Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Ақсұңқар Ақынбабаның жаңа аудармалары...

14.08.2017 5395

Ақсұңқар Ақынбабаның жаңа аудармалары

Ақсұңқар Ақынбабаның жаңа аудармалары - adebiportal.kz

М.ЦВЕТАЕВАДАН

Көкжиектің көз жетпейтін шегіне,

Ұшты-күйлі сіңіп кеткен бәрі де.

Ғайып болар күнім келер менің де,

Мына әлемнен мәңгіге.

Көнереді күрескенім, кешкенім,

Алып таулар асқаным,

Барқыттайын кешкі үнім, есті әнім,

Алтын түстес шаштарым.

Ырыздық та, жоқшылық та мен қашқан,

Өмір болып қалады.

Аспан асты мендей адам ешқашан,

Болмағандай болады.

Жоқ нәрсеге бұртиып ап балаша,

Демде ұмытып кететін,

Ошақ оты күлге айналса алауша,

Жүзі жайнап кететін.

Қоңыраудай даусы үзілген немесе,

Салт аттыдай батып кеткен орманға,

Мені осындай таңғажайып қалпымда,

Көресіңдер жер әлемнен сонда да.

Іздеп мәңгі махаббат пен сенімді,

Барлығыңа қайта оралам тағы бір.

Қарамаймын,

Жақынсың ба, жатсың ба,

Кімсің мейлі, бәрібір.

Шындық үшін,

Өңіңде де, түсіңде,

Келе берем, келе берем бұл маңға,

Жаным жиі шер шеккені үшін де,

Бар болғаны жиырмамда!

Өкпелі өмір берілгені үшін де,

Оны амалсыз кешіргенім үшін де,

Еркінмінез нәзіктігім үшін де,

Тым тәкаппар көрінгенім үшін де.

Арынынан қайтпайтұғын тулаған,

Шындық үшін,

Ойын үшін мыңдаған...

Бір шындық бар тыңдаңдар!

Рухым ұшып жердің мынау үстінде,

Көресіңдер,

Сүйесіңдер мені әлі,

Өлетінім үшін де!

08.12.1913 ж.

***

Сүйем Сізді!

Өмір бойы, күн сайын...

Тас төбемнен төнесіз де тұрасыз,

Шұбатылған көлеңкедей түн сайын.

Сүйем Сізді:

Өмір бойы, десе де,

Барлығы да басталған ед Сізсіз де,

Аяқталған Сізсіз бәрі кеше де.

Әлі есімде: сықыры да доғаның,

Зәулім қақпа, кіршіксіз қар сонары,

Жұлдыздармен тізбектелген соноу күн...

Ағаштардың ескі иісі жер-көкте...

Жер мен көкте шұбатылған көлеңке...

Білем, сіздің есіміңіз дұрысы:

Солтүстіктің бұғысы!

***

Наурыз

VIII

Құйыл жасым, кел жыла,

Махаббат пен кек кешкен,

Жасқа оранған Чехия,

Испания қан кешкен.

О,Қаратау, Қаратау,

Күллі нұрды бүркеген,

Сөнген сынды жанартау,

Келген сынды бітер жер...

Бедламада адасып,

Жүруімнен бас тартам,

Қасқырлармен арбасып,

Сүруімнен бас тартам.

Акулалар табысып,

Қабысудан бас тартам,

Тұңғиықпен қағысып,

Жарысудан бас тартам.

Ойың, жыраң, терең де,

Керегі жоқ.Білмеймін,

Ессіз мынау әлемге,

Жауабым сол: Сүрмеймін!

15.03-11.05 1939

А.АХМАТОВАДАН

Бәрі әдіра: махаббат та, қуат та,

Тасталған тән жем боп қатал қалаға.

Қуанбаймын күнге де,

Сеземін тек бірақ та,

Ыстық қаным суынғанын наладан.

Танымаймын

Шаттық –Муза досымды,

Қарайды ол үн шығармай. Неге де?

Дөңгелетіп, иіп әкеп басымды,

Тіреп қойған арып-ашқан кеудеме.

Тәнті болып ұлылыққа құзырлы,

Ар сұрағы мазалайды тек енді.

Жауап қаттым, жауып тұрып жүзімді:

Жылағым да, ақталғым да жоқ тегі.

***

Қираған үйім үшін,

Күл-талқан болған!

Ащы тағдырым үшін,

Құртқан қоғам!

Жалғыздығым үшін!

Өткен өзіңмен-

Кеткен кездер үшін!

Өлі суық көздер үшін!

Сатқын ауыздар мен

Жалалы сөздер үшін!

Әлемнің қатігездігі үшін,

Қорлағаны үшін,

Құдайдың қорғамағаны үшін

Ішемін!!!

1934-1944

***

Ынтызар мұң-музамен,

Ынтықпаймын жаулауға,

Безгелдекше ыза-әуен,

Саусағымда сайрауда.

Кетесіңдер үлгеріп,

Шоқып-шұқып,итше ұлып,

Үһілескен түрге еніп.

Күштілердің діңі нық,

Бәрі менен дүрлігіп,

Жалтаруды үйретем:

Қан-соқталы жүрекпен.

Түскен жоқпын соңына,

Даңқ пен бақтың оты күл,

Ажалдың қол астында,

Өмір сүрдім отыз жыл.

***

Сендер жауап бермейсіңдер мен үшін,

Оған бола ұйқыларың қашпасын.

Тек, болашақ жас ұрпақтың сол үшін,

Кім біледі лағнаты атпасын!?

***


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар