Мағира Қожахметова: «Үнемі НКВД-ның назарында болған адам»

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың туғанына 120 жыл. Ақынның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, өмір жолын зерделеу оның көзін көрген буынның айрықша назарында. Осы ретте Мәриям апамен етене араласқан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

9

Мағира Қожахметова: «Үнемі НКВД-ның назарында болған адам» - adebiportal.kz
Фото: М. Қожахметованың жеке мұрағатынан

— Мағира апай, Қостанай өңіріне келген сапарыңыздан бастасақ. Өткен жылы егінді алқапқа ат басын бұрдыңыз, біраз жәйтпен қанықтыңыз дегендей. Сапарыңыздың басты әсерлері мен кездесулеріңіз жайлы баяндап берсеңіз.

— Қостанайға бұған дейін де талай рет келгенмін. Бірақ сол жолғы сапарымның орны ерекше болды. Бұл жолы мен Қостанай қаласындағы Мәриям Хакімжанова атындағы №20 орта мектептің арнайы шақыруымен келдім. Білім ордасында бірқатар іс-шара өтіп, соған қатысып, ерекше әсер алдым. Мектеп директоры Жанаргүл Әнуарбекқызы Ешжанова елгезек, өз ісіне адал әрі әділ жан екен. Жаңашыл идеялары да көп. Мектептің тыныс-тіршілігінен осыны анық аңғардым. Білім шаңырағында Мәриям Хакімжановаға арналған арнайы бұрыш бар екен. Мектепке кірген сәттен-ақ Мәриям апамыздың рухын сезінгендей болдым. Оның өмірі мен шығармашылығына қатысты дүниелерді көріп, ерекше қуандым. Тіпті суреттердің арасынан өзіммен бірге түскен, бұрын-соңды көрмеген фотомды кездестіріп, таңғалдым. Оқушылардың Мәриям апамыздың шығармашылығына арнап дайындаған қойылымы мен концерті де көңілімнен шықты. Балалар оның өлеңдерін оқып, ақынның шығармашылығын сахна арқылы таныстырды. Мұның бәрі маған үлкен әсер қалдырды. Сондықтан болашақта осы мектеппен шығармашылық байланыс орнатсам деген ойға келдім. Білім шаңырағына мен жай келген жоқпын. Мені арнайы шақырған Ыбырай Алтынсарин атындағы музей директорының орынбасары Салтанат Өтеғалиева. Аталған музеймен бұрыннан таныспын, сондықтан олардың таныстыруы арқылы мектеп ұжымы мені арнайы қонақ ретінде шақырған екен. Шақырту алғаннан кейін «Мектепке не алып барамын?» деп ойландым. Содан өз мұрағатымды қарап, Мәриям апамыздың қолжазбаларын, өзіне қатысты түпнұсқа фотосуреттерді және басқа да құнды дүниелерді іріктеп алдым. Олардың кейбірін мектепке арнайы тапсырып кеттім. Мен кезінде Мәриям Хакімжанованың үш томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысқан едім. Сонымен қатар Оразалы Қозыбаев ағамыздың көмегімен «Бар қазаққа ән еді» атты екі жинақ жарық көрген болатын. Сол кітаптардың мектепте сақтаулы тұрғанын көріп, қатты қуандым. Өз еңбегімнің нәтижесін қайта көргендей әсерде болдым. Үш томдықты әзірлеу барысында Мәриям апамыздың көптеген қолжазбасымен танысқан едім. Солардың ішінде осы жинаққа енген өлеңдерінің бір дәптерге көшіріп жазылған қолжазбасы бар болатын. Сол қолжазбаны мектеп директоры Жанаргүл ханымға тапсырдым. 

— Әңгімені тереңдете түссеңіз. Сөз ауаныңызға қарасақ, біраз тағылымды істерді көріп қуанғаныңыз анық...

