Жұмекен Нәжімеденов жайлы 7 дерек
Қараша айының 28 жұлдызы – «Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін…» деп, ел көгінде қалықтай шырқалатын мемлекетіміздің Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін жазған жүректі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні. Осыған орай, қазақ поэзиясына сыршылдық пен тереңдік әкеліп, ұлттық рухты жырларына арқау еткен ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көпшілік біле бермейтін қызықты деректерді ұсынамыз.
Ақынның азан шақырып қойылған есімі – Жұмамеден. Жұмамеден әкесі соғысқа кеткен соң, кемпір-шалдың бауырында өседі. Әжесінің еркелетіп «Жұмекен» деп атаған есімімен кейіннен қалың қазаққа танымал болады.
Жұмекен Нәжімеденовтың әкесі Сабыр 1939 жылы әскерге алынып, артынан II дүниежүзілік соғысқа аттанады. Кейіннен отбасы «ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты» деген қарақағаз алады. Күйеуі майданға кеткенде, анасы Мүслима 3 баласымен ата-енесінің қолында қалған.
Кемпір-шалдың бауырында болған Жұмекен туған шешесін кішкентайынан Мүсеке деп атап, жеңгесі есебінде қабылдап кеткен.
Жұмекен Нәжімеденов талантты ақын, көрнекті қаламгер ғана емес, домбыраның құлағында ойнап, өз жанынан күй шығарған дәулескер күйші де болған. Оның күй өнеріне арналған «Күй кітабы» атты жинағы бар.
ҚР Мемлекеттік Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңін ақын небәрі 21 жасында шығарады. Ақын жайлы жұбайы Нәсіп Хамитқызы Мұстахованың естелігінде: «Жұмекен «Менің Қазақстаным» өлеңін 2 сағатта жазып шықты»,- деген.
Жұмекен Сабырұлы ақ, қара, сұр, қоңыр, қызыл сынды сан алуан түске арнап өлең жазып, әрқайсысына өзіндік терең мағына дарыта білген сыршыл ақын. Мұны ақынның «Жеті бояу» жыр жинағындағы түстерді жалаң бояу, табиғат көрінісі немесе заттың сипаты ретінде ғана емес, адам жанының күйін, өмірдің қайшылығын, қоғамның шындығы мен уақыттың тынысын танытатын көркемдік құрал ретінде қолданғанынан-ақ аңғарамыз. Ақын поэзиясындағы түстер әлемі – оның дүниетанымын, болмысқа деген көзқарасын танытатын ерекше поэтикалық көзқарас.
Ақын 1983 жылы төртінші мүшеліне қараған шағында өмірден өтті.
