Мақтану – менің бойымда болмаған қасиет
Мұны мен тойдың материалдық шығыны деп содан қашқандықтан айтып отырған жоқпын. Әңгіме ақшада емес. Сондай-ақ «елуге келгенімді жұрт біліп қалмасын, жас қатарын жасырына тұрайын» дегендіктен де айтпаймын мен мұны. Ұялғансып, кішіпейілденіп, скромничать етіп те отырғаным жоқ. Әңгіме бұларда емес, басқада.
15 қараша – қазақтың арда ұлы Мәлік Ғабдуллиннің туған күні. Өткен жылы батыр-ғалымның 110 жылдығы атап өтілген болатын.
Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Кеңес Одағының батыры атағына алғаш ие болған жауынгер, жазушы, сонымен қатар ұстаздық, басшылық жолында да көптеген биіктерді бағындырған Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі ғұмыры – қарапайымдылықтың ғажап үлгісі. Мақтангершілік, атаққұмарлық, даңққұмарқұмарлық, әрдайым ел назарында болуға тырысушылық қатарлы жағымсыз әдет-қылықтарға деген қарсылықты көзқарасы Мәліктің хаттарында көрініс тапқан.
Әдебиет және өнер институтының директоры Мүсілім Базарбаевқа жазған хаты осы сөзіміздің дәлелі: «Құрметті Мүсілім!
Осы қағазға түсіріп отырған сөздерімді ауызша айтуға болатын да еді. Бірақ, олай етуді ыңғайсыз көрдім. Сондықтан ойымды өзіңе ағалық, жолдастық ретінде жазып білдіргенді мақұл көрдім.
Айтайын дегенім мынау еді: өткен жолы өзіңмен сөйлескенде, сен менен анкета толтырып беруді сұрадың. Айыбы жоқ тілек қой бұл. Бірақ осының соңында бір сыр жатқан сияқты. Ол сыр алдағы күзде менің 50 жасқа келуіме байланысты болса керек.
Ол рас, мен алдағы күзде (ноябрьде болар, тап қай күні екенін білмеймін) елуге келем. Бұл – қуанышты дата. Оны атап өткеннің де оқасы жоқ. Солай бола тұрса да өз қарабасым осындай тойға қарсымын, құптамаймын. Мұны мен тойдың материалдық шығыны деп содан қашқандықтан айтып отырған жоқпын. Әңгіме ақшада емес. Сондай-ақ «елуге келгенімді жұрт біліп қалмасын, жас қатарын жасырына тұрайын» дегендіктен де айтпаймын мен мұны. Ұялғансып, кішіпейілденіп, скромничать етіп те отырғаным жоқ. Әңгіме бұларда емес, басқада.

Өздерің білесіңдер, мен мақтаншақ адам емеспін. Мақтану – менің бойымда болмаған қасиет. Мен көзге мақтағанды иттің етінен жаман жек көремін. «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп айтылатын мақтауларды естігенде кірерге жер таба алмай өліп кете жаздаймын. Мұның есесіне менің бойымдағы, қызметімдегі кемшіліктер айтылса, соларым сынала көрсетілсе екен деймін. Бұлай етілгенде бойға жаңа күш-қуат, қайраттану, намыс оты пайда болатын секілді. Осы аталғандарды қатты еске алуыңды өтінем.
Менің 50 жылдығыма даярлануды көздеп қамқорлық жасағаныңа көптен көп рахмет. Бірақ орынсыз дабыра болмайық. Маған еш нәрсе керек емес. Бәрі бар. Ордендер мен медальдардың саны – он екі. Доктор наук, профессор, академик, заслуженный деятель науки деген атақтар бар. Үкімет пен партиядан, халықтан алғаным өте көп. Әттең не керек, мен осыншалық награда, атақтарға іспен, еңбекпен толық жауап бере алмай, барымды дұрыс өтей алмай келемін. Осыныма қынжыламын.
Сонымен, жоғарыда айтылғандарды еске алайық. Менің елу жасқа толуымды ресми түрде атап өткізбей-ақ қоялық. Бұған мен қуанбасам, өкпе-ренішім болмайды.
Зор құрметпен, Мәлік Ғабдуллин. 21.08.1965 ж.» Елу жылдық мерейтойын өткізуге қатысты, Мәлік Ғабдуллин осылайша көзқарасын білдіреді. Биыл өмірден өткен қызы Майдан апай өз естелігінде Кеңес Одағының батыры ретінде берілген «Алтын жұлдыз» медалін тағып көпшілік алдына шығуға әкесінің аса құлықты болмағаны туралы айтқан еді.
