Думан Рамазан. Біз түгілі Абай мен Әуезовті де сынаған

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазушы Думан Рамазанның шығармашылық жолы – жанрлық ізденіс пен тақырыптық тереңдеудің үлгісі деуге болады. Әдебиеттегі жолын әңгіме жанрынан бастаған қаламгер кейін драматургияға  ойысып, тарихи тақырыптағы пьесалары сахнаға жол тартып, көрерменмен қауышты. Ал бүгінгі ізденісі роман жанрымен сабақтасып, шығармашылықтың жаңа белесіне ұласып отыр. «Әдебиет порталы» үздіксіз еңбектің нәтижесінде әр бағытта жаңа көркемдік мүмкіндіктерді игеріп, шығармашылық ізденісін жалғастырып келе жатқан қаламгермен сұхбаттасқан еді. Шығармашылық жолы, драматургиядағы ізденістері, тарихи тақырыпқа баруы және бүгінгі әдеби процесс  жөнінде әңгімелесе келе  жазушы үшін әдебиет дегеніңіз  – тек көркем дүние тудыру емес, ұлттың рухани кеңістігін байытуға, тарихи санасын жаңғыртуға қызмет ететін жауапкершілік екенін аңғарғандай болдық.                                                                                                                                                             

Думан  Рамазан. Біз түгілі Абай мен Әуезовті де сынаған - adebiportal.kz

 Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Думан Рамазанмен сұхбатымыз былай өрбіді.

– Думан аға, міне Тәуелсіздіктің 35 жылдығы деп жатырмыз, осы жылдарда өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгерлер кімдер еді деп ойлана түстім де, ойыма бірден сіз келдіңіз. О баста әңгімелеріңізді, хикаяттарыңызды оқыдық, сонау «Құсадан», «Көштен» бастап, мистикалық әңгімелеріңізден оқыған едік қой. Кейін сізде шын мәнінде шығармашылық өрлеу басталды. Қазір сізді драматург ретінде де жақсы біледі.

Енді әңгімені мынадан – жазушының қайраткерлігі дегеннен бастасақ. Біреулер шығармашылық деген Құдайдан берілген қабілетті ұштау, дамыту деп түсінеді, біреулер үшін бұл ұстаным. Азаматтық ұстаным. Мысалы, сіз о баста әңгімелеріңізге елдің басынан өткен тарихи жағдайларды өзек етіп алатынсыз, кейін тарихи драмаларға ойысқанда да сөз болатыны осы ел, жер мәселесі. Мысалы, Кенесары туралы жазғаныңыз да себепсіз емес сияқты,  «Хан Кененің қазасы», «Кенесары – Күнімжан» пьесасы делік, осы Кенесарыны іштей өзіңізге бір идея қылып алғандайсыз. Кенесары мұраты – азаттық, еркіндік қой. Сіз де кезінде жер сатылмасын дегеннен бастап, Қаңтар оқиғасына қатысты, берідегі елдің жайына шын жаны ашып,  пікіріңізді ашық  айтып жүрсіз.   Бүгінгі жазушылар арасынан  Виктор Гюго сияқты не жазса да, қандай әрекет қылса да бір француз халқының мүддесі деген анық мақсаттан айнымаған қайраткер іздеу қаншалықты қисынды? Жалпы кез келген қаламгер іші-сыртымен өзі жазған дүниесімен тұтас болу керек дегенге пікіріңіз қалай? Және өзіңіз үшін қайсысы маңыздырақ: қоғамға тікелей үн қату ма, әлде сол қоғамның шындығын көркем шығарма арқылы жеткізу ме?

– Жылы лебізіңізге көп рахмет! Сіз өте дұрыс байқағансыз. Әр қаламгердің өз ұстанымы бар, әркім өзінше дұрыс. Өнердің басты миссиясы – тек таза шығарма тудыру деп білетіндер де бар. Оларға «сендердікі қате» деп кесіп айту қиын. Өйткені, «Өнер – өнер үшін» деген ұстанымды да терістей алмаймын. Дегенмен, мен үшін әдебиет – жай ғана көркем сөз емес, ол – ұлттың жан айқайы мен тағдыр-талайы. Мен ең алдымен қаламгер емес, қазақтың баласымын, елімнің ертеңіне алаңдаймын. Мені Кенесары ханның тұлғасына алып келген де осы ұлттық мүдде. Ұлт үшін Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Ендеше, азаттық жолында басын бәйгеге тіккен тұлғалар ұрпақ санасына сіңіріліп, дәріптелуі тиіс. Рухы биік буын сонда ғана қалыптасады.

