумақта автор уайым-қайғыны азулы жыртқышқа айналдырады:
Ақсиған азулы тісіңді
Батырам деме бекер.
Қатайтып алам да түсімді,
Жағаңа жармаса кетем!..
Бұл жолдарда «кейіптеу тәсілі» өте белсенді қолданылған. Уайымның тісі бар, ол адамды жаралағысы келеді. Бірақ лирикалық кейіпкер де дәрменсіз емес. Ол өзін қорғаумен шектелмей, қарсы шабуылға көшеді. «Жағаңа жармаса кетем» деген тіркес өлеңнің эмоциялық қуатын күшейтеді. Ақын қайғыны сырттан бақылап тұрған жоқ, онымен күреске тікелей араласады. Келесі шумақтағы: «Жоныңды жоса қылам, // Мен айтсам оны істеймін. // Аттатпаймын босағамнан, // Өліспей беріспеймін!» деген жолдарда Үміт ақынның мінезінің қайсарлығы анық көрінеді. Мұнда «Босаға» — жай ғана үйдің кіреберісі емес, адамның ішкі әлемінің шекарасы. Ақын уайым-қайғыға өз жан дүниесінің төрінен орын бергісі келмейді. Бұл жерде үй мен адамның рухани әлемі астасып жатыр. Поэмалық сипаттағы осы шағын лирикалық шығармада бір қызық көркемдік өзгеріс бар: ақын бастапқыда уайым-қайғыны қуып шығуға тырысқанымен, кейін оған мәміле ұсынады:
Осынау ғажайып ғаламды
Жаратқан жаратты мен үшін.
Жалғанның бес күні санаулы,
Сен болсаң — бұралқы бөрісің.
Бұл шумақ — шығарманың философиялық өзегін тереңдете түсетін тұс.
Адам өмірі қысқа. Әлемнің сұлулығы мен тіршіліктің ғажабы сол қысқа ғұмырды бағалауға шақырады. Ақын өмірді қайғыға құрбан еткісі келмейді. Ал уайым-қайғыны «бұралқы бөрі» деп атауы оның адам өміріндегі жат, жағымсыз, еркінен тыс билік жүргізуге тиіс емес құбылыс екенін білдіреді. Алайда ақын қайғыны мүлде жоққа шығармайды. Оған мәмілеге келуді ұсынады:
Одан да менімен мәмлеге кел,
Келісіп пішкен тон шақ болады,
Тамұқ та тозаңсыз көрінеді егер,
Бірлесіп айырсақ ақ-қараны.
Міне, осы тұста өлеңнің идеялық кеңістігі өзгереді. Бастапқыда қайғыға қарсы тұрған кейіпкер енді оны өзіне бағындырып, онымен келісімге келуге ұмтылады. Бұл жерде «ақ пен қараны айыру» тіркесі де кездейсоқ қолданылмаған. Адам өміріндегі қиындықтардың бәрін біржақты қабылдау мүмкін емес. Кейде қайғы адамның өзін тануына, өмірдің қадірін түсінуіне, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратуына себеп болады. Сондықтан автордың мақсаты — өмірден қайғыны мүлде аластау емес, қайғының адамды билеп кетуіне жол бермеу.
Өлеңнің соңғы бөлігіне келгенде ақынның көркемдік шешімі тіпті тосын сипат алады:
Соңыма түспе менің.
Сабаңа түс.
Әйтпесе көресің менен.
...Сарыуайым шашыңды жи сары ала түс,
Өлең ғып бұрымыңды өрем!
Осы жолдардан кейін шығарманың бастапқы қатқыл үні өзгеше сипатқа ауысады. Ақын уайым-қайғыны жеңіп қана қоймай, оны өлеңге айналдыруға кіріседі. Мұнда өте қызықты метафоралық өзгеріс бар. Бұған дейін жыртқыш кейпінде көрінген қайғы енді шашы бар, бұрымы бар бейнеге айналады. Ақын оның жалбыраған шашын жинап, бұрымын өремін дейді. Бұл — қайғыны өнерге бағындырудың көркем көрінісі. Шығарманың ең тосын әрі есте қалатын финалы:
...Тобығын жауып жер сызған ұзын етегі
Сонда менің сендей сұмырай қайғым да
Сұлуланып кетеді!..
