Фольклор мен театр сабақтастығы
Кеше Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері үшін ерекше күн болды. Филология факультетіндегі әрбір күніміз қызықты оқиғаларға толы, алайда бұл жолғы дәрістің орны мүлдем бөлек.
«Халық шығармашылығы» пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Жібек Болтанова теория мен практиканы ұштастыру мақсатында бізге өте тиімді әрі заманауи оқыту әдістерін қолданып келеді. Ұстазымыздың ұйымдастыруымен фольклор сабағы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр режиссері, PhD, профессор Асхат Максимұлы Маемировпен «Спектакльден сценарийге дейін» шығармашылық кездесу өтті.
Фольклор мен театр өнерінің сабақтастығына арналған бұл жиында біз, студенттер, көкейкесті сұрақтарымызды қойып, сахна сыртындағы қызықты жайттар мен кәсіби маманның бай тәжірибесіне қанықтық.
Еуропалық театр мәдениеті және көрермен эстетикасы
Театр режиссері Асхат Маемиров – тек отандық қана емес, әлемдік театр мектебінің де қыр-сырын жетік меңгерген маман. Ол Францияның астанасы Парижде білім алып, үлкен тағылымдамадан өткен. Жиын барысында біз режиссерден шетелдік көрерменнің театрға деген қызығушылығы және өзінің елге қандай нақты жаңа әдістер мен тәжірибе алып келгені туралы жарыса сұрадық. Сұхбат барысында режиссер шетелдік мәдениет пен отандық өнерді сабақтастыра отырып, мынадай маңызды тұстарды атап өтті: «Париждегі және жалпы Еуропадағы театр – тек демалыс орны емес, қоғамның тынысы, философиялық ой-толғаныс алаңы. Шетелде адамдар бала күнінен театр тілін түсінуге, сахналық шарттылықтарды қабылдауға дағдыланады», – деді.
Асхат Максимұлы шетелдік мектептен алған ең үлкен тәжірибесі – классикалық туындылар мен ұлттық фольклорды заманауи форматта, жаңаша қырынан сөйлету екенін айтты. Осы орайда режиссер өзі сахналаған, халқымыздың інжу-маржаны – «Қыз Жібек» жырының желісімен жасалған қойылымды мысалға келтірді. Бұл туындымен театр ұжымы шетелдік сахналарда өнер көрсетіп, әлем көрерменіне қазақтың асқақ рухын, бай фольклоры мен махаббат дастанын жоғары деңгейде таныстырған.


«Фольклор аударылмайды»: Жапон театрынан түйген ой
Кездесу барысында режиссер бізді ерекше бір философиялық оймен баурап алды. Ол өз сөзінде шетел сапарларының бірінде жапон ертегілері қойылған театрға барғанын тілге тиек етті. Сонда жапон өнерпаздарының: «Фольклор аударылмайды. Төл фольклорымызды толық түсіну үшін жапон болып туылу керек» деген сөзін айтты.
Бұл – біз үшін өте терең пәлсапалық тұжырым болды. Расымен де, фольклор – әр ұлттың генетикалық коды, оның мыңжылдық жаны мен болмысы. Қазақтың батырлар жыры мен лиро-эпостарындағы қасиетті ұғымдар тек қазақ баласының қанымен, болмысымен берілетін қасиет екенін жүрекпен сезіндік.

Мәтін жаттау құпиясы: Фольклорлық жырлар мен театр сахнасы
Фольклор сабағында бізге көлемді жыр-дастандарды, батырлар жыры мен эпостарды жаттау үнемі үлкен қиындық тудыратыны жасырын емес. Осы орайда бізді: «Театрда актерлер сан парақтан тұратын рөлдерді қалай тез жаттап алады? Сахнада орындау үстінде мәтінді мүлдем ұмытып қалса не болады?» деген қызықты сұрақтар мазалаған еді.
Театр режиссері бұл сауалдарымызға кәсіби және өмірлік мысалдармен жауап берді. Ол театрда мәтінді құрғақ жаттау жүрмейтінін, актер ең алдымен өз кейіпкерінің мінезін, мақсатын түсініп, бейнені іштей сезінуі керектігін айтты. Ал сахнада сөз ұмытылған сәтте актерді тек импровизация мен тапқырлық құтқаратынын, бұл қасиеттің ертедегі жыраулар мен суырыпсалма ақындарға да тән болғанын түсіндірді.

Студенттік жыр шашу: «Бір ұядан түлеген қырандар»
Кездесудің ең әсерлі әрі рухты сәті – аудитория ішінен суырылып шыққан жас ақындар Қуаныш Аян мен Ерасыл Сейітжанұлының жыр шашуы болды. Айтушы Қуаныш Аян өз өлеңінде жиынның басты кейіпкері – режиссер Асхат Маемиров пен ұстазымыз Жібек Болтанованың бір ұядан түлеп ұшқанын өлеңмен өріп, бізді бір серпілтті:
...Айтпақшы Жібек дейтін апайыммен
Сыныптас екендігі сезіліп тұр.
Әй ол түгіл екен ғой группалас,
Ойнайтын бірін-бірін мезі қып бір.
Ал енді қолды соғып қойыңыздар,
Сіздерді көріп жүрек езіліп тұр.
Бір ұядан түлеген қырандарың,
Қадірін бір-бірінің тез ұғып тұр.
Ұлтымның бетке ұстар ұл-мен қызы,
Ұлттық универде кезігіп тұр...
Аян ақын Шекспирдің «Өмір – театр, адамдар – әртіс» деген тәмсілін одан әрі дамытып, студенттік өмірдің қызықты кезеңдерін театр жанрларына теңеп, дүйім жұртқа күлкі сыйлады. Студенттік күндерді – комедияға, сессия уақытын – трагедияға, ал арасындағы шытырман оқиғаларды драмаға теңеген жас ақынның өткір сөздеріне Асхат ағамыз да риза болып, жылы лебізін білдірді. Тіпті: «Біз де студент болғанбыз. Ескі дәстүрде ақындардың жыры үшін шашу берген» деп, екі ақынды ыстық құшағына басып, теңгелей демеушілікпен қолдағаны – халқымыздың игі салтының сахна төріндегі әдемі көрінісіндей болды.
Түйін
Театр мен фольклор – тамырлас өнер. Париж мектебінен өтіп, әлем театрының философиясын түйген режиссермен болған сұхбат бізге фольклордың тек «өткен күннің мұрасы» емес, ұлттың тірі жаны екенін ұғындырды.
Бізге тек теориялық білімді ғана беріп қоймай, оны заманауи өнермен, тірі тұлғалармен байланыстырып, осындай құнды дәрістер ұйымдастырып жүрген ұстазымыз Жібек Болтановаға алғысымыз шексіз. Университет қабырғасындағы мұндай рухани кештер мен жас ақындарымыздың жыр шашуы біздің ішкі дүниемізді байытып, таңдаған мамандығымызға деген құштарлығымызды одан сайын арттырды.
Шолпан Кішкенеева
Айнара Азиева
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
филология факультетінің
2-курс студенттері
(фотосуреттер авторлардың жеке қорынан)