Біз барлық мәселесі шешіліп, уайымсыз отырған ел емеспіз. Сондықтан қаламгерге көркем шығарма жазу да, қоғамға тікелей үн қату да бірдей маңызды. Бұл тұрғыда Виктор Гюгоның: «Қаламгер – өз дәуірінің ар-ожданы болуы тиіс» деген сөзін толық қолдаймын.

Кез келген адамның, әсіресе өнер адамының сөзі мен ісі бір жерден шығуы керек. Қағаз бетінде асқақ идеалдарды жырлап, өмірде шындықтан бұғып қалу – қаламгерлікке сын. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда бізге дәл осы ішкі тұтастық пен азаматтық ұстаным жетіспей жатқанын мойындауымыз керек.

– Жалпы сіз үшін тарихи шындықты қалпына келтіру маңызды ма, жоқ әлде сол дәуірдің рухын сезіндіру ме?

– Екеуі де бірдей маңызды. Бұлар – бір құстың қос қанатындай, бірінен-бірін бөліп алып қарауға мүлде болмайтын дүниелер. Тарихи шындықсыз дәуірдің рухын жеткізу мүмкін емес, ал рухсыз құрғақ дерек – жаны жоқ сұлба ғана.

Мәселен, біз «Кенесары – Күнімжан» тарихи драмамызда Ресей империясының отарлау саясатын, халқымыздың басына төнген зобалаңды барынша ашып көрсетуге тырыстық. Кенесары ханның не үшін атқа қонғанын, оның күресі жай ғана билікке талас емес, ұлттың жойылып кетпеуі жолындағы жанқиярлық қадам болғанын көрерменге ұқтырғымыз келді. Ол үшін сол кездегі заманның шынайы кескін-кейпін, қазақ халқының тыныс-тіршілігін, арман-аңсары мен тағдыр-талайын боямасыз суреттедік. Яғни, мұрағаттық деректерге жан бітіріп, сол дәуірдің асқақ рухын көрерменге сезіндіре алдық деп ойлаймын.

Ең бастысы, біз өткеннің оқиғасын тек тарих қойнауында қалдырмай, оны бүгінгі күннің шындығымен шебер астастырдық. Өйткені тарих – өткен күннің елесі ғана емес, ол болашаққа бағыт сілтейтін бағдаршам. Егер сол заман мен бүгінгі күннің арасына алтын көпір орната алмасақ, шығармамыз жай ғана шалажансар дүние болып, Кенесары туралы қалам тербеудегі басты мақсатымыз орындалмай қалған болар еді.

Бұл туынды – біздің бүгінгі қоғамға айтар үлкен ескертпеміз, ұлттық қауіпсіздік хақындағы дабылымыз. Өткеннің қателігінен халық тәлім алса, ал билік басындағылар тарихтың ащы сабағын ескеріп, елдік мүддеге сергек қараса деген ақ ниетіміз бар.

– Бір жылдары тарихи драмалар жазудан бас тартамын деген ыңғайда сұхбат бергеніңіз бар, бұл сол кездегі көңіл-күйіңізге байланысты айтылған шығар деп ойлаймын, себебі одан кейін қаншама жақсы дүниелер бердіңіз ғой. Әлихан Бөкейхан туралы жазам деген арманыңызға жетуге аз қалды ма? Кенесары мен Әлиханды екі бөлек дәуірдің тұлғалары десек те, екеуінің де мұраты – ұлттық дербестік, осы екі тұлғаның тағдырын салыстырғанда қазақтың азаттық жолындағы күресінен қандай сабақтастық көресіз? Әлихан Бөкейханды жазарда Алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасы мен сол кезеңдегі идеялық қайшылықтарға да тоқталар ма едіңіз?

– Менің «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек», «Жошы хан» секілді тарихи драмаларым еліміздегі қазақ театрларының сахнасын шарлап кетті. Бұл туындылар өзім өмір сүріп отырған қоғамға ауадай қажет еді және олар өз деңгейінде сол рухани сұранысты өтеді деп ойлаймын.