Міне, ақынның тапқырлығы осы соңғы шумақта толық ашылады. Бүкіл өлең бойы жағымсыз кейіпкер ретінде суреттелген уайым-қайғы соңында сұлуланып шыға келеді. Бірақ бұл — қайғыны дәріптеу емес. Бұл — ақынның өнер құдіретін көрсетуі. Өмірдегі жағымсыз сезімнің өзін «көркемдік материалға» айналдыруға болады. Адам қайғының құлы болмай, оны шығармашылық қуатқа айналдыра алады. Мұнда психологиялық та, эстетикалық та тереңдік бар. Ақын қайғыдан қашпайды, оны жоққа шығармайды, онымен тілдеседі, ақыры оны өз өнеріне бағындырады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Уайым-қайғы» өлеңі Үміт Битенованың «Дуэль» туындысымен де ішкі үндестік табады. «Дуэльде» ақын қарсыласымен сөз арқылы айқасса, бұл өлеңде өмірдің өзімен, адамды әлсірететін уайыммен айтысады. Екі шығармада да лирикалық кейіпкердің басты қаруы — рухани беріктік пен сөз өнері. Бірақ «Дуэльде» күрес ар-намыс пен әділет мәселесіне бағытталса, «Уайым-қайғыда» күрес адамның ішкі еркіндігін сақтауға бағытталған. Тағы бір назар аударарлық нәрсе — ақынның өлеңдегі интонациялық шеберлігі. Алғашқы шумақтарда бұйрық рай, қарсылық, қатал үн басым болса, соңына қарай әзіл, мысқыл, ойнақылық пайда болады. Бұл өзгеріс шығарманы бір сарынды ұранға айналдырмайды. Керісінше, оқырманды күтпеген көркемдік шешімге жетелейді. Меніңше, «Уайым-қайғының» ең үлкен жетістігі — ақынның қайғыны жеңу идеясын жай ғана жігерлендіретін сөздермен шектемей, оны тұтас көркемдік әрекетке айналдыра алуында. Өлеңнің басында адам қайғыға қарсы тұрса, соңында қайғының өзін өлеңге айналдырады. Бұл — рухани жеңістің өзгеше бейнесі.
Сондықтан «Уайым-қайғы» — жай ғана оптимистік көңіл күйдегі өлең емес. Бұл — адамның ішкі еркіндігі, өмірге құштарлығы, рухының беріктігі және өнердің түрлендіруші күші туралы философиялық шығарма.
Үміт Битенованың «Сабақ» атты поэмасы ақынның азаматтық ұстанымын басқа бір қырынан толықтырады. Мұнда ақынның назары жеке адамның арпалысынан ұлттың рухани жадына, әдеби мұраның ұрпаққа берілуіне ауысады. Поэма үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде мектептегі әдебиет сабағы суреттеледі. Мұғалім оқушыларға қазақ әдебиетінің бай шежіресін таныстырады. Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Қамбар батыр, Қобыланды, Алпамыс, Жиренше, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Абай есімдері аталады. Бұл тізбектің көркемдік қызметі — әдебиеттің жеке шығармалар жиынтығы емес, халықтың тарихи жадын сақтаған тұтас рухани шежіре екенін көрсету. Автор әдебиет бөлмесін де жай ғана сабақ өтетін кабинет ретінде суреттемейді:
Не туралы талданып көп, оқылып,
Кім туралы айтылмады дәл мұнда.
Санаң болса зейін қойып отыр, ұқ,
Айдай әлем ақтарылар алдыңда.
Бұл жолдарда әдебиеттің адамға ашатын мүмкіндігі айқын аңғарылады. Кітап оқыған адам бір бөлмеде отырып-ақ тұтас әлемді шарлай алады. Әдебиет — уақыт пен кеңістікті жалғайтын рухани көпір. Алайда осы байлықтың ортасында отырған оқушылар Жамбыл туралы сабаққа дайындалмай келеді.
Байқап көрсе, Оқушылар сұлық тым.
Осы күйден ойлы ұстаз нені ұқты? —
Үйге берген тапсырмаға сыныптың
Бірде-бірі дайындалмай келіпті.
Ұстаз баяу күрсінді де, тіл қатты...
Кең бөлмені баурап алды үнсіздік.
Балалардың жүректерін сыздатты
Ұстаз айтқан Жамбыл жайлы бір шындық.
Дәл осы сәтте поэманың негізгі тартысы басталады. Ұстаздың көңіліндегі өкініш жай ғана оқушының сабақ оқымағанына байланысты емес. Ол — өз ұлтының ұлы ақынын білмейтін ұрпақтың қалыптасуынан туған алаң. Поэманың екінші бөлімінде оқиға Испанияға ауысады. Мұхтар Шаханов шетелдік ақындар сапарында қазақ елінің өкілі екенін таныстырған кезде, испандықтардың «қазақ» деген ұлт жайлы естімегендері мәлім болады.
Жердің бетін ап жатса да көлемді,
Естімепті Қазақ елі дегенді.
Сонда Мұхтар атын атап Жамбылдың,
Жатқа айтыпты «Ленинградтық өренді».
Лезде жүзі жылы тартып, жайраңдап,
Испан қарты қалды таныс жайды аңдап:
— Білем, білем, Жүзге келген ақын ғой!
Жамбыл қазақ па еді? — деді қайран қап.
