Шеберлік пен кемелдіктің иесі - Марал Хасен туралы

Бөлісу:

07.02.2025 848

 

Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті аудармашы Марал Хасеннің 80 жылдық мерейтойына арналған «Шеберлік пен кемелдік» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне мұражай ұжымы мен айтулы тұлғаның өмірлік серігі Ырымбала Кенжебайқызы ерекше үлес қосты.

Кешке Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Марат Оралбайұлы Әбсеметов, Еуразия ұлттық университетінің доценті Тазагүл Мұқашқызы Әбдікәрімова, айтыскер ақын әрі қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтұлы, «Адырна.kz» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Арман Әубәкір, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Аманғали Шмитұлы Қалжан, Марал Хасеннің туған бауыры Аманғазы Жарылғапұлы және «Астана ақшамы» газеті редакторының орынбасары, кештің модераторы Төлен Тілеубай сынды танымал тұлғалар қатысып, сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті.

Шараның алғашқы сөзін Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Марат Әбсеметов бастап, Марал Хасен ағамен танысудың ерекше тарихын әңгімеледі. Ол Міржақып Дулатұлының өмірбаянына қатысты деректерді жинақтау барысында Ресейден құжаттарды жинап, еңбектің орыс тілінде жарыққа шыққанын, оны аудару үшін Гүлнәр Міржақыпқызының ұсынысымен Марал Хасенмен танысқанын айтты. Сол таныстықтың кейін аға-інідей жақын сыйластыққа ұласқанын, Марал ағамыздың өз ісінің шебері әрі нағыз майталман аудармашы болғанын тебірене еске алды.

Аудармашының жары, сексен жасқа келсе де қайраты қайтпаған, іс-шараны ұйымдастырып отырған Ырымбала Кенжебайқызы жарының шығармашылық жолын тебірене еске алды. Ол Марал Хасеннің аударма ісіне деген жанкештілігі мен өміріндегі қиыншылықтарға қарамастан өз ісіне адалдық танытқанын айта отырып, былай деді:

– «Ағаларыңның ең қатты өкінетін мәселесі: «Өнімді шығарма жазатын уақытымның бәрін газет жеп қойды», – деп айтатын. Өйткені аудандық газетті нөлден бастап көтеруге мәжбүр болды. Сол уақытта Ақадыр ауданында не типография, не редакция, тіпті кадр да жоқ еді. Сол қиыншылықтарға қарамастан, машинист жігітті бір жерден тауып, жұмыстан денсаулығына байланысты босап қалған Медведь деген орысты Ақшатаудан әкеліп, пансионатқа орналастырды. Қойшы болып жүрген жерінен Қытайдан келген бір жігітті жұмысқа шақырып, оны да қызметке алды. Жаңаарқаға бірнеше рет барып, Амандық Рақыповқа үй беремін, жағдайыңды жасаймын деп оны да шақырып  алды. Осылайша бес-алты журналистің басын құрап алды. 

Кеңселері жер үйде орналасқан еді. Оның өзінде от жағатын, еден жуатын адам табу керек болатын. Осындай жағдайда да ол өзін «Мен редактормын» деп оқшаулаған жоқ. Оның сыртында аудандық уәкіл ретінде қосымша міндеттері бар еді. Қар жауса да, қой қоздату маусымы басталса да, сахманға барса да, барлық шаруалар оның уақытын алып отырды. Бірақ осының бәріне қарамастан, өз ісіне деген адалдығынан танған жоқ.

Сөйтіп, денсаулығы сыр беріп, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғаннан кейін ғана аударма ісіне отырды. Алайда аудармаға кіріскенде тек өзіне ұнаған материалдарды аударуды таңдады. Оның жалғыз тапсырыспен аударған еңбегі — Букетовтың күйеу баласы Нұржан Бекетовтың «Модерн, постмодерн культура» атты философиялық монографиясы еді. Бұл еңбекті аудару барысында ол он екі килограмм салмақ жоғалтты. Аударма жасағанда ерекше жанталасып, бар күш-жігерін жұмсайтын.

Бірде Буниннің «Записки офицера» атты тыйым салынған тақырыптағы шығармасын аударуға кірісті. Интернеттен сол еңбекті шығарып алып, оны толық аударуды мақсат етті. Сол сәтте қатты жанталасып жұмыс істегендіктен, қысымға шыдамай, бір күнде үш рет есінен танып, үш рет жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған күніміз де болды», - деп аудармашы ағамыздың өмірінің бір қиқымын көз алдымызға елестетті. 