Әрине, мен бұл шығармаларымда ұлы хандарымызды идеал тұлға ретінде суреттедім. Оларды басқаша қалай бейнелеуге болады?! Мәселен, Кенесары ханның пенде ретінде қандай да бір қателігі болса да, оның негізгі ұлттық идеясы, азаттық жолындағы жанқиярлық іс-әрекеттері мен батыл шешімдері сол олқылықтардың бәрін жуып-шайып, ақтап алады. Абылай хан да дәл солай. Олар ең алдымен қазаққа, туған халқына, елінің тұтастығына қалтқысыз қызмет етті. Дегенмен, тарих тек ақ парақтан тұрмайды. 

Өз халқына тізесін батырған қанішер, қатыгез, тіпті ел мүддесін саудаға салған ақымақ әрі сатқын билеушілер де болған. Құдай бұйыртса, алдағы уақытта олар туралы да қалам тербемек ойым бар. Себебі қоғамға үлгі тұтар, ұстын болар тұлғалар қаншалықты керек болса, жиіркеніш тудырып, сабақ болар антиқаһармандар туралы да ашық жазылуы тиіс. 

Өмірде ақ пен қара, жақсылық пен зұлымдық қашанда қатар жүреді емес пе?! «Көш» әңгімемде ондай көсемнің бірін сомдап та қойдым. Болашақта да жалғастыра беремін. 

Шынын айтсам, кезінде Әлихан Бөкейхан туралы да тарихи драма жазып тастайын ба деп оқталғанмын. Бірақ ойлана келе, бұл ниетімнен уақытша бас тарттым. Өйткені Әлекеңді жазсам, ол да мінсіз, идеалды кейіпкер болып шығар еді. Ұлт көсемін басқаша суреттеу мүмкін де емес. Ал маған тұлғаның тек биік тұғырын ғана емес, сол кезеңнің ішкі драмасын ашу қызығырақ. Егер болашақта бұл тақырыпқа оралар болсам, Алаш қайраткерлерінің өзара күрделі қарым-қатынасы мен сол дәуірдегі идеялық қайшылықтарға, пікір таластарына міндетті түрде тереңірек тоқталамын.

Жалпы, көкейімде жүрген ой да, алға қойған жоспар да көп. Алла амандық пен күш-қуат берсе, соның бәрін рет-ретімен, шетінен іске асыра беремін.

– Кезінде «Әлем әдебиеті» деген журналды басқардыңыз, бір-екі нөмірі қолымызда. Өте жақсы журнал еді. Өзіңіз Харуки Мураками, Юкио Мисима, Джон Голсуорси, Уильям Сароян шығармаларын аудардыңыз. Соңғы жылдары баспалар біраз шығармаларды аудартып жатыр, көңіліңіз толғандары бар ма?

– Әлем әдебиетінің алтын қорына енген үздік туындыларды ана тілімізге аударып, өз халқыңа тарту еткенге не жетсін?! Көркем аударма – жай ғана бір тілден екінші тілге сөз көшіру емес, ол – ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтетін, өзге халықтардың жан дүниесімен табыстыратын рухани көпір. Ондай жауһарларды оқисың, шеберлікке үйренесің, ой-өрісіңді кеңейтіп, үлгі аласың. Қысқасы, рухани тұрғыдан өсесің, кемелденесің!

Иә, кезінде «Әлем әдебиеті» журналында қызмет істеген жылдары осы игі іске біз де шама-шарқымызша үлес қостық. Шынын айту керек, мені қаламгер ретінде қалыптастырған да, әдеби талғамымды өсірген де дәл осы «Әлем әдебиеті» журналы. Тұп-тура он жыл бойы күн сайын әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін оқып, сүзгіден өткізіп отырдым. Бұл жазушы үшін тағдырдың берген керемет мүмкіндігі, үлкен шығармашылық мектеп емес пе?! Ол жерден көп нәрсе үйрендім, жазу техникасының түрлі қыр-сырына қанықтым. Сол рухани тәжірибе үшін мен аталмыш басылымға өмір бақи қарыздармын.

«Аударма» баспасы дайындап шығарған «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясымен шыққан 80 том қолымда бар. Онда жақсы аудармалар баршылық. Ал енді соңғы жылдары жекелеген баспалар шығарып жатқан жаңа аударма кітаптар, өкінішке қарай, қолымызға тие бермейді. Сондықтан оқымаған дүниеге сырттай тон пішіп, олардың сапасына қатысты кесіп-пішіп баға бере алмаймын. Ең бастысы – аударма ісі науқаншылдыққа ұрынбай, көркемдік сапасы мен тіл шұрайы сақталса екен деймін.