Бұл эпизод — поэманың ең ұтымды көркемдік шешімдерінің бірі. Қазақ елін білмеген шетелдік қария қазақтың ұлы ақынын таниды. Осы арқылы автор «ұлттың әлемдік кеңістіктегі беделі» оның рухани тұлғаларымен өлшенетінін көрсетеді. Мұхтар Шахановтың Жамбылды мақтанышпен атауы — жеке ақынға деген құрмет қана емес, ұлттық әдебиетке деген перзенттік мақтаныш.
Ал, үшінші бөлімде Жамбылдың ақындық болмысы мен азаматтық тұлғасы кеңінен ашылады. Әсіресе оның «Ленинградтық өренім» жырының соғыс жылдарындағы рухани қызметі сөз болады:
Поэзия — сөз сиқыры, сөз шыны.
Оның болмақ өз биігі, өз шыңы.
Дәл мәреге жете алмайды ақынның
Ақиқаттан аса алмай өшсе үні, — дей келе:
Отқа оранып Ленинград даласы,
Бұлт төнгенде жақындап жау қарасы,
Жамбыл жыры қуат қосып қанына,
Халқы сақтап қалған туған қаласын!
Мұнда автор Жамбыл поэзиясын халыққа қуат берген рухани күш ретінде бейнелейді. Мұнда әдебиеттің қоғамдық қызметі көрінеді. Сөз кейде адамның еңсесін көтереді, кейде тұтас халықтың рухын сақтауға қызмет етеді. Поэманың психологиялық түйіні ұстаздың шәкірттерге қарата айтқан өкінішінде жатыр:
Жастарсыңдар жалын жүрек, өр кеуде,
Келбетіңе қызығамын мен кейде.
Әттең, бүгін..., – деді ұстаз мұңайып, –
Өзегімді бір өкініш өртеуде.
Ұстаз жастардың бойындағы күш-қуатқа сенеді. Бірақ сол жастардың бабалар мұрасынан алыстап бара жатқанына қиналады. Оның өкініші — ұрпақ сабақтастығының үзілуінен қорқу. Поэманың соңындағы:
Қатты ұялтты ұстаз бәрін, масқара-ай,
Тығырықтан шығар жол жоқ басқадай.
...Содан бері сол балалар Жамбылдың
Жыр кітабын жүр қолынан тастамай,-деген қорытынды шығарманың бүкіл идеясын жинақтап тұр. Ұстаздың сөзі балалардың жүрегіне жетеді. Олар өз қателігін түсініп, Жамбыл мұрасына бет бұрады. Мұндағы «Сабақ» атауы да терең мағынаға ие. Бұл — тек мектептегі әдебиет сабағы емес, ұлт тарихын тану, рухани мұраға құрмет, ұрпақ алдындағы жауапкершілік сабағы. Автордың негізгі ойы — әдебиетті оқыту дегеніміз ақындардың өмірбаянын ғана жаттату емес, олардың рухын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Осы поэманың «Ақын деген...» өлеңімен идеялық байланысы да назар аудартады. Бірінде ақынның қоғам алдындағы жауапкершілігі айтылса, екіншісінде қоғамның ақын алдындағы жауапкершілігі көрсетіледі. Ақын халықтың рухани жадын сақтайды, ал халық сол жадты келесі ұрпаққа жеткізуге міндетті. Яғни, «Сабақ» поэмасының көркемдік салмағы — бір ғана ұстаздың өкінішін суреттеуінде емес, сол өкініш арқылы тұтас ұлттың рухани болашағына сұрақ қоюында. Жамбыл есімі бұл шығармада тарихи тұлғаның аты ғана емес, ұлттық жадының, әдеби мұраның және ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың символына айналған.
Поэманың негізгі түйіні де осында: өз ұлтының ұлы тұлғаларын танымайтын ұрпақтың рухани тамыры әлсірейді. Ал сол тамырды тереңдететін күш — әдебиет, ұстаздың өнегесі және тарихқа адалдық.
Жеті шығармаға үңіле отырып, мен Үміт Битенова поэзиясынан бір-бірінен алшақ тақырыптарды емес, тұтас бір дүниетанымды көрдім. Мен үшін ақын поэзиясының басты өлшемі — оның оқырманын қаншалықты ойландыра алғаны. Осы тұрғыдан алғанда, Үміт Битенованың қарастырылған шығармалары оқырманға дайын жауап ұсынбайды, қайта өзіне сұрақ қоюға мәжбүр етеді. Өйткені нағыз әдебиет адамның көңілін ғана емес, санасын да қозғауы керек. Ақынның биіктігі — өзгені төмендетуінде емес, өз ұстанымынан төмендемеуінде. Ал поэзияның биіктігі — өмірдің ащы шындығын көркем сөздің ақиқатына айналдыра алуында.
Үміт Битенова шығармашылығын осы өлшеммен бағалауға болады.
Гүлсара БАЙДАНОВА, әдебиет сыншысы.