Қазақтың батырлық жырларынан филология ғылымдарының докторы атағын қорғаған ғалым Мәлік Ғабдуллин өлеңге біршама қабілеті болса да, өзін ақын ретінде қарастырып, нақты шұғылданбаған. Әрбір сәтте айтар ойын өлеңмен төгіп-төгіп жазып тастайтын қабілетіне қарай, өзі ақын ретінде қарастыратындар туралы Мәлік Есмағамбет Ысмайыловқа жазған хатында былай дейді: «Ұмытпай тұрғанда айтайыншы, осы маған тағылған ақын деген лауазымнан арылтыңдаршы. Абайдың нағашысы айтты дейтін мынадай бір әңгіме бар ғой: «Өлмей, өлмей қожа-молдалардан да ұят болды» деп. Сол сияқты кейбіреулер мені ақын деп ардақтайтын сияқты. Өтірік айтудың не керегі бар, мен ақын емеспін.
Сенің бір сөзің әлі есімде: «Жас кезінде өлең жазбаған қазақ жоқ» деп. Бұл дұрыс айтылған сөз. Ерте кезде, бұдан 10-13 жыл бұрын мен шатпақтап өлең жазбақ болғаным рас, бірақ олар – өлең емес, Әлішердің сөзімен айтқанда қотыр-қатыр тай еді. Одан соң мен өлең жазбақ түгілі оны оқыған да жоқпын. Олай болса, баяғыда қазан түбінде қаспақ қалып еді деп соны қыра берудің не керегі бар. Осы жайлы сен білгіштерге айтарсың. Мен жайында жазып жатқан пенде де барын естудемін. Көбіне сенімім жоқ, құр мақтау болып кеткен деп ойлаймын. Адалдық, шындық бар, болған жайды дұрыс көрсетіп бере алса жақсы ғой. Жоқтан бар етем деп фантазия жазған әрі өзіңе, әрі басқаға да ұят. Әңгіменің сол жағына бас-көз болғаның жақсы.
Мәлік Ғабдуллин – хаттар мен күнделіктерді көп жазған адам. Және оларды мұқият сақтап отырған. Соғыс жылдарында жазған аса көлемді дүниесі блиндажда өртеніп кеткен екен. Майданда жүргенде Алматыдағы жазушылармен, соның ішінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен жиі хат жазысып, түрлі тақырыпта, соның ішінде Қазақстандағы әдеби процесс туралы өзара талқылаулар жасаған. Ғабит Мүсіреповке жазған бір хатында мынадай ойларын білдіреді: «...Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Көп нәрсе жазылар еді. Оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым. (Көлемі 750 беттен артық дәптер бетімен санағанда), мұнда Бауыржан Момышұлы, Мұхан Сламқұлов (Сіз оны білесіз ғой), Балтабек Жетпісбаев, Төлеген Тоқтаров, Жалмұханбет Бозжанов, Қазтай Садуақасов, Жұмажан Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды. Қызық жерлері де бар. Бұларды Дихан, Сәду Машақов, Бақтияр Меңдіғазинге оқып ем, дұрыс десті. Бұл жазылғанға әдебиеттік тіл, көркем бояу, психологиялық характерлерді толықтыра түсу жағы аз.

Мен осы материалды Сіздердің пайдалануларыңызға беремін. Алыңыздар. Бірақ, соны қалай Сіздерге жіберерімді білмей дал болудамын. Почта арқылы жіберсең жоғалады.» Мәлік Ғабдуллин өз хаттарында тылда отырып майдан өмірі жайлы жазатын кейбір қаламгерлердің соғыс жағдайынан, командирлер мен сарбаздар арасындағы өзара тәртіп қағидалары мен ережелерден т.б. хабарсыз болғандықтан, өрескел жаңсақтыққа ұрынғандығы туралы ескертетіні бар. Осы хаттағы ойы – ақындар мен жазушыларға өзінің майдан қолжазбаларын пайдалануға бере алатындығы турасында. Бұл хаттың соңында да Мәлік Ғабдуллин өзі туралы бейнелеп, сипаттап жазғанда қаламгерлердің шынайы шындықтан ауытқымауын айтып өтеді: «Правдадағы» (25/ІV) мен туралы әңгімеде көп жалғандықтар бар: көп тіл білетін еді, ақын еді дегені қиянат жазылғандық. Ақын емеспін, болғам да жоқ. Жас кезінде жаман өлең жазбаған жас аз шығар. Ал, жалпы әңгіме «Правда» дұрыс айтқан, бірақ ол хикаяның 40-50 % ғана.»
Майдан мен ғылымда, білім беру мен қоғамдық іс-қызметтерде үлкен атақтарға ие болып, биік белестерді бағындырса да, кісілік пен кішілік, қарапайымдылық пен қамқоршылдық қалпынан айнымай өткен Мәлік Ғабдуллин тұлғасы – ұрпақтан ұрпаққа үлгі ретінде насихаттала бермек.