Кезінде осы саланы жүйелі түрде дамытып отырған «Әлем әдебиеті» журналы да, арнайы ашылған «Аударма» баспасы да бар еді. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығы мен қолдаудың жоқтығынан бәрін жауып тындық. Ұлттың рухани дамуына өлшеусіз қызмет етіп тұрған осындай іргелі ошақтардың жабылып қалуы – мен үшін ғана емес, жалпы қазақ руханияты үшін орны толмас үлкен өкініш!

– Әлем әдебиетінің үздік үлгілерін аудару арқылы қазақ әдебиетіне қандай көркемдік жаңалықтар әкелуге болады деп ойлайсыз? Біздің жазушылар әлемдік әдеби процестен үйренуге қаншалықты ашық?

– Біздің қаламгерлердің көпшілігінде табиғи талант бар, бірақ терең білім мен интеллектуалдық ізденіс жетіспейді. Ол жазған дүниелерінен-ақ көрініп тұрады. Талантты үздіксіз оқумен баптамасаң, бабы келіспеген жүйріктей тез алқынып, тоқырауға ұшырайсың.

Ал әлем әдебиетін оқу мен аудару ұлттық сөз өнеріне үлкен жаңалық әкеледі. Біріншіден, дәстүрлі қалыптан шығып, сюжет құру мен баяндаудың тосын формаларын меңгереміз. Екіншіден, адам жанының қалтарыстары мен сана ағымын ашатын психологиялық тереңдікке бойлаймыз. Үшіншіден, ұлттық бояуды сақтай отырып, жалпыадамзаттық мәселелерді көтеру мәдениетін үйренеміз. Оған қоса, аударма арқылы ана тіліміз де жаңа тіркестермен байи түседі.

Әрине, бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Бүгінде бізде шетел тілдерін меңгерген, әлемдік әдеби үдерісті жіті бақылап отыратын білімді жастар да бар. Соларға дұрыс бағыт беріп, орта қалыптастырсақ, қазақ әдебиетінің көкжиегі әлі-ақ кеңейеді.

– Екі-үш жыл бұрын «Әдебиеттегі арамзалыққа жол бермейміз» деп үндеу мақала жариялап біраз мәселені айтыпсыз, бұл Жазушылар одағының тұтас жұмыс жоспарына кіруге тиіс сияқты. Әдеби ортадағы осындай мәселелерді шешу үшін Жазушылар одағының жұмысында қандай нақты өзгерістер болуы керек деп ойлайсыз? Мәселен, әдеби шығармаларды бағалау мен әдеби сыйлықтарды тағайындауда тәуелсіз сарапшылар институтын қалыптастыру қажет пе?

– Жазушылар одағының жұмысына мынадай нақты өзгерістер қажет деп қағазға тізіп беруге болады-ақ. Бірақ, шынын айтайықшы, құр сөз бен қағаздағы жоспардан не шығады?! Бәрібір ештеңе өзгермейді ғой! Себебі, мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Қазіргі таңда Жазушылар одағының өзі әупіріммен әзер күн кешіп жатыр. Өзін-өзі қамтамасыз ететін дербес қаржысы жоқ, кәсіпкерлік көздері қарастырылмаған. Сондықтан амалсыз жоғарыға қол жаяды, мемлекеттік тапсырыс пен теңдерге тәуелді. Ал өмірдің бұлжымас заңы сол – біреуге қол жайып, аузына қараған адамда да, ұйымда да қадір-қасиет, еркін мінез қала ма?! Әйтпесе, Жазушылар одағына түбегейлі реформа, заман талабына сай жаңаша серпін керек екені айдан анық. Одақ жазушылардың құқығын қорғайтын, қаламақы мәселесін шешетін, әлемдік деңгейдегі әдеби агенттік сияқты жұмыс істейтін қуатты күшке айналуы тиіс еді. Бірақ, дәл қазіргідей жағдайда ол мүмкін емес. Тіпті, әділдік орнатады дейтін тәуелсіз сарапшылар институтына да өз басым сенбеймін. Себебі, пенде баласынан қулық-сұмдық артылған ба?! Қағаз жүзінде «тәуелсіз» деп аталғанымен, іс жүзінде бәрібір біреудің ықпалына түсіп кете ме деген күмән басым. Дегенмен, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Қалай болғанда да, әйтеуір бір түбегейлі өзгерістің, санадағы сілкіністің керек екенін іштей сеземін де, білемін де. Бірақ ол өзгеріс жоғарыдан берілер бұйрықпен емес, қаламгерлердің өз ішіндегі рухани тазаруы мен қаржылық дербестікке қол жеткізуінен басталуы тиіс деп есептеймін.