— Әрине, мектеп ұжымының болашақта Мәриям Хакімжановаға арналған музей ашу туралы жоспары бар екен. Жанаргүл ханым осы бастаманы жүзеге асыру үшін тиісті орындарға барып, үлкен жұмыс атқарып жүр. Егер бұл музей ашылып жатса, менің қолымда сақтаулы тұрған Мәриям апамызға қатысты дүниелердің біразын осы музей қорына тапсыруға дайынмын. Сапардың тағы бір маңызды қыры облыстық және қалалық білім басқармаларына барып, бірқатар мәселелерді талқылауымыз болды. Мен 25 жылдан бері «Балбұлақ» журналын шығарып келемін. Өкінішке қарай, журналдың Қостанай мектептерінде жеткілікті деңгейде таралмайтынын байқадым. Сондықтан қостанайлық оқушылар мен мұғалімдер осы басылыммен танысып, оқыса екен деген ниетпен журналды насихаттау жұмыстарын жүргіздім. Жалпы, Қостанай өңірінен біздің тұрақты оқырмандарымыз көп. Мәселен, Амангелді ауданындағы кітапханалар соңғы он шақты жылдан бері «Балбұлақ» журналымен тығыз байланыста. Енді осы үрдіс Қостанай қаласының мектептерінде де жалғасып, білім ошақтары журналға жазылса деген тілегім бар. Осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқардық. Сонымен қатар 22 жылдан бері шығарып келе жатқан «Дертке дауа» атты танымдық-медициналық газетімді де таныстыруға мүмкіндік болды. Журналист Назира Жәрімбетованы ертіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, басылым туралы әңгімелестік. Алдағы уақытта бұл газетке де жазылушылар саны артып, оқырман аясы кеңейсе деген ниеттемін. Сондықтан бұл сапарым аз да болса нәтижелі болды деп ойлаймын. Ең бастысы Мәриям Хакімжанованың мұрасын дәріптеп жүрген мектеппен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік туды. Болашақта мектептің музей ашу бастамасына қолдау көрсетіп, қолымдағы құнды мұраларды сол жерге табыстағым келеді. Ал өзім шығарып жүрген басылымдардың Қостанай облысындағы оқырмандары көбейсе, бұл мен үшін де, жалпы осы еңбектерім үшін де үлкен нәтиже болар еді.

Фото: М. Қожахметованың жеке мұрағатынан

— Сіз қазақтың бетке ұстар тұлғасы, Тобыл-Торғай өңірінің мақтанышы Мәриям Хәкімжанованың көзін көріп, онымен жақын араласқан адамсыз. Мәриям апа туралы естеліктеріңізбен бөліссеңіз, ол кісі қандай адам еді?

