Роза Мұқанова. Ләйләнің тағдыры – менің ұлтымның жарақаты
Жақында Астана қаласының Ұлттық Академиялық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті қаламгер, драматург Роза Мұқанованың төл туындысы «Мәңгілік бала бейне» шығармасының жарыққа шыққанына 30 жыл толуына орай, ағылшын және қазақ тілдеріндегі спектакль-кітабының тұсаукесері өткен болатын. Заман ағымы мен оқырман сұранысына орай, қазір нарықта кітаптардың форматы түрленіп, әртүрлі нұсқада жарияланып жатқан шығармаларды байқап жүрміз ғой. Алайда айта кету керек, қазақ шығармасы спектакль-кітап деген жанрда алғаш рет жарияланып отыр.
Жиынның модераторлық тізгінін ақын Ұларбек Нұрғалымұлы алды. Кездесуге жиналған көпшілікке арнайы шақырған спикерлерді таныстыра келе: «Қазір баршаңыз байқап жүргендей қазақ әдебиеті үлкен бір өрлеу үстінде. Мемлекет әдебиет саласына аса бір мән беріп, кітаптардың жарыққа шығуына, шет тілдерге аударылуына, тіпті оқырмандарды ынталандыру үшін Мемлекеттік деңгейде «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асырып жатыр. Осы жоба аясында біз бүгін халықтық қазынаға айналған, әдебиеттің алтын қорына қосылған ерекше шығарма «Мәңгілік бала бейненің» жарыққа шыққанына 30 жыл толуына орай жиналып отырмыз», - деген бастау сөзімен ашты. Ақын Нұрғалымұлы әрі қарайғы сөзінде шығарма авторы мен кітапты басып шығарған «Arman-Pv» баспа басшысы жақында Германияның Франкфурт қаласында өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде осы спектакль-кітаптың «The Angel of Karaul» деген ағылшынша атауымен таныстырылымын жасап келгені жайында жиналған көрерменге ерекше екпінмен айта кетті.

«Шетелдіктерге арналған бұл кітап таныстырылымында автор Роза Мұқанова өзге елдің оқырмандарына қолтаңба берді. «Сабақты ине сәтімен» деп содан аз уақыт өткенде белгілі ақын, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын бауырымыз Швед академиясының арнайы шақыруымен Швецияның Стокгольм қаласындағы Нобель кітапханасына барып, «Мәңгілік бала бейне» бастаған қазақ жазушыларының 14 кітабын ағылшын тіліндегі нұсқасын тапсырған болатын. Бұл да еліміздің әдеби өміріндегі елең еткізер жақсы жаңалық болды», - деп сүйінші хабармен тағы бір мәрте бөлісті.

Сондай-ақ модератор: «Біз бұдан бұрын өз қазанымызда ғана қайнап жатырмыз» деп көп айтушы едік. Қазір ептеп әлем әдебиетінің де қазанына қосылып, шетелдік әдебиеттанушылардың пікірлерін ести бастадық. Біріккен Ұлттар ұйымының негізгі 6 тіліне аударылған шығармалардың ішінде бүгін біздің басымызды қосқан осы туынды да бар. Енді сол кезден бастап аталмыш шығармаларды оқи бастаған шетелдік оқырмандардың пікірлерін тыңдайық», - деп, экранда «Мәңгілік бала бейне» шығармасын шетел тілінде оқып, шығарманы ұнатқан өзге ұлт оқырмандарының бейнепікірлерін тамашалаумен жалғасты.

Солардың арасында ерекше көзге түскен – Верена Цабель есімді неміс ұлтының ғалым қызы. Ол әуелі «Мәңгілік бала бейне» шығармасын шетел тілінде оқып, қатты әсерленгені сонша, осыдан біраз бұрын авторды іздеп келіп, Роза Қажығалымқызымен арнайы танысқан екен. Тіпті шығарманы түпнұсқадан оқуы үшін мақсатты түрде қазақ тілін меңгергендігін де айтады. Шығарма авторы үшін бақыт деген осы болар,бәлкім?! Төл туындың өзге бір ұлттың өкілін баурап алғаны сонша, қазақ тілінде сөйлетуге себепші болса, бұдан асқан қандай жетістік бар?!

Керемет кездесудің алғашқы сөз кезегі «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабының жарыққа шығуына мұрындық болған «Arman-Pv» баспасының бас директоры Дидара Алина ханымға берілді. Баспа басшысының жылы лебізінен соң, жиналған көпшілік алдында туындының тұсауын кесу мәртебесі қоғам қайраткері әрі Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіпке, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Асқар Алтайға, танымал режиссер, халық әртісі Нұрқанат Жақыпбайға, көпке танымал көрнекті қаламгер Шархан Қазығұлға, Құрылтай депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанға, Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы сынды зиялы қауым өкілдеріне құрметпен табысталды. Ел азаматтарының ақ батасымен соны бағыттағы спектакль-кітаптың қызыл лентасы қиылып, сән-салтанатпен тұсауы кесілді.