– Өткенде «Әдебиет порталының» мазмұнына әсер етсін деп  сын мақала жазатын адамдарды түгелдеп көргенбіз, сонда саусақ санап қалдық. Керісінше бір автор туралы бірнеше қаламгер пікір айту керек болған кезде, әрқайсысы еркін көсілетінін көрдік. Демек, біздің әдебиетке сынның да қажеті жоқ-ау деп шамалауға болатындай тіпті. Бірақ, шын мәнінде олай емес қой. Соңғы кезде кәсіби сын оқымайтын болдық, сын керек дегенді айтамыз, сіз де айтып жүрсіз, ал егер сыншылыққа қабілеті, потенциалы барларды жинап, қаржы бөліп оқытып, айлық төлеп, жағдайын жасаса бұл салаға жастар барар еді, маманданар еді. Әйтпесе, бізде бір шығарманы мақтау да, сынау да көбіне жеке қарым-қатынасқа тәуелді болып қалатындай. Әдебиетте шынайы пікірталас мәдениетін қалыптастыру үшін қаламгерлердің өздері нені өзгертуі керек?

– Бұл сұрағыңыздың жауабы өзінде тұр ғой! Өзіңіз дәл басып айтып отырғандай, бізде белгілі бір шығарманы көкке көтеріп мақтау да, жерден алып жерге салып сынау да көбіне көркемдік өлшемге емес, жеке бастың қарым-қатынасына, жерлестік пен топшылдыққа тәуелді болып қалды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Сын шын болсын, шын сын болсын!» деген қанатты сөзі бар ғой. Осы қағида аяққа тапталған жерде, әдебиеттің тамырына қан жүгірмейді.

Өз басым сынға философиялық тұрғыдан, салқынқандылықпен қараймын. Мәселен, әлі күнге дейін қазақтың бас ақыны Абай мен заңғар жазушы Әуезовтің өзіне түрлі сын айтылып жатады. Содан ұлы Абай мен дана Әуезовтің бірдеңесі кеміп қалды ма?! Жоқ, әрине! Олар өздерінің асқар биігінде, тарих төрінде мызғымай тұра береді. Шын талантқа айтылған сын – алтынға жағылған күйе сияқты, сүртіп тастасаң, бұрынғыдан да жарқырай түседі. Егер сыншы шын жанашырлықпен, әділ таразылап, шығармаңның осал тұсын дәл тауып көрсетсе, құба-құп! Ондай сын қаламгерді өсіреді, қателігін түзеуге көмектеседі.

Бірақ, шынын айтайын, кейде сол «сыншымын» деп жүргендердің өздерін сынағым келеді. Өйткені, көпшілігінің танымы таяз, өресі тар. Баяғы кеңестік дәуірден қалған таптауырын қалыппен, ешқандай теориялық жаңалығы жоқ, құрғақ мазмұндаудан аспайтын қарабайыр дүниелер жазады. Құдай біледі, ондай жадағай мақалаларды қазір ешкім де оқымайды. Оқыған күннің өзінде, шарасыздықтан миығыңнан мырс етесің де қоясың!

Әрине, қазақ әдебиетінде кәсіби сын жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бізде Тұрсынжан Шапай, Әмірхан Меңдеке, Аманкелді Кеңшілікұлы секілді талғамы биік, ойы терең, нағыз интеллектуал сыншылар бар. Олардың сын жазулары да, шығарманы талдаулары да ерекше. Алайда, кейде білімі таяз, ойы қортық «сыншысымақтар» бой көрсетіп қалады. Олар әдебиетке қызмет етудің орнына, өз айналасындағы тамыр-таныстарын мақтап, қарабайыр мақаласымақтар жазады. Оны «әдеби сын» деп атауға да аузың бармайды. Көркемдік биіктік пен сөз киесін сезінбейтін ондай жандар қалайша тұтас әдебиетке төрелік айтады?! Тіпті біреуді сынап-мінесе де ұрда-жық сын жазады. Оларда ортасы жоқ, тек кіндіктен жоғары немесе төмен бар. Біреуді мақтаса шырқау шыңға шығарады, не үшін мақтап отырғанын өзі де біле бермеуі мүмкін. Ал біреуді сынаса тұтастай қаралайды. Осындай да сын бола ма?! Ондай «сыншыларды» әдебиеттен аластау керек.