— Иә, Мәриям апаммен ұзақ жылдар араластық. Өткен ғасырда «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеген кезімнен бастап осы кісімен тығыз байланыста болдым. «Мәриям Хакімжанова қандай адам еді?» деген сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Ол кісі туралы кезінде көптеген мақала жаздым. «Егемен Қазақстан» газетінде Қойшығара Салғарин ағамыз қызмет атқарып жүрген кезде арнайы тапсырма беріп, Мәриям апаның өміріне арналған «Көңіл жүйрік, қалар емес жарыстан» деген көлемді мақалам жарық көрді. Одан кейін «Жалын» альманағында Мұхтар Шахановтың арнайы тапсырмасымен апамыздың өмір жолы туралы жазып, «Мәңгілік қасірет» атты мақала жарияладым. Бұл еңбектерді Мәриям апаны тереңірек тануға жасаған алғашқы қадамдарым деп есептеймін. Өйткені ол кезде Мәриям Хакімжанова туралы жан-жақты зерттелген, кең көлемді дүниелер көп жазыла қойған жоқ. Оның үстіне апамыз елу жасқа дейін қуғын-сүргіннің зардабын көріп, үнемі НКВД-ның назарында болған адам. Бұл тақырыпқа қатысты жазған дүниелерімнің біразы былтыр жарық көрген «Ұзақ жолдың бойында» атты кітабыма енді. Мәриям апаның хаттарына дейін зерттедім. Архивін ақтарып отырсаң, небір ғажап дүниелерге кезігесің. Мәселен, Ғафу Қайырбековтің Мәриям апаның ағасы Ахметжан қайтыс болғанда жазған көңіл айту хаты бар. Сондай тебіреніспен жазылған хатты оқып отырып, таңғаласың. Жалпы, Мәриям апаның өмірі де, архиві де, жинаған-терген қағаздарының бәрі де тарихқа тұнып тұр. Ал «Мәриям Хакімжанова қандай адам еді?» дегенге жауап берсем, ең алдымен оның адалдығын, жан дүниесінің мөлдірлігін, ішкі тазалығын айтар едім. Оның өмір бойы Серғали ағамызға деген махаббатына адалдығын сақтап өткеніне де қайран қалатынмын. Өзі жас кезінде, 15-16 жасында тұрмысқа шыққан. Зәкәрия деген ұлы болған. Оның Сырбай Мәуленовпен жасты екенін айтып отыратын. Кейін бірінші жолдасы да, ұлы да қайтыс болады. Одан кейін, 1930-жылдары Серғали деген азаматқа тұрмысқа шығады. Сол кісіге деген сезімін өмір бойы сақтап өтті. «Шын мәнінде, екі рет тұрмысқа шығып, он жыл да тұрмаған екенмін» дейтін. Оны жақсы көріп, құрметтеген адамдар көп болды. Бірақ соған қарамастан ол өз балаларына ғана емес, ағасының балаларына да қамқорлық танытты. Небір жетім-жесірді жеткізді. Балаларын балалар үйіне тапсырмай, өзі тәрбиелеп өсірді. Сондықтан Мәриям апа шын мәнінде бар қазақтың анасы болды десем артық айтқаным емес. Фариза апамыздың да оны осылай бағалағаны бекер емес.