Жиынның ресми бөлімін театртанушы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нартай Ескендір өз баяндамасымен жалғады.

«Зерделі драматург Роза Мұқанова қаламынан осы уақытқа дейін тақырыбы, жанры, көркемдік-идеялық мазмұны әрқилы өрілген «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу», «Шатыр астындағы мен», «Фариза», «Сарра», «Муза», «Сен» сынды пьеселар туды. Драматург пьесаларының көтерген тақырыптары мен айтатын ойлары терең, қоғамдық-әлеуметтік ауқымды мәселелерді көтерумен ерекшеленеді. Роза Мұқанова тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрын ешкім батыл бара алмаған тың тақырыптарды көтерумен дараланды. Оның «Мәңгілік бала бейне» атты әңгімесі – Семей полигоны туралы үлкен мәселелерді қозғаған күрделі шығарма. Тәуелсіздік алғаннан кейін полигонның зардабы ашық айтылып, кейін полигон жабылғанымен де әлі күнге дейін оның халқымызға тигізген кесапаты жойылған жоқ. Қасиетті Семей өңірінде жүргізілген бұл сынақ қаншама адамдардың тағдырын басқа арнаға бұрып, бүкіл қазақ елінің айықпас «жарасы» болып қалды», - деп сөзін бір қорытты. Сондай-ақ, Нартай Ескендір баяндама барысында дәл осы «Мәңгілік бала бейне» туындысын ең алғаш сахналаған белгілі режиссер Болат Атабаевқа да тоқтала кетті.

«Мәңгілік бала бейне» әңгімесін арнайы іздеп жүріп оқыған режиссер Болат Атабаев: «Роза, сен бұл әңгімеңді драма театрына арнап жаз», - деген. Алайда автор бұл ұсынысқа бірден келісе алмаған. Өйткені драманың өз заңдылықтары мен теориясы бар еді. Дегенмен осындай күрмеуі қиын күрделі жанрға алғашқыда жүрексіне қадам басқан Роза Мұқанова бірте-бірте драматургиялық шеберлігін шыңдап, уақыт өте жатсынбай кірісіп кетті. Бүгінде автор: «Мені драматургияға әкелген режиссерім – Атабаев» деп ілтипатпен айтып отырады. Осылайша екі алып тұлғаның тандемінен туған керемет драмалық қойылым көптің көңілінен шықты», - деп ойын түйіндеді. Келесі сөздің кезегін Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы, жазушы Алмаз Мырзахмет алды. Алмаз мырза жиналған қауымды және шығарма авторы Роза Қажығалиқызын спекткаль-кітаптың жарыққа шығуымен құттықтай келе: «Мәңгілік бала бейне» кітабының 30 жылдық тарихын аға-апарымыз ашып айтып жатыр. Мен енді осы тұста аударма мәселесіне тоқталғым келіп отыр», - деп қазақ әдебиетінің әлемге танылу жолындағы негізгі бір тармағы аударма жайында атқарылған істер жайында айта кетті.