– Бұрын сіз көркем шығарманың құны беттің санымен өлшенбейтінін айтып, романға бергісіз шығармаларды бөлек қоятынсыз, қазір өзіңіз роман жаза бастадыңыз. Оқырманымызға осы романдарыңыз жөнінде айтып өтпейсіз бе? Мысалы, «Сынақ» романыңыз бұрын жазған «Жан», «Жын» деген туындылармен мазмұндас па, әлде мүлде басқа ма? Бұл сынақ жеке адамның басынан өтетін рухани сынақ па, әлде қоғамның, тұтас дәуірдің сынағы ма?

– Мен бұрынғы шығармаларымды қайталамауға тырысамын. «Сынақ» романымның тез жазылуына ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің демеушілігімен өткен «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауы түрткі болды.

Өмірде әр адамның басына сынақ түседі – сүрінбей өтсең жеңіс, өте алмасаң тағдырың басқа арнаға бұрылады. Бұл туындыда 1962–1991 жылдардағы Кеңес одағы мен Қытайдағы тарихи оқиғалар аясында, бір отбасының тағдыры арқылы тұтас қазақ халқының басына түскен ұлттық трагедияны көрсеттім. Бұл – бір әулеттің ғана емес, бүкіл ұлттың сын сәті туралы роман.

Қазір тағы бір роман жазып жатырмын. Қандай тақырыпқа бармайын, оның тамырын қазақтың болмысымен байланыстырамын. Менің кейіпкерлерім – өз дәуірінің жанды куәгерлері. Олар арқылы өткеннің ақиқаты мен адам жанының ішкі дірілін суреттеймін. Жаңа туындым да ұлттық рух пен тарихи шындықты өрнектеудің заңды жалғасы болмақ.

– Қазіргі қазақ романында қандай тақырыптар жетіспейді деп ойлайсыз? Өзіңіз әлі қалам тартпаған, бірақ міндетті түрде жазылуы керек деп санайтын тақырып бар ма? Сондай-ақ, әңгіме жазып жүрген кезде шағын кеңістікке үлкен ой сыйғызуға тырысатыныңыз анық, ал роман жазу барысында кейіпкерлермен ұзақ уақыт бірге өмір сүруге тура келетін шығар, роман жазу сіздің жазушылық мінезіңізді өзгертті ме?

– Шынымды айтайыншы, мен арнайы тақырып таңдамаймын, «мына мәселе игерілмей жатыр-ау» деп те бас қатырмаймын. Тек жазуға сұранып тұрған әсерлі оқиға іздеймін. Тапсам, бірден қағазға түсіруге тырысамын.

Роман жазғанда да әр бөліміне жеке әңгіме сияқты салмақты ой сыйғызып, міндетті түрде астар беремін. Бір оқырман оқиғаны жай қызықтап оқып шықса, екіншісі сол астарға үңіліп, түпкі ойды табады. Мәселен, жаңа романымның бір бөлімінде жігіт пен қыз хайуанаттар бағына барады. Ондағы назалы арыстан, ашулы қасқыр, құйрығын бұлғаңдатқан түлкі, бір үзім нанға мәз маймыл, қанаты қырқылған бүркіт пен үркек елік – жай ғана аңдар емес. Оқиға Кеңес дәуірінде өтеді. Мен сол хайуанаттар бағы арқылы кеңестік жүйені, ал тордағы жан-жануарлар арқылы сол қоғамдағы адамдардың бейнесін суреттедім. Сондықтан романымның әр бөліміне терең үңіліп, ыждаһатпен оқу керек. 

– Сіздің шығармаларыңыз жайлы жазылған мақалалардың ішінде Айгүл Кемелбаеваның, беріде Алмира Қалидың мақалалары ұнайды, бірақ, олар әңгімелеріңізді талдаған еді. Шығармаңызға берілген пікірлердің арасында өзіңіз күтпеген, тіпті автор ретінде байқамаған қырларыңызды ашып берген талдаулар кездесті ме?  Қазір жазып жатқан романыңызды ең бірінші кімге оқытар едіңіз? Жалпы жазушылар жазып болған дүниесін сенімді адамдарына оқытып алады екен, сізде ондай тәсіл бар ма?