— Оныңыз рас. Ол өте беделді, тұлға болған ардақты жан ғой...

— Мәриям Хакімжанова Қостанай өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға танымал тұлға десек лайықты сөз. Ақындығы өз алдына. Ал адамгершілігі ақындығынан да биік еді. Ол өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де ақын қыз-келіншектердің шығармашылығына ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова секілді өмірден ерте кеткен ақындардың өлеңдерін жинап, туыстарын іздеді, мұрасын түгендеп, кітап шығаруға, мақалалар жазуға атсалысты. Қазақтың ағартушы қыздары Назипа Құлжанова, Алма Оразбаева және кейінгі буын өкілдерінің бәріне үлкен құрметпен қарады. Олардың әрқайсысына ана ретінде де, ақын ретінде де, қайраткер ретінде де бағасын беріп, өз пікірін қалдырды. Мәриям апаның болмысын оның өзіне арналған өлеңдерден де көруге болады. Әбділда Тәжібаевтан бастап Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбековке дейінгі аға буын ақындар да, кейінгі буын өкілдері де оған арнап өлең жазды. Сол шығармалардың өзінен-ақ Мәриям Хакімжанованың замандастарының жүрегінде қандай орын алғанын аңғаруға болады. Мен бұл кісінің сан қырлы болмысын бір сұхбатта айтып тауысуым мүмкін емес. Оның қандай адам болғанын білу үшін өзі туралы жазылған шығармаларды, естеліктерді оқып, мұрасымен танысу керек. Мәриям апа қашан көзі жұмылғанша айналасына шуағын шашып, адамдарды бір-біріне жақындастырып өтті. Өзі сияқты қиындық көрген азаматтардың жарларымен де тығыз қарым-қатынаста болды. Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрамға, Бейімбет Майлиннің жұбайы Күнжамал апамызға ерекше құрметпен қарады. Сол кезеңнің талай тауқыметін көрген әйелдермен араласып, олардың тағдырын білді, сырын қанықты. Әмина Мәметовамен де жақын араласқан. Осының бәрі Мәриям апаның өмірінде қаншама үлкен тарих жатқанын көрсетеді. Меніңше, Мәриям апа кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге қалдырды. Арлы болу, таза жүру, ешкімге қиянат жасамау, адамға қол ұшын беру оның бүкіл ғұмырының өзегіне айналған қасиеттер еді. Сондықтан Мәриям апаның өнегесі мәңгілік деп ойлаймын. Мен өзім осы кісінің тәрбиесін көргеніме, жанында жүргеніме өте қуаныштымын. Ол мені «бір жапырағым» деп атайтын. Екеуіміздің жас айырмашылығымыз қырық жылға жуық болса да, арамыз өте жақын болды. Маған ешкімге айта бермейтін сырларын да айтатын. Оның біразын жаздым. Ал жазылмаған, тек сезіну мен түйсік арқылы көңілде қалған дүниелер де бар. Болашақта Мәриям апа туралы драма жазсам деген ойым бар. Мүмкін, сол кезде осы естеліктердің біразын пайдаланармын. Мәриям апаның өмірі театр сахнасына да арқау болды. Қостанай театрында ол кісіге арналған спектакль қойылғанын білемін. Жалпы, әр адам Мәриям апаны өзінше таниды. Оның замандастары, ақын-жазушылар, өзінен үлкен ағалары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер оған қамқорлық көрсетіп, шығармашылық жолына қолдау білдірген. Сол ағаларымыздың қазақтың талантты қыздарына деген қамқорлығына үнемі таңғалатынмын. Мәселен, Шолпан Иманбаева қайтыс болғанда Сәкен ағамыз қатты қайғырған. Мәриям апамен кездескенде де: «Өзіңді күт. Шолпаннан айырылып қалдық, оны біз сақтай алмадық. Өзің арықсың ғой, өзіңді күт» деп қамқорлық танытқан екен. Сәкен мен Бейімбет секілді алыптардың қазақтың жас ақын қыздарына осындай жанашырлықпен қарауының өзі үлкен мектеп деп ойлаймын. Ал Мәриям апа мұндай қамқорлыққа лайықты еді. Ол өз ағалары туралы ғана емес, қатарластары мен кейінгі буын қаламгерлері туралы да көптеген естелік қалдырды. Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев және басқа да ақындар туралы жазған естеліктері бүгінгі ұрпақ үшін аса құнды мұра. Менің басты тілегім — кейінгі жас ұрпақ Мәриям апаны жақсы білсе екен. Сондықтан оның өміріне қатысты қандай да бір дерекке, кез келген мәліметке сергек қараймын. Мәриям апа республикадағы талай ақын қыз-келіншекпен, өзінен кейінгі сіңлілерімен өмір бойы тығыз байланыста болды. Мәншүк Мәметованың архивін жинауға да ерекше еңбек сіңірді. Газет-журналдарда Мәншүкке қатысты шыққан титтей хабардың өзін қалдырмай жинаған. Орыс журналистерінің жазған мақалаларын да сақтап отырған. Архивін қарап отырсаң, оның осындай дүниелерді қаншалықты ыждағатпен жинағанын аңғарасың. Биыл Мәриям апамыздың туғанына 120 жыл. Осыған орай түрлі іс-шаралар өтетіні сөзсіз. Өйткені Мәриям апа бәрімізге ортақ, бәріміз жақсы көретін тұлға. Сондықтан ол кісі туралы әлі де талай дүние жазылып, айтылуы керек деп ойлаймын.

Фото: М. Қожахметованың жеке мұрағатынан

— Мәриям Хәкімжанованың шығармашылық мұрасы қазіргі таңда қаншалықты зерттелуде? Осы бағыттағы жұмыстарға көңіліңіз тола ма? Қандай жетістіктер мен олқылықтар бар деп ойлайсыз?