«Бүгінде Мәдениет министрлігі аудармаға қатысты бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Мемлекет басшысы өз жарлығындағы бір тармақты қазақ әдебиетін әлем оқырмандарына дұрыс таныстыру үшін сапалы аударманың қажеттілігі жайында нақты тапсырмалар берген болатын. Биыл міне үшінші жыл қатарынан Мәдениет министрлігінің көмегімен Франкфурт қаласындағы кітап көрмесінде үлкен ұлттық павильондар ұйымдастырылуда. Бұл ұлттық павильонда отандық баспалар өз өнімдерін тегін қойып, әлем жұртшылығына таныстырып жатыр. Одан бөлек өткен жылы тұңғыш рет Пекин қаласындағы ең ірі кітап көрмесіне, Гуанжоудағы кітап көрмесіне қазақ әдебиетінің кітаптарын қойып, ұйымдастырдық. Абу Даби қаласында да биыл екінші рет ұлттық павильонымызды құрып, кітаптарымызды таныстырып жатырмыз. Биыл Болоньядағы балалар кітап көрмесіне Қазақстан атынан кітап өнімдерін ұсындық. Енді алдағы уақытта Стамбул көрмесіне дайындық үстіндеміз. Осы спектакль-кітаптың сол көрмеде тұсауы кесіледі деген ойдамыз. Бұдан бөлек, аударма саласындағы аудармашыларға қолдау көрсету мақсатында «Айбоз» ұлттық сыйлығында «Үздік әдеби номинациясы» биыл алтыншы рет табысталайын деп отыр. Оның қаржылай сыйлық қоры 5 млн теңгені құрайды. Өткен жылдан бастап, тұрақты өткізіліп келе жатқан ұлттық кітап байқауында, арнайы баспаларға арналған номинация да қосылды. «Үздік аударма кітабы» атты номинация осы аударма саласын дамыту мақсатында баспалар үшін қосылған болатын. Сондай-ақ, еліміздегі барлық баспа өкілдерін арнайы шақырып, ақылдаса отырып, мемлекеттен тыс әркім өз бастамашылдығымен қазақ әдебиетіндегі кез келген қаламгерлерді таңдап, сол жазушы шығармасын баспа өз қаражатына аударып, әлемге таныстырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару жайында ұсыныс айтқан едік. Осы кездесулердің нәтижесінде бізде тұңғыш және әзірге жалғыз баспа ретінде «Arman Pv» баспасы Роза Қажығалымқызы мен Жанат Әскербекқызының кітабын таңдап, авторлармен кездесіп, өзара келісімшартқа отырып, үлкен игілікті істер атқарып жатыр екен. Осындай жемісті жұыстың нәтижесі ретінде алғашқы қарлығаштары болып «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабы жарияланып жатқаны қуантарлық жағдай. Шығарма авторына және баспа ұжымы мен басшысы Дидара Алина ханымға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да мұндай ізгі істер жалғасын табады деген сенімдемін», - деп аудармаға қатысты бірқатар жаңалықтарымен сөзін қорытындылады.

Жиынға жиналған зиялы қауым өкілдері әрі қарай өз кезегімен пікірлерін білідірді. Солардың қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, халық әртісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбай да сүбелі сөз, келелі ойларын ортаға салып, «Мәңгілік бала бейне» шығармасының жарияланғанына 30 жыл толуына орай автор Роза Мұқановаға ыстық ықыластарын жеткізді. Кездесуді тұщымды ойымен Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жалғады. Ол: «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабын парақтай отырып, нағыз спектакль көргендей әсер алдым. Бұл суретші мен жазушының өнері тоғысқан тамаша дүние екен», - десе, жазушы Асқар Алтай: «Роза, сенің бұл шығармаң тұтас ұлттың ұлы дауысы!», - деп жоғары бағасын берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шархан Қазығұл: «Мәңгілік бала бейне» өзі қысқа болғанымен, құны басым, сүйекті шығарма», - деген кітапқа қатысты келелі ойын жеткізді. Әдемі отырыс Астана қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының актерлері ұсынған «Мәңгілік бала бейне» шығармасының сахналық үзіндісімен жалғасты. Жанды түршіктірер керемет актерлік ойын көзге жас үйіріп, отырған көпшілік талантты жастарға қошеметін аямады. Осымен жиынның ресми бөлімі аяқталды.

Микрофон тізгінін ұстаған Ұларбек Нұрғалымұлы ендігі кезекті ерікті сөз алушылардың бірі Оңайгүл Тұрсынға ұсынды. Қазақтың белгілі ақыны, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы, драматург және ұстаз Оңайгүл Ізтұрғанқызы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы жайында былай деді: «Жалпы кез келген шығарманың қасиеті деген болады. Яғни ол автордың көзімен қарағандағы ракурстан бөлек болуы мүмкін. Ол шығарманы оқыған оқырман басқа қырынан қабылдап, өзінің бойына солай сіңіруі мүмкін. Шығарманың қасиеті дегеніміз де осы. Мұны айтып отырған себебім, «Мәңгілік бала бейнені» жазушы Роза Мұқанова оқырманға басқа қырынан танытса, театрға алғаш сахналаған режиссер марқұм Болат Атабаев көрерменге мүлде басқа қырынан, ал кейіннен қайтадан жаңа тыныспен сахнаға алып келген талантты режиссер Нұрқанат Жақыпбай өзі қабылдаған тіпті бөлек нұсқада халыққа тамаша туынды етіп ұсына алды. Ал енді әлемге танытып, қазақтың сүбелі шығармасын ағылшын тіліне аударып, оны баспадан шығарған баспа ұжымына да рақмет айтамыз. Роза, мына кітабың әлемнің әрбір оқырманының қолында жүрсін деп тілеймін, соған сенемін. Қазақ әдебиетінің жаңа бір өрлеу кезеңінің бастауы осы туынды болса екен деймін. Өйткені шығарма бұған әбден лайық», - деп оң бағасы мен батасын берді.