– Қайыра айтып өтейін, мен шығармаларымды белгілі бір бағытқа немесе әдеби ағымға салып жазайыншы деп арнайы мақсат қоймаймын. Жүрегім нені сезеді, ойыма қандай оқиға оралады – соны ғана қағазға түсіремін.

Ал сол туындылардың ішінен не табу керектігі – сыншылар мен әдебиеттанушылардың еншісіндегі шаруа. Бірі мені реалист десе, екіншісі – сюрреалист, үшіншісі – мистик, енді бірі модернист, постмодернист, романтик, натуралист немесе символист деп өздерінше жіліктеп, талдап-таразылап жатады. Олардың кәсіби ізденістері мен тұжырымдарына еш араласпаймын, әрқайсысының өз көзқарасы бар. Қайта, шығармаларымның сан қырынан зерттеліп жатқанын көріп, іштей марқайып қаламын. Ондай жанашыр жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Иә, бұрын жазылған шығарманы оқытып алатын, тіпті жабылып талдайтын дәстүр болған. Жаңа туынды тасқа басылмай тұрып кемшілігіңді айтса, жақсы емес пе?! Бұл жазушыға өте пайдалы. Бірақ, менде әзелден-ақ ондай әдет жоқ. 

– Бізде жазушы көп, кітап та шығып жатыр. Бірақ кітап оқитын ортаның ауқымы қаншалықты кеңейді? Қазақ әдебиетінің оқырманын көбейту үшін ең алдымен не істеуіміз керек?

– Өзіңіз айтқандай, бізде қолына қалам ұстағандардың саны аз емес, жақсы шығармалар да жазылып жатыр. Дегенмен, оқырманның азайып кеткені – ащы шындық. Бірақ мен біржақты кінәлағанды ұнатпаймын. Бәлкім, бұған өзіміздің де кінәміз бар шығар. Оған қоса, ғаламтордың пайда болып, жастардың кітап орнына телефонға телміргені де әсер етті.

Қазір Мемлекет басшысының бастамасымен кітап оқу мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптасып, игі істер қолға алынып жатыр. Соған қуанамын. Оқырман ортасының қаншалықты кеңейгенін тап басып айта алмасам да, сеңнің қозғалғаны анық. Құдай ақырын берсін дейміз. Ал оқырманды қайтару үшін осындай мемлекеттік серпілістермен қатар, қаламгерлер де жұрт іздеп жүріп оқитын мықты шығармалар жазуы керек. Жақсы дүние қашанда өз оқырманын табады.

– Тәуелсіздіктің 35 жылында қазақ әдебиеті қандай белесті бағындырды деп ойлайсыз? Осы кезеңнің әдеби шежіресін жасайтын болсақ, қай шығармаларды міндетті түрде енгізер едіңіз?

– Шынын айтсам, осы уақыт ішінде әдебиетіміз айтарлықтай бір биік белесті бағындырды деп кесіп айта алмас едім. Әрине, талантты қаламгерлер бар, оқырман көңілінен шыққан жақсы туындылар да жазылды. Бірақ мұның бәрін тұтастай алғанда, ұлттық әдебиеттің деңгейін жаңа сатыға көтерген, ауыз толтырып айтарлықтай үлкен серпіліс болды деуге әлі ертерек секілді.

Маған нағыз шоқтығы биік, уақыт сынынан өтетін соқталы шығармалар енді жазылатындай көрінеді. Себебі, Тәуелсіздіктің өткен отыз бес жылы қаламгерлер үшін шығармашылықпен алаңсыз айналысатын мамыражай уақыт болған жоқ. Өтпелі кезеңнің қиындығы қысып, әркім қара басының қамымен, күнкөрістің күйбеңімен күн кешті. Ал ұлы туындылар қашанда рухани сілкініс пен ішкі дайындықтан соң, дәуірдің тынысы орныққанда дүниеге келеді. Сондықтан үлкен әдебиеттің мәуелі жеміс берер уақыты алда деп сенемін.

– Біздің порталға сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін рахмет, аға.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2257

Taza Qazaqstan