— Мәриям апамның шығармашылық мұрасын кім зерттеп жатыр, қалай зерттеп жатыр деген сұрақ, шынында да, қызық. Кезінде Мәриям апаның мұрасының көп бөлігін Орталық архивке тапсырғанбыз. Оның барлығының тізімі де бар. Өзінің көзі тірісінде-ақ көптеген дүниесі архивке өткізілді. Кейін келіні Әмина да апамыздың көптеген заттарын Орталық архивке және Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин музейіне тапсырды. Кітапханасы, өзі тұтынған заттары, басқа да көптеген дүниелері сол жерлерге берілді. Ыбырай Алтынсарин музейіне барғанымда, апамыздың негізгі кітаптарының қорда сақтаулы тұрғанын айтты. Әрине, оның жеке заттары мен кітапханасының барлығын бірдей көпшілікке ашық түрде көрсету мүмкін бола бермейтін шығар. Дегенмен, меніңше, мұндай мұра халыққа белгілі бір деңгейде тұрақты түрде көрсетіліп отырғаны дұрыс. Мысалы, Мәриям апаның туған күніне орай жыл сайын Орталық архивте немесе Қостанайдағы музейде арнайы көрме ұйымдастырылып, қорда сақталған дүниелерінің бір бөлігі көпшілік назарына ұсынылса, жақсы болар еді. Қазақ қыздарының ішінен тұңғыш роман жазған Сара Мыңжарованың қызы Қарлығаш анасының барлық заттарын, қолжазбаларын, жазған-сызғандарын жинақтап, Астанадағы Орталық музейге тапсырғанын білемін. 2024 жылы со кісінің туғанына 100 жыл болған кезінде осы мұралардың бір бөлігі көрме ретінде көпшілікке ұсынылса ғой деп іштей ойладым. Мұндай дүниелерді халық көріп, танып, қаламгердің шығармашылық лабораториясын сезінсе, оның мәні зор ғой. Сондықтан Мәриям апаның мұрасы қаншалықты зерттеліп жатыр деген сұрақ мені де ойландырады. Менің өзім ешкімнің тапсырмасымен бұл мұраны зерттеп жүрген жоқпын. Ешкім «осыны зертте» деп тапсырған емес. Бірақ өзімнің бір үлкен арманым бар. Мәриям апаның архивте сақталған хаттарын, қолжазбаларын, жазған-сызған дүниелерін түгел жинақтап, бір том етіп шығарғым келеді. Алайда мұның өзі оңай жұмыс емес. Кейбір хаттары латын қарпімен жазылған. Хаттары өте көп. Мәскеудегі ақын-жазушылардан келген хаттар бар, Қазақстанның әр өңірінен келген хаттар бар. Осының бәрін сканерлеп, электронды нұсқасын жасап, жүйелеп қойсам деген ойым бар. Бірақ өзімнің де атқарып жүрген жұмысым көп. Ай сайын газет-журнал шығарамын. Оның үстіне өз кітаптарымның электронды нұсқаларын дайындауым керек. Кеңес дәуірінде жазған «Түс - саяхаттар» атты циклдегі дүниелерімнің өзі бір кітап боларлық. Оны да жинақтап шығарғым келеді. Өзімнің көптеген дүниелерімді қазір іздеп жүрмін. Сондықтан Мәриям апаның қолымда сақталған архивін жүйелеп, бір емес, тіпті екі том етіп шығаруға да болады деп ойлаймын. Бұл болашақтағы жоспарларымның бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Қостанайдағы Мәриям Хакімжанова атындағы №20 мектептің болашақта музей ашу жоспары жүзеге асса, оның маңызы зор болар еді. Жанаргүл ханымның осы арманы орындалып, мектеп жанынан Мәриям апаға арналған музей ашылса, менің қолымдағы жазған-сызған дүниелерді де сол жерге тапсырып, оларды электронды түрде жүйелеуге мүмкіндік туар еді. Мүмкін, осы жұмысты мектеп ұжымы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы музей бірлесіп жүзеге асырар. Мәриям апаның архивін осылайша жинақтап, ғылыми айналымға енгізуге жол ашылар еді. Өйткені, шын мәнінде, мұндай ауқымды жұмыс бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Бұл тұтастай бір ғылыми-зерттеу институтының немесе арнайы зерттеу тобының жұмысын қажет етеді. Ал жекелеген адам ретінде менің арманым көп болғанымен, оның бәрін жалғыз өзім жүзеге асыруым қиын. Сондықтан қазір өзімде бар Мәриям апаның қолжазбалары мен басқа да мұраларын тиісті орындарға таратып, сақтап, жүйелеуге тырысып жүрмін. Мәриям Хакімжанованың архивін тұтас күйінде халыққа ұсынсақ деген үмітім бар. Менің басты мақсатым да апамыздың баға жетпес мұрасын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бейбіт Нұрмұханов,

Қостанай қаласы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2079

Taza Qazaqstan