Белгілі айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтұлы Марал Хасеннің тәлімін көріп, өнегесін алған кездерін тебірене еске алып ағынан ақтарылды:

— Белинскийдің: «Бәріміз Гогольдің шинелінен шыққанбыз», — деген әйгілі сөзі бар. Дәл сол сияқты, сексенінші жылдардың басында Қарағандының мәдени-рухани өмірінде жас қаламгерлерді тәрбиелейтін ерекше екі орта болды. Оның бірі — облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы, екіншісі — Қарағанды облыстық радиосы. Бұл кезең өз алдына бір ерекше дәуір еді. Ол уақытта тек нағыз оқыған, шынайы интеллектуалдар, физиктер мен лириктер қалыптасқан заман еді. Әбіш Кекілбаев айтқандай, бұл «ұжымдасқан дарынсыздардың уақыты» емес болатын.

«Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында сол кездері бас редактор Рамазан Сағынбеков, бөлім басшысы Тайшыбай, Евтушенко, Пушкин, Есениндерді жатқа оқитын Сәбит Бексейітов, екі тілді бірдей меңгерген аудармашы Марал Хасен секілді аға буын өкілдері қызмет етті. Мен он алты жасымда осы ортаға түстім. Ол кездерде тәлім берген ағаларымның бір ерлігін ерекше атап өткім келеді.

Бір күні «Орталық Қазақстан» газетіне ұзын бойлы, қара торы келген жас жігіт келді. Бізбен таныстырғаннан кейін оның Тыныштықбек Әбдікәкім екенін білдік. Ол кезде Тыныштықбек еңбекпен түзеу орнында жүрген болатын. Ол заманда мұндай жағдайдағы адамның шығармасын баспа бетіне шығару өте қиын еді. Алайда Рамазан Сағынбеков, Зарқын Тайшыбай және Марал Хасен ештеңеге қарамай, Тыныштықбек Әбдікәкімнің тұңғыш өлеңін «Орталық Қазақстан» газетіне басып жіберді.. Олар жас таланттардың жолын ашып, олардың болашағына үміт беріп, маңдайынан сипайтын дархан жүректі тұлғалар еді. 

Егер адамның рухани сұранысын тек көркем әдебиет қанағаттандыра алады деп қарайтын болсақ, қазақ әдебиетінде мұндай ғажап туындылардың мол екенін мақтан тұтамыз. Алайда ұлттық әдебиетіміздің рухани қазынасы қаншалықты бай болса да, әлем әдебиетінің үздік туындыларын қазақ оқырмандарына жеткізетін аударма еңбектерінің маңызын ешқашан ескерусіз қалдыруға болмайды. Көпшілік арасында аударманы түсінбейтіндер оны жеңіл шаруа деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, аударма – ең күрделі шығармашылық үдерістердің бірі. Мен Марал ағамыздың 80 жылдық еске алу кешіне дайындалу барысында әлемнің танымал аудармашыларының пікірлерін оқыдым. Әсіресе, қазақ тілінен өзге тілдерге аударғандардың ой-пікірлері ерекше назар аударуға тұрарлық. Олардың ортақ ойы: «Қазақ даласын өзге тілге аударудан қиын дүние жоқ», — деген пікірде тоғысады. Олар: «Қазақтың болмысы мен тұрмысын аударуға болады. Бірақ, қазақ даласының поэтикалық сипаттарын басқа тілде жеткізу өте қиын», — деп тұжырымдайды. Бұл мысал аударманың қотара салу емес екенін көрсетеді. Аударма – бір мәдениетті екінші мәдениетке таныстыру, рухани құндылықтарды жақындастыру, халықтар арасында рухани көпір салу. Осы орайда аударма еңбектерінің екі елді, екі жұртты тамырластыратын рухани жіп екенін түсінеміз. Міне, осындай игі іске өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей тұлға – біздің Марал Хасен ағамыз.

Марал ағамыздың кітаптарын жарыққа шығарып, артында қалған рухани мұрасын түгендеп жүрген, әрі аудармашы, әрі ардақты жеңгеміз Ырымбала апай, сізге мың алғыс! Сіз ағамыздың шығармашылық шырағын сөндірмей, шырақшысы болып отырсыз. Сіздің осы жанқиярлық еңбегіңіз біз үшін үлкен өнеге.

Өз басым, өмірімде үш әйелді ерекше мақтан тұтамын. Біріншісі – Гарсиа Маркестің жары Мерседес, екіншісі – Эйнштейннің алғашқы әйелі Милева Марич, ал үшіншісі – сіз, Ырымбала Кенжебайқызы, – деп сөзін аяқтады.

Бұл кеш – ұлы тұлғаның есімін қайта жаңғыртып, оның рухани мұрасын құрметтеудің жарқын үлгісі болды. Марал Хасен сынды талантты аудармашылардың еңбегі – ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын көпірі. Ол тек қазақ әдебиетін әлемге танытып қана қоймай, әлем әдебиетінің үздік туындыларын да қазақ оқырмандарына жеткізе білді. Оның шығармашылыққа деген адалдығы, қайсарлығы мен шеберлігі талай ұрпаққа өнеге болып қалары сөзсіз. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар