«Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен!

«Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен! - adebiportal.kz

15 қараша Бейімбеттің туған күні екен. Жазушының заманынан бері жүз жыл өтті деңізші.  Одан бері...  қаншама дүние өзгергенімен, адам мінезі, қоғамның сипаты өзгерген жоқ. Бейімбеттің кейіпкері Желдібайдың бүгінгі баламасы -  жүрген жерінде, әлеуметтік желіде  болсын даңғазамен танылуға тырысатын, нақты білімі мен ісінен гөрі  өзі жайлы жасаған  дақпыртына көбірек сүйенетін адамдар қазір біздің «бет-ажарымыз» болып отыр. 

Мысал келтірейік. 

 «Желдібай бесін кезінде аттанды. Ауылнай алдына әкеліп атты ұстағанда, үзеңгіге аяғын сала беріп, Желдібай тәлтіректеп құлап кете жаздады.

– Әй, ауылнай, қымызды көп беріп жіберген екенсің, –  деп өз-өзінен жырқылдап күлді.

...Топтанған жұрт ауыл сыртында тұрып қарсы алды. Мәжіліс ашылып, Желдібайға сөз берілді.

- Мен Жындыбаевпын!  деп бастады Желдібай.

Содан соңғысын жұрт та ұға алмады. Не айтқанын Желдібайдың өзі де білген жоқ. Әйтеуір ұзыннан-ұзақ созылған, бітпейтін бір әңгіме болды. Жұрт біріне-бірі қарап күңкілдесіп:

– «Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен! – десті»…

...Бірер ай өткеннен кейін гүбірнелік газетте Жындыбаев туралы хабар басылып шықты. Ел ішіне шыққандағы істегей жолсыздықтары теріліп сотқа беріліпті, түрмеге жабылыпты!

Жұрт еркін демін алып:

- Бәсе, солай болса керек, орнын жаңа тапқан екен!.. – десті.». 

- Ел алдында түсініксіз сөйлеп, өзін шешен көрсеткісі келген.

Заманның ыңғайын танығыш

Мысалы, Өңгелбай. Олар толып жүр. Тіпті көбейіп бара ма дейсің. Ұстанымынан гөрі қызметін жоғары қоятын, билікке қарай құбылатын олар жергілікті атқарушы билік органдарында, тіпті парламентте, билікте... 

«Өңгелбай биылғы сайлауда болыс болды. Мұның болыс болушылығына жұрттың көзқарасы бір-ақ түрлі: Қайткенмен еті тірі, пысық, табанды. Олай деушілікке себеп – Өңгелбайдың азырақ шикілігі бар. Бұдан 4-5 жыл бұрын қатардағы дәулетті үйдің бірі болған. Жалпыға келген жұт Өңгелбайды да ақ сирақ қылып кеткен. Әсіресе, өзі қатарынан мұның құлдилап кетуіне себеп: ол жылдары елде карта ойыны көп болып, Өңгелбай «кон» деп жүргенде малдың біткенін бір-ақ білген». Өңгелбай жынынан айырылған бақсыбай бірер жыл бос жүріп байқаса да, қысқа жіп күрмеуге келмей бара жатқан соң, ежелден келе жатқан ептілігіне салып, атқа мінген. Түрлі жиналыстарда, ауылнай сайлауларында кедейдің жағына шығып, байларға шоқпар дайындаған. Бұрын «кедей» десе жынданатын жұрт, осы күні «байсың» десе жым болып жүр ғой. Кедей мен байдың айырмасын жалпы жұрттың түсінуінше, мал екенді айдаған мырзалардың бүкіл малы жұтаса, "кедей" болып шыға келуі керек. Өңгелбайдың өзінің түсінігі де, Өңгелбай туралы жұрттың түсінігі де осы. Кедей – жалшылар ұйымын сайлағанда Өңгелбай солардың қақ ортасында болған. Оған кейін тұр дейтін жан жоқ. Кейін тұр дейтін еді, қай бір бұзаулы, бір атты кісіні неменеңе бай дерсің. Биыл сайлау басталғанда Өңгелбай кедей-жалшы ұйымының мүшесі болып үлгерген. Кедей-жалшының азынан сөз сөйлегенде таңдайы тақ-тақ етеді. Бұрынғы болыс орнынан түсіріліп, кедейлердің арасынан болыстыққа адам іздегенде Өңгелбайдан басқасы жарамайтын болып шығады. Әрі пысық, әрі қазақша хат таниды. Әліпті таяқ деп білмейтін қалың көпшілік арасынан жазу танығыш бір кедей тауып сайлаған соң, сайлаушының төбесі көкке жетіп қайтпай ма? Міне, содан бері Өңгелбай болыс. Бірен-саран байлар — жуандар бір кездегі үзеңгі жолдасы таққа мінген соң, қайта-қайта құтты болсын айтқансып, бағының таймауын, әкім алдар ісінің былықпауын көздеп, баяғы болысекеңнің писары Алексейді хатшылыққа ұсынған».

«Ел ермегі» де есіңізде шығар

«Әскерлікке алынған жастар елге келді. Шабындық бөлісі өтті. Ендігі ермегі не? Саспаңдар, ел табар. Шабындықтан туған бірталай дау бар. Күзге шейін сол ермек. Күзге қарай, егіс шықпаса, аштық ермек болмас па екен»? 

Қоғамдық назарды маңызды мәселелерден басқа жаққа бұру, ұсақ дауды үлкейту, елді бір тақырыптан екінші тақырыпқа жетелеп отыру – бұл енді біздің бүгінгі тірлігіміз, дәл біздің өмір. Біз кейде мына өмірдегі, қоғамдағы мәселелер туралы айта бастасақ, ортаға болмайтын бір тақырып тастай салады, эстрадниктердің өмірі, басқа бір адамдардың дау-дамайы.... келесі бір тақырып табылғанша соны езгілеп, созып, талғажау қылып отыра береміз, бізге тақырып табылса болды. 

Ал  «Шариғат бұйрығындағы»

Кәріекеңнің дінді өз пайдасына жаратқан, шариғатты жеке мүддесіне қарай түсіндіретін бейнесі бір адамдарды еске түсіреді. Қоғамда діни ұғымдарды өз пайдасына бұрып, өз әрекетін ақтау үшін небір ақылды сөздерді қалқан ететін адамдар барда күмәнді сектаға кіретіндер де азаймайды.

–  «Кәріекең ұсталыпты...» деген хабар тарағанда, жұрт екіге бөлінді: жастар, әсіресе мұғалімдер:

–   Баяғыдан бері өтірік көз жұмып, жұрттың қанын сорып болып еді, — деп табалады.

–  Шариғатқа қарсы іс істемеген шығар, ұстатып жүрген тік аяқтар ғой, деп шалдар жағы аясты. Ауыл-ауылдың ақсақалдары жиналып барып, соттан кепілге алды. Тайлақбайды үгіттеп малының төлеуін беріп бітірді. Басқа келген пәлені жалпы ел боп қақты. Бірақ ұры деген атты жоюға жұрттың әлінен келмеді.

 Кәріекең ұры атанды. Қатыны толғатқан қорқақ еркектер, баласы ауырған кемпірлеу әйелдер, зиянмасы бар қатындар бұрынғыдай аттан салып шауып, үшкіруді сиретті. Киімі көп, бай шалдар өлерінде «сүйегіме Кәрібай молда кірсін» деп өсиет қылмайтын болды. Сөредегі қалың кітаптардың, бой тұмар қылған, езіп ішкен «ісім ағзам» дұғасының шарапатын Кәріекең көре алмады. Ескі атақ, ескі даңқ, ескі абырой көзінен бір-бір ұшты» дейді. 

Бейімбет аштықты айтып қойғаны үшін атылды ма?

Бейімбет Майлиннің өмірді боямасыз бейнелейтін реалистік суреткерлігін талай ғалым, әдебиетші айтып шықты. Ғалым, филология ғылымдарының докторы және мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева өзінің ғылыми зерттеулерінде, соның ішінде «Қазақ әдебиетіндегі модернизм» атты іргелі еңбектерінде Бейімбет Майлин прозасының тарихи шындығы мен көркемдік ерекшелігіне зор мән береді. Төменде кітаптағы үзіндінің суретін бере кетейік. 

Ғалымның пайымдауынша, Б. Майлин прозасы тек социалистік реализм аясында ғана емес, ұлттық қасіретті астарлап жеткізген өміршең туындылар. Б. Қанарбаева ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы репрессия толқынының түпкі себептерін саралай келе, қазақ зиялыларының (соның ішінде Бейімбеттің де) жазықсыз тұтқындалып, атылуының басты себебі – 1921–1922 жылдардағы алғашқы нәубет пен ашаршылық шындығын шығармаларында ашық көрсетуі деп есептейді. Осы еңбегінде ғалым Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» және «Айт күндері» әңгімелерін ерекше атап өтеді. Кеңес өкіметі әлемдік баспасөзден жасырғысы келген қазақ даласындағы аштық трагедиясын Бейімбет өзінің осы прозалық туындыларында асқан суреткерлікпен, боямасыз бейнеледі. Бұл большевиктік жүйе үшін «сатқындықпен» тең еді. Ғалымның Бейімбет прозасын социалистік реализм шеңберімен ғана шектемей, оның астарындағы ұлттық шындықты тануға ұмтылуы оқырман ретінде өзіме ұнады. Шынымен де  Майлин шығармаларында кеңестік дәуірдің ресми ұраны мен ауылдағы нақты өмірдің арасында үлкен алшақтықты кейіпкерлер тағдыры, тұрмыс көріністері, жоқшылық, аштық, әлеуметтік теңсіздік арқылы көрсетті. Әсіресе, «Күлпаш» әңгімесінің тарихи-әлеуметтік маңызы айрықша. Мұнда аштық статистика немесе саяси ұран түрінде емес, адамның күнделікті тіршілігін күйреткен, ананы шарасыздыққа түсірген трагедия ретінде бейнеленеді. Кезінде «Мезгілде» мынадай ой айтылды. «Осыған (аштыққа) байланысты шындықты Кеңес Үкіметі жасырды. Әлемдік баспасөзге шықпауы керек еді. Бейімбет Майлин «Күлпаш» туралы әңгімесінде айтып қойды» –  дейді мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева.

Біздііңше, ғалымның пікірін одан әрі тереңдететін бір мәселе бар: Бейімбет Майлин тек аштықтың куәгері емес, ол – халықтың әлеуметтік жарасын көркем сөзбен хатқа түсірген суреткер. Оның шығармалары бүгінгі оқырманға сол кезеңді елестетіп қана қоймай, тарихи әділетсіздіктің адам өміріне қалай әсер ететінін сезіндіреді. Рас қой, әдебиет кейде тарихтың ресми құжаттарда айтылмаған, тіпті айтылуына тыйым салынған тұстарын адам тағдыры арқылы жеткізеді. Осы тұрғыдан келгенде Бақыткамал Қанарбаеваның бұл пікірі әдеби-ғылыми пайымының маңызын төмендетпейді. Өйткені Бейімбет шығармалары – ұлттың ұмытылуға тиіс емес тарихи жадын сақтаған көркем шежіре. 

Бейімбеттің 74 бүркеншік аты болған

Жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылымдарының академигі Тоқтар  Бейісқұлов Бейімбет туралы қаншама еңбек жазған адам. Ол Мәскеудегі Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде оқып жүрген кезінде-ақ Бейімбеттің журналистік қызметіне арналған курстық жұмыс жазып, кейін осы тақырыпты терең зерттеуге бел буған. Зерттеушінің айтуынша, оның ғылыми ізденісіне Бейімбет шығармашылығын жан-жақты қарастырған ғалым Темірғали Нұртазиннің пікірлері де ықпал еткен.

Осыдан кейін Тоқтар Бейісқұлов Бейімбеттің журналистік мұрасын зерттеуді қолға алып, бірте-бірте оның бүкіл өмірі мен шығармашылығын қамтитын ауқымды ғылыми жұмысқа кіріседі. 1979 жылы «Бейімбет Майлин – публицист» атты кітабы жарық көреді. Кейін «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?», «Қилы заман азабы», «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер» атты еңбектерін жариялайды. Тоқтар Бейісқұловтың зерттеушілік еңбегінің ең құнды тұстарының бірі – жазушының бұрын белгісіз болып келген мұраларын іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізуі. Ол архивтермен жұмыс істеп, Бейімбеттің бұрын жарияланбаған повестерін, әңгімелерін, өлеңдерін, фельетондарын, очерктерін, мақалалары мен хаттарын анықтайды. Зерттеуші Бейімбет Майлиннің шығармашылық мұрасын толықтыруға бағытталған жұмысты 2004 жылдан бастап Серікқали Байменшемен бірлесе отырып, көптомдық жинақ шығару арқылы жалғастырады. 

Тоқтар Бейісқұловтың тағы бір елеулі ғылыми жаңалығы – Бейімбеттің бүркеншік аттарын анықтауы. Бұған дейін Темірғали Нұртазин 21, кейін 30-ға жуық бүркеншік есімді көрсетсе, Серікқали Байменше 33 есімді анықтаған. Ал Тоқтар Бейісқұлов ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде олардың санын 74-ке жеткізеді. Зерттеушінің Бейімбет Майлиннің тергеу ісімен танысу үшін КГБ архивіне бірнеше рет жүгінуі де оның еңбегіндегі ерекше кезең. Ол жазушының қызы Гүлсімнің өтініші арқылы құпия сақталған қылмыстық іспен танысып, осы деректер негізінде «Бейімбетті атқан кім?» және «Қилы заман азабы» т.б. біраз еңбектерін жазады. Тоқтар Бейісқұловтың бұл еңбегіне бір ғана әдеби зерттеу деп қарауға болмайды. Ол үш бағыттағы жұмысты қатар атқарды: бейімбеттің әдеби мұрасын түгендеп,  белгісіз шығармаларды іздеп, жинақтап, жариялады. Осылайша тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тырысты: бұл оның жазушының қуғын-сүргінге ұшырау тарихын архивтік деректер арқылы зерделеуінен көрінеді. 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2074

Taza Qazaqstan