«The angel of Karaul» атауымен ағылшын тіліндегі нұсқасы Нобель кітапханасына қойылған бұл туынды биыл қыркүйекте басталған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасының оқу тізіміне де енген еді. Жиынның тобықтай түйінін жасап, қорытынды сөз кезегі шығарма авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Қажығалиқызы Мұқанованың өзіне берілді.
«Құрметті қонақтар! Бүгін сіздердің «Мәңгілік бала бейне» жайлы жылы лебіздеріңіз бен пікірлеріңізді тыңдағаныма өте қуаныштымын. «Бұл шығарманың шыққанына 30 жыл болған ғой», - демей-ақ, уақыт тапшы заманда уақыт тауып келгендеріңіз үшін көп рақмет!» - деп автор әуелі жиналған көпшілікке зор алғысын білдірді. «Иә, бұл шығарма алғашқы дебют әңгіме болып жазылған туындым еді. Сол кезде-ақ, бұл еңбегім үшін оң пікірлер мен жылы сөздер естігенім рас. Содан бұл туынды өнердің әрбір жанрына ауыса бастады. Менің бағыма қарай, бұл шығармаға Болат Атабаевтай ұлы режиссер кезікті. Болаттан кейін Қазақстанның барлық театрлары сахналап, қоя бастады. Солайша бір кездері «Мәңгілік бала бейне» шығармасы ел ішінде танылып, шарықтаса, енді бір кезеңде барлық театр репертуарларынан бір сәтте алынып тасталынған болатын. Сөйтіп тіпті автор ретінде өзімді театрға 20 жылдай жолатпаған қиын шақтарды да бастан өткізгенім бар. Сондай қиын кезеңдерде «Мәңгілік бала бейнені» қайтадан көтеріп, «аяғынан тік тұрғызған» режиссер Нұрқанат аға Жақыпбайға рақметімді айтқым келеді. Бұл шығарманы өміршең етіп, қайта тірілтіп, шыңыраудан сахна төріне алып келіп, қазақ театрының пердесін қайта ашқызды. Осындай кезеңдерде мені қолдаған режиссерлер, жазушылар, ақындарға алғыс айтамын. Енді бір кезеңдерде «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләға ақындар өлең арнады, Ләйлә фильм болды. Осы тұста есіме түсіп отыр, бір режиссер айтып еді. «Уақыты келген кезде Ләйлә опера да, балет те, фильм де болады. Себебі Ләйлә көтерген жүк – ұлттың жүгі!» - деп. Бұл шығармадағы адамның жан-дүниесін талқандаған, сойқан дәуірді бастан кешкен Ләйләнің тағдыры – менің ұлтымның жады, менің ұлтымның жарақаты. Көп сөйлемей-ақ қояйын. Осы шығарманы әрі қарай жандандырып жүрген, оқырманға, көрерменге бас иемін! Бір уақытта осы туындымды Абзалбек деген жас режиссер инклюзив театр сахнасына қойып еді. Содан кейін «Атабаевтан Абзалбекке дейін» деген көлемді мақала шыққаны да есімде. Енді биыл менің бағыма қарай, Дидара ханым өзі шетелде тұрса да, «Мәңгілік бала бейнені» қазақ әдебиетінің тарихындағы тұңғыш спектакль-кітап етіп шығарып отыр. Бұл туынды қазақ баспа саласына осындай тың жанрды алып келді. Өткенде біз Франкфурттегі көрмеде, шетелдік оқырмандар іздеп келіп, осы кітабыма қолтаңба алып жатты. Бұл ба бір жаңа кеңістік деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті – ұлы әдебиет! Ұлы тұлғалары көп әдебиет. Олар оқылуы керек, олар аударылуы керек!» - деп шығарма авторы Роза Қажығалымқызы қорытынды сөзін жеткізді.

Біріккен Ұлттар ұйымының 6 негізгі тіліне аударылған «Мәңгілік бала бейне» туындысы араға ширек ғасырдан астам уақыт салып, жаңаша түлеп, тың форматта оқырмандарға ұсынылғаны қуантады. Жаһан жұртышылығына ой салған өміршең туынды – қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде насихатталуына үлкен үлес қосып отыр.

Шекара асып, әлем аралаған қазақтың «Мәңгілік бала бейнесі» – бір ғана кейіпкердің тағдырын емес, тұтас ұлттың, жалпы адамзаттың жан-жарасын, соғыс пен ядролық қасіреттің жазылмас ізін бейнелейтін шедевр. Уақыт өткен сайын құндылығы артпаса, еш кемімеген аталмыш шығарма өзге мемлекеттегі оқырмандарын да бейжай қалдырған жоқ. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт күннің қадірін үнсіз ұғындырған бұл өміршең туындыға ұзақ ғұмыр тілейміз!
Фотосуреттер Arman PV баспасынан алынды
